Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
UMK__1179_aza_1179_tili_Nugmanova.doc
Скачиваний:
64
Добавлен:
11.11.2018
Размер:
5.55 Mб
Скачать

47. Л/т. Ғылымдағы жетістіктер

Г/т. Тұрақты сөз тіркесі

Қазақстанда ғылыми ой-пікірдің тууы ежелгі замандардан бастау алады. Археологиялық зерттеулер мен жазба деректер бізге Жетісуда, Орталық және Шығыс Қазақстанда 6-8, 9-11 ғасырларда болған ежелгі қалалар мен қоныстар мәдениеті туралы деректер береді. Бұл мәдениеттің иелері өз көркемөнерін, қолөнерін және жазуын жасаған жергілікті түркі тайпалары: оғыздар, қарлұқтар, қимақтар, қыпшақтар еді. Орта Азия мен Қазақстанның 8-11 ғасырларда араб халифатына кіруіне байланысты өлкеде ислам діні таралып, мәдени өмірде араб мәдениетінің ықпалы күшейе түсті. Батыс Еуропадағы латын тілі сияқты араб тілі халифат аумағында халықаралық әмбебап тілге айналды. Алайда жергілікті мәдениет пен тіл сақталып қалды. Араб мәдениетін жасауға және дамытуға халифаттың бір кездегі арабтар жаулап алған елдерінен шыққан көптеген талантты ғалымдары барынша белсене қатысты. Орта ғасырлардағы қалалар өздерінің базарларымен және қолөнершілерімен ғана емес, сонымен бірге ақындарымен, ғалымдарымен, суретшілерімен бай кітапханаларымен, оқу орындарымен де дүние жүзіне мәлім болды. Қалалардың арасында Үндістан мен Қытайдан Еуропаға қатынайтын «Жібек жолы» деп аталатын сауда керуен жолының географиялық және экономикалық жағынан аса маңызды торабында, Орта Азия мен Қазақстанның отырықшылық-егіншілік аудандарының түйіскен жерінде орналасқан Отырар (Фараб) қ. Ерекше көзге түсті. Отырар кітапханасы қолжазба кітап қорының байлығы жағынан Египеттегі Александрия кітапханасынан кейінгі аса ірі кітап қоймасы болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясы туралы» Жарлығы бойынша 1999 ж. 12 ақпанда Ғылым министрлігі – Ғылым академиясы қайтадан Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясы (ҰҒА) болып құрылды. ҰҒА-ның құрамында 5 ғылыми бөлімше бар. Физика-математика ғылымдары, жер туралы ғылымдар, химия-технология ғылымдары, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар, биология және медициналық ғылымдар бөлімшелері және халықаралық бөлімшелері бар.

240-тапсырма. Мәтін бойынша сұрақтарға жауап беріңіз.

  1. Қазақстанда Ұлттық Ғылым Академиясы қай қалада орналасқан?

  2. Көрнекті ғалым Әл-Фарабидің еңбектерін атаңыз.

  3. «Оқу инемен құдық қазғандай» деген нақыл сөздің мағынасын түсіндіріңіз.

241-тапсырма

Даналар сөзін аяқтап жазыңыз:

  1. Ғылыми жұмыс өмірдің мазмұны мен мақсатына айналғанда ғана, ...

  2. Ғылым өзін-өзі түзете отырып, үздіксіз...

  3. Білім мен даналық - ...

  4. Ғылыми жұмыс мен үшін нан секілді. Себебі...

Тұрақты сөз тіркесі

Тұрақты сөз тіркестері – тілде қалыптасқан даяр қалпында қолданылады. Тұрақты сөз тіркесінің құрамындағы сөздер өзінің негізгі мағынасынан мүлдем, не жартылай айырылып, біртұтас мағынаны білдіреді. Мысалы: ит өлген жер – алыс, жүрек жұтқан – батыр, төбе шашы тік тұрды – қорықты деген мағынаны білдіреді. Тұрақты сөз тіркестерінің құрамы тұрақты оны басқа тілде сөз аударуға келмейді, қолдануда дайын қалпында алынады. Олар сөзді көрікті, өткір ету мақсатында жұмсалады.

199-жаттығу. Берілген тұрақты тіркестердің орысша баламаларын тауып, қасына жазыңыздар.

Сегіз қырлы, бір сырлы, өкшесін жалтыратты, ішіне ит өлді; көзді ашып-жұмғанша; инемен құдық қазғандай; оң көзбен қарау; үріп ауызға салғандай.

200-жаттығу. Тұрақты тіркестерді қатыстыра отырып, досыңыздың бейнесін суреттеңіз.