Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
UMK__1179_aza_1179_tili_Nugmanova.doc
Скачиваний:
64
Добавлен:
11.11.2018
Размер:
5.55 Mб
Скачать

31. Соөж Тіл - жалпы адамзаттық құндылық. Өнер алды - қызыл тіл. Қазақ тілінің стильдік тармақтары. Тіл – әлем есігін ашатын кілт.

Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі.

Қазақ тілі – қазақ халқының ұлттық тілі. Бұл тіл – түркі тілдеріне жатады. Қазіргі кезде отызға жуық түркі тілі бар. Түркі тілдері өзара туыстас болғандықтан, олардың бір-бірімен жақын, ортақ қасиеттері көп. Қазақ тіліне ең жақындары – ноғай, қарақалпақ, қарашай-балқар, қырғыз, татар, башқұрт, құмық тілдері.

Қазақ тілі – бай, көркем тілдердің бірі. Ана тілінің маңызы мен қоғамдық қызметі аса зор. Қазақ тілі - әдебиет, мәдениет, ғылым мен білім тілі.

Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдыретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы - әрбір балаға мұра болып жеткен бай мәдени мұра. Сондықтан әр адам ана тілін көзінің қарашығындай сақтауға, білуге тиіс.

Ана тілі – ар өлшемі.

«Тілін білмеген – түбін білмейді», - дейді қазақ халқы. Өз ана тілін білмеген адам өз халқының тарихын, әдебиетін, әдет-ғұрпын білмейді.

1990 жылы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының тілі туралы заңы қабылданды. Қазақ тілі Мемлекеттік мәртебеге ие болды.

165-тапсырма. Мәтінді аударыңыз, шағын сөздік жасаңыз.

166-тапсырма Берілген қанатты сөз, өлең шумақтарын жазып, мәнерлеп оқыңыз. Оларды қолдана отырып, «Ана тілім - ардағым» деген тақырыпта шығарма жазыңыз.

Ана тілім – ардағым

 

Ыбырай Алтынсарин: «Қазақтың тілі соншалықты мол. Қазақтың тіліменен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық әм анық болар еді, егер де біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе».

 Мағжан Жұмабаев: «Тіл – адам жанының тілмашы. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт – ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ.

… Осы күнгі түркі тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ…».

 Василий Радлов, орыс ғалымы: «Қазақтардың тілі жатық та шешен әрі өткір, көбіне, іліп-қағып сұрақ пен жауап беруге келгенде, таң қаларлықтай оралымды сөйлейді».

Платон Мелиоранский, орыс ғалымы: «Қазақ тілін зерттеушілердің бәрі де бір ауыздан қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза әрі ең бай тіл деп куәландырып отыр».

Герольд Бельгер, неміс жазушысы: «… Қазақ тілінің дәстүрі әрі бай, әрі ұлттық топыраққа тамыры терең бойлап кеткен».

Сергей Малов, орыс ғалымы: «Қазақ тілі өзінің бейнелілігі, суреттілігі жағынан басқа түрік немесе түркі тілдерінен әрдайым бөлекшелініп тұрады. Қазақ - өзінің ауызекі көркем тілімен, айшықты әсем фольклорымен бұрын да, кейбір реттерде, бүгін де сол сомдалған және біртұтас тіл деп танылып келеді».

 

Тіл туралы

Тілден биік асқар жоқ,

Тілден асқан байлық жоқ,

Тілден терең теңіз жоқ. (Ғ.Мүсірепов)

 

Тілге құрмет – елге құрмет. (Ә.Науаи)

 

Туған ел – тұғырың,

Туған тіл – қыдырың. (Мақал)

 

Игі істің басы – тіл,

Тәрбие басы – тіл. (М.Қашқари)

 

Тілден артық қазына жоқ,

Тілден артық қасиет жоқ. (Н.Назарбаев)

 

Әркімнің туған тілі – туған шеше,

Оған бала міндетті сан мың есе. (С.Мұқанов)

 

Көрінеді тілден түйсік, білім де,

Біле білсек жарылқаушы – тілінде.

 

Тіл – білімнің тілмашы,

Тіл – елшінің қылышы. (Ж.Баласағұн)

 

Тіл – ұлттың жаны.

Тіл идеяның, сезімнің, ойдың жанды көрінісі. (А.Толстой)

Тіл жоқ жерде ұлт жоқ. (Ш.Айтматов)

  

Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту. (Б.Момышұлы)

 

Ең тәтті де – тіл,

Ең ащы да – тіл.

Ең жұмсақ та – тіл,

Ең қатты да – тіл. (Қазақ мақалы)

 Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын мінезі көрініп тұр. (М.Жұмабаев)

Кімде-кім ана тілін, әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды. (М.Әуезов)

Әділ тіл – ақыл таразысы. (Мақал)

ҚАЗАҚ ТІЛІ

 

Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың –

Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың…

Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз – бабам тілі, сен қалдың!

 

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тілім,

Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім,

Таралған түрік балаларын бауырыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!