Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМК Казахский.doc
Скачиваний:
96
Добавлен:
13.03.2015
Размер:
2.12 Mб
Скачать

Кеңес заманындағы ғылым мен техниканың дамуына үлес қосқан ғалымдар

* * * * *

Ұлы жазушы – Мұхтар Әуезов

(1897-1961)

Әуезов Мұхтар Омарханұлы – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, әдебиеттану ғылымының негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының тұңғыш докторы, профессор. Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Туған жері – бұрынғы Семей үйезінің Шыңғыс болысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы).

Ата-анасынан ерте қалған Мұхтардың орыс, қазақ мәдениетіне, Абай өлеңдеріне, аудармаларына көңіл бөлуіне атасы Әуездің ықпалы болды.

Мұхтар Семейде 5 жыл қалалық училищеде, 4 жыл мұғалімдік семинарияда оқып, орыс және Батыс Европа әдебиетімен кең танысты. Ол Шекспирдің «Отелласын», Гогольдың «Ревизорын», Тургеневтің «Дворян ұясы» деген романдарын қазақ тіліне аударды.

1917 жылы «Еңлік-Кебек» атты тұңғыш драмасын, 1921 жылы проза жанрында «Қорғансыздың күнін» жазды.

Жазушыға «Абай» романы үшін СССР Мемлекеттік, ал «Абай жолы» романы үшін Лениндік сыйлық берілді. 1959 жылы М. Әуезов Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерімен марапатталды.

XX ғасырдағы қазақ халқының ұлттық рухани дамуындағы ұлы тұлғалардың бірі –

М. Әуезов. Ол – үлкен суреткер, дарынды драматург, аудармашы, белсенді сыншы, сондай-ақ ғұлама ғалым. М. Әуезов жазушылық өнер мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын қатар алып жүріп, бұл салада ірі еңбектер қалдырды.

М. Әуезовтың Абай мұрасын ғылыми тұрғыдан танып-білуде жарты ғасырға таяу ізденіс үстінде туған көп салалы ғылыми-зерттеу еңбектері абайтанудың қол жетпес заңғар биігіне айналып отыр. Бұл еңбектердің нәтижесінде, М.Әуезов қазақ әдебиеті тарихының саласы – абайтанудың негізін салушы, әрі ол мұраны ғылыми-шығармашылық жолмен бүкіл әлемге таныту арқылы әдебиеттану саласында қайталанбас дарынды тұлға ретінде танылып, мойындалды.

«Абай жолы» – М. Әуезовтың бас кітабы. Ол: « «Абай», «Абай жолы» романдарын жазу деген менің күллі шығармашылық тіршілігімдегі түбегейлі әрекетім»,- деп жазады. Сондай-ақ жазушының: «Менің тілімде Абай тілінің өрнек-бояуы бар. Менің романымды терең ұғамын десеңдер Абайды, Абай поэзиясын оқыңдар»,- деп айтқаны да бар.

«Абай жолы» – халық жолы. Абайдың елі, жұрты, қоғамдық ортасы, әлеуметтік қоршауы, дәуірі, заманы туралы романдары – М. Әуезовтың қолындағы шамшырағы еді. Ол өзінің шығармалары арқылы зорлық-зомбылық, жауыздық, әділетсіздікті жазды, халыққа танытты.

М. Әуезовтың қазақ поэзиясының өткен ғасырдағы классигі Абайдың өмірі мен творчествосын тереңдеп зерттеуі – үлкен ғылыми ерлік. Абай шығармаларының жинағы он шақты рет басылып шықты, «Абай жолы» романы отыз шақты елдің тіліне аударылды. Осы роман арқылы ол қазақ халқын дүние жүзіне танытты.

«Абай үш түрлі білім қазынасынан сусындады»,- деп жазады ғалым. Олар: біріншісі – қазақ халқының ауыз әдебиеті, екіншісі – шығыстың (араб, парсы, түрік) классикалық поэзиясы; үшіншісі – орыс халқының мәдениеті және сол арқылы еуропалық мәдениеттің бай қазынасы. Абайдың озық орыс әдебиетінен үйренгендігі ғалымның «Орыс классиктері мен Абай», «Орыс реализмінің дәстүрі және революцияға дейінгі қазақ әдебиеті», «Пушкин мен Абай» атты ғылыми мақалаларында сөз болады.

М. Әуезовтың ғылыми мұрасы ұшан-теңіз. Оның ұзақ жылғы шығармашылығына зер салса, оның үлкен екі арнасы зерттеушілердің назарын ерекше аударады: біріншісі – абайтанушылығы; екіншісі – фольклортанушылығы. Жазушының әдеби-ғылыми мұрасының екі алтын діңгегі – осылар. Дүниежүзіне әйгілі «Абай жолы» эпопеясының авторы

М. Әуезовтың әдеби мұрасы тарихшы, филолог, педагог ғалымдарының еңбектерінде қолданылып келеді.

М.Әуезовтың жеке басы – тым ірі тұлға. 1961 жылы ол қайтыс болғаннан кейін ҚР Үкіметі қаулы қабылдап, оның есімін ҒА-ның Әдебиет және өнер институтына, Қазақтың мемлекеттік Академиялық драма театрына, бірқатар мектеп, көшелерге берді және Алматының бір ауданы М. Әуезовтың атымен аталады.

Сөздік:

дарын – гений; талант; способный; одаренный; талантливый;

заңғар – высочайший; громадина

мұра – наследие; наследстово; памятник

түбегейлі – кардинальный; коренным образом; основательный; окончательно

зорлық-зомбылық – насилие

жауыздық – зловредность; злодейство; коварство; подлость

259-тапсырма. Мәтінге жоспар құрып, жоспар бойынша әңгімелеп беріңіздер.

260-тапсырма. Мәтіннен көсемше тұлғасында тұрған сөздердің астын сызып, олардың жасалу жолдарын түсіндіріңіздер.

Ү л г і:

М.Әуезов Абайға арнап үлкенді-кішілі мақалалары бар, монографиялық зерттеулері бар, барлығы елуден аса еңбек жаз+ып+ты. Олар: «Абай ақындығының айнасы», «Абай еңбектерінің биік нысанасы», «Абайдың идеялық-мәдени ізденулері» сияқты зерттеулерінде ақын шығармашылығының қалыптасу ерекшеліктері сөз бол+а+ды.

«Жаз» – түбір етістік; «ып» – өсемшенің жұрнағы; «ты» – III жақтың жіктік жалғауы; «Жазыпты» сөзі өткен шақ көсемше тұлғасында тұр (III жақ, ол жазыпты). «Бол» – түбір етістік; «а» – ауыспалы шақ көсемше жасап тұрған жұрнақ; «ды» – III жақтың жіктік жалғауы; «болады» сөзі көсемше тұлғасында (ол болады, III жақ) жіктеліп тұр.

261-тапсырма. Берілген көсемшелерді жекеше, көпше түрде жіктеңіздер.

Ү л г і : Білмей: білмей+мін, білмей+сің, білмей+сіз; білмей+ді; білмей+міз, білмей+сіңдер, білмей+ді.

Айтып, барып, келіп, жібере, бере, көре, сөйлей, болмай, қала, шығара, байқай.