Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМК Казахский.doc
Скачиваний:
96
Добавлен:
13.03.2015
Размер:
2.12 Mб
Скачать

2 Апта. 6-тәжірибелік сабақ

Грамматика: Тәуелдік жалғаулары.

78-тапсырма. Қазақ хандығының негізін қалаған Әз Жәнібек хан туралы тарихи деректермен танысып, оның қазақтардың басын қосуға сіңірген еңбегін меңгеріп, мазмұндаңыздар.

Қазақ хандығының негізін

қалаушылардың бірі әз Жәнібек хан

(? 1480)

Барақұлы Жәнібек хан – Қазақ хандығы мен қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы. Көк Орда ханы Өрістің (Орыстың) шөпшегі, Барақ ханның баласы. Шын есімі Әбусағит (кей деректерде Бусаид). «Жәнібек» – ханның жалған аты. Ол XV ғасырда өмір сүрген, оның 1450 жылға дейінгі өмірі мен қызметі туралы нақты деректер жоқтың қасы. Сол кездерден жеткен дерек көздерінде оның есімі үнемі Керей ханмен бірге аталып отырады. Оның алғашқы белсенді қимылы өздеріне қоныс берген Монғолстан ханы Есенбұғаға көмектесіп, қалмақтарға шайқаста көрінеді. Ол Әбілқайыр ханның баласы Шейх-Хайдарға қарсы соғыста бірнеше ел ағаларымен тіл табысып, оларды өздерінің одақтасы етеді. Осы соғыста оның есімі Керей хансыз алғаш рет жеке аталады.

Монғолстан ханы өз қарсыластарымен болатын күресте көмектесер деген есеппен, қазақ басшыларымен одақтас болды. Өзара қырқысулар мен соғыстардан жапа шеккен 200 мыңға жуық көшпенділер Жәнібек хан мен Керей ханның маңына топтасты.

Әбілқайыр хан өлімінен кейін ханның тағы үшін болған өзара қырқысулар өрши түсті. Оларға туған жерге оралуды көздеп жүрген Жәнібек хан мен Керей хан да араласып кетеді. Олар Әбілқайырдың мұрагері Шейх-Хайдар ханмен кескілескен шайқасқа түседі. Өз әміршілері тарапынан ешқандай көмек ала алмаған Шейх-Хайдар, билік үшін күресте жеңіліске ұшырайды.

Әбілқайыр өліп, оның қармағындағы ел ыдырап, бұрынғы көшпелі өзбек тайпаларының дені қазақтарға келіп қосылып, өзбек-қазақ атанған кезден, яғни Қазақ хандығының елі көбейіп, жері кеңейген кезден бастап, Кереймен бірге Жәнібекті де хан дейді. Осыған қарағанда, Жәнібек Керей ханның тұсында «кіші хан» есебінде елді онымен бірге басқарып, ол өлгеннен кейін билікті тұтас өз қолына алған сияқты.

Жәнібек Керей ханнан кейін жеті жылдай қазақ хандығының ханы болған. Қазақ хандығының бастау кезінен мол дерек беретін атақты тарихшы Мұхамед Қайдар Дулати қазақтардың Монғолстан жеріне келген кезін баяндағанда, үнемі Керейді хан, ал Жәнібекті сұлтан деп ажыратып атап отырады.

Шейх-Хайдар жеңіліске ұшырағаннан кейін, биліктің Орыс хан тұқымдары – Жәнібек хан мен Керей ханның қолдарына өтуі «Көшпелі өзбектер мемлекетіндегі» саяси жағдайды өзгерткен жоқ. Дегенмен, бұл оқиға «Көшпелі өзбектер мемлекеті» атының Дешті-Қыпшақ болып өзгеруіне ықпал етті. Бір кездері Монғолстанға қоныс аударған адамдар Өзбек ұлысында «қазақтар» деп атала бастады және бұл атау бүкіл хандыққа тарай бастады.

Билік үшін күресте Жәнібек хан мен оның үзеңгілестері қазақтардың бірігуі мен Қазақ хандығының құрылуына үлес қосты.

XVғасырдың орта шенінде ежелден Жетісу өңірін мекендеген түркі тайпалары бір этникалық топқа біріге келе, қазақ халқын құрады. Жәнібек хан мен Керей хан Жетісу өңірі, Шу мен Талас өзендерінің бойын мекендеген қазақтардың басын қосуда көп еңбек сіңірді. Бұл мақсатпен олар өзара қырқысуларды басып, ірі феодалдарды маңайына топтастырды.

Жәнібек ханның Дешті-Қыпшаққа (Көшпелі өзбектер мемлекеті) оралғаннан кейін билігін күшейткені туралы, өмірінің соңғы жылдары мен өлімі туралы деректер жоқ. Оның есімі тарихи деректерде соңғы рет 1473 ж. кездеседі. Бұдан кейінгі жылдары Керей хан туралы ғана айтылған. Жәнібек хан жиі болатын шайқастардың бірінде қаза тапқан деп болжауға болады. Сақталып қалған халық аңыздары мен өлеңдерінде Жәнібек ханды Әз Жәнібек деп атаған. Жәнібек өлгеннен кейін билік басына Керей ханның баласы Бұрындық келеді.

Сөздік:

әулет – династия; поколение; потомство; род; семья

шөпшек – праправнук (пятое поколение)

дерек – источник; факт; весть; данные; сообщение; известие

шайқас – битва; сражение; схватка; борьба; биталия

жапа шегу – страдания; терзаться; страдать; мучиться

қырқысушылық – вражда

кескілескен шайқас – жестокая борьба

ұлыс – племя; народность; день великого праздника; этнос

үзеңгілес – соратник; единомышленник

тайпа – племя; племена; род

79-тапсырма. Мәтінді үш мағыналық бөлікке бөліп, бірінші мағыналық бөлігіне сұхбат (сұхбат-жауап) құрастырыңыздар.

Ү л г і :

– Қазақ хандығының негізін кім қалаған?

– Қазақ хандығы мен қазақ хандары әулетінің негізін қалаған – Барақұлы Жәнібек хан.

80-тапсырма. Мәтіннің бірінші мағыналық бөлігінен бес сөзді теріп жазып, оларды оңаша тәуелдену формасына салып тәуелдеңіздер.

Ү л г і: Қоныс (поселение; стоянка). Менің қоныс+ым; сенің қоныс+ың; сіздің қоныс+ыңыз; оның қоныс+ы.

81-тапсырма. Мәтіннің екінші мағыналық бөлігінен бес сөзді теріп жазып, оларды ортақ тәуелдену формасына салып тәуелдеңіздер.

Ү л г і: Қарсылас (противник). Біздің қарсылас+ымыз; сендердің қарсылас+ың; сіздердің қарсылас+ыңыз; олардың қарсылас+ы.

82-тапсырма. Мәтіннің үшінші мағыналық бөлігінен бес сөзді теріп жазып, оларды көпше тәуелдену формасына салып тәуелдеңіздер.

Ү л г і: Тарихшы (историк). Жекеше: Менің тарихшы+лар+ым; сенің тарихшы+лар+ың; сіздің тарихшы+лар+ыңыз; оның тарихшы+лар+ы. Көпше: Біздің тарихшы+лар+ымыз; сендердің тарихшы+лар+ың; сіздердің тарихшы+лар+ыңыз; олардың тарихшы+лар+ы.