Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ҚР Азаматтық құқығы (жалпы бөлім) - қаз.doc
Скачиваний:
15
Добавлен:
16.11.2019
Размер:
1.76 Mб
Скачать

2.Меншiк құқығын қорғаудың заттық–құқықтық тәсiлдерi

2.1 Меншiк құқығын тану АК-ның 259-бабында көзделген. Құқықты тану, оның iшiнде меншiк құқығын тану сот практикасында кең таралған талап. Бiрақ, меншiк құқығын тану туралы талаптардың барлығы бiрдей меншiк құқығын қорғаудың заттық–құқықтық тәсiлдерiне жата бермейдi. Құқықты тану, оның iшiнде меншiк құқығын тану туралы талап шарттық қатынастармен байланысты даулардан туындауы мүмкiн. Атап айтқанда, сатып алу–сату шарты бойынша сатып алушыда меншiк құқығының пайда болу кезi туралы дау тууы мүмкiн, сонда талаптардың бiрi ретiнде құқықты тану туралы талап пайда болады. Меншiк құқығын тану туралы талап мұрагерлiк құқық қатынастарынан, ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгiмен немесе жекешелендiрiлген тұрғын үйге ортақ меншiкпен байланысты құқықтық қатынастардан, т.б. туындауы мүмкiн.

Меншiк құқығын қорғаудың заттық–құқықтық тәсiлi ретiнде танудың өзiндiк ерекшелiгi оның шарттан тыс болуында. Меншiк құқығын тану дегенiмiз – меншiк иесiнiң мүлiктi қайтару немесе басқа кедергiлердi жою туралы, иелiктен айыруымен байланысты емес нақты талаптар қойылмаған даулы мүлiкке меншiк құқығының өзiне тиесiлi екендiгiн басқа тұлғалардың алдында түсiндiру керектiгi туралы шарттан тыс талабы.

Меншiк құқығын тану туралы талапты құқығын өзiмен мiндеттемелiк немесе басқадай салыстырмалы қатынастарда емес басқа тұлғалар даулаған, терiске шығарған немесе мойындамаған, жеке белгiлi бiр заттың меншiк иесi қоюы мүмкiн. Меншiк иесiнiң талабы бұл ретте барлық тұлғалардың меншiк құқығын бұзбауын, оның iшiнде ол құқықты тануын мiндеттейтiн абсолюттiк құқықтың мәнiне негiзделуi тиiс.

Меншiк құқығын тану туралы талап қоюдың қажеттi шарттарының бiрi – құқық бұзудың ұзаққа созылу сипаты. Құқық бұзушылық тоқтаған жағдайда меншiк иесiнiң құқығы басқа тәсiлдермен қорғалады, атап айтқанда, меншiк иесiнiң өз мүлкiн пайдалану немесе оған билiк ету құқығын кедергi келтiрген басқа адамдардың заңсыз әрекеттерiнен келген зиянды төлету әдiстерiмен қорғалады. Сондықтан, меншiк құқығын тану туралы талапқа ескіру мерзiмi (талап қою мерзімі) таралмайды.

Меншiк құқығын қорғаудың құқықты тану түрiндегi затық-құқықтық тәсiлдерiнiң мысалдары ретiнде мыналарды келтiруге болады: мүлiктiң меншiк иесi емес, бiрақ меншiк құқығын соныкi деп тану үшiн қажеттi мерзiм бойы оны өз мүлкiндей адал, ашық және үздiксiз иемденген адамның меншiк құқығын тану туралы талабын және, содай-ақ дау туғанда, тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс, саяжай, т.б.) тұтыну кооперативiнiң өз пай жарнасын толық төлеген мүшесiнiң өзiнiң меншiк құқығын тану туралы талабын (мысалы, пай жарнасын толық төленгенiн кооператив растаудан бас тартқан жағдайда, ал онсыз меншiк құқығын тiркеу мүмкiн емес) және т.б. алуға болады.

Меншiк құқығын тану туралы талап әртүрлi дәлелдемелерге негiзделуi және әртүрлi тәсiлдермен дәлелденуi мүмкiн. Атап айтқанда, меншiк құқығын тану туралы құқық талап белгiлеушi құжаттарымен, төлем құжаттарымен, куәлердiң көрсетулерiмен, сондай-ақ басқадай дәлелдемелермен дәлелденуi мүмкiн.

2.2. Виндикациялық талап

Мүлiктi бөтеннiң заңсыз иеленуiнен талап ету. Меншiк құқығын қорғаудың негiзгi заттық-құқықтық тәсiлдерiнiң бiрi – меншiк иесiнiң мүлiктi өзгенiң заңсыз иеленуiнен талап етуi болып табылады. Меншiк құқығын қорғаудың бұл тәсiлi заң әдебиетiнде виндикациялық талап деген атпен кең таралған (лат. – rei vindicatio). Заттық-құқықтық талап-арыздың кең тараған түрiнiң бiрi виндикациялық талап-арыз болып табылады.

ҚР АҚ 260-бабында заңсыз иеленiп отырған тұлғадан меншiк иесi өз мүлкiн талап етуге құқылы деп айтылған. Виндикациялық талап дегенiмiз иеленбеушi меншiк иесiнiң жеке белгiлi бiр мүлiктi (затты) iс жүзiнде иеленушi тұлғаның заңсыз иелігінен қайтару жөнiндегi шарттан тыс талабы.

Меншiк құқығының сақталуы туралы ережеге жатпайтын бiр жағдай, ол – бұл мүлiктi адал иемденушiнiң иеленуi, одан мүлiк белгiлi бiр мән-жайларда ғана талап етiледi.

Виндикациялық талап-арыз жөнiндегi талап-арыздың пәнi болып жеке-дара белгiлi бiр заттар болуы мүмкiн. Тектік белгiлерiмен анықталған заттар, егер олар осы немесе өзге тәсiлдерi арқылы жеке-дараланған болса, осы аталған талап-арыздың пәнi болып табылады.

Виндикациялық талап қоюдың қажеттi шарттарының бiрi, ол – меншiк иесiнiң сол талап қойылған мүлiктi iс-жүзiнде иеленуден айырылуы. Егер, меншiк иесiнiң қарамағындағы мүлiкке меншiк құқығын иеленуге үшiншi бiр адам таласса, не үшiншi адам меншiк иесiнiң өз мүлкiн пайдалануына не соған билiк етуiне кедергi келтiрсе, ал мүлiк бәрi бiр меншiк иесiнiң иелiгiнде болса, онда меншiк құқығын қорғау үшiн басқа тәсiлдер қолданылады, мысалы, құқықты тану туралы талап, меншiк иесiнiң құқығын иелiктен айырумен байланысты емес бұзулардан қорғау туралы талап.

Бөтен мүлiктi заңсыз және iс жүзiнде иеленушi адам виндикациялық талап бойынша жауапкер болып табылады. Заңсыз иелену дегенiмiз мүлiктi қандай да бiр құқықтық негiздерсiз iс жүзiнде иемдену. Мысалы, егер қандай да бiр адам мүлiктi өз бетiмен иеленсе – ұрлап алса, олжаны сiңiрiп кетсе, т.б. Мүлiкке билiк етуге құқығы жоқ адамнан алынған мүлiк те, ол жайында иеленушiнiң бiлген-бiлмегенiне қарамастан, заңсыз иеленгендiк деп танылады. Яғни, заңсыз иелену заңсыз иеленгеннiң әрекеттерiнiң айыптылығымен байланысты емес, онда заңсыз иеленудiң объективтiк сипаты болса жеткiлiктi.

Бөтеннiң заңсыз иелiгiнен тек жеке белгiлермен анықталған мүлiктi ғана талап етуге болады, ол заттық құқықтық мәнiнен туындайды – себебi, заттық құқық тек жеке белгiлi бiр заттарға ғана қатысты болады. Сонымен қатар, тектiк белгiлерiмен анықталатын заттарды да талап етуге болады, егер олар сол тектiң өздерiн жеке дараландыра алатын заттарынан қажеттi шекте бөлiнiп алынған болса, мысалы, олар контейнерде немесе басқа ыдыста болса, өзiнше бөлек бумада дараланса және сол тектiң заттарымен араласпаса. Егер бұл заттар сол тектiң заттарымен араласып кетiп, меншiк иесiнiң нақты затын бiртектi заттардан бөлiп алу мүмкiн болмаса, онда оларды виндикациялау да мүмкiн емес, себебi, бұл ретте меншiк құқығы не жоғалады, не барлық бiртектi мүлiкке ортақ меншiк болып өзгередi. Соңғы жағдайларында мешiк иесi өз мүлкiн талап етуге құқылы емес, бiрақ қорғанудың шығынды өтеу, алынған табысты қайтару, т.б. түрiндегi мiндеттемелiк–құқықтық тәсiлдерiн қолдануға құқылы.

Виндикациялық талапты қолдану үшiн талап етiлген мүлiктiң заттай сақталуы және iс-жүзiнде басқа адамның иелiгiнде болуы қажет. Егер мүлiк жойылған, өңделген болса, өзiнiң алғашқы арналымын өзгертсе немесе толықтай жұмсалса, ондай мүлiкке меншiк құқығы тоқтайды және оны талап ету мүмкiн емес. Бұл жағдайда жойылған, өңделген немесе жұмсалған мүлiктiң меншiк иесi шығындарды төлету, түпкiлiктi байымай қалғанын төлету және т.б. үшiн қорғанудың мiндеттемелiк тәсiлiн қолдануға құқылы, бiрақ ол бұл мүлiктi талап ете алмайды, виндикациялық талапты қолданыла алмайды. Мүлiк өңделген, бiрақ өзiнiң бастапқы арналымын жоғалпаған кейбiр жағдайда, меншiк иесi, жалпы ереже бойынша, мүлiктi жақсартуға кеткен шығынды иеленушiге төлеп, сонан соң оны талап етуге құқылы. Мүлiк жарым жартылай жұмсалған жағдайда да иесi, жалпы ереже бойынша, қалғанын талап етуге құқылы, ал жұмсалған бөлiгiне қатысты шығынды өндiрiп алу жөнiнде қорғанудың мiндеттемелiк тәсiлдерiн қолданыла алады, бiрақ оны заттай талап ете алмайды.

Мүлiктi бөтеннiң заңсыз иелiгiнен қайтару туралы талапқа, бұл талаптың жеке немесе мемлекеттiк меншiкке қатысты мәлiмделiгiне қарамастан, талап көнелiгiнiң жалпы үш жылдық мерзiмi таралады.

Меншiк иесiнiң өз мүлкiн талап ету құқығы бұл мүлiктi заңсыз иеленушiде иелiктiң туындауының ақылы немесе ақысыз сияқты негiздерiне көп байланысты. ҚР АК-ң 261 бабына сәйкес, егер мүлік оны иелiктен айыруқа құқығы болмаған тұлғадан тегiн алынып, алушы мұны бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса (адал иеленуші), мүліктi меншiк иесi немесе меншiк иесi мүліктi иеленуге берген адам жоғалтқан, не мұның екеуiнен де ұрланған, не олардың иеленуiнен бұлардың еркiнен тыс өзге жолмен шығып қалған ретте ғана меншiк иесi бұл мүліктi алушыдан талап етiп алдыруға құқылы.

2. Егер мүлік оны иелiктен айыруға құқығы жоқ тұлғадан тегiн алынса, меншiк иесi барлық ретте мүліктi талап етiп алдыруға құқылы.

3. Егер мүлік сот шешiмдерiн атқару үшін белгiленген тәртіп бойынша сатылған болса, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша мүліктi талап етiп алдыруға жол берiлмейдi.

     Ұсынушыға берiлетiн ақшаны, сондай-ақ бағалы қағаздарды адал иеленушiден талап етiп алдыруға болмайды (262-бап).

Заттарды заңсыз иеленуден қайтарып   алу кезiнде есеп айырысу АК-ң  263 бабында көзделген.

1. Меншiк иесi арам ниеттi иеленушiден бүкiл иеленген кезiнде ол алған немесе алуға тиiс болған табыстардың бәрiн қайтаруды немесе өтеудi; адал иеленушiден иеленуiнiң заңсыздығы туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған немесе меншiк иесiнiң мүліктi қайтару туралы талап қою жөніндегi хабарламасын алған кезден бастап өзi алған немесе алуға тиiс болған табыстардың бәрiн талап етуге де құқылы. Адал иеленушi өз кезегiнде меншiк иесiнен мүліктен табыс есептелетiн уақыттан бастап ол мүлікке жұмсаған қажеттi шы¬ындарды өтеуiн талап етуге құқылы. Арам ниеттi иеленушi мұндай өтемдi сот негiздi деп тапқан реттерде толық немесе iшiнара алуға құқылы. 

2. Заңсыз иеленушi өзi жасаған жақсартуларды, егер олар затқа зақым келтiрмей бөлуге келсе, өзiнде қалдыру¬а құқылы. Егер жақсартуларды бұлайша бөлу мүмкiн болмаса, адал иеленушiнiң жақсартуға жұмсаған шы¬ындарын өтетудi талап етуге құқы¬ы бар, бiрақ ол зат құнының ұлғайтылған мөлшерiнен аспауы керек. Арам ниеттi иеленушiнiң мұндай құқығы жоқ.

Виндикациялық талап арыз бойынша жауапкер болып мүлікті фактілік иеленуші табылады.

Виндикациялық талап арызды ұсыну үшін бірнеше жағдайларды орындау талап етіледі. Меншік иесі оның иелігінен шыққан, өзінің мүлкіне фактілік басшылық етуінен айырылуы тиіс. Талап арыздың объектісі болып табылатын мүлік басқа бір тұлғаның фактілік иелік етуінде болуы қажет және шынайы түрінде сақталуы тиіс. Егер мүлік жойылған болса, онда өз кезегінде меншік құқығы да тоқтатылады және бұл жағдайда негізсіз пайдаланудан талап арыз ұсынылады.

2.3. Негаторлық талап

Иелiктен айырумен байланысты емес бұзушылықтардан мешiк құқығын қорғау. Қорғаудың құқықты тану және мүлiктi бөтеннiң заңсыз иелiгiнен талап ету сияқты тәсiлдерiмен қатар, заттық құқықтық тәсiлдерге мүлiктiң меншiк иесiнiң өз құқығын қандай да бiр бұзушылықтан, ол иелiктен айырумен байланысты болмаса да, қорғауды талап етуiн жатқызуға болады. Меншiк құқығын қорғаудың бұл тәсiлi заң әдебиетiнде негаторлық талап деген атаумен кең таралған. Меншiк құқығын меншiк иелiгiнен айырумен байланысты емес бұзушылықтардан қорғау талабы сияқты заттық–құқықтық тәсiлдiң мәнi меншiктенудегi негiзгi мақсаттардың бiреуiн қорғауға бағытталған, ол – меншiктi меншiк иесiнiң мұқтаждығын тiкелей қанағаттандыру үшiн пайдалану және /немесе оған меншiк иесiнiң қалауы бойынша билiк ету.

Меншiк иесiнiң иелiктен айырумен байланысты емес бұзушылықтарды жою туралы талабы шарттан тыс талаптарға жатады және абсолюттiк құқықты жүзеге асыруға кедергi келтiрмеу жөнiнде үшiншi жаққа пәс мiндет жүктейтiн абсолюттiк құқықтық мәнiнен туындайды.

Қорғаудың заттық құқықтық тәсiлi ретiнде қаралып отырған бұл талап меншiк иесi мен құқық бұзушы шарттық немесе өзгедей салыстырмалы белгiлi бiр (мiндеттемелiк) қатынастармен байланысты емес және жасалған құқық бұзушылық субъективтiк меншiк құқығының тоқтатуына әкеп соқпаған жағдайларда ғана қойылуы мүмкiн. Олай болмаған жағдайда қорғанудың өзге мiндеттемелiк құқықтық тәсiлдерi қолданылады, олар не меншiк құқығын қорғаудың мiндеттемелiк құқықтық тәсiлдерiне, не мiндеттеменi бұзушылықтан қорғау тәсiлдерiне, не зиян келгенде қорғау тәсiлдерiне, не азаматтық субъективтiк құқықтарды қорғаудың басқа түрлерiне жатады.

Негаторлық талап бойынша талапкер ретінде меншік иесі, сондай-ақ титулдық иесі танылады. Жауапкер ретінде меншік иесінің өкілеттігін жүзеге асыру барысында кедергі келтіретін кез келген тұлға танылады. Негаторлық талаптың пәні иелік етуден айырумен байланысты емес, меншік иесінің бұзылған құқықтарын жою ретінде анықталады. Негаторлық талап көмегімен меншік иесі меншік құқығын жүзеге асыруға кедергі келтіруші іс-әрекеттерді жоюға қол жеткізуі мүмкін. Негаторлық талап меншік құқығын жүзеге асыру барысында келтірілетін кедергіні жою үшін ғана емес, сондай-ақ егер болашақта құқықты бұзуға мүмкін деген жағдайда да қойылуы мүмкін. Негаторлық талап үшін ескіру мерзімі қолданылмайды талап қоюшыға меншік құқығын оның жүзеге асыруы барысында келтірілетін кедергі қарастыру кезінде бар екендігін дәлелдеу қажет.

Жоғарыда мүлікті пайдалану өкілеттіне қатысты келтірілетін кедергіні жою басым болып табылатын негаторлық талаптар қарастырылған болатын. Бірақ та кейбір жағдайларда билік өкілеттігіне қатысты кедергілерді жою бойынша талаптар орын алады. Мұндай талаптардың мысалы ретінде тізімнен мүлікті алып тастау туралы талапты қарастыруға болады (мүлікті қамаудан босату). Осындай талаптар көп жағдайда, үшінші бір тұлғаға тиісті мүлік тізімге немесе қамауға ілінген жағдайда туындайды. Мүлікке қатысты қатынастар бойынша талап қоюшының өкілеттігіне тәуелді мүлікті босату туралы талап өзінің табиғаты бойынша виндикациялық болып табылады (егер талап қоюшы – оны алып қою нәтижесінде осы мүлікке иелік етуден айырылған меншік иесі немесе өзге заттық құқықты иеленуші).

Аталған талаптар бойынша жауап беруші ретінде мүлікке қамау салынған мүдделі ұйымдар немесе тұлғалар және мүлкі тәркіленген қарызданушы танылады. Егер мүлікке қамау оны тәркілеу нәтижесінде салыған болса, онда жауап беруші болып сотталушы және тиісінше қаржы органы табылады. Мүлік ұйымға қайтарусыз берілген жағдайда ұйым жауап беруші ретінде тартылады.

Иелiктен айыруымен байланысты емес құқық бұзушылықты жою туралы талапты қою үшiн мүлiктiң меншiк иесiнiң иелiгiнде болуы шарт. Негаторлық талап қойғанда меншiк иесi иелiктi қалпына келтiрудi мақсат тұтпайды, себебi мүлiк өзiнiң иелiгiнде болады, ал оның мақсаты өзiнiң сол мүлiктi пайдалану немесе өған билiк ету құқығын қалпына келтiру. Мүлiк меншiк иесiнiң иелiгiнен кетiп қалған немесе меншiк иесi иелену құқығын қалпына келтiрудi мақсат тұтқан жағдайларында негаторлық емес, виндикациялық немесе өзгедей талап қойылады.

Меншiк құқығын иелiктен айырумен байланысты емес бұзушылықты жою туралы талап қоюдың қажеттi шарттарының бiрi – құқық бұзушылықтың созылмақ сипаты. Меншiк құқығының иелiктен айырумен байланысты емес бұзушылықты жою туралы талап меншiк иесiнiң өз мүлкiне билiк ету және оның пайдалану өкiлеттiгiн жүзеге асыруына үшiншi жақ тарапынан кедергi келтiрiлген құқық бұзушылық тоқтаған жағдайда меншiк иесiнiң құқығы басқа тәсiлдермен қорғалады, атап айтқанда, меншiк иесiнiң өз мүлкiн пайдалану немесе оған билiк ету құқығын жүзеге асыруына кедергi келтiрiлген үшiншi жақтың заңсыз әрекеттерiнен туындаған зиянды өтеу тәсiлдерiмен. Иелiктен айырумен байланысты емес бұзушылықтарды жою туралы талап құқық бұзушылықтың ұзаққа созылуымен байланысты қойылатындықтан, оған ескеру мерзiмi таралмайды.

Иелiктен айрыуымен байланысты емес құқық бұзушылықты жою туралы талап, әдетте, сондай бұзушылықтан келген шығынның (зиянның) орнын толтыру туралы талаппен бiрге қойылады.

Айта кететiн бiр жағдай – меншiк құқығын иелiктен айырумен байланысты емес бұзушылықты жою туралы талап қою практикада сирек кездеседi. Мұндай бұзушылықты күнделiктi жұмыс барысында әкiмшiлiк органдар жояды. Бiрақ, егер меншiк құқығын үшiншi жақтың бұзуын әкiмшiлiк органы жоймаса меншiк иесi өз құқығын қорғау үшiн тиiстi талаппен (негаторлық талаппен) сотқа жүгiне алады. Мысалы, меншiк құқығын иелiктен айырумен байланысты емес бұзушылықты жою туралы талап қоюдың бiр мысалы – үшiншi жақтың пайдалануға тыйым салынған мүлiктерiнiң тiзбесiнен өзiнiң белгiлi бiр мүлкiн, мүлiктерден бөлiп алмай шығару. Әдетте меншiк иесi бұл жағдайда борышкердiң мүлкiн тiзбелеген әкiмшiлiк органына белгiлi бiр мүлiктi тiзбеден шығару туралы өтiнiш бiлдiре алады, ол өтiнiшiнiң негiздi екнiне тиiстi дәлелдемелер келтiредi. Мұндай мәселердi әкiмшiлiк жолмен шешу жылдам болады, баж салығын төлеу сияқты қосымша шығынды керек етпейдi, сондықтанда мүлiктi пайдалануға және оған билiк етуге кедергi келтiрудi жою туралы мәселе, көбiне, әкiмшiлiк жолмен шешiледi. Сонымен қатар, бұл мәселе әкiмшiлiк жолмен шешiлген жағдайда бiрден сотқа жүгiнуге еш кедергi жоқ. Кейбiр реттерде әкiмшiлiк органдардың әрекеттерi меншiк иесiнiң мүлiктi пайдалану немесе оған билiк ету жөнiндегi өз құқық өкiлеттiгiн жүзеге асыруына кедергi болады. Әкiмшiлiк органның мұндай әрекеттерiне әкiмшiлiк тәртiпте жоғары тұрған әкiмшiлiк органға шағымдануға болады.