Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ҚР Азаматтық құқығы (жалпы бөлім) - қаз.doc
Скачиваний:
15
Добавлен:
16.11.2019
Размер:
1.76 Mб
Скачать

2. Заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі және оны жүзеге асыру

Заңды тұлғалар да, азаматтар сияқты, азаматтық құқық субъектілері ретінде құқыққа қабілетті және әрекетке қабілетті болуы тиіс. Азаматтарға қарағанда, заңды тұлғалардың құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігі бір уақытта (ол құрылған кезде) пайда болып, бір уақытта (заңды тұлға таратылғанда) тоқтатылады. Сондықтан да, заңтану саласында заңды тұлғаларға қатысты бір ғана термин қолданылады – «заңды тұлғалардың құқық қабілеттілігі» деген. Заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі жалпы және арнайы болады, ол қабілеттіліғі заңды тұлғаның арнаулы органдары және өкілдері арқылы жүзеге асырылады.

Заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi (35-бап): Заңды тұлғаның азаматтық құқықтары болып, өз қызметiне байланысты мiндеттердi осы Кодекске сәйкес мойнына алуы мүмкiн. Мемлекеттiк кәсiпорындарды қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың азаматтық құқықтары болуы және заң актiлерiнде немесе құрылтай құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызмет түрiн жүзеге асыру үшiн қажеттi азаматтық мiндеттердi атқаруы мүмкiн.

Заң актiлерiнде көзделген жағдайларда белгiлi бiр қызмет түрiн жүзеге асырушы заңды тұлғалар үшiн басқа қызметпен айналысу мүмкiндiгi болмауы немесе шектелуi мүмкiн. Заңды тұлға тiзбесi заң актiлерiнде белгiленетiн жекелеген қызмет түрлерiмен лицензия негiзiнде ғана айналыса алады.

Заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi ол құрылған кезде пайда болып, оны тарату аяқталған кезде тоқтатылады. Айналысу үшiн лицензия алу қажет болатын қызмет саласында заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi сондай лицензияны алған кезден бастап пайда болып, ол қайтарып алынған, оның қолданылу мерзiмi өткен немесе заң құжаттарында белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылған кезде тоқтатылады.

Коммерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен ғана ұсталатын заңды тұлғаның (мемлекеттiк мекеме) құқық қабiлеттiлiгi осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен белгiленедi.

Заңды тұлғаның органдары (37 бап): Заңды тұлға заң құжаттары мен құрылтай құжаттарына сәйкес жұмыс iстейтiн өз органдары арқылы ғана азаматтық құқықтарға ие болып, өзiне мiндеттер қабылдайды. Заңды тұлға органдарының түрлерi, тағайындалу немесе сайлану тәртiбi және олардың өкiлеттiгi заңдар мен құрылтай құжаттарында белгiленедi

3. Заңды тұлғалардың жіктелуі. Еншілес және тәуелді заңды тұлғалар. Филиалдар мен өкілдіктер

Өз қызметiнiң негiзгi мақсаты ретiнде табысын келтiрудi көздейтiн (коммерциялық ұйым) не мұндай мақсат ретiнде пайда келтiре алмайтын және алынған таза табысын қатысушыларына үлестiрмейтiн (коммерциялық емес ұйым) ұйым заңды тұлға бола алады.

Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға мемлекеттiк кәсiпорын, шаруашылық серiктестiк, акционерлiк қоғам, өндiрiстiк кооператив нысандарында ғана құрылуы мүмкiн.

Коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға мекеме, қоғамдық бiрлестiк, акционерлiк қоғамдар тұтыну кооперативi, қоғамдық қор, дiни бiрлестiк нысанында және заң құжаттарында көзделген өзге де нысанда құрылуы мүмкiн. Коммерциялық емес ұйым кәсiпкерлiк қызметпен өзiнiң жарғылық мақсаттарына сай келуiне қарай ғана айналыса алады. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен ғана ұсталатын заңды тұлға тек қана мемлекеттiк мекеме нысанында құрылуы мүмкiн.

Заңды тұлғалар бiрлестiк құра алады (Кодекстің 110-бабы).

Заңды тұлға Азаматтык Кодекстiң, заңды тұлғалар нысандарының әрқайсысы туралы Заңның, өзге де заң құжаттары мен құрылтай құжаттарының негiзiнде жұмыс iстейдi.

Еншiлес ұйым (94 бап) Жарғылық капиталының басым бөлiгiн басқа заңды тұлға қалыптастырған не олардың арасында жасалған шартқа сәйкес (не өзгедей түрде) негiзгi ұйым осы ұйымның қабылдайтын шешiмдерiн айқындай алатын заңды тұлға еншiлес ұйым болып табылады. Еншiлес ұйым өзiнiң негiзгi ұйымының борыштары бойынша жауап бермейдi.

Еншiлес ұйыммен жасасқан шарт бойынша (не өзгедей түрде) оған мiндеттi нұсқаулар беруге құқығы негiзгi ұйым онымен осындай нұсқауларды орындау үшiн жасалған мәмiлелер бойынша еншiлес ұйыммен бiрге субсидиарлық жауапты болады. Негiзгi ұйымның кiнәсiнен еншiлес ұйым банкрот болған жағдайда негiзгi ұйым оның борыштары бойынша субсидиарлық жауапты болады.

Егер заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, еншiлес ұйымның қатысушылары негiзгi ұйымнан оның кiнәсiнен еншiлес ұйымға келтiрiлген зиянды өтеудi талап етуге құқылы.

Еншiлес ұйымдар ережелерiнiң осы бапта көзделмеген ерекшелiктерi заң актiлерiмен айқындалады.

Тәуелдi акционерлiк қоғам (95-бап): Егер акционерлiк қоғамның дауыс берушi акцияларының жиырма проценттен астамы, басқа (қатысушы, басымырақ) заңды тұлғанiкi болса, ол тәуелдi қоғам деп танылады. Басымырақ (қатысушы) заңды тұлға тәуелдi акционерлiк қоғам акцияларының тиiстi бөлiгiн сатып алғаны туралы мәлiметтi заң құжаттарында көзделген тәртiп бойынша дереу жариялауға мiндеттi. Егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, акционерлiк қоғамдардың бiр-бiрiнiң жарғылық капиталдарында өзара қатысуы әрбiр жарғылық капиталдың жиырма бес процентiнен аспауға тиiс. Бiр-бiрiнiң жарғылық капиталына өзара қатысатын акционерлiк қоғамдар басқа қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысында жиырма бес проценттен артық дауысты пайдалана алмайды. Бiр-бiрiнiң жарғылық капиталына тәуелдi және өзара қатысатын акционерлiк қоғамдардың осы бапта көзделмеген жағдайының ерекшелiктерi заң актiлерiмен айқындалады.

Заңды тұлғаның тұрған жерiнен тыс орналасқан және оның мiндеттерiнiң бәрiн немесе бiр бөлiгiн, соның iшiнде өкiлдiк мiндетiн жүзеге асырушы оқшау бөлiмшесi филиал болып табылады (43 бап).

Заңды тұлғаның тұрған жерiнен тыс орналасқан және оның мүдделерiн қорғау мен өкiлдiгiн жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, оның атынан мәмiлелер мен өзге құқықтық әрекеттер жасайтын оқшау бөлiмшесi өкiлдiк болып табылады.

Филиалдар мен өкiлдiктер заңды тұлға болмайды. Бұларға өздерiн құрған заңды тұлға мүлкi берiледi және оның бекiткен ережелерi негiзiнде жұмыс iстейдi. Қоғамдық бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) басшылары қоғамдық бiрлестiктiң жарғысында және оның филиалдары немесе өкiлдiктерi туралы ережеде көзделген тәртiппен сайланады. Дiни бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) басшылары дiни бiрлестiктердiң жарғысында және оның филиалы немесе өкiлдiгi туралы ережеде көзделген тәртiппен сайланады не тағайындалады. Өзгеше нысандағы заңды тұлғалардың филиалдарды мен өкiлдiктерiнiң басшыларын заңды тұлға уәкiлдiк берген орган тағайындайды және оның сенiмхаты негiзiнде жұмыс iстейдi.

Заңды тұлғалардың жіктелуі оларды коммерциялық немесе коммерциялық емес түрлерге жатқызуға байланысты.

Коммерциялық ұйымдар – ол қызметінің негізгі мақсаты ретінде пайда табуды көздейтін заңды тұлғалар. 1995 жылы 1 наурызда күшіне енген ҚР Азаматтық кодексы (жалпы бөлімі), заңды тұлғалардың тек белгілі бір құқықтық-ұйымдастыру нысандарын қарастырған және бұрынғы барлық заңды тұлғаларды осы талапқа сай қайта тіркеуге міндеттеген. ҚР АК сәйкес коммерциялық заңды тұлғаларға келесі құқықтық-ұйымдастыру нысанында құрылған заңды тұлғалар жатады: мемлекеттік кәсіпорындар (шаруашылық жүргізу құқығындағы және жедел басқару құқығындағы (қазыналық кәсіпорындар); шаруашылық серіктестіктер (толық, сенім, жауапкершілігі шектеүлі және қосымша жауапкершілігі бар); өндірістік кооперативтер мен акционерлік қоғамдар.

Коммерциялық емес ұйымдарға заң шығарушы келесілерді жатқызған: қоғамдық бірлестіктер (саяси партиялар, қозғалыстар, орталықтар және т.б.), қорлар (зейнетақы, қайрымдылық), діни бірлестіктер, мекемелер (мемлекеттік және мемлекеттік емес) және тұтынушылар кооперативтері (пәтер иелерінің кооперативы, гараж, саяжай кооперативы және т.б.), ассоциациялар (одақ) түрінде құрылған заңды тұлғалар бірлестігін. Коммерциялық емес заңды тұлғалардың кейбір түрлері коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде де құрылуы мүмкін (мысалы: зейнетақы қоры). Коммерциялық емес заңды тұлғалар - өз қызметінің негізгі мақсаты кіріс түсіруді көздемейтін және алынған таза кірісті қатысушылар арасында бөлмейтін ұйымдар. Оларға заң шегінде кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат етілсе де, таза кіріс табу негізгі мақсатына жатпайды. Коммерциялық емес ұйымдардың негігзі мақсаттары: әлеуметтік, мәдени, ғылыми, білім беру, басқару, қайырымдылық, заңды мүдделерді қорғау, жанжалдарды шешу, денсаулық сақтау, өз мүшелерінің игіліктерін қамтамасыз ету, саяси, т.б.

Әр заңды тұлғалар жөнінде Азаматтық кодекстің жалпы нормаларына қосымша ретінде арнайы нормативтік құқықтық актілер қабылданған. Мысалы: 2003 жылдың 13 мамырындағы «Акционерлік қоғамдар туралы» ҚР Заңы, 1998 жылдың 22 сәуірдегі «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» ҚР Заңы, 2001 жылдың 16 қаңтарындағы «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» ҚР Заңы, 2001 жылдың 8 мамырындағы «Тұтыну кооперативы туралы» ҚР Заңы және т.б. Заңды тулғалардың жіктелүінің өзге негіздері: заңды тұлғалардың міндеттемелері бойынша құрылтайшылардың жауапкершілігінің шегі мен мөлшері; құрылтайшылардың ең аз және ең көп мөлшері; олардың субъектілік құрамы; заңды тұлға таратылған жағдайда оның мүлкіне деген құрылтайшылардың құқығы және т.б. Мысалы: өндірістік кооперативтің құрылтайшыларының (қатысушылары) саны екі адамнан кем емес, тек ғана жеке тұлғалар болады. Олар жарғылық капиталына өз үлестерін қосып қана қоймай, кооператив қызметіне де өз еңбегімен қатысады. Сондықтан, казіргі кезде ондай заңды тұлғалар аса көп емес. Ал ЖШС бір және одан да көп тұлғалармен және жеке тұлғалармен де, заңды тұлғалармен де құрылуы мүмкін. ЖШС қызметіне құрылтайшылар өз еңбегімен қатысуға міндетті емес, жарғылық капиталына өз үлестерін қосса да жеткілікті болады.

Заңды тұлғалардың құрылтайшылары өздері құрған заңды тұлғалар мүлкіне міндеттемелік және заттық құқықтарға ие болады. Коммерциялық емес ұйымдардың құрылтайшылары олардың тапқан таза пайдасын өзара бөлісе алмайды.

Бұл тақырыпты толық меңгеру үшін заңды тұлғалардың әр түрі жөніндегі Азаматтық кодекс және арнайы заңдар нормаларына сүйене отырып, жоғарыда аталған әр заңды тұлғаның азаматтық-құқықтық сипаттамасын толық білу қажет.

Қазақстан Республикасында шетел тұлғалар да заңды тұлғалардың құрылтайшылары бола алады. Шет елдерде қазақстандық заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерін ашуға болады, ал Қазақстанда шетел заңды тұлғаларына да заңда көзделген тәртіппен өз қызметтерін атқаруға мүмкіншілік беріледі.

10 тақырып. Заңды тұлғаларды құру және тоқтату

  1. Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу

  2. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін тіркеу ерекшелігі

  3. Заңды тұлғаны тоқтату. Банкрот болу

1. Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу

Заңды тұлғаның құрылған күні болып заңды тұлға Мемлекеттік реестрде тіркелген күні танылады. Мемлекеттік тіркеу тәртібі Азаматтық Кодекста (41, 42 б., б.) және арнайы нормативтік құқықтық актілерде бекітілген. Мысалы: «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есепке алу тұралы» заң, «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу тұралы» Ережеде. Мемлекеттік емес заңды тұлғалар үшін тіркеу ерікті түрде өткізіледі: тиісті санға, көлемге, құрамға сай құрылтайшылар, жарғылық қоры, тіркеу туралы өтініш, құрылтайшылар құжаттарын (жарғысын немесе жарғысы мен құрылтайшылар шартын, жалғыз құрылтайшының шешімін, мемелекеттік мекемелер үшін - Ережелерін), орналасқан орны туралы анықтаманы және тіркеуге төленетін арнайы төлем төленгені жөніндегі құжаттарын тапсыру қажет болады. Құрылтайшылар шарты оның құрылтайшылары екі немесе одан да көп болған жағдайда жасалады. Шаруашылық серіктестіктер мен акционерлік қоғамдардың құрылтайшы құжаттары міндетті түрде нотариалдық күәландыруды қажет етеді. Жарғы мен құрылтайшылар шарты мазмұндарын да атап өту қажет. Заңды тұлғалардың кейбір түрлері үшін тіркеу кезінде жарғылық капиталының белгілі бір мөлшерінің жиналуы қажет. Осыдан кейін аталған құжаттарда ешбір қателер болмаған жағдайда, 15 күннің ішінде заңды тұлға тіркеуден өткізіліу тиіс, оған мемелекеттік тіркеуден өткені жөнінде Күәлік беріледі. Заңды тұлғаны тіркеу ҚР-сы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі Комитетінің заңды тұлғаларды тіркеу бөлімдерінде өткізіледі. Құрылтайшылар шартының мазмұны коммерциялық құпия болып саналады, ал жарғының мазмұны жариялы болады, сондықтан ҚР-ның АК 41 бабының 7 пунктіне сай барлық мүдделі тұлғалар заңды тұлғаның жарғысымен танысуға құқылы.

Тек тіркеуден өткеннен кейін заңды тұлға салық есебіне, статистикалық есепке тұрып, мөрін, бұрыш таңбасын, бланктарын жасауға тапсырма беріп, банкта есеп шотын ашуға болады. Банк есеп шотын ашу үшін, заңды тұлға өтінішімен қоса банкке жарғысының (ережесінің) көшірмесін, салық төлеушінің куәлігін, нотариалдық күаландырылған бірінші басшысының және бухгалтерінің қолдарының үлгілерін, мөрінің үлгісін тапсырады. Егер заңды тұлғаның қызметі лицензия алуды қажет ететін болса, онда заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі сол лицензия бурілген күннен бастап пайда болады. Заңды тұлғаның атауы өзгерген жағдайда, заңды тұлға қайта құрылған жағдайда және тағы да басқа жағдайларда ол кайта тіркеуден өкізілуі қажет (ҚР АК 42 б., 6 т.).