Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ҚР Азаматтық құқығы (жалпы бөлім) - қаз.doc
Скачиваний:
15
Добавлен:
16.11.2019
Размер:
1.76 Mб
Скачать
  1. Мемлекеттік кәсіпорындар, акционерлік қоғамдар

  2. Өндірістік кооперативтер мен шаруашылық серіктестіктер

1. Мемлекеттік кәсіпорындар, акционерлік қоғамдар

Өз қызметiнiң негiзгi мақсаты ретiнде таза пайда (табыс) келтiрудi көздейтiн (коммерциялық ұйым) не мұндай мақсат ретiнде пайда келтiре алмайтын және алынған таза табысын қатысушыларына үлестiрмейтiн (коммерциялық емес ұйым) ұйым заңды тұлға бола алады. Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға мемлекеттiк кәсiпорын, шаруашылық серiктестiк, акционерлiк қоғам, өндiрiстiк кооператив нысандарында ғана құрылуы мүмкiн.

Заңды тұлға осы Кодекстiң, заңды тұлғалар нысандарының әрқайсысы туралы Заңның, өзге де заң құжаттары мен құрылтай құжаттарының негiзiнде жұмыс iстейдi

Мемлекеттiк кәсiпорындарға: 1) шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген; 2) оралымды басқару құқығына негiзделген (қазыналық кәсiпорын) кәсiпорындар жатады (102-бап). Мемлекеттiк кәсiпорынның мүлкi бөлiнбейдi және оны салымдар (үлестер, жарналар) бойынша, соның iшiнде кәсiпорын қызметкерлерiнiң арасында бөлуге болмайды. Мемлекеттiк кәсiпорындардың фирмалық атауында оның мүлкiн меншiктенушi көрсетiлуге тиiс.

Мемлекеттiк кәсiпорын уәкiлеттi мемлекеттiк органның шешiмi бойынша құрылады, таратылады және қайта ұйымдастырылады. Мемлекеттiк кәсiпорынның органы уәкiлдiк берiлген мемлекеттiк орган тағайындайтын және оған есеп беретiн басшы болып табылады. Мемлекеттiк кәсiпорынның құқылық ережесi осы Кодексте және өзге заң құжаттарында белгiленедi.

Шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген кәсiпорын (103-бап): Құрылтайшы бекiтетiн шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген кәсiпорынның жарғысы оның құрылтай құжаты болып табылады. Шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген кәсiпорын өз мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен жауап бередi. Шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген кәсiпорын мемлекеттiң мiндеттемелерi бойынша жауапты болмайды. Кодексте және өзге де заң актiлерiнде көзделген реттердi қоспағанда, мемлекет шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.

Қазыналық кәсiпорын (104-бап): Жедел басқару құқығымен мемлекет мүлкiне ие болған кәсiпорын қазыналық кәсiпорын деп танылады. Қазыналық кәсiпорын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша құрылады. Құрылтайшы бекiткен қазыналық кәсiпорынның жарғысы оның құрылтай құжаты болып табылады.

Жедел басқару құқығына негiзделген кәсiпорынның фирмалық атауында кәсiпорынның қазыналық болып табылатындығы көрсетiлуге тиiс. Қазыналық кәсiпорынның шаруашылық қызметi жарғыда көрсетiлген оның мақсаттарымен және мiндеттерiмен белгiленедi. Қазақстан Республикасы немесе әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс қазыналық кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша жәрдем беру жауаптылығын өз мойнына алады. Шарттық мiндеттемелер бойынша жауапкершiлiк мемлекеттiк кәсiпорын туралы заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен туындайды.

Мемлекеттiк кәсiпорынның шаруашылық жүргiзу құқығы (196-бап): Шаруашылық жүргiзу құқығы мүлiктi мемлекеттен меншiк иесi ретiнде алған және бұл мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқықтарын осы Кодекспен және өзге де заң құжаттарымен белгiленген шекте жүзеге асыратын мемлекеттiк кәсiпорынның заттық құқығы болып табылады. Шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, кез келген мүлiк бола алады.

Шаруашылық жүргiзу құқығына ие болу және тоқтату: Мүлiктi құрылып үлгiрген мемлекеттiк кәсiпорынға бекiту туралы меншiк иесi шешiм қабылдаған мүлiкке қатысты шаруашылық жүргiзу құқығы, егер заңдарда немесе меншiк иесiнiң шешiмiнде өзгеше белгiленбесе, бұл кәсiпорында мүлiктi кәсiпорынның дербес балансына бекiткен кезде пайда болады. Шаруашылық жүргiзудегi мүлiктi пайдаланудың жемiстерi, өнiмi мен кiрiсi, сондай-ақ кәсiпорын шарттар немесе өзге де негiздер бойынша алған мүлiк меншiк құқығын алуға арналған заңдарда белгiленетiн тәртiп бойынша кәсiпорынның шаруашылық жүргiзуiне келiп түседi. Мүлiкке шаруашылық жүргiзу құқығы меншiк құқығын тоқтатуға арналған заңдарда көзделген негiздер мен тәртiп бойынша, сондай-ақ меншiк иесiнiң шешiмiмен кәсiпорыннан мүлiк заңды жолмен қайтарып алынған реттерде тоқтатылады (198-бап).

Акционерлiк қоғам ұғымы 85-бапта берілген: Өзiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлiк қоғам болып танылады. Акционерлiк қоғамның акционерлерi осы заң актiлерiнде көзделгеннен басқа жағдайларда оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және өзiне тиесiлi акциялар құнының шегiнде қоғамның қызметiне байланысты шығындар тәуекелiн көтередi.

Акционерлiк қоғамның өз қатысушыларының мүлкiнен оқшауланған мүлкi болады, өз мiндеттемелерi бойынша өз мүлкi шегiнде жауапты болады және өз қатысушыларының мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi. Корпоративтiк жинақтаушы зейнетақы қорларының акционерлерi аталған қорлардың мiндеттемелерi бойынша зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарда белгiленген тәртiп пен жағдайларда ортақтасып жауап бередi.

Қоғамның барлық акцияларын бiр акционер сатып алған жағдайда акционерлiк қоғам бiр адамнан құрылуы немесе бiр адамнан тұруы мүмкiн, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе. Акционерлiк қоғамның құқықтық ережелерi, акционерлердiң құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекске, заң құжаттарына сәйкес белгiленедi. Мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру жолымен құрылған немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың құқықтық жағдайының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заң актілерімен айқындалады. Заңдарда көзделген жағдайларда, акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында коммерциялық емес ұйымдар құрылуы мүмкiн.

Акционерлiк қоғамның құрылтай құжаттары ретінде құрылтай шарты (жалғыз құрылтайшының шешiмi) мен жарғы болып табылады. Акционерлiк қоғамның құрылтай құжаттарында Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен айқындалған мәлiметтер болуға тиiс. Акционерлiк қоғамның құрылтай құжаттары нотариаттық куәландырылуға жатады. Құрылтай шартының күшi (жалғыз құрылтайшының шешiмi) жарияланған акциялар шығарылымы мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап тоқтатылады. Акционерлiк қоғамның жарғысын бекiту тәртiбi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленедi.

 Акционерлiк қоғамның жарғылық капиталы (88-бап, ҚР 2005.08.07. Заңымен 88-бап өзгертiлдi): Акционерлiк қоғамның жарғылық капиталының ең төменгі мөлшерi және оны қалыптастыру тәртiбi, сондай-ақ оны ұлғайту тәртiбi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен айқындалады.

Бағалы қағаздарды шығару және орналастыру  (91-бап, 2007.19.02. ҚР Заңдарымен 91-бап өзгертiлдi): Акционерлiк қоғам шығаратын бағалы қағаздардың түрлерi заң актiлерiнде белгiленедi. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу және оларды орналастыру Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес айқындалады. Акционерлік қоғам қамтамасыз етілген облигациялар және қамтамасыз етілмеген облигациялар шығаруға құқылы.Акционерлiк қоғам купондық және дисконттық облигациялар шығаруға құқылы. Облигациялар шығарудың шарттары мен тәртiбi бағалы қағаздар рыногы туралы заңдармен белгiленедi. Бағалы қағаздар бойынша табысты төлеудiң нысаны, тәсiлi және тәртiбi акционерлiк қоғамның жарғысымен немесе бағалы қағаздар шығарылымы проспектiсiмен заң актiлерiнде көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып белгiленедi

Акционерлiк қоғам қоғамның мынадай акциялары бойынша:

1) өз капиталының терiс мөлшерi кезiнде немесе, егер қоғамның өз капиталының мөлшерi дивидендтердi оның акциялары бойынша төлеу нәтижесiнде терiс болса;

2) егер ол Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңдарына сәйкес төлем қабiлетсiздiгi немесе дәрменсiздiк белгiлерiне сәйкес келсе не аталған белгiлер қоғамда дивидендтердi оның акциялары бойынша төлеу нәтижесiнде пайда болса дивидендтер төлеуге құқылы емес.

Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен акционерлiк қоғамдарға акциялар бойынша дивидендтер төлеуге тыйым салатын өзге де негiздер көзделуi мүмкiн.

6. Акционерлiк қоғам заңдарда белгiленген тәртiппен туынды бағалы қағаздар, опциондар мен айырбасталатын бағалы қағаздар шығаруға құқылы.

Акционерлiк қоғамды басқару: Акционерлiк қоғамның жоғары органы оның акционерлерiнiң жалпы жиналысы болып табылады. Акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретi заң актiлерiмен белгiленедi. Акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi шешудi акционерлiк қоғамның өзге органдарына беруге болмайды. Акционерлiк қоғамда директорлар кеңесi құрылады, осы Кодексте, заң актiлерiнде және акционерлiк қоғамның жарғысында акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi шешудi қоспағанда, ол қоғамның қызметiне жалпы басшылықты жүзеге асырады. Осы Кодексте, заң актiлерiнде және акционерлiк қоғамның жарғысында директорлар кеңесiнiң айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi акционерлiк қоғамның атқарушы органының шешуiне беруге болмайды. Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленген жағдайларда, бiр акционерi бар акционерлiк қоғамда қоғамның жарғысымен директорлар кеңесiн құрмай-ақ акционерлiк қоғамды басқару мүмкiндiгi көзделуi мүмкiн.

Акционерлiк қоғамның атқарушы органы алқалық (басқарма) немесе жеке дара (директор, бас директор, президент) болуы мүмкiн. Ол акционерлiк қоғам қызметiне күнделiктi басшылықты жүзеге асырады және директорлар кеңесi мен акционерлердiң жалпы жиналысына есеп бередi. Қоғам басқа да органдарының заңдармен немесе құрылтай құжаттарымен белгiленген ерекше құзыретiне кiрмейтiн барлық мәселелердi шешу акционерлiк қоғамның атқарушы органының құзыретiне жатады. Акционерлiк қоғамда заң актiлерiне сәйкес өзге де органдар құрылуы мүмкiн. Акционерлiк қоғам органдарының құзыретi, сондай-ақ олардың шешiм қабылдау және қоғам атынан әрекет жасау тәртiбi осы Кодекске, заңдарға және құрылтай құжаттарына сәйкес белгiленедi.

Акционерлiк қоғам акционерлер жиналысының шешiмi бойынша қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкiн. Акционерлiк қоғамды қайта құрудың және таратудың өзге негiздерi мен тәртiбi Азаматтык Кодекспен, Акционерлік қоғамдар туралы Заңмен және өзге де заң құжаттарымен белгiленедi. Акционерлiк қоғам шаруашылық серiктестiгi немесе өндiрiстiк кооператив болып қайта құрылуға құқылы.