Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Динтану окулык / Динтану о0улык.doc
Скачиваний:
163
Добавлен:
19.03.2016
Размер:
2 Mб
Скачать

2. Жалпы тұтастық метафизикасы.

Жалпы тұтастық метафизикасының бастапқы принциптерін философ-мистик, құдайылық ілім жолын қуған ақын В.С Соловьев (1853-1900) берген болатын. Оның "Дерексіз бастаулар сыны", "Құдайадам туралы ізденістер", "Мейірімді ақтау", "өмірдің рухани негіздері" және т.б. деген шығармалары бар. Онда В.С.Соловьев академиялық философияның дәстүрлеріне, Августин мен Платонның (б.ғ.д.427-347 жж.) философиялық-теологиялық көзқарастарына, Канттың антропологиясы мен қоғамдық татуластық туралы славянофильдік көзқарастарға сүйене отырып, дінді жаңарту негізінде тұтастай бір христиандық дүниетаным жасап шығуға талпынған болатын.

В.С.Соловьевтың философиялық концепциясының бастауыш принципі жалпы біртұтастық туралы ілім болып табылған. Онтологиялық тұрғыдан жалпы біртұтастық барлық болмыстың бастауын анықтаушы үшқырлы Құдай ретінде көрінеді. Жалпы біртұтастықтың абсолютті формасы ретінде мәңгілік Құдай идеясы, немесе Құдайи Логос көрініс табатын София шығады. Әмбебап құдайлық элемент ретінде жалпы біртұтастық жаратушы мен өндірушінің адамның мәңгілік жанынан бөлінбестігінде көрінеді. Жалпы біртұтастық – бұл жаратушы мен жаратылғанның бірлігі.

Гносеологиялық тұрғыдан жалпы біртұтастық – біртұтас білім. Ол эмпирикалық (ғылыми), рационалды (философиялық) және мистикалық (діни-аңдаушы) білімдердің ажырамас тұтастығын білдіреді. Соловьев тұтас білімді бойында жалпы мәнді, яғни әлемдегі бардың бәрін бірлікте ұстаған ақиқат деп түсінеді. Ол адамның танымдық әрекетінің нәтижелерінен емес, сол адам бойында абсолютті бастаудың көрінуінен, немесе, басқаша айтсақ, оның сенімінен, түйсігінен, аңдаушылығынан білінеді.

Шындықты анықтайтын бастау деп В.С.Соловьев құдайи идеяның жаратылыстан тыс патшалығын айтады. Оның көрінісі – біздің әлем. Материалды әлем тәмәмдалған қатып қалған (статикалық) картина емес, ол үнемі Құдай еркіне сай дамып отырады. Ол болмыстың төмен формаларынан жоғарыларына қарай эволюциялық түрде жылжып отырады. Шығармашылық процесінің бастамасы ретіндегі минералдар әлемі өсімдіктер әлемінің дүниеге келуіне негіз болады; ал, өз ретінде, өсімдіктер әлемі жануарлар патшалығы үшін, одан кейініректе – табиғи адам үшін, ақыр аяғы – рухани адам үшін негіз болады. Болмыстың төменгі формаларынан жоғарыдағыларына өту В.Соловьев үшін күнәћарлық нәтижесінде жоғалтылып алынған әлемнің біртұтастығын мақсатты түрде қалпына қайта келтіру жолы болмақ.

В.С.Соловьев ілімінде әлемдік процесс тарихы мистикалық эсхатологизм ретінде көрінеді. Әйтсе де, ортодоксалды діншілдермен салыстырғанда, В.Соловьев оптимистік эсхатология концепциясын жасап шығуға тырысқан. Оның айтуы бойынша, адамзаттың құтқарылуына оның Құдайадам идеясына бет бұруы әсер етеді. Діни философия адам санасын сыртқы авторитаризмнен арылтады және оны христиан құндылықтарын саналы түрде қабылдауға бастайды.

Христиан құндылықтарының жинағы, ең алдымен, ақиқат, мейірім және сұлулықтың құдайи сферасы В.Соловьев үшін оң біртұтастықты құрайды. Ол тек тұтас білім арқылы түсініледі. Біртұтас білім өзінің бастапқы принципі етіп абсолютті бастаудың барлығына шартсыз сену принципін алады. Біртұтастық ретіндегі Абсолюттілік әлемге тәмәдалған жүйе сипатын береді. Оның мәні танушы субъектінің пайымдаулары мен тұжырымдары негізінде таныла қоймайды. Ол біртұтастыққа ену арқылы ғана танылмақ. В.С.Соловьевтың пікірі бойынша, біртұтас білім эмпирикалық әлде рационалдық жолмен алынбайды. Эмпирикалық білім құбылыстың тек сыртқы қырын, ал рационалды білім – ақыл-ойдың өзіндік ерекшеліктерін ғана ашуға қабілетті. Ақиқат, немесе бар әлемнің мәні адамға не зерде, не тәжірибе арқылы берілмейді. Абсолютті құндылық ретіндегі ақиқат ақыр соңында мистикалық жолмен келмек. Эмпирикалық және рационалдық танымға келер болсақ, олар В.С.Соловьев ілімінде қосалқы рөлге ие. Ақиқат ілімді эмпирикалық, рационалдылық пен мистикалық танымның қосындысы деп тұжырымдау ғылым, философия және діннің бірлігінің қажеттілігінің шартсыз дүние екендігі туралы жалпы қорытындыға негіздеме болады. Осындай бірлік еркін теософия деп аталады. Ол әлемді тәмәмдалған жүйе ретінде, жалпы біртұтастық немесе Құдай арқылы шартталған жүйе ретінде қарауға мүмкіндік береді. Ал ол өз ретінде біртұтас христиандық дүниетаным құруға көмектеседі. Оның өзегінде құдайадам туралы догмат тұр.

Қоғамдық өмірдегі оң біртұтастық принципі құдайадам идеясына қатынасты болуда жүзеге асады. Табиғи адам, яғни құдайи ақиқатқа көзі ашылмаған адам, В.С.Соловьевтың айтуы бойынша, басқа адамдарға жат, жау күш болып қарсы тұрады. Тіршілік үшін күрес барысында ол өзін басқаларға қарсы қояды. Сонысымен де еркіндік, теңдік принциптерін шектейді, әлеуметтік және ұлттық антагонизмдер саясатын жариялайды. Тарихи процесс орталығына мәңгілік әлем орталығынан орын ауыстырған Құдай адам бейнесіне өтіп, барлықтарының басын біріктіруші қоғамдық бастау болған күнде ғана бейбітшілік пен әділеттілік, ақиқат пен ізгілік салтанат құратын бүкіләлемдік тарихқа қол жеткізуге болады.

Кемел қоғамдық құрылым, В.В.Соловьевтың түсінігінде, әлемдік шіркеу мен монархиялық мемлекеттің бірлігін білдіреді. Ол екеуінің қосылуы еркін теократияның құрылуына алып келуі тиіс.

Этикалық концепциясында В.С.Соловьев Христостың имандылық және тәндік тұрғыдан алғандағы зұлымдықты жеңгендігі адамзатқа жалпылама моральдық құндылықтарды бойға дарытудың жалғыз дұрыс жолын береді дейді. Аспаннан басқа, адамның имандылық тұрғысынан жетілуіне оның табиғи сезімдері – ұят, жан ашу және тағзым ету сезімдері де көмектеседі. Алайда, кемел мейірім тек қана әмбебап көріністе болуы мүмкін, яғни жеке адамға арналмай, бүкіл адамзатқа арналуы тиіс. Кемел мейірімділікті жан-жақты тұжырымдау жеке тұлғаның болсын, қоғамның болсын Иисус Христостың жер бетіне әкелген имандылық принциптеріне мойынсұнуы деген сөз.

В.С.Соловьев православиені жаңарту болашағын анықтау христиандықтың дәстүрлі-ортодоксалды қағидаларын қайта қарау барысында маңызды рөл атқарады. Шіркеудің белді иерархтары синодпен қосыла отырып, В.Соловьевке шіркеуге қатысты сұрақтар жөнінде көпшілік алдында сөйлеуге тыйым салған болатын. Дегенмен де, иерархтар мен синодтық билікке қарағанда, ол орыс православиесіндегі объективті үрдістерді түсіне білген болатын, сөйтіп христиандықты теологиялық жаңарту бағдарламасының сұлбасын жасаған еді.

Жалпы біртұтастық метафизикасының өкілдері – священник П.А.Флоренский (1882-1937); философтар: С.Н.Трубецкой (1862-1905) мен Е.Н.Трубецкой (1863-1920), С.Л.Франк (1877-1950), Л.П.Карсавин (1882-1952) және басқалар В.С.Соловьевтың іліміне сүйене отырып, православиелік онтологияның, гносеологияның, социология мен эсхатологияның жаңа нұсқаларын құрды.

Жалпылама біртұтастық метафизикасының ең көрнекті өкілі – діндар, ғалым әрі философ П.А.Флоренский еді. Ол өзінің философиялық көзқарастарын бірқатар еңбектерінде, әсіресе, солардың ішіндегі негізгісінде – "Парыз және Ақиқатты тұжырымдау" деген еңбегінде жария қылды. Ол үшін мистика – рационалдылықтан жоғары орналасқан тұтастық. Ол "тірі шындық" ретінде логика заңдарына сай таныла алмайды. өйткені логика заңдары оны қатырып, өлтіріп, қозғалмастай етіп тастайды. Ақиқатты тану тек қана діни қобалжумен тең түсетін түйсік (интуиция) арқасында ғана жүзеге аспақ. Ол - жоғарыдан төменге, біртұтастықтан шексіз көпшілікке бағытталған процесс. Ақиқатты тану мүмкін емес. Ал көптеген бөлшектелген ақиқаттарға ("ақиқаттың сынықтарына") келетін болсақ, ақылға олар қайшылық болып көрінеді. Мысалы, бірмәнділік пен үшқырлылық, ерік бостандығы мен алдын ала анықталған жазмыштық. Ақиқаттың антиномиялығы - догматтың антиномиялығының көрінісі емес, парасаттың антиномиялығының салдары.

И.Кант сияқты, П.А.Флоренский де таным нысанының өзін емес, ол туралы адамның көзқарасының антиномиялығын қарастырады. Ақыл өз ішінен өзіне тіреу болар ештеңе таба алмайды, оған догматикалық анықтамалардың тұңғиық тереңдігі бой бермейді. Сондықтан да осындай қайшылықтарды шешу тек қана догматтардың ақиқаттығын шартсыз түрде тану негізінде ғана мүмкін болмақ. П.А.Флоренский адам ақылының танымдық қабілеттерін сенім бедел-абыройын арттыру үшін шектейді. Тек қана "Ақиқат дегеніміз үш қырлылықтан көрінетін жалғыз мән" дегенді мойындағанда, яғни ақиқат дегеніміз Құдай екендігін мойындағанда ғана қарама-қарсы пайымдаулардың басын біріктіру мүмкін болмақ. Сондай жағдайда парасат үшін тринитарлық догматтың жөнсіз болып есептелуіне жол бермеуге болар еді. П.А.Флоренскийде ақиқатты тану, ақыр аяғында, тек қана құдайи үшбірліктің қойнауына ену негізінде жүзеге аспақ.

П.А.Флоренскийдің діни-философиялық құрылымдарының өзіндік ерекшелігі оның діншілдік принциптерін негіздеудің жалпылама қабылданған жүйесімен салыстырғанда белгілі ғылыми қағидаларды негізінен діни-философиялық және құдайшылдық қағидаларымен көрнекілеп, бекіткендігінде. Діншілдіктің тұжырымдарының ақиқаттығын негіздеу үшін ол рационалды дәлелдемелерді кеңінен пайдаланды. Парасаттың антиномиялары П.А.Флоренскийде абсолютті үшқырлы Құдайдың шындығының дәлелі ғана емес, фәнилік болмыстың мәнін құдайлық шығармашылық ретінде сезіну құралы ретінде қызмет етеді.

П.А.Флоренскийдің антропологиялық көзқарастары құдай махаббаты туралы принципке негізделген. Онсыз тек тұлғаның психикалық және имандылық бұзылуы жүрмек. Адамның қасиеттілік полюсінен ажырауы, сөйтіп өзінің "өзіндігін" "Мен-мен" сәйкестігімен көрсетуі оның бойынан құдайға ұқсастықтың жоғалуына әрі шайтандықтың көбеюіне алып келеді. Тұлғаның бұлайша бұзып-жарылуын П.А.Флоренский екінші өлім – рухтан жанның бөлінуі деп атайды. Ал табиғи өлім болса – тәннен жанның бөлек кетуі. Құдайға ұқсас болмағанда адам өзінің жеке басының субстанционалды негізін жоғалтады, өзінің жасампаздығынан айырылады, өмір идеясынан тысқары кетеді.

Орыс діни философиясында С.Н.Булгаков (1871-1944) көрнекті де ықпалды тұлға болған еді. "Қос қала", "Кешқұрым еместің сәулесі" және т.б. деген еңбектерінде ол өзінің діни-философиялық көзқарастарының мәнін ашып берген болатын. Діни санадағы бастапқы нүкте құдайи әлемді сезінуде тұр. Сенім ақиқаты мистикалық көңіл-күйде ашылады. Ол сөздік рәміздер арқылы жеткізіледі. С.Н.Булгаковтың діни философиясының орталық онтологиялық мәселесі, апофатикалық дәстүрге сай, құдайи бейболмыс болып шықты. Бейболмыстан әлем жаратылған. Жарату акті – бейболмысты (уконды) болмысқа (меонға) айналдыру, немесе, басқаша айтсақ, абсолюттің өздігінен екіге бөлінуі. Інжілдік "түк емеспен", "жоқпен" салыстырғанда, құдайи сөз арқылы аспан денелері, өсімдік және жануарлар әлемі жасалатын бейболмыс әрекеттегі (актуалды) болмыс болып табылады. "Бейболмыс" категориясының негізгі міндеті - Құдайдың трансценденттігін ненің құдай еместігін бірізділікпен бекіту арқылы негіздеу.

С.Н.Булгаковтың жалпы біртұтастығының орталық мәселелерінің бірі болып әлемнің софиялығы туралы ілім табылады. София туралы іліммен жаратушының жаратылғанға қатынасы туралы философиялық және діндарлық сұрақ өз шешімін табады, жаратылған әлемнің құдай мәніне сәйкес еместігі ақталады және түсіндіріледі. С.Н.Булгаковтың София ұғымы әлемнің идеалды негізін де, "жаратылған адамзаттың аспандық алғашқы кейпін" де танытады, ол - әлемнің жаны да, оны біріктіруші күші де, "Құдайдағы мәңгілік әйелділік" те, Құдайдың асқан даналығы да. София мен бейболмыстың бірігуі - әлемнің жаратылуы. Қоғамда жүзеге асатын құдайи асқан даналықтың болуына сай, барлық бөлшектелген және жалғызілікті тұтастыққа, құдайадамдық сипатқа ие болады. Әлемдік жан әрбір жеке адамның санасы мен ерік-жігерінде көрініс табады, сөйтіп, әлеуметтік іс-әрекеттің алуан түрлілігінің барлығының басын біріктіруші ретінде танылады.

Булгаковтың софиологиясы тарихи процеске қатысты қоғамдық прогресті эсхатологизациялаудан көрінеді, адамдардың саналы қызметтерінен провиденциалды мақсат-мүдденің кіргізілуінен көрінеді. София қоғамдық дамудың мінездемесін "жазмыш, тағдыр, алдын ала болжалғандық, объективті заңдылық, прогресс заңы" деп түсіндіреді. София христиандық мұраттың іске асуын қамтамасыз етеді. С.Н.Булгаков тек қана христиандық дүниетаным ғана өндіру мен үлестірудің, теңдік пен еркіндіктің, қоғамның ең жақсы әлеуметтік ұйымдастырылуы мен шынайы мәдениеттің принциптерін бекіту үшін мүмкіндік береді деп есептейді.