Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Динтану окулык / Динтану о0улык.doc
Скачиваний:
163
Добавлен:
19.03.2016
Размер:
2 Mб
Скачать

Тарау IV мәдениет жүйесiндегi дiн

Мәдениеттегi мағына және мағына беру

Дiн рухани мәдениет (лат. cultura – жер өңдеу, тәрбиелеу, бiлiм беру, құрметтеу) салаларының бiрi болып саналады.

Дiнтануда табысты “жұмыс атқаратын” мәдениеттiң мына бiр анықтамасын қабылдайық: бұл адамның сан қырлы болмысын жүзеге асыратын, материалды және рухани әрекет барысында iске асатын тәсiлдердiң жиынтығы және ол тәсiлдер жаңа ұрпақтар арқылы берiлiп, меңгерiлiп отыратын мәдениет өнiмдерiнде көрiнiс табады. Мәдениет адам әрекетiнiң процесiн (сәйкес әдiстердi, тәсiлдердi меңгеру және әрдайым оларды iске асырып отыру тұрғысынан), сондай-ақ оның нәтижелерiн де сипаттайды. Ол өмiрдiң әр түрлi салаларындағы – экономика, саясат, моральдағы және т.с.с. сана мен жүрiс-тұрыстың сәйкес қасиеттерiн меңзейдi, жеке адамның да, топтың да, қоғамның да тiршiлiк әрекетiнiң белгiлi бiр жақтарын түсiндiредi.

Мәдениеттi жасау материалды өндiрiс саласында да, рухани өндiрiс саласында да жасалады. Ана салада да, мына салада да өздерiнiң заттық тасушылары бар. Материалдық әрекет саласындағы мәдениет заттары-тасушылары еңбек құрал-саймандары, қолмен жасалған тамақ өнiмдерi, киiм, үй, тұрмыс заттары, байланыс және көлiк жолдары болып табылса, рухани мәдениеттiң көрiнiсi ретiнде дыбыстық және жазбаша формадағы тiл, әр түрлi жасанды белгiлер жүйесi (мысалы, сұлбалар, карталар, математика “тiлi”), кiтаптар, газеттер, өнер туындылары саналады.

Мәдениетте, оның қай салада туындағанына қарамастан, материалдық және идеалдық бiр-бiрiне енiп отырады: материалдық әрекетте бiлiмдер, мақсаттар, идеялар, адамдардың жоспарлары жүзеге асады, ал рухани өнiмдер материалдық зерзаттардың қасиеттерi мен қатынастарын есте сақтап қалады.

Мәдениеттiң маңызды аспектiсi - адам белсендiлiгiн реттестiретiн механизмдер, оларға нормалар, ережелер, талаптар, эталондар, үлгiлер, әрекет пен араласудың инварианттары жатады. Мәдениет сипаты бiлiм беру, тәрбиелеу, басқару, билiк институттары мен мекемелерiне де берiлген.

Мәдениеттiң дамуы мен қызмет етуi объект-субъектiлi қатынастардың контексiнде ғана мүмкiн. Материалдық заттар өзiмен өзi болып, қоғамдық және жеке адамдық санамен белгiлiк қатынасқа түспесе, олар өлi болып саналады. Субъект-индивид және топ әрекетiнiң арқасында мәдениеттiң “сәуле таратуы” мен қозғалысы қамтамасыз етiледi. Алдыңғы ұрпақтар жасап кеткен мәдениет әлемiнде әрекет ету үшiн, жаңа ұрпақтың өкiлдерi материалдық заттар-тасушыларда сақталған шеберлiк, дағдыларды меңгере бiлулерi тиiс. Бiрiн-бiрi алмастыратын ұрпақтардың еңбегiнде заттандыру мен затсыздандыру процесстерiнiң өзара әрекетi жүзеге асады. Заттандыру адамның қабiлеттерiн, бiлiмдерiн, дағдыларын объективтi заттарға көшiру болса, затсыздандыру – бұл ана немесе мына заттарды – мәдениет тасушыларын жасауға көмектескен әдiстер мен тәсiлдердi адамдардың меңгеруi. Бұл заттар екi болмысқа ие болады: бiр жағынан, олар адамға тәуелсiз ақиқаттылық, тiкелей сезiмдiк зат болып қала берсе, екiншi жағынан, басқа ақиқаттылықтың орнын басады, соны көрсетедi, мағынаға (значение) ие болады, сезiмдiк-сезiмнен тысқа айналады. Мағына дегенiмiз - адамзат тәжiрибесiн түзетiн, объективтiк байланыстар, қатынастар, өзара әрекеттер көрiнiс алатын идеялық құрылым. Материалдық тасушыларда сақтала отырып, мағына тұрақтылық, өзгермейтiндiк сипат алады және өзiнiң осы сипатында қоғам немесе топтың рухани саласының мазмұнына енедi. Мағына нақты заттық тасушыда бекiтiлгенiне қарамастан, ол шындықты жалпылау болып саналады.

Мағына объективтiк-қоғамдық құбылыстар қатарына жатады, бiрақ ол жеке адамның рухани әлемiне енедi. Алдыңғы ұрпақтардың тәжiрибесiн меңгере отырып, жеке адам мағыналардың жиынтығын иеленедi. Жеке адам санасының дерегiне айналғанда, мағына өзiнiң объективтiк мазмұнын жоғалтпайды, бiрақ тұлғалық мағынамен (личностный смысл) үстемеленедi. Мағына (смысл) жеке тұлғаны қалыптастыратын және дамытатын макро-және микроорта жағдайларының әсерiмен қалыптасады. Бұл орта жеке адамға қоғамдық мағыналарды нақтыланған түрiнде тасымалдайды және мұндай тасымалдау бұл мағыналарды осы ортада қалыптасқан меңгеру тәжiрибесi тұрғысынан жүргiзiледi. Жеке тұлғаның қалыптасуына қарай, оның бойында мағыналарды өз бетiмен индивидуациялау қабiлетi қалыптасады. Индивидуация барысында мағыналарды “өңдеу” жасалады. Олар адамның қажеттiлiктерi, қызығушылықтары, мақсаттары, жасырын күйлерi және күйзелiстерiмен салыстырылады. Мағына (смысл) жеке тұлға меңгерген мағына (значение) ретiнде танылады.

Дiн мен мәдениеттiң ара қатынасы

Христиан теологиясындағы дiн мен мәдениеттiң ара қатынасы мәселесiн шешудi қарастырайық. Онда “мәдениет” ұғымы негiзгi болып табылмайды, ал дiн христиандық өзiндiк сана негiзiнде Құдай мен адам арасындағы байланыс ретiнде түсiндiрiледi (қар. §1 тар. I). Католиктiк көзқарастар бойынша, мәдениет – философия, мораль, өнер, техника – тарихи факт, адам әрекетiнiң өнiмi болып саналады: дiни өлшемi алып тасталған мәдениет нағыз мәдениет болып табылмайды. Христосқа сену әр түрлi мәдениеттi құрайтын құндылықтардың iшiндегi жай ғана құндылық емес болғандықтан, христиандық – мәдениет емес, ол дiн. Бiрақ христиандық мәдениетке немқұрайлы және жат емес, ол өзiн мәдениетте көрсетуге мұқтаж; христиандық күнәға батқан адам мәдениетiн жаңартуы тиiс. “Мәдениеттi христиандық бағалау” бар. Иоанн Павел II пiкiрi бойынша, мәдениет “iнжiлдендiрудiң түрлi жеңiлдiкпен пайдаланушы секторы”. Iнжiлдендiру, мәдениеттен дербес бола отырып, халықтар мен ұлттар арасында өзiнiң көрiнiсiн табуы тиiс. Iнжiлдiң қандай болсын бiр мәдениетте iске асуы – “инкультурация” – адамның iшкi дүниесiн жаңарту арқылы жасалады. Аса асқақ қабiлет – махаббат қабiлетiнен көрiнетiн жоғары абырой – руханилық абыройына адам cultura animi (“жан мәдениетi”) арқылы көтерiледi. Мәдениет жеткiлiктi деңгейде қалыптасу үшiн, бұған адамның бар бiтiмi – оның барлық шығармашылық күшi, ақылы, оның дүние мен адамдарды бiлуi, өзiн-өзi ұстай бiлу, құрбан ету қабiлетi, тiлектес болуы және ортақ игiлiкке көмектесу қабiлетi қатысу керек. Папа былай дейдi: “… бiрiншi және ең маңызды болып табылатын еңбек, бұл адамның жүрегiнде жасалатын еңбек, ал оның өз болашағын құруға қалай араласатыны оның өзiн және өзiнiң тағдырын түсiнгенiне байланысты, Шiркеудiң нағыз мәдениет пайдасына қосатын ерекше және мәндi үлесi дәл осы жағына қатысты” /1/. Нағыз мәдениет – сенiмнiң нәтижесi, дiнмен берiлген iшкi жан стимулының нәтижесi ретiнде пайда болатын христиандық (католиктiк) мәдениет.

Православиелiк дiн басылары да рухани мәдениет негiзi ретiнде дiндi санайды. П.А. Флоренский жасаған “культтiң бiрыңғай философиясы” идеясына назар аударайық. Оның пiкiрiнше, дiн рухани мәдениет құбылыстарынан жоғары тұрады, мәдениет дiннiң негiзiнде пайда болады: өнер культтiк ретiнде туындады, ғылым мен философия дүниеге деген дiни көзқарасты пайымдауға талпыныс ретiнде пайда болды, ал мораль мен құқық әрқашан дiни өсиеттерге негiзделдi. Культ – мәдениеттiң “түйiндiк” жерi, тар мағынасында ол – құдайға құлшылық ету, құдайға құлшылық әрекетi, ал кең мағынасында – феургия (грек. theurgea – құдай жасау). Феургия “барлық ғылымдар мен өнерлердiң аналық аясы” /2/. Культте имманенттi және трансценденттi, жазықтықтық және таулық, уақытша және мәңгiлiктер кездеседi, сондықтан ол мәдениеттiң негiзiн, дереккөзiн құрайды. Мәдениет – бұл “культтен ұсақтап жарылатын нәрсе, культтiң көктеуi, оның тармақтары, бүйiр сабақтары iспеттес. Қасиеттi нәрселер – бұл адамның алғашқы шығармашылығы; мәдени құндылықтар – бұл культтен шығатын, культтiң қабатталған қабыршағы iспеттi…” /3/. Культтен туындайтын көмекшi терминдер, ұғымдар, формулалар күрделену мен дербес даму процесiнде “зайырлы философияға, зайырлы ғылымға, зайырлы әдебиетке” айналады /4/.

Немiс-американ протестанттық теологы және философ П. Тиллих (1886-1965) өзiнiң “мәдениет теологиясында” күнәһарлану нәтижесiнде адамның Құдайдан (Болмыстың Өзiнен) жаттануы мен тарихи уақытта Құдайдың (Болмыстың Өзiнiң) адамға өзiн ашуы идеясынан бастама алады. П. Тиллих үшiн ең бастысы – “христиандықтың секулярлы мәдениетпен қалайша ара қатыста болатынын анықтау” /5/. Дiн мен мәдениет бiр-бiрiне қайшы келедi, сонымен бiрге бiрлiктi құрайды. “Дiн, - дейдi П. Тиллих, - бұл субстанция, адамның рухани өмiрiнiң негiзi мен тұңғиығы” /6/, ол мәдениеттi азықтандырады және оған мән бередi. Дiн мәдениеттiң субстанциясы, ал мәдениет – дiннiң формасы. Субстанция мен форма әрқашан синтезге талпынады және әрқашан қол жеткiзген синтездi құртады. Мәдениеттiң құрамында Шүбәсiзге деген қатынас, басқаша айтқанда, дiни тәжiрибе бар, әйтсе де бұл қатынас үздiксiз деструкцияға ұшырап отырады. Құдайдың (Болмыстың Өзiнiң) уақыттық тарихи жағдаятқа – Кайросқа (грек. kairos – тиiстi шара, норма, тиiстi сәт) енуi мәдениеттi “мәңгiлiк мәнмен” бiрiктiредi және формаға мәдени мағына бередi. Шүбәсiздiң, мәңгiлiктiң уақытшаға ену дәрежесiне қарай П. Тиллих мәдениеттiң үш түрiн анықтайды: теономдық (грек. theos – құдай, nomos – әдет, тәртiп, заң), гетерономдық (грек. heteros – басқа), автономдық (грек. autos - өзi). Теономдық мәдениет дiндi жат бiрдеме емес, өзiнiң рухани негiзi ретiнде анықтайды; тарихта бұл тип жүзеге асырылмайды және оған қол жеткiзiлмейдi. Тарих барысында жатсынған тiршiлiктiң гетерономдық және автономдық типтерi көрсетiлген. Гетерономдық мәдениет – бұл дiнге бағынған шектен шыққан авторитарлық жүйе, ал автономдық мәдениет рухани өмiрдiң тапшыланғанын көрсетедi, оған антропоцентризм, гуманизм тән, бiрақ оның iшiнде де Шүбәсiздiң өлшемi, дiни тәжiрибе, негативтi формада – бекершiлiк пен мәнсiздiк формасында болса да, бар.

Мәдениет құбылыстарын түсiну материалдық өндiрiс саласынан, әсiресе, жердi өңдеуден басталды. Басында “агримәдениет” (лат. agricultura – жерге күтiм) деген терминнiң қолданылуы кездейсоқ емес, кейiнiрек “мәдениет” сөзi қалалық өмiр тұрмысын да бiлдiре бастады. Тек содан кейiн ғана оны рухани тәртiп құбылыстарын атау үшiн қолданды.

Тарихи тұрғыдан рухани өмiрдiң ең бiрiншi саласы мифология болды, ол дүниенi меңгерудiң әр түрлi әдiстерiн – бiлiмдер мен дағдыларды, нормалар мен үлгiлердi, нанымдар мен жол-жораларды, мимесис, ою, ән мен бидi және т.б. синкреттi түрде бiрiктiрдi. Мифологиялық кешеннiң жiктелуi барысында рухани мәдениеттiң әр түрлi салалары - өнер, мораль, философия, ғылым, дiн және т.б. бiртiндеп бөлiне бастайды. Мәдениеттiң басқа салаларымен қоса, дiн материалдық және рухани әрекет аясында адам болмысын жүзеге асырудың әдiстерi мен тәсiлдерiн жасап, жинақтады, оларды мәдениет өнiмдерiнде iске асырып, ұрпақтан ұрпаққа бердi. Дiн, өнер, мораль, философия, ғылым ара қатынастарының күрделiлiгi, бiр тектi, бiр мағыналы еместiгiне қарамастан, тарихта олар бiр-бiрiне өзара әсер етiп, бiрлiк пен тұтастық – рухани өмiр универсумын құрады. Әр түрлi дәуiрлерде мәдениеттiң ана немесе мына салалары бiрiншi орынға шығарылып, неғұрлым үдемелi көрiнiс тауып, дамып отырды: өнер мен философия - антикада, дiн – Орта ғасырларда, философия – XVIII-XIX ғғ., ғылым - XX ғ.

Дiн мәдени универсумның бөлiгi бола отырып, өз iшiнде, өз саласының шеңберiнде өнердiң, моральдың, философияның, ғылымның белгiлi бiр құбылыстарын синтездей отырып, мифология дәстүрлерiн мұра еткендей болады. Дiн үшiн “жұлдызды сәт” болып табылатын дәуiрлерде ол басымдық танытады, мәдениеттiң барлық дерлiк саласын қамтиды. Мұндай жағдай, жоғарыда айтылғандай, Орта ғасырларда орын алды.

Секуляризация процесiнде, феодализмнен капитализмға көшу сатысында рухани мәдениеттiң әр түрлi салалары: философия, өнер, мораль, ғылым – бiртiндеп дiни санкциялаудан құтыла бастады. Шығу тегi бойынша орыс американ социологы П.А. Сорокиннiң Батыс Еуропадағы секуляризация процесстерi туралы мәлiметтерiн келтiрейiк. Егер Орта ғасырларда идеалистiк философия философиялық жүйелердiң 100% құраса, ХХ ғасырда (1900-1920 жылдары) оның үлесi 40, 9% дейiн түстi. Эмпиризм, материализм, критицизм және агностицизмнiң дамуы мен таралуы жүрiп жатты, ал бұл, П.А. Сорокиннiң пiкiрi бойынша, философия секуляризациясының көрсеткiшi болды. ХХ ғасырда (1900-1920) барлық философиялық жүйелердегi эмпиризмнiң үлесi 53%, материализм – 23,3, скептицизм – 21,9% құрады /7/. Орта ғасырлық өнердегi тақырып пен стиль түгелдей дерлiк дiнмен анықталған болса, ал содан кейiнгi уақытта дiни бағдар әлсiздендi. Бейнелеу және мүсiндеуде дiни өнердiң үлес салмағы: Х ғ. Дейiн – 81,9%, X-XI ғғ. – 94,7; XII-XIII ғғ. – 97; XIV-XV ғғ. – 85; XVI ғ. – 64,7; XVII ғ. – 50,2; XVIII ғ. – 24,1; XIX ғ. – 10; XX ғ. – 3,9% /8/. Бiртiндеп этикалық жүйелердiң де секуляризациясы орын алды, ол бақыт сезiмдiк этикасының (гедонизм, утилитаризм,эвдемонизм) пайда болуы мен дамуынан көрiндi. Абсолюттi (дiни) этика мен сезiмдiк этиканың сәйкесiнше үлес салмағы: IV-XIV ғғ. 100% және 0%, XV ғ. - 91,3 және 8,7; XVI ғ. - 56,5 және 43,5; XVII ғ. – 61,6 және 38,4; XVIII ғ. – 63,7 және 36,3; XIX ғ. – 62 және 38; XX ғ. (1920 ж. дейiн) - 57 және 43% /[9/].

Дiни мәдениет

Дiни мәдениет күрделi, кешендi құрылым болып саналады, қоғамдық жүйе ретiндегi дiннiң барлық аспектiлерi әлеуметтiк-мәдени салада көрiнедi. Дiни мәдениет – бұл адам болмысын iске асыратын, дiни әрекетте қалыптасатын және оның дiни мән мен мағына беретiн, ұрпақтан ұрпаққа берiлiп, меңгерiлетiн өнiмдерiнде көрiнiс табатын дiннiң әдiстерi мен тәсiлдерiнiң жиынтығы. Әрекеттiк орталық культ болып саналады.

Мәдени құндылықтардың мазмұны дiни санамен жасалады. Олар дiни дүниетаным айналасында ұйымдастырылады, сәйкес образдармен, түсiнiктермен, ұғымдармен, тәмсiлдермен толтырылған, адам санасы мен жүрiс-тұрысын гипостаздалған жаратылыстарға, атрибутталған қасиеттерге, байланыстарға, түр өзгертулерге бағдарлайды, адамның әр түрлi қажеттiлiктерiн қанағаттандырады. Нанымның материалды тасушылары ретiнде қабылданатындар: өсиет баяндалатын ауызекi сөз, қасиеттi әдебиет, жол-жоралық мәтiндер, культ құралдары (пұт, ступа, икон және т.б.), өнер туындылары.

Дiни жүйелерде қарым-қатынастарды өрбiту, ұйымдарды реттестiру, өзара байланыстарды құрылымдау, адамдардың жүрiс-тұрысын басқару тәжiрибесi жинақталып жатты. Дiни мәдениеттiң ұйымдастырушылық жағы культтiк әрекеттi басқарудың әр түрлi бөлiмдерiнде, теологиялық-теориялық зерттеулер мен бiлiм беру саласында, экономикалық, коммерциялық, қайырымдылық әрекеттерде жүзеге асады.

Дiннiң әсер етуiмен дiни философия, мораль, өнер және т.с.с. қалыптасады. Дiни дүниетанымдық алғы шарттардан бастама ала отырып, дiни философия ұғымдық аппарат пен теология, дiни iлiм тiлiн пайдаланады, онтологиялық, гносеологиялық, логикалық, әлеуметтанулық, антропологиялық және басқа да мәселелердi шешедi. Дiни мораль – дiн арқылы дамытылатын және уағыздалатын, нақты (иудаистiк, христиандық, исламдық) мазмұнмен толтырылатын әдептiк түсiнiктер, нормалар, ұғымдар, сезiмдер, құндылықтар жүйесi. Дiни өнер дегенiмiз - дiни рәмiздердiң “өмiр сүру” аясы болып табылатын көркемдiк құндылықтарды жасау, қабылдау және тасымалдау.

Дiни мәдениеттiң екi бөлiмiн атап айтуға болады. Бiрiншi бөлiм дiни iлiмдi тiкелей және жанамалаусыз беретiн компоненттерден тұрады, бұлар – қасиеттi мәтiндер, теология, культтiң әр түрлi элементтерi және т.б. Екiншi бөлiмiн тарихи тұрғыдан дiни-рухани және культтiк әрекетке тартылатын философия, мораль, өнер салаларынан алынған құбылыстар құрайды.

Дiни мәдениет әр түрлi дiндер мен конфессияларда бiрдей емес, сәйкесiнше, ру-тайпалық дiндер мәдениетi, индуистiк, иудаистiк, конфуцийлiк, синтоистiк, буддистiк, христиандық, исламдық және басқа да (олардың көптеген конфессиялық түрлерiнде) мәдениет ретiнде көрiнiс табады.

Тарихи жағдайларға қарасақ, дiни мәдениет азды-көптi дәрежеде зайырлы мәдениетке, сондай-ақ оның бөлiктерiне әсер етедi.

Бақылау сұрақтарының тапсырмалары

  1. Дін мен мәдениеттің арақатынасы қандай?

  2. Дін мәдениеттің дамуына қалай ықпал етеді?

  3. Діни мәдениетті қалай түсінесіз?

  4. Діни мораль дегеніміз не?

  5. Діннен тыс мораль дегенді қалай түсінесіз?

  6. Әлемдік діндердегі көркем өнер көрінстерін айқындаңыз

  7. Ислам өнерінің стильдік ерекшеліктерін айқындаңыз

  8. Қазақ әдебиетіндегі сопылық дәстүрге талдау жасаңыз

  9. Ортағасыр өнеріндегі діни ситльдерге талдау жасаңыз