Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Динтану окулык / Динтану о0улык.doc
Скачиваний:
163
Добавлен:
19.03.2016
Размер:
2 Mб
Скачать

Тарау-хі қазіргі дәстүрлі емес культтер (наным-сенімдер)

“Дәстүрлі емес культтер”, “Жаңа ғасыр діндері”, “Неодіндер”, “Конфессиялық емес, канондық емес сенімдер”, “баламалық культтер”, “жастар діні” – Еуропа мен АҚШ-та ХХғ. 60-70 жж. кең таралған діни құбылыстар қатарын осылай деп көрсетеді. Аталған уақыт діни сананың тарихи қалыптасқан, дәстүрлі формаларының дағдарысымен сипатталады, солардың ішінде, әсіресе, христиан дінінің дағдарысымен белгілі жылдар. Христиан діні - батысеуропалық және американдық құндылықтар жүйесінің маңызды элементі. Әлеуметтік құрылымға үйлесімді түрде еніп отырған дәстүрлі діндер әлеуметтік зардаптар үшін “жауапты” болыпты. Тұтынушылық, технократтық қоғамның ресми құндылықтарынан көңілі қалу, жалғыздық сезімі, өмірзаялық сезімі – осылардың барлығы жаңа құндылықтар жүйесін, жаңа “өмір ғылымын” іздестірудің әлеуметтік-психологиялық факторына айналды. Жаңа қозғалыстардың бастаушылары, орталық тұлғалары қоғамдық көңіл-күйлердегі ауытқуларға тез арада назар аударып, “күнәћар” әлемнің зұлматтарын бірден сынап, өздерін біртуар құтқарушылар есебінде жарнамалап, жоғары даналық пен моральдың жаршылары деп анықтады.

“Дәстүрлі культтердің” жолын қуушылар, негізінен, орта топтан шыққан жастар еді. Олар жоғары білімді, әл-ауқатты жандар болғанмен, олардың өзара әлеуметтік байланыстары бұзылған еді. Әлеуметтік қарсылықтың түрлі формаларының ашынған, түңілген қатынасушыларынан басқа “дәстүрлі емес культтер” үйреншікті өмірлік жол арнасынан адасып қалған адамдар үшін бассауғалар қонысқа айналған. “Жаңа ғасыр” діндерінде күшті ұйымдастық, қатал адамгершілік және мінез-құлықтық өмірлік ержелер, рухани бағып-баулушы рөлін алған көшбасшылардың авторитаризмі басым.

Дәстүрлі емес культтердің” өзіндік ерекшеліктері мен жіктемесі.

Жаңа “дәстүрлі емес культтер” діни ұйымдастықтың өзіндік ерен түрін танытады. Оларда, әдетте, қатал дайындалған дінтанымдық жүйе жоқ. Бұл ұйымдардың құрылымы, көп жағдайда, иерархиялы (сатылы бағыныштылыққа сай), онда харизмалы лидердің, көсемнің қатаң авторитаризмі бар. Оларға ресми құндылықтар мен мақсат-мұраттарға әрі соларды ұстанатын шіркеулік ұғымдарға қарсылық сипаты тән. Олардың бойында әсіресе “біз-сезімі” күшті дамыған. Қауымдастықтың ішкі өмірін олар жарғылар мен ережелер арқылы реттейді. Онда қауымға кіру және қауым алдында міндетті болу ережелері де көрсетілген. Солай десек те, қатал институтционалды құрылымы жоқ жаңа діни ұйымдар да баршылық. Ал оның ішкі құрылымы аморфтылығымен сипатталады әрі, негізінен, ол діни-философиялық трактаттарды бойға сіңіруге барып тіреледі. Мысалы, Нью Эйдж (“жаңа ғасыр”) қозғалысына қатысы бар ұйымдар сондай болып келеді. Осы жаңа қауымдардағы культ, көп жағдайға, ұжымдық түрдегі культ. Онда психотехнологиялар, психотерапия пайдаланылады. Ол жерде көп назар прозелиттерге, яғни жаңадан келгендерге, олардың топ ішінде көңілденуіне аударылады. “Жаңа ғасыр” дінінің бірлестіктері мықты ұлтаралық корпорациялар ретінде әрекеттенеді, ірі бизнеспен айналысады, олардың әлемнің көптеген елдерінде филиалдары бар. Алуан түрлі культтердің барлығын шартты түрде бөліп-жарып көрсетуге болады.

  1. Неоориенталистік культтер: “Кришна Санасының Қоғамы”, “Тынық мұхиттық дзэн-буддалық орталық”, “Құдайи сәуле Миссиясы”, “Трансценденталды медитация” және т.б.

Неоориенталистік культтердің тегі Шығыстан тараған. Олар, көбінде, индуизм мен буддизмнің түрлі нұсқаларын жаңашаландырған діни құрылымдар. Неоиндуистік және необуддистік ілімдер арылудың (мокша) тылсым жолын ұсынады. Ол – адам бойында бар имманентті құдайи бастаманы ояту жолы. Әлемде бар нәрселердің ешқайсысы құрдан құр болмайды, оның арғы жағында нағыз құдайи табиғат жатыр, ол - үйлесімді де әділетті табиғат деп түсіндіріледі. Мақсат – көптеген медитация түрлерін пайдалана отырып, сол бір шынайы табиғатпен біржола бірігу. Медитация процесі (ойға шому, аңдау, іштей зейін салу, қоршаған ортадан түңілу) мантралар – мистикалық мағына беретін дыбыстар әлде арнайы сөздер қосағын айтудан тұрады. Дінтанымдық ерекшеліктер екінші орынға кетеді де, алға шынайы жолға түсу, жеке бас тәжірбиесі, гурудың, свамидің нақты беделі шығады.

  1. Неохристиандық бірлестіктер: “Бірігу шіркеуі”, “Құдай балалары

отбасы” және т.б. Бұл культтерге христиандық идеологияның шығыс діндерінің элементтерімен қосылған синкретизм тән, эсхатология мен мессиандыққа екпін салу, жетекшіні Құдай жіберген елші мәртебесінде қабылдау, оны жаңа аян беруші, жаңа жоғары адамгершілік ережелерін әкелуші деп қарастыру тән.

  1. Сайентологиялық бағыттар - “Сайентология Шіркеуі”, “Ғарыштық

діндер” және т.б. құрайды. Ол культтерде түрлі физикалық аспап- құралдарға мистикалық мән беріледі, сөйтіп, қайбір елге белгісіз және тылсым жоғары шындықтар мен факторлардың физикалық, биологиялық табиғатқа әсерін тіркеу және тіпті өлшеуге болатындығы айтылады. Онда психика мен қоршаған табиғаттың зерттелген құбылыстары мистикалық тұрғыдан түсіндіріледі.

  1. Жаңа сиқыр, спиритизм. Сақталып қалған үйреншікті сиқыршылар,

бақсылар, балгерлермен қатар, жаңа магиялық ілімдер мен институттар үлкен беделге ие болып келеді. Олар шығыстық және батыстық, ежелгі және қазіргі дәстүрлердің тәжірбиелері мен көзқарастарын біріктіреді, сол сияқты, жаңа сиқыршылар мен балгерлердің аяқ астынан туындаған шығармашылығын да қосады. Ондай бағыттарға, мысалы, Карлос Кастанеданың ілімін жатқызуға болады. Ол - мексикалық үндістердің мифологиясына негізделген ілім. өткен ғасырдың өзінде-ақ Еуропа мен Солтүстік Америкада басталып кеткен спиритистік қозғалыстар әлемге кеңінен тарала бастады. Олар өлген адамдардың әруақтарымен араласумен, тілдесумен айналысады.

  1. “Сатаналық” топтар. Сатанизм көне Ирактан келген. Оның өсиет-уағыздары Көк кітапта жатыр. Сатаналық культтер зұлымдық пен зорлық-озбырлықты дәріптейді, сөйтіп, зұлымдықтың мистикалық көздері – шайтанмен, демонмен және т.б. қарым-қатынасты уағыздайды. Мысалы, “Сатана қоғамы” өздерін зұлымдықтың саналы тасымалдаушысы және христиандықтың антиподы деп жариялайды.

Алғашқы төрт культ топтары арасында нақты бекітілген шекаралар жоқ, оларды шартты түрде ғана бөліп қарастыра аламыз. Сонымен, “Трансценденталды медитацияны”, Махариша Махеш Иоганың ілімін сайентологиялық культтерге жатқызуға болады. Р.Хаббардтың “Сайентология шіркеуі” буддизмнің кейбір идеяларын қабылдады, дәлірек айтсақ, ішкі тыныштық пен қамсыздық (нирвана) күйіне жетуді қабыл алды. Неохристиандық культтер шығыстық жүйелерден алынған медитацияны, сиқыр-дуаны пайдаланады. Сонымен бірге, неоориенталистік ілімдер, көбінде, өзінің ұғымдық аппаратын христиандық және зайырлы батыс философиясынан алып отыр. Жалпы алғанда, бұлар - синкретикалық культтер.

ХХ ғасыр діндерінің “жолын қуушылардың” көпшілігінің сыртқы бет- әлпеті мен культтік практикасының экстраваганттығы (әдеттегідей еместігі) назар аудартады. Оларда алғы шепке культтің эмоционалды-психологиялық жағы шығып отыр.

“Дәстүрлі емес діндердің” өзіндік ерекшеліктеріне тоқталып өтейік.

Бірігу шіркеуі

Ресми атауы – “Әлемдік христиандықтың бірігуі үшін қасиетті Рух Ассоциациясы”. Кейде “Бірігу қозғалысы”, “Унификациялау шіркеуі” деген атаулар да пайдаланылады.

Шіркеудің негізін қалаушы – Сан-Мен Мун (6.01.1920). 1935 жылы пасха кезінде оған аян берілген-міс. Онда Христос оған бұдан екі мың жыл бұрын Иисус жасауға тырысқан миссияны тәмәмдауға Сан-Мен Мунды шақырған көрінеді. Оның жолын қуушылардың айтуы бойынша, Мун “Иисуспен және әулиелермен жұмақта емін-еркін әңгіме-дүкен құрған. өзінің Құдаймен құпия сырласуы кезінде Сан-Мен Мун Адам өмірі мен Құдай еркі арасындағы қатынас туралы баяндайтын Аян алған”. Мун ілімінің алғашқы ізбасарлары 40-шы жылдардың ортасында Кореяда пайда бола бастады. 70-ші жылдары Мун Американы кезіп шығады, сөйтіп, барлық 50 штаттарда өз уағыздарын таратады. Содан соң ол ірі іскер азаматқа айналады, түрлі елдердегі станок соғатын текстильді және машина соғатын өнеркәсіптердің иегері болып табылады, корпорация жетекшісіне дейін көтеріледі. Бірлесу шіркеуіне АҚШ-тың аса ықпалды басылымының бірі - “Вашингтон таймс” газеті тиесілі. Бүгінде 2 миллионнан астам Мунның ілімін ұстанушылар бар және әлемдегі 160 елдің ішінде таралған.

Діни ілімнің дереккөзі ретінде Мунның “Құдайи принцип” деген кітабында баяндалған Құдайдан түскен Аян алынған. Бірігу Шікеуінің іліміне сай, Құдай – барлық дүниенің жаратушысы, ол –жалғыз, абсолютті және мәңгі мән. Ол адам мен ғарышты шын ғашықтық сезімімен жаратқан әрі сондай махаббат нысаны болуы үшін ғана жаратқан. Иисус – Мессия. Ол адамдарды күнәсіз күйге қайта апаруға жол көрсету үшін жер бетіне арнайы жіберілген жан. “Құдайлық принципі” бойынша, Құдай ұлының крест (айшық) үстіндегі өлімі о бастан анықталған болса керек. Оны айшыққа керу сол кездің жаћұдийлерінің түсінбегендігі мен дінсіздігінің салдары болған. Айшыққа керу арқылы күнәні жуу арқасында тек рухани құтқарылуға қол жеткізу мүмкін болмақ, ал адам тәнінде бастапқы күнә бәрібір қалып қоя бермек. Сондықтан Христос жерге қайтадан айналып келуі керек, сөйтіп қана ол өзінің тәндік құтқарылуын тәмамдауы тиіс. Бірақ ол Авраам тұқымына қайтып оралмайды, ол Кореяда пайда болады. өйткені тек осы ел және оның халқы ғана бүгінгі күні Мессияны қабылдау құрметіне ие бола алады делінеді /1/.

Адамның мақсаты - Құдайдың үш аманатын орындауда жатыр – жеке кемелдікке қол жеткізу, армандағы отбасын құру және өзінің әлемге жүргізер билігін жетілдіру. Осы аманаттарды орындау армандағы әлемге жеткізеді, сөйтіп, жер үстіндегі Құдай патшалығы мүмкін болмақ.

Сан Сен-Мун мессия, “шынайы ата-ана” ретінде, әлемді зұлымдық пен әділетсіздіктен босататын, сөйтіп, құдаймен бірліктегі отбасын жасайтын адам ретінде мадақталады.

Мун адамның “жаңаруы”, Құдайдың қол астындағы адам әрекеттерінің барлық сфераларын біріктіретін ортақ әлем идеалының іс жүзіне асуы жаңа әлемнің инфрақұрылымын құрастыруды қажет етеді деп біледі.

Кришна Санасының халықаралық қоғамы”. (ИСККОН)

Бұл қоғамның негізін салушы – үнділік уағызшы Абхай Чарин Де (1896-1977). Ол Бхактиведента Свами Прабхупада деген рәсімдік ат алған. Ол өзінің ілімін “Бхагават-гита. Оның шындығы қандай?” деген және басқа да еңбектерінде тұжырымдайды.

Прабхупаданың ілімі бойынша, бір ғана абсолютті Құдай – Кришна - бар. Ол үш түрде көрінеді: Бхагаван, Брахман, Параматма. Бхагаван дегеніміз - құдайдың ең жоғары тұлға ретіндегі қыры. Ол адам миы жетпестей қасиеттерге ие. Ол - бүкіл байлық, билік, атақ-даңқ, сұлулыққа қожа. Брахман – имперсоналды қыр-сыры бар дүние. Ол - барлығына қатысты абсолютті шындық, тылсым сапасыз күш, Құдай тұлғасының трансценденталды тәнінің нұр шапағаты. Праматмада Жоғары Жан көрініс табады. Ол - әрбір тірі жанның жүрегінде орналасқан нәрсе. Ол әркімнің жеке жаны дживамен қатар тұрады. Құдай мәңгі әрі жаратылмаған, оның таусылмас қыр-сырлары жеткілікті. Оның бойында екі қуат көзі бар: жоғары (рухани) және төмен (заттық). Ол қуат бүкіл әлемді және барлық тіршілік түрлерін жаратады. Құдайдың аттары оның әрекеттерінің алуан түріне сай өте көп. Оның басты есімі – Кришна (“Барлығын қызықтырушы”). Кришна қара тәнді әдемі жігіт ретінде бейнеленеді. Қалған құдайлар (ведалық әдебиеттің болсын, басқа діни жүйелердің болсын) - Кришнаның аватарлары (жаңа кейіптері) ретінде немесе жартылай құдайлар ретінде түсіндіріледі. Мысалы, Иисус Христос - Кришнаның инкарнацияларының бірі ретінде қарастырылады. Кришна Кришналока деген планетада, жерден тыс аймақта орналасқан, бірақ та өз энергияларының арқасында ол жаратылыс әлемінің әрбір нүктесінде бола алады.

Кришнаизм бойынша, адам жан мен тәннің дуализмімен сипатталады. Жеке жан (джива, атма) – Жоғары Жанның (Параматма, Брахманның) бөлшегі. Джива үшін әрекет ету аймағы адам тәні болып табылады. Оны жан өзінің тілек-ниеттеріне қарай үлес ретінде алады. өз еркіндігін асыра пайдаланған джива заттық әлемге түседі. Онда джива үш гун (күй, модус, байланушылық түрі) билігінде болады – білмес надандық, құштарлық, игілік. Заттық әлемде джива өзінің құдайлық мәнін ұмытады, сөйтіп, карманың билігіне басыбайлы боп қалады. Карма дегеніміз себеп-салдарлық байланыс. Адам кейпіне кірген джива сансарадан босану мүмкіншілігіне ие болады, сөйтіп Құдайға қайта орала алады. Дживаның материалды әлемнен босатылуы тек қана өз бойынан Кришна Санасын тауып, дамыту нәтижесінде мүмкін болмақ.

Материалдық әлемде планеталардың үш деңгейі бар. Бірінші деңгейде жартылай құдайлар тұрады. Олардың дживалары игілікке, ізгі әрекетке толы модуста тұрады. Мұнда кришнаиттерді, брахмандарды, ғалымдарды, философтарды және сиыр малын жатқызамыз. Орта деңгей - оның ішінде Жер де бар – құштарлық модусындағы дживалары бар тәндерден тұрады. Құштарлық – үй, отбасы, атақ-құрметке деген талпыныс. Адам мұнда жанкешті еңбек етуі тиіс. Төмен деңгейдегі планеталарда надандық (жалқаулық, ессіздік) модусындағы дживалар бар. Олар жануар тәніне ие болады.

Материалды әлем өзінің материалдық қасиеттерін сақтай отыра, рухани әлемге айнала алады. Рухани әлем дегеніміз - Кришнамен байланыстының барлығы. Материалдық құндылықтар рухани құндылықтарға Кришнаға қызмет ету арқылы, яғни өзінің кірістерінің үлкен бөлігін Кришна Санасы қоғамына бөлу арқылы айналады. Қасіретке толы материалды әлемнен әрбір адам өз бойында Кришна Санасын дамыту арқылы құтқарыла алады. Тіпті ең төмен касталардың (чандал) адамдары да Кришнаға шын пейілмен ақ-адал қызмет көрсетсе Кришна Санасын дамыта алады.

Кришнаиттер өздерін вайшнавалар деп, яғни Құдайға шын берілгендер деп атайды. Кришнаиттердің мәңгі жас, тән сымбаты сұлу Құдайы еркектік бастама, пуруша ретінде қабылданады. Кришнаның қызметшілері, малайлары – вайшнавалар өздерін әйелдік бастама, пракрити ретінде қарастырады.

Кришнаиттердің культтік тәжірбиесінің мақсаты “Кришнаға деген сүйіспеншілікке толы" көздермен әлемге қарау ұстанымын қалыптастыру. Кришнаға деген сүйіспеншілік ең жоғары деңгейде медитация арқылы діни экстазға жетуден көрінеді. Медитацияны ұжыммен де, жеке өз алдына да жасауға болады. Жеке бас медитациясы (джапа) мен ұжымдық киртана – бірлесе отырып мантралар айту, музыкалық аспаптарда ойнау және ырғақты би қозғалыстарын жасау арқылы өтеді. Культте аса басты назар мантраға (“ақылды тазартуға”) аударылған: “Харе Кришна Харе Кришна Кришна Кришна Харе Харе Харе Рама Харе Рама Рама Рама Харе, Харе”. Бұл - “Құдайдың қасиетті аттарын жырлау”. Күні бойы Кришаниттер мантраны 1728 рет айтып шығуы тиіс.

Кришнаиттер ашрамдарда (коммуналарда) тұрады. Оларды гурулар (ұстаздар) басқарады. Гуру - тек қана рухани ұстаз және данагөй беделді адам ғана емес, Құдайдың елшісі, уәкілі, тіпті Құдайдың кейпіне енген жан. Гуру Кришнаны тану процесіне көмектеседі. Ол трансценденталды білімді шәкіртіне (шишьяға) жеткізу арқылы оған көмек береді. Гуру прозелиттерді инициациядан өткізеді (сырттай инициациядан өткізу де мүмкін). Ол шәкірттерінің кармаларын өзіне алады, сөйтіп оған құпия “қорғаушы” мантраны береді. Ол арқылы шәкірт қиын-қыстау (экстремалды) жағдайда Кришнаға жалбарына алады, сәжде ете алады. Гуру шишьяға өзінің рухани әлемін жаңартып, қайта жасақтауға көмектеседі. Ол шәкіртіне ерекше бір шаттықты - өмірге деген шат-шадыман, мәз-мәйрам көзқарасты қалыптастыруға жәрдемдеседі. Ол күйде Кришнаға шынайы берілген адам бар дүниеден Құдайдың себепсізден себепсіз мейірімділігін көруге тырысады.

Бақылау сұрақтарының тапсырмалары

  1. Қазақстандағы дәстүрден тыс ағымдардың таралуына қандай факторлар ықпал етті?

  2. Миссионерлер адамдарды өз қатарына тарту үшін қандай тәсілдерді қолданады?

  3. Қандай белгілері діни бағытты секта деп атауға негіз болады?

  4. 1965 жылы ІІ Ватикан соборы евангелизацияға байланысты шығарылған заңда қандай мәселе қарастырылды?

  5. Евангелияшыл христиандар және баптистер қауымының басым көпшілігі не себептен ресми тұрғыда жабылды?

  6. Баптизмнің ілімдік ерекшеліктерін айқындаңыз

  7. Иегова куәгерлерінің ілімі мен Қазақстанда таралуына дінтанулық талдау жасаңыз

  8. Саентология шіркеуінің іліміне және неофиттер жұмыс жасау тәсілдеріне талдау жасаңыз

  9. Қазақстандағы неопротестанттық ағымдардың доктриналдық және культтік ерекшеліктерін ашыңыз

  10. Қазақстандағы жаңа ислам бағыттарының ерекшеліктерін және таралу факторларына талдаңыз

ҮШІНШІ БӨЛІМ