Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

artemjev_gylym_kz_2011

.pdf
Скачиваний:
84
Добавлен:
08.03.2016
Размер:
2.33 Mб
Скачать

Бастапқыда ол Женевада жасырын басылып шықты. Онда Монтескьё қоғамды түсінудегі географиялық детерминизмді негіздеп берді. Басқару түрлерін де, заңдар сияқты, ол географиялық ортаға тікелей тәуелді етті.

Қоғамның өмір сүруін және оның дамуын ол қабылданатын заңдардың сапасымен тығыз байланыстырады. Монтескьё: «Егер кімде-кім бір немесе басқа қоғамның ерекшеліктерін түсінгісі келсе, онда сол мемлекеттің заңдарымен танысуға тиіс», – деп кеңес береді. Кейіннен қоғамның табиғатына деген бұндай көзқарас әдебиетте «заңдық дүниетаным» деген атауға ие болды.

Ш.Монтескьё қоғам заңдарын екі түрге бөледі: алғашқысы – табиғи заңдар. Олар жоғарғы құндылық ретінде өмірді сақтауға бағытталған, ал ол үшін адамдар тіршілік етудің құралдарын табуға тиіс. Егер Т.Гоббс тіршілік құралдарын табу үшін адамдар бір-бірлерімен күреседі, «барлығының бәріне қарсы соғысы жүреді» деп есептесе, ал Ш.Монтескьё, керісінше, табиғаттың әлсіз тіршілік иесі іспетті адам басқалардың қолдауына зәру, сол себепті олар қоғам құрады деп са-

найды. Сөйтіп, ойшыл Адам бастапқыдан-ақ әлеуметтік тіршілік иесі болып табылады деген қорытындыға келеді.

Қоғамдағы әртүрлі қарама-қайшылықтардың пайда болуының себептерін ол адамның басқалардың есебінен өзі үшін пайда алуға ұмтылуынан көреді. Ал бұл адамдардың өзара қарым-қатынастарын заңдардың күшімен реттеу қажеттігіне келтіреді. Екінші топ – әлеуметтік заңдар осылай туады және солармен бірге мемлекет пен құқық та пайда болады. Монтескьё құқықтардың үш тобын ажыратып көрсетеді:

1.Мемлекетаралық, халықаралық қатынастарды реттейтін халықаралық құқық.

2.Билеушілер мен халықтың өзара қарым-қатынастарын реттейтін саяси құқық.

3.Азаматтардың бір-бірлерімен өзара қарым-қатынастарын реттейтін азаматтық құқық.

Монтескьё мемлекеттік басқарудың: республика, монархия және озбырлық деген үш түрін бөліп көрсетеді.

Адамдарға шектеусіз зардап шектіретін озбыр билік ешқандай заңдарды қажет етпейді. Сондықтан ол таза озбырлыққа негізделеді.

Республикалық басқару қоғамды қабылданған заңдар негізінде басқару дегенді білдіреді.

161

Монархиялық билік басқарудың жоғарыда аталған түрлерінің ортасында тұрады. Монтескьёнің өзінің саяси мұраты – ол конституциялық монархия (ағылшын билігінің үлгісімен).

Мағынасы өтпелі емес болғандықтан, саяси философия саласындағы ойшылдың бүгінгі күні де маңызды болып табылатын идеясы – ол мемлекеттік биліктің бөлінуі идеясы. Оның ой желісі мынадай: егер барлық билік бір қолға шоғырланса, онда ол сөзсіз кезекті озбырлықтың орнығуына, адамдардың құқықтарының тапталуына жеткізеді. Сол себепті мемлекеттік билік үш тармаққа бөлінуге тиіс:

а) заңнамалық; ә) атқарушы; б) сот билігі.

Монтескьё негіздеген биліктерді ажырату ұстанымын американдық конституцияны құраушылар (1787) пайдаланған. «Заңдардың рухы» дегенге келсек, олардың әртүрлі елдердегі ерекшеліктерін ол табиғат факторларымен байланыстырады. Олар: жердің құнарлылығы, климат, ландшафт, халықтың әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері, діни нанымсенімдері, халықтың саны және оның материалдық хал-ахуалының деңгейі, заң шығарушылардың мақсаттары және саяси биліктің ерекшеліктері және т.б.

Мысалы, ыстық ауа райы адамды әлсіретеді және оны енжар етеді, ал ол кезде суық ауа райы адамның тәнін де, рухын да шынықтырады, нәтижесінде, еңбек өнімділігі артып, ұлы істер жүзеге асады. Сол себепті ыстық елдерде өмір сүретін адамдар құлдыққа жетсе, ал климаты суық елдерде азаттықтарын сақтап қалды. Әлбетте, қазіргі заманның адамы ойшылдың осындай көзқарастарына кекесінмен қарауы мүмкін. Алайда, біздің ойымызша, қоғам дамуының ерте кезеңдерінде көп нәрсе осындай факторларға байланысты болған.

Қазіргі заман қазақтарының ата-бабалары мыңжылдықтар бойы көшпелі өмір салтын ұстап келді, ал бұл Сарыарқа табиғатының ерекшеліктеріне байланысты болды. Бірақ Жаңа заман туып, машина техникасы пайда болғанда, көшпенділік мүмкіндіктері сарқылды, ал біздің ата-бабаларымыз өмірдің жаңа құндылықтарын қабылдауға мәжбүр болды.

Ш.Монтескьёнің пікірінше, көп нәрсе мемлекеттің көлеміне, жердің таулы немесе жазық болуына да байланысты болады. Мысалы, жерлері таулы болып келетін елдер көлемі жағынан үлкен бола алмайды. Ал кішкентай елде азаматтардың бірге жиналып, өзекті мәселелерді

162

бірлесе шеше алатын мүмкіндіктері бар. Сондықтан оларға көбіне-көп республикалық басқару тән.

Көлемі орташа мемлекеттер көбінесе монархиялық билікті құп көреді.

Ал аумағы үлкен елдер, негізінен, озбыр болып келеді, өйткені күш көрсету және қорқыту арқылы алыс жатқан жерлерді орталық билікке бағындыруға болады.

Әлбетте, ойшылдың географиялық фактордың маңыздылығын асыра бағалағаны анық. Алайда оның көзқарастары сол кездегі қоғамның күрделі мәселелерін түсіндірудің жаңа тәсілдеріне бастама болды.

Француз ағартушыларының аса көрнекті өкілі, Вольтер деген атпен көбірек танымал Франсуа Мари Аруэнің (1694-1778) философ, тамаша ақын, драматург және жазушы, саяси ойшыл ретінде де атағы шықты.

Он екі жасында-ақ оны аббат де Шатонеф Париждегі «Тампль» деп аталатын еркін ойлы адамдар үйірмесіне кіргізді. 1717 жылы герцог Ф.Орлеанскийді өткір поэзиямен сынағаны үшін, ол 11 ай Бастилияға қамалды. Екінші рет осы қорқынышты түрмеге ол кавалер де Роганмен болған жанжалға айналған ұрыс-керіс салдарынан түсті, бірақ онда көп болмады, өйткені сот оны Франциядан аластау туралы шешім қабылдады. 1726-1729 жж. ол Лондонда тұрып, сол жерде парламенттік монархияның белсенді жақтаушысы болды, монархия идеяларын ол кейіннен Еуропада ғана емес, Екатерина II-мен хат-хабар алысу барысында Ресейде де таратты. Отанға оралған соң, ол 1734 жылы өзіне адам айтқысыз табыс әкелген және билікке емес, прогрестік қауымдастыққа ерекше танымал еткен, даңққа бөлеген «Философиялық хаттар» деген еңбегін жарыққа шығарды. Париж парламенті «Философиялық хаттарды» отқа өртеуге шешім қабылдайды, өйткені «олар дінге, ізгі дәстүрлерге, билікке құрмет көрсетуге қарама-қайшы келеді».

Бірақ билік енді Бастилияның Вольтерге шамасы келмейтінін жақсы түсінді. Сондықтан оның өзгеше талантын монархия мүдделерінде пайдалануға ұмтылған король сарайы еркін ойшылды өз ықпалынан шығармауға тырысады. Нәтижесінде, Вольтер корольдік тарихты жазушы болып тағайындалады, бірақ көп ұзамай, ол лауазымнан шеттетіледі.

Вольтердің қоғамдық-саяси ойдың дамуына ықпалы зор болды. Ол Еуропаның тәж кимеген королі деп құрметтелді, ал «вольтерлік» деген термин жалпы атауға айналды.

Басынан-ақ Вольтердің шығармашылығы философиялық идеяларға толы және берік болды. Ол материалдық және идеалдық әлемдердің

163

бастапқы себебі ретінде танылмаған Құдайдың бар екенін негізге алып, деизмнің негізгі қағидаларын сүзгіден өткізді.

Демокрит пен Эпикурдың атомистік көзқарастарын құптай отырып, Вольтер дүние элементтерін өткізбеушілік және ұзындық қасиеттері бар материалдық түпнегіз деп санады. Ньютон ашқан 1-ші заңға сүйеніп, ол табиғатты: органикалық емес және органикалық материяның барлық формалары әлемге 1-ші механикалық соққы берген сыртқы күштің әсерімен қозғалатын сағат механизміне ұқсатып қарастырды.

Вольтер бойынша, адам – негізі табиғаттық тіршілік иесі, оның тән мен қанда өмір сүруден басқа өмірі болуы мүмкін емес. Сол себепті адамдар бақытты болатын қоғам құру қажет, ол үшін әлеуметтік қатынастарды ақыл-парасат пен әділеттілік бастауларында қайта құру керек.

Адамның ұлылығын Вольтер оның әлемді танып білу және өзгерте алу қабілетінен көрді. Оның ойынша, өз-өзін сақтау түйсігі, өз-өзін сүю адамдарды бір-бірінен алшақтатпайды, керісінше, бірбірлеріне жақындастырып, араласуға және жақсы көруге септігін тигізеді. Адам жеке-дара өмір сүре алмайды. Ол – қоғамдық тіршілік иесі. Қоғамды нығайта отырып, еркек пен әйелдің негізіндегі табиғи байланыстар сәбилердің дүниеге келуіне жеткізеді.

Вольтер өне бойы өзіне: «Егер Әлем материалдық денелерден тұрса, онда адамның жаны қайдан пайда болды?» – деген сұрақ қоятын. Ойшыл өзінің сұрағына өзі: «Жан – адамның сезу және ойлау қабілеті. Ал олай болса, тәннен бөлек, оған тәуелсіз өмір сүре алатын жан туралы менің ешқандай түсінігім жоқ», – деп жауап беретін. Бұндай көзқарас, әрине, дінге қарсы бағытталған. Ал ең қызығы, Вольтер өзінің бұл тезисін дін жолымен дәлелдеуге әрекет етеді: «Егер мына ғажап Әлемді Құдай жаратса, онда неге біз Ол материяға да сезетін және ойлайтын қабілет берген деп жорамалдай алмаймыз?». Өз заманының жаратылыстану ғылымында жеткен жетістіктеріне сүйене отырып, ол адам жанының әртүрлі сезімдерін түйсіктермен, жүйке жүйесі және мимен ұштастырады. Жан-жануарлардың да миы, жүрегі, бауыры және басқа ағза мүшелері бар болғандықтан, олар да сезінеді, мүмкін, көмескі болса да, өздерін қоршаған дүниені түсінетін шығар.

Вольтер «табиғи дінді» жақтаушы болып шықты, яғни ол солай деп барлық адамзатқа ортақ мораль ұстанымдарын түсінді. Моральдың басты ұстанымын ертедегі данышпандар: «Өзіңе басқалардың не істегенін қаласаң, өзің оларға да соны істе», – деп, әлдеқашан тұжырып қойған. Осыдан келіп, әртүрлі ескі наным-сенімдерді,

164

клерикализмді, әсіресе католик шіркеуінің тәртіптерін өткір сынапмінеу («Жексұрындарды таптаңдар!») шығып отыр. Сонымен қатар ол атеизмді де сынға алған. Белгілі «Философиялық сөздікте» ол: «Атеизм билік басындағылардың қолында болса, ол – аса қауіпті құбыжық; қағазбасты ғалымдардың өмірі кіршіксіз таза көрінгенмен, олардың атеизмі де қауіпсіз емес, өйткені олар отырған орындарынан шығып, лауазымды адамдарға да жетуі мүмкін; фанатизм сияқты жойқын болмағанмен, атеизм де қашанда ізгілік үшін қатерлі», – деп жазды («Вольтер. Философские сочинения. – М.; 1988. – 645-бет). Әрине, Вольтер еркін ойлау дегеннің синонимі болатын атеизмді емес, кейіннен «айбынды» деп аталған атеизм туралы айтқан. Белинскийдің сөзімен айтқанда, Вольтер «әжуа-келемеж құралымен Еуропадағы фанатизм мен надандықтың өртін сөндірді...». Ал француз әдебиетінің классигі Ромен Роллан: «Вольтердің «Жексұрындарды таптаңдар!» деген ескі ұранын еске түсіріп көріңдер және оны қазіргі заманның жексұрындарына қолданып көріңдер», – деп жазды.

Вольтер – әлемдік тарихтың маңызы туралы алғаш ойланғандардың бірі. Бұл жерде ол: «Әлемді пікірлер билейді», яғни билеушілердің ойы, идеялары әлемдік тарихтың беталысын айқындайды дейтін ұстанымды берік ұстанады. Алайда мәні «пікірді халықтың басым көпшілігі қолдауға тиіс» деген қағида болып табылатын маңызды қосымша енгізеді. Барлық бақытсыздықтар, күйзелістер, озбырлық көпжылдық әлемдік тарихта билік басында болғандардың арсыз саясатымен түсіндіріледі. Бұл жерде оның көзқарасы дұрыс, бірақ ішінара ғана.

Вольтер – оптимист. Ол өзінің ағарған заманына үмітпен қарайды. Ғылымның дамуы, өнердің жетілуі, ақылға негізделген философиялық идеялар бұқара халықтың санасын өзгерте отырып, оның ортасына кең және терең ене бастаған. Бұл оның жүрегінде жамандықтың тамырына балта шауып, адамдардың жақсы өмір сүруіне жағдай жасайтын «білімдар дана билеушілер» пайда болады деген үміт отын жағады.

Тарих – ұлы ұстаз. Ғасырдан-ғасырға Вольтер де ұлы болып қалып отыр. Француздардың Құрылтай жиналысының шешімі бойынша Вольтердің өртелген сүйегінің күлі 1791 жылы Францияның ұлы адамдарының Парижде құрылған Пантеонына қойылғаны кездейсоқтық емес.

Француз ағартушыларының ішіндегі аса көрнекті тұлғалардың бірі – философ, өнер теоретигі, жазушы, саяси қайраткер Жан-Жак Руссо (1712-1778) болды. Ол сонымен қатар ұсақ буржуазияның идео-

165

логы деген атқа ие болған. Руссо қоғамдық келісімнің Гоббс жасаған тұжырымын айтарлықтай дамытқан. Ол табиғатынан азат адамды қанауға қарсы шыққан. Қанау, оның ойынша, жұртшылықтың бір бөлігінің надандығы, адамды қорлауы себепті орын алған және орын алып келеді. Жас Руссо жеке меншіктегі және мемлекеттік құрылыстағы теңсіздікті көрді. Сол себепті ол адамдарға Табиғатқа оралуға кеңес берді.

Кейіннен философ басқа көзқарасқа ауысады: қоғамдық келісім теңсіздікті жеңуге мүмкіндік береді. Руссо халықты егеменді деп жариялайды, халықтың егемендігі шеттетілмейді және бөлінбейді; заң шығарушы билік халыққа тиесілі болуға, ал атқарушы билік оның өкілеттігін білдіруші ғана болуға тиіс.

Руссо туралы айтқанда, екі мәселеге назар аудару қажет.

Бірінші. Әлеуметтік-философиялық ой тарихында Руссо қашанда Вольтермен қатар қойылады. Бірақ олардың қарым-қатынастары әрдайым риясыз, ашық бола қойған жоқ. Керісінше, пікірлерінің қарама-қайшылығы қашанда орын алатын. Ал олардың бір-бірінен толық қол үзуі: Руссоның «Адамдар арасындағы теңсіздіктің пайда болуы және негіздері туралы ойлар» (1755) деп аталатын іс жүзіндегі басты трактатын Вольтердің қабылдамағаны былай тұрсын, ол жайында, әсіресе Табиғатқа оралу жөнінде және «табиғи жай-күйдің», яғни үйлер де жоқ, баспаналар да жоқ, қандай да бір меншік те жоқ жағдайдың артықшылығы туралы ойларын өткір сынға алып және теріс баға бергенінен кейін болды.

Руссодан трактаттың бір данасын алған соң, Вольтер оған француз тілінде сыпайы түрде, бірақ жеткілікті дәрежеде қатқыл сөздермен хат жолдады, онда: «Мен Сіздің адам тегіне қарсы жаңа кітабыңызды алдым және соған ризамын. Осындай қабілеттерді біздің барлығымызды ақымақ етіп көрсету үшін пайдалану жағдайы бұрын-соңды болмап еді. Сіздің кітабыңызды оқыған әрбір адам еңбектеп жүруге тырысатын болды. Бірақ ондай әдетімнен алпыс жыл бұрын арылғандықтан, мен, «бақытсыздыққа қарай», ол әдетіме қайтадан орала алмайтынымды сеземін. Канданың жабайыларын іздеуге де шыға алмаймын, өйткені бойымдағы ауруларыма қарап, еуропалық хирургтің қызметіне жүгіну қажеттігін сеземін, себебі ол жерлерде соғыс жүріп жатыр және біздің үлгіміз ол жабайыларды біздің өздеріміз сияқты жаман етеді...» – деп жазды.

Вольтердің аталған шығарманы осылай бағалағаны әділетті болды деуге болмайды. Алайда Руссоның өзі де «табиғи жай-күйді» адамдар

166

арасындағы қарым-қатынастардың мұраты деп санай отырып, оған оралудың мүмкін еместігін жақсы түсінген. Сол 1775 жылы Энциклопедия үшін жазған «Саяси экономия туралы» атты мақаласында ол мейлінше айқын және кесімді түрде: «Меншік құқы – азаматтардың құқықтарының ішіндегі ең қасиеттісі және еркіндікке қарағанда, тіпті кей жағдайларда аса маңыздысы да болып табылады», – деп мәлімдеді.

Ж.Ж.Руссо жеке меншіктің пайда болуының экономикалық себептерін табуға тырысты. Ол себептерді Руссо ең күшті адамның басқалардайемес,өзініңтабандыеңбегіарқылыкөпөндіретініненкөрді. Ең бір епті және тапқыр адам, басқалармен салыстырғанда, көбірек пайда табады. Жер өңдеуді жақсарту азық-түліктің молшылығын тудырады, байлық пайда болады. Нәтижесінде, жаңа кәсіптер шығады. Шын мәнінде, қоғамның өндіргіш күштерін ары қарай дамытуға жеткізген темірді игеру – адамзаттың тарихында тағдыр шешуші рөл атқарды. Пайда болған байлық азшылықтың қолында шоғырлана бастады, ал қалғандары кедейшіліктен көз ашпады. Шешуші сәт туды: адамзат өзінің өмір сүруінің табиғи кезеңінен өркениетке өтуді бастады. Жеке меншікті тиімді қорғау мақсатында мемлекет пайда болды.

Адамдарға олардың тарих қойнауында жоғалтқан бостандығын қалай қайтаруға болады? Бұл сұраққа Ж.Ж.Руссо «қоғамдық келісім теориясы» арқылы жауап беруге тырысады. Оның мәні: әркім өзінің барлық құқықтарын ерікті түрде қоғамға береді. Ол кезде барлығы да заң алдында тең құқылы болып, өз құқықтарын кері қайтарып алады. Өмір сүрудің теңдей шарттарын иеленіп, бір-біріне тәуелді болмай және қоғамның бөлінбес бөлшегіне айнала отырып, енді әркім қоғам талаптарына бағынады. Адамдар, әрине, өздерінің дене, ақыл қабілеттері бойынша бір-бірлеріне тең немесе бірдей емес, бірақ олар моральдық және құқықтық теңдік алған.

Ж.Ж.Руссо халықты заңдардың шынайы бастауы деп санайды. Егер қоғамда адамдардың мүдделерін есепке алмайтын заңдар пайда болса, онда бұл заң емес, бұйрық саналады. Халық билігін халық құрылтайы қамтамасыз етеді. Ол заң белгілеген уақытта шақырылады және «қоғамдық келісімнің» орындалуын қатаң қадағалайды, өйткені заң бұзушылық қашанда орын алады. Оның мәні төмендегілерге келіп тіреледі:

а) әрбір үкімет әрдайым өзін нығайтуға ұмтылады; ә) азаматтардың бір бөліктерінің ізгіліктен ауытқуы мүмкін;

б) жеке мүдденің қоғамдық мүдде шектерінен шығып кетуге әрекет етуі мүмкін;

167

в) бұл жағдайда қоғамдық мүддені алдау жолымен өзгерту қаупі туады.

Қоғамдық келісімді сақтаудың негізгі жолдарының бірі – халықты ағарту, оның бостандыққа деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу.

Екінші. Бірқатар философтар, мысалы, Бертран Рассел Руссоны, сондай-ақ Фихте мен Ницшені нацизм мен фашизмнің идеологиялық жол салушылары деп санайды, өйткені алдыңғысы да, соңғылары да еркіндікті, әсіресе билікке деген еркіндікті жақтайды. Бұл жерде мысал ретінде Руссоның «Қоғамдық келісім туралы немесе саяси құқық қағидалары» (1762) деген жұмысына, оның ішінде осы шығармада жазылған жалпы еркіндік тұжырымдамасына, әсіресе қашанда «жалпыға ортақ еркіндік» бар дейтін жоғарғы биліктің еркі туралы тезиске сілтеме жасалады.

Рассел: «Қоғамдық келісім» Француз революциясының көпшілік көсемдерінің Библиясына айналды, бірақ, сөз жоқ, Библия сияқты, ол да мұқият оқылмады және ізбасарларының көпшілігі оны дұрыс түсінбеді. Демократия теоретиктерінің ішінде Руссо метафизикалық жалпылауға дағдылануды енгізеді, соның жалпыға ортақ еркіндік туралы доктринасы арқылы көсемнің оның халқымен мистикалық сәйкестігі мүмкін болады, ал өзін растау үшін, ол сайлау жәшігі сияқты соншалықты қарапайым құралға мұқтаж емес. Пруссия аристократиясын қорғаған кезде, Гегель Руссо философиясынан көп нәрсені пайдасына жарата алар еді (Гегель жалпыға ортақ еркіндік пен барлығының еркі арасындағы айырмашылықты ерекше мақтайды. Ол: «Руссо осы айырмашылықты әрдайым ескергенде, мемлекет теориясына айтарлықтай үлес қосқан болар еді», – дейді). Бұл тәжірибенің жемістері Робеспьердің билігі тұсында, Ресей мен Германиядағы (әсіресе осы соңғысындағы) диктатура кезінде сығылып, орыстық ілімнің нәтижесіне айналды. Бұл елеске болашақ тағы қандай жеңістер алып берер екен, ол туралы болжам айтуға дәтім бармайды», – деп жазды (Рассел Б. История западной философии. – 646-бет). Алайда, біздің ойымызша,Расселменоныңжақтастарыныңайтқандарыныңбарлығын дұрыс деуге болмайды. XVII-XVIII ғасырлардың табиғи келісімінің басқа тұжырымдамаларынан айырмашылығы – Руссо оның мақсатын диктатура емес, азаматтық қоғам құрудан көрді. Бұл билеушінің құзырындағылармен және жоғары тұрған тұлғаның төмендегілермен келісім-шарты емес, ол – бір-бірлерімен тең адамдардың немесе тұтас қоғамның оның әрбір мүшесімен, яғни, ойшылдың пікірінше, олардың

168

барлығы «өздеріне бірдей шарттармен міндеттемелер алатын және барлығы тең құқықтар иеленетін» кездегі келісім-шарт.

Руссоның шығармашылығында адам мәселесі елеулі орын алады. Оның ойынша, адамның туа біткен екі қасиеті бар: алғашқысы – оның өз-өзін сақтауға және ең жақсы өмірге деген жойылмайтын ұмтылысы, екіншісі – өзге біреудің күйзелістері мен өлімін көргенде, оның бойында пайда болатын табиғи аяушылық пен өкініш сезімі.

Табиғаты бойынша адам ізгілікке ұмтылады. Егер өзімшілдігін жеңе отырып ізгілікті істер істесе, бұл қасиеттер терең тамырланып, оған ризашылық сезімін сыйлап, оның екінші табиғатына айналады. Егер адам өзін борышты сезінгеннен жақсылық жасаса, онда бұл ізгіліктің тек сыртқы көрінісі болып шығады. Ал егер ол кезде адам табиғи сүйіспеншілік сезінсе, онда бұл – адамдықтың биік көрінісі болғаны.

Руссо адам тәрбиесіне үлкен көңіл бөледі. Тәрбие – адамның табиғи дарындарын дамыту, еркіндікті сүюді қалыптастыру, өз көзқарастарынан таймауға үйрету.

Бала тәрбиесін Руссо төрт кезеңге бөледі:

туғаннан бастап, екі жасқа дейін. Бұл жерде баланың дене мүшелерінің дамуына басым назар аудару керек;

екіден он екіге дейін. Баланың сезімдері мен жан дүниесі қасиеттерін тәрбиелеуге басымдық беріледі;

он екіден он беске дейін. Ақыл-ой қабілеттерін дамыту;

он бестен он сегізге дейін. Балаға тұлға ретінде қарап, оның бойына адамгершілік қасиеттерін сіңіру ерекше маңызды, өйткені бұл – адамның қалыптасуы барысындағы «бұлқыныс пен жұлқыныс» кезеңі.

Руссо бала тәрбиесінде күш қолданудан аулақ болуға, балаға білдірмей ықпал етуге кеңес береді. Әсіресе оның еркіндік сезімін жаралап алмай, еңбекті сүюге баулу керек. Бала жақсылыққа ұмтылып өсуі үшін, оны қайырымды, ізгілікті істер жасауға үйреткен абзал. Баланың дене құрылысының жетілуі мен ақыл-ойының өсуі қатар жүруге тиіс.

Руссо идеяларының философтарға, саяси қайраткерлерге, әдебиетшілер мен тарихшыларға ықпалы зор болды.

1789 жылғы революцияда якобиншілер Руссоға табынушылықтың жарқын көрінісін паш етті. Оның сүйегінің күлі Пантеонға қойылды. Руссоның азаматтық қоғамға көзқарасы демократиялық реформалар үшін бағдар болды.

169

Француз ағартушылары саңлақтарының ішінен философ-энци- клопедист, жазушы, әлемдік мәдениеттің көрнекті қайраткері Дени Дидроны (1713-1784) бөліп көрсетпеуге болмайды. Оның қызуқанды ұйымдастырушылық қызметі нәтижесінде 35 томдық «Энциклопедия немесе ғылымдардың, өнерлердің және кәсіптердің түсіндірме сөздігі» жарық көріп, онда ғылымның аса маңызды жетістіктері, саясат, құқық саласындағы жаңа идеялар көрініс тапты. «Энциклопедия» француз қоғамының ғана емес, сонымен қатар Еуропаның да, тұтастай алғанда, Солтүстік Американың да рухани түлеуінде баға жетпес рөл атқарды.

Дидроның шығармашылық өмірбаянында, әдетте, үш мәселе ажыратылып көрсетіледі.

Біріншісі «Энциклопедияның» жарық көруіне байланысты. Оны адам айтқысыз қиын жағдайларда жазуға тура келді: тыйым салу, астыртын, құпия жұмыс істеу, материалдың орасан үлкен көлемі үлкен қиындықтар тудырды. Дидро барлық мақалаларды түгелге жуық түзетіп, дұрыстап жазып шықты және өзі де 1751 жылдан 1780 жылға дейінгі кезеңде 1200-ден астам мақала жазды (онікі – орасан зор еңбек, басқа біреудің өмірі де жетпес еді).

Екінші мәселе – ол «Көзі көретіндерге өсиет ретінде соқырлар туралы хаттар» (1749) деген еңбегінен (сол үшін бірнеше ай Венсен қамалында қамауда да отырып шықты) бастап, «Физиология элементтері» (1875) шығармасында өз көзқарастары мен ұстанымдарын анықтап, баяндап бергені. Оның замандастарының көпшілігі Әлемге деистік көзқараспен қараса, Д.Дидро дәйекті материалистік ұстанымға көшті.

Әлемнің түпнегізі – біреу және ол – материя, ал оның себептері – ішінде, сол себепті, оны танып білу үшін, Құдай идеясына жүгінудің қажеті жоқ. Материяны ешкім жаратқан жоқ – ол өз заңдылықтары негізінде мәңгі өмір сүріп келеді. Материяның өмір сүру тәсілі – қозғалыс, біз оларды бір-бірінен ажырата алмаймыз. Бүкіл әлем қозғалыста: бір заттар құрып жатады, олардың орнына екіншілері пайда болады. Материя өзіне тән қарама-қайшылықтардан келіп шығатын ішкі күштерге толы.

Материяның «бөлшегі» ретінде атомды емес, ол өзі белсенді күш берген молекуланы таңдайды. «Материя және қозғалыс туралы философиялық қағидалар» деп аталатын еңбегінде ол «кез келген молекуланы әрекеттің: ауырлық немесе тартылыс; ішкі күш әрекеттері..., барлық басқа молекулалардың оған қарсы әрекеті дейтін үш тегінің шоғырлануы деп қарау керек» екенін жазған. Бірақ ол кезде әрекеттің

170

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]