Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Социология книга.doc
Скачиваний:
259
Добавлен:
24.03.2015
Размер:
2.26 Mб
Скачать

Фердинанд Теннис

Фердинанд Теннис (Ferdіnand Tönnіes) (1855-1936) - неміс әлеуметтанушысы, немістің классикалық әлеуметтануының негізін қалаушы.

1855 жылы 26 шілдеде Ольденсворт маңындағы Рип деревнясында ата-анасының фермасында туған. Жан-жақты білім алған: философияны, тарихты, классикалық тілдер мен археологияны, кейіннен Йен, Бонн, Лейпциг, Берлин, Тюбинген университеттерінде экономика мен статистиканы оқып зерттейді. Тюбингенде 1877 жылы ол классикалық филология саласында философия докторы атағын алды. 1881 жылы Киль университетінде философияның приват-доценті атанды. 1913 жылы экономика кафедрасын алғаннан кейін толық профессор атағына ие болды; эмеритеттенген университеттік профессор мәртебесіне, яғни жоғарғы мектепте міндетті дәріс беруден босатылған профессор дәрежесіне, Теннис тек 1916 жылы ғана ие болды. Сонда да ол дәріс беруді жалғастыра берді: 1921-1933 жылдарға дейін ол Киль университетінде әлеуметтанудан дәріс оқиды. Национал-социализмнің өсіп келе жатқан қаупі алдында, ғалымдар саяси күреске қатысуға болмайды дейтін өзінің жеке принципін бұза отырып, 1930 жылы ол Германияның социал-демократиялық партиясының қатарына кіреді. Өмірінің соңына (1936 жылғы 9 сәуірге) дейін көптеген университеттік әріптестеріне қарағанда, Теннис нацистік режимнің қайтпас қарсыласы болып, оның иррационализмі мен антигуманизміне қарсы шықты. 1933 жылы нацистер ғалымды университеттен қуды.

Тенниске табыс кеш келді. Оның басты еңбегі – “Қауым мен қоғам. Коммунизм мен социализмді мәдени-эмпирикалық түрде қарастыру” алғаш рет 1887 жылы жарық көрді; қайта қарастырылған, кеңейтілген екінші басылым “Таза әлеуметтанудың негізгі ұғымдары” деген атпен тек 1912 жылы жарық көрді. Оның ғылыми мақалаларының бір бөлігі оқырманы аз және біраздан кейін жабылып қалған журналдарда басылды. Соған қарамастан, Ф.Теннис ғалым ретінде үлкен беделге ие болды. 1909-1933 жылдары ол Георг Зиммель, Вернер Зомбарт және Макс Вебермен және т.б. бірлесіп ашқан “Герман әлеуметтану қоғамының” президенті болады. Ф.Теннис - Гоббс қоғамының (Socіetas Hobbesіana) негізін қалаушылардың бірі, “Герман статистикалық қоғамының” (Deutsche statіstіsche Gessellschaft), “Әлеуметтік саясат одағының” (Vereіn fur Sozіalpolіtіk), “Әлеуметтік реформалар қоғамының” (Gessellschaft fur sozіalr Reform), “Халықаралық әлеуметтану институтының” (Іnstіtut Іnternatіonal de Socіologіe), ағылшын және жапон әлеуметтану қоғамдарының мүшесі, “Американ әлеуметтану қоғамының” (Amerіcan Socіologіcal Socіety) құрметті мүшесі.

Ол әлеуметтанудың ғылыми пән ретінде қалыптасуы мен оның Германияда институтциялануына көп жәрдемдесті. Оның әлемдік әлеуметтануға қосқан негізгі үлесі - теориялық ұғымдар жүйесін әзірлеуі. Оның бастауы “Gemeіnschaft und Geselschaft” (1887) деген еңбегінде жатыр. Теннис жүйесінің толық ресімделуі оның 1931 жылғы соңғы ірі еңбегі “Әлеуметтануға кіріспеде” (1931) көрсетілді.

Теннис әлеуметтануының неғұрлым маңызды санатына мыналар кіреді: басқа адамды танып-білу, таныстық – бөтендік (Gekannsteіn, Bekkanschaft - Fremdheіt), ұнату - ұнатпау, сену - сенбеу (Vertrauen - Mіsstrauen); әлеуметтік байланыстылық (Sorіales Verbundenseіn); әлеуметтік мән (Sozіale Wesenheіt) немесе әлеуметтік нысан (Sozіale Gestalt); мәндік ерік (Wesenwіlle) пен сайлау еркі (Kurwіlle); қауым (Gemeіnschaft) және қоғам (Gessellschaft); табиғи - жасанды немесе әлеуметтік немесе ұжымдық тұлға (naturalіche Person - kunstlіche, sozіale Person, Kollektіvperson); табиғи-әлеуметтік қатынас (naturalіshes-sozіales Verhaltnіs), әлеуметтік жиынтық (Samtschaft), корпорация (Korperschaft).

Теннистің ойынша, әлеуметтану әлеуметтіліктің барлық түрін зерттейтін жалпы және адам әлеуметтілігін зерттейтін арнайы әлеуметтану бола алады. Арнайы әлеуметтану таза, қолданбалы, эмпирикалық болып бөлінеді. Кез келген әлеуметтік құрылымдар адамдардың өзара әрекетімен жасалады. Адамдар өзара әрекетке ерік арқылы түседі. Ерік басқа ерік пен басқа денені сақтауға немесе бұзуға бағыттала алады. Таза әлеуметтану пәні өзара мақұлданған ой-пікірлердің есебінен құрылады. Адамдардың қақтығысы, өзара жағымсыз әрекеті жалпы әлеуметтанудың пәні болып табылады. Өзара бірін-бірі терістеуші қатынастарды Теннис жете зерттемейді.

Өзара әрекеттер нәтижесінде оған қатысушылар үшін маңызды әлдебір нәрсе пайда болады. Адамдар осы маңыздылыққа сәйкес әрекет етеді. Демек, әлеуметтану “маңызды заттарды”, “моральдық деректерді” зерттейді. Тәсілдерге бөлудің әлеуметтанушылық мәні адамдардың өзара қарым-қатынасы жанды байланыс ретінде түсіндіріле ме немесе механикалық артефакт ретінде түсіндіріле ме дегенге саяды.

Әлеуметтік “гештальттардың” маңыздылығы не органикалық бірліктің күдіксіздігі ретінде, не ойлаудың жетілген құрылымы ретінде сезілуінде жатыр. Байланыстың бірінші түрі “Gemeіnschaft”, екіншісі “Gessellschaft” деген атауларға ие болады. “Gemeіnschaft” ұғымын орыс тіліне аудару өте қиын. Аударманың бекітілген нұсқасы - “қоғамдастық”, “қауым”. Ал “Gessellschaft” тура аудармасы - “қоғам” - дұрыс болғанымен, әлеуметтік байланыстардың жеке түріне қарағанда, олардың жиынтығы туралы ұғымын көбірек қаузайды.

“Gemeіnschaft” ұғымын Теннис сонымен қатар, шаруалық-деревнялық қауымға да қолданады, ал “Gessellschaft” ұғымын индустриалды қалалық қоғамға қатысты қолданады. Олардың арасындағы негізгі айырмашылықтар мыналар: 1) “Gemeіnschaft” адамдардың “қауымдық принциптер мен бұқаралық құндылықтарға сәйкес өмір сүретінін болжаса, ал “Gessellschaft” түріндегі қоғам жеке пайдаға ұмтылысқа негізделеді; 2) “Gemeіnschaft” - әдет-ғұрыпқа басты маңыз берсе, “Gessellschaft” формальды заңдарға негізделеді; 3) біріншісі шектелген және дамымаған мамандануды білдірсе, екіншісінде арнайы мамандандырылған кәсіби рөлі көрініс береді; 4) біріншісі – діни құндылықтарға, екіншісі – зайырлы құндылықтарға сүйенеді; 5) “Gemeіnschaft” негізінде - отбасы мен қауым, “Gessellschaft” негізінде адамдар бірлестігінің ірі корпоративтік және ұғымдық нысандары жатыр.

Жалпы алғанда, әлеуметтанудағы басты мәселелер Теннистің XVІІІ ғасырдағы және XІX ғасырдың бас кезіндегі әлеуметтік-философиялық ойлардың даму барысының негізгі қайшылығын зерттеулерінен - мемлекет, құқық және әлеуметтік институттардың пайда болуы мен өмір сүру мәселесін ұтымды және тарихи тәсілдермен зерттеу қайшылығынан туындады. Теннис ұтымды және тарихи дүниетанымды байланыстыруды, ұтымды ғылыми әдістің артықшылығын әлеуметтік дүниеге тарихи көзқараспен біріктіруді алдына мақсат етіп қойды. Оның қайнар көздері ретінде құқықтың тарихи мектебінің негізін қалаушы Ф. фон Савиньидің еңбектері, Г.Мэнның “Ежелгі құқық” кітабы, Морган, Баховен және т.б. сол кездегі этнографтардың, тарихшылардың еңбектері қызмет атқарады. Теннис дәйектілікпен жүргізіп келген қоғамның екі түрін бір-біріне қарсы қою – принципті түрде осы ұмтылыстардың нәтижесі болды.

Негізгі идея қауымдық (gemeinschaftliche) қатынастар мен байланыстар ұғымын бір жағынан, қоғамдық (gesellschaftliche) қатынастар ұғымын екінші жағынан қарсы қою болды. Бірінші түрге деген қатынас эмоциядан, байланудан, көңіл-күй бейімдігінен тамыр тартады және өзіне өзі ұқсастық дәстүр жолымен жүруге орай саналы түрде, сондай-ақ ортақ тілдің біріктіргіш ықпалы арқасында санасыз түрде сақталады. “Мен қауымдық қатынастарды мынадай түрлерге бөлемін деп жазды Теннис: 1) рулық қатынастар. Әрине, бұған ең алдымен жалпы рулық немесе туыстық қатынастар жатады; 2) бірігіп өмір сүруді, отбасылық өмірді сипаттаушы некелік қатынастар; 3) рухани жақындық немесе туыстық санасына негізделген достық қарым-қатынастары, бұл сана бірлесіп өмір сүрудің әлдебір түріне негізделгендіктен, олар ортақ діни құрал ретінде, “қауым” ретінде ерекше әлеуметтік маңызға ие болады.

Қарым-қатынастың екінші түрі немесе қоғамдық қатынастар басқа сипатқа ие. Олардың принципі мен негізі ұтымды алмасуда, иеліктегі заттың ауысуында жатыр. Демек, бұл қатынастардың заттық табиғаты бар және алмасудың өз табиғатына орай қатысушылардың қарсы бағытталған ұмтылыстарымен сипатталады. Бұл қатынастар ішінара қоғамдық қатынастарға сүйенеді, алайда олар бөлініп кеткен, бір-біріне жат жеке адамдардың арасында да өмір сүре алады. Мұндай қатынастарда әр түрлі топтар, ұғымдар, сонымен қатар қоғамдастықтар мен мемлекеттер формальды “жақ” деп жеке адамдар ретінде қарастырылуы мүмкін. “Осы барлық қатынастар мен байланыстардың мәні бір адамның басқа адам үшін пайдалылығы мен құндылығын сезінуде және басқа адамның оларды қабылдап түсінуінде жатыр”. Демек, мұндай қатынастар ұтымды құрылымға ие болады. Бұл қатынас-тардың екі түрі - қауымдық және қоғамдық - тек адамдардың бір-біріне қатынасын ғана емес, сонымен бірге адамның қоғамға қатынасын сипаттайды. Қауымда әлеуметтік тұтастық қисындық жағынан бөлшектерден бұрын келеді, ал қоғамда, керісінше, әлеуметтік тұтастық бөлшектердің жиынтығынан тұрады. Қауым мен қоғамды бөлу - әлеуметтік тұтастықты құрайтын бөлшектердің органикалық және механикалық байланыстарын бөлу деген сөз.

Әлеуметтік өмірді ұйымдастырудың осынау екі түрінің негізін Теннис – Wesenwіlle және Kurwіlle деп белгіледі, олар еріктің екі түрін құрайды. Wesenwіlle – мәннің еркі, яғни белгілі бір мағынада әлеуметтік өмірдің кез келген қырын анықтайтын тұтас ерік. Kurwіlle ықпалдастырушы фактор әрекетінің басқа түрін, әлеуметтік еріктің әлсіреуін, оның қоғамдық өмірдің тұтастығымен механикалық түрде үйлесетін көптеген жеке еріктерге бөлінуін білдіреді. Теннис ерікті таза психологиялық фактор ретінде қабылдауға асықпайды, ол оның тұжырымдамасында тікелей психологиялық мағынасынан айрылған абстрактілік ұғым ретінде беріледі. Оның адамның еркі туралы түсініктерінің қалыптасуы мен ұтымдылық мағынасы Теннис өзінің басты еңбегінің тарауларының бірінде қолданған Спинозаның латындық эпиграфын (“Voluntas atque іntellectus unum et Sunt” (“Ерік пен сана - екеуі барабар”) айқындауға мүмкіндік береді.

Теннистің әлеуметтануды негіздеудегі ұтымды сипаты оның жеке адамдардың әлеуметтік мінез-құлқын түсіндіруінен байқалады. Әлеуметтік мінез-құлыққа талдау жасай отырып, Теннис Вебер енгізген әлеуметтік мінез-құлық типологиясын қолданады, оған сәйкес әлеуметтік мінез-құлықтың мақсатты ұтымды, құнды ұтымды, аффективті және дәстүрлі нысандары бар. Осы нысандардың біріншісінде, Теннистің ойынша, – Kurwіlle, соңғы үшеуінде - Wesenwіlle жүзеге асырылады. Осылайша, сананың ұтымды жұмысы еріктің екі түрінің және солармен байланысқан қоғамдық құрылымның екі түрінің өлшемі болып табылады.

Теннис өзінің тарихи-философиялық еңбектерінде XVІІІ ғасыр ойшылдарының әлеуметтік танымның ерекшеліктері мен белгілері туралы тұжырымдарына жан-жақты талдау жасайды. Мәселен, Гоббс бойынша, – деп жазды ол, таза дәлелдеуші ғылым мыналар болуы мүмкін: а) оймен шолатын заттар, абстрактілі заттар (геометрия) туралы; б) “саяси денелер” туралы, яғни адам ойынан пайда болған, сезімдік тұрғыда қабылдауға келмейтін, бірақ “солардан өзіміз құрастыратын түр” ретіндегі әлеуметтік институттар принциптері туралы. Дәл осындай принцип Теннистің жеке ғылымтануының негізіне алынды.

Теннистің ойынша, жеке адамдардың мүдделерімен және бейімді-ліктерімен, сонымен қатар топтар мен таптардың пайдакүнемдіктерімен және мақсаттарымен былғанбаған әлеуметтік өмірдің түрлі нысандағы дедукциясы әмбебап және ортақ мәні бар маңызды танымға қол жеткізуге мүмкіндік жасайды. Ұтымды әдіснама әдісінің басты талабы логикалық қатаң зерттеулерді қамтамасыз ету, ортақ мәні бар танымға қол жеткізу тұрғысынан әлеуметтік құбылыстарды объективтендіру талабы болды. Мұрат түрлерін абстракциялау, идеализациялау және конструкциялау объективтендіру құралы болды. Бұдан алынған түрлер абсолюттендірілмеді, олар нақтыланбады, керісінше, бұл түрлер - ұғымдық “өлшемдер” - әлеуметтік өмірге тіркеліп, оның әлеуметтанудағы зерттелуіне мүмкіндік ашады. Соңғысы аса маңызды болып табылады, себебі құрастырушы ұғымдар мен эмпирикалық болмысты теңдестірудің мүмкін еместігін атап көрсете отырып, Теннис әлеуметтануды ғылыми жолға қоюға ұмтылады, философиялық-тарихи еркін саудагерліктің көп ғасырлық дәстүрінен қол үзеді. Сонымен, әлеуметтанудың бастауы абстракция болып шықты.

Теннис өзінің әлеуметтануын негіздеген бастапқы идеализацияға екі абстрактілі ұғымды қосқан болатын. Теннистің әлеуметтану ойының негізінде: әлеуметтік еріктің кез келген нақты көрінісі ерік құбылысы мен сана құбылысын бір мезгілде көрсететіні сияқты, кез келген әлеуметтік құрылым да қауымның, сондай-ақ қоғамның да белгілерін бір мезгілде қамтиды деген ұғымдық антиномия принципі жатыр;

Осылайша қауым мен қоғам әлеуметтік нысандар жіктелімінде негізгі өлшемге айналды. Жалпы, Теннис мұндай өлшемдердің дамыған және реттелген жүйесін жасауға ұмтылды. Мәселен, әлеуметтік өмірдің қоғамдық мәндері немесе нысандары үш түрге бөлінеді: 1) әлеуметтік қатынастар, 2) топтар, 3) корпорациялар немесе бірлестіктер. Әлеуметтік қатынастар оған қатысушы жеке адамдар осы қатынастарды сезінген кезде ғана емес, сонымен бірге осы қатынастардан пайда болатын қатысушылардың өзара құқықтары мен міндеттері сияқты, олардың қажеттілігі туындаған кезде өмір сүреді. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қатынастар - объективті сипатқа ие болған қатынастар.

Екі немесе одан да көп қатысушылар арасындағы қатынастардың жиынтығы “әлеуметтік шеңбер” құрайды. Әлеуметтік шеңбер қатынастан топқа өтудің сатысы болып табылады. Топ жеке адамдардың белгілі бір мақсатына жету үшін саналы түрде бірігуі кезінде қалыптасады. Одан әрі: әлдебір әлеуметтік нысанның ішкі құрылымы болса, яғни мұнда жеке адамдардың белгілі бір саны белгілі бір функциялар атқаратын болса, онда әлеуметтік нысан корпорация немесе бірігу деп аталады.

Осы нақты әрі тармақталған типологиялық құрылымның барлығы, егер де оның әр нысаны қауымдық және қоғамдық көріністерге бөлінбесе, абсолютті тарихтан тыс және абстрактілі сипатқа ие болар еді.

Олардың дамуы тұрғысынан әлеуметтік феномендерді талдауды Теннис қолданбалы әлеуметтану деп атайды. Ұғымдық антиномия принципі – қолданбалы әлеуметтанудың әдісі. Теннис бойынша, әлеуметтік қарым-қатынастардың негізінде жатқан ерік пен сананың диалектикалық өзара әрекеттесуі сана басымдылығы жағына қарай дамиды, яғни қоғамдық даму ұтымдылықтың өсу процесін білдіреді.

Теннис әлеуметтануында алдыңғы дәуірге тән болып келген әлеуметтік-философиялық саудаға салудан алынған ұшқары ұстанымдар, саяси нұсқамалар және моральдық үрдістер тарихының философиясына жат болып келген объективті, ғылыми әлеуметтану жасауда алға жылжу байқалады. Әрине, Теннис әлеуметтануының “ғылымилығы” ғылымның белгілі, позитивтік бейнесіне бағытталған. Өзінің әлеуметтанушылық тұжырымдамасының жетістіктеріне ол, біріншіден, объективтілікті, екіншіден, өзіне тән натуралистік үрдісті, үшіншіден, құндылықтың алғышарттарға және тәжірибелік әлеуметтік іс-әрекетке тәуелді еместігін жатқызды.

Теннис ХХ ғасырдағы батыс әлеуметтануында одан әрі дамытылып, іске асырылған бірқатар идеяларды алға тартады. Бұл, ең алдымен әлеуметтанудың талдамалық құрылымы (тарихи құрылымға қарсы болып келетін) идеясы, ол идея әлеуметтану өзін-өзі ғылым деп тануында, өз орнын тауып, қоғамды талдауға өзіндік әдіс ойлап табуына негізделеді. Теннис алғашқылардың бірі болып батыс әлеуметтануында сол заманнан бері таза әлеуметтану ретінде қарастырылған әлеуметтік құрылым мәселесін алға қойды. Формальды әлеуметтануды зерттеу идеясымен кейіннен Г.Зиммель де айналысты. Теннис әлеуметтануының маңызды жақтарының бірі –әлеуметтік танымның натуралистік теориясы болды, ХХ ғасыр әлеуметтанушылары кейіннен оның көптеген нұсқаларын қарастырып дамытты.

Қазіргі заманғы батыс әлеуметтануына Ф.Теннис қосқан үлестің ішіндегі бастысы - қауым мен қоғам ұғымына ие болған әлеуметтік байланыстар мен қатынастардың екі түрі. Бұл идеяны Э.Дюркгейм жалғастырып, қоғамды “органикалық” және “механикалық” ынтымақтастық деп бөлді. Бұл типологияны қайта өңделіп, қайта қарастырылған түрінде қазіргі таңда көптеген әлеуметтанушылар, философтар мен тарихшылар осы заманның тарихи дамуының негізгі қақтығысын түсіндіру үшін қолданады.