Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Социология книга.doc
Скачиваний:
259
Добавлен:
24.03.2015
Размер:
2.26 Mб
Скачать

Әлеуметтік ұйымдар

Әлеуметтік институттар әлеуметтік ұйымдармен тығыз байланысты. Н.Смелзер ұйымды қысқаша былай анықтайды: бұл “белгілі бір мақсаттарға қол жеткізу үшін жасақталған үлкен топ” [45]. Формула қысқа әрі нұсқа, бірақ түпкілікті емес. Себебі “ұйым” деген сөздің өзінің әр түрлі мағынасы болады.

Біріншіден, қоғамда белгілі бір орын алатын және азды-көпті айқын белгіленген функцияларды орындауға арналған институционалдық сипаттағы жасанды бірлестікті ұйым деп атауға болады. Бұл мағынасында ұйым белгілі мәртебесі бар әлеуметтік институт болып табылады және автономды объект ретінде қарастырылады. Мұндай мәнінде “ұйым” деген сөзбен, мысалы, кәсіпорынды, билік органын, ерікті одақты және т.с.с. атауға болады.

Екіншіден, “ұйым” термині функциялар бөлінісін, орнықты байланыстар орнатуды, үйлестіруді және т.б. қамтитын ұйымдастыру жөніндегі белгілі бір қызметті білдіре алады. Бұл жерде ұйым объектіге мақсатты ықпал етумен байланысты процесс ретінде, демек ұйымдастырушы мен ұйымдасатындар контингенті қатысатын процесс ретінде көрінеді. Бұл мағынасында “ұйым” ұғымы “басқару” ұғымын түгел қамтымағанымен соған парапар келеді.

Үшіншіден, ұйым дегенде қандай да бір объектіні ретке келтіру дәрежесінің сипаты ойға келуі мүмкін. Онда бұл терминмен белгілі бір құрылымды, құрылысты және объектінің әр түрі үшін ерекше болатын бөліктерді біртұтастыққа біріктіру тәсілі ретіндегі байланыс түрлерін белгілейді. Бұл мағынасында объектіні ұйымдастыру - объектінің қасиеті, бір белгісі. Термин мұндай мазмұнымен, мысалы, ұйымдасқан және ұйымдаспаған жүйелер, қоғамның саяси ұйымы, тиімді және тиімсіз ұйым және т.б. туралы сөз болғанда қолданылады. “Ресми” және “бейресми” ұйым ұғымдарында дәл осы мәні алынады.

Әлеуметтік ұйымның бірқатар өзіне тән белгілері бар [46]:

1. Оның табиғатына мақсат қою тән, өйткені ол белгілі бір мақсаттарды іске асыру үшін құрылып, сол мақсатқа қол жеткізуі арқылы бағаланады. Бұл – ұйымның олар бөлек-бөлек, жалғыз дара қол жеткізе алмайтын мақсаттар үшін адамдарды біріктіру және мінез-құлықтарын реттеу функцияларын қамтамасыз ету құралы мен аспабы екенін білдіреді.

2. Мақсатқа қол жеткізу жолында ұйымның мүшелері рөлдері мен мәртебелері бойынша бөлінуге мәжбүр болады. Демек, әлеуметтік ұйым оған кіретін мүшелерінің әлеуметтік позициялары мен атқаратын рөлдерінің күрделі өзара байланысқан жүйесін білдіреді. Әлеуметтік ұйым адамның қажеттіліктері мен мүдделерін оның алдын ала белгіленген әлеуметтік мәртебесімен, әлеуметтік рөлдерімен, сол әлеуметтік ұйымдағы қалыптасқан әлеуметтік нормалармен және құндылықтармен белгіленетін шекте қанағаттандыруына мүмкіндік береді.

3. Ұйым еңбек бөлінісінің және оның функционалдық белгілері бойынша мамандандырылуының негізінде пайда болады. Сондықтан жекелеген ұйымдарда әр түрлі көлденең құрылымдар орын алады. Алайда, ұйымды түсіну үшін неғұрлым маңызды болып табылатын нәрсе - олар әрқашан тік (иерархиялық) белгі бойынша құрылады, онда басқарушы және бағынушы ішкі жүйелер айтарлықтай айқын білініп тұрады. Басқарушы жүйенің қажеттігі көлденең құрылымдардың әр алуан бағыттағы қызметін үйлестіру қажеттігінен туған. Ұйымды құрудың иерархиялылығы мақсат бірлігіне қол жеткізуді қамтамасыз етеді, оны орнықты және тиімді етеді.

4. Басқарушы ішкі жүйелер ұйымның қызметін реттеудің және бақылаудың өзіндік ерекше құралдарын жасайды. Бұл құралдардың ішінде институционалдық, немесе ұйымішілік деп аталатын нормалар, яғни ерекше өкілеттіктері бар ерекше институттардың қызметімен жасалатын нормалар елеулі рөл атқарады. Аталмыш институттар нормативтік талаптарды іс жүзіне асырады, оларды өзінің айрықша билігімен және ықпалымен ұстап тұрады, олардың жүзеге асуын бақылайды және өз санкцияларын қолданады.

5. Әлеуметтік ұйымдар тұтас бір әлеуметтік жүйені білдіреді. Ал тұтас жүйе, жоғарыда атап өтілгеніндей, өзі бөліктерінен үлкен болады. Сондықтан ұйымның әр түрлі элементтерін біріктіру базасында ерекше ұйымдық немесе синергетикалық әсер жасалады. Әлеуметтік ұйымдарда синергияның көрініс табуы олардың қатысушыларының жеке күш-жігерлерінің қосындысынан артық қосымша энергияның пайда болғанын білдіреді.

Синергетикалық әсер оның негізгі үш құраушысынан құралады:

  1. ұйым өзінің көптеген мүшелерінің күш-жігерін біріктіреді; жай бұқаралық, яғни көптеген күш-жігерлердің бірмезгілділігі энергияны өсіреді;

  1. ұйымның элементтері – бірліктердің өзі оған кіре отырып едәуір өзгешеленеді: олар ішінара мамандандырылған, демек тек белгілі бір функцияларды ғана атқаратын бірбағытты элементтерге айналады. Жеке адамның әрекетінің бұл мамандандырылған бірбағыттылығы да оның энергиясын күшейтеді, өйткені энергия бір нүктеге шоғырланады;

  1. басқарушы ішкі жүйенің арқасында адамдардың әрекеттері синхрондалады, бұл да ұйымның жалпы энергиясының артуының қуатты көзі болады.

Ұйымға тән белгілерді бөліп қараумен қатар олардың белгілі бір тұрпаттамасы да болады. Ұйымдар көбіне ресми және бейресми болып бөлінеді.

Ресми ұйым. Бұл әлеуметтік ресмилендіру, яғни құқықтық, ұйымдық және әлеуметтік мәдени нысандардағы стандарттық, тұлғасыз мінез-құлық үлгілерін мақсатты түрде қалыптастыру негізінде құрылған ұйым. Ресми ұйымның басты функциясы - адамдар қоғамдық еңбектің құралдарымен және мақсаттарымен бір тұтастыққа біріккен гетерогендік жүйені құру.

Ресми ұйымдардың негізгі ерекшеліктерін былай сипаттауға болады;

1) ол оңтайлы, яғни оның негізінде орындылық принципі, белгілі мақсатқа саналы түрде қозғалу жатыр;

2) ол принципті түрде тұлғасыз, яғни араларында алдын ала жасалған бағдарлама бойынша стандартталған (“кіршіксіз”) қарым-қатынастар орнатылатын абстрактілі жеке адамдарға арналған; бұл бағдарламада жеке адамдар арасындағы қызметтестіктен басқа ешқандай қарым-қатынастар болмайды, онда функционалдықтан басқа ешқандай мақсаттар көзделмейді, демек ол әдейі біржақты да. Өз дамуының шегіне жеткен дәрежесінде ресми ұйымның бұл ерекшеліктері оның бюрократтық жүйесіне өзгереді және оған ұйымның жеке жақтары мен элементтерін абсолюттендіру, оларды дербес құндылықтар дәрежесіне көтеру және қызмет ету құралдарын мақсатқа айналдыру тән болады.

Қоғамдық еңбектің тиімділігін қамтамасыз етудегі ресми ұйымның орасан артықшылықтарымен қатар, оның шектеулілігін атап өткен жөн, өйткені ол қоғамдағы барлық ұйымдық қарым-қатынастарды қамти алмайды. Сондықтан оның шегінен тыс немесе, тіпті, оның ішінде ұйымдасудың басқа түрі - бейресми ұйым құрылады.

Бейресми ұйым қандай да бір топ ішінде жеке адамдардың бір-бірімен азды-көпті араласуының нәтижесі болып табылатын әлеуметтік байланыстардың, нормалардың, әрекеттердің өздігінен қалыптасқан жүйесін білдіреді. Бейресми ұйым ресми ұйымның принципінде әлеуметтік өзара әрекеттестіктің барлық жақтарын, барлық процестерін қамтуға және оған енетін жеке адамдардың барлық әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыруға қабілетсіздігінен туады. Ресми ұйымға қатысты алғанда бейресми ұйым ең алдымен өтемдік деп аталатын функцияны орындайды, яғни ресми ұйым кемшіліктерінің орнын толтырады. Сонымен қатар, жеке адам ұйымның мұндай нысанына қатысуды ресми ұйымның шектеуші ықпалынан қорғану механизмі ретінде де қажетсінеді, ол оған әр түрлі әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыруға - өзін іс жүзінде көрсетуге, өзіне-өзі сенімді болуына, қоғамда танылуына және т.б. үлкен мүмкіндіктер береді. Кей кездері бейресми ұйымдар ортақ мақсаттарға қол жеткізуге қарсы әрекет жасап, беделін қожырата және т.б. отырып, ресми ұйымдарға қатысты дисфункционалдық (яғни ресми ұйымдардың қажеттіліктеріне қол жеткізуіне кедергі жасайтын) рөлді де атқарады.

Бейресми ұйым өзін екі негізгі нысанда: ресмиліктен тыс және әлеуметтік-психологиялық нысанда көрсетеді.

Ресмиліктен тыс ұйым - бұл ресми ұйымның мүшелері өздігінен дамытатын, ресмиленбеген қызметтік қарым-қатынастардың ұйымдастыру міндеттерін ресми түрде алдын ала белгіленгеннен өзге тәсілдермен шешуге бағытталған жүйесі. Жеке тұлға автономиялықтың, өзі орындайтын функцияға қатысты тәуелсіздіктің белгілі бір дәрежесін қашанда сақтайды. Осы автономияның арқасында ресми ұйымның қызметкері қызметтік мінез-құлықтың нақты нысандарын таңдауда әрқашан белгілі бір еркіндік диапазонына ие болады. Басқа сөзбен айтқанда, адамдар ресми ұйымның алдында тұрған мақсаттарға қол жеткізу үшін өз бетінше, ресми ұйымның ықпалынсыз осы ұйымның міндеттерін орындау үшін және бұл ретте берілген, ресми ұйым “алдын ала белгілеген” тәсілдерден өзге тәсілдермен әрекет ету үшін біріге алады.

Әлеуметтік-психологиялық ұйым - бұл тұлғааралық қатынастың өздігінен пайда болған, тікелей таңдаушылық (ұтымдылығынан қызбалығы басым) және бір-біріне өзара мүдделілік таныту негізінде қалыптасатын жүйесі. Ол жеке адамдардың өздерінің әлеуметтік қажеттіліктерін - араласуға, танылуына, топқа жатуына деген қажеттіліктерін қанағаттандыруы мақсатында құрылады. Басқа сөзбен айтқанда, бұл тікелей байланыстағы адамдардың, олардың жеке қызығушылықтарына негізделген қауымдастығы.

Әдетте, бұл топтар саны жағынан салыстырмалы түрде онша үлкен емес (зерттеушілердің көпшілігінің мәліметтері бойынша - 3-тен 10 адамға дейін), бұл тікелей жеке байланысуларды қолдау мүмкіндіктерімен анықталады. Мұндай топтардың шекаралары ресми ұйымдардың шекараларымен дәлме-дәл келуі немесе олардан өзгеше болуы мүмкін, ресми ұйымның әр түрлі бөлімшелерінің мүшелерімен бірге немесе оның шегінен тыс қызмет атқара алады.

Көбінесе, топтың шеңберінде өзінің әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыруға тырыса отырып, адам оған тәуелді болып қалады, өйткені топ қандай да бір жолмен өз мүшелерінің мінез-құлқын бақылап отырады. Бұл үшін ықпал ету құралдарының біразы пайдаланылады: кінәлау, моральдық оқшаулау және т.б. Әлеуметтік-психологиялық ұйым өзіндік мінез-құлық нормаларын жасайды және оның әрбір мүшесі оны сақтауға міндеттенеді. Топта қандай да бір жолмен оның мүшелері беделдік өлшем бойынша бөлінеді, ол ресми ұйым шеңберінде қалыптасқан топ үшін көбінесе лауазымдық дәреже құрылымымен парапар келе бермейді. Топта көшбасшылық пен бағыныштылықтың өзіндік бейресми иерархиясы пайда болады. Бұл сәттердің барлығы қандай да бір дәрежеде топтың жасаған бақылау механизміне жатады. Мұндай механизм көп жағдайда ресми ұйымның иерархиялық байланыстар жүйесімен дәлме-дәл келе бермейтіндіктен, көбінесе ұжым құрылымының ресми және әлеуметтік-психологиялық болып бөлінуіне әкеп соғады. Кей кездері осы негізде қарсы тұрулар пайда болуы мүмкін: бөлімше-топ, лауазым-бедел, басшы-көшбасшы және т.с.с. Жүйенің мұндай жағдайы тұрақсыздыққа, қожырауға соқтырмай тұрмайтынын түсіну қиын емес.

Ресми ұйымды қарастыра отырып, бюрократия сияқты басқару жүйесін айналып өтуге болмайды. Тарихи тұрғыдан бұл ұғым мемлекеттік органдар мен үкімет шенеуніктерінің қызметімен байланысты, бірақ әлемтанушылар оны кең спектрлі мақсаттарды көздейтін ұйымдарда байқалатын басқарудың белгілі бір нысандарын белгілеуге пайдаланады.

Техникалық термин ретінде бюрократия әлеметтануда М.Вебердің есімімен байланысты. Ол оған дәл анықтама берген және ұйымдық мақсаттарға ұтымды немесе тиімді қол жеткізу үшін ең жақсы әкімшілік нысан болып табылады деп ұйғарған.

Бюрократияның М.Веберлік мінсіз түрі өзіне әр түрлі элементтерді қамтиды:

  1. маманданудың жоғары дәрежесі және еңбекті бөлудың ресми міндеттер ретінде бөлінетін міндеттері бар айқын көрінісі;

  1. өкім жүргізу мен жауапкершілік аясы нақты белгіленген биліктің иерархиялық құрылымы; ұйымның қызметін басқаруға арналған ережелердің ресми жиынын белгілеу;

  1. жазбаша құжаттарға негізделген әкімшілік жасау;

  1. ұйым мүшелерінің өзара және клиенттермен байланысының тұлғасыз сипаты;

  1. персоналды қабілеттері мен техникалық білімдері негізінде толықтырып отыру;

  1. лауазымды тұлғаларды даярлаудың ресми рәсімі;

  1. ұзақ мерзімді қызмет, жасы үлкендігінің немесе сіңірген еңбегінің негізінде жоғарылау; ұйым мүшелерінің белгіленген жалақылары;

  1. жеке және ресми кірістерді бөліну;

  1. әрбір қызметкердің ұйымға қатысты ниетінің түзулігі және белгіленген ережелерден жалтармай, оларды бұлжытпай орындауға ұмтылу (ал мұның басшыға немесе басқа кез келген қызметкерге жеке берілгендікке ұласуға тиіс болуы міндетті емес).

Бұл сипаттамалардың барлығы бірге алғанда қызметкерлер мен ресми ұйымның мінез-құлықтарын алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Мұндай жүйе қызметінің түпкі нәтижелері иесіздік.

Сонымен, адамдарды ұйымдарға біріктірудің негізгі факторы ең алдымен оларға қатысушыларды осындай бірігудің нәтижесінде өзара күшейтуде тұр. Бұл осынау адамдар жиынтығы қызметінің энергиясы мен жалпы тиімділігінің қосымша көзі болады. Бұл қоғам алдында тұрған қайсыбір проблемаларды шешу үшін арнайы ерекше құрал ретіндегі ұйымдар құруға түрткі болады. Ұйымдар құру “қоғам” атты жүйенің атқаратын қызметінің бірі болып табылады деуге болады. Сондықтан ұйым өзі жүйелік құрылым бола отырып, белгілі бір дәрежеде үлкен әлеуметтік жүйе ретінде қоғамның жүйелік қасиеттерін қайталайды, көрсетеді.

Сонымен қатар ұйымдардың қоғамдық мақсаттар үшін ғана құрылмайтынын естен шығармаған жөн. Егер де бұл мақсаттар адамдардың мақсаттарына түбірімен қарама-қайшы келсе, онда олар ұйымдарға онша кіріге қоймас еді. Сондықтан да ұйымдарға біріктірудің тиімді тетігі бір мақсаттарға қол жеткізу басқа мақсаттарды жүзеге асыру арқылы ғана мүмкін болатындай болуға тиіс. Ұйымға қатысушы өз мақсаттарына ұйымға бар күшін салып жұмыс істегенде ғана қол жеткізе алады; және керісінше - ұйым өзінің алдында тұрған міндеттерін қаншалықты жылдам және табысты шешетін болса, өз қатысушыларының қажеттілік-терін де соншалықты толығырақ қамтамасыз ететін болады. Демек, ұйымдар мақсаткерлікті ғана емес, сонымен бірге, шын мәніне келгенде, көп мақсатты жүйені де білдіреді.