Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
07-06-2014_10-48-31 / ктап __дебиет __дстеме.docx
Скачиваний:
992
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
1.59 Mб
Скачать

Ақын- жазушылардың өмірбаянын, шығармашылық жолын оқыту.

  1. Жазушы өмірбаянын 9-11 - сыныптарда оқыту.

Мектепте ақын- жазушылар өмірін оқытудың маңызы зор, әрі ол әдебиетті оқудың күрделі бір саласы. Қай ақын – жазушыны, суреткерді алмайық, оның шығармашылығында, қол жеткен табысында өзі өмір сүрген орта мен шыққан ортасы, өмір жолының ізі жатады. Қай шығарма суреткердің қай өмір кезеңіне байланысты туған, ол шығарманың жазылу себебі не, т.с.с. мәселелерге де олардың өмір жолы жауап бермек. Мысалы, С.Сейфулиннің «Көкшетау» поэмасы қиялдантуған шығарма емес екені, оны жазу кезінде Көкшеге үш рет баруынан туған дүние екені мәлім. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Немесе, Міржақып, Сұлтанмахмұттардың, Мағжандардың «Алаш» туралы өлеңдері сол партияда болулары немесе сол қозғалыс кезінде оған жақтас, пікірлестіктерінен туғандығы баршаға аян. Сондықтан суреткер өмірі оның шығармашылығымен біртұтас қарастырылу керек.

Бағдарламада ақын, жазушы өмірбаянын оқыту 9-11- сыныптарда тарихи әдебиеттік ізбен беріледі. Ал 5-8-сыныптарда әдебиеттік оқуларда өмірі емес, жекелеген шығармаларын талдау ұсынылады. Сол себептен де әр оқушы өздері оқып жатқан шығарма кімдікі, шығарманың жазылу тарихы туралы тұжырымды түрде хабар алса, артық болмайды. Сондықтан 5-8-сыныптарда да суреткер өмірінен мәліметтер берудің тиімділігі бар. 5- сыныпта М.Шахановтың «Отырар дастаны» шығармасын оқу алдында оқушыларға әңгімелеу әдісімен Мұхтардың қысқаша өмірін таныстырып, әсіресе, Желтоқсан, арал мәселелеріндегі азаматтық, күрескерлік, ұлтжандылық қасиеттерін айтып берудің маңызы зор. «Отырар дастанын» оқып болған соң, әңгімені қайта жалғастырып, ақынның өлеңдегі Қайыр ханға ұқсастығы бар ма, неге ақын осы Қайыр хандай халық ұлдары туралы жиі жазады деген сұрақтармен оқушыларды ойландырып, өзі халқын сүйетін ақ, адал, батыр ақындар ғана ондай тақырыптарға бара алатындығы жөнінде сөз қозғау тиімді тәсіл болмақ.

8 – сынып оқулығында Абайдың Әбіш туралы өлеңдері беріледі. Әбіш кім болған (оқулықта қысқа ғана мәлімет беріледі), Абай оған неге бірнеше өлеңдер жазған, ол өлеңдер әкенің баласын жоқтауы ғана ма деген сұрақтарды мұғалім ақын өміріне шолу жасай отырып, түсіндіреді. Тіпті, берілген шығарманы талдау, оған қызықтыру үшін де бұл тәсілдің маңызы ерекше, мұғалім әңгімелей отырып, Абай өлеңдерінің басты- басты кезеңдеріне тоқталады. Халық үшін «мыңмен алысқан» ұлы ақын өз балаларын сол «Халық ұлы, адам ұлы» болу үшін тәрбиелегенін, әсіресе, Әбішінен үлкен үміт күткенін, бірақ әбіш қазасы ол үмітті үзіп, ақынды орны толмас қайғыға ұшыратып, қолына қағаз алғызғанын әңгімелеудің тиімділігі зор. Оқушылардың қызығушылығын арттыру, танымын дамыту мақсатында М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясынан мысалдар келтірудің де маңызы бар. Мысалы, Абайдың «Өзімді ғана сүйсіндірмес, тірі болып, сау болса, халқын да сүйсіндірер. Қараңғы сахарасына жарық сәуле әкелер алғашқы адал буын сен болармысың!» деген Әбіш туралы толғауын немесе «Қапыда» бөлімі бойынша Әбіштің қайтыс болар алдындағы әкесіне жазған қоштасуын оқып беруге болады. 5-8-сыныптарда суреткердің бүкіл өміріне тоқтаудың қажеті жоқ. Өміріне тұжырымды түрде шолу жасап, әсіресе, оқығалы отырған шығармаға байланысты мәселелерге ғана көбірек көңіл бөлу керек.

Тәжірибеде суреткер өмірбаянына арнайы сағаттар бөліп, шығармашылығын талдау алдында оқыту және оны шығармашылығымен қоса, хронологиялық жүйемен оқыту орын алған. Орыс әдебиетін оқытуда соңғы тәсіл кең орын алады.

Ал қазақ әдебиетін оқытуда бұл соңғы тәсіл кей жағдайда келе бермейді, оның басты себебі жазылып қалған деректердің болмауы, тағы басқа себертері бойынша ақын – жазушының өмірі, шығармаларының дүниеге келуінің нақты мерзімі белгісіз болуы. Жоғарыда айтылғандай, арнайы сағат бөліп, суреткер өмірі, шығармашылығына қысқаша шолу жасаудың тиімділігі де бар. Егер мұғалім қосымша материалдар пайдалана отырып, кең көлемде суреткермен алдын ала таныстырып, оның тек өмірі ғана емес, азаматтық тынысы, халқына сіңірген еңбегі, өмір сүрген ортасына байланысты әр қилы өмір жолы, жеке басының қуаныш, қайғысы жайында ұтымды сөз қозғай білсе. Мысалы, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиевтерді өтуде осы тәсіл тиімді болмақ. Себебі, халқымен жаңа табысқан бұл боздақтардың трагедиялық, әрі бақытты өмірлерін, жазықсыз жапа шегулерін, коммунистік идея мен сталиндік сұмдықтың құрбандары болғандарын жан – жақты түсіндірудің арнайы маңызы ерекше.

Осы мәселелерге тоқталмай тұрып, шығармаларын талдау дұрыс емес. Олардың барлық шығармаларында өмірлерінің ізі, сыры жатыр. Суреткер өмірбаянын өтуде оның өмір кезеңдерінің басты оқиғалары, оларға байланысты туған шығармалары туралы маңызды мәліметтерді жинақтап, хронологиялық кесте жасап, пайдалануға болады:

Үлгі:

Сәкен Сейфуллин (үзінді)

Жылы

Негізгі оқиғалар

Жазған шығармалары

1894

Ақмола үйезі, Нілді болысы,

1- ауылда дүниеге келді

Үлкендердің өтінішімен өлең шығара бастауы

(толық сақталмаған)

1905

Нілді зауытына келіп, Лаврентийдің қолында орысша үйрене бастады.

Жұмысшылар көтерілісінің куәсі болуы

1913

1914

1916

Омбы қаласында семинарияда оқуы, саяси жұмыстарға қатысуы

Қазан қаласында «Өткен күндер» өлеңдер жинағының басылуы

Осындай кестелермен бірге, суреткердің жүріп өткен жолдары, шығармаларының жазылып, басылған, әрі тараған жерлері, шет елдерде аударылып, жарық көруі, өмірінің басты кезеңдері өткен мекендер, т.с.с. маңызды мәселелерді қамтыған карта жасап, пайдалануға да мұғалім ерекше ден қойғаны жөн. Ақын – жазушылардың ата тегі, шыққан руы, ұшқан ұясы, ұрпағы жайында да мәліметтер беріп отырудың маңызы бар. Мысалы, Абайға байланысты мәліметтерді көрнекі етіп жазып, сабаққа пайдалануға болады.

Қазірде «жеті атасын білмеген – жетесіз» деген даналық сөз қайта жаңғырып жатыр. Мүмкіндігіне орай, осылай ақын – жазушылардың да ата тегіне , ұрпағына назар аударудың ешқандай зияны жоқ. Сондай – ақ, олардың бәрін жаттатқызу да міндетті нәрсе болмауы керек. Сабаққа дайындық кезінде оқу жабдықтарының бірі ретінде жазушы өмірбаянының негізгі кезеңін сипаттайтын фотосуреттер, шығармашылығына байланысты алынған иллюстрациялардан көрмелер, альбомдар, хаттарынан, естеліктерден, шығармаларының үлгілерінен көрмелер, өтіліп отырған ақын – жазушы туралы өлең – жырлар, даусы жазылған күйтабақтар, фильмдер, синхрондық кестелер, т.с.с. материалдар жинақталады.

Жалпы әдебиет кабинеттерінде де ақын – жазушыға арналып жасалған алмалы – салмалы стенд болуға тиіс. Онда тұжырымды түрде сол суреткерге байланысты мәліметтер, оқушылар міндетті түрде білуге тиісті түйінді мәселелер көрсетілуі керек. Мысалы, Ш.Уәлихановқа байланысты мынадай стенд жасауға болады:

Ата тегі (Абылай хан ұрпақтары, оның қазақ тарихындағы ролі).

Шоқан өмір сүрген кезеңнің саяси ахуалы.

Орыс, қазақ мәдени қатынастары.

Омбы кадет корпусы.

Орыс достары, ұстаздары, гуманистік көзқарасының қалыптаса бастауы.

С. Мұқанов, Ә.Марғұлан еңбектері

Орталық Қазақстан,

Жетісу, Тарбағатай.

Қырғыз елі –

1856,1857

Құлжа, Жоңғария –

1857

Еңбектері:

«Тәңгір», «Қазақстандағы шамандықтың қалдығы», әдебиет, тіл туралы пікірлері (халық ауыз әдебиетін топтауы, импровизация, қазақ әдебиетінің байлығы, ертегі – жырлардың орыс, батыс әдебиетімен ұқсастығы)

Еңбектері:

«Қырғыздар туралы жазбалар», «Қазақтың халық поэзиясы туралы»

Саяхаттары

Қырғыз эпосы – «Манасты» зерттеуі («Одиссея» мен «Илиадаға» теңеуі). Орыс достарымен жазысқан хаттары. Қосымша материал.

Ең басты, түйінді дүниелерге негізделіп жасалған, әрі суреткердің бүкіл шығармашылық бітім – болмысынан тұжырымды түрде көрініс беретін мұндай стендтер жазушы өмірі мен шығармашылығын оқыту барысында оқушыға анықтағыш, көрнекі құрал, әрі көмекші нұсқау ретінде пайдаланылады. Суреткер өмірі, шығармашылық жолы туралы алғашқы сабақтың тиімді ұйымдастырылуының өзі оны әрі қарай оқытудың нәтижелі болуына сөзсіз әсерін тигізеді. Оқу жабдығы, материалдарды іріктеумен қатар, ең басты мәселе берілетін білім мазмұнын саралау, қай сабақта оны қай тұрғыдажеткізе білу, сабақ үлгісін оның мазмұнына сай ойластыру – сол ізденудің бір жағы.

Мысалы, 11- сынып әдебиеті бойынша Мағжан өмірі мен шығармашылығын төмендегі үлгіде өтуге болады:

Сабақ тақырыбы, мазмұны

Әдіс – тәсілдері

(ең жетекші)

Сабақ үлгісі

1- сабақ: «Мен Мағжанды сүйемін». Ақынның ұшқан ұясы, қажылар әулеті, текті жерден шыққандығы, жалпы ақын туралы кіріспе сөз.Білім алған ордалары. Бейімбет, Сайфи Құдаштармен Ғалия медресесінде білім алуы. әдебиет әлеміне қанат қағуы. Омбы мұғалімдер семинариясындағы өмірі.

Дәріс, оқушы хабарламалары (естелік, хат, т.б. қосымша материалдардан жасалынады). Әңгіме, пікірлесу, мәнерлеп оқу,кітаппен жұмыс (естеліктер, өлеңдер, т.б.)

«Еске алу» сабағы

2- сабақ: «Мінекей, қазақ солай құрып кетпе...» Тәңіркеріске дейінгі қызметі. 1912 жылы бастырған тырнақалды «Шолпан» жинағы. әйелдер тағдыры, халық, ел, туған жер тақырыбы (отарлық қоршауда жатқан). Өнер – білім мәселелерін көтеру: «Шын сорлы», «Сорлы қазақ», «Туған жерім – Сасықкөл»

Түсіндірмелі әдіс. Мәнерлеп оқу. Практикалық жұмыстар. (Өлеңдерді талдау.)

Проблемалық сұрақтар. Қосымша материалдар бойынша хабарламалар (Ғылыми материалдар)

Практикалық тапсырмаларға негізделген іздендіру сабағы

3- сабақ: «арыстанға қарсы ұмтылған мендей ер...» Төңкерістен кейінгі қызмет, шығармашылығы. Алаш қозғалысына қатысуы, дүниетанымындағы өзгерістер. Ұлтжанды өлеңдері, М.Дулатовқа арнаулары, махаббат, табиғат лирикасы, т.б. өлеңдерін талдау

Мұғалім дәріс - әңгімесі. Практикалық жұмыстар (өлеңдерді талдау). Мәнерлеп оқу, түсіндірмелі оқу. Салыстырмалы жұмыстар бойынша топтық, жұптық жұмыстар. Оқушылар реферат – баяндамасы (қысқаша). Мысалы: «Мағжан лирикалары – сұлулық символы». 2) Мағжан лирикаларындағы символизм, миф, фантастика

Пікір қорғау, Реферат қорғау сабағы

4- сабақ: «Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң...» Поэмалары: «Қорқыт», «Батыр Баян» (1922-1927 ж.) Ақынның әр түрлі тағдыр шырмауында жүріп, өткен өмірді жырлауы. Поэмалардағы көтерген мәселелері

Түсіндірмелі әдіс, әңімелер, пікірлесу, шағын пікірталас, инсценировкалар көрсету

Инсценировкалы сабақ («Батыр Баяннан» инсценировка жасау)

5- сабақ: «Кінәні жүрекке қойма маған...» Ақынның өмірі. Аянышты тағдыры туралы сыр... Шығармашылығын қорытындылау. Мағжанның символдық, философиялық, трагедиялық жырлары, өлеңдеріндегі мистика, фантастика сарындары, реализм, фольклорды жете пайдалануы, Еуропа, Батыс әдебиетінің үлгісін қазақ әдебиетіне молынан әкелуі. Бай, поэтикалық тілі, ұлылығы айналасында сөз қозғау, аударма, мақала. Прозаларына шолу. («Шолпанның күнәсі» әңгімесі, Ақан сері, наурыз туралы мақалалары, т.б.) Әдебиеттегі Мағжантану ғылымына шолу жасау

Естелік, қосымша материалдар бойынша оқушы хабарламасы. әңгіме – дәріс. Ғылыми мақалалар бойынша топтық жұмыстар. Оқушылардың толғау – мәселелері.

  1. «Мені де, өлім,әлдиле?» (аянышты өмірі туралы).

  2. «Азамат, анау қазақ қаным десең...» (Мағжан – ұлтжанды, патриот ақын).

  3. «Мағжанды сүйемін, еуропалығын, әшекейін сүйемін» (Поэтикалық тіліне талдау)

Сыр толғаулары сабағы

Мағжанның өмірі, шығармашылығы – тікелей сол өзі өмір сүрген дәуірдің картинасы. әрине, жазықсыз репрессияға ұшырауы, оның басты себебі туралы айтқанда, пәнаралық байланыс, әсіресе, тарих пәнімен ұштастыру міндетті түрде керек. Тіпті 1- сабақтың өзін оқытуға негізделген дуэт сабақ ретінде (тарих пәні мұғалімімен бірлестіре) өтуге болады. (дуэт сабақтар туралы осы еңбектің «Сабақ түрлері, үлгілері» деген тақырыбында арнайы сөз болады.) Мағжан өмір сүрген төңкеріске дейінгі кезең – патшаның отарлау саясатының әбден асқынып тұрған уақыты еді. Ұлтжанды ақын, көзі ашық, оқыған ақын бұл трагедияға ат үсті қарамады. Сондықтан оның 1912 жылы шыққан «Шолпан» жинағындағы көптеген өлеңдер осы отарлауға қарсы жазылған (Ахмет, Міржақыпта солай.) Оған дәлел ретінде сол жинақта басылған «Туған жерім – Сасықкөл» өлеңін атауға болады. Ал төңкерістен кейінгі көптеген өлеңдері ақынның Алаш туралы, ұлт – азаттық, бостандық туралы толғаныстарына негізделген. Мағжан Қазан төңкерісін, елдегі жағдайларды құшақ жайып қарсы алмады. Ақын өлеңдеріндегі элегиялық сипат, кейде торығусебептерін білу үшін, тарихи шындықты оқушыға тұжырымды түрде әңгімелеу, еске түсірудің маңызы ерекше. Тарих пәні мұғалімі ақын өмір сүрген қоғам бейнесінен сыр шертсе, әдебиетші мұғалім оның ақын шығармашылығына әсерін түсіндірер еді. Осы әдіс тек Мағжанға ғана емес, басқа да ақын – жазушылар өмірі, шығармашылығын оқыту барысында ерекше назар аударып, пайдаланатын әдіс. Мағжан поэзиясындағы символизм, миф туралы сөз қозғағанда да, орыс әдебиетіндегі, Батыс әдебиетіндегі әр түрлі әдеби ағын, бағыттар, оның ақынға әсері сол пән мұғалімдерімен бірлесе шешу керек. Оқушыға жан – жақты, әрі терең білім беруде осы мәселелердің маңызы зор. Сонымен, суреткер өмірі мен шығармашылығын өтуде пәнаралық байланыс, интегративтік оқытудың өзіндік орны бар. өмірбаяндық шығармаларды да пайдалану тиімді болмақ. Мысалы, Сәкен («Тар жол, тайғақ кешу»), Сәбит («өмір мектебі», «Есею жылдары»), т.с.с. өмірін өткенде, сол тарихи шығармалар бойынша оқушыларға қысқаша хабарлама - әңгімелер жасатудың, мұғалімнің өзінің де керекті жерінде оларды негізге алып, оқытуының маңызы зор. Оқушылар хабарламасы құрғақ сөз, әңгіме ғана емес, суреттермен, иллюстрациялармен байланыстырылса, кейде шағын инсценировкалар, көріністермен ұштастырылса, бұл жұмыстың тиімділігі арта бермек. Сонымен бірге ақын – жазушы туралы көркем тарихи шығармалар, эпопеялар да пайдаланылады. Мысалы, 10- сыныпта Абай өмірін оқыту кезінде оқушыларалдына « Абай неге халық жағына шықты?», өзі айтып кеткендей, «Неге мыңмен жалғыз алысты?» деген проблемалық сұрақтар қоя отырып, оған жауап ретінде М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының «Қайтқанда» бөлімі бойынша Қодар мен Қамқа өлімі оқиғасын инсценировка жасап, оған мүмкіндік болмағанда, осы көріністі мәнерлеп оқуға болады. Абайды халыққа бастаған жол, халыққа алып келген қасиетті жол – халық мұңы, дала тағдырының күйініші екендігіне оқушылардың назарын аудартуда бұл жұмыстың маңызы зор болмақ. Көптеген ақын – жазушылардың өздері туралы жазған өмірбаяндары бар. Мысалы, Ғ.Мүсіреповтың « Автобиографиялық әңгімесі», Жамбылдың өзі туралы айтқандары, т.б. материалдар баршылық. Суреткердің өмірбаянын өзінен артық кім біледі? Сондықтан бұл материалдарға да мұғалімдер назар аударуы керек. Ақын – жазушы еліне сырттай саяхат жасау, бар болса, мұражайына, ескерткішіне бару, тіпті алғашқы сабақты сол жерлерде өту, оларды көрген, дәмдес болған, немесе шәкірті, туысы болған адамдармен кездесу сабағын ұйымдастырудың орны ерекше. Ал мұндай мүмкіндік болмағанда, мұғалім оқушыларының, үйірме мүшелерінің көмегімен кабинетті безендіріп, өткелі отырған суреткер туралы көрме жасап, сабағына тиімді пайдаланады, сабақты сол жерде өткізеді. Бұл орынға оқушыларды алдын ала алып келіп, таныстырып, ынтасын, қызығушылығын арттыруға болады. Мысалы, Абай өмірі, шығармашылығына байланысты мынадай материалдар пайдаланылады:

  1. Абай киіз үйінің макеті («Абай мұражайы» атты кітапшада бар).

  2. а) Абайдың үрім – бұтағы таратылған кесте (сызбаны қолдан жасау керек);

ә) суреттер, портреттер.

3. «Абай жолы» эпопеясы бойынша салынған суреттер (осы кітапты суреттерді үлкейтіп салғызуға болады).

4. «Абай еліне саяхат» атты стенд – көрме.

5. «Абай әлемді шарлап кетті» атты карта- сызба (Абай шығармалары мен « абай жолы» тараған елдер бойынша).

6. «Абай құнанбаев. Нені міндетті түрде білу керек?» атты стенд ( тақырыптың негізгі түйіні іріктелінген).

7. «Абай» операсы, киносына қатысушылар, Абай әндерін айтушыларды бейнелейтін фотомонтаж.

8. а) «Абайтану ғылымының негізін салушылар».

ә) «Абай ақындығының айналасы» атты фотомонтаж.

б) «Абай ақындығының үш қайнар көзі» ( суретті кесте – плакат).

9. Абай шығармалары, М.Әуезов шығармаларынан көрме – витрина.

10. «Абайдың нақыл сөздері» атты кесте – плакат.

11. Оқушылар шығармашылығынан көрме.

а) Абай туралы төл туындылар (арнау өлеңдер, т.б.).

ә) Суреттер, макеттер.

б) Альбом, газеттер, т.б.

Суреткер өмірбаяны көбінде дәріс, әңгіме әдісімен түсіндіріледі. Оқушыларды жалықтырмау, әрі оларды сабаққа тарту мақсатында мұғалім монологін, кіріспе сөздің өзін ерекше ойластырған жөн. Шебер де шешен сөйлеу, сөз ырғағы, мәнерлеп оқу, мәнерлдеп айта білу өте қажетті мәселелер.

Оқушы эмоциясына әсер ету, өтілгелі отырған автордың әдебиеттегі, халық өміріндегі орнына баса назар аударту үшін, шебер ұстаз әр түрлі әдіс – тәсілдерді, оқу жабдығын, қосымша материалдарды үйлесімді сұрыптап алады. Жазушының даусын күйтабақтан тыңдату немесе ол туралы небір тамаша пікірлерді, оған арналған өлеңдерді мәнерлей отырып, жатқа оқу, әндерін тыңдатып алып, сонан соң мұғалім өз монологін бастау сияқты әдіс – тәсілдер тиімді болмақ. Сабаққа эпигаф таңдап ала білудің, сабақ түрін ізденудің маңызы зор. Мысалы, Абайдың өмірін түсіндірмес бұрын, эпипроектордан суретін (әр түсті) көрсетіп, ал экранда көрініп тұрғанда, Абай әнімен бастап, Абай... деп жалғасып кететін көркем сөзі бар «Абай әндері» деген күйтабақтан үзінді тыңдатып, әрі қарай:

« Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма», -

деген Абай өлеңін өзі тебірене, мәнерлей оқи отырып, сабақты бастаса, сөз жоқ, мұндайсабақтың тартымдылығы, тиімділігі зор болмақ.

Сондай – ақ Сәкен туралы алғашқы сабақты «Тарпаң асау тұлпарым...», «Сыншыл, тәкаппар ақын...» немесе «ақындар аққуы», «Поэзия Оқжетпесі», т.с.с. эпиграфпен өтуге болады. Кіріспе монологті Г. Серебрякованың: « Мен Алатаудай сымбатты заңғар тауды жер жиһанда көрген жоқпын. Қазақстан - бай өлке, байтақ өлке, құнарлы жер де, мыңғырған мал да сонда, қазыналы кен де, тасқындаған өзендер мен көркемдігі жанды елітетін сұлу таулар да сонда, ең бастысы, онда табиғат артықша дарынды етіп жаратқан талапкер жұрт бар. Мен таныған Сәкен Сейфуллин Қазақстанның бір бөлшегі сияқты»,- деген пікірінен бастап, Сырбай ақынның атақты:

« Өлімге жан екенсің қия алмайтын,

« Қазақты көргің келсе, міне, осы» -деп,

Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын», -

деген өлеңімен жалғастырып, ары қарай Сәкеннің өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқи отырып, сабақты алып кетуге болады. Немесе суреткер туралы пікір, бағалар, оларға арналған өлеңдерден әдеби монтаж жасап (оқушылармен) , сол арқылы да сабақтың кіріспесі жүргізіледі. Ақын – жазушы туралы дәріс әдісі жетекші рөл атқарғанда, мұғалім дәрісінің жоспар тезисімен таныстырады, керекті мәселелереді жазғызады, сұрақтар қойып, алдын ала берілген тапсырмалар бойынша оқушыларды қатыстырып отырады. Тапсырмалар естелік, хаттар, бағаларға, басқа да қосымша материалдарға негізделеді. Олар хабарлама, қысқаша баяндама, дәйексөз, үзінділер түрінде болып келеді, т.с.с. Сондай –ақ, дәріс, сабақтың ара – арасында ақын – жазушы өмірінен инсценировкалар көрсету (ең маңызды кезеңінен). Мысалы, Сәкеннің Колчак түрмесінде болуын «Қызыл сұңқарларынан» қысқаша үзінді көрініс беру арқылы түрлендіру, «жас қазақ марсельезасын» әнімен күйтабақтан тыңдату әдістері тиімді болмақ. Қорытынды сабақ семинар, пікірталас, конференция, концерт, емтихан сабағы түрінде өтіледі, т.с.с. сабақ үлгісі, әдіс – тәсілдер сынып ерекшелігі, қабілеті, сондай – ақ тақырып ауқымы, оның өзіндік сипат, ерекшелігіне байланысты ойластырылып алынады. Жазушы өмірбаянын өтуге байланысты сөз етілген жоғарыдағы мәселелердің барлығы - әдістемелік нұсқау, бағыт – бағдар. Оны мұғалім өз жағдайы, сыныптың күй – жайына байланысты тиімді, қонымды дегендерін саралап алады. Балаға білім мен тәрбие берудегі тиімділік идеясы (оптимизация) әр мұғалімнен осыны талап етеді. Ақын – жазушы өмірбаянын оқытуда үй тапсырмаларын іздендіру, шығармашылық бағытта беруге назар аударылады. Мысалы, Шоқанның достарымен жазысқан хаттары бойынша «Мен Сізді сүйемін...» атты шығарма – эссе немесе оқушылар қалауы бойынша Шоқанға хат жазылу тапсырылады. Сөзбен ақын – жазушы мүсінін, ескерткіш салу, өлеңдер жазу (әрине, қабілеті негізінде), т.б. тапсырмалар орындатуға болады. Сондай – ақ қорытынды сабақ кезінде осы «Мен Сізді сүйемін...», немесе «Болмасаң да ұқсап бақ...» тақырыбында Шоқанның қандай қасиеттері, мінезі өзіңе ұнайды, сол бойынша шағын әңгіме – пікірге дайындалу немесе Шоқаннан алған әсері туралы шығарма – талдау жазу, Шоқан атынан болашаққа хат жазуды да «Мен Сізді сүйемін...» тақырыбында беруге болады. Оқушыларға мынадай сұрақтар беріп, пікірін дәлелді түрде қорғай сөйлеу талап етіледі.

Шоқан туралы қорытынды сабақ:

  1. Қалай ойлайсың, Шоқанның қай саяхаты бүкіл өміріне, еңбектеріне ерекше әсер етті?

  2. шоқан туралы қай орыс достарының пікірі, бағасы ерекше құнды?

  3. Шоқанның қай ғылым саласында артына қалдырған мұрасы ерекше маңызды?

Осындай тапсырмалар Ы. Алтынсарин туралы қорытынды сабақта да берілді.

  1. Ыбырайдың педагогикалық мұрасының қазіргі қазақ мектептері үшін маңызы бар ма?

  2. Ыбырай әңгімелеріндегі халықтық педагогика, тәрбие мәселесі, оның өміршеңдігі туралы не айтар едің?