Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Древ лит.doc
Скачиваний:
9
Добавлен:
10.11.2019
Размер:
1.76 Mб
Скачать

9 Тақырып

Ежелгі Иран әдебиеті

Ежелгі Иранның жазу өнері б.з.д. ІІ мыңжылдықтан бастап Гиндукуштан Дон сағасына дейін, Оралдан Парсы шығанағына дейін созылып жатқан кең алқапта өмір сүрген халықтар мен Иран тайпаларының көне мәденеитінің бір бөлігі болып табылады. Б.з. І мыңжылдығынан бастап шығыс және батыс ирандықтар қоныс тепкен территориялар анықтала бастады. Шығыс ирандықтар Орта Азияны (қазіргі Ауғаныстанның біраз бөлігі мен Гиндукуш тау тарамдарының бір бөлігін қоса алғанда) мекен етіп, шығыс-еуропалық халықтармен, Қытай және Үндістанмен өзара қатынаста болды. Шығыс Иранның орталықтары Ферғана, Хорезм, Согда, Дрангиган, Памир мен Хорасан қалалары болды. Батыс ирандықтар қазіргі Иран жерінде өмір сүріп, Месопотамия мен Жерорта теңізінің алқабын мекендеген халықтармен қарым-қатынас жасады. Батыс Еуропаның орталық қалалары Мидия, Атропатен мен Фарс қалалары болды. Шығыс және батыс ирандықтардықтардың қарым-қатынасы ғасырлар бойы үзілмеді.

Ежелгі ирандықтардың, әсіресе көшпелі тайпалардың сенімі туралы мәліметтер Геродот пен Ктесия сияқты антикалық жазушылардың еңбектері мен көне шығыс тілдерінде жазылған жазбаларда кездеседі. Уақыты жағынан бізге жеткен Иран жазба ескерткіштерінің алғашқысы – бірнеше бөлімнен тұратын қасиетті кітап Авеста. Оның ең көнесі он жеті дұғадан тұратын «Гат» туындысы. Оның авторы ежелгі Иран дінінің негізін салушы Заратуштре.

«Гаттар»

Гат құрылған б.з.д. І мыңжылдықтың алғашқы ғасырлары Орта Азия мен Иранда рулық қоғамнан ерте таптық қоғамға өту кезеңі болып табылады. Бұл уақытта адамдар темір балқытуды игеріп, темір құрал-саймандар пайда болып, отырықшылық мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы қалыптасып, дами бастады. Шығыс ирандықтар көшпелілер және отырықшылар болып бөлінді. Отырықшы ирандықтар үш әлеуметтік таптарға жіктелді: малшылар мен егіншілер, әскерилер және абыздар. Бұл қоғам біртіндеп әскери демократиядан аристократиялық олигархияға өтіп, алғашқы мемлекеттер пайда бола бастады.

Бізге дейін сақталған ескерткіштер мен фольклор арқылы ежелгі Иран халқының алғашқы дүниетанымдары туралы және олардың табиғатпен белсенді қатынаста болғандарын біле аламыз. Осы кезде адамдарды от жағып, үй салуға, жануарларды қолға үйретіп, киім тігуге, егіншілікке үйреткен әдеби батырлар туралы аңыздар пайда бола бастады. Теріс зұлым күштермен күрескен батырлар туралы жырлар, шамандық өлеңдер мен абыздық ұрандыр пайда болып, шешендік өнер дами түсті.

Иран тайпалары ежелгі тарихының осы кезеңінде пайғамбарлар немесе бір ғана ұлы пайғамбар Заратуштра арқылы речитативтер, гаттар оқылды. Бұл туындылар өздерінің әсемдігімен тыңдаушының жүрегін жаулап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырды. Кейінірек оларды абыздар қағаз бетіне түсіреді. Гатта өмір, болмыс пен өзін-өзі ұстау нормалары көрсетіледі. Гаттың бейнелеу жүйесіне табиғат пен қоғамдағы қарама-қарсы күштердің шынайы қақтығысын қамтитын әмбебаб поляризация тән.

Жалпы әлем екіге бөлініп қарастырылды: біріншісі – шынайы «заттар әлемі», екіншісі – ойдан шығарылған «рухтар әлемі». Әлемді екіге бөлудің мұндай түсінігі гатта да кездеседі. Заратуштра «екі дүниеде де, заттар мен рухтар әлемінде де жеңілдік беруіңді сұраймын» деп жалбарынатын.

«Гаттар» суреттелген түсініктер бойынша, құдайлар мен мейірімді рухтардың патшалығында жердегі тәртіпке мұрат болатын үйлесімді, таңғажайып тәртіп үстемдік етеді. Бұл үйлесімділік гатта көрініс тапқан үштік принципке негізделген. Онда 3 саны қасиетті болып есептелінеді.

Сол кездегі қоғамның үш топқа бөлінуіне байланысты аспан әлемінде де үштік үстемдік етеді: жоғарғы құдай – Ахура Мазда, оттың рухы – Арту Вахишта және малдың пірі – Воху Мана.

Аспан үштігі игі рухтармен қатар жереді. Мұндай игі рухтар төртеу: металл рухы – Варйа Хшатра, жердің рухы – Спентра Армаити немесе Арматай, судың рухы – Аурват және өсімдіктер рухы – Амертат. Кейін бұл жеті құдай Амеша Спента, яғни өлмес әулие аталып, оларға мистикалық сипат берілген болатын. Бірақ «Гатта» рухтарға мұндай мистикалық сипат берілмейді. Гат мазмұнына тереңірек үңіле отырып, онда келтірілген бейнелер мен олардың мәнін ежелгі тыңдаушылар партиципация (табиғи құбылыстар мен анимистік рухтардың теңестірілуі) заңы бойынша қалай қабылдағанын түсіне аламыз. Гатта құдайлар мен игі рухтарды нақты адам пішінді етіп қабылдау жиі кездеседі. Заратуштра олардан дос ретінде көзге көрінетін көмек сұрайды, кейде тіпті өзімен теңдес ретінде көмек талап етеді де.

Игі рухтарға зұлым рухтар тобы қарсы келеді. Мұнда да, алғашқы «үштік» симметриясы сақталған: Ахуре Маздаға қарсы зұлым рухтардың басшысы Друдж (өтірік құдайы) келтірілсе, одан кейін Ако Мана (жауыз ниет) мен Айшма (қарақшылар құдайы) келеді. Олармен қатар адамдарға қастандық жасайтын жауыз рухтар тобы өмір сүреді.

Ежелгі басқа халықтардың сенімдерінде де кездесетін үш өмір туралы ілім Гаттың бірінде кездеседі: біріншісі – екі әлемде де жақсылық орнаған ежелгі әрі бастапқы өмір, екіншісі – көкте де, жерде де игі және зұлым рухтардың арасында кескілескен ұрыс жүріп жатқан қазіргі өмір. Соңғысы – жақсылықтың зұлымдықты жеңгеннен кейінгі өмір.

Гат ілімі бойыншы осы дүниеде тура жолдағы адам жақсылыққа ие болып, ал жалған жолмен жүргендер зұлымдыққа ұшырайды. Бірақ шынайы жаза ақыретте беріледі. Пайғамбар әрі абыз Заратуштраның екі қызметі Гаттардың жанрлық ерекшелігін анықтап берді. Гаттар арасында нақты жанрлық айырмашылықтар жоқ, дегенмен оларды екі топқа бөліп қарастыруға болады: біріншісі – мадақтар, екіншісі – уағыздар.

Авестаның басқа да кітаптары

«Авеста» сөзінің мағынасының бүгінгі күнге дейін жалпылама түсінігі жоқ, алайда ол «Негізгі мәтін» ретінде аударылып, қолданылып келеді. Бұл ежелгі ирандықтардың зороастризм дінін ұстанушылардың қасиетті мәтіні болып табылады. Зороастризм дінінің атауы оның негізін салушы Заратуштраның атымен байланысты.

Авеста Заратуштра өсиеттерінің айналысында ұзақ ғасырлар бойы қалыптасып (б.з.д. шамамен IХ-VI ғғ.), соның нәтижесінде оның мәтіні де даму үстінде болды. Б.з.д. VIІ ғ. ортасында зороастризм мемлекеттік дін ретінде ислам дінінен ығыстырылған кезінде, ол жазба ескерткіші ретінде аса көп маңызға ие болмады. Авеста VIІ жүзжылдықта түрлі мазмұндардан жинақталған, бойларына сол заманның бүкіл білім мен ғылым салаларын сіңірген жиырма бір кітаптан тұрғаны белгілі .

Зороастризм діні мемлекеттік дін ретінде өмір сүруін тоқтатқаннан кейін, бұл дінді ұстанушылар қашуға мәжбүр болады. Соның нәтижесінде зороастризм дінін ұстанушылар қазіргі таңда Иран мен Индияның кейбір қауымдастықтары арасында кездеседі. Бұл қауымдар бізге сөздің барлық даму кезеңдерін қамтитын үлкен жинақтардың қалдықтарын жеткізді.

Мазмұнды жоспардың ежелгі элементтері б.з.д. ІІ мыңжылдыққа жатады. Ескерткіш зороастра дәстүріне сәйкес Заратуштраға Жарық пен Мейірімділік құдайы Ахур Мазданың жіберген шындығы болып табылғанымен, ол ежелгі мифологиялық көріністерді, эпикалық фрагменттерді сипаттайды.

Бүгінгі таңда бізге жеткен Авестаның екінші басылымының құрамына төрт кітап кіреді:

1. Вендидад (Видевдад) - «дэвтерге қарсы Кодекс», Заратуштра мен Ахур Мазданың диалогынан тұрады және мұнда қараңғылық пен зұлымдылық құдайы – Антра Маньядан қорғану туралы өсиеттері жазылған.

2. Висперед (Виспред) - «Жақсылықтың данасы». Мұнда сыйынуға арналған өлеңдер қамтылған.

3. Ясна - «Жалбарыну», «Дәстүр». Бұл киелі зороастризм пантеонына сыйынуды қамтиды. Яснада Гат бөлімі аса ерекшеленеді, мұнда Заратуштраның ауызша шығармашылығымен байланысты өлеңдер жинақталған.

4. Яшт - «Құрметтеу», «Мадақтау». Бұл зұлымдықты жеңуге байланысты ежелгі ұрандар жинағынан тұрады. Бұл гимндер мифологиялық элементтерге аса бай.

Авестаның бізге жеткен ең ескі қолжазбасы 1278 жылға сәйкес келеді. Бұл кез Авеста пайда болуының дәстүрлі уақытынан екі мың жылға ерте. Сондықтан да Авеста мәтіндері өткір мәселелер туғызады.

Әнұрандар секілді дұғалар да ритмдік құрылымды анықтады. Авестаның мәтіні ритмдік мағынада болып, кейіннен бұл ұстаным жойылған. Авестаның көптеген жерлері әлі күнге дейін түсініксіз әрі күмәнді болып отыр. Сондықтан бүгінде баспада оның жалпы мағынасы, яғни түсініктері қолданылады. Ескерткіштің сақталуында кіріспе сөздер мен жеке фразалар жоқ (оның ежелгі жазуы шамамен б.з.д. 1324 жылы жазылған). Бұл жағдайда жеке фразалардың тура аудармасы тырнақшаға алынып жазылады. Бөлімдер атауы көбінесе шартты және квадрат жақшаға алынады.

Ескерткіш бөлімінің аудармасын И.С.Брагинский жазып, ал «Ясна» кітабының он екінші және «Зороастризмге сену символы» атты бөлімдерін В.И.Абаев аударған. Біркелкілік пен мағынасының сақталуы мақсатында есімдер қай тілде аударылмасын бірдей жазылады.

Авеста - нақты әрі тура ықшамдылыққа бағынбайтын, ежелгі иран тілдерінің бірінде жазылған. Шартты түрде иран тілдерінің «Солтүстік тобына» жатқызылып, «авестийлік» ескерткіші ретінде біздің заманымызға дейін жетті. Бұл ескерткіш бізге екі негізгі басылым түрінде жетті. Олардың біреуі авестий әліпбиімен жазылған дұғалар жинағы болып табылады. Бұл дұғалар зороастралық діни қызметкерлермен Құдайға құлшылық ету кезінде оқылады. Жинақ үш кітаптан тұрады: «Вендидад» (дэвқа қарсы Кодекс), «Висперед» (ұлы тұлғалар жайындағы кітап) және «Ясна»; бірақ бұл кітаптардың құрамына кіретін дұғалар, ерекше заңдастырылған ретте орналасқан. Екінші басылым біраз ендірілген өзгерістерді санамағанда, сол кітаптардың жинағынан тұрады, бірақ орналасуы алғашқы басылымға қарағанда өзгеше. Екінші басылымдағы жинақтардың мақсаты бірінші жинақтағы секілді құдайға құлшылық ету кезіндегі дұға оқу емес, керісінше жүйелік үйрену болып табылады. Бұл басылымдағы авесталық мәтін кітаптар мен параграфтарға бөлінген пехлеви алфавитімен жазылған ортапарсы тіліндегі аудармамен қамтылған. Бұл аударма «Зенд» деп аталады. Сондықтан Авестаның екінші басылымы біріншісімен салыстырғанда «Авеста және Зенд» немесе «Зенд - Авеста» деген атқа ие.

Екінші басылымдағы Авестаның мазмұндық құрамы мынадай:

1. «Вендидад» - заңдар мен жазбалар тізімі, бұл әзәзілдерді қуып, жою үшін арналған. Мұнда Заратуштра мен Ахура Мазда арасындағы күнәлардан арылу, таза жолға түсу секілді мәселелер айтылатын әңгіме баяндалады, сонымен қатар мифологиялық элементтер де кездеседі және 22 тараудан тұрады.

2. «Висперед» (Виспред) - 24 тараудан құралған салттық мінез-құлқы болып табылады.

3. «Ясна», «салт» - құрбандық шалу, мадақтау, құдайдан бір нәрсе сұрау кезінде оқылатын дұғалар, 72 тараудан құралған, оның ішінде 17 тарауы «Гаттан» тұрады.

4. « Яшта» («әнұрандардың кітабы») - түрлі зороастрлық құдайларды мадақтаудан тұратын 22 шумақтардан құралған мадақ әнұрандар, мұнда мифологиялық элементтер көп кездеседі.

5. «Кішкене Авеста» - қысқа дұғалық мәтіндердің жинағы. «Кішкене Авестаға» әдетте «Яштаны» жатқызады.

Бізге белгілі Авеста мәтіні – бір жүйеге келтірілген бөлшектердің жиынтығы болып табылады. Жазба түріндегі кең ауқымды зороастра мәтіндерінің болғандығы жайында антикалық дәуірдегі авторлардан біле аламыз. Осылайша, Плиний грек авторы Гермипптің сөздерінен (Птоломейдің замандасы) «сиқыршылардың жазулары» атты 3 млн өлеңдері болған дейді.

«Денкартеде» (б.з.д. ІХ ғасырдағы орта парсы ескерткіші) екі жерде Авестаның қалыптасуы жайында мәлімет баяндалады. «Денкартаның» («сенім әрекеті») төртінші кітабында Виштаспа ханның Маздаға сенім жазбалары туралы жазбаларды жинауға бұйрық бергендігі туралы айтылады. Дара ұлы (Дарий Кодоман), Авестаның барлық мәтінін екі түрде жазып, одан оны Шизе мемлекеттік мұражайына өткізсін дейді. Кейіннен Аршакид династиясының патшасы Валахи (Вологез): авестийдің өзге бөліктерін, А.Македонскийдің жаулаушылық әрекеттерінен кейін қалған бүкіл ауызша және жазбаша нұсқаларды толықтырып жинасын деген бұйрық береді. 100-150 жыл өткеннен кейін, Сасанид әулеті тұсында, Артахшер Папаканның бұйрығымен, Тансардың басшылығымен Авеста кодталған болатын. Ал Артахшер патшаның баласы Шапур Авестаның құрамына кірмеген қосымша медициналық, астрологиялық, математикалық мазмұнды, жинақтауға бұйрық береді. Алайда Иран мемлекетінің басшысы ІІ Шапур тұсында, Адарбад Мехраспанд басшылығымен Авеста мәтіні қайта кодталады. Ал кейіннен Хусроу Парвизенің басшылығымен Авестаның мәтіні қайта анықталған болатын.

Нәтижесінде Авестаны алғаш кодтау процесі Аршакидтер тұсында жүргізіледі. Аршакид әулетінің зороастрлық сенім арқылы өзінің билігін күшейтуіне қарағанда, алғашқы Авестаны кодтау процесі жүргізілгені дәлелденіп отыр. Авестаны екінші кодтау процесі және алғашқы аударма ІІІ-VІІ ғасырларда Сасанид әулеті тұсында жүзеге асырылады.

Авестаның ескі қол жазбасы, бізге 1278 жылдары жетті. Бұл Авестаның пайда болуынан 2000 жыл бұрын жазылып сақталған. Көптеген авторлардың біржақтылығы жаңа әрі қайшылық, дәлелдерсіз бекітулерге жиі әкеледі. Мысалы, ірі маман Дж.Дармстетер, Авеста мағынасын барынша төмендетуге тырысады. Бұған байланысты көптеген сұрақтар туындап, зерттеушілер арасында күмән пайда болады. Соның нәтижесінде Авестаға байланысты көптеген сұрақтар жауапсыз қалып отыр. Әсіресе Авестаның пайда болу мерзіміне байланысты мәселелердің шешімі табылмады. Бір ғалымдар оның пайда болуын б.з.д. Х ғасырға жатқызса, кейбіреулері б.з. алғашқы ғасырларына жатқызады.

«Авеста» сөзінің мағынасы да әр түрлі ғалымдардың көзімен түрліше қарастырылады. Зерттеушілер оған білім, түр, заң немесе негіз деп анықтама береді. Оның өзге де көп анықтамалары бар. Қазіргі таңда Авестаның пайда болып, таралу аймағы да зерттеушілер арасында сұрақтар туғызуда. Дж. Дармстетер, А.В.Джексон секілді тұлғалар Авестаның таралу аймағы Атропатену деп есептейді, ал басқалары (Маркварт, Г. Нюберг, Э.Бенвинист, С.П.Толстов) Хорезм аймағы дейді, үшіншілер (В.Гайгер, В.Бартольд, Ф. Шпигель) Бактрия жері десе, төртіншілер (Э.Херцвельд) Мидияны атап көрсетеді, ал бесіншілер (В.Хеннингі, Д.Н. Гершевич) Маргиану деп есептейді.

Сөзсіз, Авеста ерте және кейінгі бөлімдерден тұрады. Авестаның өте маңызды бөлімдері мен олардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері бар.

Авеста мәтініндегі генезис жайында да әртүрлі пікірлер кездеседі. Х.Бартоломэ бізге жеткен Авеста мәтінін ауызша дәстүрді дәріптейтін, алайда оны өзге тілде сөйлеген адамдардың жазғандығын мәлімдейді. Ф. Андреас Авестаның сақталған мәтіні тұрақты графикалық түрде сипатталған деген болжам келтіреді. Х.В.Байли заманауи Авеста мәтіні Сасанидтер әулеті құлағаннан кейінгі мағыналы мәтінге сай келетіні мен алғашқы код қойылған Авестаның бірінші рет авестийлік әліпбиінде жазылғаны туралы айтады. Ал Альтгейманың пікірі бойынша, Авеста алғаш рет Иранның шығысында арамей әліпбиі түрінде жазылған. Сондай Авеста жазулары жазбаша ескерткіш түрінде Сасанид әулетінің үстемдіктері кезінде де белгілі болған. Аршакид әулеті тұсында Иранның шығысында грек әліпбиінің ықпалымен жаңа әліпбидің негізі қаланып, жаңа вокалдық, яғни дыбысты әліпби пайда болды.

Авеста туралы түрлі болжамдардың дұрыс немесе бұрыс екендігі туралы ешнәрсе айта алмаймыз, бірақ оның пайда болып, таралған жері анықталған.

Авестаның біркелкі бөлімдерінде, әсіресе «Яшта» бөлімінде, ежелгі Иран тайпаларының тұрымысы, алғашқы қауымдастығы және таптық бөлінуі жақсы бейнеленген.

Тарих, әдебиет пен лингвистика ғылымдары бұл мәселелерді шығыс Иран тайпаларының пайдасына шешіп, Авестаның шығу тегі Орта Азиялық халықтардан бастау алатынын көрсетеді. Ондағы географикалық ландшафт, тарихи мәдени мәліметтер мен діни мифологиялық ойлар шығыстан шыққаны анық көрінеді. Кодификация процесінің Әзірбайжан мен Иранның шығысында таралуында ғана соңғы парсы тілінің элементтері байқалады. «Гат», «Яштаның», мифологиялық бөлімдері «Вендидад» және «Яснаның» шығыс Ираннан шыққаны талас тудырмайды.

Ұзақ ғасырлар бойы Авеста мәтіні ауызша таралғанына еш күмән жоқ. Авестаның салыстрмалы хронологиясы мәтін басылымдары ерекшеліктерімен емес, оның қаншалықты идеяны ұстануы, оқиға желісі мен бейнелер арақатынасының нақты болуына байланысты. Археологтар мәдени ескерткіштерге баға бере отырып, Авестаның «қабаттарының» көнелігі туралы болжамдар жасайды. Егер «Гаттың» ең көне бөлімі Авестада алғашқы қауымдық құрылысы туралы баяндалады. Авестаны хронологиялық уақыт бойынша екі үлкен қабатқа: ең көне - халықтық - эпикалық, ең ерте – абыздық деп бөлуге болады.

Ескертікштегі алғашқы зороастризм бейнесі, алғашқы абыздық қоғамның басы, абыздық қоғамның қалыптасуындағы халықтық эпикалық элементтердің сақталуы болып табылады.

Жалпы Авестаны архаикалық діни шығарма түрінде қарастыруға болады. Оған шексіз қайталанатын дұғалар мен ұлы құдайлардың ұзын тізімдері, арғы аталардың рухтары мен ертедегі әміршілер туралы әңгімелер жатады. Онда заңдастырудың түрлі догматикалық салттары мен қарақшыларды жазалаудың түрлері баяндалады. Бұл шығарма арқылы ақыреттік өмір туралы кең діни уағыздарды, ақыр заман туралы, өлгендердің тірілуі, олардың келу миссиялары - саошйанта туралы құнды мағлұматтар ала аламыз. Діни шыдамсыздық Авестада түрліше көрсетеледі: зороастризмді қару-жарақтың күшімен тарату керек деген ұран («Ясна», 53, 8, 9); «қан араластырушыларды» сынау, «кім ата бабасының қанын жат жерлік адамдармен араластырса, оны сыйламайды», «саған айтып тұрмын Заратуштра, ондайларды өлтіру керек» («Вендидад», 18, 62, 65).

Абыздық өсиеттерде халықтық- эпикалық элементтер байқалады. Осы элементтер арасынан архаикалық элементтерді бөліп көрсетуге болады. Мұнда алғашқы идеалогияны және көне мифтер мен батырлар жырын кездестіруге болады.

Көне архаикалық ойлар мен көзқарастар ең алғашқы адам ұжымы мен табиғат арасындағы байланыстан көрінеді. Ондай көзқарастар су мен құнарлылықтың құдайы Ардвисураның мадақтауынан көрінеді. «Яснада» (38 бөлімінде) «су қайнардан бастау алып, ағып келеді қосылады және құйылады, Ахура Маздамен туындағанда, жүзуге ыңғайлы және шомылуға арналған... деп келтіріледі. «Яснаның» 15 бөлімінде Ардвисура құдайының құрметіне мадақтар айтылады.

Авестада құдайлардың түрлі бейнелерге еніп, өзгеру өнері туралы көп айтылады. Мысалы Вертрагнаның түйеге, қабанға, сұңқар бейнесіне енуі; сонымен қатар, мистикалық ғана емес, жанды образдардың да мәтін барысында кездесуі.

Бұл мәтіндерден тағы да көретініміз, еңбекті, мал шаруашылығын, күшке сену және егін шаруашылығын дәріптеу. Мұндай сенушілікті «кім дән сепсе, сол әділдік себеді» мақалынан байқауға болады («Вендидад», 3, 31).

«Вендиданың» үшінші бөлімінде жер шаруашылығы асқан шеберлікпен суреттелген үзінді кездеседі: дұрыс жолдағы адам үй салып, онда ошақ пен сүт, әйелі мен бала-шағасы, жақсы малы болса, үй иесі де, оның әйелі мен бала-шағасы, малы мен иті де ырзыққа бөленіп, берекелі өмір сүреді. Дұрыс жолдағы адам астықты егіп, өсімдікпен жеуге жарамды жеміс өсіріп, құрғақ жерді құнартып, өте ылғал жерді құрғатып, ірі қара мал өсірсе, тұрмысы түзеліп, ісі алға басады. Кім де кім астық егіп, еңбектенсе, сол бейнетінің жемісін көреді. Астықты үгітіп, дайындағанда, дэлер қара терге түседі. Диірменмен астықты үгітуге дайындағанда, есінен таңып, ұнды илеуге дайындағанда, қыңсылай бастайды да, қамырды пісіруге дайындағанда, үрейден айқайлап жылайды.

Ардвисурге арналған әнұранның көрнекті жазылған соңғы бөлігінде берекелік патшалығын құру туралы айтылады:

Қай жерде тамақ пісірсе, сол жер үлкен бөлікке ие болды

Қайда аттар пысқырып, дөңгелектер дыбыс шығарса

Қайда қамшылар себілсе

Қайда тамақ берілсе

Қайда керемет иістер болса

Байлықты сақтау тілегі

Өмірдің жақсы болуына барлық молшылық жасайды.

Осындай көзқарастарда алғашқы қарапайым материализмнің ежелгі диалектикада көрініс тапқан, «аңқау, бірақ мазмұны жағынан өмірге деген дұрыс көзқарас» (К.Маркс, Ф.Энгельс Шығ. 2- Бас, 20 т., 20 бет), алғашқы қауымдағы адамдардың, оған қоса Орталық Азия мен Иран халықтарының да өмірге деген дұрыс көзқарастарын қалыптастырған ойлар болып табылады.

Дегенмен, өндірістік күштің тіптен дамымай, адамның табиғат күшіне төтеп бере алмауы оның білімі мен өмірлік көзқарастарының фантастикалық ойлармен ығыстырылып, алдағы өмірден алыстатылуына байланысты. Лениннің айтуы бойынша, фантазияның шын өмірден алыстатылуы, соңында сол фантазиялардың құдай ұғымын дүниеге әкелуіне әкеп соқтырды (В.И.Ленин. Толық шығ. жинағы, 29 т., 330 бет).

Анимистикалық ойлардан өлген тайпаластырының жанына деген қамқорлығы мен әулиелер жайлы көзқарастар туды. Авестада, әсіресе «Яшталардың» 13 бөлімінде әулиелердің діни салттары көп көрініс тапқан. Онда әулиелердің есімдері ғана емес, сонымен қатар бүкіл қоршаған ортаның таңғажайып анимистикалық атауларының тізімі де кездеседі.

Фравашай табиғатта бар бүкіл заттардың бастауы деп танылады: «Олардың кереметтігі мен ұлылығының арқасында сарқылмайтын бұлақтардың алдыға ұмтылған сулары ағады.... жерден өсімдіктер өседі.... бұлттарды айдайтын жел соғады..... Әйелдердің аяқтары ауыр болады... Олар жеңіл босанады ....» («Яшталар», 8, 14, 15).

Фравашай өзінің ұрпақтарын қорғайды: «ізгі ниетті, қуатты, киелі фравашай, темір дулығалар киген, қолдарына темір қару ұстаған, темір сауыттары бар, ұрыс жерінде өткір қылыштарымен мыңдаған дэлермен шайқасады». Ворукаш теңізінің суы көтерілген кезде фравашай дінін ұстанатындар көптеп, жүздеп, мыңдап, он мыңдап өздерінің жанұялары мен тайпаларына, елдеріне су алуға аттанады да, «біздің жеріміз жойылып, құрғап кетпеу керек!» деп ұран салады. Фравашай өзінің туған жері үшін соғысқа аттанады, өздері туып өскен үйлері үшін жауынгер ретінде өзі тапқан-тергендерін қорғап, жеңіске жеткендер өз үйлері мен тайпасына, ауласына су тасып былай дейді: «Менің жерім гүлдеп, жайнай берсін» («Яшталар», 8, 45, 65-68).

Иран халықтарының архаикалық кезеңде адам мен табиғат, табиғат құпиясы, адамдар мен жануарлар әлемінің арасында тұтастық бар деп ұғынған, осы жерден олардың тотемистикалық рухтарға және үй жануарларына (итке, сиырға, атқа, тауыққа) табынғаны байқалады.

Кейінгі ежелгі замандағы мәңгілік апатты жарық пен қараңғының күресі космогондық аңызда жалғасын тапты. Ол жерде табиғаттың нақты кереметтілігі суреттеледі. Әлем Жер ана мен Аспан әкеден құрылған.

Авестада осы екі ұл ата-анасынан күн құдайы Митра мен су құдайы Ардивисура Анахитаға ауысады. Кейбір әнұрандарда олардың ұлылығын ұлықтайтын мәтіндер кездеседі:

Митра үлкен отары бар, оны біз құрметтейміз:

Шыншыл, шешен,

Мың құлақты, тамаша қосылған,

Он мың көзі, ұзын,

Алысты көргіш, күшті,

Ұйқы дегенді білмейтін, сергек,

Жер билеушілері табынатын

Соғысқа түсетін

Әрбір жауға қарсы тұратын

Соғысқа түсетін, әр елдердің арасына түсетін

Ол алғашқы аспан тұрғыны

Хара шыңына көтеріледі

Өлместердің алдын орап, жүйрік атты Күнге

Алтын шыңдарға көтерілген алғашқысы

Арийлік тұрғын үйлерді байқап көреді

Ол үйдегі еркектерге бала мен мал береді.

Оған жаққандарды көмектеседі

Ол үйлерді қиратады

Егер оған тіл тигізсе .....

(Митра арналған гимн. Яшталар, 10, 7, 8, 13, 28)

Немесе:

Шын мәнінде оның қолдары керемет

Ақ, күшті, аттың беліндей

Өзінің ұлылығымен көріктеніп

Тек қана бір ойлы,

Кім мені атақты қылады?

Ол күшті, жарқын, ұзын

Одан күні-түні су ағып тұрады.

Барлық қажеттілігіндегі су осы жерден ағады

Барлық күшімен алдыға

Оны Ардвисура Анахитаны әр кезде көруге болады,

Сұлу қыз келбетінде

Күшті әрі тұлғалы

Ұзын шашты

Ақ сүйек тұқымынан

Қымбат әрі керемет шапанға оранған

Қолына ағаш бұтағын ұстанған

Төрт бұрышты алтын сырғасымен

Ақ сүйектерге маржан тағынған

Ардвисура Анахита

Өзінің керемет мойнына

Оның төсі керемет тұлғада болу үшін

Және елдер назарын аудару үшін

Ардвисура Анахита басына диадема киген

Қымбат тастармен, алтынмен әшекейленген

Сегіз бөліктен тұрады

Оны ленталармен безендірген

Керемет сақинасы, жақсы жасалған.

Халық әдебиетінде адам бейнесін суреттеу де жиі кезедседі. Өз тарихында тағы да қиял-ғажайыпты басынан өткерген иран халқы жеке тұлғаның бейнесін қалыптастырғанда оны атақты батыр, қолбасшы ретінде суреттеген. Әрбір тайпаның өзіне тән алғашқы адамы, алғашқы қолбасшысы, алғашқы патшасы болды, олар қоғамды өз мәдениеттерімен көтерген: от жағуды ойлап тауып, жануарларды қолға үйретіп, адамдарға үй тұрғызу, жер өңдеу мен темірді балқытуды т.б. үйреткен.

Авестада алғашқы қолбасшыны бейнелеу бірнеше нұсқада көрсетілген, ол қоршаған ортаның түрлі сипаттарына байланысты болған: Йима - малшылар, Гай-Мартан - егіншілер, Керсаспа - жылқышылар. Осы аңыздың жалғасы Авестада сақталған. Бір кейіпкерге қоғам арасындағы жағымды және жағымсыз қасиеттер жинақталған. Бұл қарама-қайшылықтар, әсіресе, Йиманың, алғашқы адамның, Вивахванның ұлы, яғни екінші адамды бейнелегенде көрінеді.

Йиманың этимологиялық мәніне келсек, бастапқыда «сыңар», «егіз» деген мағынада болған. Авестада соған байланысты адамдардан алғашқы егіз Яма мен Ями туралы және Йима Ахура Маздадан алтын мүйіз бен алтын қамшы алып, оның мал шаруашылығымен айналысқаны көрсетіледі: «Жері ұсақ және ірі мал мен адамдарға, құстарға, қызыл отқа толы болды». Ол мың жыл патшалық құрғанынан кейін қыс түсіп, кейін қар ерігенінен кейін, үйлерді сел алып кетеді. Суықтан тіршілік иелерін құтқару үшін Йима тастан ұзақтан-ұзаққа созылып жатқан қорған тұрғызады. «Онда қызыл отпен қоса ұсақ және ірі жануарлар, құстар мен адамдар өмір сүрді. Осылайша, Йима жер бетіндегі тіршілікті сақталып қалды».

Авестаның келесі бір жерінде (мысалы, «Гага»да) Йима алғашқы күнә жасаушы ретінде суреттеледі. Шынында, ол Адам ата сияқты алма жеп, күнәһар атанбайды. Ол сиыр етін жеп, адамдарға қауіп төндірді. «Ясна» тарауында Йиманың күнә жасауы туралы, оның өтірік сөзімен байланысып, бақыттан айырылып, жерден ғайып болғаны айтылады.

Алғашқы адамдар мен сол тұста үстемдік еткен патшалар айдаһарлармен шайқасқа түсіп, жеңіске жетеді. Ерлер арасындағы ең мықты, ең күшті Керсаспа («аспа» сөзінің мағынасы - «ат», тайпа төтемі) адамдар мен аттарды жейтін жасыл түсті Срувар атты құбыжықты өлтіреді.

Бірақ Керсаспа басқа аңыздарда күнә жасаушы ретінде суреттеледі. Бұл жолы алғашқы патша сиыр етін жеуде емес, әйел азғындауына ұшырайды. Керсаспаны сиқыршы перілер сиқырлап, ол шығыс Иран аймағында мәңгілік ұйқыға батады.

Авестадағы барлық құбыжықтар арасындағы Дахака бейнесі жиі айтылады, мүмкін ол сол кезде күн астындағы қара бұлттар туралы көзқарастан пайда болған шығар. Авестада Дахака туралы әртүрлі ойлар кездеседі; кейде күн құдайы Атардың ұлымен соғысқан айдаһар ретінде, кейде Друждбен бірлесіп, алғашқы адамдарға қарсы шайқасқан кейіпкер ретінде суреттеледі. Нұсқалардың бірінде ол Трэтон деген батыр болған делінеді.

Авестада Атвйа бейнесі түрлі ғажайыптарды бойына жинаған Хаома өсімдігін қасиетті деп санаған екінші адам деп келтіреді. Оған табыс сәйкес келді, оның ұлы батырлар үйі Трэтон әулетінен шыққан, құбыжық Дахаканы өлтірді. Дахака үш басты, үш көзді, алып күшті болған.

Жоғарыда айтылғандарға қарап, олардың алғашқы адамдар бейнелерін өз ата-бабаларының дінінен алған деген болжам жасауға болады. Адам санасының дамуы батырлар туралы аңыздар негізінде қалыптасқан. Авестада батырлар туралы аңыздар мен бактриялық алғашқы тайпалар мен қолбасшылар туралы аңыздар да кездеседі. Бактриялық батырлар туралы «Яшталар» тарауларының бірінде айтылады. Бұл тарау Ардвисура Анахитаға арналған. Айтуларға қарағанда, жоғарғы құдай Ахура Мазда Ардвисураға құрбандықты Өзі әкеп береді, кейін оны жұлдыздармен жерге түсуге шақырады.

Бірақ Ардвисура кең пейілді болады, ол тек жақсы ниеттілерге көмектеседі. Ол бірнеше өтініштерді орындайды: Йиманың халықтар алдында оның билігін күшейтеді, Керсаспаға Гандарва айдаһарын жеңуге көмектеседі, Кавай Усан батырға халық билеу билігін береді. Ол Трэтонға, Атвйа ұлына, Дахаканы жеңуге, Тусуға барлық Тұран жерлерінде жеңіске жетуге, Балривариға Арджадаспаны жеңуіне жәрдемдеседі. Бірақ ол бүкіл адамдар тегін өлтіруге әрекеттенген үш басты айдаһар Дахакаға да, Ворукаш көліндегі қалықтайтын патша Хварносын /сәуле/ ұрлауға әрекеттенген тұрандық Франграсйанға, батыр Кавай Виштаспа мен оның салт атты бауыры Заиривар өлтірмекші болған Вандарманишқа қол ұшын бермеген.

«Яшталардың» 19 тарауында осы батыр қолбасшыларға кішкене анықтама мен сипаттама беріп, билік етеді. Түрлі әрекеттер патшалық Хварно айналасында болып өтеді.

Осы тарау бойынша батыр-патша Хошйангха Парадата саналады. Алғашында Хварноны осы патша иеленген. Ол жеті қат жер мен барлық адам атаулы, сиқыршылар мен перілерге билік етеді. Кейін батыр-патша Тахма таққа отырады. Ал Урупай садақшы зұлымдық иесі Ангро Маньяны жылқыға айналдырып, барлық жерлерді аралап шығады. Содан кейін Йима билік етеді. Ол малға өте бай болатын. Бірақ үлкен күнә жасап, Хварнодан үш рет айырыла жаздайды. «Вивахванта ұлы Йимадан алғашқысында Хварно Варван бейнесіндегі құс ретінде ұшып кеткенде, оны Митра ұстап алады, екінші мәрте ұшқанда Трэтон (Даханы өлтірген), үшіншісін Керсаспа (Сруварды өлтірген) ұстап алады». Осыдан кейін Хварно үшін соғыс бейнеленеді. Басында ол үшін от құдайы Атардың ұлы мен Дахака құбыжығы соғысады.

Тұрандық Франграсйан Хварноны ұстап алуға ұмтылады, бірақ ұстай алмайды. Ақырында Хварно кайянид әулетіне бұйырады. Бұл әулет билігі Кавай Каватттан басталып соңғы сегізіншісі Кавай Сйаваршанмен аяқталады. Ал Кавай Хосров өз билігі кезінде Франграсйанды өлтіріп, сатқындықпен өлтірілген әкесі Сйаваршан үшін кек алады.

Ал ертегінің пайда болуына Авестада сақталған қайықшы мен Ардвисура Анахита туралы айтылғандар мысал бола алады («Яшталар», 5 тарау). Бұл үзінді - адам бейнесін сомдайдайды.

Қайықшы Паурваны жеңімпаз Трэтон қарақұсқа айналдырып жібереді. Ол ауада үш күн, үш түн қалықтап, үйіне барар жолды таба алмай, үйіне оралмайды. Үшінші түннің аяғында, таң атар уақытында Паурва көмекке Ардвисура Анахитаны шақырады: «О, Арвисура Анахита! Маған көмектесе гөр, көмектес. Егер мені жерге түсіріп, өз үйіме жіберсең, саған мыңдаған құрбандықтар шаламын» Ардвисура қайықшыны жерге түсіріп, өз үйіне аман- есен қайтарады.

Сол секілді Авестада фольклорлық ертегінің сюжеті, яғни батыл жігіттің Ахита жұмбақтары шешіп, жеңіске жеткендігі баяндалады.

Мифтік және батырлық-эпикалық Авесталық поэзияға тайпалардың, Орта Азия мен Иранның байырғы халықтарының таптық қоғамнан мемлекеттік өтпелі кезеңінің экономикалық әлеуметтік өмірі материалдық негіз болды. Авестада архаикалық қабаттағы ескерткіштерден басқа Иран тайпаларының толыққанды поэтикалық шығармаларын да кездестіруге болады. Егер архаикалық поэтикалық шығармаларда адам жануарлар патшалығы мен табиғат құбылыстарына бейімделуге тырысса, кейінгі поэзияда титан-адамның, батырдың, алып күшке ие тұлға ретінде суреттелеуі кең орын алған.

Жарық пен қараңғылық патшалығында зұлым күштерге қарсы тоқтаусыз соғыстарға қатысқан батырлардың бейнелері айқын көріне бастады.

Көркемдік жағынан да мифтік және эпикалық поэзияда алғашқы адамдардың бұрынғы көзқарастарының өзгергенін көруге болады. Бұл қоғамдағы еңбек пен негізгі қоғамдық ойдың дамуы поэтикалық өнер мен көркем шығармалар формасының одан әрі жетіліп, дамуына өз әсерін тигізді.

Қоғамдық сананың өсуі ерте кезеңдік құрылыстан таптық қоғам мен мемлекеттік қатынасқа өтуімен тікелей байланысты.

Ежелгі ирандық мифтік және батырлық жырларында таптық қатынастар мен абыздар ықпалына байланысты туындаған элементтер кездеседі.

Авеста поэтикасының сипаты оны бір жағынан ведалық поэзияға, ал екінші жағынан ирандық фольклорға жақындатады.

Мазда ғұрпын дәйектейтін маздайттық мазмұндағы зороастрилік уағыздар алғашқыда хеттер мен урартулықтар ортасында қалыптасты.

Ведалық, тіпті оған дейінгі кезеңге барып тірелетін үнді-иран байланыстары сол уақыттан-ақ ежелгі Иран әдебиетінде көрініс табады. Олар үнді-ирандық космогониялық және мифтік, ежелгі поэтикалық жүйенің ортақ элементтерінен көрінеді. Бірақ қайырымдылық пен зұлымдылық туралы түсінік екі мәдениетті уақыт өте бір-бірінен алыстатады. Үнділер қайырымдылықты жоғарғы құдайлар - дэвтер арқылы деп түсінсе, зұлымдықты төменгі - асурлар деп санаған. Ирандықтар керісінше Ахура -қайырымдылық, ал зұлымдылықты дэвтер ісі санаған.

Ахеменидтер дәуірінде Иран мәдениеті өзінің бойына ассириялық және вавилондық мұралардан нәр алып, сусындайды. Ежелгі Иран мәдениеті ежелгі иудей мәдениетімен де өте тығыз байланыста болып, одан әрі дами түседі.

Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар

  1. Маздалық ғұрыптың пайда болуын сипаттаңыз және олардың негізін салушы

  2. «Авеста» генезисі мен оның бөлімдеріне тоқталыңыз

  3. Заратуштра және гаттар

  4. Парсылық құдайлар пантеоны жайлы не айтасыз?

  5. Зенд Авестаны сипаттаңыз