Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Древ лит.doc
Скачиваний:
9
Добавлен:
10.11.2019
Размер:
1.76 Mб
Скачать

3 Тақырып

Ежелгі Мысыр әдебиеті

Ежелгі Мысыр әдебиетіне орыс қоғамының алғаш назарын аударған В.В. Стасов болды. 1968 жылы «Еуропа хабаршысы» журналының қазан айы нөмірінде ол «Екі ағайынды туралы» белгілі мысыр ертегісіне арналған мақаласын жариялады, мұнда автор Ежелгі Мысырда «ешқашан әдебиет те, поэзия да болған емес» деген әлемде таралған тұжырымды өткір сынға алды.

1852 жылы Италияда мысыр папирусын қолына түсірген ағылшын әйелі д´Орбиней оны Париждегі белгілі француз мысыртанушы Эммануэль де Ружеге көрсетеді. Ол оны оқып, мәтінін зерттеп, бір бөлігінің аудармасын жариялайды. Аударма жаңалық ашады: алғаш рет ежелгі Мысыр көркем әдебиетінің шығармасы белгілі болады. Оған «Екі ағайынды туралы ертегі» атауы бекітілгені туралы В.В. Стасов орыс оқырмандарына баяндады. Ол оны алғаш рет еуропалық тілдерден орыс тіліне, түсініктер мен қосымшылар келтіре отырып аударма жасады.

Уақыт өте жаңалықтар легі көбейіп, біртіндеп ашыла берді. Ғалымдар мен барлық мәдени әлемнің алдында әлемдегі шумерлікпен қатар ең ежелгі мысыр әдебиетінің алуан түрлі шығармаларының бай жиынтығы тұрды.

Ескерткіштердің қайсысы көркем болып табылады деген заңды сұрақ кез келген ежелгі әдебиетпен танысу барысында туындайды. Өйткені әдеби шығармаларымен қатар алуан түрлі мәтіндер арасында тарихи қызықты мәтіндерді кездестіреміз. Оларға қалай қарау керек? Оларды ежелгі Мысыр әдеби мұрасының заңды бөлігі деп санауға бола ма? «Мысыр әдебиеті» түсінігімен тек әдеби шығармалар ғана емес, түрлі мақсаттағы эстетикалық құндылығы бар фрагменттер мен мәтіндердің жиынтығы біріктіріледі. Бұған кейбір мысыр ақсүйектерінің /Уна, Хархуф және биліктегілер жөніндегі/ өмірбаяндық жазулары, тарихи сипаттағы патша /Меренптах, Пианха перғауындары/ жазбалары, «Пирамида мәтіндерінің» кейбір тұстары, Амон және Атон құдайларына арналған әнұрандары жатады.

Өзінің көпғасырлық тарихында Мысыр әдебиеті жазу түрлерінің алуан түрлігіне қарамастан тілінің біркелкілігімен ерекшеленеді.

Мысыр тілінде үш жарым мың жылдан астам уақыт аралығында жазған, сондықтан тілдің түрленіп, өзгеруі заңдылық. Жазба ескерткіштері өз тіршілігінің 35 ғасырында бірнеше төменгідей даму кезеңдерінен өтті:

  1. Ежелгі патшалық дәуірінің көне мысыр тілі (б.з.д. XXX-XXII ғғ.)

  2. Орта мысырлық немесе классикалық Орта патшалық дәуірінің тілі (б.з.д. XXII-XVI ғғ.)

  3. Жаңа патшалық дәуірінің жаңа мысыр тілі

  4. Демотикалық тіл (б.з.д. VIII ғ.- б.з. III ғ.)

  5. Копт тілі (б.з. III ғ. басталған)

Ғылымда белгіленген дәстүрге сәйкес мысыр тілінің даму кезеңдерін жеке тіл ретінде қарастырамыз, себебі олар бір-бірінен барынша өзгеше. Солай есептеле тұра, бұл - бір тілдің даму кезеңдері. Мысыр тілі дамуының соңғы сатысын білідіретін копт тілі тілтану ғылымында жеке өзіндік тіл болып саналады.

Демек, мысыр әдебиеті бір тілде, яғни мысыр тілінде жазылған деп негіздейміз. Өйткені мысырлықтардың өздері әдеби дәстүрлерінің үздіксіздігін сезінген. Өз кезінде классикалық тілде жазылған орталық патшалықтың әдебиет ескерткіштерін жаңа патшалық дәуірінде үйреткен, жаңа мысыр тіліне аударған. Классикалық тілде кейінгі уақытта да жазуға тырысқан. Тілдің біркелкілігінің арқасында ежелгі әдеби сюжеттер мен сарындар /мотив/ ғасырлар, мыңжылдықтар бойы өмір сүрген.

Мысыр жазбасы - дүниежүзіндегі жазулардың ең көнесі. Өз тарихында мысырлықтар иероглифпен және иератикамен жазды, басқаша айтқанда олар жазудың екі жүйесін қолданды – иероглифтік және иератикалық. Б.з.д. VIII ғасырда тағы бір күрделі демотикалық жазу түрі пайда болды, ол өзінің ерекшелігіне қарамастан иератикалық жазуының кезекті кезеңі болып табылады. Белгілі орыс мысыртанушысы Б.А. Тураевтың салыстыруына сүйенсек иероглифтік, иератикалық және демотикалық жазулар арасындағы қатынас біздің баспа, қолжазба және стенографиялық таңбалар арасындағыдай.

Мысыр мәдениетінің бөлігі болып табылатын мысыр әдебиеті тәуелсіз Мысыр мемлекетіне қарағанда барынша ұзақ өмір сүрді. Б.з.д. 332 жылы Мысырды Александр Македонский жаулап алса, б.з.д. 30 жылы ол Рим империясының құрамына провинция ретінде кірді. Бұл ретте мысыр мәдениеті жаңа саяси жағдайларда өмір сүріп, дами бастады. Мысыр әдебиетін оқып зерттеу ертеден-ақ мысыртанудың дербес саласына айналғанына қарамастан, мамандар оның тарихын кезеңдеуде сыртқы белгілеріне сүйенгенді қалайды, сондықтан тіл және мемлекет тарихы секілді Ежелгі патшалық, Орта патшалық, Жаңа патшалық және демотикалық кезеңдері деп бөледі.

Кез келген әдебиет сияқты, ежелгі мысыр әдебиеті қоғам өмірімен және оның идеологиясымен тығыз байланысты болған. Ежелгі Мысырда дін идеологиясы басым болғандықтан, әдебиетте оның әсерінің болуы әбден түсінікті. Алайда мысыр әдебиеті тек діни және аңыздық мәтіндермен берілген деуге болмайды. Керісінше, ол әдеби жанрлардың алуан түрлілігімен ерекшеленеді.

Оның құрамында ауыз әдебиетімен бітесе қайнасып кеткен халық ертегілері /Весткар папирусындағы ертегілер, Екі ағайынды туралы, Ханзада туралы/, өмірде орын алған оқиғаларды шабыттайтын әңгімелер /Синухе мен Ун-Амон хикаялары/, тарихи сипаттағы патшалар мен билікке жақындардың жазбалары, діни жазбалар /құдайларға арналған гимндер/, философиялық ойлар /Арфист әні/, аңыздар, махаббат лирикасы, этикалық нұсқаулықтар т.с.с.

Ежелгі патшалық әдебиеті (б.з.д. III мыңжылдық)

Осыдан жүз жылдан астам бұрын Каирдан алыс емес жерде белгілі француз мысыртанушысы Г.Масперо б.з.д. XXV ғасыр соңына – XXIII ғасыр ортасына жататын V және VI әулиеттердің бес перғауыны пирамидаларындағы ішкі ғимарат қабырғаларына сызылған жазуларды ашты. Ғылымда ол «Пирамида мәтіндері» атауымен бекітілді.

Өлген адаммен қоса тамақ, су, қажетті заттардың барлығын жерлеу тек ежелгі мысырлықтарға ғана емес, көптеген халықтарға тән дәстүр болғаны белгілі. Неміс ғалымы К.Зетеның айтуы бойынша мысырлықтар өлгеннің әруағына арналған әдеби шығарманы да бірге жерлеген, солардың бірі «Пирамида мәтіндері болды».

Мысырлықтардың адам табиғатына, өлімге, ақиретке деген көзқарастары ежелгі дәуірде, б.з.д. IV-III ғғ. біртұтас Мысыр мемлекетінің қалыптасуына дейін пайда болды. Өкінішке орай, бұл жөніндегі біздің танымымыз жеткіліксіз.

Олардың пайымдауынша, адам тек көзге көрінетін ет пен сүйектен ғана емес, сол секілді көзден тыс бір не бірнеше субстанциялардан тұрады. Әр адамның КА-сы /субстанциясы/ о дүниеде мәңгі жасайды, мәңгі өмір сүруінің шарты тірі қалғандардың қамқорлығында болды.

Қазір де ғылым мысырлықтарда бұл субстанциялардың қанша болғанына анық жауап бере де, түсіндіре де алмайды. «Пирамида мәтіндерін» түсіну үшін түсіну үшін сол субстанциялардың бірі – КА-ға тоқталамыз.

Мәтіндерге қарағанда, мысырлықтардың өздерінде КА жайында қарама-қайшы түсінік қалыптасқанын байқауға болады. Сол себепті мысыртанушылардың да КА-ға берген анықтамасы көпмағыналы екені таңқаларлық емес. Г.Масперо бойынша КА адам денесімен бірге туылып, бірге жетілетін адамның көрінбейтін егізі болып табылады. Керісінше, неміс ғалымы А.Эрман Ка-дан белгісіз тіршілік көзі, адамдардың құпия маңызын көрген.

Қайтыс болған адамның туыстары өліктің денесін сақтап қалуға тырысты, себебі, адамның егізі болып табылатын КА-ның өмір сүруі адам денесінің сақталуына байланысты болды.

КА – адам ғана емес, ал құдайларда КА-лары болды, бірнеше КА жердегі «тірі құдай» - перғауында болды.

Перғауын өлімімен оның адами шынайлығы ғана көмуге беріледі. Ежелгі патшалық дәуірінде басқалардан өзгеше өлген перғауын үшін өзінің формасы және көлемімен ерекшелінетін кесене-пирамида салынды. Онда ана дүниеге аттанған билеушінің денесі кез келген қауіпті кездейсоқтықтардан сенімді қорғалған болып саналған.

«Пирамида мәтіндерінде» перғауын-билеушінің о дүниедегі тағдыры біркелкі суреттелмейді: біреуі құдайға жақындастырылса, енді біреуін «ұлы құдай» санатына қосады.

Бірақ өлген перғауынның құдайларға жақындығы тірілердің дабылын азайтпады. Өлген адамды құдай әлеміне жақындастыру перғауынның әдеттен тыс қуаты мен беделі жөнінде ойдың пайда болуына әсер етеді. Сиқырлық әсерді күшейту үшін мысырлықтар «Пирамида мәтіндеріндерінде» салт-жоралық поэзияға тән әдеби әдістерге /аллитерация, параллелизм т.б./ жүгінген. «Пирамида мәтіндеріндері» өлген перғауынға құдайлар қоғамында мәңгілік өмірге кепіл болуы тиіс болды.

Мысыр діні мен «Пирамида мәтіндері» жайлы мынадай қорытындыға келеуге болады: ең бастысы - қарапайым адамның мәңгілік өмір сүруге талпынысының бейнесі, сол кездегі адамдардың мәңгі жасайтын құдайларға ұқсап, ажалды жеңуге деген аңғырт сенімі.

Мысырлықтар өмірді сүйгені соншалық, жерде өмір сүре отырып, Б.А.Тураевтың айтуынша «ажалға қарамастан өлмеуге» дайындалған. Ежелгі патшалық уақытында перғауындар барынша лайықты және сенімді әрі адал құлдарына өзімен жақын жерленуіне рұқсат берген. Мұндай жоғарғы атаққа ие болмағандар оны өз қаражаттарына тұрғызды. Жердегі өмірінде перғауынның айналасында болған белгілі адамдар өлгеннен кейін де жанында болуға тырысты және билеуші пирамидасының жанына өз мазарын салдырған. Міне, осылай Мысырда орасан үлкен ақсүйектердің некрополь-мазарлары қалыптасты.

Бірақ олардың о дүниедегі тағдыры, әрине, патшамен бірдей болмады – олар «құдай» емес-ті. Бар болғаны, жердегі болған жағдайлардың, яғни әлеуметтік жай-күйі «сақталып», жалғасатыны.

«Мазар резиденциясының» мысалы ретінде VI әулиет перғауынны Темидің уәзірі – Мереруктың «мәңгілік үйі» алуға болады. Ол 31 бөлмеден тұрады, қабырғалары түгел уәзірдіңң жердегі өмірінің тамаша бейнелерімен өрнектелге. Міне қасында әйелі бар Мерерук, балық аулау кезінде, Мерерук әйелімен шөлде аң аулауда, киікті тістеген ит, бұқаны жеген арыстан... Келесі кескінде Мерерук әйелімен орындалып жатқан жұмысты қадағалауда.

Ерекше мазмұнды әрі қызықты өмірбаяндар бізге V және VI әулиет уақытынан жеткен (б.з.д. XXVI-XXIII ғғ.).

V әулиет перғауыны Неферкараның уәзірі әрі бас құрылысшысы Уашптах жазбасында сол ақсүйектің күтпеген ажалы туралы драмалық әңгімесі баяндалған. Балалары мен айналасындағылар қоршаған патша Уашптах басқарған құрылыс жұмыстарын қарайды. Құрылыс барысына қанағаттанғанын білдірген билеушіге уәзірдің жауап қатпағанын байқалады. Сол кезде ол талып қалған екен. Перғауын оны сарайға апаруды және емшілерді дереу шақыруды бұйырады. Папирус-анықтамаларын алып келген олардың білімдері жеткіліксіз болып, патшаның сенімді құлы қайтыс болады. Бізге бұл тарихи оқиғаның фрагментті жазуы ғана емес, уәзір өлімін бейнелеген барельеф те жеткен.

Өте қызықты жазбаны өз мазарының қабырғасына VI династияның екі пеғауынына қызмет еткен Мысырдың Асуан жағындағы оңтүстік облысы Элифантинаның атақты билеушісі Хархуф қалдырған. «Хор құдайы алдындағы қорқыныш жайылған оңтүстік жерлердің билеушісі» мақтанышқа толып, өзінің әміршісінің бұйрығымен Мысырдан тыс, оңтүстікке, Нілдің жоғарғы жағына, Иам мемлекетіне жасалған жорықтары туралы әңгімелейді. Әсіресе II Пепи шаттыққа кенеген соңғы жорықтың қорытындысы сәтті болып шықты. Бұл жазулардан Хархуф пигмейі перғауын резиденциясының Африка түкпірінен жеткізілген алғашқысы еместігін білеміз; ол басқа пигмей V әулиет перғауыны Исеси уақытында да сарайға әкелінген. Мысырлықтардың б.з.д. III мыңжылдық ортасында Африка түкпіріне экспедициясы сирек емес-ті, олар жөнінде мысырлық ақсүйектер өз мазарларында тәпіштеп жазған.

Хархуф өзі туралы былай айтады: «Мен күштімін...әкеме ұнамды, шешеме мақтаулымын, әрқашанда барлық ағаларыма да ұнамдымын. Мен аш адамға нан бердім, жалаңаш адамға киім-кешек бердім...Мен жақсылықты ғана айттым және тілегімді қайталадым. Мен ешқашан билігі бар адамға біреу туралы жаман айтқан жоқпын, мен құдіретті құдайдың қасында жақсы болғанын қаладым. Мен ешқашанда да баланы әкесінің меншігінен айыру үшін де, өз ағаларымның жұмыстарын талғамадым». Абыз Шеши былай деп жариялайды: «Мен шындықты оның әміршісі үшін жасадым, мен оның қалауын орындау арқылы қанағаттандырдым; мен ақиқатты ғана айттым, мен дұрыс жүрдім, мен жақсылықты айттым және жақсылықты қайталадым...Мен екі ағамды оларды қанағаттандыру үшін ойға салдым. Мен әлсізді одан әлдіректен құтқардым... Мен өз қайығымда баласы бейшараны да көмдім. Мен қайығы жоққа қайық та жасап бердім. Мен әкемді құрмет тұттым, ал анама мейірімді болдым. Мен олардың балаларын тәрбиеледім».

Осындай стереотипті фразеологиямен ұқсас пікірлерді басқа ақсүйектердің өмірбаяндарынан кездестіреміз. Бұл пікірлер шындыққа қаншалықты сәйкес келетініне қарамастан, олар Ежелгі патшалық дәуірінде ақсүйектердің идеалды өнегелі келбеті жөнінде ұғымның болғанын куәландырады.

Ақсүйектердің жазулары Мысыр қоғамының жоғарғы қабатының өнегелі кодексі – бұл қоғамның этикалық талаптарын көрсететін нақты немесе алдауыш кодексі жөнінде хабарлайды. Бұл жазулардың авторлары үшін шабыт көзі ежелгі патшалық дәуірінде гүлденген дидактикалық әдебиет болды.

Птахемджхути және Каирос – бұл есімдерді тұтынушылардың екеуі бізге тіпті белгісіз, Нефри – Нефри ұрпағы болуы мүмкін, қалғандарының есімдері мәтіндерде жиі кездеседі. Ахтой және Хахаперрасенеб орталық патшалық уақытында өмір сүрді, олардың сөздерінің бірі төменде Имхотеп, Джедефхор және Птаххотеп біз қарастыратын дәуірдің данышпандары. Олардың әрқайсысы тарихи танылатын тұлға.

Орта патшалық әдебиеті (б.з.д. XXII-XVI ғасырлар)

Орта патшалық кезеңіндегі мысыр әдебиетін классикалық деп атау қабылданған. Сол уақыттан жеткен ескерткіштер ежелгі әдебиетпен салыстырғанда барынша құнды және алуан түрлі. Ежелгі патшалық әдебиетінен тек аздаған жеке фрагменттер сақталған, олармен таныса отырып Орта патшалық әдебиетінің жақсы алғы шарты болды деуге негіз көп.

Орта патшалық кезеңінің бірнеше папирусы барынша ерте уақытқа сәйкес келеді. Ежелгі және Орта патшалық арасындағы өтпелі дәуірде IX және X әулиеттің (б.з.д. шамамен XXII ғасырда) гераклеополдық перғауын уақытына келетін екі шығарманы сақтады.

Олардың біріншісі ғылымда «Шешен тілді адам туралы повесть» атауымен белгілі. Повесть әрекеті X әулиеттің патшалық ету уақытына жатады. Шын мәнісінде, повесте қандай да бір оқиға желісі жоқ. Ол - ауыл шаруасының жоғары шенді сарай қызметкеріне оның қол астындағы қызметшісінің оны тонап кеткендігіне қатты ашуланғаны туралы баяндайтын тоғыз жоғары дәрежелі аса мәнерлі сөздерден тұратын өтімді шағым. Бұл сөздер жазбаша жазылып қызыл тілді өзі секілді ұнататын перғауынға жеткізіледі. Ақырында жапа шегушіге шығынын төлеп, тіпті сыйақы береді. Бұл риторикалық үлгі елдің ішкі жағдайын бекіту идеясымен, онда әділ, шыншыл соттың билеуімен сарындас.

Екінші шығарма - өз ұлы Мерикарға «Гераклеопольдың ұлағаты». Ол Ленинградтағы Мемлекеттік Эрмитаждың мысыр коллекциясында сақтаулы, ал келесі бір нұсқасы Мәскеуде А.С.Пушкин атындағы бейнелеу өнері Мемлееттік мұражайында сақтаулы. «Ұлағат» авторы перғауын өз баласымен, яғни келешек патшамен елді басқару тәжибесімен бөліседі. «Ұлағат» мәтіні тамаша ойларды қамтиды. Мысалы, «Бай халық көтеріліске шықпайды», «тіл - бұл қылыш (патшаның), «сөз кез келген қарудан күшті», «кектенбе, өзінді өзін ұстаған жақсы», «өзіңе сені сүйетіндерден ескерткіш жаса». Бір сөзбен айтқанда, бұл «Ұлағат» Мысыр мемлекетінің басшыларының саяси ойларының жоғарғы деңгейіне куә болатын қызықты пікірлерді табамыз. Ленинградтағы Мемлекеттік Эрмитаждағы басы сақталмаған папирустарының бірі, ғылымда «Кеме апатына ұшыраған» деген атпен танымал. Папирус теңіздегі фантастикалық қызықты оқиғалар жайлы, дәлірек айтсақ, теңіз ортасындағы шөлді аралда болған бірінші жақтан айтылған әңгімеден тұрады. Әңгіменің бас қаһарманы тәжірибелі кемешілер командасымен перғауынныңның кеніштеріне сапарға шығады:

Жалтақтай ма олар аспанға,

Жалтақтай ма олар Жер-Анаға-

Жүректері олардың арыстаннан айбатты

Дауыл менен Найзағайдың болуын білген олар алдын-ала.

Алайда теңіз дауылы басталған сәтте кеме өз командасымен бірге апатқа ұшырайды болды. Тек әңгімеші ғана тірі қалады: үлкен толқын оны белгісіз құнарлы аралға әкеледі. Мысырлық Робинзонның жалғыздығы жақын арада бұзылады: аралдың әміршісі үлкен жылан оған келіп, қалай және не себептен оның иелігіне тап болғанын сұрайды. Жылан оған 4 айдан кейін Мысырдан кеме келіп, оның үйіне оралатынын болжайды. Өзі және арал туралы біршама түсініксіз оқиға айтып береді: аралда 75 жылан және олардың арасында адамзаттың қыз баласы тұрған, бірақ аспаннан от түсіп, аралдың әміршісі болған жыланнан басқасының бәрі өртеніп кеткен. Жыланның болжауы жуық арада орындалады. Бақытты теңізші Мысырға оралады. Перғауынға басынан кешірген барлық қызықты оқиғаларды айтып беріп,оған аралдан әкелінген қымбат сыйлықтар тарту етеді.

Ал Весткар папирусының ертегілері (Орта патшалықтың соңы) басқа жанрға жатады. Олар ортақ шеңберге біріктірілген: Хуфу IV әулиетінің бізге белгілі перғауыны өз ұлдарына көне заман туралы әңгімелерді естігісі келетінін айтады, оның ұлдары белгілі данышпан Джедефхор, Хафра (Хефрен) тақ мұрагері және екінші ұлы пирамиданы салушы және кіші ұлы Бауфра кезекпен әкесіне ертегілер айтады. Ертегілер немесе әңгімелердің бірігуі – Батыс («Декамерон»), Шығыс («Панчатантра», «Мың бір түн») әдебиетіне белгілі үйлесімділік тәсіл. Весткар папирусында бұлар әлем әдебиетінде алғаш кездесті.

Весткар папирусының басы да бізге жетпеген. Бірінші ертегі жоғалып кеткенімен, папирустың мәтіні оның соңғы фразаларынан басталады. Одан кейін ханзада Хафраның III династияның патшасы Небканың билігі кезінде болған ғажайып оқиға туралы әңгімесі басталады. Бұл ертегінің бас кейіпкері- әйелі жай қарапайым адаммен опасыздық жасаған алданған күйеу Убаинер абыз. Өзінің құлдарының біреуінен білген алданған күйеуі балауыздан өте үлкен емес сиқырлы қолтырауын жасап, оған дұға оқиды. Қолтырауынның мүсіні сиқырлы күшке иемденеді. Убаинер өзінің құлына әйелінің сүйіктісі тоғанға шомылуға барғанда қолтырауынның мүсінін суға лақтыруға әмір береді. Убаинердің құлы қожайынның әмірін орындады. Мүсін үлкен қолтырауынға айналып, жас жігітті ұстап, тоғанның түбіне алып кетеді.Ол жерде ол дем алмай 7 тәулік бойы жатады. Осы уақыт бойы Убаинер патша сарайында болады. 7 күн өтер кезде абыз перғауынға сиқыр көрсетемін деп, оны тоғанға алып келеді. Убаинер қолтырауынға жас жігітті жағаға алып шығуды бұйырады. Сосын ол қолтырауынға еңкейіп, қолын созған сәтінде-ақ ол кішкентай балауызды мүсінге айналады. Сол кезде абыз перғауынға болған оқиғаны айтып береді. Ашуланған перғауын қолтырауынға жас жігітті қайтадан суға батырып жіберуді бұйырады. Қайтадан мүсіннің қолтырауынға айналу процесі болып, ол жас жігітті тоғанға мәңгілікке алып кетеді. Опасыз әйел перғауынның әмірі бойынша өртеліп, мәйітінің күлі суға тасталған екен.

Үшінші ретте Бауфра ханзада ертегісін айтады. Перғауын Снофру зерігуінен айығу үшін тоғанға үлкен кемеде саяхаттауға шығады. Кеменің ескекшілері киімнің орнына ау киген 20 жас сұлу әйелдер болады. Патша оларға сүйсініп қарап отырады. Бір кезде олар есуді тоқтатады, өйткені біреуінің қымбат әшекейі үзіліп, суға түсіп қалыпты. Перғауын өзінің бас абызын шақыртады. Ол тез арада суға дұға айтқан кезде “судың бір бөлігі басқа бөлігіне жатады”, түбін кептіріп, сол жерден тоғанға құлаған әшекей алынады.

Сонымен атақты Джедефхор тағы бір ертегі айтудың орнына перғауынға халықтан шыққан Джедиді шақыруды ұсынады. Сиқырлық күшке ие Джеди орнында кесілген басты келтіре алатындықтан перғауын бұл ғажайыпты өз көзімен көруді қалайды. Перғауын сиқыршыға қамаудағы адамды тәжірибеге ұсынып еді, бірақ Джеди адамды өлтіруден бас тартып, өзінің қабілетін құс арқылы көрсетеді. Сосын ол перғауын Хуфуға күн құдайы Раның абызының Раусер атты әйелінің аяғы ауыр екенін және де ол 3 ұл туып, олардың үлкені Гепиополда Ра құдайының бас абызы болатынын, ал 2 кіші ұлдары Хуфу және ұлдары жатқан IV династия билігін ауыстырып, бірінен соң бірі Мысырда билік етеді деп болжау айтады. Джеди Хуфуды бұл династия ауысуы оның немересінің билігінен кейін ғана болатынына сендіреді. Ол перғауыннан бай марапаттаулар алады.

Ары қарай папируста Раджедеттің үш ұлының ғажайып туылуы суреттеледі. Құдайлар нәрестелерге біз білетін V династияның алғашқы үш перғауыны иемденген есімдер береді. Балалар болашақ патша болатын нақты белгілерімен туылады.

Раджедет Хуфу оларды қудалай бастайды деп қорқа бастады. Сол уақытта Раджедет өз малайымен ұрысып қалып, енді ол перғауын Хуфуға ғажап балалар туралы айтып беруді шешеді. Бірақ та қолтырауынмен ұсталып қалып, өзінің арам ойын істеп үлгермейді. Папирустың соңы сақталынбаған.

«Кеме апатыны ұшыраған» және Весткар папирусының ертегілері сияқты шығармалар саны Ежелгі Мысырда көп болған тәрізді. Бізге жеткен фрагменттер негізінде қияли және ғажайып бөлшектер доминанты рөлге ие болған әдебиеттің бұл жанры бай және әр алуан екендігін дәлелдейді

Шебер өңделген халық шығармашылығымен бірге орта патшалықтың әдебиетінде басқа жанрға тиесілі ескерткіштер табылған. Біріншіден діни көзқарас негізіндегі әдеби құндылығымен ерекшеленетін шығармалар болды. Мәселен, құдайларға арналған гимндерді айта кетсек, Хапи (Нілдің құдайы) гимндері, Осириске және т.б. құдайларға арналған.

Әнұрандар біріншіден, мысырлықтарды ел қылған, мыңжылдықтар бойы халықты азықтандырылған ұлы өзенге қатынасы көрсетіледі, екіншіден, бұл сезімдер керемет көркем сөз арқылы берілген. Әнұран – бұл дұға емес, өтініш айту емес, елмен халыққа өмір берген ұлы табиғатқа алғыс білдіру. Әнұран ақындық түрде Ніл суының күшін, тасу кезіндегі халықтың абыржуын, тасудың кешігуіне байланысты елге келетін қауіпті суреттейді.

Орталық патшалық уақытының культіне айналған, қабір тасына жазылған Осирис құдайына арналған әнұран (Париж ұлттық кітапханасында сақталуда) кең таралған. О дүниеде мәңгі өмірді қамтамасыз етуде қарапайым тасқа да қасиетті формулалармен Осирис есімін ескі алғаны жеткілікті еді.

Осирис культінде өлместік туралы жалпы таралған догманың антитезисі ретінде орталық патшалық дәуірінде «Арфист өлеңі», яғни алдыңғысына қарсылық мазмұнда пайда болды. «Арфист өлеңін» мысыртануда орта жаңа патшалық дәуірінен бөліктеп жеткен 15 мәтіннің жиынтығы аталады. «Арфист өлеңінің» ең толық нұсқасы жаңа патшалықтың 500 ж. Шамасына жататын Харрис папирусында сақталған. Ол орта мысыр тілінде жазылған және Интеф XI әулетінің перғауындар уақытына жатады.

«Неферти болжамдары»

Снофру IV әулетінің перғауыны өз сарайында көңілсіз болғандықтан, оны серігітетін данышпан табуға бұйырады. Олар Нефертиді ертіп келеді, ол перғауыннан өткенді немесе келешекті білгісі келе ма деп сұрайды. Патша келешегін білгісі келеді. Неферти алдағы қорқыныштарды жориды: Ніл құрғап, құрылыққа айналғанда аштық белең алады, елді жалпылай бүлік басады, адамдар бір-бірін жек көріп, қауіптенеді, шығыстан көшпелі азиаттар келіп халықты қанай бастайды және т.б. Бірақ оңтүстіктен, яғни Жоғарғы Мысырдан Амени мысырлықтарды құтқарып, таққа отырады. Қайратты әрі әділ қолбасшы елде тәртіп орнатады, азиаттық басып алушыларды қуады, ел қалпына келеді. Амени - XII әулиеттің негізін салушы I Аменемхаттың /Эхнатон/ қысқарған аты.

Екінші бір шығарма «I Аменемхаттың ұлағаты», ол оны өзінің ұлы әрі ізбасары I Сенусерт арналған. Толығымен бе әлде бөліктері, әйтеуір, «Ұлағат» бізге 9 нұсқада жеткендігінен, оның кейінгі уақытта да кең таралғанын байқаймыз. «I Аменемхаттың ұлағаты» - аударуға өте киын мәтін, автор өз ойларын қызыл тілмен жеткізген. «Ұлағат» аталғанмен, мұнда дидактика аз, әйгілі Ахтой есімді данышпан патшаның атынан қалдырған өмірбаяны.

Келесі шығарма - ежелгі мысыр әдебиетінің інжулерінің бірі, «Синухе әңгімесі» деген атпен әлем әдебиетінде белгілі. Мұның авторы мысыр мәдениетін жетік білуші, терең психолог болды. Бұған көп нұсқадағы толықтай немесе бөлектенген әңгіме мәтіні куәландырады, сонымен бірге мысырлықтардың көркемдік талғамының нәзіктігін көрсетеді. Әңгіме бірінші жақтан жазылған, қайталауларды және тілдің бірдей болуын кездестірмейміз. Керісінше шығарманың тілі бай және әдемі, грамматикалық оралымдар мен фрезеология әсерлі. Суреттеулер жанды, әдеттегідей емес, автор сөзсіз шындықты көркемдік тұрғыдан ұғыну қабілетімен дарынды болған.

«Синухе әңгімесі» шынайы тарихи жағдайды тірі суреттегені соншалықты, тіпті ол тарихи тұлға деген ой пайда болады. Мүмкін, алайда бұны дәлелдейтін құжаттар жоқ. Қалай болса да, «Синухе әңгімесі» бағалы тарихи қайнар көз болып табылады.

Шығармаға өз лауазымдарын атап шығып, Синухе әңгімесіне кіріседі. Сарай маңында болғанда Синухе Аменемхат I-дің баласы, болашақ патша Сенусерт I -мен ливийллік темеху тайпасына қарсы экспедицияда бірге болады. Осы уақытта Аменемхат I кенеттен өз резиденциясында қаза табады (мұнда Синухе Аменемхат I-дің «Ұлағатына» сәйкес перғауын баласы жоқ кезінде өлтірілгенін дәлелдейді). Түнде сарай резиденциясынан келген елшілер Сенусерт I-ге патша өлімі туралы хабарлаған кезде-ақ «тоқтамай, әскеріне де хабарламай сұңқар жол серіктерімен ұшып кетті» делінген. Ол, әрине, бүлік мүмкіндігіне жол бермеу үшін астанаға асығады. Лагерьде қалып қойған Синухе кездейсоқ болашақ перғауынға қастық туралы әңгімені естіген беті, қатты шошып елдің солтүстік-шығысына қашуға шешім қабылдайды. Әбден жол тауқыметіне азып-тозған ол Кедем елінде Ретену билеушісі Амунешимен кездеседі. Билеушінің сеніміне кірген Синухені енді өз қызына үйлендіріп, оған шұрайлы жерлерді бергені туралы; Кейін Синухе тайпа көсемі болуы, халық арасында құрметке ие болғандығы; балаларының ер жеткендері т.с.с жөніндегі жетістіктерін жазған. Жылдар өте берді, қарттық жақындай бастады. Синухе өз елін аңсады. Дүниежүзілік әдебиет тарихында бірінші рет бұл сезім оның тілегінде көрініс тапты:

«О, Құдайым, менің елден қашуымда бірге болған, мейірімді болшы маған қайтадан, мені патша сарайына әкелші! Менің жүрегімнің күнде болатын жерлерін тағы бір мәрте көруге мүмкіндік берсең. Туған елімде жерленгеннен не артық болуы мүмкін? Көмектесе гөр маған! Өткен уақыт ғажайып. Құдай маған мейірімділігін азайтпады. Қазір де мейірімді бола гөр».

Синухе қалауы жоғарыдан да, кек сақтамаған перғауыннан қабыл болған. «Синухе әңгімесі» - осы күні де қызығушылықпен оқылатын тамаша шығарма. Ол сондай-ақ сол уақыттағы оқырманның көңілін аудармауы мүмкін емес еді, себебі ол батыр әрі батыл патшаға және тағдыры таңқаларлық Синухенің өзіне арналған.

Жаңа патшалық әдебиеті (б.з.д. XVI – VIII ғасырлар)

Орталық патшалық дәуірі алдыңғы кезеңі секілді Ніл атырауына азиаттардың басып кіруімен аяқталды. Екі ғасыр созылған Мысырдың құлау кезеңі елден тарихта гиксос деп аталатын басып алушыларды қуумен аяқталады. Олардан елді босату процесі ұзақ және қиын болды, олармен күресті Фив билеушілері басқарды. Ең соңғы гиксостар бүкіл елді өз билік астына біріктірген және жаңа патшалықтың алғашқы XVIII әулиетінің негізін салған Фив перғауыны I Яхмоспен қуылды.

Жаңа патшалық кезеңінде ішкі және сыртқы гүлдену нәтижесінде Мысыр орасан дүниежүзілік державаға айналды. Бұл кезеңнің әдебиеті Орталық патшалық кезіндегі әдебиетке қарағанда ауқымы кең және алуан түрлі, оның ескерткіштері де жақсы сақталған. XVIII әулеттің әдеби ескерткіштері орта мысырлық тілмен жазылған, ал жаңа мысыр тілі XIX әулет билеуі кезеңінен әдеби тіл саналады. Жаңа патшалық кезеңінде Мысыр сыртқы әлемнен бөлектеуінін жойды. Мұндай тарихи өзгерістер, әрине, әдебиетте де өз әсерін айшықтады, әсіресе әнұран табыспен қолданылды.

Әнұрандармен қатар жаңа патшалық дәуірінің діни әдебиеті «Өлілер кітабының» 125-ші тарауы ерекше саналды, өйткені «Пирамида мәтіндері» тек патшаларға арналса, бұл керісінше қайсыбір пақырға да көмектеседі деген сенім қалыптасты. Мәтіндердің 125-ші тарауы өзінің мазмұнымен ерекшеленеді: онда өлген адамның жанына Осиристің табыттық соты суреттеледі. Бұл табыттық сотының мәні: адам жанының жерде жасаған іс-қимылдары дұрыс деп танылса, мәңгілік өмірмен қамтамасыз етілді; қылмыскердің немесе күнәһардың жаны екінші және соңғы өлімге берілді. Мұнда өлген адам жасамауы тиіс күнәлар мен қылмыстар тізімі келтірілген. Сиқырлы мазмұнды көптеген басқа тараулардың арасына жоғалған «Өлілер кітабының» 125-ші тарауы мысырлықтардың жоғарғы дәрежедегі талаптарын байқауға болады.

Ауыз әдебиетінен фрагментарлы түрде сақталған басқа аңыз-ертегілер көптеп кездеседі. Аңыздық емес мазмұндағы ертегілер де барынша қызықты. Жоғарыда сөз болған «Екі ағайынды туралы» ертегіге оралсақ.

Ертегі қарапайым халықтық типті ағалы-інілі шаруа-егіншілер, кіші інісі далада және үйде қинала еңбек етіп, ағасы мен әйелінің азығын табады. Ертегіде әңгіме кіші інісінің басынын айналдыруға тырысқан ағасының опасыз әйелі туралы болады. Ештеңе шықпаған соң опасыз әйел күйеуіне ол жоқта інісінің зорлағысы келгенін айтады. Жәбірленген және абыройы төгіліген інісі кұдайдың көмегімен ағасынан кұтылып кетеді. Ол «кедр жазығы» Ливанға кетіп қалады, онда алуан түрлі сиқырлы оқиғаларды басынан кешеді. Соңында інісіне алаңдаған ағасы оны Мысырға қайтуын сұрайды, ал опасыз әйелі жазасын алады. Ал кіші інісі Мысыр перғауыны болады.

Айта кетететін жайт, ертегілерде табиғаттан тыс және таңғажайып элементтер көп шамада діни және аңыздық ұғыммен таза ертегілік рухта түрленген.

Сиқырлы ертегілермен қатар Жаңа патшалық дәуірінің тарихи оқиғалары, мысырлық әскерлері, қаруының жеңісінің суреттеген мазмұнынадағы ертегілерді табамыз.

Солардың ішінде «Гиксостық патша Апопи мен Фив билеушісі Секененра арасындағы ұрыс туралы», Трояндық соғысындағы қаланы алу немесе шығыстық Али бабадағы эпизодтарға ұқсайтын Тутмос III перғауыны кезіңдегі тарихи қолбасшы туралы «Джхутидің Юпа қаласын алуы», Рамсес II ұлы әрі мұрагері Меренптахтың ливиялықтарды талқандаған жеңісі туралы «Израил стеласы» ертегілері жатады.

Сол сияқты Жаңа патшалық әдебиетінде өзінің өмірлік сенімділігі әрі лирикалығымен «Ун-Амон саяхаты» аталатын мысырлық Ун-Амонның Библге саяхаты туралы әңгімесі құнды. Бір ғана данада жеткен ол Мәскеуде А.С.Пушкин атындағы бейнелеу өнері мемлекеттік мұражайында сақталған, Әңгіме сол кезеңдегі елдер мен Мысырдың саяси жай-күйі туралы қызықты мәліметтер катарын камтиды. Ун-Амон саяхатын сенімділігі мен көркемдік жетістігі бойынша «Синухе әңгімесімен» салыстыруға болады.

Демотикалық әдебиет (б.з.д. VIII ғасыр - б.з. III ғасыр)

XX әулеттің пайда болуы бүлікпен аяқталды: биліктің екілік орталықтануының нәтижесінде Мысыр екі жеке облыстарға бөлінді. Сонан соң ливий әулетінің XXII және XXIII кезеңінен кейін (шамамен б.з.д. 950-730 жылдарында) және XXIV әулетінің жалғыз билеушісі Бокхорис патшаның билеуінен кейін (б.з.д. 720 жылы). Мысыр Эфиопия перғауындарының қол астында болды, бұлар ассирия патшасы Ашшурбанапалмен талқандалды. Бұл дәуірден тек патшалар мен ақсүйектердің жазулары кездеседі.

Саяси мен мәдени жаңғыру саисстық аталған дәуірде XXVI әулиеттен басталды.(б.д.д. VII ғасыр ортасынан бастап).

Демотикалық әдебиетте дәстүрлі ұлағаттар дамыды. Британ мұражайында және Луврдағы папирустарда қамтылатын Анхшешонка ұлағаты ежелгіден айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Ал Лейден папирусындағы Инсингер ұлағаты барынша дәлірек. Демотикалық көркем әдебиет негізінен өткенге арналған. Бұл мүлде кездейсоқтық емес. Парсылар, гректер, римдіктер қол астындағы мысырлықтар өз перғауындары басқарған, елдері тәуелсіз және қуатты болған уақыттарды естеріне алуға тырысты.

Осыған орай «Демотикалық хабар» аталатын б.з.д. III ғасырына жататын, басы не аяғы жоқ мәтіндерді айтуға болады. Түсінуге өте ауыр жазылған бұл мәтіндер жөнінде ежелгі дүние тарихшысы және мысыртанушы Эд.Мейер «олар жалмауыздың қарғыстары секілді» деген. Кейінірек мысыртанушы В.Весецкий «Олар XXVIII-XXX Лагида әулиеті тарихымен, яғни парсылардың келгенімен байланысты. Мәтін сол кездегі абыздардың көңіл-күйін жақсы аңғартады. Автор: «Бөтен жерліктерден кейін елді қайтадан гераклеополдық басқаратын болады» деген болжамын жазады.

Театр

Ежелгі Мысырда театр қойылымдарының болуы ешқандай күмән келтірмейді, бірақ көздердің тапшылығы олар туралы мәліметтерді шектейді. Мысыр театрының шығу тегі ерте грек театрының шығуына ұқсас: оның бастамасы дінмен, мәдениетпен тығыз байланысты.

Ежелгі патшалық дәуірінде қойылымдағы рольді құдайлар кейіпіндегі абыздар сомдаған. Бұған тікелей сілтеме ғылымда «Мемфистік теология ескерткіші» деген атаумен белгілі тамаша мәтінде бар. Мәтін Ежелгі патшалық уақытындағы түп-нұсқа көшірмесінен әлем құдай сөзінің күшімен жаратылды деген космогонияны айтады. Мәтінде мистерийлі сценарийлердің үзінділері деп санауға болатын құдайлар арасындағы диалогтарды қамтиды. Орта патшалық дәуірінен осындай типтегі 14 үзінді сақталды. Сонымен бірге Ихернофрет өмірбаяндық жазуындағы Абидостағы Осиристің мистериясын әзілдегені жөнінде құнды дерек бар.

Ондаған ғасырлар бойы Ежелгі Мысыр әдебиетінің дамуы өте жоғарғы деңгейге жетті, жанрға бай, өзіндік сипатқа ие болды. Оның тарихы гуманистік идеялар алғаш ежелгі Греция әдебиетінде, сонан соң Ренесанс дәуірінде көрініс тауып, Италияда және басқа еуропалық елдерде жаңғырды деген пікірді теріске шығарады. Ежелгі патшалық дәуірінен бастап, сол уақыттағы ақсүйектердің өмірбаяндық жазуларынан және «Птаххотеп ұлағатынан» терең өрнектелген гуманистік «адамға, оның тәртібіне, оның психологиясына қызығушылық, байқаушылық, табиғатқа сүйіспеншілік және оны көркемдік қабылдау, әділдікке, мейірімділікке ұмтылу, ерлікке сыйластықпен қарау, өмірді сүю және оның қуаныштарын бағалай білу» секілді тенденцияларды табамыз.

Мысыр әдебиеті, сонымен бірге, көптеген көркем біртумаларды берген, жоғарғы эстетикалық деңгейге жеткен әлемдегі алғашқы әдебиеттерінің бірі. Осыған байланысты Мысыр әдебиеті ежелгі халықтардың барынша кейінгі әдебиетіне әсерін тигізді ма деген сұрақ туады және егер иә болса қандай шамада? Қазіргі уақытта ежелгі шығыстың әлемдік мәдениетке әсері даусыз екендігі кез келген ғалымға белгілі. Мысыр толығымен және оның әдебиеті Библияға анық әсер етті.

Ежелгі Мысыр әдебиетінің әсерінің іздерін, мысалы 104 және 110 псалмдарда және Библияның басқа да жерлерінен көреміз. Жалпыға белгілі Библяның Иосиф пен Потифар туралы әңгімесі «Екі ағайын туралы ертегіден» алынған.

Эллиндік дәуірде Мысырда грек аудармаларынан немесе мысыр әдеби мәтіндерінен тұратын әдебиет пайда болды. Британ мұражайының №274 грек папирусында Тефнут құдайы туралы мысырлық аңыздың нұсқасы қамтылады. Грек тілінде жазылған №1381 Оксиринх папирусында Нектанебе перғауыны туралы мысыр аңызының грекше айтылуы бар.

Б.з.д. IV ғасырда латын ақыны Клавдианның рим қолбасшы Стилихонды мадақтауы мысырлықтардың діни және аңыздық ұғымдарын қамтиды.

Сақталған әдеби шығармалар қысқаша прозалық әңгімелерді, ертегілер мен мифтерді, аңыздарды, хаттарды, мақал-мәтелдерді, махаббат әндері мен діни мазмұндағы емес поэзияның басқа түрлерін және гимндерді қамтиды. Мысырлықтарда сауықтыру драмасы болған емес, бірақ мифтердің кейіпкерлерінің ән айтып, әңгіме алмасуы қамтылған театрланған қойылымы-кейбір құдайлар культінің ажырамас бөлігін құраған. Соған сәйкес бірнеше ұқсас салттық драмалар белгілі. Одан басқа көптеген мөлшерде математикалық, медициналық, заң мәтіндері мен іс құжаттары сияқты әдебиеттік емес жазбаша материалдар кездеседі. Ресми деректер, автобиографиялық жазбалар, патшалық анналдар сияқты тарихи құжаттарды олардың белгілі бір әдеби формасы болғанда ғана әдеби шығармаларға жатқызуға хақымыз бар.

Ежелгі мысыр жазбалары дауысты дыбысты қамтымағандықтан, поэтикалық метрика туралы мәлімет өте аз. Копт білім көздеріне сүйенсек, ғалымдардың болжауы бойынша ежелгі мысыр поэзиясы ритмге негізделген, бірақ белгілі бір өлшемі жоқ. Копттық дауысты дыбыс белгіленулерін қамтыған ежелгі мысыр тілі мен жазбасының ең соңғы нұсқасы. Поэзия прозадан ең бастысы лексикамен және күнделікті стилистикалық нұсқалардың қолданылуымен айырықшаланды. Ең сүйікті поэтикалық нұсқа параллелизм - ол бір өлең жолында сомдалған ойдың келесі өлең жолында қайталанып келуі немесе басқа бір көрші өлең жолындағы ойға қарсы қойылуы немесе келесі өлең жолдарында толығырақ сомдалуы көрсетілген мәтін құрылымы. Кейде өлең жолдары тармаққа бірігеді. Олардың көбісі мысырлық прозада қолданылады. Сөз ойыны прозада да, поэзияда да көп қолданылады. Діни мәтіндерде ол сиқырлық мәнде берілуі мүмкін. Көбіне метафоралар мен теңеулер де кездесіп жатады, әсіресе әсірелеу стилінде жазған. Керісінше ертегілерде мұндай қолданыс сирек кездеседі.

Ежелден антикалық саналатын параклауситрон /Плавт, Катулл, Проперций/, сүйіктісінің жабық есігі алдындағы махаббат өлеңі, алғаш рет мысырлық махаббат лирикасында қолданылғаны қазіргі күні анық.

Мысыр әдебиетінің әсері көне немесе ежелгі еврей әдебиетінде ғана емес, копт әдебиетінде және араб әдебиетінде көрінді. Басқаша айтқанда, әлемдік әдебиет өте ежелгі әдебиеттердің бірі саналатын Мысыр әдебиетіне міндетті.

Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар

  1. Ежелгі Мысыр жазба ескерткіштер кезеңдерін атаңыз

  2. Орта патшалық (б.з.д. 22-11 ғғ.) кезеңінің әдебиетіне тән ерекшелік

  3. Ежелгі Мысырдағы махаббат әндері жөнінде

  4. «Пирамида мәтіндері» атауымен бекітілген мәтіндердің ғылымда пайда болуы және ондағы суреттелген жағдайлар

  5. Весткар папирусының ертегілеріне тоқталыңыз

  6. Орталық патшалық дәуіріне тән «Арфист өлеңін» еске түсіріңіз

  7. Жаңа патшалық әдебиетінің өзіндік ерекшеліктері

  8. Жаңа патшалық дәуіріндегі Мысыр әдебиетінің үздік үлгісі саналатын «Өлілер кітабына» тоқталыңыз

  9. Демотикалық әдебиет пен оның туындылары