Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Древ лит.doc
Скачиваний:
9
Добавлен:
10.11.2019
Размер:
1.76 Mб
Скачать

4 Тақырып

ЕЖЕЛГІ Угариттік – Финикийлік әдебиет

Жерорта теңізінің солтүстік бөлігінің шығыс жағалауындағы (қазіргі Ливан мен Сирия жерінің бір бөлігі) ежелгі семиттік ханаан тайпалары мекендеген ел гректерден кейін Финикия деп аталып кеткен.

Финикия әдебиеті өте бай және ол көрші елдер мен халықтар жазбасына айтарлықтай (стилистика мен кейбір сюжеттік сарындарға) әсер еткен десе де, қазіргі күнге дейін оның белгісіз тұстары кездеседі. Өткен ғасырдың 20 жылдардың соңына дейін ғалымдар финикийлік авторлардың жазған шығармалары болар деген мәліметті болжамдап қана білген. Тек 30 жылдары Ежелгі Угариттегі (солтүстік Финикия) жүргізілген археологиялық жұмыстар нәтижесінде кең көлемде табылған б.з.д. ІІ мыңжылдық ортасындағы алдыңғыазиалық халықтардың семиттіліндегі жазба ескерткіштері деген пікір қалыптастасқанымен, өкінішке орай олар нашар сақталған. Дегенмен, осы ескеркіштерді зерттеу барысында ежелгі Финикия әдебиетінің негізгі бағыттары туралы мағлұмат алуға мүмкіншілік туды. Әрине угариттік жазба ескеркіштер біздің ұғымымыздағы әдеби мәтінді білдірмейді. Бұл жазбалар фольклорлы поэтикалық шығармалар (эпос, мифтер), оған қоса діни іс-әрекеттер мен құдайларға арналып айтылатын әнұрандар болып табылады.

Кейбір жазулар Никмада патшасының (өкінішке орай, әлі күнге дейін нақты қандай Никмада туралы айтылатыны анықталмаған) соңғы уақытымен, яғни б.з.д. XIV ғ. сәйкес келеді. Тіпті осы жұмысты жазуға тапсырған Элимилк деген жазғыштың есімі де, сонымен қатар мәтінді оқушы, жоғарғы абыз Атанпарлана (Құдіретті Ваал мен Моттың күресі туралы аңыздың бізде бар нұсқасы да осы жазушының қолынан шыққан деген болжам бар) есімі де белгілі болған. Б.з.д. ХІV ғ. Угаритте бірнеше ғасырлар өткен соң Писистрат кезінде Афинада, сонымен қатар Бескітап пайда болған дәуірде Израиль қоғамында болған жағдайларды еске түсіретін маңызды оқиға (діни заңға айналатын мәтіндер пайда бола бастайды) болды деген болжамдар бар. Бұл мәтіндердің қорғаушысы роліне абыздар ие болып, мәтіндерге өзгерістер енгізіп, аңыздар мен мифтердің негізгі идеясы мен тенденциясын анықтап отырды. Элимильктің жазуларын ығыстыруға тиіс бізге жетпеген басқа да нұсқалар болғанына күмән келтіруге болмайды.

Б.з.д. ХІV ғ. Угаритте канондық мәтіндер жиынтығы қалыптасқан. Осының өзінен угариттік қоғамында ұзақ жылдарға созылған күресті байқауға болады. Элимильктің жазбалары бойынша сол кездегі эпос, мифтердің қалыптасуын б.з.д. ІІІ мыңж. соңы мен ІІ мыңж. басына жатқызуға болады.

Угариттік әйгілі әдеби ескерткіштердің қатарына Керет туралы эпос жатады. Бұл ескерткішті зерттеу барысында қол жеткізген болжамдар бойынша, шығармада б.з.д. ІІ мыңж. Угаритті басқарған патшалықтың ұрпағы туралы жазылғаны анықталды. Мұнда Керет жоғарғы құдай Элдің баласы ретінде сипатталған. Бізге жеткен үзінділерде Кереттің қалыңдық үшін жолға аттануы, құдайға берген уәдесі, оның орындалмауы мен Кереттің ауруға шалдығуы, науқасынан қайта айығуы мен өзінің тұңғыш баласымен тақ үшін болған күресі туралы айтылған.

Мұндай оқиға желісі ауызша фольклордың дәстүрлі әдісі болғанымен, Угаритте өзіндік ерекше сипатқа ие болған. Эпостағы Кереттің қалыңдық іздеуіне бас кейіпкердің әйелі мен балаларының өлімі түрткі болып, оның түсіне Эл құдайы еніп, Удм еліне бар деп аян береді. Кейін Керет ол елдің патшасы Пебелді қызы Машат-Хурайды әйелдікке беруіне мәжбүрлейді. Керет Эл құдайының айтқандарын бұлжытпай орындап, қызға үйленіп, бұл рәсімге халықтың басым бөлігі қатысады. Шын мәнінде, Кереттің жолға шығуы екі рет суреттеледі. Кереттің үйлену салтанаты қоғамдағы ең маңызды оқиға ретінде суреттеліп, алғашында ол Элдің өсиеті мен Креттің жорамалы, кейіннен шынайы өтіп жатқан құбылыс ретінде баяндалып, оған барлық ел қатысады. Бұл салтанат тек жеке отбасылық сиптта ғана емес, сонымен қатар өзіндік үлкен маңызға ие болған. Себебі Кереттің үйленуі қоғамға тек жақсылық пен береке әкелуі тиіс. Ал бұл жақсылық тек ел басшысының жақсылыққа кенеліп, ұрпағы болған жағдайда ғана жүзеге аспақ.

Эпостың маңызды сәттері Кереттің анты, оның уәдесінде тұрмауы, сырқаттануы және ауруынан айығуы болып табылады. Удм еліне сапарында сидондық және тирлік құдай Ашерат ғибадатханасына тоқтап, ол жолында сәттіліктерге жолығып қалыңдығын қолына қондырса, қайырымдылық жасап алтын-күміс тарту етуге уәде береді. Алайда Машат-Хурайды қолына түсіргеннен кейін уәдесін ұмытып кетеді. Сол себептен Ашерат құдайы оған кесел жібереді. Оның әскерлері қанша құрбандық шалса да, патшаның сырқаты асқынып, өлім аузында жатады. Кіші ұлы мен қызы жоқтай бастайды. Осы кезде Эл құдайы патшаға саздан өлім мен ауруды жеңетін Шааткатты әзірлеп, Керет ауруынан айығып, тамақтана бастайды. Өлім аузындағы әкесінің трагедиясына үлкен ұлы ешбір аяушылық көрсете қоймайды.

Келесі маңызды эпизодқа таққа мұрагелік үшін күрес айқын көрінеді. Керет ауруынан айыққаннан кейін, үлкен ұлымен билік үшін қақтығысуы басталады. Бұл жерде әдеттегі кең тараған эпикалық мотив өзіндік ерекшеліктерге ие болған. Баласы кез келген жағдайда әкесі Керетті тақтан тайдыру үшін бар күшін салады. Үлкен ұлы Йацциб әкесінің патшалық таққа лайық еместігін дәлелдемек мақсатында, әкесі туралы «ол қабілетсіз, қарапайым халықтың жағдайын жасамайды әрі денсаулығы жоқ» деп, билікті беруін талап етеді.

Ұлына ызаланған Керет оның құдайлардың қолынан өлім құшуына жалбарынады. Бізге жеткен ескерткіштердің үзінділері осы жерден аяқталады. Кейбір болжамдар бойынша, Кереттің қарғысы орындалған. Оқиғаға негізіне ежелгі заманнан бастау алатын тайпалық өмір мен угариттік қоғамдағы патшаның рөлі туралы алғашқы түсініктер өз әсерін тигізген. Патшаның өз міндеттерін қанағатанарлықтай орындамауы оны тақтан тайдырып, орнына жаңа билеушіні таққа көтеру үшін нақты себеп бола алатын. Мұнда патшаның өз ісіне қауқарсыздығы туралы мәселе теория жүзінде ғана емес, іс жүзінде қарастырылуы қызық факт. Бұны, әрине уақыт өте келе, израиль-иудейлік патшалықтың құлау тарихы куәландырады. Осы кездегі тайпалар тобының Соломон патшаның мұрагері Рехабеамды мойындамай, басқа патшаны сайлағаны дәлел бола алады.

Керет туралы эпоста кездесетін тағы бір қызықты оқиға - алғашқы таптық қоғамға дейінгі қоғамдық қатынаста (таптық қоғамға дейін патша аталған тайпаның немесе топтың әскери басшысы қызметін атқарғанын есте сақтауымыз қажет) науқас әрі әлсіз патшаны биліктен аластатуға мүмкіндіктің болуы. Осы оқиғаның анологиялық үлгісі египеттік хебап рәсімінде және римдік regifuium т.с.с. көрініс тапқан. Алайда, Керет туралы жырда билікке үміткер ретінде патшаның баласы келтіріледі де, соңында құдайлардың көмегімен Керет жеңіске жетеді.

Келесі угариттік жазба ескерткіш - Данэл мен оның ұлы Акхат туралы әңгіме. Бізге жеткен үзінділер арқылы әңгіменің толық мазмұнын қалпына келтіру мүмкін емес. Мұнда Данэлдің Акхат есімді ұлының дүниеге келуі туралы айтылған. Данэлдің өтініші бойынша Хусар-Хасис құдайлары Акхатқа керемет садақ дайындап береді де, әйел-құдай Анат болса сол садақты иемденгісі келіп, Акхатқа көтергенінше алтын-күміс ұсынады. Садақ ерлердің қаруы болғандықтан, Акхат оған келісе қоймайды. Сонда Анат Акхатқа өз махаббаты мен құдайларға ғана тән мәңгілік өмірді ұсынады. Бірақ, Акхат оған да келісімін бермейді. Ызаланған Анат Эл құдайынан Акхатты өлтіруге рұқсатын алады. Анат Акхатты Аблама қаласының шет аймағына аң аулауға шақырады да, Анаттың Йатпан есімді көмекшісі бұғыға айналып, Акхатты жазым етеді. Содан жер бетінде құрғақшылық орын алып, Данэл ұлын 7 жыл бойы жоқтайды. Ол киімін жыртып, жаңбыр жауу үшін дұға етеді, түрлі жыртқыш құстарға жем болған баласының өліміне қатты қайғырып, бұл зұлымдықты жасауға үлес қосқандардың бәріне де қарғыс айтады. Қорытынды үзінділерде келтірілген мәтіндер бойынша, ақырында Данэлдің қызы Пугат өз ағасы үшін кек алып, нәтижесінде Анат жеңіліске ұшырайды. Акхаттың бейнесінен өлімге қатысты жоралғылар мен аңшылық туралы аңыздардағы элементтреді кездестіруге болады. Сонымен қатар құдайлар арасындағы күрестер туралы, яғни әйел-құдай мен ажалды адам арасындағы ғажайып садақ үшін, аңшылық олжа үшін күрес суреттелген.

Бізге жеткен угариттік аңыз мәтіндерінде толық болмаса да, үзінді түрінде Құдіретті Ваал мен Анат, олардың күрестері, махаббаты, олардың Эл, Мот (өлім құдайы), теңіз құдайы Ашерат (Ашерат-Йам) пен Астара (қызметі жағынан Ваалға бара-бар құдай) т.б. түрлі құдайлармен күресі туралы әңгімеленеді. Қандада бір толық сюжетке қол жеткізу мақсатымен осы оқиғаларды белгілі бір реттілікпен жүйелеуге қаншама рет тырысқанмен, әлі күнге дейін нақты нәтижеге жете алмай келеміз. Бізге жеткен оқиғалар өзара толық байланысқа түспеген жекелеген көріністерден ғана тұрады. Мәтінде келтірілген кейбір белгілер бойынша, Құдіретті Ваал мен Анат туралы мифтер ғибадатханада орындалуға арналған.

Осы әңгімелердің ішіндегі ең маңыздысы Құдіретті Ваал мен Моттың күресі туралы жазылған поэма болып есептеледі. Бізге жеткен мәтіндерде бұл поэманың екі нұсқасы келтірілген. Бірінде Эл Ваалдың қазасына байланысты қара жамылса, екіншісінде Ваалдың өліміне қуанған Эл Ашерат-Йаммен бірге өзіне мұрагер тағайындайды. Осы тұрғыда Құдіретті Ваалдың Мотпен күресі туралы поэма фолклорлық дәстүрде берілген. Тұтас мәтіннің ішінде кездесетін түрлі нұсқалар баяндаудың ерекше тәсілі емес, керісінше Жерорта теңізінің жағалауын мекендеген ханааней халқының сөз өнерінде жиі кездесетін құбылыстың бірі.

Аңызға келсек, Мот Құдіретті Ваалды үйіне шақырып, оны мерт қылады. Эл мен оның әйелі Ашерат-Йам Ваалдың орнына Астар құдайын патша тағына отырғызады. Ваалды жоқтаған әйел-құдай Анат оған құрбандық шалып, Мотты өлтіреді де, оның денесін жер бетіне шашыратып тастайды. Сонда Ваал қайта тіріліп өз тағына қайта отырады. Жалпы Құдіретті Ваал мен Мот туралы шығарма жыл сайын жер шаруашылығына байланысты өліп, қайта тірілетін құдай туралы түсініктен туындаған болса керек.

Келесі бір нұсқада Ваалдың өзіне арнап зәулім сарай, яғни ғибадатхана салуы жайлы айтылады. Ол біреуді өлтіру мен жоюды жанындай жақсы көретін Анатты қонаққа шақырып, оған өз ойын айта отырып, Элдан үй соғуға рұқсат алуын сұрайды. Анат Элге аттанады да, осы тұста құрылысқа жауапты Хусар мен Хасис құдайына арналған Ваалдың елшілігі туралы білеміз. Келес бір нұсқа бойынша, Анат пен Ваал басында Элдің жұбайы Ашерат-Йамға барады. Басында дұшпан, кейін досқа айналған Ашерат-Йам Элдан үйдің құрылысын жүргізуге рұқсат алады. Ваал сарайды соғу үшін Хусар мен Хасисті шақырып, алтын мен күмістен үлкен зәулім сарай соғылып, бағалы әшекей тастармен безендіріледі. Алғашында оның терезесі болмайды. Кейін еш қауіптің жоқтығына көзі жеткен Ваал терезе аштырып, осы зәулім сарайда Ваал өзін барлық құдай мен адамзаттың патшасы етіп жариялайды.

Осы секілді аңыздардың бірінде, Эл өз баласы Йавтқа (Інжілдегі Яхвеге сәйкес келуі мүмкін) не Йамға дәл осындай зәулім сарай салып бергісі келіп, Йамды Ваалды патшалықтан қуып жіберуге шақырады. Ваалдың жағында Астар құдайы болады. Сосын Ваал мен Йама арасындағы күрес туралы айтылады. Йамды Ваал масқара еткеннен кейін, Эл құдайлар кеңесінен Ваалды оған беруін сұрап, оны құлдыққа алмақшы болады. Ызаланған Ваал оның жіберген елшісін өлтірмекші болады да, бірақ Анат пен Астар оны тоқтатады. Дегенмен шешуші күресте Ваал Йамды жеңеді.

Жоғарыда қарастырылған барлық поэмада жанама түрде болса да, ежелгі угариттік қоғамдағы халықтың күнделікті өмірі мен тұрмыс-тіршілігі суреттеліп, олардың құдайлар туралы түсініктері беріледі. Осы мәліметтерден үй салу үшін басшының рұқсатын алу керектігін (осы туындыда құдайлар патшасы Элдан), елді тек таза ниетті патша басқаруы керектігін байқауға болады. Сонымен қатар үйдің иесі атану қоғамда жоғары орынға ие болу дегенді білдіреді.

Құдіретті Ваалға арналған ғибадатхананың құрылысы туралы жырлар аңызға айналған құрлыстың аяқталуына байланысты салтанатта оқылуға арналған. Бұл шығарманың баяндалуы түрлі нұсқада келеді. Түрлі мәтіндерде Ваалдың құрлыс жүргізу тарихы түрліше айтылған. Сонымен қатар оның күресетін дұшпандары да түрліше келеді. Жалпы айтқанда, Ваал мен Анат туралы аңыз құдайлардың арасындағы билікке талас туралы кең тарап кеткен фольклорлық сюжеттің желісінде жазылған (орыс тілінде Ваал сөзі «қожайын» деген мағынаны береді).

Сол секілді осы аталған Угариттік мәтіндер ішінде ай құдайлары Йарих және Никкальдің неке қиуы туралы және драмалық түрдегі ақ ниетті құдайлардың Шахар мен Шалимнің туылуы туралы поэмалар осы бағыттағы шығармалардың ең ежелгісі болып саналады. Сонымен қатар мазмұны жағынан інжілдегі әңгімелерге жақын әнұрандар да табылған.

Композициялық және өлеңге тән техникалар жағынан угариттік поэтикалық шығармалар ассиро-вавилондық және Інжіл әдебиетіндегі осы ескерткіштерден айтарлықтай айырмашылықтары жоқ. Ондағы поэтикалық ритм әуенді сүйемелдеумен байланысты. Ең кіші поэтикалық бірлік әуенді тактқа сәйкес келетін екпінді сөз болып табылады. Өлең өлшемі қатардағы екпінді буынның санымен анықталады.

Угариттегі өлең-жырларда әдетте семиттілдік поэзияда жиі кездесетін «параллелизм» әдісі қолданылады. Сонымен қатар угариттік поэзияның фольклорлық сипаты тұрақты сөздердің қолданысы барысында көрінеді. Кейіпкерлердің сөз бастауы мен сәлемдесу де нақты конструкциялар арқылы берілген. Өлеңнің жазылу түрінде субъект қана өзгеріске ұшырап, ал басқа сөздер мен конструкциялар өзгермеген.

Угариттік поэтиканың келесі сипаттамасы, ол көптеген эпикалық қайталаулар болып табылады. Оны біз Керет туралы поэмадан байқай аламыз. Алғашында Удмға қалыңдыққа баруы, Элдің түсінде берген аяны, т.с.с. көптеген ұқсастықтарға ие. Анологиялық қайталану тағы да басқа поэмаларда кездеседі. Мәселен, Ваалдың сарайын соғу барысында айтылган өлең жолдарында көптеген ұқсастықтар, яғни қайталаулар кездеседі:

Бұл мәтіннің қайталаумен қатар тағы бір стилистикалық ерекшелігі, ол ұзаққа созылған көріністі суреттеуде рефреннің қолданылуы. Ваалға арналған сарайдың құрылысы кезінде үлкен көлемді алтын мен күмісті балқыту қажет болған жағдайдаға қатысты былай делінеді:

Үйде шоқ, сарайда от жақтық,

Екінші үшінші күні де үйде шоқ, сарайда от,

Төртінші бесінші күні де үйде шоқ, сарайда от,

Алтыншы күнде де үйде шоқ, сарайда от,

Жетінші күні үйден шоқты, сарайдан отты жойдық...

Ваал мен Моттың күресі туралы:

Олар түйелерше соғысты,

Ваал күшті, Мот күшті,

Олар жыланша тістесті,

Ваал күшті, Мот күшті

Олар жылқыларша алысты,

Мот құлады, Ваал құлады.....

Угариттік жазушыларды өздерінің кейіпкерлерінің айналасындағы нақты көріністер қызықтырмады. Оқиға желісі табиғатты бейнелеу арқылы емес, оқиғаға қатысушылардың, адамдар мен жануарлардың іс-әрекеті мен олардың жағдайлары арқылы баяндалды. Мысалы, Керет туралы поэмада Пебела еліне жеткен апат жануарлардың жағдайын суретту арқылы көрсетіледі.

Кейбір кездейсоқ жағдайларда, автор бас кейіпкердің ішкі дүниесін айтқысы келсе, ол жалпы фразалар мен стереотипті салыстыруларды қолданумен ғана шектеледі. Мәселен, Керет туралы поэмада оның әйелі Машат Хурай туралы мына сөз жолақтары кездеседі:

Кімнің сұлулығы Анат сұлулығына тән,

Кімнің кереметтілігі Астарт кереметтілігіне тән,

Кімнің мойыншағы лазуридан да жарық....

Жыршылардың барлық назары адамдар мен құдайлардың нақты іс-әрекетіне бағытталған. Тіпті, кейіпкерлердің ішкі сезімі де олардың әрекеттері арқылы суреттеледі. Мысалы, Элдың қайғысы жерлеу салты кезіндегі жоралғылардан көрінеді. Дегенмен, мұндай суреттеу тек тұрақты сөздермен ғана берілген. Анаттың қасіреті де айтарлықтай өзгеріссіз дәл осылай суреттелген.

Жалпы угариттік жазушылар әрбір оқиғаға ежей-тегжелі тоқтала бермейді. Осыған ұқсас құбылыстарды Інжілдің прозалық әңгімелерінен байқай аламыз.

Б.з.д. І мыңж. бірінші жартысы мен орта кезеңіндегі финикийлік жазба бізге толығымен белгілі емес. Алайда, бізге жеткен жазба ескерткіштер арқылы сол кездегі финикийлік шығармалар мен өлең жолдары, олардың ерекшеліктері туралы пікір қалыптастыра аламыз.

Бізге сол кездегі жерлеу, арнау, құрылыс туралы жазбалар мен тарихи мазмұндағы мәтіндер белгілі. Інжілде кездесетін Ахирам патшасының саркофагтағы жазбаларында ғана поэтикалық мәтін кездеседі (шамамен б.з.д. 1300 ж.). Онда ел тыныштығын бұзған адамдарға арналған қарғыс формуласы жазылған:

Егер патшанаң патшасы

Немесе басшының басшысы

Немесе әскер басы библьде көтерілсе,

Және осы саркофагты алса,

Оның жезлі (мұндағы, жезл – өкімет басының символы) үзілсін,

Ол тағынан құласын,

Және әлем библьді қалдырсын...

Осыдан бұл дәуірдің әдебиетінде де өткен дәірдің сипаттары сақталғанын көруге болады. Жоғарыда аталған қарғыс мазмұны мен құрылымы жағынан угариттік поэзиямен ұштасады.

Осындай проза ретінде қаратепе жазбасын алуға болады (шамамен б.з.д. 720 ж.). Бұл жазбада Азитавадда патшасының іс-әрекеттері патшаның өз атынан айтылады. Автор өз шығармаларында бас кейіпкерлерінің әрекеттері мен олардың құдіреттілігін суреттеуге басты назар аударады: «Мен, Азитавадда әкемнің тағына отырдым, барлық зұлымдықты тоқтатып, барлық патшалықтармен бейбітшілік қатынасын орнаттым. Ұшы-қиыры жоқ мықты қамалдар салып, қара ниетті жандарға тосқауыл бола алдым, нағыз патша қызметін атқардым».

Осы баяндау тәсілінің де угкриттік эпикалық поэзияға жататынын байқауға болады. Алайда авторға қойылған шарт өзінің шығармадағы бас кейіпкерге аса көңіл бөлуіп, оның іс-әрекеттері мен ой–өрісіне, физикалық жағдайына баса назар аудару болып табылады.

Б.з.д. VІІІ ғасырдағы финикийлік авторлардың алдыңғылардан ерекшеліктері олардың тек адамдардың әрекеттерін суреттеумен шектелмей, адамдардың жандүниесіне, ішкі әлеміне терең үңіле түсуі болды. Кейін Библ жазбаларының бірінен (б.з.д. V- IV ғғ.) мынадай жазуларды оқи аламыз: «Библ билеушісі Йихавмилк патшаға құдай тек жақсылық сыйласын. Оның өмір жасын ұзартып, құдайлар мен осы елдің халқы алдында мейірімділікке бөлесін». Осы жазбалардан б.з.д. І мыңжылдықтың бірінші жартысында Финикияда кең таралған діни-этникалық оқудың әсерін көре аламыз. Сонымен қатар негізгі мақсаттары сопылық түсініктерді қалыптастыру болған иудейлік-израильдегі пайғамбарлардың уағыздары да осы кезеңге жатады.

Финикийліктер өмірге деген көзқарасының осыншама өзгеріп, алға ұмтылуының себебін білу үшін бізге жеткен ежелгі финикийлік қоғам туралы тарихи ескерткіштер мүлдем аз. Дегенмен, өмірге деген көзқарастың өсіп, дамығаны сөзсіз.

Б.з.д. ІV ғ. грек-македониялық шабуылдардың нәтижесінде, олар Финикияны басып алып, жалпы қоғамдық құрылымға зор әсерін тигізді. Александр Македонский басып алмас бұрын таяу шығыстағы грек басшылығының орнауына байланысты финикийліктер эллинизацяны қабылдауға дайын болды да, грек жазуы мен өмір сүру салты кең қолданысқа ие бола бастады.

Грек тілі ресми тіл ретінде қолданысқа түсіп қана қоймай, сонымен қатар күнделікті өмірде, білім беру жүйесі мен әкімішілік мекемелерде де қолданыла бастады. Осы жағдайда Библдық Филонның ортақ эллиндік жүйе ретінде финикийлік мифтерді кірістіріп жазған көрнекті еңбегі мысал бола алады (б.з.д. І - ІІ мыңж.).

Өкінішке орай, Филон еңбегінен бізге дейін тек үзінділер ғана жеткен, сондықтан оның құрылу тарихында да, оның мазмұны мен құрылмында да анықталмаған тұстары көп. Автор мұнда ежелгі жазушы Санхунйатонның еңбегінен табылған мәліметтерді келтіріп, оның жазуды ойлап тапқан Таавт құдайының еңбегін толық оқығандығы туралы айтады. Моисейдің Бескітабы (Пятикнижие) сияқты Финикия қоғамында өзінің мифологиялық құрастырушысы бар «қасиетті жазу» болған деген болжам да бар. Финикийлік діни жүйесін құруға қатысқандардың арасында Санхуниатон да болған. Бұл жерде Библдік Филон эллиндік кезеңдерге дейінгі салтты жаңғыртуы да мүмкін.

Арнайы зерттеуді қажет ететін діни-тарихи мәселелерге тоқталмай, Филон трактатына қатысты оның мазмұнында угариттік мифологимен қатысты тұстары көп екенін атап өту қажет. Мысалы, оның шығармасында кездесетін Хрисор (Хусор) атаулары угариттік қолөнер құдайы Кусар мен Хасиске сәйкес келеді. Филон еңбегінде құдайлар арасындағы билік үшін күрес туралы әңгімелерде оқиға желісі тұтас берілген. Бұл кітаптың тағы бір ерекше сипаты автордың евгемеризм тұжырымдамасының әсеріне ұшырап, финикийлік құдайларды грек құдауларымен теңестіруінде жатыр. Сонымен қатар шығармада элиндік дәуірде әйгілі болған философиялық-космогоникалық түсініктер орын алған. Оның ойынша, барлық тіршіліктің бастамасы ауа мен аласапыран болған: рухтың өздік дамуынан арман, ал рух пен арманнан – Мот (өлім) пайда болған. Осылар арқылы барлық тіршілік айналымға түсіп отырған.

Дегенмен, эллинизм дәуіріндегі финикийлік сөз өнерінде тек құдайларға қатысты мәселелер ғана туынап қоймады. Сонымен қатар тарихи дәстүрлер туралы жазылған шығармалар да маңызды орынға ие болды. Атақты Иудалық жазушы Иосиф Флавий Тир туралы жазбаларға сілтемелер жасаған. Оған қоса, финикиялықтар философиялық тақырыптарға да баса назар аударған болуы керек. Дәстүр бойынша, атомдық теорияны Мох ойлап тапқаны белгілі болса, стоицизмнің негізін қалаған Зенон да Китон (Кипр) қаласына шыққан финикиялық болған.

Б.з.д. І мыңж. Солтүстік Африкада, әсіресе, арабтардың басып алуына дейін өздерін ханааниян деп санап, финикия тілінде сөйлеген халық мекен еткен Карфагенде Финикия сөз өнерінің ерекше бір тармағы дамыды.

Карфагенде кең тараған жанрлардың бірі ұзақ саяхат туралы шытырман оқиғалы шығармалар болды. Бұл шығармалар теңіз шаруашылығымен байланысты қоғам үшін әдеттегі жағдай саналатын. Бізге осындай екі шығарма белгілі. Рим географы Авиенаның еңбегінде сақталған Гимильконның «Перипл» («Жүзу») шығармасында саяхатшының Британ аралдарына, тіпті Америка жағалауларына дейін жеткені айтылады. Грек тіліндегі аударма арқылы белгілі болған Ганнонның келесі бір «периплінде» үлкен экспедицияның Африканың батыс жағалауынан оңтүстікке қарай аттанып, сол жерде бірнеше отарларға ие болғаны туралы айтылады. Бұл шығармалар жанры жағынан тарихи жазбаларға жатады. Автор табиғаттың ерекше құбылыстары мен түрлі қорқынышты жағдайларын бүге-шүгесіне дейін суреттейді.

Келесі кең тараған карфагендік финикийлік әдеби жанр түріне тарихи әңгімелер жатады. Карфагендік тарихшылар Солтүстік Африканаң Финикияға дейінгі өмірі мен Карфагендік державаның тағдырына қызығушылық танытқан. Карфаген державасының тағдыры жайлы жазылған ескерткіштерге римдік Юстин арқылы Помпей Троганың «Филлиптің бастан кешкендері» және Саллюстийдің «Югуртин соғысы жайлы» шығармалары мысал болады.

Карфаген қоғамы ғасырлар бойы грек әлемімен тығыз байланыста дамыды. Карфогендіктерге грек тілін үйренуге тыйым салатын заңның өз күшінде болуына қарамастан, Карфоген әдебиеті элиндік әсерге ұшырамай қоймады. Карфагендік пантеонға жершаруашылығына қатысты грек құдайларыда кірді. Карфогенде б.з.д. ІІІ ғ. өзінде грек әдебиетшілері өмір сүрді. Б.з.д. ІІ ғасырдың ортасында карфагендік Клитомахтың Афинадағы Академияны басқаруы қызық жайт болды.

Карфагендік қоғам ғасырлар бойы гректік әлеммен тығыз байланыста өмір сүріп, дамыды. Нәтижесінде Солтүстік Африка мен Жерорта теңізінің шығысындағы финикийлік әдебиеттің дамуы эллиндік үдерістен көрінді.

Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар

  1. Элимильктің жазбалары туралы не айта аласыз?

  2. Угариттердің әлемге танымал шығармаларының бірі Керет туралы эпос нені суреттейді?

  3. Данэл туралы мифтер желісі туралы және оның басқа мифтермен үндестігі?

  4. Құдіретті Ваал және Анат туралы мифке тән тың дүниені атаңыз?

  5. Угариттік кезеңдегі қоғамдың айнасына айналған мифтердің негізгі идеялық мазмұны?

  6. Хабарлаушы проза ретіндегі Каратепе жазбасына тоқталыңыз

  7. Угариттік әдебиеттің әлем әдебиетіне қосқан үлесін қорытындылаңыз?