Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Древ лит.doc
Скачиваний:
9
Добавлен:
10.11.2019
Размер:
1.76 Mб
Скачать

Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігі

әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Д.Т.Көптілеуова

Ежелгі әлем әдебиетінен лекциялар курсы

Оқу құралы

Алматы 2011

Пікір жазғандар:

Филология ғылымдарының докторы, профессор А.С.Ісімақова

Филология ғылымдарының докторы, профессор Г.Е.Надирова

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент П.Әуесбаева

Көптілеуова Д.Т.

«Ежелгі әлем әдебиетінен лекциялар курсы»: Оқу құралы. – Алматы, 2011.

- 224 б.

Оқу құралы әлем әдебиеті дамуының ежелгі кезеңдерінің фольклорынан бастап б.з.д. уақытты қамтиды. Азия мен Африканың ертеректегі /мысыр, шумер, хеттік-хуриттік, угариттік-финикийлік/ әдебиеті, кейінгі /қытай, үнді, иран, еврейлік/ классикалық әдебиеттері және еуропалық антикалық /грек, латын/ әдебиеті жайлы танымдық материалдарды қамтиды. Оқу құралы «Шығыс филологиясы», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология: қазақ тілі», мамандықтары студенттеріне, магистранттарға және әлем әдебиеті тарихына қызығушы оқырмандарға арналған.

Мазмұны

Мазмұны .................................................................................................................. 3

Алғы сөз .....................................................................................................................4

Тақырып 1. Ежелгі Месопатамия әдебиеті............................................................5

Тақырып 2. Аккадтық-вавилондық әдебиет.........................................................15

Тақырып 3. Ежелгі Мысыр әдебиеті.....................................................................26

Тақырып 4. Ежелгі Угариттік-финикийлік әдебиет.............................................39

Тақырып 5. Ежелгі Қытай әдебиеті ......................................................................48

Тақырып 6. Ежелгі Қытай әдебиеті /жалғасы/.....................................................61

Тақырып 7. Ежелгі Үнді әдебиеті..........................................................................74

Тақырып 8. Ежелгі Үнді әдебиеті /жалғасы/........................................................89

Тақырып 9. Ежелгі Иран әдебиеті ........................................................................96

Тақырып 10. Ежелгі Еврей әдебиеті....................................................................108

Тақырып 11. Ежелгі Грек әдебиеті......................................................................124

Тақырып 12. Ежелгі Грек әдебиеті /жалғасы/.....................................................142

Тақырып 13. Эллиндік әдебиет............................................................................158

Тақырып 14. Ежелгі Рим әдебиеті.......................................................................168

Тақырып 15. Ежелгі Рим әдебиеті /жалғасы/......................................................184

Негізгі әдебиеттер ..................................................................................................206

Қосымша әдебиеттер ..............................................................................................206

Қазақ және орыс тілдеріне аударылған әдебиеттер.............................................206

СӨЖ тақырыптары..................................................................................................207

Глоссарий.................................................................................................................209

Қосымша

-Тестік сұрақтар мен жауаптары............................................................................210

-Синхронды кесте....................................................................................................220

Алғы сөз

Жоғары оқу орындарында «Шетел әдебиеті» пәнін үш семестр «Ежелгі әлем әдебиеті», «Ортағасырлардағы шетел әдебиеті» және «Қазіргі заман шетел әдебиеті» оқу жоспарына лайықталып оқытылады. «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология: қазақ тілі», «Шетел филологиясы» мамандықтары бойынша тәлім алатын студенттерге қазақ тілінде оқыту дұрыс жолға қойылғанмен, әлі күнге дейін кредиттік оқу жүйесіне лайықталып дайындалған арнайы оқулық, оқу құралдарының тапшылығы көрінеді. Десек те С. Әшімханованың «19 ғ. Батыс Еуропа әдебиетінің тарихы» атты оқу құралы, С.Дүйсенғазиннің «Шетел әдебиетінің тарихы» атты оқулығы жарық көрді. Соңғы кітапты автор мүмкіндігінше кредиттік жүйеге лайықтап құрастырған, өз оқулығында ежелгі әдебиеттен антикалық дәуір әдебиетін қарастырған. Ол түсінікті, өйткені оқулықтың мақсаты шетел әдебиет тарихын қамтиды.

Алдарыңыздағы лекциялар курсы шетел әдебиетінің ажырамас бөлігі - Ежелгі әлем әдебиеті тарихына арналған. Ежелгі әлемнің адамзат тарихы мен оның дамуына, өркениеттердің қалыптасуындағы зор үлесін айтудың өзі артық. Бұл кезең бірнеше мыңжылдықтарға созылып, ұзақ уақытты қамтыды.

Оқу құралында қарастырып өткен алуан түрлі өркениет пен әдебиеттерді дәстүрлі жүйе бойынша үш кезеңге: Ерте кезеңді – ежелгі деп, Орта кезеңді классикалық, кейінгі кезеңді жаңа деп бөлдік. Әр кезең өздігінше үлес қосу арқылы тарихта түрлі орынға ие болғанынан хабардармыз. Осындай күрделі тарихи үрдістер ежелгі әлемдегі Жерорта теңізінің жағалауындағы Тигр және Евфрат аумағында жүрді. Мұндағы басты рөлге шумерлер, кейін аккадтар, семиттіктер, финикийліктер, еврейлер мен хеттіктер, үнді европалық тілге жататын этникалық топтар ие болды. Сол секілді б.з.д. ІІІ ғ. ежелгі евро–афро–азияттық аумақтағы Эгей өркениетінің үшінші кезеңі, ал б.з.д. ІІ ғ. крит-микендік кезеңдерді айтпай кетуге болмайды. Бұл дәуірдің ескерткіштері осы күнге дейін жеткен. Кезекті ежелгі үнділерге берсек, мұнда б.з.д. ІІІ-ІІ мыңжылдықтарда керемет «Махенджо–Даро және Хараппа» деп аталатын өркениет өмір сүрсе, Хуанхэ өзенінің бойында Яншао өркениеті болғаны белгілі. Қорыта келе, ежелгі әлемдегі мәдениетті қалыптастырған үлкен үш мәдени-тарихи орталықтарды айтуға болады: Шығыс-азия, Оңтүстік-азия мен Евро–афро–азия территориялары. Осы негізгі үш аймақ бүкіл адамзат тарихы мен мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан.

Оқу құралы 15 лекцияға бөлініп, тақырыпты пысықтауға арналған сұрақтар берілді. Оқу құралында студенттердің өздік жұмыс тапсырмалары, негізгі және қосымша әдебиеттер тізімі, аудармалар тізімі, глоссарий және оқушы өзі-өзі тексере алатын, жауаптары көрсетілген қосымша тестік сұрақтар мен синхронды кестеден тұрады.

Оқу құралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігі бекіткен типтік оқу бағдарламасы мен Мемлекеттік стандартқа сәйкес /1 кредит – 45 сағатқа/ құрастырылған.

1 Тақырып

Ежелгі Месопотамия әдебиеті

Шумер өркениеті дүниежүзіндегі ежелгі мәдениет ошақтарының бірі болып саналады. Қосөзенде, яғни Тигр және Ефрат өзендерінің аңғарында б.з.д. IV мыңжылдықтың өзінде таптық қоғам пайда болды. Бірақ Мысырмен салыстырғанда Қосөзен мәдениеті біркелкі болмады. Оның құрылуына тілі бізге белгілі тілдік топтардың біріне де жатпайтын шумерлер, көне еврей, финикийлік, араб тілдеріне ұқсас семит тілдерін қолданатын аккадтықтар (вавилондықтар мен ассириялықтар), Солтүстік Месопотамия мен Солтүстік Сирияда мекендеген хуриттер мен көптеген басқа халықтар қатысты. Қосөзендегі жазу жүйесі шумерлерден бастау алды деген болжам бар. Олардың хат жүйесі (сына жазуы) аккадтықтар, сонан соң алдыңғы Азияның басқа халықтарына әсер ете дамып, үш мың жыл бойы қызмет етті. Демек, көне сына жазуын оқи отырып, өркениеттің ертерек кезеңдерінен бастап ұзақ уақыт аралығындағы әдебиеттің қалыптасу жолдарын зерттеу мүмкіндігіне ие боламыз.

Сақталып қалған шығармалардың (бізге жеткен жүздеген әдеби ескерткіштер бар) ішінде сына жазулары рим мен грек әдебиетінен басқа барлық ежелгі әдебиеттерден асып түседі. Шынында, сына жазу әдебиетіндегі шығармалар көлемі жағынан ауқымды емес. Себебі ауыр әрі көлемді балшық тақтайшаларда ұзақ мәтіндерді жазу қиынға соқты. Сондықтан да бізге жеткен ең көлемді деген сына жазу ескерткішінің өзі екі-үш мың қатардан аспайды.

Сына жазу әдебиетін оқып-үйренудің өзіндік қиындықтары бар. Шын мәнінде, бізге жеткен Шумерлік әдеби мәтіндердің көпшілігі шумер тілі жойылған уақытпен сәйкес келеді (б.з.д. XІХ-XVІІІ ғғ.). Вавилон – ассириялық ескерткіштердің де жазылған мерзімін анықтау көптеген қиындықтар туғызады. Сына жазуларының жазылу уақытын қалай анықтауға болады? Осы мақсатапен кейде жазудың тілдік ерекшелігі зеттеледі, бірақ онда тілдік тәсіл ретінде көнерген сөздердің де қолданылу мүмкіндігін естен шығармауымыз керек. Сондықтан бұл әдісті тиімді деп айта алмаймыз.

Мәтіннің мерзімін көрсетуді сына жазу әдебиетін оқып-үйренудегі ең күрделі мәселе деп айтуға болмайды. Кейде оны мәтіндегі жер-су атаулары арқылы білуге боласа, кейде мәтіннің шыққан кезін ондағы белгілі кезеңге сай түсініктер мен оқиғалар арқылы анықтауға болады (мысалы, аккадтық Гильгамеш жайлы эпоста Вавилонның бас құдайы Мардуктың ескерілмеуіне байланысты, эпостың б.з.д. 18 ғасырда пайда болғанын шамалап болжауға болады). Бірақ ең сенімді әдіс мәтіннің шығу тарихын оның стилистикалық ерекшеліктері арқылы анықтау болып табылады, себебі шумер-вавилон әдебиетіндегі стиль дамуының нақты мерзімдері белгіленген дәуірге тән фразеологиялар, кейде тіпті кейбір әдеби шығармаларда көрсетілген патша жазбаларынан көрінеді. Қосөзендегі жазу б.з.д. ІV мыңжылдықта пайда болғанымен, әдебиет те, сәйкесінше, сол уақытта пайда болды дегенді білдірмейді. Бұл жерде ауыз әдебиетінің түрлі шығармалары мен жанрларының жазба әдебиеттің жетістігі еместігін ескеру қажет. Себебі, әдебиеттің даму үрдісі жазба мәтіндерде толық көрініс таппаған. Жазу өнері бастапқыда тек шаруашылық мұқтаждықтар үшін ғана жасалынып, ертедегі ескерткіштер негізінен шаруашылыққа қатысты мәтіндер болды. Кейін бұл өнер әдеби мәтіндерді жазуға қызмет ете бастайды. Өз кезегінде, әдеби мәтіндерді жазудың оқу және діни секілді екі мақсаты болды. Сондықтан шумер және аккад әдебиетінде проза, махаббат лирикасы және т.б. жанрлар туралы мағлұматтар өте аз кездеседі.

Шумер әдебиеті

Қосөзен тарихында Шумер кезеңі шамамен мың жылға созылып, Тигр мен Ефрат аңғарында ежелгі таптық мемлекеттер қалыптаса бастаған б.з.д. IV мыңжылдықтың соңынан б.з.д. ІІІ мыңжылдықтың соңына дейінгі кезеңді қамтиды. Шумер халқының тегі әлі жұмбақ, тіпті анық қайдан келгені де белгісіз. Тілі өз төңірегіндегі ежелгі халықтардың ешқайсысына ұқсамайды. Олардың көпшілігі көп буынды сөздерден тұратын болса, шумер сөздері көбіне бір буынды сөздерден тұрды. Олар иленген саз балшықты әрқилы қалыпқа түсіретін аяқпен теппе зырылдауықты, диірмен мен соқаны, доңғалақ пен желкенді қайықты, мыс, қола құймаларын, күн тізбесін алғаш ойлап тапқан халық. Шетінен математик, астроном, жер өлшеуші болған. Гемопатиялық медицинаның қалыптасуына әсер етіп, заңды, аспан денелерінің адам ағзасына әсерін жүйелеген. Олардан қалған қыш тақтайшаларының талайы ежелгі рецептер мен ібіліс сиқырынан аман сақтайтын магиялық формулалар болып табылады. Құрылыста күмбез, нақыш, фриз, шыны-шытыра, тас қашау, металл безендіруді бірінші боп пайдаланған. Арасына сабан, қамыс салып, қам балшықтан кірпіш басу, қыш кірпіш, ағаш бөлшектерден үй салуды кең өрістеткен. Тұрған үйлері төрт бұрышты, қосқабатты, аспалы бақты болған. Су құбырларын тартып, Қалаларының қақ ортасында жебеуші тәңірінің құрметіне арналған алып ғимарат орнатып, сәулет өнерімен бірге мүсін өнерін де дамытқан. Музыка аспаптары мен музыка теориясын да бірінші боп қалыптастырған шумерлер. Аспан-Жер-Жерасты бір-бірімен бағыныштылық жолымен байланысып тұрған кешенді құбылыс деп түсінген. Осылайша шумерлер таңғажайып мәдениеті қалыптасқан халық болатын.

Б.з.д. ХХІV-ХХІІ ғғ. шумерлер аккад әмірлігінің қол астына кіреді. Аккад билігі кезінде шумерлер де, олардың дәстүрлері де жойылған жоқ, дегенмен аккадтықтардың әсері Қосөзен бойындағы көркем өнердің дамуында айқын көрініс тапты. Шумерлердің тәуелсіз тарихының соңғы кезеңі құл иеленушілік мемлекеттің толық қалыптасып, оның идеялогиясының түзелуі, пантеон жүйесі мен салт жораларының реттелінген кезіне, яғни ІІІ Ура және Исин әулиетінің басқаруы (б.з.д. ХХІ ғ.) тұсына сәйкес келеді. Осыдан соң Қосөзен Вавилонның билігіне өтіп, шумерлер тәуелсіз халық ретінде өмір сүруін тоқтатады.

Бізге жеткен Шумер әдебиетінің ескерткіштері шумерлер аккадтықтармен етене араласып, аккад тілі шумер тіліне қарағанда кең қолданыста болған б.з.б ХІХ-ХVІІІ ғ. сейкес келеді. Бұл ескерткіштер шумер тілінде не шумер-аккад тілінде жазылған шығармалар немесе олардың көшірмесі болатын. Осыдан біз шумер мәдениетінің Қосөзен тарихында үлкен орынға ие болғанын көре аламыз.

Жоғарыда айтылып кеткендей, ертедегі шумер мәтіндері жөнінде мәліметтер өте аз. Алайда 60-жылдардың ортасында Америка археолог-тарының қатысуымен ежелгі шумерлік мәдени орталық болып табылатын Ниппурға жақын Абу-Салябих деген жерде шамамен б.з.д. XХVІІ- XХV ғасырлар аралығына жататын үлкен мұрағат табылды. Ондағы алуан түрлі сына құжаттардың ішінде ұрандар, аңыздар мен ғибратнамалар болды.

Шумерлерде патша жазулары І Ура әулиетінің билігі басталғанға дейін, яғни б.з.д. ІІІ мың жылдықтың екінші ширегінде пайда болды. Алғашқы мұндай жазулар ғибадатхана мен каналдардың құрылысымен байланысты болып, негізінен «Мынадай құдайға мынадай ғимарат салынды» деген бір ғана сөйлемнен тұрды. Кейін сөйлемдер күрделене түсіп, соғыстар жайлы айтыла бастайды. Кейбір жазулар нағыз әдеби ескерткіштер ретінде қабылданады.

Б.з.д. ІІІ мыңжылдықта жазулардың ауқымы кеңейіп, мазмұны түрлі кейіпкерлер мен көріністер арқылы байи түсті. Сондай шығарманың бірі Лагаш қаласының билеушісі Эаннатуманың (б.з.д. ХХV ғ.) «Қарақұс стеласында» соғыс алаңындағы көріністер суреттелсе, Лагаштың тағы бір билеушісі Энметеннің (б.з.д. ХХІV ғ.) жазбасында Лагаш пен Умма қаларының тарихы баяндалған.

Уақыт өте келе жазуларлардың тек көлемі кеңейіп қана қойма, олардың стильдік негіздері қалыптасып, әсерлі әрі бейнелі сөздермен өрнектеле бастады. Мұндай туындылар нағыз әдеби ескерткіштер ретінде қабылданады. Мысалы, б.з.д. ХХІІ ғ. Лагаш қаласында билік еткен Гудеаның поэтикалық жазуларында тек ғибадатхананың құрылысы жайында ғана емес, сонымен қатар құрылыстың жүру барысы мен себептері, ғимараттың әсемдігі мен тазалығы, Құдайдың тарапынан берілген аяндар туралы да баяндалған.

Кейінірек шумерлер мен вавилондықтарға тән өте қызық жалғанжазу (псевдонадпись) жанры пайда болады. Стиль жағынан ежелгі жазуларға ұқсағанымен, онда оқиға бірінші жақта баяндалады. Жалғанжазуларда әскери жағдайлар мен шынайы тарихта орын алған қарулы қақтығыстар туралы суреттеледі. Ескерткіштің бұл түріне Адабтың аңызға айналған патшасы Лугальанемундудың аналласы мен Уруктың патшасы Утухенгали мен Кута қаласының билеушісі Тириканның арасында болған қанды шайқасты суреттейтін шығарманы жатқызуға болады.

Кейде тарихи құнды мазмұндағы ескерткіштер кездеседі. Соның ішінде ежелгі шумерлік Ниппур қаласындағы «Туммаль ғибадатханасының» қабырғаларындағы жазуларда оны салған, не қайта жөндеген қала басқарушыларының есімдері, солардың ішінде Урук патшасы Гильгамеш, оның баласы Ур-Нунгаль, Киш қаласының билеушісі және Гильгамештің қарсыласы Энмебарагес пен оның ұлы Агга есімдері келтіріледі. Бұл мәліметтер басқа мағлұматтармен бірге шумер-аккад жырының белгілі батыры Гильгамештің тарихи тұлға екендігін көрсетеді.

Шумер тарихының хронологиялық арқауын құрастыруда өте маңызды саналатын «Патша тізімі», сондай-ақ ІІІ Ура әулиеті тұсындағы «Жыл атауларының тізімі» де өте қызықты. «Патша тізімі» бірыңғай және мәңгі «патшалық» идея – «нам- лугальды» қамтиды.

ІІІ Ура әулиеті кезіндегі «Жыл атауларының тізімін» алғашқы хроника немесе жылнама деп есептеуге болады, онда әр жыл сол жылда болған бір оқиғаға байланысты аталды. Мұндай тізімдер Аккад әулиеті кезеңінде жазыла басталған (б.з.д. ХХІІІ ғ.), бірақ бізге жетпеген.

Бізге жеткен бірнеше шумер мәтіндерін шумертанушы ғалым С.Н. Крамер әдеби каталог ретінде баспаға ұсынды. Салыстырмалы түрде бұл мәтіндерді анықтау қиынға соқпады, себебі шумерліктер мәтіннің атауы ретінде шығарманың бірінші жолының басын алған, ал тізімде белгілі ескерткіштер қатары болды. Каталогтағы мәтіндердің ежелгісі ІІІ Ура әулиетінің уақытымен, ал соңғысы б.з.д. І мыңжылдықтың ортасымен сәйкес келеді. Қосөзенде тек абыздар ортасында ғана сауаттылық таралған десек қателесеміз, себебі, тіпті жекеленген үйлердің өзінде көптеген әдеби мәтіндер табылған. Шумерлік каталогтардан бізге 87 әдеби шығарманың атауы жетті. Олардың біразының авторлары көрсетілген, көпшілігі аңызға айналған.

Біздің заманымызға дейін каталогтағы аталған ескерткіштердің шамамен үштен бірі (шамамен 32-сі) жеткен. Әрине, канондық тізімдер барлық әдеби мәтіндерді қамтымады, себебі сақталған шығармалардың бірқатары онда келтірілмеген болатын.

Шумер әдебиетінің шамамен 150 ескерткіші белгілі (көбісі фрагментарлы түрде). Олардың арасында ғибадатханада құлшылық етудің бір бөлігі болып табылатын өлеңмен жазылған аңыздар, эпикалық әңгімелер мен жалбарынулар, құдайлар мен патшаларға арналған ұрандар, діни өлеңдер, махаббат әндері мен жоқтаулар да болды. Олар ғибратнамалар, ақыл-өсиеттер, дау-сұхбаттар, сондай-ақ мысалдар, күлдіргі әңгімелер, жаңылтпаштар мен мақал- мәтелдерге бай еді.

Шумерлер әрбір әдеби шығарманың соңына жанрын белгілеп отырған: мақтау өлеңі, диалог, жоқтау т.б. Кейбір жағдайларда классификациялық белгілер орындалу сипатын немесе әннің орындалуын көрсеткен (сыбызғы жоқтауы, барабан әні т.б.). Өкінішке орай, шумерлік топтастырулар дәл қазіргі түсінігімізбен үйлесіңкіремейді.

Шумерлер дінін қауымдық мәдениетке негізделген сенімдер ретінде анықтауға болады, басқаша айтқанда, ол діннің ежелгі типіне жатты. Діни нанымдарда этикалық оқуларға қарағанда сиқырға арналған салттар маңыздырақ саналып, қауымдар арасында өздеріне жақын әрі қорғаушы түрлі құдайлары болды.

Шумерлердің ежелгі орталығы Эреду қаласында Энки (аккадша Эа) құдайын даналық құдайы әрі құдайлар мен адамдардың төрешісі деп есептелген. Сондай-ақ, Энки Жер асты құдайы мен дүниежүзілік теңіз билеушісі де болған. Келесі шумерлік ірі орталықтардың бірі Ур қаласында Нанну немесе Зуэна құдайы ай билеушісі деп саналды.

Б.з.д. ІV мыңжылдықта Урук /Ур/ қаласының қорғаушысы атағына ие болған Инанна (Иннин) аспан (Шолпан ғаламшары), махаббат пен соғыс құдайы саналды.

Ниппур қаласының бас қорғаушысы жалпы шумер құдайына айналған адамдар мен құдайлар патшасы Энлиль болды. Ал б.з.д. ІІ ғ. басы мен ІІІ ғ. соңы аралығында Қосөзеннің солтүстік бөлігінде, Мессопотамияда Вавилон қаласы пайда болғаннан бастап басты құдай Мардук болады.

Бізге жеткен мифологиялық ескерткіштердің барлығына дерлігі Ниппурадағы мектеп кітапханасынан табылған. Шумерлердің нақты жаратылысқа байланысты аңыздары бізге белгісіз. Дегенмен кейбір мәліметтерден шумерлердің әлем жаратылысы туралы түсініктерін болжауға болады. Барлық аңыздар бірдей кіріспеден басталып, онда құдайлардың көк пен жерді қалай жаратқаны туралы айтылады. Таза космогоникалық жазбалардың табылмағанына қарағанда, шумерлерде бұл жанр болмағанға ұқсайды. Шумерлік аңыздарда Әлемнің жаратылысы туралы кең сипатталмаса да, жердегі жаратылыс жан-жақты баяндалған. Мифологиялық әдебиеттерде жердегі тәртіпті реттеп отыратын құдайлардың жаратылуы, олардың міндеттері мен діни қызметтері, жер бетіндегі тіршіліктің пайда болуы мен тіпті түрлі шаруашылықтың дамуы туралы айтылады. Ең басты құдайлар ретінде Энки мен Энлильдің бейнесі келтіріледі. «Энки мен Шумер» деген әңгімеде Энки жер шарын кезіп, түрлі елдер мен қалалардың тағдырын анықтап, құрал-саймандарды ойлап тауып, адамдарды шаруашылыққа үйретеді. Ал Энлиль болса, ай құдайы Нанну, малшылық құдайлары Эмеш пен Энтен (Жаз бен қыс) және жер асты патшалығындағы бірнеше құдайларды жаратады.

Бізге жер бетіндегі адамның пайда болуы жөнінде екі аңыз жеткен. Олардың бірінде ірі-қара құдайы Лахар мен дәнді-дақыл құдайы Ашнан жөнінде айтылады. Олар Дулькугада құдайлар тауында Ануннактар олардың қабілетін пайдаланып, азықтану үшін жаратылған. Бұл уақытта жер бетінде ешнәрсе жаратылмаған етін, Ануннактар нанды жеп, сүтті ішу керектігін білмей, «қойлар сияқты өсімдіктер жеп, арықтан су ішетін». Кейін Лахар мен Ашнан жаратылған соң, Ануннактарға олар жасаған өнімдерді қолдану ұсынылады.

Екінші аңыз да адамның жаратылуына арналған. Онда адам қалай және кімнен жаратылғандығы мен оның пайда болуының басты мақсаты құдай үшін еңбектенуі екендігі көрсетіледі. Әлем жаратылғаннан кейін жерде тәртіп орнату керек болды, яғни жеміс жинап, мал бағып, құдайлар жаратқан құралдар арқылы жерді өңдеу қажет етін. Бірақ бұл құдайлар үшін ауыр болды да, Энки мен Нимах жер бетінде адам жаратуды шешеді. Олар адамды балшықтан жаратып, оның тағдырын анықтайды. Алғашында адамдар бақытты өмір сүріп, кейін бұл «алтын ғасыр» әлем топан суымен аяқталады.

Әлем топан суы туралы шумерлік аңыздар құдайлардың адамды асқан шеберлікпен жасағандарын, жер бетіндегі тіршіліктің жүйелі болғаны жайлы әңгімелерден басталады. Кейін құдайлардың адамзатты жою туралы шешім қабылдағанын айтады. Бірақ бұл шешімнің себептері нақты көрсетілмейді. Кейін Зиусудру құдайдың әмірімен үлкен кеме жасап, адамзат пен барлық өсімдіктердің қорғаушысы атанады.

Көптеген зерттеулерде құдайлар мен батырлардың ерлігі жөніндегі әңгімелерді аңыздар немесе батырлар жыры ретінде қарастырылады. Шумер әдебиетінде мұндай әңгімелердің он бірі белгілі, олардың тоғызында жанкеш батырлар ерлігі (құдайға теңелген патшалар), ал екеуінде құдайлардың (Инанна құдайы мен Эбех тауының құбыжығы арасындағы соғыс пен Нинурта құдайы мен Асаг есімді зұлым шайтан шайқасы) даңқты істері туралы айтылған.

Бізге жеткен барлық шығармаларды эпос деп атау өте қиын. Бірақ олардың көпшілігінде басты кейіпкердің дүниеге келген жерлері бір болғандықтан, оларды белгілі бір жүйе ретінде қарастыруға болады. Шынында да, шумерлік батырлар жырларында негізінен Урук әулетінің негізін алғаш қалаған Энмеркаре, осы әулеттің төртінші билеушісі Лугальбанде мен аккадтық жырлардың негізгі кейіпкеріне айналған Гильгамеш сияқты Урук қаласының үш билеушісі туралы баяндалады.

Шумер аңыздарын шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Бірінші топқа Урук билеушісі Гильгамештің Киш билеушісі Аггамен күресі жөнінде айтатын тек бір мәтін жатады. Бұл - жанрын батырлық өлең ретінде қарастыруға болатын бізге белгілі жалғыз шығарма. Бұл шығармада қиялғажайып көріністер мен бейнелер кездеспейді әрі оның желісі нақты тарихи оқиғалармен сәйкес келеді.

Аңыздардың екінші тобына «Энмеркар мен Аратта абызы» және «Энмеркар мен Энсухкешданна» атты екі мәтін жатады. Екі туындыда да Энмеркар мен Аратта қаласының жоғарғы абыздары арасындағы пікірталастар суреттеледі. Бұл шығарманың алғашқысында Урук қаласының билеушісі Энмеркар Инанна құдайының құрметіне арнап ғибадатхана салмақ болады да, алыстағы Иран таулы аймақтарындағы Аратта тұрғындарынан үлкен көлемді алымға ие болу үшін бұл қаланың абызына жұмбақ жасырып, елші жібереді. Энмеркар елші бұл қиын да ұзақ жұмбақты ұмытып қалмас үшін жазуды ойлап табады. Осылайша екі кейіпкер бір-біріне біз түсіне алмайтын сиқырлы жұмбақтар жасырумен болады.

Типі бойынша біріншісіне жақын келетін «Энмеркар мен Энсухкешданна жөніндегі өлеңнің» классификациясы мен уақытын белгілеу көптеген қиыншылықтарды туғызған. Екі аңыз да ертегілік элементтер, сиқырлы жұмбақтар т.с.с. толы, өйткені қиын да қызыл тілге бай екі қала билеушілері арасындағы дау-дамай кейінгі кезеңдегі шумерлік әдебиетке тән болған.

Аңыздың үшінші әрі көбірек сақталған тобын сиқырлы батырлар ертегісі құрайды. Олардың саны сегіз: «Инанна және Эбех тауының құбыжығы», «Ушнурта және Асаг кұбыжығы», «Гильгамеш және аспан бұқасы», «Гугальбанда және Хуррум тауы», «Гильгамеш және Хуллуппу ағашы», «Гильгамеш және ажалсыздың тауы», «Лугульбанда және Ангуд бүркіті», Энкиду және жер асты әлемі».

Бұл шығармалардың барлығы да мифологиямен байланысты. Оларда әлемдік ғажайып еретегілерге тән элементтер кездеседі. Әдеттегідей, басты кейіпкер ержүрек батыр тұлға басқа елге немесе жер асты патшалығына аттанып, жолда түрлі кедергілер мен қиындықтарға ұшырап, құбыжықпен алысып, қасиеті ағашты құлатуы қажет болады.

«Гильгамеш және ажалсыздың тауы» атты шығарма абыз Гильгамештің тауға жорыққа шығу ниетінен басталады. Ол Энкиду есімді құлының кеңесі бойынша Уту құдайынан жалбарынып көмек сұрайды. Уту өз мейірімділігін көрсетіп, Гильгамешке жеті құбыжық бейнесіндегі бойтұмар ұсынады. Жолда батырға жеті тау кезігіп, оның әрқайсысын осы бойтұмардың көмегімен асып өтеді. Гильгамеш кейін түсінде орман иесі Хуваваны өлтіру туралы аян көріп, қасиетті ағашты құлатады да Хувава өзің құдіретті күшінен айырылады. Оның басын жоғарғы құдай Энлильге әкелегенде, ол қатты ызаланып, Хуваваны өлтірушіге қарғыс айтады да, оның тылсым күшін табиғат құбылыстарына береді.

Жоғарыда айтылғандардан шумерлік батырлар жайлы әңгімелер өз мағынасындағы толық эпос емес, тек оның өте ерте түрі екенін көре аламыз. Шумер-вавилон ескерткіштерінен түрі эпикалық формалардың даму сатысын байқауға болады.

Гильгамеш туралы алғашқы шумерлік өлеңдер де, көне вавилондық нұсқалар да, б.з.д. І мыңжылдықтың алғашқы жартысында жазылған соңғы жырлар да батырлық эпостардың түптегін шешуде құнды мағлұмат болып табылады.

Шумер және ежелгі шығыс әдебиетіндегі ескерткіштерге қатысты айтылатын лирика ұғымы қазіргі кездегі бұл ұғыммен сәйкес келмейді. Себебі бізге жеткен шумер ескерткіштерінің барлығына дерлігі діни сипатқа ие. Лирикалық шығармаларға мынадай діни мәтіндерді жатқызамыз: әнұрандар, дұғалар, діни жырлар, жоқтаулар және т.б.

Шумер әдебиетінде әнұран жанры барынша толық берілген. Шумер әнұрандары ұжымдық, топтық орындауға есептелген, мадақталатын құдайға қызмет ететін мәтіндер болып табылады. Бұл құдайға жеке емес, тұтас ұжымның арнауы, ал әнұранды орындау кезінде пайда болған эмоциялар - ұжымдық эмоциялар.

Мифологияны зерттеуде әнұранның алар орны зор. Оның әр тұсында мифологиялық негіз жатыр. Осыған ұқсас ескерткіштердегі қайталаулар күшті әсер қалдырып, мәтінді жеңіл есте сақтауға көмектеседі. Бізге жеткен әнұрандардың көпшілігі Ниппурадан шыққандықтан, оның айтарлықтай бөлігі Энлиль мен оның баласы Наннаға арналған. Патшаларға арналған әнұрандардан құнды тарихи мағлұматтар ала аламыз. Шумерлердің бұл шығармаларды диалог, мадақ деген сияқты түрлі жанрларға жіктегеніне қарағанда, олар орындалу ырғағы жағынан ерекшеленген болуы керек.

Діни мәтіндерге, сонымен қатар, жоқтауларды да жатқызуға болады. Бізге жеткен ең көне жоқтауда Лагаш қаласының билеушісі Уруинимгин мен Умманың патшасы арасындағы қым-қиғаш ұрыс кезінде Лагаш қаласының құлауы туралы айтылады. Ал қалған жоқтаулар діни сипатта. «Аккада қарғысы» атты жоқтауда Иштар (Иннин) құдайы қарапайым адам Сарагонға ғашық болып, оны ұлы патша етеді. Оның тұсында ел өркендеп, дами түседі. Кейін оның немересі Нарам-Суэн Энлильдің құрметіне тұрғызылған ғибадатханасын қорлап, құдайға сөз тигізеді. Осы үшін ел үлкен жазаға ұшырайды.

А.С. Пушкин атындағы бейнелеу өнері мұражайының сына жазу жинағының арасында белгілі ғалым С.Н. Крамер анықтаған екі жерлеу өлеңдері сақталған. Бұл екі өлең - әкесі Нанна мен әйелі Навиртум өлімдерін жоқтайтын Лудингердің элегиясы.

Бірінші туындының бастауында әке ауруы суреттеледі. Кейін оның өлімі туралы толық баяндалып, оның әйелі мен балаларының және жоқтаушы абыздардың жоқтаулары келтіріледі. Қорытындысында жер асты патшалығында қазаға ұшырағанға құдайдан рахымы тіленеді.

Екінші өлеңде кіріспе қырық жеті қатардан тұрады. Ол негізгі бөлімнен шамамен екі жарым есе ұзақ жазылған. Кіріспе Навиртумның өлімі туралы суреттелуден басталып, онда Ниппура тұрғындарының қайғы-қасіреттері туралы айтылады.

Екі өлеңде жай жоқтау ғана емес, керемет әдеби шығарма. С.Н.Крамердің айтуы бойынша, бұл ескерткіштер шумерлік мектептердің қажеттілігне негізделіп құрылып, оқу мәтіндері ретінде қолданысқа ие болған.

Шумер жазба әдебиетіне тән ескерткіштердің арасынан махаббат лирикасы өте сирек кездеседі. Бізге жеткен мәтіндердің барлығы да толық мағынасындағы мааббат жырлары емес, тек үйлену салтына арналған діни өлеңдер. Әр бір қоғамның салтында ұрпақ жалғастыру үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Сондықтан да, Месопотамияда қасиетті неке қию салты басты орынға ие болды. Бұл жоралғының өту барысы туралы мәліметтер б.з.д. ІІІ мыңжылдықтан бастау алғандықтан, одан ерте кезеңдегі салттар туралы тек болжам жасай аламыз.

Шумер әдебиетінің ерекше жанрын мектеп мәтіндері немесе Эдуба мәтіндері құрайды. «Эдуба» сөзі «кесте үйі» не шумерлік жазғыштарды дайындаған мекемені білдіреді. Шумер мектебі сына жазудың пайда болуына байланысты қалыптасты, өйткені хат жүйесін игеру процесі күрделі және ұзақ дайындықты талап ететін болған. Ежелгі жазба ескерткіштердің арасынан (б.з.д. ІV мыңжылдықтың соңы - ІІІ мыңжылдық басы) оқу мәтіндері, жатқа жаттау үшін сөз тізімдері, кейінірек мақалдар, жаңылтпаштар табылды. Шумер мектебі б.з.д. ІІ мыңжылдықтан бастап дами бастады. Мектепте оқытудың бастапқы мақсаты таза тәжірибелік болды. Онда сарай шаруалары мен ғибадатхана үшін жазғыштар дайындалды. Метептің дамуына байланысты оқу бағдарламасы да кеңейе түсті. Онда математика, медицина, грамматика, сонымен қатар музыка сияқтысол кездегі барлық білім салалары оқытылды. Шумертану ілімінде эдуба мәтіндері деп оқу мәтіндерін атау қабылданған.

Эдуба әдеби мәтіндерін үш топқа бөлуге болады. Бірінші топқа мектеп өмірін және онда дәріс беруді суреттейтін шығармалар жатады. Олар арқылы мектепте қатаң жүйе болғаанын көре аламыз. Мектепте ұру жазасы қолданылған. «Әке мен оның жолы бомаған бала» атты шығармада сабағын нашар оқитын баласына әкесінің айтқан өсиетттері келтіріледі.

Екінші топқа дидактикалық шығармалар жатады. Ол үлгі-өнегеге, ақыл-кеңес пен өсиетке толы тәрбиелік мәні бар мәтіндерден тұрды. Сонымен қатар дидкатикалық шығармаларға екі жақтық тартыстар да тән. Онда әр бір тарап өз көзқарасы мен дүниетанымын қорғайды. Осындай шығармалардың бірі «Тарыққан трилогия» деп аталады. Таласқа түсушілердің бірі барлық нәрсе жақсы десе, екіншісі барлық нәрсе жаман дейді. Осы секілді тартыстар кейде әлеуметтік сын, кейде диолог түрінде келді.

Үшінші топқа халық даналығының жиынтықтары жатады. Бізге белгілі б.з.д. ХХVІІ ғасырға жататын ең көне оқу мәтіндерінің бірінде мақалдар жинағы келтірілген. Мақалдар тәжірибелік тұрғыда сына жазуларын үйрету үшін қолданылды. Мұндай мақалдармен қатар афоризмдер, анекдоттар мен мысалдардан тұратын көптеген жинақтар бізге жеткен. Бұл жинақтардың ішінен шумер ертегісінің бір ғана үлгісі кездеседі. Онда Адаба қаласынан шыққан қойшының таңғажайып шытырман оқиғасы суреттеледі.

Шумерлердің фольклорлық мәтіндерін түсіну өте қиын. Себебі онда күнделікті тұрмыс суреттеліп, ауызекі тілі қолданылады. Дегенмен осы мәтіндер арқылы жоғалып кеткен халық туралы көп мағлұмат алдық.

Осылайша, әлемдегі ең ежелгі әдеби ескерткіштер жарқын әрі түрлі суреттер ұсынады: мифологиялық мәтіндер, батырлар жыры, эпос негіздері, лирика мен драма, халық даналығы мен тарихи әңгімелер. Дегенмен, бізде бар мәліметтер бұл мәдениеттің кішкене ғана бөлігі. Себебі оның бір бөлігі әлі табылып, зеттелмеген, ал бір бөлігі ес-түссіз жоғалып кеткен. Бізге жеткен ескерткіштер өте аз болғандықтан, халық әдебиеті туралы тек болжаммен айта алмыз. Жазудың пайда болуы жаңа өнердің тууына негіз болғанмен, оның халық әдебиетінен бөлінуі үшін бірнеше ғасырлар қажет болды (Қосөзенде мың жыл немесе олан да көп уақыт қажет болды). Шумер әдебиеті ауызекі әдебиеттен жазба әдебиетке өту процесін ашып көрсетеді (Ауыз әдебиеті өз кезегінде жазба әдебиетпен бірге дамуын тоқтатпайды). Сондықтан шумер ескерткіштері әдебиетке қарағанда фольклорға жақын келеді. Алғашқы сатыда жазба әдебиеттің жеке жанр ретінде дамымауы шумер әдебиетінің ескерткіштерінде кездесетін шығарма құрылымының толық аяқталмауын, мәтіндердің логикалық байланысының болмауына түсінік бола алады. Бұл шығармалардың формасына қарап, оның мақсаты тек дайын мәтіндерді жинақтау болғанға ұқсайды.

Шығарма құрылымының толық аяқталмауы бұл туындылар шумер халық әдебиетінен басату алып, олар дауыстап оқуға немесе көпшіліктің алдында оқуға арналғандықтан, кейбір бөліктері алынып отырды. Мысалы, жоғарыда атап өткен Инана құдайы туралы аңызда Инана құдайының жер асты патшалығына сапар шегуінің негізгі себептері айтылмайды. Себебі тыңдармандар мен орындаушылар үшін ол белгілі жайт болатын. Онда алты ғибадатхана (кейбір нұсқаларды он екі) әсем суреттеледі. Инана сапарының алдында Ниншубурға өсиет қалдырып, үш күн, үш түнннен кейін не істеу керек (кейбір нұсқаларды жеті жыл жеті ай жеті күннен кейін дае көрсетіледі) екенін айтады. Ура қаласында Ниншубур Нанна құдайының алдында Инананың сөздерін қайталайды, Нанна оған көмек беруден бас тартқанда, бұл қатарлар Энка құдайының алдында үшінші рет қайталанады. Осылай бір үзіндінің қайталана беруі шығарманың есте жақсы сақталуына негіз болады. Мұндай қайталаулар ауыз әдебитіндегі ежелгі аңыздарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің бір тәсілі.

Жазудың қалыптасының бұл кезеңіндегі шығармаларына әсерлі әрі көркем жазылмаған деп айып таға алмаймыз. Шумер әдебиеті өте ерекше әсерлі элеметтерге толы. Бұл ертедегі метафоралық бейнелеуге байланысты. Бұл шығармалар оқырмандардың жан дүнисіне әсер етіп, түрлі сезімдер қалдыру үшін «құдайлар тілімен» жазылған ғажап өлең шумақтары етін.

Өкінішке орай, шумерлердің өлең құрылымдары мен баяндалу тәсілін түсіну вавилондық шумақтарға қарағанда көп қиындықтар туғызады. Дегенмен, шумер әдебиетінің ауызекі поэзиямен тығыз байланысы онда қолданылатын түрлі тәсілдер мен тілдік құралдардың қолданылу заңдылықтарын түсінуімізге көмектеседі. Онда өлең ырғағын көрсету үшін түрлі синтаксистік, синонимдік және анафорикалық параллелизм қолданылады. Көптеген мәліметтерге қарағанда, шумер поэзиясы аллитеративті. Себебі аяқталған ойды білдіретін қатардың соңы буын ұқсастығымен бітеді. Бұл поэзия жанрының даму бастамасы еді.

Шумерлік жазба әдебиетінде алғашқы қауымдық идеологияның таптық қоғамның жаңа идеологиясымен қақтығысу процесі көрініс табады. Ежелгі шумер ескерткіштерімен, әсіресе мофологиямен танысқанымызда, бейнелерді плэтизациялау мен идеализациялаудың жоқтығы көзге түседі. Шумерлік құдайлар жер бетіндегі жай ғана жаратылыс емес, олардың ішкі әлемі адамзатқа тән сезімдер әлемі емес, керісінше олардың бейнесі қоқынышты әрі ұсқынсыз, қатыгез әрі дөрекі ретінде суреттеледі. Құдайлардың тіршілікті тырнақтың астындағы кірден жаратуы, мас кездерінде адамдарды жаратуы, еш себепсіз адамзатты жою, мұның барлығы сол кездегі адамдардың әлем туралы алғашқы түсініктерін көрсетеді. Ал шумерліктедің жер асты патшалығына келер болсақ, онда мысырлық Осирусқа тән әділ сот та, адамдардың әрекетін өлшеу де жоқ. Олардың өлім туралы, оның қалай болатыны, о дүние туралы ешқандай түсініктері болмады. Оның себебі мысырлықтарға қарағанда Қосөзен бойында мекендеген халықтар табиғат қаталдығын жиі көргендіктен болар (су тасқыны, табиғи байлықтардың аздығы, құм болардары мен ылғал ауарайы). Сондықтан пайда болған жаңа идеология табиғақа деген осындай қорқынышты сезімдерге қарсы тұруы керек болды.

Қосөзен мемлекеттерінде таптық қоғамның жаңа идеологиясы орнағаннан кейін, әдебиеттің мазмұны да өзгеріске ұшырап, олардың жаңа түрлері мен жанрлары дами бастады. Жазба әдебиетінің ауызекі әдебиеттен бөліну процесі тез әрі қарқынды жүрді. Шумер қоғамының соңғы даму сатысында дидактикалық шығармалар пайда болып, мофологиялық көріністер жүйеленіп, жазба әдебиетінің жаңа бағыттары дүниеге келе бастады. Алдыңғы Азия әдебиетінің осындай жаңа даму сатысын тарих сахнасынан жойылған шумерлердің мәдени мұрагерлері - вавилондықтар (аккадтықтар) жалғастырды.

Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар

  1. Шумер жазбалары нені баяндайды?

  2. Гильгамеш жырына тоқталыңыз

  3. Эдуба мектебі мен эдуба әдеби мәтіндерін топтаңыз

  4. Шумерлік әдебиетке тән жанрларды атаңыз