Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Древ лит.doc
Скачиваний:
9
Добавлен:
10.11.2019
Размер:
1.76 Mб
Скачать

14 Тақырып Ежелгі Рим әдебиеті

Рим алғашында орталық Италиядағы латын тайпаларының аз ғана саяси орталығы болып саналды. Римнің солтүстіктегі көршілері шығу тектері анықталмаған шығыс және грек элементтері үйлесушілігімен ерекшелінген мәдениеті дамыған этрус халқы болса, шығыста – оскстық (латынға туыстас) тілде сөйлейтін италийлік тау тайпалары мекендеген. ҮІ-ІҮ ғғ. аралығында Рим біртіндеп туыстық бірлестіктен құл иеленуші мемлекетке айналды. Бұл процесс Римде де екі жүз жыл бұрынғы Грециядағыдай өтті. Римге бір жағынан этрустік сауда-қолөнер полистеріне қарсы, ал екінші жағынан италийлік тау тайпаларына қарсы жүргізілген күрес айтарлықтай қиындықтар әкелді. Бұл жағдай Римге барлық күшін жұмылдыруды қажет етті. Соғыстағы қатал тәртіп, мемлекеттегі қатаң заңдар, отбасыдағы әкенің қатаң әмірі – рим қоғамының осы уақыттағы негізі, тіпті халық жиналысы да Римде әскери жағдайда ұйымдастырылды.

Римнің италийліктер және этрустермен күресі жеңіспен аяқталды. ІІІ ғ. орта шенінде Италия толық Рим иелігіне өтті. Рим бір уақытта латындық құрлық пен судың тоғысқан жерлерін иеленуші сауда нүктесіне айналды. Қарсыластарынан артықшылығы, міне, осы жерде болды. Сауда полисін дамытумен сыртқы мәдени ықпалдар кең қабылданса да, римдіктер өзіндік дәстүрлі әдет-ғұрпын жоғалтпауға тырысты. Ертедегі Римнің рухани мәдениеті италийлік, этрустік және гректік элементтерінің синтезделуімен сипатталады.

Италияның Римге күшпен қосылуының себебінен де италийлік мәдениетінің тілі, енді латын тілі есептелді. Ал оскс тілінде әдебиет қалыптаспады /окс фольклоры – аттеллана туралы төменде айтылады/. Этрустік тілдегі әдебиет діни және ғұрыптық мәтіндермен шектелді.

Ерте латын шығармашылығы туралы кейінгі уақыттағы авторлардан және азын-аулақ үзінділер арқылы белгілі. Ол толығымен мемлекет пен қауымның қажеттілігіне қызмет атқарған. Мысалы Сенаттағы не халық жиналысында саяси сөздер, «ХІІ кесте заңдары» жастарға римдік әдеп негізінде жаттатылды. Абыздар жылнамалар жазған, онда жоғарғы қызметтегілердің есімдері, Римнің жеңілу мен жеңістерінің тізімдері, рим халқына құдайлар рахымы не керісінше және т.б. Мейрамдарда құдайлар құрметіне әнұрандар айтылды. Жеңіс салтанаты кезінде рим әскерлері көз тимеу үшін күлкілі әндер, тойларда әзіл-қалжыңды әндер айтқан. Атағы-даңқы шыққан жандарды жерлеуде арнайы адамдар жоқтау айтса, туыстары мақтау сөздерін аямаған. Бұл сөздерді жерленген адамдардың табыттарынан оқуға болады.

Римнің сөз байлығын дамытуда жеңіс әндері (кейін эпосқа айналған) мен ойындық қойылымдар (драмалар) үлкен үлес қосқан. Жеңіс әндерінде ата-бабалардың ерліктері жырланған, міне, солардан кейін поэтикалық Ромул, Кориолан және басқа рим батырлары туралы аңыздары тарихи дәстүрге айналған. Римдегі ойындық көрсетілімдер екі түрлі болды: біреуі – этрустерден (хорлы фесценнин, күлкілі екі жақты өлеңдер), екіншісі оскс (ателланалар – күлкілі тұрмыстық сюжеттер, төрт маска ойнаған: ақымақ жас Макк, егде ақымақ Папп, мешкей әрі мақтаншақ Буккон, бүкір зұлым Дюссен) әсерінен қалыптасқан. Алғашқыда бұл ойындар ауылшаруашылық өнімді жинау, тойлау уақытында қойылған. Кейіннен этрустық музыка және би элементтерін сіңіріп қалаға да жеткен. Осылайша Римнің тұрақты ойындарына (364 жылдан б.з.) енді. Ателланалар да көп уақытқа дейін өмір сүрген.

Ал римдік жазбаша поэзияның қалыптасуы мемлекеттің б.з.д. ІІІ ғ. екінші жартысындағы жалпы өзгерістермен байланысты. Бұл кезде Рим әскері алғашқы рет өз шекарасынан шығып, екі ауыр шайқасты (бірінші 264-241 және екінші 219-202 жылдардағы Пуни соғыстары) жеңген. Рим өзінің ең қауіпті көршісі ‑ Карфагенды жеңіп, дүниежүзіндегі Македония, Мысыр және Селевкид патшалықтарымен теңесті. Гректердің қоғамдық көзқарасы италияндық жаңа мемлекетке қорқынышпен қарады. Өзінің дүниежүзілік мәртебесін көтеруде, римдіктер әдебиетке жүгінді. Сенатор Фабий Пиктор грек-хатшылары көмегімен рим тарихына грек тілінде алғашқы жалпы шолу жасады, онда автор трояндық шығу тектері және Римнің жоғарғы мақсаттарын (210-203 жж.) көрсетті. Грек тіліндегі Фабий және оның ізбасарларының шығармалары римдік тарихи прозаның алғашқы үлгілері саналады.

Алғашқы рим ақындары орта және төменгі тап өкілдерінен әрі шалғай жатқан эллиндік облыстардан шыққан. Солардың ішінде Ливий Андроник, Гней Невий және Маций Плавтар болған. Бұлардың шығармаларынан Плавт комедиялары ғана сақталған, қалғаны бірең-сараң үзінділер түрінде жеткен. Олардың шығармашылығында бірнеше ұрпақтардың ерлік әндері мен театр мейрамдарына арналған сценарийлері көрінеді. Десе де Рим әдебиеті өзінің сұрақтарына дайын жауаптарды грек әдебиетінен тауып отырды.

Осы жолда бірінші қадам қарапайым грек поэзиясын латын тіліне аудару болып табылады. Бұл қадамды таренталық грек, Рим сенаторымен азат етілген құл Луций Левий Андроник (шамамен 275-200 жж.) бастады. Ол Римде балаларды латын және грек тілдеріне оқытты. Оқыту қажеттілігінен ол Гомердің «Одиссеясын» сатурндық өлеңмен латын тіліне аударды. Бұл аударма Цезарь және Августин кезеңдеріне дейін мектептік оқу құралы ретінде пайдаланылған. Басқарушы ұйымдардың тапсырысымен театр көрсетіліміне трагедия мен комедиялар аударып, өзі соларды қоюшы режиссер әрі актер ретінде жұмыс атқарды. Мұндай бірінші көрсетілім 240 ж. қойылып үлкен құрметке ие болды. Соңында сенат өтініші бойынша ол 207 ж. грек үлгісіндегі Юнонаға арналған әнұранды қоғам қажетіне аударды.

Ал кампаналық ақын Гней Невий (270-200 жж.) алғашқы пьесасын 235 ж. көрерменге ұсынды. Ол өзінің шығармасын «Пуний соғысына» арнап, халықтық эпопея (сатурндық өлеңдермен жазылған жеті кітап) құрастырады. Онда Римнің Карфагенмен күресін сонау Дидон мен Эней кездесулерінен бастап, бірінші Пуний соғысының жеңісімен аяқтайды. Невий алғаш болып трагедияға Рим тарихының беттерін енгізуге тырысып, «Ромул» және «Кластидий» (222 ж. рим қолбасшысы Мерцелонның галдарды жеңген жері) пьесасын шығарды. Комедиялық жанрда да жаңалықтарымен келген қаламгер жоғарғыларға ұнамай, Римнен қуылған. Сөйткен ақын жат елде қайтыс болады.

Тит Мак (жалған аты Плавт «жалпақ табан» деген мағына береді, 255-184 жж.) біздің заманымызға дейін шығармалары тұтас жеткен, комедия жанрында жазған алғашқы рим қаламгері. Тит Макк Умбрияда туып-өскен. Ол туралы мәлімет өте аз. Оның 21 комедиясы толығымен сақталған. Ішіндегі ерекше танымалдары «Амфитрион», «Куркулион», «Менехмы», «Мықты жауынгер» және «Псевдол» т.б. Плавт - (б.з.д. 184 ж. шамасында дүниеден өтеді). Оның комедиялары грек туындыларының сюжеттерінде жазылған. Плавт демократиялық бағытта жазған драматург. Оның көптеген комедияларында икемді кұлдың бейнесі үлкен сүйіспеншілікпен суреттеледі («Елес», «Вакхидалар», «Псевдол»). Плавтың пьесалары шебер диалогқа, күлкіге құрылған. Олар гректер мен римдіктердің өмірін, тұрмысын шебер суреттеп, ескі әдет-ғұрыпты күлкіге айналдырады.Б.з.д. ІІ ғ. бірінші жартысында Римнің мәдени атмосферасы келесі өзгерістерге ұшырайды: Рим Жерорта теңізінің батысын бағындырып, шығысына ауысып Грецияны басқара бастайды (ІІ македониялық соғыс 200-196 жж., Антиох Селевкидпен 192-188 жж., ІІІ македониялық соғыс 172-167 жж., Ахей соғысы 146 ж.). Римнің Грециямен байланысы мықты және тығыз болды. Грецияда жиналған материалдық байлық кең ағымда Римге жөнелтілді. Сонымен қатар Римде Грецияның ішкі байлығы ашылды. Римге аспаз, актерлермен бірге философтар мен ғалымдар ағыла бастады. Македония жеңілісінен кейін александрийлік, пергамдық кітапханаларынан кейінгі орында саналатын македон патшасының кітапханасы Римге көшірілді. Рим ғылымына жан-жақтан еніп жатқан грек теориясына жауап ретінде Катон (234-149) римдік ғылымдарының энциклопедиясын жазды. Ал Квинт Энний (239-169) «үш тілді (латын, грек, оскс) адам» аталған оңтүстік Италияда туып өскен. Ол ағартушы-ақын ретінде, халыққа терең ақылгөйлікке жол ашты. Энний өзінің негізгі туындысы «Анналдар» эпопеясы кіріспесінде оны Гомердің аруағы қолдағанын жазған.

Тарих сахнасында Рим дүниежүзілік державаға айналды. Қоғамдық тоқырау рухани тоқыраумен қатарласты. Философиялық теория мен саясат тәжірибесі арасында байланыс үзілді. Осы үрдістерге байланысты б.з.д. ІІ ғ. жартысында Рим әдебиетінің дамуын үш түрлі сипатқа бөлуге болады. Полис тұрғындарының дәстүрлі идеологиясына тән ескі ақындық жанрлардың төмендеуі, жекеменшіктік идеологияға тән жаңа поэтикалық жанрлар дамыды және және сол кезде поэзиямен қатар дамыған проза кең етек алды. Осы кезеңдегі барлық шығармалар үзінді түрінде сақталынды. Ескі жанрлардың бұл құлдырауы бұрынғыға (эпос, трагедия және комедия) сенген. Трагедияның құлдырауын Римнің соңғы атақты трагедия жазушысы Луций Акцийдан (б.з.д.170-85 жж.) байқаймыз. Акций Римнің трагедиялық театрын жаңартуға тырысады. Ол қайтадан негізгі үлгі ретінде Еврипидке үндеуінде көрермендердің жаңалыққа ұмтылуын түсініп, үлкен құрметке ие болады. Бірақ оның қазасынан кейін Римде трагедия дамымай қалады.

Жеке өзіндік идеологияны дәріптейтін жаңа жанрдың /сатур/ пайда болуы Гай Луцилий (шамамен б.з.д. 102 ж.) есімімен байланысты. Ол «Сатур» жанрындағы отыз кітаптың авторы. Бостандықта туылған бай адам Сципионның досы жаңа кезеңдегі Римнің саяси жаңалықтарын, әдет-ғұрып пен сәнді, әдеби пікірталас өлеңдерінде жаза білді.

ІІ ғ. соңында прозаның дамуы рим әдебиетінің жалпы өзгерістерімен байланысты. ІҮ ғ. Грециядағыдай әдебиет формаларының құлдырауының нәтижесінде «жоғарғы» мәдениетті таратушы сахна емес, оның орнына кітаптың келуімен прозалық жанрлар біртіндеп поэзияны ығыстыра бастайды. Римдік саяси күрес талаптары эллиндік проза үлгілерінің әсерімен үйлестірілді.

Жоғарыда сөз болған рим әдебиетінің үш кезеңі III-II ғғ. Рим қоғамының қарқынды дамуының алғышарты бола, бұл кезеңдер жазушыларын бір ғана жанр мәселесі біріктірген.

Гректік дәстүрдегі эпос, әдетте Гомер есімімен түсіндірілетін поэтикалық жанрлардың ішіндегі ең жоғарғысы болып саналды. Сондықтан рим әдебиетінде оның шығармалары алғашқы кезден бастап Рим халқының асқан ерлігін жырлауға лайық саналып, арқауына айналды. Рим халқының өз мифологиясы дамымағандықтан, шығармалар мифологиялық емес, тарихи дастандарға айналды. Алғашқы римдік эпик Ливий Андрониктің «Иллиаданың» орнына «Одиссеяны» таңдау себебі, Одиссейдің еліне оралуында батыс Жерорта теңізімен саяхаты, Италияның аңызға айналған тарихымен байланысты саналды. Рим дастанының стилі көп дәрежеде гомерлік классиканың ықпалына түсті.

Римдегі театр жанрын эпос секілді маңызды болмауының басты себебі ол дінмен байланыссыз тек ойын сауық ретінде саналды. Римде тұрақты театр ғимараты б.з.д. 54 ж. дейін болмады. Көрсетілген қойылымдар уақытша ағаштан жасалған жер төлелерде жүргізілді. Көрермендер көп жиналатын болған. Сахнаның алдында орындықтар қойылды. Театрлардың кішкентайлы-ғынан, актерлер маскасыз ойнауға мәжбүр болғандықтан, мимикалары анық көрінген. Бірақ б.з.д. І ғ. театрларды қайта қарастыруда маскаларды қолдану қайта енді. Актерлер толық құқылы азаматтар болмады. Олар топ болып жиналып, антрпенер бастауымен мейрамдарда қойылым ұйымдастыратын. Пьеса драматургтерден сатып алынатын. Әдетте сахнада әрқашан жаңа пьеса қойылып, б.з.д ІІ ғ. соңынан бастап классикалық пьесаларды жаңарту тәжірибесі жүргізілді.

Римдік театр техникасының нашар дамуы рим драматургиясының көп ерекшеліктерін түсіндіреді. Ең алдымен, музыкалық элементті кіргізуде жақсы ән салып, би билей алатын бірнеше өнер адамын табудың өзі қиын болған. Сондықтан комедиядан мүлдем, тіпті антракт уақытында да хор алып тасталынса, трагедияда музыка минимумға жеткізілген. Драмада хордың орнына кантика - сольды ариялар келген. Дегенмен римдік сольды музыка күшейтілгені сонша, рим трагедиялары ХҮІІІ ғ. операсына ұқсаса, комедия опереттаға ұқсаған.

Римдк комедиялар тақырыбының ауқымы бірқалыпты болды. Әкесі қатал жігіт ауқатты адамға тиесілі қызға ғашық болады, ал оның әкесі қызды бай әрі мақтаншақ жауынгерге бергісі келеді. Бірақ айлакер құлдың көмегімен жігіт қызды алып кету үшін ақша тауып қарсыласын алдап соғады. Ал қыз болса, әдетте, еркін әрі нағыз жар болып шығады. Бұл римдік комедияның әдеттегі сюжеті (Псевдол, Куркиллион, Эпид т.б.).

Грек түпнұсқаларынан рим трагедиясы көбіне патетикалы Еврипидті, комедияда Менандрды қолданды. Осылайша Рим эллиндік дәуірдің мұрагері болды. Аудармалар еркін, қысқартылып, кеңейтіліп, диалогтарды кантиктерге өзгертіліп немесе керісінше қалдырып отырған. Сонымен қатар контаминация – басқа грек пьесаларынан кейіпкерлер мен көріністер қосылған. Бірақ бұл қосымша түпнегіздің бұзылуы ретінде саналып, тек шағын эпизодтармен ғана шектелсе де әрқашан көп сынға ұшырайтын,. Ең алғашқы контаминацияны римдіктер бірнеше грек пьесаларында бір мифтің сюжеті кездесетін трагедияларда қолдана бастады. Осыдан кейін бұл әдісті комедиялардың түрлі сюжеттерінде қолданды. Жалпы түпнегізден ауытқу рим драматургтерінің ортақ мақсаты болды, олар трагедияда трагизмді, комедияда комизмді күшейтуге тырысты. Эннийдің «Ифигениясындағы» еврипидтік қызметші әйелдер хоры басты кейіпкердің жалғыздығын басып көрсету мақсатымен сарбаздардың хорыменен алмастырылды...

Композициядан ауытқудан гөрі стильден ауытқу кеңінен қолданылды: грек трагедияларының стилі өте жоғары және салтанатты сипатта, ал комедияның стилі екінші кезектегі сипатқа ие болды. Егер Еврипидте Медея өз сөзін «Коринф әйелдері, мен сіздерге шықтым!» деп бастаса, Эннийде ол «Сіздер, Коринфтің жоғарғы деңгейлі ақсүйектерінің әйелдері ...» дейді. Егер Менандр шығармасындағы күйеуі әйеліне мынандай шағым айтса: «Төзімсіз, менің әйелім, саған қатысы жоқ нәрселерге араласа бересің», ал Цецилий мұны шамамен былай жеткізеді: «Қашан үйге келмесем де, ол алдымнан суырылып шыға келеді...».

Рим драматургиясында ерекше орынды жергілікті римдік тақырыптағы эксперименталды: комедия - тогаттар, трагедия-претекстер пьесалары алады. Римдік трагедия-претекстері тарихи тақырыптағы александрийлік драматургияның тәжірибелік әсерінде болды («Филистокл», «Кассандрия» т.б.). Олардың ішінде екі топ айқындалды: жартылай аңызға айналған Римнің өткені туралы трагедиялар (Невийдің «Ромулі», Акцийдің «Брут» атты трагедиясы) және жақын уақыт аралығындағы римдіктердің жеңістерін көрсететін қойылымдар (Невийдің «Кластидийы», Эннийдің «Амбракиясы»). Бұл тәжірибелер бірегей болып қалды: ІІІ-ІІ ғғ. трагедиялы-претекстердің тек сегізден аспайтын көлемі ғана белгілі. Бұдан комедия-тогататтар ұзағырақ өмір сүрді. Брақ фрагменттердің аздығынан ол бізге жұмбақ болып қалды. Сақталған тақырыптар іс-әрекеттердің негізі жанұялық және шаруашылық болмысқа тірелгенін байқаймыз. Бірақ бұл италийлік әлемде гетерлер, параситтер және интригант құлдарсыз, менандрлықтарға ұқсас шытырман оқиғалар қалай дамығанын біз білмейміз. Ақыр соңында тогата әдеби тәжірибе болып қалып, фольклорлық тамырларын тереңге жіберген аттелланаға орнын береді: Макк жас жігіттің драмалық қызметін оңай қабылдаса, Папп - қарияның, ал Букон параситтің қызметін жеңіл қабылдады.

Гректік драма римдік сахнада осындай өзгерістерге ұшырады: классикалық трагедия мелодрамаға, ал жаңа аттиикалық трагедия Плавттағы фарсқа және Теренцийдің махаббат драмасына өзгерді. Бұл өзгерістер еуропалық әдебиет тарихында маңызды болды. Плавт пен Теренцийдің римдік комедиялары жаңа еуропалық комедиографтарына үлгі болды Айталық ХҮІ ғ. бастап осыларға ұқсас комедиялар латын тілінде, кейін италян тілінде жазыла бастады. Ал одан да кейінірек Мольердің арқасында комедияның осы типі классицизм және ағарту дәуірінің ажырамас бөлігіне айналды. Римдік трагедия дәстүрі (Энний, Пакувий және Акций пьесаларының дәстүрін Сенека есімді жалғастырушы арқылы) алғашқы еуропалық трагиктердің үлгісіне айналды.

«Сатура - толығымен біздікі» дейді Квинтиллиан. Ол тек осы жанр ғана римдіктерге гректерден енбей, өз бетімен дамыған деп санайды. Мұндай көзқарас тек жартылай дұрыс саналады. Өйткені Энний мен Луцилийдің бізге жеткен сатуралары ұлттық философтардың насихат-диатрибтерімен белгілі эллиндк жанрларды еске түсіреді. Римдік сатура мен жергілікті италияндық фольклордың байланысын кесіп айтуға келмейді; римдік филологтардың этрусстік үлгідегі әдебиетке дейінгі театр көріністерін «сатура» сөзімен белгілегені рас, бірақ бүл түсініспеушілікке көбірек жанасады.

Шешендік пен тарих римдік болмыспен тығыз байланыста болды. Барлық әдеби жанрлардан тек шешендік өнер римдік аристократтарға сай деп саналды. Әсіресе сенат пікірсайысының көп жылдық тәжірибесі шешендік жанрға байланысты. Бұл жанрда римдік дәстүрдің тазалығы ең көп сақталды. Сондай‑ ақ ең жоғарғы дәрежеге жетіп, өлгенннен кейін де атағы өшпеген Катонның ежелгі шешендік сөздері барлығына үлгі ретінде қалды. Бірақ бұл шешендік тек жеке дарын мен сөйлеуші тәжірибесін ұстап тұрды. Катон құрған негізгі принцип: «Негізін ұстан, ал сөздер өздері‑ақ келеді» қоғамда кең тарады. Шеберліктің жоқтығынының орнын толтыру, ал сақталған ораторлардың сөздері тәжірибенің жалпылануына сәйкес келмеді. Сондықтан ағайынды Гракхилер алғаш рет өз сөздеріне грек риторикасының әсерлі әдістерін енгізгенде, аттикалық шешендікте Горацийдің айтқан сөздері секілді рим шешендігіндегі үлкен төңкеріс болды. Біріншіден, риторикалық техниканы білетін орта деңгейлі шешен оны білмейтіннен әлде қайда биік болды. Екіншіден тек әкесінен қалған шешендіктің құпиясын үйренген сенаторларға қарсы, билікке құштар «жаңа адамдардан» (үйреншікті элитадан емес) шыққан шешендер риториканы меңгеріп, шешен сенаттармен салыстырғанда әлдеқайда жоғарғы дәрежеде болды.

Римдегі әңгімелер шешендіктің табиғи жалғасы іспетті еді: мемлекеттік істерді жүргізуден кеткен соң, осы әңгімелер арқылы шешен саяси шаралардағы істерін түсіндіріп, оған дәлелдемелер келтірді; демалысқа кеткенде ол өзінің өткен қызметін жөнінде әңгіме жазып отырып, ақтады. Сөйтіп Катон өзінің «Бастауларында» бұрын өзі сенатта айтқан сөздерінің көп көлемдегі үзінділерін келтірген. Римдік әңгіме жазушыларға қайнар көз қызметін, біріншіден, мемлекеттік мұрағаттық абыздық анналдар, екіншіден, әлеуметтік аңыздардағы қаһармандық әңгімелер атқарды. Оның алғашқысынан ерте римдік тарих жаңалықтарды жылдар бойынша құрғақ бөлу салтын қабылдаса, екіншісінен кейінгі тарихшылардан да байқалатын тілдің поэтикалық сипатын мұра қылып алды.

Тарихшылардың алғашқы ұрпағы Фабий Пиктор мен оның ізбасарлары өз тарихын грек тілінде, ал екіншілері Катон мен оның ізбасарлары латынша жазса да, аналитикалық форма бәріне ортақ болып қала берді. Бірақ Катон мұнда да «жаңалықтарды» жылдар бойынша емес, «пән» бойынша батыл топтастырды және өз шолуына тек Римді емес, бүкіл италияндық қоғамды қосуға тырысты. 130-120 жж. шамасында ежелгі абыздық анналлдар түпнұсқа түрінде басылды. Сондықтан оны әр кез басынан әңгімелеу қажеттілігі жойылды. Семпроний Азеллион мен Целий Антипатр біршама жақын өз тақырыптарын тұйықталған кезеңдермен шектейді. Айта кететіні, алғашқысы өз мазмұндамасында саяси элементті күшейтсе, екінші ақындық элементті басып көрсетеді. Тарих жылнамасы тарихи памфлет пен тарихи романға бөліне бастайды. Римдік тарихшылар әлі философиялық бағыттағы тарихты жазуға шамалары келмейді. Римдік жаулаушылардың әлемдік маңызын ой елегінен өткізу грек ойшылы Полибийдің еншісіне тиеді.

Гректік тарихшы Полибий мен философ Панэтий Римде көп жылдар бойы тұрып, оның мәдениетімен танысқан екі грек ойшылы, әрі Сципион Эмилианның достары осы кезең оқиғаларын логикалы түрде аяқтаған. Олардың көмегімен грек қоғамы Рим жаулаушыларына деген өшпенді сезімнен босанып, олардың рухани құндылықтарына қосқан үлесін мойындады. Осыған дейін гректердің Рим мәдениетіне тигізген әсері туралы сөз етсек, енді керсінше, Римнің грек мәдениетіне деген әсері жайында сөз етеміз.

Мегалополиядан шыққан Полибий Римге ақсүйек ахейлік тұтқындармен бірге келіп, ол жақта шамамен 16 жыл өмір сүреді. Кейін Отанына оралып, Сципион Эмилианмен жорықтарда болып, Грецияда Рим билігін орнатуға үлесін қосып және б.з.д. 220-146 жж. аралығында қамтитын «Тарих» атты еңбегін 40 (5 толық сақталған, 13-нен үзінділер ғана, ал қалғандары жетпеген) кітап етіп шығарады. Ақсүйек ұрпағы болған ол жастайынан саясаткер және әскери адам болуға дайындалды. Ол тарихқа бәрінен бұрын тәжірибелік пайда үшін қызықты. Бұл оған дейін болған жағдайларды біліп және олардың байланысы арқылы келешектегі даму болжам жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан ол тарихта бәрінен бұрын детерминизмнің объективтік себептілігінің қолданылатын заңдардын іздеді. Полибий үшін тұлғаның ролі еш маңызды болмай, тағдыр оқиғалардың әлі танылмаған себептерінсіз ойы ғана дейді. Ол үшін өмірдегі өзгерістердің қайнар көзі саяси формалардың табиғи дамуы монархиядан аристократияға, кейін демократияға және қайтадан монархияға, сонымен қатар формалардың әрқайсысы көтерілу мен үйлесімділік кезеңін, құлау және қақтығыс кезеңдерін басынан кешіреді.

Бұл жай ғана ой емес, ақыры аяғында ол перипатиктер мен Аристотельдің саяси теорияларына келіп тіреледі. Бірақ Полибийде ол жаңаша сипатта болды. Өйткені Полибийдің ойы өлшеусіз кең: ол тек бір қоғаммен ғана шектелмей, барлық Жерорта теңізіне: Рим, Карфаген, грек полистері және шығыс державаларға бірдей көзқараспен қарайды. Бұл жерде біздің көретініміз, бүкіл әлем бойынша, әр елде кіші болсын үлкен болсын, тез немесе ақырын елді гүлдендіретін не құлататын қоғамдық формалардың төңкерісі болып жатқаны. Бұл өркениет әлемнің барлық бөліктерінде болып жатқан тарихи үрдістің көрінісі әрі антикалық тарихи ойдың ең биік жетістігі: универсализм, синхронизм, прагматизм - Полибий «Тарихының» үш негізгі принципі. Осы бір заңдылықтардың өлшемін сол кездегі барлық елдерде бағалап, Полибий қазіргі тарихи гүлденуде бәрінен жоғары тұрған Рим деген қорытындыға келеді. Рим мемлекетінің құрылымы аристократияның, демократияның және монархияның белгілерін үйлесімділікте ұстайды, яғни грек философтары ұзақ армандаған идеалды іске асырды. Римдік әскери құрылым гректер мен македондықтардың атақтарынан да асып түсті, сондықтан да сол кездегі елдердің ішінде Рим ішкі талас тартыстар мен жау шапқыншылықтарынан сақтандырылған. Сол себептен жарты ғасыр бойы Римнің Жерорта теңізіне билік жүргізуі заңды да пайдалы болды. Полибий Рим билігінің қараңғы жақтарына да көздерін жұмған жоқ, ол гректер азаттығын жоғалтқанына қынжылып, ахейлік патриот болып қалды. Бірақ ол үшін патриотықтан гөрі таптық қызығушылықтар жоғары болды. Ол Римде құлиеленушілік қоғамды қажет еткен әлемдік мемлекетті көрді. Кратет пен афиндық стоиктердің шәкірті Понэтий Родоский Римде Сципион Эмилианға қонақ болып 20 жыл тұрады. Әйгілі Соқыр Аппияның айтқан сөздерін бағалай алатындай латын тілін жақсы меңгерді. Ол 129 жылы Карнеадтың сынына ұшырап күйзелген Афина стоиктерінің басшысы атанып, оны «орта стоик» мектебінің тарихи кезеңін Панэтийден бастайтындай етіп реформалады.

Панэтийдің басты назарына әлемдік саналы абстрактілі адам емес, өз кезеңі мен қоғамындағы нақты адам; оның ілімдерінің мақсаты - тәрбиелік мәнге ие. Зенон мен Хрисптің классикалық стоицизмі қатаймаған эллинистік монархия қоғамында адам мен мемлекет арасындағы қарама-қайшылықты тудырғаны секілді, Панэтий стоицизмі Римнің әлемдік державасын грек құлиеленуші қоғамының тірегі ретіндегі сезіммен туылды. Төрт негізгі стоикалық: ойлау, әділдік, батылдық және тыныштық сипаттары Панэтийде римдік «айбынның» дәстүрлі сипаттарын еске түсіреді. Полибий тарихы грек саяси теорияларының көмегімен рим мемлекеттік құрылымның негізі деп саналса, дәл осылай Панэтий философиясы грек этикалық теориясының көмегімен Рим айбынының идеалын ұғыну болып саналды.

Осында екі ойшылдың да ұқсастығы бар: грек аристоктартары Римнің қатаң билігін қуанышпен қабылдағаны секілді, рим аристократтары гректердің жоғарғы мәдениетін солай қабылдады. Осыдан бастап, грек және латын мәдениеттері жайлы орталығы Рим бола бастаған бүтін антикалық мәдениет деп аталады.

Гректік және римдік әдебиет

Б.з.д. I ғ. Жерорта теңізі маңайындағы мемлекеттердің Рим қол астына бірігуі аяқталады. 60 жылдары Помпей жорықтары эллиндік Кіші Азия мен Сирияда Рим билігін орнатты. 50 ж. Цезарь жорықтары Римге Галлияны қаратты. 30 ж. Октавиан Египетті Рим провинциясына айналдырды. 10 ж. оның қолбасшылары Дунай мағындағы аймақты жаулап алады. Рим державасының шекаралары Рейн, Дунай, Евфратқа дейін жетіп, ары қарай жүре алмаған рим әскері б.з.д. 53 ғ. (парфяндардан) және б.з.д. 9 ж. (германдықтардан) жойқын жеңілістермен аяқталды.

Римнің ішкі саяси жағдайы сыртқы жетістіктерінен артта қалды. Б.з.д. I ғ. ортасында Рим әлемдік держава ретінде дамыған құлиеленушілік қоғамға мұқтаж болса да, билікті ұйымдастыруда полис болып қала берді. Ал мұның өзі қоғамның жұмыс күшін шектеді. Ол қалалық республика болды. Италияның барлығы б.з.д. 89 дейін рим азаматтығы құқықтарын қолданбады, ал шет аймақтары жаулап алынған елдер деп саналып, ұйымдастырылған тонауға ұшырап жатты. Ал ол өз кезегінде олигархиялық республика болды: онда мемлекеттік лауазым тек жер иеленуші ақсүйектер сенаторлық қызметіндегілерге берілді. Қоғамның сауда-қаржымен айналысатындарының өздері мемлекеттік істерге жанама түрде қатысты, ал жай халық биліктен толығымен алыстатылды.

...Әлемдегі державаның үлкен байлықтарын өндіре пайдалану үшін объективті түрде мемлекеттің әлеуметтік базасын кеңейту, биліктің жетістігі мен италияндық қоғамның орта тап өкілдері және провинциалдық қоғамның жоғарғыларымен бөлісу, державаның көлемінде құлиеленушілік таптың күштерін біріктіру керек болды. Бұл қажеттілік олигархиялық республика дағдарысының жартылай құқықсыз италияндықтардың көтерілісі, шеткі аймақтардың толқуы, құлдардың көтерілісі секілді белгілері басталғанда туды. Өзінің артықшылықтарына арқа сүйенген сенаторлар легі қажетті өзгерістер әкеле алмады. Сондықтан бірте-бірте қоғамның төменгі бөлігін басып, жоғарғы бөлігін біріктіре алатын әскери көшбасшысының біріңғай билігіне көшу байқала бастады. Мұндай билік үшін күрес б.з.д. I ғ. бойы жалғасады. Оның басты мәселелері: Марий мен Сулла арасындағы азаматтық соғыс (88-82 жж), Сулланың диктатурасы (82-79); алғашқы триумвират билікке үміткерлердің одағы (60 ж.), Помпей мен Цезарь арасындағы азаматтық соғыс (49-46 жж) және Цезарьдың диктатурасы (48-44), екінші триумвират (43 ж.); Антоний мен Октавиан Август арасындағы азаматтық соғыс (32-30 жж.) және Рим империсының негізін салушы болып саналатын, әлеуметтік мәселелерді шешуде тиімді саяси формалар таба білген Августың билігі (б.з.д. 27 ж.- б.з. 14 ж. дейін).

Римнің республикадан империяға өту заңдылығы түсінікті, бірақ замандастары үшін бұл трагедия болды. Олар республиканың құлауын, сәйкесінше Римнің құлауынмен көрді. Егер Рим халықтарға билік жүргізуде римдік «айбындықтың» артықшылығымен қолы жетсе, онда билікті тек сол мұралық айбындықпен шайқалта алды. Б.з.д. I ғ. халық санасында болған Римнің рухани құлдырауы туралы көзқарас қалыптасты. Бәрінен жоғары қоюға тәрбиелеген римдік айбындық пен өз мүддесін жоғары қоюға итермелейтін өзімшілдік секілді кемшіліктер құртылды; бұл үрдістің басы болып римдіктер үлкен әскери қарапайымдылықтан айырылған Карфагенді жеңу болып саналды. Ал соңы пессимистік көзқарас бойынша - Римнің құлауы, ал оптимистік көзқараста - күнәлардан қайғы арқылы тазару және Римнің рухани және саяси қайта өрлеуі есептелді. Құтқаруға сенгендер қоғамдық күреске еселенген құштарлықпен қатысуға тиіс болды; ал сенбегендерге қоғамдық жұмыстардан шеттеліп, өзін іздеумен айналысуға тура келді. Алдыңғы кезеңде белгілі бола бастаған жұмыс пен бос уақытпен тамсану сезімі, қоғамдық мен жекелікте шарықтау шегіне жетеді. Бұл қоғамдық дағдарыс пен оны шешу жолдарын іздеуді мойындау азаматтық соғыстар кезіндегі римдік әдебиеттің (Цицерон, Салюстий, Лукреций мен Катулл) басты мазмұны болды. Айта кететін қоғамдық белсенді үрдіс прозада, ал индивидуалистік үрдіс сол кезеңдегі поэзияда көрініс тапты.

Бұл кезеңде грек әдебиеті рим әдебиетінен салыстырғанда екінші кезекке түседі. Жерортатеңіздік бірігу мен шеттегілердің құқықсыздығы жағдайында әлемдік державаның мәдени орталығы болып, әрине, Рим саналды. Грек және шығыс эллиндік аудандары мәдени өмірде перифириялық қалыпта қала берді. Б.з.д. I ғ. грек әдебиетінің барынша кедейлену уақыты. Өйткені барлық дарынды жазушылар мен ғалымдар Римге қоныс аударып не өз аймақарында билік басында, не кеңесші қызметін атқарады.

Қабілеттілігін жоғалтпаған рим поэзиясының жалғыз жанры ‑ шағын эпиграмма. Мелеагр Годорский, Фелодем, келесі ұрпақта Антипатр Фессолоникийдің эпиграммалары осы антикалық жанрдың ең жарқын үлгілеріне жатады. Дәл осы уақытта Мелеагр өзінен кейінгілеріне үлгі болатын грек антологиясының эпиграммаларын құрады. Қазіргісінен айырылған Греция өткеніне назар аудара бастайды. Өзінің саяси қабілетсіздігінен қашып, ғасырлар бойы жалғасқан мәдени мұраларынан жұбаныш табады. Кейін барлық жерге таралатын мәдени қайта құрудың алғашқы белгілері байқалады. Бұл философияда да көрініс тапты. Эллиндік мектептердің басшылығы арқылы классик-философтердің нағыз іліміне жету сәнге айналды. Бұл лирикада да байқалады. Аттикалық шешендердің стилі мен еліктеуі сәнге салынып, ары қарай дамыған грек тілі мен стилін жабайлық ретінде сызып тастайды. Бірақ б.з.д. І ғ. соңғы ширегіне дейін бұл қайта құрулық үрдістер ғалымдардың шағын шеңберінен шыға қоймады. Және ол туралы хабарларды гректерден емес, римдіктерден кездестіреміз: бізге алғашқы белгілі болған неопифагоршыл рим сенаторы Нигидий Фигул болса, алғашқы аттицистермен қатар Цицерон болды.

Шындығында рим мәдениетін эллиндеу сол кезде айырықша қарқынмен болды. Шамамен б.з.д. 90 ж. катондық регаризмнен әбден арылып, латын шешендік өнерге үйрету мектептері уақытша жабылғанда, сахнадағы аударма комедиялары италийлік ателланаға орын берді. Грек мұғалімдері, кеңесшілері, секретарлары әрбір ақсүйек жанұясында бола бастады. Ал жаңа рим аристократтары білімін жалғастыру үшін Афиныға келіп жатты. Грек елшілері сенатта аудармашысыз ана тілінде сөйлеп, Цицерон жазбаларында грек сөздері көптеп кездесіп жатты. Кітап саудасы дамып, б.з.д. 39 ж. алғашқы қоғамдық кітапхана ашылды. Грек мәдениеті кеңінен таралды. Грек тілінен жасалған аудармалар кең өріс алды. Осылайша Цицерон Платон мен Ксенофонттың кейбір диалогтары, Демосфен мен Эсхиннің айтқандары мен Араттың поэмасын аударылды. Барлық пәндер бойынша грек шығармаларының компиляциялары одан да кең таралды. Бұл жерде Цицеронның досы, энциклопедист-сенатор Марк Теренций Варрон Реатинскийдің ролі маңызды болды. Ол рим жазушыларының ішіндегі өндіріп жазған жазушы саналды, оның бір өзінде 600 астам шығармасы болған. Материалды қайталай келе ғылыми, кейде оқулық түрінде кітап жазды. Бізге жеткені - тек грамматика мен ауыл шаруашылығы туралы еңбектері. Білімді жинақтау және жүйелендіру пафосы рим ғылымының алғаш тәжірибесіне басшылық етті. Осылайша Варрон философия туралы трактатында болған және болуы мүмкін барлық философиялық ілімдерді (288) топтастырып шығады. Грек мәдениетінің мұрасын римдік көзқараспен мәндеген, бірақ тақырыптық аясы бойынша көркемдірек әрі кең таралған Цицеронның философиялық трактаттары саналады. Ол оларды әңгімелесушілер бір-біріне кезек-кезек берілген мәселе бойынша әр түрлі философиялық мектептердің кең әрі байланысқан түрде мазмұндайтын диалогтары ретінде құрды. Ал оқырманға таңдау мүмкіндігін немесе орта жолды таңдауды ұсынды.

Рим мәдениетінің бұл эллинденуі дәстүрлі рим идеалынан бас тарту деген сөз емес еді. Керісінше Цицерон мен Варронның түсініктері бойынша грек мәдениеті отанының гүлденуі үшін ежелгі римдік мейірбандықтың идеалын қатайту және мәндеу үшін керек. Және ержүректілік пен адамгершілік жөніндегі түсінікті толтыру керек болды.

Империяны бекіту кезеңіндегі әдебиет

Б.з.д. 30 жж. Римдегі азаматтық соғыс Юлий Цезарьдың асыранды ұлы Октавиан Августың билік басына отыруымен аяқталды. Сицилиядағы құлдар толқуы және шығыстағы қарсы қозғалыстар Рим мен Италия арасындағы келіспеушіліктерді ұмыттырып, Октавианның жаңа әлемдік империя құруына жол ашты. Алайда азаматтық Римнің өткенімен сәйкес келмей, бұл жолдың қауіпті екенін көрсетті. Сондықтан ол өзін не хан не диктатор деп жарияламай, тек республикадағы бірінші адам - «принцепс» болып есептелді. Елдегі барлық мемлекеттік кеңселер қызмет атқаруды жалғастырды, тек олардың жанынан және астынан «принцепс абыройы» атты жаңа күш пайда болды. Шындығында Августың билігі бұнда емес, әскери басқармада болды. Бұл жағдайда, біріншіден, республика құлауы мен жаңа империяның құрылуының арасында есепті шекара болмады. Ресми республика өмір сүруін тоқтатпады. Екіншіден, Принцепстің абыройы заңды емес, рухани қоғам көзқарастарымен санасатын болғасын, Август дәл осы қоғамға аса көңіл бөлуі қажет еді. Қоғамдық көзқарастық ұжымның негізгі құралы - әдебиет. Сол себепті әдебиетке көңіл аудару Августың саясатының құралының бірі болып табылады. Әдебиетті қадағалаушы принцептің кеңесшісі Гай Цильний Меценат болды. Осы кездегі әдеби шеңберге эпик Вергилий, лирик Гораций және драматург Барийды атап көрсетуге болады. Жаңа әдебиет тез арада жетістіктерге жетіп үлгерді. 30 жылдары Гораций «Сатирлар» мен «Эподтарын» жазса, 29 жылы өзінің «Георгиктер» атты еңбегін Октавианға оқытты. Варий болса, триумфалды ойындарға «Фиест» трагедиясын (өте танымал, бірақ сақталмаған) қойды. Дәл осы кезеңдерде Тит Ливий өзінің тарихи еңбегін рим халықтарының даңқынан бастады. 23 жылы Горацийдың үш бірдей кітабы шықты: «Ода», 20 жылы «Жолдау», бір жылдан кейін Вергилий «Энеиданы» жазып бітірмей қайтыс болады. Алайда Варий поэманы дәл басталған күйде аяқтау жайлы Августтан бұйрық алады. Сонымен 17 жылы жаңа ғасырдың салтанатты тойында Горацийдің «Мерейтой ұраны» ойналды. Бұл кезең де Римнің гүлденген дәуірі еді.

Жаңа кезең жаңа қалыпты қажет етті. Проза кейінге қалдырылып, поэзия алға шықты; принцепстің басшылығы жаңа дәуірдің саяси идеалы болса, грек классикасы мен шығармашылық бағыттары эстетикалық идеалы саналды. Рим әдебиеті грек әдебиетімен ашық қарсыластыққа түсті; «Энеида» Проперцияға «Илиададан да маңызды» санаса, сонымен қатар Гораций өзінің «Эподтарында» иониялық ямбылар мен «Одаларында» эолиялық өлеңдерді ашқанымен мақтанады. Жаңа дәуір мәдениеті алдыңғы дәуір мәдениетін қорыта отырып, үлгі ретінде қарастырылады. Бұл классицизмдік бекітудің грек тіліндегі әдебиет үшін ерекше маңызды болды. Латын әдебиетінде классицизм тек стильдерді ғана қамтитын, ал грек әдебиетінде негізінен тілді қарастырды. Поэзиядағы әрбір жаңа эпик Гомердің ежелгі диалектісін пайдалану керек. Эллиндік койне (жергілікті тіл) тек ғылыми және іскер прозада қолданылды. Бұл аттицизм салтанаты дегенді білдіреді: өткен ұрпақта - шағын оқу мектебі, жаңа ұрпақта ол күнделікті әдеби қозғалыс ретінде танылды. Оның ұраншылары Римде, жаңа классицизм орталығында жұмыс істейтін екі грек риторлары Дионисий Галикарнаский мен Цецилий Калактинский. Билікке Августың келуі және азаматтық соғыстың аяқталуы қоғам өміріне жаңа өзгерістер алып келді.

Екінші софистика. Жанрлар мен өкілдері

Б.з.д. Y ғ. Афинада орын алған ағартушы-философтар ілімін софистика атаса, ал онымен айналысқандарды, яғни кәсіби мұғалімдерді софистер атаған. Софист термині грек тілінен «данагөй» мағынасын береді, сонымен қатар сол кездегі шешендік өнерге үйрететін ақылы мұғалімдерді айтқан. Өкінішке орай, олардың бірде-бір еңбектері бізге жетпеген.

Ал екінші софистиканың бесігі сол кезеңде өзінің соңғы экономикалық өрлеуін бастан кешіріп жатқан Кіші Азия мемлекеттері болды. Осы жерден басталатын софистік ілім таратушылар саяхаты империяның түкпір-түкпіріне жеткен. Софистерге шешен ретінде оны тыңдайтын жаңа орта, яғни халық қажет, ал философ ретінде ілімді тыңдаушылардың санының көп болуы керек болды. Олардың саяхаттары мен ораторлық сөздері өте жақсы дәрежеде қабылданып, шешеннің мәртебесі өсіп, оларды қарсы алған тыңдаушылардың қолшапалақтаулары кәдімгі вакханалиге (жүгенсіздік) дейін жеткен. Шешен адамдық идеалдың іске асырушысы болды, сол себептен софист даңқы артып, рим тұрғындары оған жол беретін. Халық қиын да маңызды жағдайларда оларды тапқыш ретінде қабылдады. Элий Аристидтың сөзі бойынша, құдайдың өзі оған түсіне кіріп, оның Платон мен Демосфенге тең екенін айтқан екен. Міне, осыдан бұрын болмаған көре алмаушылық пен бәсекелестік пайда болады, мысалы софист - философ Фаворин мен софист - ритор Полемен арасы дәлел.

Сөз сөйлеу түрі бұрынғысынша қызыл сөздің үш жанрында бола білді: Дион жиналыстық сөздерімен Прус билеушілерінің алдында сөйлесе, Апулей соттық сөзімен - қара магияның тұтқындауынан өзін қорғау үшін өнер көрсеткен. Бірақ басты жанр салтанатты қызыл сөз болып қала берді, оған қалаларға, ашылған ескерткіштерге, жергілікті батыр ерліктеріне арналған мақтаулар жатады. Ерекше парадоксты мақтаулар ие болды, ол әлдебір жәндіктер – шыбын, маса, түтінге және т.б. айтылғандар еді.

Кейін жаңадан екі бөлімнен тұратын концерттік бағдарламалы шешендік сөз сөйлеулер пайда бола бастады: melete (жаттығу) және dialexis (әңгімелеу). Бұл софистік шешендіктің екі элементі – риторика мен философияға сай болған. «Мелете» риторикалық мектептердің контроверсия, свазория, бейнелеу, салыстыру және т.б. репертуарларынан халық алдында сөз сөйлеудің белгісін білдірді. «Диалексис» философиялық - танымал тақырыпты нақты дәлел бойынша әңгіме етуді білдірді. Сөз сөйлеушінің таңдауы жеке қабілетіне байланысты әрі өз қалауы бойынша - не риторикалық, не философиялық болған.

Риторикалық мектептерге декламацияның тақырыптары афин тарихынан таңдалынып, арнайы стильді талап ететін. Осындай тақырыптарға маманданған ораторлардың көбі бірнеше ұрпақтарға созылған. Олардың арасындағы ең танымалы софист Полемон (шамамен 88-145) болды. Осы кісіден Марафон шайқасындағы екі батырдың әкелері - афиндіктердің арасында кімнің баласы күшті екені туралы бәстестік декламациясы қалған. Полемонның шәкірті Герод Аттик (101-178) бай жанұядан шыққан, өз ортасының білімдісі әрі беделдісі саналған. Ол македондықтарға қарсы күресуде фессалдықтарға көмек көрсету үшін спартандықтарды уағыздаған сөз осы кісіден қалған.

Геродтың шәкірті Элий Аристид (117- шамамен 190), артынан 55 сөз қалдырған софист болды. Олардың ішінде – «Панафиней сөзі» Исократпен айтысы, «Төрттікті қорғау сөзі» Платонмен бәсекесі, «Лентинге арнау» Демосфен қарсы сөзі, сонымен қатар Кизик, Смирна, Родос, Элевсин, Рим қалаларына арнаған сөздері, Зевс, Афины, Посейдон, Дионис және т.б. прозаларға жазған әнұрандары сақталған. Византиялық мазмұндағы Ямвлихтың «Вавилон повесі» және Антоний Диогеннің «Фуланың сол жағындағы сенгісіз жағдайлар» атты романдары осындай болды.

Лукиан (шамаман 125-180 жж.) шеткейдегі сириялық Самосат деген қаладан. Мектеп қабырғасынан грек тілін үйреніп, өзінің шешендік өнерімен Греция, Италия, тіпті Галлияны да аралап өткен. Алайда 40 жасына жақындағанда риторикадан көңілі қалып, Афиныда тұрып қалады. Онда ол философиямен айналысып, сатиралық диалогтар мен памфлеттер шығарған. Алайда философия да көңілінен шықпай, өзінің памфлеттерінде екеуіне де әзіл-оспағын аямаған. Кейін императорлық қызметке ауысып, шенеунік болғанда египетте қайтыс болады. Оның атымен 80-ге жуық шағын шығармалар сақталғанмен, кейбіреуі оныкі емес болуы мүмкін. Соның ішінде ертеректегі шешендік дәстүр түріндегі декламацияларға («Тиранды өлтіруші», «Мұрагерліктен айырылған», «Шыбынға арнау» және т.б), сұхбаттық және хабарлаушы элементі еселенген декламациялар («Токсарид», «Анахарсис», «Түс көру» т.б), әзілді мазмұнды шағын диалогтар («Құдайлар сөйлесуі», «Прометей» «Гетералар сөйлесуі» және т.б), ең ауқымдысы философиялық және сартиралық мазмұнды сұхбаттар («менип сұхббаттары» циклі), философия және оған қарсы сұхбат циклі («Өмірді сату», «Балықшы», «Қашқын құлдар» және т.б) және соңғы жылдар декламациялары («Дионис», «Геракл», «Сатурналии» және т.б.

Осы туындылардың ішінде атаққа үлкен ие болған Лукианның әзілдік және сатирикалық сұхбаттары (шағыны да, көлемдісі де) болып табылады. Мектептік риториканың үстемдігі кезінде бұл жанрды қалыптастыру новаторлық есебінде болды. Жаңашылдар Лукианды «шешендік өнердің Прометейі» атаған. Шындығында сұхбат жанры риторикалық мектептерде қалыптастырылған жоқ, өйткені риторлық көптеген декламацияларда сұхбат шынайы көрінген жоқ. Лукианның бұл сұбаттары тек кітап түрінде тарады. Өйткені ол классикалық философиялық сұхбатты жеңіл әрі жанды қылып, II ғ. кезеңінің жұртына түсінікті етуді мақсат қылған. Осы орайда ол екі үлгі ұсынады..

1-сі Менип мәнерінде атақты философиялық диатрибасы, Лукиан оның сатиралық стилін қабылдап, одан көптеген тақырып пен мотивтерін алса да, формасы мен стилін т.б. өзгертті.

2-сі классикалық комедиядағы Алексид мен Менандр үлгісіндегі шығармалар. Лукиан олардан көңіл көтеретін әзілін өзіне сіңіріп, мотивтерін алып пайдаланғанмен, іс-әрекетті қысқартып, қарапайым қылып, өлеңдік эпизодтың қысқа прозалық конспектісіндей қылған, міне, осынысымен жаңа жанрды енгізушіге айналған. Лукиан шығармаларында Мениптің диатрибасы-ның ықпалы үлкен диалогтарда көрінсе, комедиялық ықпал кіші диалогтарда көрінген.

Лукианның шығармашылығының ерекшелігі – оның рационализмі мен скептцизмінде. Қоғамды мистика мен ырымшылдық қамтыған кезеңде, ол еш нәрсеге араласпай, керісінше күлкіге («Өтірікті ұнатушы», «Александр») айналдырған. Ол ешбір философиялық мектеп өкілі саналмаған және ешқандай діни сенімге бой ұрмаған.

«Мақсаты пен себептерін іздеме, даналардың сөзіне құлақ аспай, оларды жай сөздер деп қарастыр, бір-ақ нәрсені ғана көзде, өзіңе әркез ыңғайлы болсын, ал қалғанының бәрін күлкімен өткіз, ештеңеге толық тәуелденбе ».

Лукианның идеялық ұстанымы оның көркемдік әлемімен тығыз байланысты. Оның скептикалық нигилизмі – оның әлемге деген ирониялық қатынасының негізі болып табылады, сонысымен Лукиан антикалық комизімнің ғұлама шеберіне айналған. Лукиан – екінші софистиканың сырт жағы, яғни комизм. Лукиан шығармашылығындағы сатираның кейінгі уақыттарда ықпалы күшті болады, мысалы XY-XYI ғғ. оған Византия әдебиетінде ұқсағысы келгендер көп болған, сол секілді Батыс Еуропада Эразм, Гуттен, Рабле мен Свифт шығармашылықтарына айтарлықтай үлгі болған.

Екінші софистика тек стилді қалыптастырумен шектелмеген, ол жаңа әдеби құндылықтары жасауда (роман, гректік терминде «махаббат туралы повесть») да бастама болады.

Екінші софистика кезеңінде роман жалпыға ортақ көңіл көтеретін оқуынан, дәстүрлі «жоғарғы әдебиетке» жақындай түседі. Сондықтан II-III ғғ. папирустық жазбалар үзінділері емес, толыққанды грек романдары (бесеуі) жеткен: Харитонның 8 кітаптан тұратын «Херей мен Каллироя» атты романы, 5 кітаптан тұратын Ксенофонт Эфестің «Гоброком және Антия» романы, 8 кітаптан тұратын Ахил Татийдің «Левкиппа және Клитофонт» романы, 4 кітаптан тұратын Лонгтың «Дафнис пен Хлоя» романы, 10 кітаптан тұратын Гелидордың «Феаген және Хариклия» романы. Сонымен қатар латын тілінде «Апполон Тирскийдің тарихы» романы, Ямвлихтің «Вавилондық повесть» және Антоний Диогеннің «Фуланың арғы бетіндегі қызықтар» романдарының византиялық тілінде қысқа нұсқасы сақталған.

Қысқасы екінші софистиканың III-IY ғғ. романдарын екі топқа бөледі: ерте кезеңдегі Харитон, Ксенофонт және «Аполлония Тирскийдің тарихы» романдарын қамтыса, кейінгісі - Ямвлих, Ахилл Татий және Гелиодор романдары қамтиды. Бұлардың арасында үш айырмашылық байқалады. Біріншіден, шығарманың қиындығы артса: Харитон мен Ксенофонтқа тән эпизодтардың қарапайымдылығы, қосымша жолдармен күрделіне түседі (Ямвлих), бірінші жақтың әңгімесі (Ахилл Татий) эффекті хронологиялық қойылымдармен (Гелиодор) күрделенеді. Екіншіден, патетикалық қосымшалар көбейеді: Ямвлих романында Вавилон патшасы батырды дарға аспақшы болғанда (бақытты кейіпкер өлуді армандайды), сонан соң оны босатып, сириялық ханға шабуылға жібереді. Үшіншіден, діни-мистикалық мотивтер көбейеді; Гелиодор романы күн құдайына деген сенім мен табынушылық орын алған, б.з. III ғ. империяда Оған табыну кең таралған. Жалпы алғанда, ерте кездегі романдар қарапайым халыққа арналған да, кейінгі кезеңдегі романдар - риторикалық білімді, сезім мен стильдің құдіреттілігін бағалайтын адамдарға арналған.

Ортақ бір сюжеттегі шығармалардың ішіндегі ғасырлар бойы жоғары орынға ие болып келген – Лонгтың «Дафнис және Хлоя» романы. Оның басқа романдардан айырмашылығы - үшеу. Біріншісі, онда саяхат деген мүлдем болмайды: шартты түрде бейнеленген, оқиға Грецияда, идиллиялы Лесбос бұғазында өрбиді. Екіншіден, онда басты кейіпкерлер - басқа романдардағы сияқты танымал жастар емес, екі құл: қойшы бала мен қойшы қыз туралы. Сол себептен әңгіме олардың тағдырын бейнелей келе, әлеуметтік – сентиментальды сипатқа ие болады. Үшіншіден, маңыздысы осы, романның тізбегі жаңаша жасалған - кейіпкерлердің ажыратылуы: дәстүр бойынша романдарда кейіпкерлердің ажырасуларына сыртқы жағдайлар себеп болса, Лонгта – ішкі жағдайлар: олардың қарапайымдылығы, жастығы т.с.с. жағдайлар себепші болады. Авантюрлық роман психологиялық романға ұласады, оқырмандар назары тәжірибесіз қойшылардың махаббат сезімдеріне аударылады. Ал үйреншікті қарақшылар, ұрлап қашу мен тұтқын алу тек өткінші эпизодтар ретінде қосылады. Психологизм мен эротика – оның негізгі ерекшелігі, сол себептен бұл шығарма Жаңа кезең әдебиетінде үлкен жетістікке жетті.

Барлығына дерлік гректік романдарына ортақ: экзотикалық жерлер әлемімен таныстыру, драмалық оқиғалар мен идеал сезімдерді көрсету, достықты, қарапайым адамдар өміріне қарама-қайшы келетін өмірді бейнелейтін нәрселер. Осы кезден латын тілінде сақталған Мадаврдан шыққан Апулеяның (шамамен 125-180) «Метаморфоздар» («Алтын есек») романы қалғандарынан ерекшеленеді. Шығарма авторына келсек, ол Африка тұрғыны, өз кезеңінің ең танымал риторларының бірі, өзінің шешендік өнерін латын және грек тілдерінде оқыған, әдеби жанрлардың көпшілігн пайдалана білген делінеді. Оның шешендік декламациялары мен философиялық жұмыстарының жинақтары сақталған, алайда оған атақ пен даңқ жоғарыдағы романымен келген.

Апулея романы бізге дейін жеткен ежелгі грек романдарына қарағанда басқа жанрда жазылған. «Метаморфоздар» сюжеті сиқырлықпен есекке айналған адамның, бір қожадан екіншісіне, одан үшінсіне, ең соңында қайтадан адам кейпіне келуіндегі басынан кешкендерімен берілген (Бұл сюжет 2 ғ. Аристидтің «Милет оқиғаларына келеді»). Бұл роман қысқартылған және толық версиялы (11 кітаптан тұрады) болып екі нұсқада жеткен.

Апулейдің бұл романы кейінгі жаңа еуропалық айлакерлік романдар үлгісіне айналған-ды.

Қысқасы, екінші софистика жанрлары мен стиліне тән сипат, ол поэзияның прозаға айналуы. Сондықтан шешендік өнер дамыған уақытта, поэзия үшінші орынға шегінген. Бұл кезде проза поэтикаға, керісінше поэзия проза тілне ауысқан.

Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар