Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Туризмдегі сервистік.doc
Скачиваний:
155
Добавлен:
24.03.2015
Размер:
2.41 Mб
Скачать

Қорытынды

«Қазақстандағы туризмді дамыту мүмкіндіктері» Жаңа әлемдегі жаңарған Қазақстан үшін экономиканы әртараптандыру және шикі заттық емес секторды дамытудағы негізгі бағыттардың қатарына еніп отыр. Әлемдік тәжірибеге көз салсақ көмірсутегінің қаржысына ғана сүйенумен алысқа бара алмасымыз мәлім. Ел табысының негізгі бөлігін шикізаттық емес саладан табуды мақсат еткен Қазақ елінің алдында алынбаған талай асу бар. Көптеген салалар Мемлекеттің қолдауы болмай, даму жолына түсе аламақ емес. Елбасы биылғы Жолдауында бұл туралы Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Яғни, Қазақстан алдағы уақытта өндіру саясатын түбегейлі өңдеуші бағытқа бұрғаны жөн. Бұл ретте туризмнің алар орны ерекше. Әлемде жер көлемі жөнінен алғашқы ондыққа енетін Қазақстанда туризмнің танымдық, тарихи-мәдени, экологиялық сауықтыру бағыттарын, тіпті спорттық түрін дамытудың мол мүмкіншіліктері бар. Оған қоса ежелгі сауда-саттық жолымен өркениеттің байланыстырушысы болған ортағасырлық «Ұлы Жібек Жолының» бірнеше негізгі салаларының ел аумағынан өткенін қосыңыз.

«Ұлы Жібек Жолы» сауда бағытының екі мың шақырымға жуық бөлігі Қазақстан аумағынан өтеді. Осы жолдың бойында талай туристерді тамсандыратын құнды жәдігерлер бар. Мәдени туризм бағытында ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған әлемдік мәдени ескерткіштердің санатына енген «Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Айша Бибі, Бабажа Хатун» ескерткіштерінің «Есік» қорғанының және көптеген ескі қала орындарының мәні зор. Ал, экономикалық-табиғи туризмнің аясында Алматыдағы Шарын шатқалын, Түргенді, Бурабай мен Медеуді, Шымбұлақ пен Көлсайды саяхатшылар назарына ұсынуға болады. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқандықтан Қазақстан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып қорықты жерлер ежелден саяхат және туризм нысандары болып табылады. Қазақстандағы алғашқы туристік ұйымдар ХХ ғасырдың 20-30 жылдары пайда болды. 1929 жылы Алматы қаласында тұңғыш туристік жорық ұйымдастырылды. Туризм табиғи, тарихи, мәдени сияқты үш бағытта дамиды. Бізде осы үшеуін де жолға қоюға болады. Батыс Тянь-Шань аумағы Біргөліктен бастап, Қазығұртқа дейін жасыл желекке оранып жатады. Ақсу жабағылының өзі бір төбе. Түркістан, Арыстанбаб, Сайрамның аумағы тұнған тарих. Осы байлықтарымызды біз игілігімізге пайдалана алмай жатырмыз. Бұл бағытта мамандар көбірек дайындалу керек. «Міне, Ақсу жабағылы», «Міне, Біргөлік» десе көпшілік бара бермейді ғой. Алдымен осы аймақтар арнайы туристік база ретінде құрылып, содан кейін көпшіліктің қызығушылығын ояту керек.

2001жылғы 13 маусымда Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы заң қабылданды. Онда республикадағы туристік саланы дамытудың бірінші кезектегі шаралары, туристік қызметті лицензиялау, т.б.мәселелер тұжырымдалды. Қазақстанның табиғи, тарихи, геосаяси орны туристік нысандарды ұтымды пайдалануға мүмкіншілік береді, сонымен қатар экономиканың басты тармақтарының бірі ретінде дамытуды қажет етеді. Қазақстанда туризмнің барлық түрлері (танымдық, ойын-сауық, этно., экол.денсаулық сауықтыру, балалар, спорттық, аң аулау, атпен серуендеу т.б. бойынша) жүргізіледі. Қазақстандағы туристік ресурстарға-туристік қызмет қөрсету нысандарын қамтитын табиғи-климаттық, тарихи, әлеуметтік-мәдени, сауықтыру нысандары, сондай-ақ туристердің рухани қажеттерін қанағаттандыра алатын, олардың күш-жігерін қалпына келтіріп сергітуге жәрдемдесетін өзге де нысандар бар. Олар мәдени-танымдық, экологиялық, спорттық, әлеуметтік, діни, т.б. туризм түрлеріне бөлінеді. Қазақстандағы туристік нысандар табиғи-рекреациялық, тарихи-археологиялық, тәуеп ету, т.б. топтарға бөлінеді.Табиғи-рекреациялық нысандарға - Солтүстік Қазақстан аймағындағы Көкшетау, Бурабай, Баянауыл, Ерейментау, Шығыс Қазақстан аумағындағы Зайсан, Марқакөл, Алтай таулар, Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Батыс Солтүстік Тянь-Шань, Алтынемел таулары, Жетісу алабы, Батыс Қазақстандағы Үстірт, Мұғалжар, Каспий ойысы, Жайық өңірі, Орталық Қазақстандағы Қарқаралы, Қызыларай, Бекет ата, Ұлытау, т.б. табиғи нысандары жатады. Тарихи-археологиялық ескерткіштердің туристік-экскурсиялық сапарлардағы орны ерекше. Археологиялық ескерткіштердің кез-келген нысандары туристік-экскурсия жұмыстарында маңызды рол атқарады. Соның ішінде Жетісудағы Сақ қорғандары, Оңт.Қазақстандағы Отырар, Сайрам, Сауран, Батыс Қазақстандағы Сарайшық, т.б. көне қалалардың орнына туристердің қызығушылығы мол. Археологиялық-тарихи ескерткіштердің қазірге дейін жеткен нысандарының ішінде қорғандар мен мазарлардың маңызы зор. Қола дәуір ескерткіштеріне жартастағы петроглифтерді атауға болады. Оларға әйгілі бірегей ғибадатханалар: Аңырақай тауының Таңбалы сайындағы, Көксу өзендегі Ешкіөлмес ғибадатханасы, сондай-ақ Шолақ, Кіндіктас, Баянжүрек тауларындағы тастағы суреттер жатады. Біздің дәуірімізге дейінгі 6-3 ғасырлардан қалған сақ қорғандары, Бесшатыр қорымындағы жерлеу камерасы, 2001-2002 жылы Шығыс Қазақстан облысынан сақ әскері киімін киген Алтын адамның және Қатонқарағай ауданының Бергіел (Берел) қорғанынан табылған Сақ патшайымының мүрделері баға жетпес археологиялық байлық. Ортағасырлық Түркістан, Отырар, Сауран, Құлан, Мерке, Жаркент қалалары, т.б. елді мекендер қазіргі туристік нысандар болып табылады.

Ел экономикасы дамыған сайын халықаралық байланыстарымыз артып, бітіруші студенттерге деген сұраныс жоғарылап жатыр. Мемлекетімізге келетін шетелдіктер де, елімізден шетелге шығатындар да көп. Сол себепті қандай мақсатпен жүрсе де олар турист болып саналады, туризм менеджерлерінің қызметіне жүгінеді. Ал, өкінішке орай осы салаға мамандар даярлайтын оқу орындары елімізде өте аз. Сондықтан да бұл салада мамандардың тапшылығы айқын сезіледі. Әсіресе, қонақ үй, туристік фирмалар мамандығын бітіруші курстың студенттеріне алдын-ала сұраныс білдіріп жатса, халықаралық біріккен компаниялар да маман тапшылығын сезініп бізге хабарласады. Сөз жоқ, мүмкіндігіміз бола тұра туризм құлаш сермеп дами алмай отырған жайы бар. Өйткені, бізде оның тасын өрге домалататын мамандар жетіспейді. Біздің қанаттандырған түлектеріміз теңізге тамған тамшыдай ғана болып тұр. Қазір кафедрада туризм және сервис, яғни, туризм менеджері, қонақ үй шаруашылығы менеджері, халықаралық туризм менеджері, тұрмыстық қызмет көрсету менеджері сияқты мамандықтар бойынша мамандар дайындайды. Бірақ олар бітірген соң халық шаруашылығының 37 саласы бойынша жұмыс істеуге бөлініп кетеді. Біздің бітірушілерге мекемелер тарапынан сұраныстың жоғары болуының тағы бір себебі, шәкірттеріміздің көп тілді меңгеріп шығатындығында. Сондай-ақ, студенттеріміздің өндірістік іс-тәжірибені шетелдерде өткізетіндігі де жұмыс берушілердің қызығушылығын оятады.

Бұл мамандықты таңдаған жастар жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Себебі соңғы уақытта туризм саласынан түсетін пайда мен оның қызыққа толы күндері бұл мамандыққа сұранысты арттырып отыр. Туризм саласы Қазақстанда соңғы жылдары мемлекет тарапынан үлкен қолдау табуда. Елбасымыз Н.Назарбаев дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын және халық шаруашылығының бір саласы - туризмді әлемдік деңгейге көтеру мақсатында жұмыс жүргізудің нақты бағдарламасын ұсынды. Туризм – мемлекеттің саясатымен тікелей байланысты индустрия. Оны дамытудағы мемлекеттің алдында тұрған мәселенің бірі – туризм саласының мамандарын дайындау.

Қонақ үй кәсіпорыны көптеген ірі туристік қалаларда үлкен бизнес және табыстың көзі болып табылады. Бұл экономикаға кіріс әкелетін туризм индустриясының бір саласы. Қонақ үй кәсіпорыны туризм индустриясында маңызды орын алады және ол тікелей туризмге қатысты. Алматының Еуразия орталығы ретіндегі деңгейі өсуде, сонымен қатар қалада көптеген саммиттер, халықаралық конференциялар, семинарлар, көрмелер, яғни конгресті және іскер туризмді дамытуға әсерін тигізетін бірнеше басқосулар өткізіледі. Конгресті туризмнің де өз маусымдылығы бар, ол көктем-күз айларына келеді, қысқы, әсіресе жазғы кезде бизнес-туризмдердің жұмыс белсенділігі төмендейді. Сонымен қатар Қазақстанға іскерлік мақсатпен келетін туристердің арасындағы түрлі деңгейдегі қонақтар бар. Бірақ іскер адамдармен бизнес-туризмдердің қонақ үймен отельдерге деген нақты талаптары бар - ол сервистің тиісті деңгейін қамтамасыз ететін қазіргі заманға сай әрі комфортабельді орналастыру орындары болуы керек. Бұл сервис сферасындағы іс-әрекеттердің түрлерінің күрделілігі және әртүрлілігі туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді

Қонақ үй саласын дамытуда айтарлықтай жетістіктерге жету үшін, осы салада қызмет ететін мамандардың білім сапасын, қонақ үйлердің сервисін, қызмет түрін арттыру қажет. Қонақ үйде қызмет көрсету- бұл адамдар арасындағы қарым – қатынас, нақты тұтынушы мен сатушы арасындағы байланыс, яғни қызмет көрсетушілердің күш жігерлері демалушыларға арналып, қонақтардың көңілін жаулап алу мақсатында ауқымды дәрежеде қызмет көрсету.