Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ТІЛ ТІРЕГІНДЕГІ ТОЛАМДАР 1.doc
Скачиваний:
15
Добавлен:
24.03.2015
Размер:
977.41 Кб
Скачать

Тілдің аяғына тұсау болған себептер

... Бұдан тура 100 жыл бұрын, яғни 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылған «Қарқаралы петициясында»:

«Ауылдарда сабақ орыс тілімен бірге қазақ тілінде де жүргізілетін мектептер ашу, мемлекеттік аппаратта, сот орындарында іс қағаздарын қазақ тілінде жазу, олардың жұмысында қос тілділікті Жолға қою... т.т.» деген талап қойылады (Әлихан Бөкейханов, Шығ., 1994, 13-б.).

Ойлап тұрсақ, бұл қай заман еді?

Тіл қасіретіне ұшыраған халықтың мұң-зары одан кейін тоқтап па еді? Жоқ, ешбір тоқтаған емес... Халқымыздың саналы азаматтары (Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Әлихан Бөкейханов, т.б.) замана райына қарай қазақ тілінің тағдыры үшін күресін ешқашан тоқтатқан емес еді ғой. Тек Сәкен Сейфуллиннің бір өзі ғана 1923 жылы өкімет қаулысымен мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің мүшкіл жағдайына байланысты баспа бетінде арнайы 50-дей сын мақала жазған екен. Бір ғажабы сол кезде айтылған әңгімелердің көбісі бүгін де қайталанып отыр.

Кеңестік партократия кезінде де тіл саясатындағы бұра тартып, белінен басушылық кейбір зиялы азаматтардың (мыс., Р.Бердібаев, т.б.) қолына қалам алғызып, пікірін ашық айтуға мәжбүр еткені де белгілі. Бірақ ол заман мен бұл заман бір емес қой. Ол кезде мәселе қалай көтерілсе, сол сәтте-ақ басылатын.

Ал тіліміз үшін бүгінгі күрес демократия, егемендік, сөз бостандығы жағдайында өтіп жатыр емес пе?

... Өткен замандардай емес, қазіргі жағдаятта барлық заңды құқық күресушілер жағында, оларды ел-жұрт қолдайды, бірақ бұл күресті қызу науқанға айналдырып, ұрандатпай, өркениетті, мәдениетті тәсілдермен жүргізу қажет деп білемін. Бүгінгі күресіміз ерекше бір белсенділікпен, қызуқандылықпен өтіп жатқаны рас. Бірақ ол қалың жұрт, қарапайым халық арасында емес.

... Дегенмен, баршамыздың есімізде болатын жағдай: ана тіліміздің тағдыры үшін күрес әрқашан да қажет, оның қандай түрі болса да діттеген мақсатқа толық қолымыз жетпегенше тоқтамауы қажет.

... Енді тіліміздің аяғына тұсау болып келе жатқан ірі-ірі факторлардың бірнешеуін және оларды шешудің (өз көзқарасым бойынша) кейбір жолдарын атап өтейін.

1. Мемлекеттік тіліміздің малтығып, кең жолға шыға алмай жатуының көп себептерінің бірегейі – солтүстіктегі ұлы көршімізге байланысты, оның ғасырларға созылған отаршылдық және кеңес дәуіріндегі тоталитарлық саясаты бар, көршілес, достық қарым-қатынасы, демографиялық, мәдени, салт-дәстүр, т.б. бар фактор... Осы факторлардың тым тереңдеп, халқымыздың салт-санасын билеп алған әсерін біртіндеп болса да шектемесе, жағдай көп уақытқа дейін өзгермейтіні мәлім. Осы мәселені тіл саясаты арқылы, бейбіт жолмен шешуге болатын сияқты.

2. Тіл тағдыры да, тіл саясаты да демография мәселесіне тікелей байланысты. Қазақтың демографиялық жағдайы, негізінен, үш саладан тұрады... Біріншісі – қазақтардың жан санына байланысты.

Демографиялық фактордың екінші саласына Қазақстанда тұратын қазақтар мен басқа ұлт өкілдерінің сан-сапа жағынан өсіп-өркендеуі және ара салмағының сәйкестігі жатады. Осыған орай қазақстандықтардың жақын жылдардың ішінде 20 миллионға жетуі де бағдарлануда. Бұл идеяның орындалуы көптеген мәселелерге: ... тіл, оқу-білім, педагогика, тәрбие, экономикалық, әлеуметтік, т.б. проблемаларға байланысты...

Этно-лингво-демографиялық дамудың тағы бір тарихи мәні зор саласы – жер бетінде бытырап жүрген қазақ диаспорасының басын қосып, өз Отанының құзырына жинақтау. Төрт көзі түгел емес халықтың тілі де тұтас емес. Ал бүгінгі қазақтардың жалпы санының 1/3 (үштен бірі) Қазақстаннан тыс жерлерде жасайды.

Тарихи бір тағлым. Түркі әлеміндегі ірі мемлекеттердің бірі – Түркия. Ол кезінде Осман империясы болып, 7 ғасыр бойы дәуірлеп келді. Түркия да көп ұлтты мемлекеттердің біріне жатады. Көп тілдің (Рим, Алмания, Франция, Византия, т.б.) әсері түрік тілінің ұлттық қасиетін, нақышын кетіре бастайды. Міне, сондықтан болу керек, 1277 жылы Қараман, Кониа уәлаяттарының әкімі Қараманоғлу Меһмет бей: «Бүгіннен бастап, үйде де, түзде де, аулада да, кеңседе де, мәжілісте де, сайранда да (жұрт) түрік тілінен басқа тілді қолданбасын!» деген жарлық шығарады және бұл жарлықты орындамағандарға қатал жаза қолданылады (дүре соғылады).

Міне осындай қатал шараның нәтижесінде түрік елінде біртұтас мемлекеттік түрік тілі қалыптасады. Содан бері, 700 жылдан астам уақыт бойы Қараман, Кониа, т.б. қалаларда мемлекеттік түрік тіліне бағышталған «Діл бәйрамы» атты жалпытүркиялық мейрам өткізіліп тұрады...

Біз мұны айтып, сол түрік мемлекетінің тәжірибесін, іс-шараларын қайталайық деп отырғанымыз жоқ. Бірақ ол кімге болса да, әсіресе, көп ұлтты мемлекеттерге тіл проблемасын шешуге қажетті көп тәсілдердің біріне жатады және бүгінде ірі-ірі өркениетті елдердің (КХР, АҚШ, Франция, Алмания, Ресей, Иран, т.б.) көбісі оны толық та, жартылай да қолданып келеді. Мемлекеттің негізгі халқы сөйлеген тілде сөйлемеген бірде-бір адамның бұл елдерде күн көруі, өмір сүруі мүмкін емес.

Бұл іс-шараларды тіл саясаты құзырында жүргізудің сатыланып орындалуға тиісті жоспары, стратегия ретінде жүзеге асырылуға тиісті ерекше бағдарламасы болуы қажет.

Айта кетейік, осы бағыттағы игілікті іс-шаралардың бастамасын кезінде Елбасының өзі көрсеткені бізге жақсы белгілі. Бұдан бұрынғы өткен (1999) пезиденттік сайлау қарсаңында бұл мәртебелі қызметке (президенттікке) ... 8 үміткерден мемлекеттік тіл бойынша емтихан алған комиссияның төрағасы ретінде менің байқағаным: бүгінгі Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы сол 8 үміткер ішіндегі ана тілін ең жетік меңгерген, оның құдіретті күші мен көркемдік қасиетін барлық үміткерлерден де артықша сезінетін ерекшелігімен көзге түскен болатын. Бұл өнерін ол өмірде де асқан бір шеберлікпен көрсетіп келе жатқаны белгілі.

Қазақ халқының бүгінгі ұрпағы мақтанғысы келсе, артында осыншама тіл байлығын қалдыра білген бабаларымен мақтана алады.

... Тіл байлығы тек сөз санымен ғана емес, сөздің сапасымен де, яғни мағына санымен де өлшенеді. Егер осы тұрғыдан қарастыратын болсақ, қазақ тілі сөз қорының сапалық (мағыналық) байлығы 150 мың емес, 1 миллион мағыналық бірліктен (семантикалық единицадан) тұрады деп жобалай аламыз. Бұл – жер бетіндегі өркениетті елдердің (ағылшын, орыс, қытай, т.б.) тілдерімен шамалас көрсеткіш.

«Егемен Қазақстан», 13.01.06.

Сайын Назарбекұлы, сәулетші, ақын

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]