Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ЛЕКЦИИ по ВСЕМИРКЕ.doc
Скачиваний:
975
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
913.92 Кб
Скачать

Европада фашизмнің талқандалуы. Жапонияның жеңілуі және соғыс қорытындысы

  1. Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдерін фашизмнен азат ету.

  2. Қырым конференциясы.

  3. Германияның тізе бүгуі. Потсдам конференциясы.

  4. Жапонияның тізе бүгуі. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің азат етілуі.

5. Фашизімнің талқандалуы. Халықаралық аренадағы күштердің арасалмағының өзгеруі.

1. Шығыс және Оңтүстік - Шығыс Еуропа елдерін фашизмнен азат ету. 1944 ж. Жазы мен күзінде Қызыл Армия Польшаның, Румынияның, Югославияның және Венгрияның территориясына енді; Карел мойнағы мен Шығыс Карелияда финн әскерлеріне күйрете соққы берді. 1945 ж. 5 қыркүйекте Кеңес Одағы Болгарияға соғыс жариялады, кеңес әскерлері ешқандай қарсылық кездестірместен, оның территориясына енді.

Қызыл Армияның Румыниядағы шабуылы басталған кезде король Михай 1 жасырын жағдайда қимыл жасаушы антифашистік партиялармен алдын ала келісіп, фашистік үкіметтің басшысы маршал Антонескуді тұтқынға алып, антифашистік коалициялық үкімет құрды.

Болгарияда Кеңес әскерлерінің жақындағанын естісімен партизан топтары өздеріне қосылған әскери бөлімдермен бірігіп, 1944 ж.қыркүйегінде елдің астанасы Софияны басып алды. Билік басына коммунистер шешуші роль атқарған Отандық майдан үкімет келді.

Югославия мен Албанияда кеңес әскерлері жақындаған сайын бұрын Қарсыласу қозғалысына қатысушылар орнатқан билік органдары түптілік орнықты. Югославияны азат етудің Халықтық комитеті Уақытша үкімет деп қайта аталды. Коммунистер басшылық еткен Уақытша үкімет Албанияда да орнады. Венгрияда неміс басқыншыларын елдің бір бөлігінен қуып шыққаннан кейін Уақытша үкімет құрылып, оның құрамына әртүрлі антифашистік және патриоттық топтармен бірге коммунистік партия да енді.

Румыния, Болгария және Венгрияның жаңа үкіметтері Германиямен байланыстарын үзді, одақтастар жағына шығып, олармен уақытша бітім туралы келісімдер жасасты. Финляндия үкіметі сөзсіз жеңілетіндігіне көзі жеткеннен кейін одақтастармен уақытша бітім жасауға мәжбүр болды.

Германияның бұрынғы одақтастары фашистік ұйымдарды таратуға, Біріккен Ұлттарға қарсы насихатқа жол бермеуге, КСРО-ға және антифашистік одақтың басқа да мүшелеріне қарсы соғыста келтірген зияндардың ішінара орнын толтыруға міндеттенді.

Румынияның, Болгарияның және Венгрияның үкіметтері фашистік партияларға тиым салды, соғыс қылмыстыларын және басқыншыларға қызмет еткендерді сотқа берді, демократияшыл полиция мен армия жасақтай бастады. Коммунистер басқарған Югославия және Албания үкіметтері және Отан майданы басқарған Болгария үкіметі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер енгізуге кірісті.

Югославия үкіметі басқыншылардың қолбасшыларының меншіктерін тәркіледі және шетелдіктердің меншіктерін пайдалануға тиым салды, бұл іс жүзінде Югославия буржуазиясының көпшілігінің дүние мүлкін мемлекет қарамағына алу болып табылды. Жеке меншікте қалған кәсіпорындарда көп ұзамай жұмысшылар бақылауы орнатылды.

Албанияда үкімет өндіріс орындары мен акционерлік қоғамдарда мемлекеттік бақылау орнатты, банкілер мен фашистік мемлекеттердің азаматтарының меншіктерін мемлекет қарамағына алды.

Болгарияда Отан майданы үкіметі қылмыстылардың дүние-мүлкін тәркіледі, ірі банкілер мен өнеркәсіп орындарын мемлекет қарамағына алды.

Польшада ерекше жағдай орын алды. Кеңес әскерлері азат еткен территорияларда әрекет етуші Польшаның жұмысшы (коммунистік) партиясының және басқа да антифашистік топтардың өкілдері 1944ж. жазында Люблинде Польшаның ұлттық азат ету комитетін құрды, ол Кеңес Одағының келісімімен Польшаның азат етілген территорияларын басқаруды өз құзырына алды. 1944ж. желтоқсанында Польшаның азат ету комитеті өзін уақытша үкімет деп жариялап, Польшаның толық азат етілуін күтпестен, помещиктер жерін шаруаларға таратып бере бастады. Содан соң ол ірі өнеркәсіп орындары мен банктері мемлекет қарамағына алу туралы заң шығарды.

Шын мәнісінде Шығыс және Оңтүстік Еуропа елдерінде револициялық типтегі демократиялық өзгерістер басталды. Олар кейіннен халықтық-демократиялық революциялар деп, ал ол елдер халық демократиясы елдері деп аталды.

2. Қырым конференциясы. Германияны талқандау жоспарларын біржолата талқылау және азат етілген Еуропада бірлескен саясат жүргізуге келісу үшін Сталин, Рузвельт, Черчилль 1945ж.ақпанда Ялтада конференцияда бас қосты. үш ұлы мемлекет басшылары герман қарулы күштерін жоюға, соғыс қылмыскерлерін жазалауға, нацистік партияны, нацистік заңдарды, ұйымдар мен мекемелерді жер бетінен жоюға, Германияны басқыншылық құрбандарына репарация төлеуге мәжбүр етуге уәделесті.

Бұл мақсатқа жету үшін одақтастар Германияны басып алуға келісті. Үш мемлекеттің (кейіннен Францияның да) әрқайсысының өз билік аймағы болатын болды.

Польшадағы жағдайды қарастырып, Сталин, Рузвельт, Черчилль Польшаны шығыс шекарасы негізінен «Керзон сызығы» арқылы өту керек және батысы мен солтүстігінде Польша Германияның есебінен «территориясын едәуір ұлғайтуы қажет» деп шешісті. Польшаның Уақытша үкіметі құрамына Польшаның өзіндегі және иммиграциядағы демократияшыл қайраткерлерді енгізу арқылы қайта құрылады деп жобаланды.

Қырым конференциясы негізінде Сталин, Рузвельд, Черчилль құпия келісімге қол қойысты. Кеңес Одағы Монғол Халық Республикасының бұрынғы халі сақталған, Оңтүстік Сахалин мен Куриль аралдарын КСРО-ға берген және Порт-Артурда (Қытай) кеңес соғыс-теңіз базасын құрған жағдайда Еуропадағы соғыс аяқталғаннан кейін, 2-3 айдың ішінде Жапонияға қарсы соғысқа кіруге уәде берді.

Қырым конференциясының барысында бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін халықаралық ұйым құру туралы мәселелерді талқылау үлкен орын алды. Бұл ұйым кейіннен Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) деген ат алды. Үш ұлы мемлекет басшылары БҰҰ жарғысының жобасын талқылады, онда: негізгі мәселелерді шешуде ұлы мемлекеттердің бір ауыздылығы қағидасы іске кіріседі, олардың әрқайсысының «тыйым құқы» бар деген маңызды ереже жазылды.

Осыдан соң 1945ж. 25 сәуірде Сан-Францискода (АҚШ) БҰҰ-ның Құрылтай конференциясы ашылды. Оған осы уақытқа дейін Германияға соғыс жариялаған 42 мемілекеттің өкілдері қатысты. БҰҰ басшылығының тұрағы болып Нью-Йорк қаласы белгіленді.

3. Германияның тізе бүгуі. 1945 ж. ақпанда ағылшын – американ әскерлері Эйзенхауэр және Монтгомеридің басшылығымен Батыс майданына шабуылға шықты. Маршалдар Г.К. Жуков, И.С. Конев, К.К. Рокосовский, А.М. Василевский, Р.Я. Малиновский, Ф.И. Толбухин және басқа да қолбасшылардың басшылығымен кеңес әскерлері оларға қарсы қозғалды. 1945 ж. көктемінде олар Венгрияны азат етіп, Берлин, Прага, Вена және Братиславаға таяп келіп қалды. 1945 ж. 25 сәуірде Эльба өзенінің жағасында Торгау маңында американ әскерлерінің алдыңғы бөлімдері кеңес әскерлерімен кездесті. Кеңес әскерлері Берлинді қоршауға алып, оған шабуыл бастады.

Солтүстік Италияда компартия мен ұлттық азаттық комитеттерінің үндеуі бойынша неміс басқыншылары мен Муссолинидің қуыршақ үкіметіне қарсы көтеріліс басталды. Партизандар Муссолини мен оның жақтастарын тұтқынға алып, атып тастады, содан соң азат етілген Милананның қалалық алаңыңда аяқтарынан асып қойды.

1945 ж. 30 сәуірде Гитлер өзін-өзі өлтірді. Берлин гарнизоны қаруларын тастады. 1945 ж. 8 мамырда Берлинде Г.К. Жуковтың төрағалық етуімен салтанатты жағдайда Германияның тізе бүгуі туралы актіге қол қойылды. Еуропадағы соғыс аяқталды.

Потсдам конференциясы. 1945ж.т 17-ші шілдеде Берлин маңындағы Потсдамда үш мемлекет басшыларының жаңа конференциясы ашылды. Оған қатысушылар Германияны қарусыздандыру және демилитарландыру, нацистік партияны жою, фашистік үгітке тыйым салу, неміс басқыншылығынан зардап шеккен елдердің пайдасына Германиядан репарациялар алу, басты соғыс қылмыскерлерін Халықаралық соғыс трибуналының сотына беруге шешім қабылдады.

Соғысты дайындау мен жүргізудегі неміс монополияларының белсенді рол атқарғандығын ескеріп, конференция синдикаттар, трестер, картельдер және басқа да монополистік бірлестіктер түрінде көрініс тапқан «экономикалық күштердің шектен тыс шоғырлануын» жоюға қаулы етті. КСРО, АҚШ және Англия Германияда сөз, баспасөз, дін бостандықтарының қалпына келтірілетіндігін, кәсіподақтар мен демократиялық партиялардың әрекет жасауларына рұқсат ететіндерін мәлімдеді.

Германия шекаралары туралы мәселені талқылап, конференцияға қатысушылар поляк-герман шекарасын Одер-Нейсе өзендерінің желісі бойынша орнату және Кеңес Одағының Шығыс Пруссияның бір бөлігі Кенигсберг (қазіргі Калининград) облысын беру жөнінде түпкілікті келісті. Кеңес Одағы өзінің Жапонияға қарсы соғысқа кірісетінін тағы да мәлімдеді.

4. Жапонияның тізе бүгуі. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің азат етілуі. 1944 ж. басында АҚШ пен Англияның қарулы күштері Тынық мұхит пен Азияда шабуылға шықты. «Ұшқыш қамал» деп аталатын американ самолеттері жапон жойғыш самолеттері жете алмайтын биіктен жапон қалаларын аяусыз соққылады.

1944ж. қазанда Лейте аралының (Филиппины) маңында барлық соғыстар тарихындағы ең ірі төрт күнге созылған теңіз шайқасы болды, оған екі жақтан 300-ден астам ірі соғыс кемелері қатысты. Бұл шайқаста жапондықтар өлімге басын байлаған ұшқыштар (камикадзе) басқарған самолеттер мен торпедолар қолданды, олар американ кемелерін соғып, олармен бірге жарылуға тиіс еді. Бірақ камикадзелер де соғыстың тағдырын шеше алмады. Американ флоты мен авиациясы қарсыласын тас-талқан етті.

Әуе мен теңізде үстемдік орнатып, американ әскерлері Филиппины аралына басып кіріп, жергілікті партизандардың қолдауымен елді жапон басқыншыларынан тазартты.

Ағылшын әскерлері Бирмада шабуылға шықты. Оларды бұрын жапон басқыншы билік орындарының бақылауында болған Бирма армиясының көтерілісшілері қолдады. 1945ж. мамырына жапон басқыншылары біржола қуылды.

Индокитай мен Индонезияны ұстап тұруға күші жеткіліксіз болуына байланысты Жапония оларға тәуелсіздік беруге уәде етті.

АҚШ пен Ұлыбритания Жапониямен соғыс ұзаққа созылуы мүмкін деп есептеп, Кеңес Одағының соғысқа енуін тездетуге тырысты. Екінші жағынан американ үкіметі басқа мемлекеттерге қыр көрсету құралы ретінде пайдалану үшін жаңадан ғана жасап бітірген атом бомбасын Жапонияға қарсы қолдануға дайындалып жатты.

1945ж. 6 тамызда американ самолеті жапон қаласы Хиросимаға атом бомбасын тастады. Атом жарылысының зардаптары жан түршігерліктей болды: үйлердің 90 пайызы жанып кетті, қағандарының күлі көкке ұшты. Қаланың 300 мың тұрғындарының 90 мыңы бірден қаза тапты. Ондаған мың адамдар кейінірек жарақаттан, күйік пен радиоактивтік сәулеленуден қайтыс болды.

Бірінші атом бомбасының жарылуынан адамзат атом дәуіріне аяқ басты. Ол өз қолына сарқылмас энергия көзін және бір мезгілде бүкіл тіршілікті жойып жіберуге қабілетті өте қауіпті қару алды.

1945 ж. 8 тамызда Кеңес Одағы өзіне алған міндеттемелеріне сәйкес Жапонияға соғыс жариялады. Кеңес Армиясы жапон басқыншыларына қарсы шабуылды Солтүстік-Шығыс Қытайдан, Солтүстік Кореядан, Оңтүстік Сахалин мен Куриль аралдарынан бастады. Жапонияға Монғол Халық Республикасы да соғыс жариялады.

9 тамызда американ авиациясы жапон қаласы Нагасакиге екінші атом бомбасын тастады. Қаланың тас-талқаны шықты.

Екі американ бомбасынан жалпы есепте 100 мыңнан аса бейбіт халық қаза тапты, 400 мыңдай адам радиоактивтік сәулеленуге ұшырады. 10 тамызда жапон үкіметі тізе бүгу туралы келіссөздер бастады. Жапонияның жеңілгені туралы хабар жетісімен жапондар басып алған Оңтүстік-Шығыс Азияның көптеген елдерінде көтеріліс басталды. Вьетнам, Индонезия, Малайя өздерін тәуелсіз мемілекеттер деп жариялады. Жапон басқыншылық режимі күйреді. Күштеп құрылған жапон отарлық империясы ыдырады.

1945 ж. 2 қыркүйекте Токио бұғазында американ линкорі «Миссуридың» бортында одақтастар әскерлерінің бас қолбасшысы американ генерал Макартурдың төрағалығымен Жапонияның тізе бүгуі туралы актіге қол қойылды. Жапонияның тізе бүгуімен Екінші дүние жүзілік соғыс аяқталды.

Фашизмнің талқандалуы. Демократияның жеңісі. Екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде фашизм толық жеңіліс тапты. Фашист басқыншылары тізе бүкті, фашистік идеология айыпталды. Демократиялық және фашизмге қарсы күштер жеңіске жетті. Атлантикалық хартияда, Біріккен Ұлттар Ұйымының Декларациясында және БҰҰ Жарғысында тұжырымдалған демократиялық қағидалардың мәртебесі артты. 1945 ж.24 қазанда БҰҰ Жарғысы күшіне енді.

20.11.1945-1.10.1946 аралығында Германияның Нюрнберг қаласынданацистік әскери қылмыскерлерді соттау мақсатында Халықаралық әскери трибуналы болып өтті. Жауапкершілікке Германияның басты жоғарғы әскери және мемлекеттік қызметтері тартылды, соның ішінде Г. Геринг, В. Кейтель, Э. Кальтенбруннер, А. Йодль, А. Шпеер, Я. Шахт, Г. Крупп; 12 адам өлім жазасына кесілді, көбі — ұзақ мерзімге немесе өмірлік мерзімге бас бостандығынан айырылды.

3.5.1946-12.11.1948 аралығында Токио процесі өтті.Онда жапондық басшылар (соның ішінде бұрынғы премьер-министрлер Тодзио мен Хирота), көбі— ұзақ мерзімге немесе өмірлік мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Халықаралық аренадағы күштердің арасалмағының өзгеруі. Соғыстың нәтижесінде халықаралық аренадағы күштердің арасалмағы күрт өзгерді. Германия, Италия және Жапония уақытша ұлы мемілекеттер қатарынан шығып қалды. Отаршылдық жүйенің ыдырауы басталып, ондаған тәуелсіз мемілекеттер құрылды. Франция, тіпті Ұлыбритания да анағұрлым әлсіреп қалды. Оның есесіне Америка Құрама Штаттары соғыстан күшейіп шықты. Қалған елдердің барлығын эканомика жөнінен әлдеқайда артқа тастап, ол аса қуатты, алып мемілекетке айналды да, капиталистік дүниеде жетекші орынды иеленді.

Екінші алып мемлекет Кеңес Одағы болды. Соғыс жылдарындағы ауыр шығындарға қарамастан, оның аса зор эканомикалық мүмкіншіліктері, аса қуатты армиясының барлығы, КСРО-ның басшылығымен халықтық- демократиялық елдердің одағының құрылуы Кеңес Одағын жаңа алып мемілекетке айналдырды. Екі алып мемлекет АҚШ пен КСРО-ның теке тіресі және осыған байланысты «қос полюсті дүниенің» құрылуы бүкіл соғыстан кейінге тарихта терең із қалдырды.