Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ЛЕКЦИИ по ВСЕМИРКЕ.doc
Скачиваний:
975
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
913.92 Кб
Скачать

20-30 Жж. Латын Америкасы елдері

  1. Аймақтың 20 жж. жағдайы

  2. 30 жж. экономикалық дағдарыс және саяси тұрақсыздық

Аймақтың 20 жж. жағдайы.Бірінші дүниежүзілік соғыс Латын Америкасы елдерінің капиталистік дамуын тездетті. Еуропа тауарлары мен капиталының келуі азайды. Аймақ елдерінің шикізат және азық-түлік өнімдерінің дүниежүзілік рыноктағы бағасы артты. Мысалы, Куба қантының бағасы 11 есе өсті. Бұл капиталдың шоғырлануына, жергілікті өнеркәсіптің дамуына, экономикалық даму қарқынының біршама тұрақтануына әсер етті. Соғыс жылдарында, мысалы, Бразилияда 6 мың жаңа өнеркәсіп орындары пайда болды, бұл бұрынғы 25 жыл ішінде салынған кәсіпорындар санынан артық еді.

20-жж. халықаралық рынокта Латын Америкасы тауарлары үшін қолайлы жағдай сақталынып қалды. Бірақ экономикалық өсу бұрынғыша экстенсивтік факторлардың негізінде өтіп жатты. Ауыл шаруашылығында латифундизмнің өктемдігі, өндірістің сыртқы рынокқа бағдарлануы, шетел капиталына тәуелділік бұл елдер экономикасына тән сипаттар болды.

Саяси салада 20-жж. латынамерикалық мемлекеттердің көпшілігінің тек аттары ғана республика болды. Сауатсыз және шаласауатты қалың бұқара, әсіресе ірі экономикалық және мәдени орталықтардан тыс жерлерде сайлауға қатыспады және өздігінен «азаматтық қоғам» мен өкілетті демократияның әлеуметтік негізін құра алмады.

Аймақтың ең артта қалған елдерінде республиканың атын жамылған консервативтік сипаттағы авторитарлық және диктатуралық режимдер орнап, олардың басында көптеген жылдар бойына шексіз билігін бар диктор «каудильорлар» (көсемдер) отырды.

Басқа елдерде формальді түрде конституциялық өкілетті мекемелер болғанымен, саяси өмірдің бақылауы іс жүзінде помещиктік-буржуазиялық олигархиялық топтардың қолында сақталды. Мысалы, Бразилияда орталық саяси билік іс жүзінде ат төбеліндей мұрсатты топтың – «кофе» олигархтарының қолында болды. Сайлауға азаматтардың аз ғана тобы қатысты (мысалы, Бразилияда 30 % шамасында).

Артығырақ дамыған капиталистік елдерде – Аргентинада, Чилиде және Уругвайда – соғыстан кейін консервативтік олигархиялық режимдердің орнына билік басына конституциялық либералдық-демократиялық үкіметтер келді. Бұл елдерде саяси-қоғамдық өмірге халықтың басым көпшілігі тартылды және жеткілікті түрде саяси бостандықтар болды. Бұл үкіметтер (1910-1917 жж. революциядан соң Мексикада) жүргізілген реформалар аймақ тарихындағы жаңа құбылыс болды.

10-20 жж. аяғында Латын Америкасында либералдық реформизм әлденіп алған жергілікті буржуазияның, сонымен бірге қалың халық бұқарасның – ұсақ буржуазияның, орта топтардың, белгілі дәрежеде еңбекшілердің мүдделерін білдірді. Ол ХХ ғ. Басындағы батысеуропалық және солтүстік-америкалық буржуазиялық реформизмнің ықпалымен дамыды.

10-20 жж. латынамерикандық реформизмнің түп тамыры көп жағдайларда өндірістік капитализмнің орнау дәуіріндегі еуропалық либерализмге ұқсас болды.

Реформашыл үкіметтер әлеуметтік-саясатқа көбірек көңіл бөлді. Олардың бұл бағыттағы әрекеттеріне 1917-1921 жж. Аргентинадағы, Чилидегі, Уругвайдағы, Бразилиядағы және басқа да елдердегі жұмысшы қозғалысының өрлеуі себепші болды.

Аргентинада Иполито Иригойен үкіметінің (1916-1922, 1928-1930) қызметі либералды-реформашылдық саясаттың үлгісі болды. Ол президент сайлауында екі мәрте жеңіске жетті. Оның үкіметі ұлттық экономиканың дамуына қолдау көрсетті, мемлекеттік мұнай өнеркәсібін құрды. Ауыл шаруашылығында фермерлер тобын нығайтып, жерді жалға алушылардың жағдайын жақсартты. Иригойен 8 сағаттық жұмыс күні туралы заңды қабылдауды талап етті. Еңбекақы көтерілді, жұмысшылар мен қызметкерлердің көпшілік бөлігі үшін зейнетақы енгізілді. әйелдер мен жасөспірімдердің еңбегіне шектеу қойылды. Кәсіподақтар қызметі еркіндік алды. Үкімет жұмысшылардың наразылығын бәсеңдетіп, мемлекеттің өзін қатыстыра отырып, таптық ынтымақтастыққа қол жеткізу туралы үміт отын жақты. Білім беру аясына ерекше көңіл бөлінді.

Иригойен Аргентинаның ұлттық егемендігін қорғады.

30 жж. экономикалық дағдарыс және саяси тұрақсыздық.1929-1933 жж. экономикалық дағдарыс аймақ елдеріндегі қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық құрылымдардың сыртқы рынокқа тәуелді екендігін көрсетті. Дағдарыс жылдарындағы Латын Америкасының дәстүрлі өнімдеріне сұраныс күрт төмендеді. Мыңдаған плантациялар, зауыттар мен фабрикалар тұрып қалды. Сұраныс табылмаған миллиондаған кофе, астық, плантациялық өнімдер жойылды. Көптеген адамдар жұмыссыз қалды. Орташа таптардың күнкөріс жағдайы нашарлап кетті. Осы жағдайда әрбір елдегі оқиғалар әртүрлі сипатта өрбіді.

Билік басында либералдық-реформашылдық үкіметтер отырған елдерде дағдарыс оларға қарсы бағытталып, оңшыл оппозиция күштерінің қолындағы құралға айналды. Аргентинада тап осылай болды. әскери төңкерістің нәтижесінде Иригойен үкіметі құлатылып, билік басына консервативтік топтар келді.

Бразилияда, керісінше дағдарыс билеуші «кофе» олигархиясының шебін әлсіретіп, оны буржуазиялық-ұлтшыл оппозициялық топтар пайдаланып кетті. 1930 ж. буржуазиялық революция олигархиялық режимді құлатты.

Колумбияда сол жылы консервативтік олигархиялық режимнің орнына либералдық-реформашыл режим келді.

Чили мен Кубада 30 жж. басындағы жаппай революциялық оқиғалардың нәтижесінде дағдарыс басталар алдында ғана орнатылған диктатуралық режимдер жойылды.

Чилиде 1932 ж. 12 күндей үкіметті социалистер басып алып, «социалистік революция» жариялады. Бірақ аз уақыт ішінде конституциялық басқару қалпына келтірілді.

Латын Америкасында экономиканы реттеудің әртүрлі нұсқалары орын алып, олар әртүрлі ауқымда іске асырылды. Аргентинада Августино Хустоның үкіметі кезінде (1932-1938) экономикаға мемлекет тарапынан араласу қазынаның кірістерін және агроэкспорттық олигархияны қолдау мақсатымен жүргізілді.

Бразилияда Жетулио Варгастың (1930-1945) ұлтшылдық диктатурасы тұсында мемлекеттік реттеу тікелей ұлттық-буржуазиялық топтардың мүдделерін қорғады.

Чили мен Мексикада мемлекеттің экономикаға кірісуі кең ауқымды ұлтшыл-отансүйгіш демократиялық және солшыл күштердің, оның ішінде орта және ұсақ кәсіпкерлердің, шаруалар мен қала еңбекшілері топтарының мүдделерін көздеді.