Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
КАРТОЧКА. НАУЧ.СТ..doc
Скачиваний:
5
Добавлен:
18.12.2018
Размер:
171.01 Кб
Скачать

№ 7 Тапсырма

Мұстафа Шоқайдың Сырдария өңірі қазақтарын Алаш автономиясына қосу жолындағы әрекеті нәтижесіз болған жоқ. 1918 жылдың бас кезінде өткен Сырдария облысы қазақтарының съезі «Алашорда өз алдына автономия жариялап, Түркістан (Қоқан) автономиясымен одақ болса, Сырдария қазақтары Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына кіреді» деген қаулы қабылдады.

Қоқан қаласын большевиктер жаулап алып, Түркістан (Қоқан) автономиясын құлатуына байланысты Мұстафа Шоқай шетелге эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. 1918 жылы мамырда зайыбы Мария Горина Шоқаймен бірге Ақтөбеге, одан Екатеринбургке жетті. Онда кеңестік билікке қарсы оппозиция күштермен байланыс орнатып, большевиктер үстемдігіне қарсы күрес жүргізудің жолдарын қарастырды. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының Самарадағы комитеті мәжілістеріне қатысты. Осы комитеттің ұйымдастыруымен 1918 жылы қыркүйекте Челябинскіде шақырылған съезге қатыспақ болып барғанында өзге делегаттармен бірге Колчак әскерлері тарапынан тұтқынға алынды. Сәті түсіп, тұтқыннан босап шыққан соң 1919 жылы көктемде Маңғыстау арқылы Бакуге, одан Тбилисиге келді. Мұстафа Шоқай онда 1921 жылғы ақпанның 25-іне дейін болып, осетиндік белгілі қайраткер А.Цалыковтың редакторлығымен шығатын «Вольный горец» және Грузия меньшевиктерінің «Борьба» газеттерінде істеді. 1920 жылы Тбилисиде украиндықтармен бірлесе отырып «На рубеже» журналын шығаруды жолға қойып, оның редакторы қызметін атқарды. Сонымен бірге ол «Шафақ» («Таңсәрі») газетіне бас редактор болды.

Тбилиси қаласы Кеңес өкіметінің қолына өткен соң Мұстафа Шоқай зайыбымен бірге Түркияда біраз аялдап, соңынан Францияға ауысты. Шетелдік эмиграция жылдарында көптеген қиыншылықтарды жеңе отырып, ол кең ауқымды, терең мазмұнды саяси күрес жүргізді. А.Керенскийдің «Дни» және П.Милюковтың «Последние новости» газеттерінде қызмет етті. 1927 жылдан Зәки Уәлиди Тоғанның редакторлығымен Парижде шығып тұрған «Иени Түркістан» журналына атсалысып, «Туркестан милли бирлиги» («Түркістан ұлттық бірлігі») ұйымына жетекшілік етті.

Ол «Яш Туркестанда» Түркістан халқының мәдениеті, кеңестік биліктің бұл өлкедегі саясаты және 2-ші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы халықаралық қатынастар, т.б. тақырыптағы қоғамдық-саяси мәні өткір зерттеу мақалаларын жариялады. Оның атсалысуымен жарық көрген басылымдарда тек Түркістан өлкесі ғана емес, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Еділ-Жайық бойы, Қырым халықтары жөнінде қоғамдық-саяси мәні бар материалдар басылып тұрды.

№ 8 Тапсырма

Кеңес өкіметі басшылығына Мұстафа Шоқай сыны өте жайсыз тиді. Сондықтан да кеңес өкіметінің үгіт-насихаты Мұстафа Шоқай сынына қарсы мақсатты түрде жұмыс істей бастады, ал бұл істің басында И.Сталиннің өзі тұрды. Мұстафа Шоқайдың еңбектерінде фактілік материал ретінде пайдаланылған түркістандық қазақ және орыс тіліндегі басылымдарды кеңестік билік орындары қатаң бақылауға алды. 1925 жылы мамырдың 29-ында И.Сталин РК(б)П Қазақ өлкелік комитетіне жолдаған хатында «Ақ жол» мен ақ гвардияшыл эмигрант Мұстафа Шоқай арасында идеялық бірліктің байқалатындығын жазды. Мұстафа Шоқай қайда және қандай ауыр жағдайда жүрсе де бүкіл түркі-мұсылман халықтарының қамқоршысы болуға тырысты.

Түркі-мұсылман халықтарын «Батыс Түркістан», «Шығыс Түркістан» немесе «Орыс Түркістаны», «Қытай Түркістаны» деп бөле қарауға қарсылық танытты. «Тұтас Түркістан» идеясын, түркі халықтарының бірлікте болуын насихаттады. Ұлттық езгідегі түркі-мұсылман халықтарының азаттыққа қол жеткізуі мен өзіндік құндылықтарын сақтап қалуы олардың өзара ынтымақтастығы мен бірлігіне байланысты екендігін дәріптеді. Эмиграциядағы түркі-мұсылман қайраткерлері арасындағы ұлттық мүддені жалпы түркілік мүддеден жоғары қоюшылармен қызу пікірталасқа түсті.

1940 жылы Парижге неміс әскері кіргенде, Мұстафа Шоқай тұтқынға алынып, бірнеше ай концлагерьде отырып шығады. Түрмеден босаған оны неміс-фашистері түркістандық соғыс тұтқындарынан құрылуға тиіс Түркістан легионын ұйымдастыруға тартпақ болды. Мұстафа Шоқай бұл ұсынысты соғыс тұтқындарының жағдайын жақсарту үшін пайдалану жолдарын қарастырып, нақтылы әрекеттерге барды. Бірақ көп ұзамай Мұстафа Шоқай Берлиндегі «Виктория» ауруханасында күмәнді жағдайда көз жұмып, қаладағы мұсылмандар зиратына жерленді.

Мұстафа Шоқай Түркістандағы кеңестік биліктің отаршылдық сипатын алғаш таныған және онымен күресуге бүкіл ғұмырын арнаған, түркі халықтары тарихында жаңа интеллектуалды көкжиекке көтерілген қайраткер болды.

Алматы қаласында Мұстафа Шоқай есімімен аталатын көше бар. Қызылорда қаласындағы Экология университетіне Мұстафа Шоқай есімі берілген. Қайраткердің туған ауылына ескерткіші қойылған. Мұстафа Шоқайдың «Түркістан Советтердің үстемдігі астында», 2 томдық «Таңдамалылары», «Түркістандағы төңкеріс. Ақпан дәуірі» атты белгілі еңбектері жарияланды.