Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Книга Терапия казак.doc
Скачиваний:
4434
Добавлен:
24.03.2016
Размер:
6.68 Mб
Скачать

Такаясу ауруының критерийлері

Критерийлері

Анықтамасы

40 дейінгі жас

Ауру 40 жасқа дейін басталады

Ұстама ақсақтық

Қозғалыс кезінде аяқ-қол бұлшық еттерінде әлсіздік пен дискомфорт көрініс береді

Иық артериясында пульстің әлсіреуі

Иық артериясының бірінде немесе екеуінде де тамыр солқылының әлсіреуі

АҚҚ с.б. 10 мм артық айырмашылығы

Иық артерияларында қысымның айырмашылығы с.б. 10 мм жоғары болады

Бұғана асты артериялар үстінде немесе іш қолқасы үстінде шу естілу

Аускультация кезінде екі бұғана асты артерия үстінде немесе іш қолқасы үстінде шу естілуі

Ангиографияда болатын өзгерістер

Қолқа қуысының, оның аяқ-қолдың проксимальды бөлігінде орналасқан бөліктері қуысының атеросклерозға, фибромускулярлы дисплазияға және т.б. байланысты емес тарылуы мен окклюзиясы (фокальды, сегментарлы)

Көрсетілген критерийлердің 3 немесе одан көбі болса, диагноз сенімді деп есептеледі.

Артралгия, қызба, диспротеинемияның болуы және ауру адамның жас болуы Такаясу ауруын ревматизмнен, бактериялық эндокардиттен, Рейтер синдромынан, екінші ретті артериялық гипертонияның кейбір түрлерінен және артериялық атеросклероздан ажырата білуді қажет етеді.

Ревматизм. Ревматизмнен өзгешелігі Такаясу ауруында кардит болмайды, буын синдромы ұзаққа созылады және науқас адамдарда ишемия сипатты шағымдар болады (қолдардың тоңуы, бас айналу, талып қалу).

Инфекциялық эндокардит. Ортақ белгілері – қызба, жүректің қолқалық ақауы, тромбоэмболиялар. Инфекциялық эндокардиттен өзгешелігі Такаясу ауруында қолқа кемістігі шарт-ты болып келеді және эхокардиографиялық әдіспен оңай анықталады. Одан басқа Такаясу ауруында пульс пен АҚҚ асимметриясы болады. Инфекциялық эндокардитте бүйрек зақымданғанда АГ-сыз несеп синдромы болады.

Рейтер синдромында кездесетін артритқа қоса өрлеме және құлдилама қолқаның аневризмасымен бірге қолқа қақпақтарының кемістігі болады. Рейтер синдромына классикалық триада тән: уретрит, конъюнктивит, артрит.

Артериялық гипертония болған жағдайда БСАА созылмалы гломерулонефриттен, созылмалы пиелонефриттен және басқа симптоматикалық АГ-дан айыра білу керек.

Созылмалы гломерулонефрит. Созылмалы гломерулонефриттен өзгешелігі БСАА процесс бір жақты, оны экскреторлық урография, радионуклидті ренография әдістерімен дәлелдеуге болады. Созылмалы гломерулонефритте пульс пен АҚҚ асимметриясы болмайды, анамнезда несеп синдромы болады, кейін АГ қосылады.

Созылмалы пиелонефрит диагнозы бактериурияға және экскреторлық урографияда анықталатын тостағанша – түбекше жүйесінің деформациясына қарап қойылады.

Бүйрек артерияларының фиброзды-мускулярлы дисплазиясы жас әйелдерде кездеседі, жалпы қабыну белгілерінің (артралгия, қызба т.б.) болмауымен, артериялардың локальды зақымдануымен, қолқа доғасы және оның тарамдарының өзгерісі болмауымен сипатталады.

Асқынулары: миокард инфарктісі, инсульт және қолқа аневризмасының ажырауы.

Клиникалық диагноз тұжырымдауда аурудың даму типін, клиникалық-морфологиялық вариантын және ишемия синдромының орнын көрсету керек.

Диагноз тұжырымдаудың мысалдары:

1. Бейспецификалық аортоартериит, қолқа доғасының, ұйқы артерияларының зақым-дануы, жедел даму барысы. Инсульт.

2. Бейспецификалық аортоартериит, ІІІ типі, созылмалы даму барысы, сол жақ бүйрек артериясының стенозы, реноваскулярлық гипертензия.

3. Бейспецификалық аортоартериит, ІІІ типі, жеделше даму барысы, коронарлық артериялардың зақымдануы. Миокард инфарктісі.

Емі. Дәрімен және хирургиялық емдеу әдістері бар.

Дәрімен емдеу иммунды процестің активтілігін басуға, ишемиялық асқынулармен күреске және артериялық гипертонияны емдеуге бағытталады.

Қабыну активтілігін тежеу мақсатында ГКС беріледі. Преднизолон күнге 40-60 мг 1 ай беріледі, кейін оның дозасын сүйемел дозаға дейін біртіндеп азайтады. ГКС-мен емдеу 2-5 жылға созылады. ГКС сүйемел дозасы преднизолонға есептегенде күнге 5-10 мг құрайды. Процесті ГКС-мен тұрақтандыруға мүмкіндік болмаған жағдайда метотрексат (аптасына 17 мг) қолданылады.

Ишемиялық асқынулармен күресу үшін гепарин, антиагреганттар, тромболитиктер қолданылады.

Аурудың созылмалы түрінде ангиопротекторлар (продектин, теоникол, компламин және басқалары), никотин қышқылының препараттары (никошпан) беріледі.

Ми қан айналысы төмендегенде кавинтон, стугерон 1 таблеткадан күнге 3-4 рет 2-3 ай бойы беріледі.

Артериялық гипертензияны емдеу үшін ААФ ингибиторлары, кальций антагонистері қолданылады.

Консервативті ем нәтижелі болмағанда хирургиялық ем қолданылады. Хирургиялық ем көрсетпелері: 1) бүйрек, тәж, қолқа доғасы мен аяқ артерияларының стенозы;

2) қолқа қақпақтарының кемістіктері;

3) кеуде немесе іш қолқаларының диаметрі 5 см жоғары аневризмалық кеңуі.

Қолданылатын операция тәсілдері:

1) қолқадан тура басталатын магистральдық артериялардың дара сегментарлық стеноздарында эндартерэктомия қолданылады;

2) тамырдың ұзын бөлігі бітелсе немесе көптеген бітелген жерлер болса, онда синтетикалық тамыр протездер көмегімен айналып өтіп, шунт салу операциясы;

3) тамырлардың жергілікті стеноздық өзгерістерінде тері арқылы ангиопластика жасау.

Прогнозы патологиялық процестің активтілігіне, асқынулардың бар-жоғына және емнің тиімділігіне тәуелді болады. Даму барысы көп жылға созылады. Тез үдемелі түрлері әдетте жас кезде кездеседі.