Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ха жеке ккукык.doc
Скачиваний:
833
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
2.71 Mб
Скачать

§ 2. Некеге отыру және некенi тоқтату

Некенi заңды түрде ресiмдеу дегенiмiз халықаралық жеке құқықтағы отбасы және неке қатынастары туралы заңнамалар мен Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес азаматтық хал актiлерiн жазу органдарында тiркеу болып табылады. Тек белгiлi бiр тәртiппен тiркелген некенiң құқықтық күшi болады. Бұл ереже неке-отбасы туралы заңдарының негiздерiнiң бiрi. Бұл мән-жайдың халықаралық жеке құқықтағы неке және отбасы қатынастарын реттейтiн заңнамаларда да ерекше маңызы бар. Ерлi-зайыптылардың заңдық құқықтары мен мiндеттерi неке АХАЖ-да тiркелгеннен кейiн ғана ерлi-зайыптыларды қорғау туралы мiн-деттеме алады, оларды ерлi-зайыптылар ретiнде ресми таниды, сондай-ақ сол отбасыға қамқорлық көрсетедi. 

Халықаралық жеке құқықтағы отбасы және неке қатынастарын реттейтiн жалпыға танымал заңнама талаптарын негiзге ала отырып, отбасы-қоғамның ең басты ұясы болғандықтан, мемлекет оған ерекше қамқорлықпен қарайтынын, қолда бар мүмкiндiктерiне қарай көмектесетiнiн, кiмде-кiмнiң болса заңсыз араласуына тыйым сала отырып, қорғайтынын, ол үшiн некеге отырған, отау тiккен адамдарға мемлекет некеге, отбасына қамқорлық жасау туралы өзiне мiндеттеме қабылдайтынын бiлдiк. Мұндай талаптар кездейсоқ емес, олар азаматтардың кемелденуiнен сондай-ақ қоғамның өнегелi отбасы – игiлiк негiзi мүдделерiнен туындайды. Сондықтан халықаралық жеке құқықтағы отбасы және неке қатынастарын реттейтiн заңдар бойынша отау тiгу үшiн заңда көзделген шарттарды сақтау керек.

1. Қазақстан Республикасында Қазақстан азаматтарының шетел азаматтарымен некеге отыруы. Қазiргi заман жағдайында, халықаралық қатынас пен әрiптестiктiң дамуы кезiнде қазақстандық азаматтардың шетел азаматтарымен некелесуi көптеп орын алып отыр. Мұндай некенi бекiту, өз кезегiнде балалар мен олардың ата-аналарының әр түрлi азаматтыққа ие болу жағдайларын көбейтедi.

Қазақстан Республикасында қазақстандық азамат пен шетел азаматының некесi, сонымен қатар шетел азамттарының некесi де бекiтiле бередi. Бiздiң заңнама, өз азаматтарымыздың басқа шетел мемлекетiнiң азаматымен некелесуге тыйым салып, ол үшiн рұқсат сұрауды талап етпейдi.

Бiздiң азаматтардың шетел азаматтарымен некелесуi, сонымен қатар шетел азаматтарының өздерiнiң арасында некелерiн бекiтуi Қазақстан Республикасының заңнамасына бағынады. Басқа сөзбен айтқанда, бұл салада «некеге отыру жер заңы» немесе «lex loci celebrationis» деген коллизиялық қағидасы қолданылады. Неке бiздiң заңнамада көзделген нысан бойынша жасалады, яғни азаматтық хал актiлерiн жазу органдарында, осы некенi тiркеудiң бекiтiлген ережелерiн сақтай отырып тiркеледi. Қазақстан Республикасында некенi дiни жолмен бекiту қандай да бiр құқықтық салдарға жетелемейдi, бiрақ бұны адамдар өз арасында тануы да мүмкiн.

Қазақстан Республикасында некеге тұру туралы келiсiм некеге тұрушылардың өздерiмен жасалуы тиiс болып табылады. Бiрқатар елдерде (Испания, Перу т.б.) некеге тұрушылар сенiм-хат берiп, өкiл арқылы некеге тұруларына жол берiледi. Бiздiң заң мұндай өкiлдiк етуге жол бермейдi.

Шетелдiктердiң де некеге тұруларының материалдық шарттары олардың ұлттық заңнамасымен емес, бiздiң заңнама бойынша анықталады. Мәселен, қазақстандық неке және отбасы заңнамасына сәйкес некеге отыру үшiн екi жақты келiсiм, белгiлi бiр жасқа толу және тағы басқа талаптар қойылады.

2011жылғы 26 желтоқсан «Қазақстан Республикасының неке және отбасы туралы» кодекстің 11-бабында «Егер тұлғалардың бiрi басқа некеде тiркелген болса, онда ол жаңа некеге отыра алмайды» делiнген, яғни егер шетелдiктiң ұлттық заңы көп әйел алушылыққа жол берсе, онда ол бiздiң республикамызда некеге отыра алмайды.

Шетел азаматы, егер оның өз мемлекетінің заңы екi некеге рұқсат бергеннiң өзiнде бiзде некесiн тiркеудi талап ете алмайды. Кейбiр мұсылмандық елдерде (Түркия, Ирак) екi некеге рұқсат етiлмейдi.

Шетелдiктер, сонымен қатар, бiздiң азаматтар некеге тұрған кезде, олардың некеге тұруға ешқандай кедергi жоқ екендiгi тексерiледi және мұндай тексерiстiң ең бастысы оның басқа некеде тұрған-тұрмағандығы анықтау. Некеге тұруға кедергiлердiң бар екендiгiн айту мiндетi некеде тұрушыларда болып келедi.

Некеге тұрушының басқа некеде тұрмағанын растайтын бiрден-бiр дәлел оның басқа некесi туралы Азаматтық хал актiлерiн жазу органдарында ол туралы жазбаның болмауы болып табылады. Егер шетел азаматы бiздiң Республикада некеге отыру ниетiн бiлдiретiн болса, ол өз мемлекетiнiң тиiстi органынан өз мемлекетiнде ешкiммен некеде тұрмайтындығын дәлелдейтiн анықтама қағазын алып келуге мiндеттi. Тәжiрибеде әдетте мұндай анықтама қағаздары Қазақстан Республикасындағы тиiстi мемлекеттiң елшiлiгiмен немесе консулдығымен берiледi.

Бiздiң құқыққа белгiсiз басқа мемлекеттердiң шектеулерi (нәсiлдiк, дiни, ата-ана келiсiмiнiң болмауы, т.б.) бiздiң елде некенi тiркеуден бас тартуға негiз болып табылмайды. Бұл шетелдiктердiң Қазақстан Республикасында тiркейтiн неке-лерiне де байланысты болып табылады. Тәжiрибеде шетелдiкпен некеге отыруға толық емес, iшiнара шектеулер қойылатыны анық. Мысалы, некеге отыру үшiн рұқсат алу Венгрияда, Үндiс-танда, Иракта, Италияда және тағы басқа да мемлекеттерде бекiтiлген.

Бiздiң азаматтардың шетелдiк азаматтармен некелерiн тiркеу кезiнде бiрқатар жағдайда некеге отырушы шетелдiктiң де заңнамасы басшылыққа алынуы керек, өйткенi, бұл жағдайда некенi жарамсыз деп тану басқа мемлекетте орын алмауы анық. Мынадай мысал келтiрсек болады: егер, некеге тұрушының елiнiң заңнамасы бойынша, ол келiсiм алмаған кезде неке ол елде жарамсыз болып қалуы мүмкiн. Мұндай жағдайларда бiздiң АХАЖ органдары некеге тұрушыларда оның мұндай некеге отыруға келiсiм бар-жоқтығын анықтауы керек. Егер де мұндай келiсiм болмаса, некеге отырушылармен келiсе отырып, шетелдiктiң осындай келiсiмдi алуы үшiн уақыт берiледi. Егер де осы белгiленген уақытта органға қажетті келiсiмдi алып келмейтiн болса, бiрақ некеге тұрушылар некенi тiркеудi талап етiп отырса, некені тiркеушi орган мұндай келiсiмнiң болмауына қарамастан некенi тiркеуге мiндеттi болып табылады. Мұндай неке бiздiң заңнама бойынша танылғанымен, тиiстi шетелдiктiң мемлекетiнде бұл неке танылмайды. Бұл өз кезегiнде бiздiң мем-лекеттiң азаматының өзiнiң некелескен адамының мемлекетiне барған уақытында құқығының шектелуiне алып келуi мүмкiн.

Бұндай жағдайда түсiндiрудiң рәсiмi үлкен маңызға ие болып есептеледi, өйткенi бiздiң азамат шетелдiкпен некеге отырған кезiнде бұл некенiң басқа мемлекетте, оның iшiнде некелескен адамының мемлекетiнде танылмай, оның белгiлi бiр шекте мүлiктiк құқықтары шектелетiндiгiн бiлуi шарт болып табылады.

80-жылдары Болгариямен, Вьетнаммен, Венгриямен, Финляндиямен бекiтiлген құқықтық көмек көрсету туралы шарт-тарда некенi бекiту нысаны неке бекiтiлген мемлекеттiң заңы-мен анықталатындығы айтылады.

Материалдық шарттар жағдайын да құқықтық көмек көрсету шарттары қамтып кеткен. Мысалы, Вьетнаммен КСРО-ның арасында жасалған құқықтық көмек көрсету шарттарында ерлi-зайыптылардың мүлiктiк жағдайы сол азаматы болып табылатын мемлекеттiң заңнамасымен шешiледi деп көрсетiлген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық туралы Заңында Қазақстан Республикасы азаматының шетел азаматымен некеге тұруы немесе онымен некенi тоқтатуы азаматтықтың өзгеруiне алып келмейдi деп көрсеткен.

Бiр некелесушiнiң өз азаматтығын өзгертуi екiншi азаматтың азаматтығының өзгеруiне алып келмейдi.

Консулдық некелер. Бiздiң заңнама Қазақстан Республикасының аумағында консулдық некелердi, яғни шетелдiк дипломатиялық өкiлдiктер мен елшiлiктерде жасалатын некенi таниды.

Шетел азаматтарының арасында Қазақстан Республикасының аумағында елшiлiктер мен өкiлдiктерде жасалатын некелер екi жақты танудың негiзiнде ғана жарамды болып танылады. Ол үшiн елшiлiк жiберiп жатқан елдiң Қазақстан Республикасымен тиiстi келiсiмi болуы қажет. Бұған қоса мұндай некелердiң жарамдылығына тағы бiрқатар талаптар қойылады: а) екi жақты келiсiмнiң болуы, яғни шетел мемлекетiнде осындай консулдықтардағы некенiң танылуы; ә) некеге тұрушы екi тұлға да сол елшiлiк пен консулдықты жiберген мемлекеттердiң азаматы болуы.

Басқа мемлекеттермен жасалған консулдық ковенциялар өз мемлекетiнiң азаматының некесiн консулға тiркеуге рұқсат етедi. Мұндай консулдық конвенциялардың көпшiлiгiнде консул сол қабылдаушы мемлекеттiң заңына сәйкес некенi тiркеуi тиiс деп көрсетiлген. Тек кейбiр консулдық конвенцияларда ғана консул некенi өзiнiң келген мемлекетiнiң заңнамасына қарсы болмаса, өз мемлекетiнiң заңы бойынша тiркеуiне болады деп көрсетiлген. Куба мен Финляндия арасындағы консулдық конвенцияларға сәйкес, консул некенi тек өзi келген мемлекеттiң заңнамасына қайшы болмаған жағдайда ғана өз мемлекетiнiң заңы бойынша тiркеуi тиiс болып табылады.

Консулдық конвенцияларда осындай некенiң тiркелгендiгi туралы жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына хабарлау қажеттiгi туралы жазба жасалуы мүмкiн.

Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдiктермен басқа мемлекетте некеге отыруы. Қазақстан Республикасының азаматтары шетелдiктермен бiздiң аумақта да, сонымен қатар, басқа мемлекет аумағында да некелесуi мүмкiн. Мұндай некелер сол некеге отырушы мемлекеттiң заңдарының талаптарымен қойылған неке нысанына сәйкес болуы шарт. Тиiстi мемлекеттiң муниципалитетiнде, мэриясында немесе басқа да органдарында және дiни ғұрыптарды сақтай отырып жасалған неке сол мемлекетте танылғанымен, кейiннен, бiздiң мемлекетте танылуы мүмкiн бе деген сұрақ туады. Бiздiң заңнама бұл орайда нақты жауапты берiп отыр.

Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Кодексінің ережесiне сәйкес, егер неке Қазақстан Республикасының аумағынан тыс, сол тиiстi мемлекеттiң заңнамасы бекiт-кен нысанда тiркелетiн болса және ол Қазақстан Республикасының некенi тiркеуге байланысты заң талаптарына қайшы болмайтын болса, ол неке заңды деп танылуы ықтимал болып табылады.

Басқаша айтқанда, мұндай неке заңды болып танылуы үшiн бiздiң мемлекеттiң некелесу бойынша заңының материалдық нормалары бұзылмауы тиiс болып табылады. Бұл сөздердің мазмұнын ашатын болсақ, бiздiң мемлекеттiң азаматтығында тұрған тұлғаның некесi жарамды болуы үшiн ол бiздiң заңнаманың қоятын материалдық шарттарын сақтауы керек. Шетел-дiкке қатысты айтар болсақ, қазақстандық азаматпен некеге тұру үшiн оған бiздiң заңнаманың талаптарын сақта деп айта алмаймыз, өйткенi, ол неке бiздiң мемлекеттiң аумағында емес, басқа мемлекеттiң аумағында жасалуы тиiс. Осыған сәйкес некенiң жасалған орнының заңы қолданылуға жатады. Некенiң нысанына байланысты, оның жарамды деп танылуының негiздерi басқа да болды. Тарихтан мысал келтiретін болсақ, 1937 жылы Л. деген азамат Тегеранда ирандық қалыңдық Амалиямен некелеседi. Неке Тегерандағы орыстың Православиелiк шiркеуiнде жасалады, өйткенi ирандық заңнама бойынша дiни нысанға жол берiлген. 1958 жылы Тбилисиде тұрып жатқан Л. Раиса дегенмен некелеседi. 1960 жылы Л., қайтыс болып кеткеннен кейiн Амалия мұраға бiрден мұрагер бола отырып, Л-дiң екiншi некесiн заңсыз деп тануды сұрап Грузиялық сотқа талап арызын бередi. Сот талап қоюшының пайдасына iстi шешедi.

Егер Қазақстан Республикасының азаматы мен шетел азаматының некесiн тиiстi мемлекеттiң жергiлiктi органдарында тiркеу кезiнде бiздiң азаматтың шетел азаматымен некелесуге құқығын танитын қағазды талап етсе, онда мұндай анықтама қағазын Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекеттердегi елшiлiгi бере алады.

Сонымен қатар, жоғарыда атап кеткенiмiздей, консулдық конвенцияларда консулдың мемлекетiнiң азаматы некеге тұрғандығын тiркеп тұру мiндетi көрсетiледi. Мысалы, кейбiр мемлекеттердiң консулдық жарғылары мұндай мiндеттi тiкелей көрсетуi мүмкiн. Мысалы, бұрынғы Кеңес мемлекетiнiң заңнамасында бұл тiкелей көзделген болатын.

Қазақстан Республикасы азаматтарының арасында шет мемлекетте некенi бекiту. Қазақстан Республикасының шегiнен тыс тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының арасындағы неке тиiстi мемлекеттегi Қазақстан Республикасының елшiлiктерiнде жүзеге асырылады. Некенi тiркеу азаматтық хал жағдайының бiрден-бiр актiсi болып есептеледi. Қазақстан Республикасының консулдықтарында шетел аумағында некенi бекiту кезiнде толығымен бiздiң мемлекеттiң заңдары басшылыққа алынуы тиiс, өйткенi екi азамат та Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады.

Консулға мұндай некелердi бекiту құқығы бiздiң заңнама бойынша анықталады. Ол дегенiмiз: а) бiздiң елшiлiкте немесе өкiлдiктерде тiркелген неке азаматтық хал актiлерiн жазу органдарында некенi тiркеумен бiрдей күште танылады; ә) некенi консул тiркеген кезде ол бiздiң заңнаманың бекiтетiн материалдық талаптарын сақтауға мiндеттi.

Мұндай некенi келушi мемлекетте (қабылдаушы мемлекет) тану ол мемлекеттiң материалдық нормаларының сақталуына тiкелей байланысты.

Шетелде жасалған шетелдiктердiң некесiн Қазақстан Республикасында тану. Осы уақытқа дейiн бiздiң азаматтардың шетелде жасаған некелерi туралы, яғни аралас некелер туралы сөз қозғаған болатынбыз. Бiздiң мемлекеттiң аумағынан тыс, шетелдiктердiң жасалған некелерi туралы айтар болсақ, олар бiздiң мемлекетте танылады. Сонымен, шетелде жасалған неке, егер ол сол мемлекеттiң талаптарын сақтайтын болса, олар заңды болып табылады. Сәйкесiнше, егер шетелдiктердiң арасындағы неке солардың жеке заңдарының талаптарын және некеге отыру жерiнiң талаптарын сақтай отырып жасайтын болса, ол бiздiң республикада да сөзсiз танылады. Бұл аталғанымыз бiздiң мемлекетiмiздiң жария тәртiп туралы ескертпесiмен қаншалықты дәрежеде шектелуi мүмкiн?

Бұл сұраққа да бiздiң «Неке және отбасы туралы» Кодекс жауап бередi. Оған сәйкес, егер жасалған неке бiздiң Қазақстан Республикасының негiзгi құрылысына қайшы болатын болса, онда шетелде шетелдiктердiң арасында неке танылмауы мүмкiн. Осы ережеге сәйкес, жекелеген жағдайларда сауал туып отырады: шетелдердiң заң талаптарын сақтай отырып жасалған полигамдық неке бiздiң мемлекетте танылуы мүмкiн бе? Бiздiң заңнама бойынша, мұндай неке бiздiң мемлекетте танылмайды деп айтуға болмайды, бiрақ мұндай некенiң болуы, кез келген басқа некенiң болуы сияқты Қазақстан Республикасында некенi жасауға кедергi болып табылады.

Некенi жарамсыз деп тану. Қазақстан Республикасында шетелдiк пен бiздiң азамат арасында жасалған неке бiздiң заңнама ережелерiне сәйкес жарамсыз болып табылуы мүмкiн, өйткенi бұл тұста некенiң жасалу орны үлкен маңызға ие болып табылады. Кейбiр жағдайларда жалған(фиктивный) некелер де кездесiп қалады. Ол бiздiң заңнаманың талаптарын айналып өту мақсатында жасалады. Мысалы, Қазақстан Республикасына кiру-шығу ережелерiн айналып өту мақсатында.