Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ха жеке ккукык.doc
Скачиваний:
833
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
2.71 Mб
Скачать

ХалыҚаралыҚ жеке құҚыҚтаҒы отбасы құҚыҒы

§ 1. Отбасы құқығы саласындағы коллизиялық мәселе

Қазақстан Республикасының отбасы және неке заңында, сондай-ақ, халықаралық жеке құқықтағы отбасы және неке қатынастарын реттейтiн нормаларда отбасы құқығы, некелесу, туыстық, бала асырап алу және баланы отбасы тәрбиесiне қабылдаудың басқа да нысандарына орай пайда болатын, яғни отбасы қатынастарын өзiн және соған байланысты мүлiктiк қатынастарды, яғни отбасы қатынастарын зерттейтiн құқық саласы болып табылады.

Халықаралық жеке құқықтағы отбасы және неке қатынастарын реттейтiн нормалар қатарына 1993 жылғы 29 мамырдағы Балалар құқықтарын қорғау және халықаралық бала(қыз) асырап алу туралы халықаралық Конвенция, Адам құқықтары туралы Жалпыға бiрдей Декларация, Экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтарды қорғау туралы Халықаралық пакт, Азаматтық, отбасылық және қылмыстық iстер бойынша құқық-тық қатынастар және құқықтық көмек туралы 1993 жылғы 1 қаңтардағы Минск конвенциясы, Қазақстан Республикасы заңымен 1999 жылғы 30 желтоқсанда ратификацияланған Шетелден алимент өндiрiп алу туралы 1962 жылғы 5 қыркүйектегi Конвенция, Балаларды қорғау және шет елдегi бала (қыз) асырап алу қатынастары жөнiндегi қызметтестiк туралы 1993 жылғы Конвенция, Некеге тұруға келiсiм беру, неке жасы және некеге тiркеу туралы 1966 жылғы халықаралық Конвенция, сонымен бiрге, 1966 жылғы азаматтық және саяси құқықтар туралы пактiнiң факультативтi хаттамасы, Бала құқығы туралы 1959 жылғы халықаралық Декларация, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының 1959 жылғы балалар құқығы туралы Конвенциясы, балаларды халықаралық ұрлау және азаматтық туралы Конвенциялар жатады. Қазақстан осындай көптеген конвенцияларды тану, осы бағыттағы халықаралық ұйымдарға мүше болып табылады.

Отбасы – қоғамның ең басты ұясы. Сондықтан, мемлекет оған ерекше қамқорлықпен қарайды, мүмкiндiгiне қарай көмектеседi, кiм-кiмнiң болсын сырттан заңсыз араласуына жол бермейдi және қорғайды. Әрине некеге отырған, отау тiккен адамдарға мемлекет те белгiлi бiр талаптар қояды. Тек осындай талаптар орындалған жағдайда ғана, мемлекет неке, отбасына қамқорлық жасау туралы мiндеттемелерді қабылдайды. Мұндай талаптар кездейсоқ емес, олар азаматтардың кемелденуiне және қоғамның мүдделерiне байланысты туындайды. Сондықтан, отау тiгу үшiн заңда көзделген шарттарды сақтау қажет. Отбасы құқығы бойынша неке – бұл ерлi-зайыптылар арасындағы мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке қатынастарды туғызатын, отбасы құру мақсатымен, заңда белгiленген тәртiппен тараптардың ерiктi және толық келiсiмi жағдайында жасалатын еркек пен әйел арасындағы тең құқықты Одақ.

Отбасы құқығының материалдық-құқықтық нормалары түрлi мемлекеттерде үлкен алуандылықпен көзге түседi, ал бұл өз кезегiнде бұл саладағы шетел қатысуымен элементі бар құқықтық қатынастарда қақтығыстардың пайда болуына алып келедi. Экономикалық құрылымның ерекшелiктерiмен қатар отбасы қатынастарын реттеуге, сонымен қатар, ұлттық, тұрмыстық, дiни ерекшелiктер мен салт-дәстүрлер әсер етедi.

Отбасы және неке мәселесi коллизиялық сауалдардың iшiндегi ең күрделiсi десе де болады. Некеге тұрушылардың екеуiнiң екi мемлекетте болуы, олардың некелерiндегi жастарының айырмашылығы, яғни әрекет қабiлеттiгi, сонымен қатар, некенiң қай уақытта тоқтатылатындығы туралы мәселелер де шешiлуi қиын мәселелердiң бiрi болып табылады.

Халықаралық жеке құқықта неке және отбасы қатынастарына тоқталып, неке және отбасы қатынастарындағы коллизиялық сұрақтарға жауап берiп, некеге отыру, некенi тоқтатудың ерекшелiктерiне назар аударамыз.

Неке – бұл ерлi-зайыптылар арасында жасалатын келісім, ерлi зайыптылардың арасындағы қатынас. Олардың бiр жағы шетелдiң қатысуымен болуы мүмкін және сол кезде пайда болатын ерекшелiктер зерттеу объектiлерiнiң бiрi болып табылады.

Сонымен қатар, отбасындағы бала құқықтары, оларды асырап алу мен қорғаншылық, қамқоршылық институттарының халықаралық жеке құқықтың деңгейiнде ерекшелiктерi бар.

Коллизиялық сұрақтарды шешуден бұрын бiздiң заңнаманың неке және отбасы қатынастарына байланысты қандай ережелердi қолданатындығына назар аудару қажет. Бiрiншiден, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес ер адамдар мен әйелдердiң тең құқықтарға ие екендiгiн алға тартқан жөн. Отбасылық қатынастар үшiн ерлi-зайыптылардың отбасындағы сұрақтарды шешудегi тең құқықтық жағдайда болуы үлкен маңызға ие болып табылады және бұл отбасындағы бала тәрбиесiне де қатысты болып келедi. Бiздiң отбасы және неке құқығы саласындағы заңнама бала мен ананы жан-жақты қор-ғауға бағытталғандығын айту керек. Отбасылық қатынастарда тегiне, әлеуметтiк, мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына байланысты кез келген өзге мәселелер бойынша кемсiтушiлiкке жол берiлмейдi.

Бiрқатар мемлекеттердiң отбасы құқығына ер адамның басым болуы тән; көптеген мемлекеттерде осы күнге дейiн отбасындағы әйел мен ер адамның құқықтық теңсiздігі жағдайлары орын алып келе жатыр. Бұл мемлекеттердiң отбасылық заңдарында неке шарты деген түсiнiк бар, бұл жерде некеге тұрғанша неке шарты бекiтiлiп, ер адамның әйел адамның мүлкiне деген құқықтарын анықтайды.

Көптеген мемлекеттердiң заңнамасы бiр ғана некенiң (моногамия) болуын бекiтедi. Бiрақ, қазiргi күнге дейiн Азия мен Африканың көптеген мемлекеттерiнде көп әйел алушылық (полигамия) танылады, некеге тұру кезiнде қалыңдыққа ақы төлеу және басқа да архаикалық әдет-ғұрыптар күнi бүгiнге дейiн сақталуда. Бұның барлығы отбасы құқығындағы әйелге қатысты дискриминацияның болуын бiлдiредi. Бiрқатар елдердiң заңнамасы мен тәжiрибесi нәсiлдiк кемсiтушiлiкке жол бередi; түрлi нәсiл мен дiнге көзқарастары бөлек адамдарға некеге отыруға тыйым салынады.

Осы жекелеген отбасы заңнамасындағы әр түрлi жағдайда екi мемлекеттiң азаматы некеге отырған уақытта коллизиялық сұрақтарды шешу үлкен маңызға ие болып табылады. Батыс мемлекеттерiнде отбасы құқығы қатынастарындағы коллизиялық нормалар алуандылыққа ие болып табылады. Некелiк құқық қабiлеттiлiк, яғни некеге тұру жасы, некеге тұруға кедергiлердiң болмауы – мұның барлығы түрлi мемлекеттерде ерлi-зайыптылардың өздерiнiң жеке заңдарымен анықталады. Некенi тоқтат-қан кезде түрлi азаматтыққа ие ерлi-зайыптылар арасында бiрқатар мемлекеттерде ер адамның азаматтық заңы қолданылады.

Бiр мемлекетте сол елдiң заңының талаптарын сақтай отырып жасалған неке танылғанымен, басқа мемлекеттерде танылмауы да мүмкiн, бұны халықаралық жеке құ-қықта «ақсаңдаған неке» («хромающие браки») деп те атайды.

Некедегi ерлi-зайыптылардың мүлiктiк қатынастары бiрқатар мемлекеттерде ер адамның жеке заңымен анықталады.

Бiрқатар мемлекеттерде түрлi коллизиялық мәселелер шешiледi. Венгрияның халықаралық жеке құқық туралы Заңының 30-параграфына сәйкес некенiң жарамдылығының материалдық-құқықтық шарттары некеге тұрушылардың «ортақ жеке заңдарымен» анықталады. Егер де бұл тұлғалардың жеке заңдары түрлiше болып келсе, онда некенiң жарамдылығы сол екi тараптың да жеке заңдарымен танылса (өзара түсiнiстiк негiзiнде), жарамды болып баға берiледi.

Венгрияда некенiң нысанына некеге отыру жерiнiң құқығы қолданылады. ҚХР-да Қытай азаматы шетел азаматымен некеге тұратын болса, онда некеге отыру жер заңы қолданылады, ал некенi тоқтату кезiнде – некенi тоқтату туралы мәселенi шеше-тiн орган – сот елiнiң құқығы қолданылады (Қытай Азаматтық құқығының жалпы ережелерiнiң 147-бабы).

Венгрия мен Румынияда некенi тоқтату туралы сауалды шешу кезiнде негiзгi қағиданың бiрi болып, ерлi-зайыптылардың жеке заңдары танылады.