Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Скачиваний:
129
Добавлен:
15.02.2016
Размер:
143.87 Кб
Скачать

8. Өндіріс факторларының нарығы және факторлық табыстардың қалыптасуы

8.1. Факторлық табыстардың қалыптасуы

8.2. Еңбек ақы еңбектің бағасы ретінде

8.3. Пайыз капитал иесінің факторлық табысы

8.4. Жер рентасы – жер иелерінің факторлық табысы

8.5. Пайда кәсіпкердің факторлық табысы

8.1. Факторлық табыстардың қалыптасуы

Кәсіпорындар мен үй шаруашылықтарының қызмет етуі өндіріс факторларын пайдалануға және оларды пайдаланудан сәйкес табыстарды алуға негізделеді. Өндіріс факторлары ретінде шаруашылық іс-әрекеттің мүмкіндігі мен нәтижелілігіне шешуші ықпал ететін ерекше маңызды элементтер немесе обьектілер түсіндіріледі. Шаруашылық іс-әрекетке тартылатын өндірістік ресурстардың әрқашан да меншік иелері болады және олардың бірде біреуі осы ресурстарды пайдалану құқығын басқа адамдарға қайтарусыз бере алмайды. Сондықтан да өндірістің негізгі элементтерінің қозғалысы, оларды иемдену, басқару және пайдалану терең қоғамдық-экономикалық қатынастарды қозғайды.

Тауарларды тұтынуға деген сұраныс оларға белгілі бір құндылық береді. Соңғысы тұтыну тауарларының өндірісі үшін қолданылатын ресурстардың құндылығын тудырады. Еңбек факторы үшін құндылық оның төлем ақысында, жер факторы үшін - жер рентасында, ал капитал факторы үшін – пайдадан көрінеді. Бұл аталған факторлар тұрғындардың әртүрлі тобы үшін табыс көздері болып табылады. Табыстардың бөлінуінен тұтыну тауарларына деген сұраныс тәуелді болады. Сұраныс бөлуді тудырса, бөлу сұранысты тудырады. Ресурстарға деген сұраныс өнімге деген сұраныстың өсуіне немесе кемуіне тәуелді ұлғаяды немесе қысқарады.

Өндіріс - бұл материалдық немесе рухани игіліктерді дайындау процесі. Өндірісті бастау үшін не өндіру керек және қалай өндіру керек мәселесі туады. Маркстік теория өндіріс факторлары ретінде адамның жұмыс күшін, еңбек заты мен еңбек құралдарын қарастырып, оларды екі үлкен топқа бөледі: өндірістің жеке факторы және заттық фактор. Жеке фактор адамның еңбекке деген физикалық және ақыл-ой қабілеттіліктерінің жиынтығы ретінде жұмыс күшін сипаттайды. Заттық фактор өндіріс құралдары болып табылады. Өндірісті ұйымдастыру осы факторлардың үйлесімді қызметін көздейді. Маркстік теория өндіріс факторларының өзара байланысы, олардың бірігу сипаты өндірістің әлеуметтік бағыттылығын, қоғамдағы топтардың құрамы мен олар арасындағы қатынастарды анықтайтындығынан келіп шығады.

Маржиналистік (неоклассикалық, батыс) теория өндіріс факторларының 4 тобын бөліп көрсетеді: жер, еңбек, капитал, кәсіпкерлік қызмет.

Жер - шаруашылық іс-әрекеттің негізі және табиғи байлық ретінде табиғи фактор. Ол кең мағынада қолданылады, өйткені ол белгілі бір көлемде табиғатпен берілетін барлық қазба байлықтарды қамтиды. Өндірістің басқа факторларынан айырмашылығы жердің маңызды қасиеттерінің бірі оның шектеулілігінде. Адам өз қалауы бойынша оның мөлшерін өзгерте алмайды. Бұл факторға қатысты кемімелі қайтарым заңы жөнінде айтуға болады. Бұл жерде сөз сандық дәрежедегі қайтарым немесе кемімелі табыстылық жөнінде болып отыр. Адам жердің құнарлылығына ықпал ете алады, бірақ бұл әрекет шексіз емес. Басқа тең жағдайлар тұсында жерге, пайдалы қазбаларды игеруге еңбек пен капиталдың үзіліссіз салынуы сәйкес қайтарым өсімін қамтамасыз етпейді.

Еңбек - адамның ақыл-ой және физикалық қызметі, жинақтаған тәжірибе, жалпы және кәсіптік біліміне негізделген өзіндік қабілеттіліктерінің жиынтығы. Экономикалық теорияда өндіріс факторы ретінде еңбек адамдардың пайдалы нәтижеге қол жеткізу мақсатымен шаруашылық іс-әрекет процесіне жұмсайтын кез-келген ақыл-ой және физикалық күш-жігері. А.Маршалл: "кез-келген еңбектің мақсаты белгілі бір нәтижеге қол жеткізу",- деп көрсеткен. Адамның еңбек ететін уақыты жұмыс уақыты деп аталады. Оның ұзақтығы - өзгермелі шама және белгілі бір шегі бар. Адам тәулігіне 24 сағат еңбек ете алмайды. Оған еңбекке деген қабілеттілігін қалпына келтіруге және рухани қажеттілігін қанағаттандыруға уақыт қажет. Ғылыми-техникалық прогресс еңбектің мазмұны мен сипатына, жұмыс уақытының ұзақтығына өзгерістер алып келеді. ҒТП жағдайында еңбек өнімділігі мен интенсивтілігі артып, жоғары дәрежелі кадрларды кәсіби дайындауға деген уақыт артады. Еңбектің интенсивтілігі уақыт бірлігіне физикалық және ақыл-ой энергиясын жұмсау дәрежесінің өсуі. Ал еңбек өнімділігі уақыт бірлігіне өндірілген өнімнің санын көрсетеді. Еңбек өнімділігін арттыруға әртүрлі факторлар әсер етеді.

Капитал - тауарлар мен қызметтер өндірісінде қолданылатын еңбек құралдарының жиынтығы ретінде қарастырылады. Капитал терминінің көптеген мағынасы бар. Бір жағдайда капитал өндіріс құралдарымен байланыстырылса (Д.Рикардо), басқа жағдайда жинақталған материалдық игіліктермен, қоғамдық интеллектпен байланыстырады. А.Смит капиталды жинақталған еңбек ретінде, К.Маркс өздігінен өсетін құн, қоғамдық қатынас ретінде қарастырған. Капиталды тауарлар мен қызметтер өндірісінде және оларды тұтынушыларға жеткізуде пайдаланылатын инвестициялық ресурстар ретінде анықтауға да болады. Капиталға деген көзқарас әртүрлі, бірақ олардың барлығына ортақ нәрсе оның табыс әкелу қабілеттілігі болып табылады.

Кәсіпкерлік қызмет - барлық басқа факторларды бір жүйеге келтіріп, өндірісті ұйымдастыруда білімі, іскерлік, белсенділік, кәсіпкерлік тәуекел арқылы олардың өзара бірлігін қамтамасыз ететін өндірістің ерекше факторы ретінде қарастырылады. Бұл адам капиталының ерекше түрі. Кәсіпкерлік қызмет өзінің ауқымы мен нәтижесі бойынша жоғары кәсіби дәрежелі еңбек шығындарына теңестіріледі.

Нақты өмірде кәсіпкер аз шығын жұмсай отырып жоғарғы өнім шығымын қамтамасыз ететін өндіріс компоненттерінің үйлесімін табуға тырысады. Осы мақсатпен әрқашан ұтымды шешімдер іздестіру жағдайында болады. Олардың алдында ең жоғарғы табыс әкелетін өндіріс факторларын таңдау мәселесі туындайды және бұл кезде өндірістік ресурстарға деген бағаның тұрақты өзгерістерін ескеру керек. Адам өндірістің басты факторы болған және әрқашан да болып қала бермек. Адамзат қоғамын зерттеуде экономикалық теория оны бірмезгілде өндіруші және экономикалық игіліктердің тұтынушысы ретінде қарастырады. Ол техника мен технологияны қозғалысқа келтіріп, оларды пайдалану тәсілдерін анықтаса, соңғысы өз кезегінде адамның физикалық және интеллектуалдық мүмкіндіктеріне жаңа талаптар қояды.

Өндірістің жеке факторының сипатты ерекшелігі адамның тек ғана өндірістің элементі емес, қоғамның басты өндіргіш күші екендігінде. Жұмысшы бірмезгілде жұмыс күші, яғни өндіріс факторы және өндірістік қатынастардың субъектісі болып табылады. Өндіріске әсер ете және оны өзгерте отырып, ол экономикалық қатынастардың бүкіл жүйесін, өзінің экономикалық тәртібін өзгертеді. Оның өндірістегі ролін қоғамдық қатынастар жүйесінен тыс түсінуге болмайды. Өндіріс тұрғысынан адам тек ғана оның субъектісі емес, сондай-ақ соңғы мақсаты. Қоғамдық өнім бөлу мен айырбас арқылы өтіп, өзінің жолын тұтынумен аяқтайды. Адамның қажетін қанағаттандыру, оның дамуы қоғамдық өндірістің бағытын анықтайды. Кез-келген кәсіпкер өзінің шаруашылық іс-әрекетінде табыс алу мақсатын көздейді, бірақ бұл мақсат оның өндірген өнімдеріне тұтынушы табылған жағдайда ғана жүзеге асады.

Өндіріс факторларының артында адамдардың белгілі бір тобы тұр (еңбек -жұмысшылар, жер - жерді иемденушілер, капитал - оның меншік иесі, кәсіпкерлік қызмет - өндірісті ұйымдастырушылар мен басқарушылар) және әрбір фактор табыс әкелу қабілеттілігіне ие. Жұмыс күшінің иесі жалақы формасында табыс алады, жердің меншік иесі - рента, капиталдың меншік иесі - процент, кәсіпкер - кәсіпкерлік қызметтен пайда алады. Өндіріс факторының иесі үшін табыс болатын шама осы факторды тұтынушы үшін шығын болып табылады.

Экономикалық теорияда табыс таза шаруашылық (микродеңгейде) және халықшаруашылық (макродеңгейде) түсінік ретінде ажыратылады. Егер табысты иемдену субьектісіне тәуелді қарастыратын болсақ, бұл жағдайда табыстар төмендегіше бөлінеді:

-тұрғындардың табысы;

-кәсіпорын табысы;

-мемлекет табысы;

-қоғам табысы.

Осы табыстардың жиынтығы игіліктер, қызметтер мен өндірістік ресурстарға максималды сұранысты анықтайды.

Шаруашылық қызмет қорытындысы бойынша өндіріс факторларының иемденушісі ақшалай формада табыс алады - номиналды табыс. Осы табысқа қатысты оның иемденушісі мен мемлекет арасында күрделі экономикалық қатынастардың жүйесі туындайды. Мемлекет салықтар арқылы табыстың көп немесе аз бөлігін иемденеді. Табыстың салықтар мен қарыздар бойынша проценттер төлегеннен кейін қалатын бөлігі таза табысты құрайды.

Кәсіпорынның табысын талдағанда жалпы, орташа және шекті табыс түсініктері қолданылады. Жалпы табыс ақшалай формада барлық өнімді сатудан түсетін түсім. Орташа табыс сатылған өнім бірлігіне есептелінеді. Шекті табыс қосымша өнім санын сатудан түсетін жалпы табыстың өсімі. Бұл көрсеткіштің есебі фирма үшін маңызды мәнге ие. Экономикада кемімелі табыстылық заңы әрекет етеді және шекті табыстың есебі кәсіпорын үшін өндіріс көлемін өзгерту үшін негіз болып табылады. Кәсіпкер әрқашан тәуекелді максималды қысқартып, нарықты жоспарлауға тырысады. Өзінің қызметінде ол табыстылықтың құлдырау жағдайымен бетпе-бет келуі де мүмкін. Кемімелі табыстылық заңының мәні бір фактордың қосымша қолданылатын шығындары өндірістің басқа факторларының өзгеріссіздігі жағдайында қосымша өнімнің аз көлемін береді, демек, жалпы табыс та аз болады. Басқа нәтиже барлық факторларды бірдей және бірмезгілде ұлғайтқан жағдайда алынуы мүмкін. Бұл өнім көлемінің өсуіне алып келеді. Бірақ бұл жерде де кәсіпкер қауіп-қатерден сақтануы керек. Өйткені тауарлар ұсынысының өсуі нарықтық бағаның түсуіне, ал бұл өз кезегінде қосымша өнім бірлігін сатудан түсетін түсімнің азаюына алып келеді. Бұл кәсіпорын үшін өндіріс ауқымының өсуін қысқарту сигналы болды.

Кез-келген кәсіпорын бірмезгілде белгілі бір өнімнің тауарөндірушісі және сатушысы, сондай-ақ өндіріс факторларын сатып алушы ретінде көрінеді. Сатушы ретінде ол өзінің өнімін қымбат сатқысы келеді. Өндіріс факторлары нарығында өндірістік ресурстарды (еңбек, жер, капитал) арзан сатып алуды көздейтін сатып алушы ретінде көрінеді. Өндірістік шығындар шамасы және олардың құрылымы өндіріс факторларын сатып алу құрылымына нақты талаптарды анықтайды. Өндіріс факторларына сұраныс ерекшеліктері өндіріс сипатымен анықталынады. Бұл жерде басты критерий біреу ғана - өндірілген өнімнің жоғарғы сапасы жағдайында өндірістің ең аз шығындары. Өндірістің әрбір факторының нарықтық бағасын осы фактор көмегімен өндірілетін шекті өніммен салыстыра отырып, кәсіпкер өз таңдауын жасайды.

Соседние файлы в папке по новому типовому