Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
DIPLOM.docx
Скачиваний:
134
Добавлен:
24.03.2015
Размер:
173.01 Кб
Скачать

1.2. Абайдың «Қара сөздерінің» орыс, ағылшын тілдеріне аударылу тарихы

Қара сөздер – бұл қазақтың ұлы ақыны мен ағартушысы Абай Құнанбаевтың қырық бес қысқа насихаттық шығарма мен философиялық трактаттан тұратын ірі туындысы. Оның бұл шығармасында ұлттық тәрбие мен дүниетаным, адамгершілік пен құқық және қазақ тарихының мәселелері талқыланады. Абай «Қара сөздерін» жасы ұлғайған шағында, биліктің шектен шығуын, жер шаруашылығының ауыртпалығын, халықтың құрметі мен жақын-жуықтан айырылудың азабын ұғынған кезінде жазды.Оның кейбір «Қара сөздері» ең алғаш рет ақынның өлімінен кейін «Абай» журналының беттерінде 1918 жылы жарияланды.

«Абайдың көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі – қара сөздері. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) – ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зор салған.

Сөйтіп көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырады. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халықының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың қара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды. Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 жылы Семейде шыққан. “Абай” журналында жарық көрді. Кейіннен Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды» [Абайдың қара сөздері./ Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет. http://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%90%D0%B1%D0%B0%D0%B9%D0%B4%D1%8B%D2%A3_%D2%9B%D0%B0%D1%80%D0%B0_%D1%81%D3%A9%D0%B7%D0%B4%D0%B5%D1%80%D1%96].

Абай қара сөздерінің дүниеге келуі, оның жинақ болып басылуы және әлем тілдеріне аударылу жағдайы көпшілігімізді толғандыратын жағдай. Бұл мәселе жөнінде зерттеушілердің, ғалымдардың көптеген мақалалары, монографияларымен сан түрлі еңбектері жарияланды. Солардың бірі профессор Ж.Ысмағұлов М.Әуезовтің “Абай Құнанбаев” атты көлемді монографиясындағы ұлы ақынның қара сөздері турасында айтқан пікірлеріне тоқталып өтелік. Оны Ж.Ысмағұлов: «Абайдың қара сөздері 1909 жылғы және одан кейінгі ілкі басылымдарда бірен-саран жарияланып, 1933 жылғы бір томдыққа ғана түгелдей енгізілген. Оны бас аяғын құрастырып, мағынасына, тақырыбына қарай сұрыптап, жаңаша нөмірлеп, баспаға әзірлеп берген –Мұхтар Әуезов.

- 1890 жылдардан бастап, - дейді М.Әуезов, - ұстаздық, үгітшілік жолына түскен соң, Абай өлеңді аз жазса да, “қара сөзбен” айтатын өсиетті көп жазады. “Ғақлия” деген өсиеттері сол 1890 жыл мен 1898 жылдардың арасында жазылған. 1891 жылдан соң өлеңмен айтпақ болған сөздерінің талайын қара сөз үгітіне айналдырып жіберген» [Абай. Ж. Ысмағұлов. Әуезов және Абайдың қара сөздері. -2010. -№3. – 40 б. ].

Абай шығармашылығында оның проза жанрында жазылған «Ғақлиясы», яғни, «Қара сөздерінің» алатын орны өте ерекше. Филология ғылымдарының кандидаты Р. Қайшыбаева академиялық толық баспада қазақ тілінде қырық алты «Сөздің» бар екендігін айтады. Абайдың «Қара сөздері» ақынның үлкенін танымын бейнелейді, оның көркем ізденістерін, ғылыми, діни, қоғамдық-саяси көзқарастарын түсінуге көмектеседі. Абайдың қара сөздері оқырман, тыңдаушы ақын ойларының, толғаныстарының, қайғы-қасіретің, үмітінің тек соған ғана арналғандығын түсінетіндей етіп жазған дейді абайтанушы ғалымдар. «Қара сөздерінде» Абай өзінің оқырманын оңашада рухани қайғысын бөлісуге шақырады. «Ғақлиясына» өмірлік дем беру мақсатында Абай өзінің таусылмас талантын ғана емес, сонымен қатар ең бастысы – адалдығын аямай төгіп берді.

Р. Қайшыбаева Абайдың бұл шығармасында ешқандай стилистикалық тәртіпті ұстанбайтындығын айтып, оның поэзиясымен салыстырады: «Как и его поэзии, в «Кара сөздер» особо проявляется гуманистическая направленность его творчества, создаются назидания большой внутренней энергии и экспресии, в них естественное для него самоощущение сына всей национальной культуры, ее многовековой поэзии. Без риторического красноречия, лаконичные и полные горестных раздумий они, несмотря на свои малые формы, призваны служить эпическим задачам (ведь они призваны выражать наболевшие моменты исторического опыта нации). Абаевская точка зрения и энергия внутреннего ритма “Ғақлия” имеют большую, чем жанровые условности силу, порой назидания переходят в лирическую исповедь, внутренний монолог» [Абай. Кайшибаева Р. О переводах прозы Абая на руский язык. -2010. -№4. – 10 б.].

Абай өз дәуірінің ақылшысы болу жүгін өзіне артты. Өз халқын мәдени, рухани жағынан кемелдендіру үшін оған жаңа негіздер, жаңа ұстанымдар, тың көзқарастар керек болды. Оның ойларының, сезімдерінің, көңіл-күйінің өзара үйлесім табуы Абайдың «Қара сөздерінің» туындауының алғышарттары болды. Міне, екі ғасырдан астам уақыт бойы оның ішкі жан-дүниесінің тереңдігі, шынайлығы әр заман оқырмандарын таңқалдырып келеді. Абай әдебиеттің сыртқы және ішкі тәртібінен шыға отырып, дәстүрлі нақыл сөздерден бөлек, өз ғасырының жаһандық мәселелерін толғаған жаңа туындыны дүниеге әкелді. Осы тұста филология ғылымдарының докторы Ж. Ысмағұловтың Абайдың «Қара сөздері» туралы айтқан ойын дәлел ретінде айтып кетуге болады: «Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған естелік, мемуар да емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда, осы шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің бір түрі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық және көбінше адагершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет таладау тәрізді. Абай өзінің оқушыларымен әңгімелесіп, жүзбе-жүз кездесудегі мәслихат, кеңес құрып отырған ұстаз тәрізденеді. Абай қара сөздері көбінесе барлық жайлардан өзі сөз бастап, өзі әңгіме-дүкен құрып отырған болады. Айтпақ сөздері мен ойларын мысалдармен келтіреді. Кейде өзінің көз алдында отырғандай, тыңдаушысына сұрақтар береді. Өзі онымен жауаптасып, әңгімелескен кісі тәрізденіп отырады. Мысалдарды қазақтың өз заманындағы күнделік болмысынан алады. Сол мысалдарда кейде күлкіге сайып, мысқыл, әжуа халдерді әдейі айқындай түседі. Әңгімесі тыңдаушысына пайдалы өсиет болуымен бірге, көңілді айтылып, қызықты боп жетсін деген мақсатты ойлайды» [Абай. Ж. Ысмағұлов. Әуезов және Абайдың қара сөздері. -2010. -№3. – 41 б. ].

Деректерге сүйенетін болсақ Абайдың қара сөздері 1890 және 1898 жылдар аралығында жазылған. Әрбір жаңа ұрпақ бұл шығармадан өзі өмір сүрген орта жайында өзекті мәселелерін, толғандырған сұрақтарын іздеуден талмайды. Сондықтан қазіргі жаңа ХХІ ғасырда Абай шығармалары тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ шет елдерінде үлкен сұранысқа ие болып, үлкен басылыммен жариялануы жай жатқан дүние емес. Абайды үлкен ойға салған ғасырдан ғасырға ұласқан мәселелер, құпиялар мен сан қырлы жұмбақтар бізді де толғандыратыны рас.

Мұхтар Омарұлы Әуезов Абай шығармаларының хронологиясын жасауда үлкен еңбек жасады. Бұл келелі жұмыс 1924 жылы қолға алына бастады. Кейін 1933 жылы шығарған жинағына Абай Құнанбаевтың барлық «Қара сөздері» енді. Ғалымдар бұл жинақтың енді ғана қабылданған латын қарпімен басылғандығын, әріп терушілердің латын әріптерімен таныс емес екендігін, соның салдарынан көптеген таңбалардың, қателіктердің пайда болғандығын атап кетеді. Кейін Мұхтар Әуезовтың оны жөнге келтіріп, бір жүйеге салуының арқасында кириллица қарпімен жазылатын болды.

Абай шығармаларының жинағын шығарудағы қиын да, саралы жолға қарамастан оның «Қара сөздері» он екі жылдан кейін қазақ тіліндегі жинағы шыққаннан соң орыс тіліндегі аудармалары да шыға бастады. Алғаш рет 1945 жылы Абаймен жасалған сұхбаттардың қомақты бөлігі орыс тілінде «Абай Кунанбаев. Избранное» атты жинағында Мұхтар Әуезовтың кіріспесі жазылған, Виктор Шкловскийдің аудармасында жалпы Леонид Соболевтың редакциясымен шықты. В. Шкловский – үлкен жазушы, әдебиеттанушы, аудармашы. Ол «Қара сөздерді» аудара отырып артына орасан зор әдеби мұраны қалдырды. Бұл шебердің шығармашылығы кең ізденіс пен үлкен таланттың негізінде қаланды. Абайдың прозасын аударуды қолға алуға Мұхтар Әуезовтың әсері болды. Олардың достығы жиырмасыншы жылдары М. Әуезовтың ЛГУ-де оқып жүргенде, сондай-ақ соғыс жылдарында болған шығармашылық байланыстары кезінде жалғасты. Бұл жылдары әдебиет және өнер қайраткерлері Алма-Атаға көшірілді, міне, олардың бірі Виктор Шкловский болды. Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайында В. Шкловский мақалалардан, М.О. Әуезов романының алғашқы томынан, сонымен қатар оның «Абай өлеңдері» атты киносценариясынан біраз білетін еді. Сондықтан «Әуезов үйі» Ғылыми-мәдени орталығында сақталып тұрған М. Әуезов пен В. Шкловскийдің жазысқан хаттары соның дәлелі.

Сол кезеңдегі әдебиеттің жағдайына қарай түпнұсқалардың дәлдігі мен сәйкестігіне көптеген идеологиялық факторлар әсер етті. Солардың қатарына Абайдың «Қара сөздері» де ілікті. Сонымен отыз алтыншы қара сөзден кейін осы жинақтың 300 бетінде отыз тоғызыншы қара сөз кетеді. Отыз жетінші сөзі Леонид Соболевтың аудармасымен кітаптың соңында жиырма үш емес, он тоғыз санымен берілген. Ал отыз сегізінші қара сөзі едәуір қомақты және мәнді, Абайдың философиялық-діни дүниетанымын айқындай түседі. Мұнда автор жинақта мүлдем жоқ аят және хадис секілді діни сөздерге көп тоқталады. Абайдың дін тақырыбын қозғайтын көптеген қара сөздері: он екінші, он үшінші, жиырма жетінші, отыз бесінші, қырық үшінші, қырық бесінші сөздері цензуралық көзқарастарының салдарынан қысқартылып, баспаға жіберілмеді.

Нәтижесінде В. Шкловский аударған Абайдың қара сөздері 1959 жылы Алма-Атада шыққан орыс тіліне аударылған Абай шығармаларының таңдамалы жинағының қатарынан орын алды. Бұл жинақта тек қырық төрт қара сөз ғана берілген. Леонид Соболев аударған Абай афоризмдері отыз бесінші ретпен орналасып, отыз тоғызыншы сөз отыз жетінші сөз болып ауыстырылды. Қалған сөздері осы ретті сақтап жазылды. Отыз сегізінші сөздің мәтіні сол қалпында халыққа таныстырылмай қалды.

Жарты ғасыр өткеннен кейін Абай прозасының В. Шкловский аударған бірінші басылымынан соң жарыққа талантты қазақ жазушысы Сәтімжан Санбаевтың аудармасымен «Қара сөздердің» орыс тіліндегі бірінші баспасы шықты. Сол кездерде Жоғары әдеби курсты бітірген Сәтімжан Санбаев «Белая аруана», «Дорога только одна», «Времена года нашей жизни» атты әңгімелер мен повестерінің, «Колодцы знойных долин» повестері жинақтарының авторы ретінде танылып үлгергендігін Р. Қайшыбаева атап кетеді.

Сол ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарындағы шығармашыл зиялы қауым ХХ ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдары Абай қозғаған мәселелерге бет бұра бастады. Бұл елдің өткені мен қазіргі қоғамы арасындағы түсіністіктің пайда болғандығының айғағы. Себебі қазақ даласы дәуірдің көптеген ауыр өтпелдерінен өтті. Бұл 1916 жылғы қазақтар көтерілісі, 1917 жылғы революция, азамат соғысы, жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы ашаршылық, қуғын-сүргін, Карлаг пен Алжир, Ұлы Отан соғысы, елуінші жылдардың басындағы жаңа саяси қуғын-сүргіндер қазақ қоғамының ұлттық мәдениетінің тамырын қайта жаңғыртуға, рухани құндылықтарды қайта байытуға, өз мұраларының бағасын ұғынуға жол ашып, бір серпіліс жасады. Енді халықтың алдында өзін рухани байыту мен кемелдену мәселесі тұрды. Осы уақытта ұлттық мәдениет тамырының басқа мәдениеттің тамырларымен өзара байланысын зерттеу жұмысы белсенді жүріп жатты.

Сәтімжан Санбаев қызметінің қарқынды зияткерлік аясы ұлттық классика туындысын белсенді аудару қажеттілігін ұғындырды. Санбаев жасаған Абай шығармасының толық аудармасы орыс тілінде түпнұсқа қызметін атқарады. Аталған аударманың мәні үлкен болды және сол қызметін әлі де аянбай атқарып келеді. Алғаш рет оқырмандардың алдында әлемдік мәдениет, философия, дін тақырыбын қозғаған Абайдың туындысы жаңа беттерімен ашылды. Р. Қайшыбаева Абай қара сөздерінің қырық алтыншы сөзінің аудармасы шықпағандықтан оны толық аударма деп атай алмайтындығын баяндайды.

Сәтімжан Санбаев түпнұсқа мәтініне талдау жасап, зерделеп оның бар қыр-сырын түсінгеннен кейін оқырманға түпнұсқа авторының сезімін, жан-дүниесін, өмір сүрген ортасын сол қалпында ұсына білді.

Абай қара сөздерінің өмірлік маңызын, ақынның дара тұлғасын Т. Әлімқұлов «Жұмбақ жан» атты еңбегінде былай түсіндіреді: “Абайдың сөздері ақынның дүниеге, өмірген көзқарасын өлеңдерінен де тереңірек көрсетеді. Бұл сөздерінде Абай ғылымдық, моральдық, философиялық, салт-саналық жәйттерді қозғай отырып, үлкен ой айтады. Оның көп сөздерінің халық аузында ұмытылмас мақал, мәтел, нақыл болып қалуында ой-пікірдің терең тамыры бар. Абай зор гуманист-демократ. Бақыт – әлеуметтік категория деген пікірге келеді. Олай болса, қоғамдық құрылыстың әділетсіздігі де байқалмай қалмақ емес еді. Рас, бұл жайды ол барлық жерде ашып айта бермейді. Оған тарихи жағдай да жоқ-ты. Біз үшін, бүгінгі ұрпақ үшін, тар заманда толғаған тамаша пікірлері қымбат” [Әлімқұлов Т. Жұмбақ жан. Алматы, 1993, 221 б. 155б.].

Әрине, Абай әрқашан танымы мен түсінігі мол қауымға бар еңбегін аямай жазды. Оның өз оқушылар мектебі мен ізбасарлары болды. Нәтижесінде Мүрсейіт қолымен жазып қалдырған Абайдың барлық «Қара сөздерін» академик М.О. Әуезов, Қазақстан Ғылым Академиясының мүше-тілшісі И.Т. Дүйсенбаев пен Қазақстан Ғылым Академиясының академигі З.А. Ахметов зерттеді. Р. Қайшыбаева Абай прозасының орыс тіліне аударылуы туралы зерттеулерін былай деп қорытындылайды: «Конечно, исследуя переводы произведений Абая на русский язык, мы видим, что многие из них не являются точной копией оригинала, это, говоря словами Гете, “нечто третье”, что возникает в результате “сближения чужого со своим, национальным, знакомого с незнакомым”. Художественный перевод полноправно входит в родную для переводчика литературу, обогащает ее идейно-тематически и жанрово-стилистически, становится одним из элементов национального литературного контекста» [Абай. Кайшибаева Р. О переводах прозы Абая на руский язык. -2010. -№4. – 12 б.].

Герольд Бельгер Абайдың «Қара сөздерін» аударылу сипатын зерттей отырып, мұндай ұлы тұлғаның шығармаларын, әсіресе, «Қара сөздерін» аудару машақатының зор екендігін ерекше айтады. Оның бір сөзін тәржімалаудың өзі оңайлықпен соқпайды. Ол көп мағыналы. «Қара сөздерді» бірден аударудың қажеті жоқ, оларды Абайдың өзі айтқандай жүрекпен сезіну керек, санада саралап, іштей тұшыну керек, саралап, сезініп, тұшынып болғаннан кейін әдетте оқырманның қабылдауына мүмкін бола бермейтін басқа тілдің құралдарымен қайта жасап шығару керек.

Герольд Бельгер Абай поэзиясын орыс тіліне аударудың қисынсыз екендігіне қайта-қайта тоқталады. Ол жолма-жол аударма қашан болмасын сауатты, тілдің қыр-сырларын сезінетін адамға түсінуге қол жетімді болады деп есептеп келді. Қанша мәрте аударасың, қанша мәрте түсіндіресің, талқылайсың, түрлі тоқталымдарға келесің, бірнеше нұсқа жасайсың. Соған қарамастан жасалған еңбекке деген қанағатсыздықтың артыңнан қалмайтындығын, өзіңе сенімсіздіктің пайда болатындығын ғалым күрсіне айтады. Әрине, бұл таң қаларлық жай емес. Себебі аудармашы поэзияның түпнұсқасын аудару кезінде осы жағдаймен бетпе-бет келеді. Ағылшын ақыны Роберт Фрост «поэзияның – басқа тілге аударуға келмейтіндігін» бекер айтпаған.

Г. Бельгер “Абайдың «Қара сөздері» және оның аудармашылары” атты мақаласында Виктор Шкловскийдің «Қара сөзді»: «СЛОВА-НАЗИДАНИЯ», яғни, сызықша арқылы, бір ұғым ретінде аударды десе, Сәтімжан Санбаевтың «СЛОВА НАЗИДАНИЯ» деп қарапайым бергендігін тұжырымдайды.

Сыншы ғалым «Қара сөз» хақында былай ой толғайды: «Между тем «Қара сөз» или «Ғақлия» означает нечто иное. На это неоднократно обращали внимание критики и литературоведы. По сути дела, “Слова...” Абая – не назидание, а размышления, суждения, то, что ныне нередко обозначают словом эссе – своебразное изложение сокровенных исповедательных мыслей, дум. Подобную манеру письма Монтень образно характерезовал, как “бросать перо на ветер”. Это философские очерки и рефлексии, изложенные в изящной манере, отличающиеся вдохновенным строем мысли» [Бельгер Г.К. ″Книга слов″ Абая и ее переводчики [Размышления извест. Писателя о содерж. и пер. ″Книга слов″ Абая] // Азия. – 1993. N 20 (май). – С. 5.].

Г. Бельгер қазіргі таңда бар қара сөздің орысша аудармаларының ішінен Сәтімжан Санбаевтың тәржімесіне тоқталып кетеді. С. Санбаев өз деңгейінде Абайдың шығармасын аударғанымен, оның кей жерлерде еркіндік танытқанын байқайды. Мысалы, оның аудармасындағы “банкрот, вампир, вакханалия, смотрит фертом, франт, эрудиция, процесс, плохой эпитет, идиот, вельможи, рыцарь, баста, франтовство, репутация, сконфузился, обмишурился, масштаб, констатирую, идеал, фиксирует, субстанция, результат” және т.б. осы сынды лексикалардың қатары Абайдың дүниетанымына сай келмейтіндігін дұрыс сынай білді.

Ол үш аударманы өзара жан-жақты зерттей келе Абайдың «Қара сөздеріне» жақын келетін аударма нұсқасы ретінде К. Серікбаева мен Р. Сейсенбаевтың тәржімаларын жоғары бағалайды. Ғалым бұл шешімге берілген үш нұсқадағы сөзбен сөзді, сөйлем мен сөйлемді, абзац пен абзацты өзара салыстыра және салғастыра отырып зерттеу нәтижесінде жеткендігімен бөліседі.

Қазіргі таңда Абай қара сөздерінің орыс тіліндегі аудармасының үш нұсқасы бар. Біріншісі бұл – 1945 жылы жасалған Виктор Шкловскийдің аудармасы, екіншісі - алғаш рет 1970 жылы жасалып, кейін соңына дейін аударылған Сәтімжан Санбаевтың нұсқасы, үшіншісі, 1993 жылы «Книга слов» деген атаумен жарияланған Клара Серікбаева мен Роллан Сейсенбаевтың бірлесіп жасаған аудармалары болып табылады.

Абай «Қара сөздерін» аударуға үлес қосып, дарынды ақынның осы шығармасының орыс тіліне аударылу деңгейін зерттеп, оның қазіргі ахуалы жөнінде еңбек етіп, біраз тер төккен тұлғалардың қатарында Әуезхан Қодардың тұжырымдамаларын айтпай кетпеске болмайды. Әуезхан Қодар да Абай «Қара сөздерінен» аттап өтіп кетпей оның аударылуына өз үлесін қосты. Ол басқа аудармашылар секілді қырық екі қара сөзді аударған жоқ. Қазіргі кезде оның қара сөздердің ара-арасынан таңдап алған он екісінің аудармасын тауып оқи аламыз. Әуезхан Қодарды басқалардан ерекшелейтін тұсы – орыс тілінде шығарма тақырыбының баламасын өзгеше беруінде. Ол қара сөздерді «слова назидание» немесе «книга слов» деп те, тікелей сөзбе-сөз де аудармаған. Сондықтан оны «размышление» деп, әрбір сөзін «монолог» деп аударған. Оған дәлел ретінде аудармашыдан алынған Абайды жаңаша бағытта зерттеу тақырыбына қатысты сұхбаттардың бірін мысал келтіруге болады: «- Бұл туралы айтсам, мен жылап жіберем. Қазір Абаймен кім айналыспайды. Ешқандай қатысы жоқ адамдар да айналысып жүр. Солар институт басқарады, бір кітаптар шығарған болады. Шынын айтқанда, Абайға жаңаша көзқарас жоқ. Кезінде мен осыған қатысты аудармамда өз ойымды айтқанмын. Қазір Абайдың сөздерін «книга слов», слова назидание» деп аударып жүр ғой. Мен бұған қарсымын. Арабтың «ғақлия» деген сөзі «ой» деген мағына береді. Сондықтан оны орыс тіліне размышление деп, әрбір сөзін монолог деп аудару керек. Сонда біз Абайды тура Европа мәдениетінің ортасына шығарамыз. Сол кезде Абай осы мәдениетіне ғана тәуелді емес, әлемдік мәдениеттің ірі тұлғасы болып шығады» [Әуезхан Қодар: Абайға бойлай берсең, оның жаңа қырлары ашыла береді. http://abai.kz/node/1636].

Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Әсіресе, оның орыс тіліндегі аудармаларының көптігіне көзіміз жетті. 1945 жылдың өзінде-ақ Абайдың туғанына 100 жыл толуына орай «Көркем әдебиет» баспасында құрамында Виктор Шкловскийдің «Назидания» деп аталатын аудармасы бар оның шығармаларының орыс тіліндегі аудармаларының жинағы шықты. Кейін бұл аударма 1954 және 1979 жылдары қайта жарыққа шықты. Сонымен қатар 1970 жылы «Слова назидания» деген атаумен жазушы Сәтімжан Санбаевтың, 1992-1993 жылдары «Книга слов» деген атаумен жазушы Роллан Сейсенбаевтың аудармалары дүниеге келді. Кейін Роллан Сейсенбаев Клара Серікбаевамен бірлесе отырып қара сөздер аудармасының жаңа редакциясын жасайды. «Қара сөздерді» 2001 жылы Лариса Захарова неміс тіліне аударды. Алғашқы уақытта кітап Қазақстанда басылып шықты, ал кейін 2010 жылы оны Германияда жариялауды шешеді.

2010 жылы алғаш рет Абай Құнанбаевтың кітабы тәжік тіліне аударылып, «Панднома» деген атпен жарияланды. Аудармашы, публицист және абайтанушы Фатхулло Азизов кітапты адамзаттың мектебі дей отырып, оның үлкен өмірлік маңызын атап өтті.

Кейін алғаш рет Абайдың «Қара сөздері» бір мезгілде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып шықты. Орыс тіліндегі нұсқасын Клара Серікбаева дайындап берді. Ал оны ағылшын тіліне көрнекті ақын және түкітанушы Ричард МакКейн аударды. Ричард МакКейн орыс тілі мен әдебиетінің оқуын бітірген, Түркияда жүріп бірнеше түрік және түркі тілдес ақындарымен етене араласып, қызметтес болуының өзі оның шығыс әдебиетіне қызығушылығын айқындайтыны сөзсіз. Ол жиырмадан астам орыс және түрік тілдерінің кітаптарын ағылшын тілдеріне аударды. Оның танымал еңбектерінің қатарына Ахматова мен Мандельштамның, Тарковский, Пастернак, Назым Хикметтің және т.б. жсаған аудармалары жатады. Сондықтан оның ұлы даланың ірі тұлғаларының бірі Абай Құнанбаевтың «Қара сөздерін» аударуы кездейсоқ дүние емесі анық.Аудармашы бұл жұмысқа екі жылын жұмсады. Танымал жазушы, «Халықаралық Абай клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Роллан Сейсенбаев қазақ авторларының басқа да шығармаларын европа және араб тілдеріне аударып, сол арқылы қазақ тілі мен мәдениетінің шеңберін кеңейтуге үлес қосуға даяр екендіктерін және үш тұғырлы тілдің жаһандық әлемнің талабы екендігін айтады.

Абай клубының мақсаты әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі әдебиетті насихаттау болып табылады. 2009 жылы Клуб қазақтың ұлы ойшылдары мен ақындарының теңдесі жоқ мәдени және рухани мұрасы болып табылатын шығармаларын жарыққа шығарды. Абайдың «Ғақлиясы» төрт мың дана таралыммен басылып шықты.

2010 жылдың сәуір айында Алматы әкімшілігі, тілдерді дамыту қалалық басқармасы мен Абай поэзиясына табынушылар Халықаралық клубы Абай Құнанбаевтың «Қара сөздер» атты жаңа кітабын таныстырды. Бұл жинақтың қызықтылығы, қазақтың ұлы ойшылы, философы мен ақынының қара сөздері алғаш рет бір кітапта үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді.

Абай Халықаралық клубының Президенті, қазақ жазушысы – Роллан Сейсенбаев былай деп пайымдайды: «Қара сөздер» - бұл ақынның ақиқатқа жету жолындағы сараланған жолы. Кітаптың идеясы қарапайым бола отырып, ұлы да. Онда Абай әлемнің ең ұлы құндылығы адам екендігін, оның бойындағының барлығы: рух, сана, тән мен сезімнің асыл да, үйлесімді болуы керектігін қайталаудан еш жалықпайды».

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Абай Халықаралық клубы шығарып жатқан әлем халықтары әдебиетінің 200 томдық кітапханасына кіріспесінде (қазір 100 томы жарияланды) былай деп жазады: «Кітап – уақыт пен кеңістіктің демімен қаныққан адам ойының жемісі. Адамзат баласы өзінің қасиетті танымдары мен рухани ашылуларын кітапқа сеніп тапсырды. Тек кітап қана қалай алға жылжуға болатындығын, қалай күтпеген құбылыстардан қорғануға болатындығын және қалай адамгершіліктің биік шыңына жетуге болатындығын үйрете алады. Кітап – ең шыдамды ұстаз. Біздер еліміздің жарқын болашағы – жастарға қайталанбас және ең құнды мұра – Кітапты қалдырамыз». Бұл айтылған келелі сөздер, әрине, Абайдың «Қара сөздерін» жарыққа шығарған баспагерлердің басты мақсатын толық айқындайтыны сөзсіз [Шулембаева Р. Впервые на трех языках // Казхст. правда. – 2010. – 10 апр. – С.7.].

Аударма – бұл өнер. Ал өнердің кеңдігінде шек жоқ. Үш аударманың құндылықтарын, өзіндік ерекшеліктерін, маңызын қарастыра келе, қазіргі кезде «Қара сөздің» орыс тіліндегі толық аудармасы деуге болатын К. Серікбаева мен Р. Сейсебаевтың тәржімасын Г. Бельгердің мына сөзімен тиянақтауға болады: «Повторияю: труд проделан переводчиками “Книги Слов” огромный, старательный, добросовестный. Данный перевод достойно производит все смысловые, стилистические, интонационные особенности прозы Абая. Может, еще лет через двадцать-тридцать найдется переводчик, который предложит более глубокую и выразительную версию. Можно только уповать на то, что и на другие языки “Книга Слов” будет переведена адекватно» [Размышления извест. Писателя о содерж. и пер. ″Книга слов″ Абая] // Азия. – 1993. N 20 (май). – С. 5.].

2 АБАЙДЫҢ «ҚАРА СӨЗДЕРІНДЕГІ» ЭТНОМӘДЕНИ ЛЕКСИКАНЫҢ ОРЫС, АҒЫЛШЫН ТІЛДЕРІНДЕГІ АУДАРМАСЫ

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]