Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

1.3 Тілдік бірліктердің танымдық парадигмасы

«Қазақ тілінің зерттелу тарихындағы соғыстан кейінгі жылдар жазылған жұмыстардың көлемі мен өзектілігіне қарай әрі тілдік мәселелерді шешудегі теориялық пайымдарына орай ерекше орын алады. Кез келген ғылымның дамуын оның тығыз байланысқан кезеңдерінсіз зерделеу мүмкін емес» [14; 23-б.] деген тілші І.Кеңесбаев пікіріне сүйенер болсақ, қазақ тілтанымының өзіндік даму үрдісін айғақтайтын келесі кезеңнің де қазақ тіл біліміне қосар үлесі мол. Лингвистика қағидаларын қоршаған ортаны қабылдап танудың негізгі ұстанымдарымен ұштастыра білген ғалымдар оларды тілдік және жалпы танымдық ұғымдарды зерделеудің өзегіне айналдырды, яғни қабылдау дегеннің өзін «шындықтың кескін-келбетін өз ыңғайына қарай қалыптастыруға, оны жіктеп сұрыптауға әрі оқиғалар мен құбылыстарға ат телуге көмектесетін, адамға тән...белсенді әрекет деп таныған дұрыс» [30; 290-б.] болғандықтан, өзіндік қолтаңбасымен, маңызды тұжырымдар тізбегімен ерекшеленер бұл кезеңді де сол «белсенді әрекеттің» салдары деп ұғынған дұрыс. Алғашында тілдік салаларға бөлінбей, логика-пәлсапалық негізде немесе кешенді түрде ұсынылған аталмыш зерттеулер қазақ тіл ғылымының барлық бірліктерін топтап көрсетуді мақсат етсе, одан кейін дүниеге келген ізденістер динамикалық дамудың нәтижесінде тілдік фактілердің жеке дара қарастырылуын қажет етті. Олардың өзіндік мақсат-міндетімен қатар, әдіснамалық сипаты да сұрыптала бастады. Тілшілер қазақ тілінің құрылымдық-жүйелік ерекшелігін анықтауда тек сипаттама әдісті ғана емес, әрі тарихи, әрі салыстырмалы-салғастырмалы амалдарды пайдаланып, тілдік құралдардың деңгейлік және деңгейаралық болмысын зерттеуге тырысты, ал танымдық ұғымдар мен қағидаттарды формальды-грамматикалық мәселелерді шешудің бірден бір көзі, құнарлы арнасы деп қана есептеді. Әрине, алуан түрлі субъективті және объективті себептерге орай, бұл кезде тілтанымдық зерделеудің қарқыны алғашқыға қарағанда азая түсті, бірақ өзектілігін жойған жоқ, өйткені танымның бір бөлшегін құрайтын адамзат тілін оның табиғи бастауынан бөліп алу мүмкін емес еді. Адамзат дамуының үйлесімді көрсеткішін құрайтын тіл де, таным да ажырамас бірліктің арқасында әрдайым қатар қолданылып отырды. Оған дәлел ретінде, бір жағынан, жеке тұлғалардың танымдық мүмкіндіктерін уәждеуге болса; екінші жағынан, адамның дүниетанымын қалыптастырып дамытатын объективті факторларды да назардан қалдырмау керек. Оларға:

  • жалпы тіл білімінде орын алған құрылымдық әдістің кең көлемде қолданылуын;

  • қазақ тілінің жекеленген салаларын зерттеу арқылы тілдік теориялар мен ұстанымдардың жасалу қажеттігін;

  • тарихи ізденістердің өзектелуін, сол арқылы сөз төркінін зерделеу мүмкіндігінің қолға алынуын;

  • сөздік қор, сөздік құрам, олардың толығу жолдары сынды проблемалардың тек ішкі тілдік заңдылықтармен шектелмей, сыртқы факторлардың ықпалымен де айқындалуын;

  • грамматикалық бірліктер табиғатын анықтап талдауда «таным», «зерде», «жады», «қоғам», «халық», «мәдениет» сынды т.б. ұғымдардың арқау болуын жатқызған орынды.

Бұл ретте Н.Сауранбаевтың, Ғ.Мұсабаевтың, М.Балақаевтың, І.Кеңесбаевтың және өзге де ғалымдардың еңбектері тілтанымдық қорды дамытушы дереккөздер тұрғысынан қарастырылды. Оның негізінде, біріншіден, «Қазақ тіл білімі үздіксіз даму үстінде. Күні бүгін уақыт талабы да өзгеше. Көптеген мәселелер қайта қаралып, өз шешімін тауып жатыр. Н.Т.Сауранбаев қайтыс болғалы 24 жыл уақыт өтсе де, оның кейбір еңбектері сол уақыттың сынынан өтіп, осы күнгі талап-тілектерімізге түгелдей жауап беріп отыр. Автордың бағзы бір туындылары қайталанбас ерекшеліктеріне қарай, өз құнын қайта өсіре түсуде. Теориялық тереңдігімен, жазылу шеберлігімен, практикалық құндылығыменн бұл тақылеттес жұмыстар күні бүгін тіпті таптырмайтын материалдардың қатарына жатып жүр» [31; 13-б.],- деп ғалым Ә.Құрышжанов атап өткендей, Н.Сауранбаев зерттеулерінің нысанын құраған тілдік категориялардың әрі құрылымдық, әрі терең танымдық негізде талдануы, сөйтіп, маңызды тұжырымдардың, уақыт талабына сай жаңғырып отыратын пікір-көзқарастардың және шебер өрілген ой түйіндерінің дүниеге келуі көрініс тапса; екіншіден, аталмыш тілтанымдық кеңістіктер «Адам баласының тарихында көрнекті істер, мәдени мұралар ұмытылмайды» [32; 4-б.],- деп тұжырымдаған Ғ.Мұсабаев еңбектерінде халық дамуын дәйектер құндылықтардың тарихи ескерткіштермен сабақтаса талдануы арқылы айқындалды. Үшіншіден, қазақ тіл білімінің тарихынан орын алар тұлғалардың әрқайсысы тілтаным ғылымының өзіндік дамуын саралауға, оның теориялық тұжырымдамасын жүйелеуге және әлемдік лингвистикадағы жеке қолтаңбасын дәйектеуге мүмкіндік беретіндіктен, тілдің әдеби нормаларын, әлеуметтік, мәдени өзгешеліктерін жан-жақты талдап көрсетуді мақсат еткен М.Балақаев зерттеулерінің де үлесі ерекше. «Тіл – адамның барлық саналы өмірінің құралы: білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді» [33; 3-4-бб.],- деп есептеген ғалым өз ізденістерін тек құрылымдық шеңбермен шектемей, оларды психологиялық, әлеуметтік, этномәдени, онтогенетикалық, пәлсапалық мәселелермен байланыстыра отырып, жүзеге асырды, сөйтіп, тіл туралы пайымдауларын экстратанымдық ұстанымдармен қатар өзектеді. Төртіншіден, тіл ғылымындағы сыртқы факторлардың әсерін жан-жақты қарастырған ғалымдардың бірі І.Кеңесбаев болды. Лингвистикалық ұстанымдармен қатар, әлеуметтік, этнографиялық, мәдени қағидаларды да жоғары бағалаған зерттеуші тілдік құралдардың қалыптасу, даму тарихын қоғам, ел тарихымен сабақтастырды. «Халықтық тіл тарихының да, әдеби тіл тарихының да қоғамның даму жолдарын білуде мәні орасан зор. Тіліміздің өзге тілдермен ортақ заңдылығын, оның өзіне ғана тән ішкі айырым белгілерін білсек, халық тарихын тануға да жол ашамыз» [14; 84-б.] деген тұжырым негізінде ғалым тіл - халық - қоғам сынды үштік ұғымның арасалмағын танымдық принциптермен дәйектеді, өйткені ол тілді әрі «қоғамдық құбылыс», әрі «тарихи дүние» [14; 76-б.] деп таныды. Осыған орай, тілтанымның екінші кезеңі төмендегідей екі теориялық тұжырымның ұштасуымен өзгешеленді:

  • Тілдік құрылым - танымдық фактор;

  • Тіл тарихы - таным сатысы.