Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

2.3 Тілтаным теориясының психологиялық негіздері.

«Тілдің қоғамдық құбылыс ретіндегі және тілдің психологиялық сипаты арасындағы сәйкестік немесе тілде көрініс табатын жүйе мен қабілет арасындағы байланыс олардың динамикалы әрі біріне-бірі ауысып өте беретін өзгешелігіне қатысты болады» [110; 63-б.],- деп А.А.Леонтьев атап көрсеткендей, тілде байқалатын әлеуметтік және психологиялық сәйкестіктер қазіргі қазақ тіл білімінде де тіл мен ойлаудың арақатынасын, олардың бір-біріне әсерін, адамның сөйлеу әрекеті арқылы айғақталатын болмысын, ерекшелігін танымдық негізде лингвистикалық тұрғыдан дәйектеуге мүмкіндік беріп отыр. Тілге таза грамматикалық тұрғыдан ғана емес, терең философиялық, логикалық, танымдық тұрғыдан көңіл аудару нәтижесінде туындаған бұл өзгешеліктер адамзат тілінің функционалды-семантикалық, психофизиологиялық, әлеуметтік даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік беруде. «Психология адамның жанын қарайтын ғылым делініп келеді...» [8; 77-б.],- деп Қ.Жұбанов атап көрсеткендей, тіл адамдардың өзара қарым-қатынас жасау нормаларын жүзеге асырумен қатар, олардың өзге жаратылыс иелерінен табиғи айырмашылығын айқындайтын, ойлау қабілетінің даму деңгейін сипаттайтын өзгеше аксиология болып табылады, сондықтан оның адам «жанын» айғақтайтын қасиеті де универсалды құбылыс деп танылады. Тіл арқылы адамзат атаулыны біріктіруге, олардың жеке этникалық ерекшеліктерін сұрыптауға әрі ішкі сырын айқара ашуға немесе жасырып «бүгіп қалуға» [8; 97-б.] болады, сондықтан қазақ тіл білімінің өкілі А.Байтұрсынұлы адамға тән екі ғаламның сабақтастығын дәлелдеу мақсатында оның психологиялық эмоционалды көңіл-күйін қияли танымның, ойлы сезімнің өзегіне айналдыра сипаттады. «Ішкі ғаламның» субъективті мүмкіндіктерін, өзіндік даму жүйесін анықтауда «тысқы ғаламның» элементтерін ұтымды пайдалана білген ғалым тілдік құралдарды, адамның сөйлеу әрекетін оның ойының жемісі ретінде қарастыра отырып, «жүрек лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі» [20; 226-б.] сынды ұғымдар байланысын жан-жақты зерделеді. «Ойлау екі түрлі: ойлағанда я нәрсеге тиісінше ойлайды, я көңілінің түйісінше ойлайды» [20; 209-б.] дей отырып, тілші адамды қоршаған әлемдегі заттар мен нәрселер табиғатын «сипатты» қабылдаудан өткізе келе, әрқайсысын «бойындағы қасиеттеріне» қарай «жағымды, жағымсыз» әсерлер арқылы таразылады. «Нәрсе түрлі сипатты болады. Ол сипаттардың біреулері бойына біткен сипат болса, екіншілері адамның қосқан, таңған сипаттары болады. Мәселен, нәрсенің бірін жылы, бірін суық, бірін тегіс, бірін бұдырмақ, бірін қатты, бірін жұмсақ дейміз. Бұл сипаттар нәрсенің бойында бар сипаттар. Бұл сипаттаудың біреулері адамға ұнайтын болар да, біреулері ұнамайтын болар...Бұлардың біреулерін жағымды, сүйкімді деп, екіншілерін жағымсыз, сүйкімсіз деп сипаттау нәрсені тиісінше сипаттау емес. Адам өз көңілінің түйісінше сипаттау болады» [20; 209-б.] деген тұжырымға сүйенер болсақ, дүниенің өзі адам санасына «шынайы жағымен» яки табиғи болмысымен әсер еткенде, оның тек «тиіс» белгілері ескеріледі де, ал жеке психологиялық тұрғыдан не болмаса субъективті бағалау, оған өзіндік көзқарасыңды білдіру тұрғысынан алып қарағанда, тысқы ғаламдық заттар «түйістің» елегінен өте қабылданып, «көңілдің түйген, қиялдың меңзеген» қалпын «әліптейді» [20; 210-б.]. Олай болса, адам, ғалым пайымдауынша, сол әсерлер жігін тек «...уытты, лепті, әсерлі, қанды қайнатып, жүрек тулатып, естен айырып, ерікті алып кететін күшті, көрнекті, сәнді, мәнді тіл» арқылы ғана баяндап жеткізе алады яки кез келген құбылысқа өз қарым-қатынасын білдіру мүмкіндігіне ие болады. Демек, тіл мен ойлау байланысынан туындайтын психологиялық реңктер тілтанымдық фактілердің қабылдану өзгешелігін дәйектейтін болғандықтан, адам дүниеге әкелген сөз үлгілері де, олардың функционалды-семантикалық өзгешеліктері де танымдық процестің нәтижесін құрайды. Анығырақ айтқанда, «шешен сөз», «толғау» сынды әдеби шығармалар адам-дүние-тіл ұғымдарының «зор іліккен» байланысын уәждейтін психологиялық таным тұрғысынан сұрыпталды. Шешен сөздің «қызметі адамның жүрегін билеп, жүйесін босату, қанын қыздыру, намысын келтіру, арқасын қоздыру» сынды әрекеттерге негізделетіндіктен, бұл жағдайда «айтушының мақсаты баяндап, сипаттап түсіндірумен қоймай, пікіріне нандыру, сендіру, ұйыту, бұйыту, иман келтіру» [20; 222-223-бб.] қажеттілігіне саяды, сондықтан адам өзінің «ішкергі ғаламына» сүйену арқылы толғай отырып, психологиялық мүмкіндіктерін адамтану, қоғамтану, тілтану, табиғаттану бағыттарына жұмсайды. Оның себебін А.Байтұрсынұлы адамның қоршаған әлеммен психофизиологиялық сабақтастыққа түсуі арқылы айғақтады. Ол «Адам дүниедегі көрген-білген нәрселерін тек байқап, тек пікірлеп, тек саңлаулап қана қоймайды. Ол нәрселермен қатар адамның көңіліне күй де жасалады. Адам көрген-білген нәрсенің я ісінің біріне күйінеді, біріне сүйінеді, бірінен сескенеді, бірінен шошынады. Сезіліп тұрған тысқарғы ғаламмен, сезіп тұрған ішкергі ғаламның екі арасы санаға келіп түйіскен жерде жыртылып айрылғысыз болып бірігеді» деп атап көрсетті. Осыған орай, автор адамның санасына өзгеше анықтама да берді, оның бар болмысы мен қызметін тоғыстыра отырып, тілші «Адамның санасы фотография (сүгірет машинасы) емес, нәрсенің тұрпатын ғана түсіріп қоятын нәрсенің саңлауы келіп адамның санасына түскенде, адамның ойын да, көңілін де бірдей оятады...» [20; 226-б.] деген маңызды тұжырым жасады, соның арқасында қазақ тіл ғылымында адам психикасын танымдық негізде дәйектеген алғашқы көзқарастар дүниеге келіп, когнитивті зерттеулердің құнды ұстанымдары өзектеле бастады.

“Логика сөйлемі”, “психология коммуникациясы”, «психологиялық қиялдау» [8; 79-б., 97-б.] секілді тіркестерді қолдану негізінде Қ.Жұбанов та “ойды сөзбен білдіру” амалдарын жеке-жеке түсіндіріп көрсетуді мақсат етті. Сөйтіп, тек қазақ тіл білімінде ғана емес, бүкіл әлемдік лингвистикада алғашқылар қатарында “сөйлеуші тас емес, тірі адам, сезімі бар, жүрегі бар адам” [8; 216-б.] деген өзекті де мәнді қорытынды негізінде адамзатқа тән психологиялық ерекшеліктерді, олардың тілдік қатынас арқылы байқалу сипатын, өзін және қоршаған ортаны тану кезінде атқарар маңызды қызметін саралап берді. С.Аманжолов та “...тіл мәселесі ойлаусыз ешбір шешілмек емес”[10; 22-б.] дей келе, кез келген тілдің құрылымдық элементін, олардың бір-бірімен қарым-қатынасын адамның ойлау әрекетімен бірлікте қарастыру қажеттігін ескертті. Осыған орай, ол “Сөйлемдегі сөздердің логикалық байланысын” талдау арқылы “...сөйлем, оның мағынасы дүние танудың, даму мен күрестің құралы. ...сөйлем дегеніміз - ойдың жүзеге шығуы”[10; 37-б.] сияқты тілдік зерттеулер үшін аса құнды қорытынды жасады. Сөйлем құрамындағы сөздер бір-бірімен айтушы логикасына сүйене әрі белгілі бір қоғам қажеттілігін өтей тіркеседі, сөйлемдегі сөздердің орны “ой екпінімен” тығыз байланысты, арнайы интонациямен, өзгеше леппен бөлініп айтылатын бұл құрылымдар “ой өткірлігімен, сөз қырлануымен” көзге түседі, айталық “Ой екпіні түскен сөз сезімге, ұғымға әсер етіп, сөйлем мүшесінің тұрлаулы (бастауыш, баяндауыш) мүшелерінен де бұрын көңіл тартады” [10; 153-б.] деген тұжырымдардың әрқайсысы қазақ тіл білімінің психологиялық бағытын негіздеуге, оның қалыптасу тарихын әлде-қайда ерте бастауға, сол арқылы қазақ лингвистикасының әлемдік тіл ғылымына қосар өзіндік үлесін дәйектеуге мүмкіндік берді.

Осындай сабақтасқан байланыстың нәтижесінде лингвистиканың бір саласы психолингвистика дүниеге келді. ХХ ғасырдың 50-60 ж.ж. бастау алған аталмыш сала психология ғылымының маңызды концепцияларына сүйене қалыптасты, яғни, К.Аханов көрсеткендей, «...психикалық құбылыстарды, атап айтқанда, түйсік пен қабылдау, елес пен ой, сезім мен тілек, бейімділік пен қабілет, ерік сапалары мен мінез белгілерін зерттейтін» [2; 16-б.] психология лингвистикамен байланыса келе, олардың «сөйлеу процесімен» ұштасу ерекшелігін айқындауға мүмкіндік берді. Ол туралы ғалым «Сөйлеу арқылы қарым-қатынас жасау, пікір алысу, біреудің сөзін қабылдау, оны ұғыну процесін түсіндіру психологияның жәрдемін керек етеді...Бұлай болатындығы мынадан: тілдік жүйе адам санасында сақталынады, адам бұл жүйенің элементтерін өз ара байланысты элементтер ретінде ұғынады. Заттың біздің санамызда сақталған атауымен байланысы – психикалық байланыс...Заттардың өзіне тән белгілері бойынша аталуы және ол белгілердің таңдалып алынуы – психологиялық факт» [2; 17-б.] деген тұжырым келтірді. Осы кезден бастап, «Тіл білімі тарихи даму барысында психологизм ұстанымдарымен үш рет байланыса отырып, маңызды салалардың қалыптасып дамуын өзектеді. Олар: ХІХ ғ. 80 жылдарында жас грамматистер бағытының дүниеге келуі; ХХ ғ. орта шенінде психолингвистиканың зерттеле бастауы және ХХ ғ.80 жылдарында когнитивтік лингвистиканың дәйектелуі» [134; 20] делінгендей, адам тек белгілі бір қоғамның мүшесі ретінде ғана емес, сонымен қатар алуан түрлі эмоционалды-психикалық белгілердің, мінез-құлықтардың, ішкі заңдылықтардың тұтастығы ретінде зерттеу нысанына айналды. “Сөйлеудің пайда болу, түсіндірілу, жүзеге асу ерекшеліктерін сипаттап зерттейтін ғылым саласы психолингвистика деп аталады”деген И.Н.Горелов, К.Ф.Седов [24; 3-б.] анықтамасына сүйенер болсақ, психолингвистика - адамдардың сөйлеу әрекетін оның мінез-құлқындағы өзгешеліктерімен байланыстыра, тілдік тұлға ұғымын жеке психологиялық аспектіде қарастырыра дамып отыратын бағыттардың маңыздысы. Өзге лингвистикалық салалармен бірге психолингвистиканың да өз қалыптасу тарихы, даму ерекшелігі, қағидалары мен ұстанымдары белгілі болғандықтан, тілдің шығуы, пайда болуы, қызметі немесе құрылымдық ерекшеліктері туралы алғашқы пікірлер кенін біз, ең алдымен, көне заман ойшылдарының еңбектерінен кездестіреміз. “...тіл білімін тек оның материалдық, яғни формалық сипаттарымен шектеп қалуға болмайды”,-деп белгілі лингвист Э.Бенвенист дәлелдегендей, психолингвистиканы тек тіл білімінің ережелерімен ғана емес, сол сияқты психологияның әдіс-тәсілдерімен, дәстүрлі зерттеулерімен байланыстырған дұрыс. Осыған орай, бұл бағыттың негізгі тұжырымды ойлары Л.С.Выготский, А.Р.Лурия, А.Н.Леонтьев, А.А.Леонтьев, Н.И.Жинкин, И.Н.Горелов, К.Ф.Седов, А.А.Залевская, И.А.Зимняя, Л.В.Сахарный, Е.Ф.Тарасов сынды ғалымдардың есімдерімен тығыз байланысты. Кезінде психолингвистиканың ірге тасын сөйлеу әрекеті теориясының концепциялары ғана қаласа, қазіргі уақытта ол тек бір ғана лингвистикалық мектептің (“Москва мектебі”) бағыт-бағдарына айналған. Тіл білімінің бұл саласы адамның табиғатымен, ойлау, қабылдау, есте сақтау, түсіну секілді әрекеттерімен сабақтаса дамып келе жатқандықтан, оның әр қилы проблемаларды зерттейтін өзіндік түрлері жіктеліп, жаңа да тың мәселелерді шешу мүмкіндігі туындап отыр, айталық: жалпы психолингвистика, әлеуметтік психолингвистика, онтолингвистика, патопсихолингвистика және т.б.

«Танымның жоғары сатысы – ойлау. Ол сезімдік танымға негізделеді, бейнелерге сүйенеді. Ойлау – ми қыртысында жүзеге асатын психикалық процесс...Шындық өмірдегі заттар мен құбылыстардың, іс-әрекеттердің, тағы басқалардың жалпы қасеттерін, елеулі, маңызды белгілерін бейнелендіретін, олардың арасындағы нақты байланыстар мен қатынастарды ашатын психикалық процесті ойлау деп атайды» [41; 6-б.],- деген ғалым Б.Сағындықұлының пікіріне сүйенер болсақ, бүгінгі күні психолингвистика мәселелерінің көкжиегі кеңейіп отырғанда, тілдегі ментальді лексиканың өзгешелігін анықтау, ассоциативті тәжірибелер жасау, “тілдік сана” ұғымының табиғатына мән беру, тілдің эпистемиялогиялық қызметін сұрыптау және т.б. тілдік проблемалардың Қазақстанда зерттелуі қазіргі тіл біліміндегі жаңа үрдісті байқатары сөзсіз [135]. Тіл, ойлау, тану ұғымдарын қатар, тығыз байланыста қарастырған тілшілер адамдық факторды алға тарта отырып, сол кездің өзінде тілді психологиялық танымның құралы ретінде қарастыру керектігін дәл көрсете білген. “Тіл өсуі ой өсуіне, ой өсуі тіл өсуіне байланысты” [10; 29-б.] деген С.Аманжолов қағидасы адамның ойлай алу қабілетін сөйлеу дағдысымен ұштастыруға, тілдік элементтердің құрылымдық-семантикалық, функционалды-прагматикалық өзгешеліктерін «таза лингвистикалық» талдаулармен шектемей, психологиялық ұғымдармен жақындата түсіндіруге себепкер болды. Бүгінгі күні де тілдік зерттеулердің аясы экстралингвистикалық фактілермен толығып, адам психологиясы оның сөйлеу әрекетімен байланыса, қарым-қатынас жасау ұстанымдарымен сабақтаса, танымдық әрекетімен тоғыса талданып келеді. Тек когнитивтік лингвистика көлемінде ғана емес, танымдық психология тақырыптары қатарында да тіл, тілдік мүмкіндіктер, тілдік қабілеттер сынды ұғымдар қолданыс тауып, сөйлесімнің жүзеге асуы, сөйлесімнің қабылдануы секілді мәселелер жан-жақты түсіндірілу үстінде. Осыған орай, когнитивтік тіл білімінің өзекті проблемаларын құрайтын тіл мен ойлау байланысы психолингвистиканың да қарастыратын нысаны болып табылады. Екеуінің зерттеу ұстанымдарында байқалатын өзгешеліктер тек мақсат-міндеттері арқылы әрі қолданылатын әдіс-тәсілдері негізінде айырылады. Мәселен, психолингвистика лингвистикалық болжамдардың психологиялық шынайылылығын анықтауға бағытталса, яғни психологиялық әдіснаманы лингвистикада пайдалана білудің маңызын нақтыласа, когнитивтік лингвистика, керісінше, психологиялық болжамдардың тілдік негіздерін айғақтап көрсетуді мақсат етеді.

«Әлем туралы белгілі бір көзқарастардың қалыптасуы - үш деңгейлі психикалық жағдайлардың өзара әсерінен туындайтын ерекшелік. Олар: сезім мүшелері арқылы қабылдау деңгейі; ұғымдар мен түсініктерді қалыптастыру деңгейі және сөйлеу мен ойлау процестерінің бірлігіне негізделетін деңгей. Осы аталған хабарлардың жиынтығы танымдық тұжырымдардың негізін құрайды» [134; 11-б.],- деп көрсетілгендей, адамның психологиялық танымы ғаламдық қабылдаудың өзегін құрайтындықтан, қазақ тіл біліміндегі “жалпы тілтану” мәселелерінің қалыптасып дамуы, соның ішінде тіл мен ойлау, сана секілді ұғымдардың өзара тығыз байланыста қарастырыла бастауы психолингвистиканың қазақ топырағындағы қалыптасу шарттарын айғақтаумен қатар, оның тілтанымдық ізденістер үшін маңызын дәйектеуде де құнды қажеттілік деп танылды, себебі «Ой тіл арқылы айтылған мазмұнның негізін құрайды. Ой арқылы, адам миының сәулелендіруші әрекеті арқылы тілдік единицалар объективті дүниенің заттарымен және құбылыстарымен байланысқа түседі, мұнсыз адамдардың бір-бірімен тіл арқылы қатынас жасауы мүмкін болмаған болар еді» [2; 44-б.] деп ескерткен К.Аханов пікіріне сәйкес, танымдық үдеріс, бір жағынан, адамның ойлау, қабылдау жүйелері арқылы жүзеге асса, екіншіден, ойлау «мидың материалдық физиологиялық процестерімен тығыз байланыста бола отырып, тек тілдің негізінде және тілдің көмегімен іске асады». Осы ретте қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі Қ.Жұбанов зерттеулеріне мән берер болсақ, ғалым тіл мен ойлау арақатысына қатысты пікірлерін алуан түрлі тілдік мәселелердің сабақтастығынан өрбітті. Қ.Жұбанов “адамның жаны, “ой”, ”ұғым”, ”психология”, «тану» сияқты өзара тығыз байланысқан проблемаларды тілдің құрылымдық, жүйелік негіздерімен бірлікте қарастыру керектігін дәлелдей отырып, “тілдің жаратылыстық себепкерлерін” анықтауға тырысқан үнді-европа тілшілерінің кезінде тілді тек “дара адам денесінде ғана болатын физиологиялық, озса ғана, психологиялық құбылыс қылып шығарғанын” сынға алады. Осы орайда, ғалым: “...сөйлеу ... бір оқиғаның жайын хабарлау. Сөйлеу дегеніміз хабарлап қана қою емес; белгілі бір ойды, ниетті білдіру” деп атап көрсетті. “Көңіл одағайлары” бөлімінде автор :”...көздеген мақсатымызға қарай оқиғаның өзімізге тигізген әсерін білдіре де, білдірмей де сөйлейміз; сұрай, өтіне, бұйыра, тыңдаушыға белгілі бір талап қоя сөйлейтін кездеріміз де болады. Қысқасы, біз өзіміздің хабарымызға тиісті өң бере сөйлейміз. Тыңдаушыға айтар хабарымызбен бірге өз көңіліміздің мейірін қоса білдіреміз. Хабар - қуанта, таңдандыра, күлдіре, ызаландыра, өтіне, кекесіндей, сұрай, бұйыра, қандай әсері барын ашпай да айтылады ”,- дей отырып, сол эмоционалды реңктерге толық талдау жасады, олардың айтылу не жасырылу өзгешелігіне тоқталды. Сөйтіп, “өң бере сөйлеу”, “көңіл мейірін білдіру”сияқты ұтымды тіркестерді қолданды. Қазіргі психолингвистикалық зерттеулерде сөздің эмоционалды бояуы ментальді лексиканың бірлігі ретінде қарастырыла келе, адамның психофизиологиялық дамуының басты көрсеткіштері қатарында ерекше аталады. Е.Мягкова “Маңызды мәселелер қатарында сөз эмоциясының психолингвистикалық теориясын анықтау қажеттігі аталады, себебі бүгінгі күні эмоционалды құбылыстар теориясы мен алынған тәжірибелік мәліметтерді теориялық негізде сұрыптау проблемаларын тоғыстыра талдаудың өзектілігіне мән берілуде ”[136; 244-б.],- деп атап өтті, яғни психотанымдық зерттеулердің дені сөз бен оның эмоционалды-экспрессивті бояуынан бастау алады, сол арқылы тілдік бірліктердің адам психикасымен байланысқан табиғаты, тыңдаушы мен сөйлеуші арасындағы «көңіл мейірін» таныту жолдары айғақталады.

“Хабарлағалы тұрған оқиғасының жәйін де, сөйлеушінің көңілін де, талабын да білдіру - тілдің кәрі әдеті” деп айқындады Қ.Жұбанов [8; 130-б.]. Ол әр адамның психологиялық ерекшелігі, көңіл-күйі сол мезеттегі сөйлеу әрекетінен, сөйлемдерге әртүрлі “ән” бере тілдесуінен байқалады деген қорытындыға келді. Ғалым ”Тілде көңіл райын қоса білдіретін амалдар өте көп. Өйткені көңілдің әр түрлі райының өзіне тән әр түрлі әні бар. Айтушының көңіл райын сөйлемнің әніне қарай танимыз. Ән - тілде көңіл райын білдіру үшін қажетті амалдардың маңыздысы” [8; 132-б.],- деп тұжырымдады. Бұл ретте автордың ән деп отырғаны сөйлеу интонациясы, тоны, баяндау ерекшелігі, өзіндік мәнері т.б. Сонда, “сөйлегендегі мақсат - біреудің екінші біреуге өзінің ойын білдіруі” болса, ол ойдың өзі тыңдаушыға әртүрлі амал-тәсілдер арқылы белгілі бір реңктермен немесе психологиялық штрихтермен жеткізілетіні анық. Қ.Жұбанов бұл ретте ой деген сөзге төмендегідей анықтама берді: ”ой деген адамның өзі жайлы, болмаса, төңіректегілер жайлы білгені. Сөз деген - сол білген нәрселердің аты. Сондықтан адам, заттар мен құбылыстар жайында білгенін [ойын] білдіргісі келсе, сол заттар менен құбылыстардың аттарын айтып білдіреді, ойды сөзбен білдіреді”[8; 150-151-бб.]. Келтірілген тұжырым негізінде тілшінің ой, таным ұғымдары хақындағы өзіндік түйгені айқын аңғарылады. Ол ойдың қалыптасуын, ең алдымен, танымның дамуымен байланыстыра отырып, субъективті және объективті факторлардың психологиялық амалдармен сабақтасу өзгешелігіне зер салады, сөйтіп, когнитивтік лингвистиканың алғашқы психотанымдық бағытын саралауға мүмкіндік береді. Осыған орай, ғалым тілдің қатысымдық функциясымен қатар, этнопсихологиялық, ассоциативті танымдық ерекшеліктеріне баса назар аударды, сондықтан адамның тіл арқылы түсінісу яки пікіралысу мүмкіндігін қарастыру үшін “ойды сөзбен білдіру”табиғатын жан-жақты талдап көрсетті, айтушы мен тыңдаушы арақатынасына терең мән беру арқылы тілдік коммуникацияның психологиялық сипатын дәйектеді. Белгілі психолог Л.С.Выготский ой мен сөз арасындағы қозғалысты “жеке ұғымның жалпыға түсінікті мағынаға айналуы” деп түсіндіргендей, ойды айқындауға, жеткізуге, дәлелдеуге бағытталған сөздің негізгі мақсаты дедуктивті-диалектикалық заңдылыққа бағынған жалқы мен жалпы арақатынасынан туындайды, яғни сөз танымның ойдағы көрінісі және сыртқа шыққан формалық келбеті бола тұра, зейін мен зерденің, сана мен жадының, ақыл мен білімнің үйлесімді одағын сипаттар, адамнан адамға жетер құралы да болары хақ.

Авторлық зерттеулердің өзгеше бағытын фонетикалық бірліктерге тән «ән» ұғымы құрады. Ән дегеніміз «дыбыс басындағы зат емес, буын басындағы зат» дей келе, тілші буынның не созылып, не қысқа, не жуан, не жіңішке айтылуын осы «музыкалық оформлениесімен» немесе «әуенімен» [8; 7б.] түсіндірді. Ол әннің табиғатын «...Тіл-тілге ортақ ән де бар, әр тілдің өзіне меншікті басыбайлы әні де болады. Бір нәрсе сұрағанда дауыс 5 тон көтеріледі. Қабат ноқат [қос нүкте] интонациясы мен жай ноқат интонациясы бір емес; сұрау [өтіну], бұйыру, қайғыру, таңдану – бәрі де ән арқылы білінеді...Біз сөз мағынасын түрлендіргенде де ырғақты пайдаланамыз. Сөздің сөз екенін ғана түсініп қоймаймыз, оның әні арқылы басқа мүмкіндіктерін түсінеміз» [8;7-б.],- деп анықтай отырып, фонетикалық ұғымдардың психолингвистикалық мінездемелерін өз зерттеуіне арқау етті. Жеке тұрғанда сөз тек лексикалық мағынаға ие болатын номинативтік сема ретінде қарастырылса, адам әрекетінің түрлі сипаттарына сүйене келе, ол сөйлеу процесінде әрі психологиялық, әрі танымдық және коннотативтік қызмет атқара алатын дәрежеге жетеді, сол себепті Қ.Жұбанов та сезіп білу, байқау арқылы қабылданатын сөйлеу әнінің немесе әуенінің өзгеше сипатын ән арқылы берілетін сөздің «басқа мүмкіндіктері» деп тұжырымдады. Осы ойдың жалғасы ретінде К.Аханов та «дауыс ырғағының көтеріліп барып бәсеңдеуі немесе бәсеңдеп барып қайта көтерілуі» [2; 240-б.] секілді құбылыстардан тұратын сөйлеудің «мелодикалық кестесін», айтылудың мақсатын айқындап беретін «сөйлеу әуенін» қарастырды.

«Революционер-когнитивистер «объективизмнің ұзаққа созылған қысынан» кейін адам туралы ғылымға «ой» деген ұғымды қайта әкелуге тырысты...» [137; 1-б.] деп аталып көрсетілгендей, танымдық зерттеу кезінде ғалымдар ойда дамып барып көрініс табатын жағдайларды ментальды терминдермен сипаттау қажеттігін ескертті. Олар адам санасында туындайтын әр түрлі ой қорытындыларының себеп-салдарын айқындау нәтижесінде когнитология ғылымының міндеттері шешіледі дей келе, оның осы уақытқа дейін үстем болып келген бихевиоризм мен нейропсихологиядан айырмашылығын төмендегідей сұрыптады: «Бихевиоризм адам әрекетін стимулдар мен реакциялар негізінде сипаттаса, нейропсихология оны нейрондық үдерістер деңгейінде түсіндіреді. Ал танымдық процесс өз болжамдарын ментальды жүйе арқылы пайымдай келе, негізгі тұжырымдарын әр түрлі қозғаушы күштер мен клеткалардан тыс айқындайды» [138; 3-4-бб.]. Олай болса, ерекше атап өтуді қажет етер мәселелер қатарында тіл мен ойлау процестерінің сабақтастығын, өзара ажырамас бірлігін адам табиғатымен, оны қоршаған әлем заңдылықтарымен сабақтастыру негіздеріне зер салған орынды. «Тіл арқылы да, жазу арқылы да адам ойын іске асырады...Олай болса, тіл ойдың жүзеге асуы, абстракт түрден конкрет түрге айналуы деуімізге болады. Ойдың тілге, яғни сөзге айналуы, сөзбен айтылуы конкрет затқа айналғанымен бірдей» ,-дей отырып, С.Аманжолов тілді адам ойының айнасы, бөлінбес бөлшегі есебінде қарастыру қеректігіне үлкен мән берді. Лингвистика мен философия ғылымдарының да бір-бірімен байланысу нормаларын осы мәселелерден өрбіте отырып, тілші: «Тіл философия ғылымымен тығыз байланысты болуының өзі де сол – екеуінің де ойлау мәселесіне тірелетіндігінде»,- деді. Тіл философиясы, психолингвистика ұғымдарының мән-мағынасы да тіл мен ойлау ара-қатысынан шығады. Қазіргі тіл біліміндегі ассоциативті тәжірибелер, лабораториялық бақылаулар тілдің ойлау қабілетіне және, керісінше, ойлаудың сөзге, сөйлеу әрекетіне әсерін жан-жақты, арнайы зерттеулермен дәлелдеп көрсетуге бағытталғандықтан, когнитивтік лингвистика көлемінде адамның танымдық әрекетін оның ойлау, қабылдау, түсіну, пайымдау негіздерімен байланыстыру мүмкіндіктері сараланады. Осыған орай, “...ойдың қыры көп”, “ой өте кең нәрсе” дей отырып, тілші адамзат тілінің пайда болуын да, оның танымдық әрекетінің кеңеюін де әрі сол арқылы сөздік қор мен сөздік құрамның толығуын да ой жемісі деп бағалады. Кез келген құбылыс не ұғым сияқты тілдік категориялардың да бірден дүниеге келмейтінін ескерсек, ғалым анықтамасындағы сөз, сөз тіркесі, сөйлем және олардың синтаксистік қызметтері мифологиялық ойлаудан бүгінгі танымдық-логикалық ойлауға дейінгі жолды өту сипатымен айғақталады, сондықтан тілші еңбектерінде адам қабылдауындағы субъективтілік пен объективтілік, олардың арақатынасы және космикалық, тотемдік символдармен байланысы диалектикалық, динамикалық дамудың үлгісі ретінде танылады. Тілді психофизиологиялық құбылыстар қатарында қарастыру арқылы С.Аманжолов таным мәселелерін адамның сөйлеу ерекшелігімен, қоршаған ортаны тану, әлемдік дамуды жеке халықтық құндылықтар тұрғысынан қабылдау, барша көрген-түйген нәрсесін ой таразысынан өткізу секілді әрекеттерімен тоғысқан бірлікте талдап көрсетті. Олай болса, тілші ұстанған ғылыми бағыт жалпы және жеке тіл білімінің элементтерін бір-біріне жалғаған, олардың маңызды ұстанымдарын бір-біріне өзек еткен құнды тұжырымдар тізбегін құрайды.

“Сөйлеу әуелгі адамның адам болған күнінен бар. Ойлау да солай. Бұл екеуі бірімен-бірі егіз нәрсе сияқты. Кімде-кім сөйлей білсе, ойлай да білгені...Адам баласы сөйлеу мен ойлауды мыңдаған жыл өмір сүру, табиғат күшіне қарсы тұрмысын жеңілдету үшін, күресу жолында тапқан” [22; 11-б.],- дей отырып, С.Аманжолов адам тілінің пайда болуын оның ойлай алу мүмкіндігімен байланыстырды. Бұл екі қабілетті де адам жаратылысының, өзге тіршілік иелерінен ерекшелендірудің басты көзі ретінде қарастыра келе, ғалым олардың ажырамас бірлігін өз зерттеулеріне арқау етті, себебі: “Сөйлегенде, айтатын сөзіміз, терең, неше алуан ойымыз, өткір қиялымыз, тереңнен тартып топшылап, алыстан орап, оспақтап я жоспармен сөйлейтін тәртіпті сөйлемдеріміздің тізбегі, толып жатқан ойлардың желісі...” деген тұжырым жасау арқылы зерттеуші тілтанымдық бірліктерді адам ойының жемісі деп түсіндірді, олардың маңызы мен қызметін, тіпті жүйелі құрылу ерекшелігін „толып жатқан ойлар желісімен” дәйектеді, қиял да, астарлап орағытып сөйлеу де, жоспарлы баяндау да – барлығы ойдың жүзеге асу сипаты, адамға берер мүмкіндігі ретінде қарастырылды. Осыған орай, тілші әрқайсысының тарихи даму жолын талдау барысында француз ғалымы Л.Леви-Брюльдің “логикаға шейінгі ойлауына”, мифологиялық ойлаудың мәнісіне, символға және өзге де ұғымдар табиғатына зер салды. Мәселен, алғашқы кездері миф, магия секілді құбылыстардың ойлау жүйесіне тікелей әсер еткенін және сол арқылы адам баласының санасында мифологиялық қабылдау мен ойлаудың дамығанын автор арнайы бөліп қарастырды, өйткені, біріншіден, ол ойлау жүйесінің диахронды дамуын құраса; екіншіден, ғалым халық қолданысында қалыптасқан көптеген тілдік бірліктерді немесе оралымдарды “логикалық ұғым” бойынша емес, сол мифтік таным негізінде түсіндіруге болады деп есептеді: “Мифологиялық ойлаудың мәнісі - конкрет көз алдындағының аржақ-бержағына терең ой жібермей, әр нәрсенің жаны бар, әр нәрсе тірі зат, әр нәрсе бірдеме істей алады...деген пікірге келуден шыққан. Бұл ойлаудың әсерімен құрылған сөйлемді қазіргі сөзімізден де көп табуға болады”. Айтылған пікіріне дәлел ретінде С.Аманжолов қарным ашты, ішім бұрды, мал көзіме түсті, құлақ қойдым немесе құлақ салдым, ашу қысты, сөз өтпейді, жаным ашыды деген тіркестерге талдау жасайды: қай-қайсысы болмасын қазіргі “логикалық ойлаудың өлшеуіне қайшы келетіндіктен”, тілші оларды мифпен, магиямен байланыстырады. Мәселен: “Алғашқы адамдар қарын “жеу” арқылы тоғаятынын абстрактап байқап білуді керек қылмай, тура қарнының ашығанын бірден көрсетеді. Қазіргі тура логикалық ұғым бойынша, қарын ашықты дегенде, болмаса қарын ауырды деген сөз тамақты керек қылмай, дәрі-дәрмекті керек қылады ғой. Алғашқы ойлау тура бірдемені керек ететін заттың өзін көрсететін сөзді керек қылатынын осыдан-ақ көруге болады. Қарным ашты негізінде қарным ашықты деген сөзден қысқарған деуге де болады” [22; 12-б.]. Осы үлгіде тілші өзге де тілдік элементтерді сұрыптау негізінде сөз тарихын ой тарихымен, оның алғашқы даму ерекшелігімен, адамзат бастауындағы қоғамдық қалыптасумен сабақтастырады. С.Аманжолов мал көзге түсу тіркесінің бүгінгі қабылдауға жат болғанымен, оның мағынасын халық танымынан іздеу керек деп ұғынады, сөйтіп “алғашқы адамзаттың ой-өрісі”, “көз құдыққа, көлге теңерілген”, “қазіргі ойдың өлшеуі” сияқты ой-тұжырымдарын айқындар қорытындылар жасайды. Нәтижесінде ғалым: “...мифологиялық көзқарасқа байланысты ойдан айтылған сөздер. Бұлардың сөздік тұлғасы осы күнгі оймен ешбір тура шықпайтыны сондықтан. Мұның бәрі ескі, ерте дәуірдікі” деген тоқтамға келеді. Шын мәнінде, зерттеуші тіл мен ойдың, ой мен танымның бірлігін күнделікті қолданыста жүрген тілдік фактілер арқылы, олардың функционалды-семантикалық өзгешелігі негізінде айқындаған және тілді тек лингвистика нысаны ғана емес, барша ғылымдар тірегі деп бағалаған. Сондықтан жоғарыда келтірілген үзіндіде жеке сөздер мен сөз тіркестері, бір жағынан, тарихи этнографиялық болжамның көзін құраса, екінші жағынан, ұлттық психологиялық танымның, философиялық ойлаудың көрсеткішіне айналып отыр. “Ашуланып айтқан сөз, жайшылықта айтқандай болмайды; қуанып айтқан сөз, ренжігендей болмайды. Көңілдің күйімен парлап айтқан сөз кестеленіп, дестеленіп кетеді де, оның ішкі құрылысы сол кестелі сөзбен сәйкестеніп отырады. Мұндағы керекті мағынаны көңілдің күйі, ойдың тегеуріні тәртіптеп, реттеп беріп отырады” [22; 16-б.]. Кез келген адамның істі істер алдында да, пікірін білдірерде де ойланып алатыны ақиқат. Бірақ адам ойы қаншалықты терең болса, оны тіл арқылы бейнелеу де соншалықты қиын деп есептеді ғалым, себебі: “...ойдың шарасы кеңірек, әр ойлаған ойды бір сөзбен, не бірнеше сөзбен, я бірнеше сөйлеммен оңай айта қоюға болмайды” [22; 20-б.].

Тіл білімінде маңызды да жан-жақты зерттеуді қажет ететін бағыттардың бірін тіл мен ойлау мәселесінен туындайтын теориялық және тәжірибелік-практикалық ізденістер құрайды, өйткені М.Балақаев атап көрсеткендей, «Тіл – адам ойының айнасы...Әдетте ойы айқын кісінің сөзі де анық, дәл болады. Ойы таяз, пікірі күңгірт кісінің сөзі де берекесіз болады» [33; 34-б.]. Демек, тіл адамның ақыл-ойына, сана-сезіміне, қабылдау-пайымына тікелей әсер ететін құралдардың бірі болып табылады, сол себепті оның өзге фактілермен қатар психотанымдық ерекшелігі де аса құнды. Тілді «адамның ұзақ сонарлы ой жұмысының нәтижесі» [33; 29-б.] тұрғысынан зерделеген М.Балақаев та тілдік бірліктердің психологиялық мүмкіндіктерін алдыңғы шепке шығарды, сөйтіп, сөзді «ой өрнегінің мағыналы бөлшектері» [38; 120-121-бб.] деп сипаттай отырып, екеуінің арасындағы байланысты төмендегідей анықтады: «...қарапайым ой қаңқасы да, айқын ойдың көріктеу бояуы да сөз дәлдігімен өлшенеді...Сөз дәлдігі – ой дәлдігі», яғни «...ойлау дегеніміз – ойлай алу қабілетіне ие болу, талқылау, тұжырымдай және қорытындылай білу, баға бере алу» [139; 47-б.],- деп есептеген В.Кодухов пікірі де соны дәйектейді, сондықтан ғалым ұсынған ойлаудың үш түрлі өзгешелігі сол психологиялық танудың негізгі белгілерін анықтауға және тіл мен ойлау арақатынасын салыстыруға мүмкіндік береді. Олар: 1) бейнелі ойлау немесе қабылдаудың өзгеше түріне негізделген елестету мен ұғынудың, бағалаудың бірлігі; 2) техникалық ойлау, яғни бейне мен ұғымның олардың техникалық қабілетімен байланысуы; 3) логикалық ойлау яки тұжырым жасау мен ұғымдарды қолдана білудің қатаң ережесін сақтау [139; 47-б.]. Нәтижесінде адамның танымы мен қабылдауын дәйектейтін және оның тілдік қабілетіне тікелей байланысты болатын ойлаудың кез келген формасы қалыптасады деп есептеледі. Олай болса, лингвистикалық тұжырымдардың маңызды бөлігі тілдің психологиялық және психотанымдық бірліктерін айғақтауға бағытталғандықтан, қазақ тілінде жарық көрген ғылыми еңбектердің басым көпшілігінде аталмыш мәселе тілдің табиғаты мен қызметін анықтау, адамзат тіршілігінде алар өзіндік орнын сипаттау мақсатында таза философиялық не танымдық тұрғыдан, логикалық пайымдаудың үлгісі ретінде және өзге лингвистикалық проблемаларды шешуде қосымша дерек көзі есебінде негізге ала талданып келеді. Осыған орай, «Танымның жоғары сатысы болып табылатын психикалық процесс – ойлау сезімдік танымға негізеледі, санадағы бейнелерге сүйенеді. Дүниедегі құбылыстарды, жекеленген фактілерді қабылдай отырып, адам оларды ойша өңдейді, олардың әрқайсысының мәнісі мен қасиетін, өзара байланысын танып біледі. Осылайша дүниедегі заттар мен құбылыстар адам санасында сәулеленеді, зерделенеді, олар туралы ұғым пайда болады» [46; 535-б., 23-б.] деген пікірге сүйене отырып, тіл мен ойлау ұғымдарының байланысын айқындайтын психолингвистикалық және когнитивті ұстанымдардың болашақ зерттеулерге арқау бола алатындығын анықтау қиынға соқпас деп ойлаймыз. Бүгінгі күннің өзінде психотанымдық мәселелердің кейбір аспектілері, атап айтқанда, этнонимдер табиғатын зерделеу, түр-түс атауларының психологиялық реңктерін анықтау қазақстандық лингвистика көлемінде өз шешімін табу үстінде. Әйтсе де, «Сыртқы» лингвистика тілдің таңбалық, әлеуметтік және психологиялық табиғатын анықтауға, оның адамзат өмірінің алуан түрлі салаларын қамтитын өзгешелігін, тілдік қатынастың маңызын көріп тануға бағытталады. Ол тіл пәлсапасына және пәлсапаның өзіне оңай ауыса алады, өйткені ол - адамның адамзаттың бастауының негізінде жатқан құбылыс Ал тіл теориясы тіл білімінің шегінен аса отырып, жалпыгуманитарлық мәнге ие болады» [97; 3-б.],-деп көрсетілді, яғни «сыртқы» лингвистика тіл пәлсапасы мен адамзат әрекеттерін сипаттар өзге де философиялық қағидалармен үздіксіз байланыста болғандықтан, ғалымдардың «Дыбыстық тіл де, абстракті ойлау да адамға тән құбылыстар» [2; 44-б.] деген пікірі психолингвистиканың зерттеу шеңберін жүйелейтін маңызды проблемалар қатарында:

  • тіл де, ойлау да адам миының туындысы;

  • тіл де, ойлау да әлеуметтік құбылыс;

  • сөйлем мен байымдаудың байланысы;

  • байымдау – шындық дүниенің адам санасында бейнелену формасы;

  • тіл – ойлаудың қаруы, ойды білдіру құралы;

  • тілдің материалдық, дыбыстық әрі мағыналық жақтарының ойлауға қатысы туралы;

  • логикалық және грамматикалық категориялардың байланысы;

  • сөз мағынасы мен ұғымының арақатынасы және т.б.

сынды мәселелердің жинақталуына себепкер болды. Аталған мәселелердің ішінде К.Аханов, әсіресе, соңғы үшеуінің әлі де жан-жақты зерттеуді қажет ететіндігін ескерте отырып, психологиялық зерттеулердің ерекшелігін нақтылау мақсатында И.П.Павлов, И.М.Сеченов, В.фон Гумбольдт, Л.Блумфильд, З.Харис, Н.Я.Марр секілді зерттеушілердің пікірлеріне шолу жасады, нәтижесінде: «...тіл мен ойлаудың арасына тепе-теңдік белгісін қойып теңестіру де, ол екеуінің бірлігін жоққа шығарып, бірінен бірін бөліп тастау да ешбір ғылыми негізі жоқ қате көзқарастар болып табылады» [2; 57-б.] деген қорытындыға келді. Осыған орай, зерттеуші тіл мен ойды байланыстыратын әрі екеуінің де жүзеге асуын дәйектейтін алғышарттар қатарында «шындық болмыс» пен «адам танымын» қарастырды. «Ой тіл арқылы айтылған мазмұнның негізін құрайды. Ой арқылы, адам миының сәулелендіруші әрекеті арқылы тілдік единицалар объективті дүниенің заттарымен және құбылыстарымен байланысқа түседі...» деп тұжырымдаған тілші «адам ойлауының хайуанаттың «ойлауынан» айырар басты белгілері ретінде адамның «шындықтың объектілерінің байланысы мен қарым-қатынастарын танып білер және олардың қасиеттерін айқындап белгілер» қабілеттерін даралады. Демек, адам миының туындысы бола тұра, тіл де, ой да «шындық дүниенің адам санасында бейнеленуімен» тығыз байланысты, яғни «Ойда айқындалатын міндеттерді шешу тілді қолданумен тікелей байланысты, себебі тіл өзге қатынас жүйелеріне қарағанда, әлде-қайда күшті таңбалық сипатпен ерекшеленеді. Ол хабарды жіберу не қабылдау қызметтерін жүзеге асырып қана қоймайды, сонымен қатар сырттан келетін хабарларды өңдеуге, сөйтіп, арнайы тілдік фреймдерді жасауға көмектеседі...» [134; 11-б.] делінгендей, тіл мен ойлаудың антропологиялық және когнитивтік негіздері адам жаратылысының қимыл-әрекетінен, өзін қоршаған әлеммен қарым-қатынас жасау сипатынан айқын аңғарылады.

“…ой дегеніміз әмсе жайдақ болмайды, күрделі, түс сияқты шытырманды, арман сияқты бейнелі [образды] болып келеді” [21; 147-б.],- деп адам ойының болмысына дәл анықтама берген Р.Сыздық көркем шығарманы талдау барысында оның қабылдану ерекшелігіне зер салады, себебі “авторлық даралықтың, жазушының өзіндік қолтаңбасының” ажырамас белгісі ретінде Р.Сыздық қаламгердің “кейіпкерді сөйлету, ойлату” [21; 131-б.] әрекеттеріне ерекше назар аударды, оларды адам табиғатын танудың басты құралы деп бағалады. Ойды танымға, танымды халықтық дәстүрге жалғастырған зерттеуші “ой-монолог”, “ой-текст”, “ой-сана тартысы” сияқты ұғымдарды шебер пайдаланды. Сөз табиғаты мен оның мүмкіндіктерін көрсету мақсатында “Сөз құдіретінде” теңеулер мен алуан түрлі көріктеу, айшықтау құралдары да психологиялық таным тұрғысынан дәйектеліп талданған, ал оның астарында терең этнографиялық таным мен жазушының өз дүниетанымы, “содан өзі алатын ой түйіні” [21; 23-б.,31-б.] өзгеше пәлсапамен өрілген. “Мәдени өзгешеліктер, яғни бір халықты екінші халықтан ажыратуға мүмкіндік беретін белгілер, адамның ішкі әлемін қалыптастыруға, оның ұлттық менталитетін сұрыптауға әсер етеді»,- деп И.Горелов пен К.Седов атап өткендей, адам - өз заманының, халқының перзенті, оның бар дүниетанымы осы аталған ұғымдармен тығыз байланыста қалыптасады, сол арқылы жеке танымдық ерекшелігі, қоршаған әлемді қабылдау нормалары сұрыпталады, сол себепті тілші психологиялық зерттеулердің негізгі арналары қатарында этнографизмдердің авторлық “сөз таңдауға” әсерін қарастырды. “Сөз таңдаудың” үлкен саласына өмір шындығын, атап айтқанда, қазақ халқының ұлттық болмысын шынайы көрсетуде этнографизмдер деп аталатын ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрге қатысты сөздер мен тіркестерді дұрыс танып, дәл тауып қолдану жатады”[21; 23-б.], - дейді Р.Сыздық. Шынайы болмыс пен халықтық дәстүр сабақтастығынан нәр ала қалыптасатын жеке тұлғалардың ішкі сезімі, дүниедегі құбылыстарды тану әрекеті күрделі байланыстың психологиялық негізін құрайды. Адамның «психологиялық күйі» мен «ішкі, сыртқы портретін» Абайдың шебер өрілген сөз оралымдары арқылы дәйектеген автор тілдік бірліктердің барша функционалды-прагматикалық мүмкіндіктерін лингвистикалық талдауларына арқау етеді. Осы қатарда зерттеуші тілдің «психологиялық күйді білдіру» қызметін «нақты сурет беретін сөздермен» [55; 71-б.] байланыстыра анықтайды. Мысалы: «...сүйіскен жастардың ішкі көңіл күйлерін суреттеу үшін суыну, ысыну, бос шошу, жүрегі түпілдеп, саусағы суыну...» сияқты сөздерді өлең тіліне қосады» дей келе, ғалым Абай шығармаларында ерекше орын алатын «жалпы толғаныс» пен «нақты картина» заңдылықтарының үйлесе ұштасуын дәлелдейді.

Адам образының психотанымдық келбетін сипаттар ақындық шеберліктің тағы бір үлгісі ретінде Р.Сыздық қыз бен жігіт сөздеріне зер салды. Халықтық дәстүр, тәлім-тәрбие, тағылым, ұлттық болмыс негіздерін жастардың мінез-құлқынан, бір-бірімен қарым-қатынас жасау өзгешеліктерінен өрбіткен Абай сөздерін ғалым тілтанымдық талдаудың өзегіне айналдырды. «Абай өлеңдерінің ішінде жанры жағынан аса бір қызық шығармалары «Жігіт сөзі» мен «Қыз сөзі». Екі өлең де жастардың бір-біріне жазысқан хаттары деп ұсынылған: жігіт сәл еркіндеу, қызға сен деп қарата сөйлейді, тілі де ауыл мырзасының өзімсінген стилін [мәнерін] танытады, ал қыз болса, тәрбиелі, ибалы, сөзін сіз деп бастайды, бірақ ол да еркін өскен құрбысына наз арта алатын сауатты қыз...» [55; 75-б.] деген үзіндіде терең этнопсихологиялық, ұлттық-мәдени танымның элементтері көрініс тапқан. Қазақ даласына тән еркіндікпен қатар, қыз-жігіттердің бойында қалыптасатын этика, эстетика нормаларын елдік құндылықтармен, қазақи болмыс-бітіммен ерекше ұйқастырған Абай шығармаларын тілші қайталанбас этнотанымдық психологияның нысаны ретінде пайымдап талдайды. «Модальдық реңк», коннотациялық сипат мәселелерін де ғалым тілдік бірліктер табиғаты немесе олардың өзара байланысу амалдары негізінде түсіндірді, сөйтіп, «шылау, одағай, көмекші есім, көмекші етістік, етістіктің рай тұлғалары, сын есімнің шырай тұлғалары, дауыс әуені [интонация] сияқты лексика-грамматикалық құралдарды» [55; 77-б.] адам болмысын айқындар амал-тәсілдерге жатқызды. Р.Сыздық зерттеулеріндегі тілтанымның психологиялық ерекшеліктері, ең алдымен, адам ойының субъективті өзгешелігін сипаттайтын объективті болмыс заңдылықтарын уәждеп талдауға бағытталған. Ғалым тіл мен ой ұғымдарының үйлескен бірлігін адамзат атаулының болмыс табиғатынан, өсіп-өнген ортасынан, әлеуметтік шығу тегінен іздеді.

«Танымның жоғары сатысы болып табылатын психикалық процесс – ойлау сезімдік танымға негізделеді, санадағы бейнелерге сүйенеді. Дүниедегі құбылыстарды, жекеленген фактілерді қабылдай отырып, адам оларды ойша өңдейді, олардың әрқайсысының мәнісі мен қасиетін, өзара байланысын танып біледі. Осылайша дүниедегі заттар мен құбылыстар адам санасында сәулеленеді, зерделенеді, олар туралы ұғым пайда болады» [46; 23-б.] деп сипатталғандай, таныммен тығыз байланыс құрайтын адамның ойлау әрекеті қоршаған орта заңдылықтарын өзгеше қабылдауға, қорытып бағалауға мүмкіндік береді, сол себепті оның бүкіл болмысы адамзат жаратылысының маңызды бөлшегі, ажырамас бірлігі деп танылады. Тілтанымдық зерттеулердің психологиялық тұрғыдан дәйектелуі жалпы психологиялық әдістердің өзектелуімен тығыз байланыста қарастырылады десек те болады, себебі адамның сезіну, эмоциясын білдіру амалдары, негізінен алғанда, биологиялық тұрғыдан универсалды сипатқа ие, сондықтан «Кез келген сезінуді, тәртіпті немесе тұлғаны тану екі түрлі әдіспен жүзеге асады...Психолог сезімдерге әрі өзгеше, қайталанбайтын және идиосинкретикалық құбылыс деп әрі белгілі бір әлеуметтік топтың типтік категориясы ретінде назар аударып отырады» [30; 285-б.],-деп Абрахам Г.Маслоу ескерткендей, адамды тіршілік атаулының ең құнды да күрделі көрсеткішіне жатқызған ғалымдар оны психотанымдық зерттеудің нысаны ретінде, бір жағынан, жекеленген тұлға деп айғақтаса; екінші жағынан, рубрификация ұғымымен айқындалатын типтік мінездемелер жиынтығы есебінде қарастырады. Бұл әрекеттің астарына ғалымдар «объектіні белгілі бір категорияға жатқызуға мүмкіндік беретін сипаттамалар жігін» топтағандықтан, ол адамға тән тәртіптер мен жай қимылдардың автоматты түрде қайталануын дәлелдеуге септігін тигізді. Дәлірек айтқанда, ғалым Ә.Хасенов ескерткендей, психология ғылымы «адамның сөйлеу процесін, қабылдау, түсіну заңдылықтарын, сөз мағыналарын ауыстырып қолдану сияқты жайлардың мәнін, сөйлеу мақсатына қарай сөйлем түрлерінің мәнін т.б. түсінуді жеңілдететіндіктен» [42; 23-б.], оның жалғасын құраған тілтанымдық қағидаттар да психикалық процестердің танымдық уәждерін тілдік құралдар арқылы уәждеуге бағытталады.

Қорыта келгенде, қазақ тіл біліміндегі тілтанымның универсалды психологиялық негіздерін ой, сана, қиял, арман, ішкі ғалам мен сыртқы ғалам, ой өлшемі, сезім, көңіл мейірі, адам миы, ми сәулесі, ой-монолог, ой-текст, ой-сана тартысы және т.б. ұғымдар тізбегі құрайды. Олар «...дүниені, дүниеде болып жатқан құбылыстарды тек өз күйінде қабылдамай, оған өз көзқарасын білдіруге, ...дүниедегі құбылыстарға баға беруге;...оның жинақтық бейнесін жасап, өмірде пайдалана алуға» көмектеседі, яғни «әр ұрпақ өз дәуірінде болып жатқан қоғамдық, табиғи құбылыстарды, өзгерістерді өздерінше бағалап, кейінгі ұрпаққа беріп отырады» [100; 107-б.]. Олай болса, тілтаным теориясының психологиялық негізі дегеніміз – тіл мен ойлау ұғымдарының сабақтастығын танымдық негізде дәйектеуге мүмкіндік беретін ережелер мен анықтамалар тізбегі.