Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

1.2.1 Сөз өнері – таным өзегі: тіл және сөйлеу

А.Байтұрсынұлының маңызды тұжырымдарын жинақтаған жұмыстарының бірі – 1926 ж. жарық көрген «Әдебиет танытқыш». Сөз өнері мен оның ұстанымдары хақында жазылған аталмыш зерттеу, ең алдымен, тіл мен әдебиет байланысына негізделген түсінік-талдаулардан тұрса; екіншіден, зерделеу мен терең пайымнан бастау алған авторлық пікір-көзқарастар дүние–болмыс мәселелерімен сабақтасып, филологиялық ізденістердің өзгеше үлгісін құрады. Сөз басын «Аңдату» деп бастап, «...анық көріп, сезіп, біліп тұрған айналамыздағы нәрселердің бәріне» [20; 137-б.] зер салған ғалым тіл мен танымның тығыз байланысқан арақатынасын өз тұжырымдарының өзегіне айналдырды. Бұл ретте тілші «адам санасының» үш негізін барлық тілтанымдық фактілерге арқау етті, сөйтіп, тілдің міндетін де осы үш арнадан өрбітті. Олар - ақыл, қиял, көңіл. «Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып райлау, қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау, көңіл ісі – түю, талғау» [20; 141-б.] дей отырып, ғалым бүгінгі танымдық лингвистиканың мақсат-міндетін, негізгі ұғымдарын өзектеді. Адам болмысының сан қилы мүмкіндіктерін оның сөз өнерімен, шығармашылық қабілетімен ұштастырған автор «сөздің өзін танытатын белгі – тіл яки лұғат белгісі болады. Ол белгі әркімнің өз ыңғайымен, өз оңтайымен сөз тізіп әдеттенуінен, салттануынан болады» [20; 142-б.] деген қорытынды жасады. Соның негізінде адамзат болмысына тән қасиеттерді осы ғылымның ұстанымдарын жүйелеуге бағыттады. «Сөз өнері деп асылында нені айтамыз?» деген сұрақтың жауабын да тілші біздің пікірімізден, қиялымыздан, көңілімізден, соны білдірер сөйлеу әрекетімізден іздеді, сондықтан «Ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін тәртіптеп қисынын, қырын, кестесін келістіріп сөз арқылы тысқа шығару – сөз шығару болады» [20; 148-б.],- деді.

Ғалым «ақын тілі» мен «әншейін тіл» [20; 150-б.] өзгешеліктеріне назар аудара отырып, сөздің «ұнамды, өңді» болуының талғамдық шарттарын ұсынды. Олардың басым көпшілігін тек тілдің құрылымдық белгілерімен ғана емес, оның жалпы антропологиялық, физиопсихологиялық және танымдық ұстанымдарымен сабақтастырған А.Байтұрсынұлы тіл ғылымында алғашқылар қатарында экстралингвистикалық талдаулардың тізбегін жасады. «Сөз дұрыстығы», «Тіл тазалығы», «Тіл дәлдігі» нормаларымен қатар сөз болған «Тіл анықтығына», «Тіл көрнектілігіне» мән берсек, «талғау қоятын шарттардың» [20; 150-152-бб.] негізі адамның танымдық әрекетінен бастау алатыны байқалады. Айталық, «Айтылған лебіз ашық мағыналы, түсінуге жеңіл, көңілді күдіктендірмейтін болса, тіл анықтығы дегеніміз сол болады. Лебіз ашық мағыналы болу үшін айтушы айтатын нәрсесін анық танитын болу керек» деген тұжырым тіл мен таным арасындағы нақтылау қызметін сұрыптауға негізделген, яғни адам нақты көріп-білген, сезген нәрсесін ғана тілмен нақты жеткізе алады.

Когнитивтік тіл білімінің қазіргі кең көлемде зерттеліп жүрген мәселелерін метафора немесе метафоралану, яки сөз мағынасын ауыстырып қолдану құрайтындықтан, тілші талдауының ауқымды бөлігін қамтитын «Тіл көрнектілігі» де адамның өзіндік қабілеттерімен түсіндірілген пайымдар қатарын ұтымды жалғастырған. «Сөздің дұрыс, таза, анық, дәл айтылуының үстінде талғау сөздің көрнекі болуын да керек қылады» деумен қатар, автор қиял ісі меңзеу арқылы жасалатын деректі-дерексіз, жанды-жансыз заттар арасындағы сәйкестіктер негізінде «...дерексіз нәрсе, деректі нәрседей, жансыз нәрсе жанды нәрседей суреттеліп, адамның сана-саңлауына келіп түсерлік дәрежеге жетуі керек» [20; 154-б.] деген маңызды қорытындыға келген. Тілші «сана-саңлауы» ұғымын пайдалана отырып, танымдық бірліктің тілдік зерттеуде атқарар қызметін, өзіндік орнын айқындауға тырысты. Сөз мағынасының ауысып қолдануын, сол арқылы ой көркемдігінің жүзеге асуын дәйектеген А.Байтұрсынұлы «қиял байлығына қарайтын» [20; 210-б.] көркем сөзде орын алатын көріктеу, меңзеу, әсерлеу формаларын танымдық қабылдаудың, зейін мен зерденің дереккөзіне айналдыра сипаттады.

Авторлық пайымның келесі тізбегі «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесін» түсіндіруге бағытталған. «Сөз көңілге сипат жағының көркемдігімен, сөз мағына жағының күштілігімен жағады» [20; 208-б.] деген түйінді дәлелдеуге құрылған бұл бөлім жалаң сөз бен көркем сөз арақатынасын, олардың бір-бірімен байланысар және өзгешеленер сипаттарын анықтауға негізделіп, «сөз айтудың» екі түрлі ерекшелігінен мәлімет береді:

  • Сөзді жалаң түрінде айтқанда, күш көбінесе зейін жағына салынып, пайым терең, мағына күшті, пікір дәлелді болып айтылған сөз адамның ақылына қонуы көбірек көзделеді.

  • Сөзді көркем түрінде айтқанда, күш көбінесе қиял мен қиыс (түйіс) жағына салынып, сүгіреті толық, меңзеуі мерген, қисыны қызық болып, сөз әсерінің күшімен көңілге ұнауы көбірек көзделеді.

Бірінші жағдайда басты назар зейінге аударылса, екінші кезекте адамның қиялы мен қиысы негізге алынады, сол себепті тілші «Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі» деп қорытындылайды. Ескеретер мәселе, талдау барысында зерттеуші кез келген нәрсені не затты сипаттауда екі түрлі тәсілдің қолданылатынына мән берді: бірі – «тиіс жағынан алып сөйлеу»; екіншісі – «түйіс жағынан алып» сөз ету [20; 209-б.], яғни алғашқыда адам, мысалы «кісі жайын сөйлегенде,...түсін, тұрпатын, мінезін, құлқын, туысын, тұрмысын, ісін» айтса; келесіде «сүйетін, сүймейтінін, сыйлайтын, сыйламайтынын» білдіреді. Бұл тұжырымдардан шығатын қорытынды адам жан-жағын танып-білумен қатар, оны таразылап, өз талғамынан, қабылдауынан өткізіп бағалайды, тек содан кейін ғана сөз арқылы, тіл арқылы оны өзге жұртқа жеткізеді. Әлемнің тілдік бейнесін де ғалым осыған сәйкестендіре түсіндіреді: «Жалаң сөз дүниені тұрған қалпында алып айтады. Көркем сөз дүниені көңілдің түйген, қиялдың меңзеген әлпіне түсіріп айтады...Жалаң сөз дүниеде шын болған, шын бар нәрселерді әңгіме қылады. Көркем сөз болуға ықтимал деген нәрселерді де алып сөз қылады...жоқ нәрсені барға ұйғарып сөз қылады» [20; 210-б.]. Бірі ақылға, бірі қиялға бағынған аталмыш сөз үлгілері дүниені қабылдауда адамның екі қабілетіне сүйенетіндіктен, қара сөздің танымдық белгілері де дарынды сөздің өзіндік ерекшеліктерімен салыстыра зерделенеді. Сөйтіп, «ес» және «зейін» ұғымдарының табиғаты адамның қиялдау, «толғану» әрекетіне қарсы қоя анықталады. «Қара сөзден адам тек ұғым алады дедік. Ұғымның өзі керекті орнына қарай екі түрлі болады. 1. Ес ұғымы, яғни еске керек ұғым. 2. Іс ұғымы, яғни іске керек ұғым» [20; 211-б.]. Ұғым арқылы сипатталатын қара сөздер бірде «дүниедегі нәрселердің бәрін, задын, сырын, сипатын, мүдетін, мұратын тануды» көздесе, бірде «табиғат ісін, күшін, нәрселерін қалай пайдаланатын жолын білуге» бағытталады, сондықтан аталмыш бөлім ұғымды қабылдауға, түсінуге көмектесетін «зерденің» негізгі қызметтерін сұрыптай отырып, оның басты функциялық белгілерін танымның алуан түрлі қырларын айқындауға, оның әлемдік бейнесін саралауға арқау етеді. Мәселен, «адамның зейіні»:

  • бүтін ғаламды тануға жұмсалып, дүниедегі бар нәрсенің барлығын, яки бар деп ұйғарылған нәрсенің бар-жоқтығын танып, белгілі бір қарарға келгенде адамға бір үлкен ұғым пайда болады. Сол ұлы ұғым жүйесі даналық деп аталады. Даналық мақсаты бүтін ғаламды танып, бүтін ғалам атанған дүниенің жұмбағын шешпек;

  • құдайды тану жағына жұмсалып, құдай турасындағы мәселені шешпек болғанда, дін пайда болып, ұғым жүйесі жасалса, ол ғақаид деп аталады;

  • табиғат құбылысын тану жағына жұмсалып, табиғаттың түрлі заңдарын тауып, қасиеттерін біліп, әбден көз жеткенде пайда болатын ұғым жүйесі – ғылым деп аталады;

  • әлеумет мәселесіне жұмсалып, әлеумет ісіне жол сілтегенде, көсемдік ұғым жүйесі пайда болады;

  • табылған білімді басқаларға үйрету жолына жұмсалғанда, үгіт-тәрбие ұғым жүйесі пайда болады;

  • басқаның ісін таразыға тартып, ұнамды, ұнамсызын тексергенде, сын ұғымының жүйесі пайда болады.

Танымдық процестің әр түрлі белестері мен объектілерін анықтауға мүмкіндік беретін зерде арқылы білім мен ғылымның, тәлім-тәрбиенің, қабылдау мен бағалаудың нормалары, жүйелі болмысы қалыптасатындықтан, тілтанымның өзекті мәселелері қатарында тілші адам ойының жемісін құрайтын сөз өнерінің табиғи заңдылығына тоқталады, оны осы ұғымдардан, олардың сабақтаса байланысуынан өрбітеді. Тіл, ғалам және таным негіздері арқылы тілдік ізденістердің жаңа бағыт-бағдарын өзектеген А.Байтұрсынұлы «адамның шығармашылық деңгейде ескіні қайта қарау, сол арқылы ментальды кеңістікті кеңейту әрекеттеріне сүйенген когнитивтік қабілетін» [6; 46-б.] басшылыққа ала отырып, қазақ лингвистикасында когнитивтік зерттеулердің бастапқы үлгі-көріністерін жүйелеуге мүмкіндік берді, оларды «тіл мен сөйлеу» арақатынасы арқылы дәлелдеп көрсетті, сол себепті кезінде Т.Қордабаев «...Өз кезінде түркі республикаларында А.Байтұрсыновпен бой теңестрерлік филолог саусақпен санарлықтай ғана болатын» [9; 6-б.] деген екен.

Осы қатарда Қ.Жұбановтың зерттеулеріне зер салған орынды. Ғалым жұмысының екінші тарауын “Әдебиет, мәдениет және өнер мәселелері” деп атай келе, “идеологияның бірі болған тіл материалдарын” [8; 274-б.] жоғары эстетикалық танымның, заман келбетін сипаттар құралдың өзегі етті. Бұл тарау 1928-1936 ж.ж. аралығын қамтыған басылымдардан, мақалалардан тұрады. Алғашқысы - 1934 ж. жарық көрген “Абай – қазақ әдебиетінің классигі”атты жұмыс. “Абай шығыс үлгісін көрмей, білмей аман кеткен ақын емес, белшесінен кешіп барып, одан шығып тастап кеткен ақын”[8; 261-б.] деген тұжырымын ғалым нақты лингвистикалық, әдеби талдаулармен дәлелдеді, ақын тіліне, сөзіне әсер етер қоғамдық, жеке психологиялық, халықтық, этнотанымдық себептерге үңілді. “Абайдың еншісіне тиген әдебиет қазынасы екі түлік болатын. Бірі – емшек сүтімен қатар құлағына кіріп, сүйегіне сіңген ананың “әлди-әлди, ақ бөпемі”, атаның “сал-сал білек, сал білегі”, қойшының әні, қыздың сыңсуы, қаралы қатынның жоқтауынан бастап көркемдік сезімін шарбыдай шырмаған халық әдебиеті. Екіншісі – қажылы ауыл, молдалы ауыл болған Құнанбай ауылына ала-бөле таныс ескі Орта Азия үлгісі – шағатай әдебиеті…Абай ақын болғанының үстіне ескі мәдениет мұрасын дұрыс пайдалана білген ақын. Абай ескі күншығыстың экзотик өнерінің бірі – шағатай әдебиетімен де жақсы таныс…” [8; 255-270-бб.] деген талдаудың негізінде ақын қалыптасуына әсер еткен, оның жадында сақталған халықтық қордың танымдық маңызы мен білім арқылы жиналған тәжірибелік ілімнің өзгешелігі салыстырыла берілді. Біреуі „емшек сүтімен” сіңген ұғымдар қатарын құраса, екіншісі „пайдалана білген” мәдени мұраның бірліктері болып табылды. Әрқайсысы ақынның сөз саптауына, мазмұн өрнегіне әсер етумен бірге, оның жеке тұлғалық болмысын, психологиялық әлемін сомдауға ат салысты. Қ.Жұбанов қазақ лингвистикасына тілдік құралдарды танымдық тұрғыдан саралаудың жаңа үлгісін ұсынумен қатар, маңызды ұстанымдардың дүниеге келуін дәйектеді. Ол кез келген шығармаға тек құрылымдық сипаттама беріп қана қоймай, сонымен қатар тілдік құралдар арқылы берілетін идеялық ерекшеліктерге, адамзат табиғатын айқындар фактілерге, оның сыртқы ортамен, табиғатпен байланысар мүмкіндіктеріне мән берді, оларды уақыт таразысымен өлшей келе, халықтық дүниетанымның қалыптасу тарихы туралы сөз қозғады. Зерттеуші әр тілдік материалды елдің салтын, әдет-ғұрпын пайымдап түсіндірудің, танымдық қорды жинақтаудың көзі деп қабылдады. “Абай образды қолдан жасап, жат кейіп қылып шығармайды. Қазақтың өзіне қашаннан таныс, оны келтіргенде бермекші суретінің бояуын қандырып, ашып кететін суреттерден алады”[8; 267-б.],- дей келе, ғалым образ жасаудың, шығармашылық ойлаудың астарында жататын таныс суреттердің атқарар қызметін, адам өмірінде алар өзіндік орнын айқындады. “Көркем шығармада көріктеу құралдарының қай-қайсысының да авторлық түрлері басым болып келеді. Бұл – жазушының дүниетанымына, содан кейін алатын ой түйініне тікелей байланысты құбылыс”[21; 31-б.],- деп тілші Р.Сыздықова атап көрсеткендей, кез келген қаламгердің туындысы замана көрінісіне әрі жеке өзінің психологиялық танымына негізделетін дүние болып табылады, сондықтан Қ.Жұбановтың тілді тек лингвистиканың объектісі есебінде ғана емес, қоғамдық қатынастар, халықтық дәстүрлер құралы ретінде бағалауы – аса маңызды фактор. Өкінішке орай, “Ойдағы сыншылдық, жалпы бағыттағы жаңашылдықты істе көрсете алу, онда да әдеби формада, ырғақ пен ұйқасымда, бейне мен сөздікте көрсете алу – бұл ол сыншылдықтың тамыры терең бойлап, кеткенінен келеді…”[8; 272-б.] деген сөздердің жалғасын құраған маңызды ойлар ғылыми көпшіліктің назарына жетпей қалған…

С.Аманжоловтың да тілтанымдық зерттеулері лингвистикалық талдаулардың өзгеше амалын құрайды, себебі автор тілдік құралдар табиғатын анықтауда құрылымдық факторды адамның ішкі ойлау, қабылдау, тану мүмкіндіктерімен, сыртқы қоғамдық-мәдени негіздермен шебер сабақтастыра білді. Ол «Тіл – амал, құрал, оның арқасында адам бірімен-бірі қарым-қатынасқа енеді, пікір алысады және бірін-бірі түсініседі. Тіл ойлаумен тікелей байланысты болғандықтан, сөзді және сөйлемдегі сөздердің бірлігінде ойлау ісінің жетістіктерін тіркеп отырады. Адамның дүние танудағы жетістіктері сөзде, сөйлем құрылысында тіркеледі, сөйтіп зерттеуші «адам қоғамында пікір алысуға мүмкіндік жасайды» [10; 90-б.],- дей отырып, сөз, сөйлем, сөйлем мүшелері сынды бірліктердің әрқайсысын экстратанымдық аспектіде талдап көрсете келе, тіл мен сөйлеу нормаларының танымдық негізде тоғысуына назар аударды. Біріншіден, тілші сөйлем табиғатын, оның құрамына енген сөздерді қоғамдық қажеттілікті өтеу нормалары тұрғысынан айқындай келе, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін, әрі “айтушы логикасына” байланыстырды, әрі “сөздің тұрған ортасына, айналасына”тәуелді қарастырды [22; 57-б.]. Тіл мен ойлаудың байланысына айрықша мән берген С.Аманжолов сөздер мен сөйлемдер құрылысын “адамның дүние тану жетістіктерінен”өрбітті, сол арқылы тілдің функционалды-семантикалық ерекшелігін, қоғамдық сипатын, адамзат табиғатымен сабақтасқан болмысын айқындап берді. “Сөйлеу процесіндегі сөздің ерекшелігі – ол обьективтік шындыққа, өмірге байланысты ұғымдарды сананың қабылдауы нәтижесінде ойды бейнелейді. Сонымен қатар іс-әрекет жүріп жатқан ортаның әсерін, адамның көңіл-күйін де қоса білдіреді” [23; 63-б.],-деп тілдік қатынас табиғатын зерттеп жүрген Ф.Ш.Оразбаева атап көрсеткендей, адамдар арасында жүзеге асатын “тілдесім” мен оның қатысымдық тұлғалары [23; 119-б., 58-б.] жоғарыда келтірілген белгілердің барлығын бойына жинау арқылы ғана өз мақсатына жетеді. Бұл мәселеге ХХ ғасырдың орта шенінде-ақ назар аударған С.Аманжолов лингвистика нысанын адамды қоршаған әлеммен байланыстыра, тілдің жер жүзіндегі қызметін басшылыққа ала отырып талдаған дұрыс деген тоқтамға келді әрі тарихи тіл ғылымының мәселелеріне де тану тұрғысынан зейін қойды. “Табиғаттағы танылған құбылыстың бәрінің аты бар. Қоғам ілгері басқан сайын, адамның дүние тануы да кеңейеді, өнері, техникасы артады. Онымен байланысты жаңа заттар пайда болады. Жаңа заттарға лайық жаңа атаулар пайда болады” [10; 325-б.] “Кейбір зат есімдердің тарихы туралы” деп аталатын бөлімнің бастамасын құрайтын бұл үзінді автордың тіл табиғатын зерделеудегі танымдық фактордың маңызын дәлелдеп көрсетуге мүмкіндік берері анық. Кез келген сөздің, кез келген ұғымның пайда болуын адамзаттың табиғатты, қоғамды танып білуінен басталатынын атай отырып, С.Аманжолов Лениннің “Тіл – дүние тану құралы. Тіл ғылымы – дүние тану теориясының мықты бір саласы”деген тұжырымымен толық келісетінін ескертті, осы мақсатта “ескі білімпаздардың” концептуалды көзқарастарын да сынға алды: “Тілдің басқа білімдермен байланысын бүркеді, дүние тану, адамның ой-өрісін зерттеу жөнінде тіл маңдайалды орын алатынын білмеді, дыбысты сөзді ойдан бөлді, түрді мазмұннан, мазмұнды түрден айырды” [10; 156-б.]. Нәтижесінде «...сөз – асыл қазына. Тіл – сана-сезімнің, ойдың тәжірибеде көрінетін заттық сәулесі» [10; 68-б.] деген аса құнды қорытынды жасады. Алғашқылар қатарында тілдік бірліктерді танымдық ұғымдармен байланыстыра айқындаудың қажеттілігіне назар аудара отырып, ол сөзді тек лексикалық не грамматикалық нысана ретінде ғана емес, адам ойы мен тәжірибесінің «асыл қазынасы» деп таныды, оның ішкі-сыртқы мүмкіндіктерін тең дәрежеде зерделеуге бетбұрыс жасады.

Екіншіден, “Адам баласының ой-өрісі қаншама кеңейсе, соншама ойын беру жолы көбейіп, әр түрлі құрал іздейді, көркем әдебиет, өнер осындай жолдарының көптігімен өз алды өнер, өз алды білім саналады” [22; 12-13-бб.] деп тұжырымдаған ғалым сөйлеу де, “ойға сай айтылған “сөйлем” дегеніміздің өзі де „ойдың сәулесі, бейнесі, суреті ғана”екеніне мән берді. “Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсына” енген бұл анықтамалар тілдік бірліктерді тек құрылымдық элементтер ретінде ғана емес, жалпы адамзат дамуының психофизиологиялық, әлеуметтік белгілері қатарында анықтау қажеттігімен нақтыланды. Автор грамматикалық бөлшектерді де, олардың өзара байланысын да ой мен таным жемісі деп қарастырды. Ғалым «...сөйлемді толық тану үшін, оның қандай ойлау сатысында екенін білу керек” [22; 14-б.] дей келе, құрылымдық типология ұстанымдарын танымдық типология негіздерімен байланыстыра сипаттады. Тілдің құрылымдық саласын адамзат болмысының ойлай алу қабілетімен байланыстырған автор алғашқылар қатарында лингвистикалық типология ұстанымдарын синтаксис мәселелерін шешуде шебер пайдалана білді. Ол «...сөйлем дегеніміз – ойдың жүзеге шығуы, екінші сөзбен айтқанда, оның идеядағы затқа айналуы. Ойдың суреті болған сөйлем де не түрлі болып келетіні бізге тәжірибеден айқын көрінеді» [10; 301-б.] деген ойының дәлелін сөйлем түрлерін талдап айқындау арқылы дәйектеді, соның негізінде сөйлемнің тарихи дамуын «ойлау сатысының» қалыптасуымен қатар қарастыру керектігін өзектеді. Автор “...сөйлемнің айтылуы көп қолданылатын жері - көпшілік ортасы, ең кемі екі кісінің басы қосылған жер” [22; 16-б.],- дей отырып, тілдік қатынастың негізін оның психологиялық ерекшеліктерімен сабақтастыра талдады. “Мұндай екі кісінің басы қосылған жерде, көпшілік қатысқан жерде, сөйлем бірыңғай, біркелкі болмайды. Мұндай ойлар түрлі адамның сезген-сезгенінше, түйген-түйгенінше беріледі. Ашуы (лебі), күлкісі, сұрауы, жауабы, қуанышы - тағы сондай психологиялық жағдайлар да сөйлемге әсерін тигізеді, олар сөйлемнен көрінеді”,- деп түсіндірген зерттеуші сөйлемді әрі адамның эмоционалды-экспрессивтік көңілін алуан түрлі тілдік жағдайларға сәйкестендіре бейнелей алатын лингвистикалық бірліктердің бірі ретінде, әрі өзіне тән функционалды-семантикалық, прагматикалық ерекшеліктері бар құрылым есебінде айғақтады.