Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

Р ылмысты іс жргізу кодексі

.docx
Скачиваний:
59
Добавлен:
24.03.2015
Размер:
590.35 Кб
Скачать

29-тарау. Тінту және алу

      230-бап. Тiнту

     1. Тiнту iс үшiн маңызы бар заттарды немесе құжаттарды табу және алу мақсатында жүргiзiледi.      2. Тiнту жүргiзуге аталған заттардың немесе құжаттардың белгiлi бiр үй-жайда немесе өзге орында, не нақты адамда болуы мүмкiн деп болжауға жеткiлiктi деректердiң болуы негiз болып табылады.      3. Тiнту iздестiрiлiп жатқан адамдарды немесе мәйiттердi табу үшiн де жүргiзiлуi мүмкiн.

      231-бап. Алу

      1. Алу iс үшiн маңызы бар белгiлi бiр заттар мен құжаттардың қайда және кiмде екенi анық болғанда, оларды алып қою мақсатымен жүргiзiледi.       2. Алуды жүргізбей қылмыстық істі қозғау туралы шешім қабылдау мүмкін болмаған жағдайларда алу осы Кодекстің 232-бабының талаптарын сақтай отырып, қылмыстық іс қозғалғанға дейін жүргізілуі мүмкін.       Ескерту. 231-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.12.03 N 213-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      232-бап. Тiнту мен алуды жүргiзу тәртiбi

      1. Тiнту мен алуды тергеушi дәлелдi қаулы бойынша жүргiзедi. Тiнту жүргiзу туралы, сондай-ақ мемлекеттiк немесе заңмен қорғалатын өзге құпияны қамтитын құжаттарды алу туралы қаулыға прокурор немесе оның орынбасары санкция беруге тиiс.       2. Тұрғын үйде онда тұрып жатқан адамдардың еркiнен тыс алу осы Кодекстiң 222-бабының он екiншi және он үшiншi бөлiктерiнiң ережелерi бойынша жүргiзiледi.       3. Айрықша жағдайларда, iздестiрiлiп жатқан және алып қоюға жататын объект оны табуды ұзаққа созудан жоғалуы, бүлiнуi немесе қылмыстық мақсатта пайдаланылуы мүмкiн болғанда не iздестiрiлiп жатқан адам жасырынуы мүмкiн болғанда тiнту прокурордың санкциясынсыз, бiрақ жүргiзiлген тiнту туралы кейiн жиырма төрт сағат iшiнде оған хабарлау арқылы жүзеге асырылуы мүмкiн. Аталған хабарламаны алғаннан кейiн прокурор жүргiзiлген тiнтудiң заңдылығын тексередi және оның заңды немесе заңсыз екенi туралы қаулы шығарады. Жүргiзiлген тiнтудiң заңсыз екенi туралы шешiм қабылданған жағдайда бұл әрекет iс бойынша дәлел ретiнде жiберiлмейдi.       4. Тiнту куәгерлердiң қатысуымен, ал қажет болған жағдайларда маманның және аудармашының қатысуымен жүргiзiледi.       Алу оның барысы мен нәтижелерін тіркеп тұратын техникалық құралдар міндетті түрде қолданыла отырып жүргізіледі, қажет болған кезде маман және аудармашы тартылуы мүмкін.       5. Тұрғын үйлердегi, ұйымдардың үй-жайларындағы тiнту немесе алу осы Кодекстiң 222-бабының он төртiншi және он бесiншi бөлiктерiнде аталған адамдардың қатысуымен жүргiзiледi.       6. Дипломатиялық өкiлдiктер орналасқан үй-жайларда, сондай-ақ дипломатиялық өкiлдiктердiң мүшелерi мен олардың отбасылары тұрып жатқан үй-жайларда тiнту мен алу осы Кодекстiң 222-бабының он алтыншы бөлiгiнде белгiленген талаптарды сақтай отырып жүргiзiледi.       7. Тiнту немесе алу жүргiзу басталар алдында тергеушi оларды жүргiзу туралы қаулыны көрсетуге мiндеттi.       8. Тiнтуге кiрiскенде тергеушi iс үшiн маңызды болуы мүмкiн, алынуға жататын заттар мен құжаттарды ерiктi түрде берудi ұсынады. Егер олар ерiктi түрде берiлсе және алынуға жататын заттар мен құжаттардың жасырылғанына күмәндануға негiздер болмаса, тергеушi одан әрi iздеу жүргiзбеуге құқылы.       9. Егер жабық үй-жайлар мен қоймалардың иесi оларды ерiктi түрде ашудан бас тартса, тiнту жүргiзген кезде олар ашылуы мүмкiн. Бұл ретте есiк құлыптарын және басқа заттарды қажетсiз бүлдiруге жол берiлмеуге тиiс.       10. Алу кезiнде тергеушi алынуға жататын заттар мен құжаттарды берудi ұсынады, ал бұдан бас тартылған жағдайда алу мәжбүрлi түрде жүргiзiледi.       11. Тергеушi сол үй-жайда тұрып жатқан адамның немесе басқа адамдардың жеке өмiрiнiң тiнту мен алу кезiнде анықталған мән-жайларының жария етiлмеуiне шаралар қолдануға мiндеттi.       12. Тергеушi тiнту немесе алу жүргiзiлiп жатқан үй-жайда немесе орында тұрған адамдарға және осы үй-жайға немесе орынға келген адамдарға тiнту немесе алу аяқталғанға дейiн ол жерден кетуге, сондай-ақ бiр-бiрiмен немесе өзге адамдармен сөйлесуге тыйым салуға құқылы.       13. Тiнту мен алу жүргiзiлген кезде тергеушi iске қатысы болуы мүмкiн заттар мен құжаттарды алумен шектелуге тиiс. Айналымға салуға тыйым салынған заттар мен құжаттар олардың iске қатыстылығына қарамастан алынуға тиiс.       14. Тінту кезінде алып қойылатын заттар мен құжаттар куәгерлерге және қатысып отырған басқа да адамдарға көрсетiледi, тінту орнында буып-түйiледi және мөрмен бекiтiледi және куәгерлер мен бұған қатысып отырған адамдардың қол қоюымен куәландырылады.       14-1. Алу кезінде алып қойылатын заттар мен құжаттар қатысып отырған адамдарға көрсетiледi, алу орнында буып-түйiледi және мөрмен бекiтiледi және бұған қатысып отырған басқа адамдардың қол қоюымен куәландырылады.       15. Тiнту жүргiзген кезде қажет болған жағдайда фотосуретке, киноға түсiру және бейнежазба жүргiзiледi.       Ескерту. 232-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.18 N 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      233-бап. Жеке адамды тiнту

      1. Осы Кодекстiң 230-бабында көзделген негiздер болған кезде және 232-бабының талаптарын сақтай отырып, тергеушi тiнтiлетiн адамның денесiнен, оның киiмiнен және бойындағы заттардан заттар мен құжаттарды табу және алу мақсатында жеке адамды тiнтуге құқылы.       2. Жеке адамды тiнтудi тiнту жүргiзiлетiн адаммен жынысы бiр адам және сол жыныстағы куәгерлер мен мамандардың қатысуымен жүргiзедi.       3. Жеке тiнту арнайы қаулы шығармай және прокурордың санкциясынсыз, мынадай жағдайларда, егер:       1) үй-жайдағы немесе тiнту жүргiзiлiп жатқан өзге орындағы адам iс үшiн маңызы болуы мүмкiн құжаттарды немесе заттарды өз бойында жасырып отыр деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болса;       2) ол адам ұсталса немесе күзетпен қамауға алынса жүргiзiледi. Бұл жағдайда жеке адамды тiнту куәгерлер жоқ болса да жүргiзiледi.

      234-бап. Тiнту немесе алу хаттамасы

      1. Тiнту немесе алу жүргiзетiн адам осы Кодекстiң 203-бабында көзделген талаптарды сақтай отырып хаттама жасайды.       2. Хаттамада заттар немесе құжаттар қай жерде және қандай жағдайда табылғаны, олардың ерiктi түрде берiлгенi немесе мәжбүрлеп алынғаны көрсетiлуге тиiс. Барлық алынған заттар хаттамада саны, мөлшерi, салмағы, өзiндiк белгiлерi және мүмкiндiгiнше бағасы дәл көрсетiле отырып жазылуға тиiс.       3. Егер тiнту немесе алу жүргiзген кезде алынуға жататын заттарды немесе құжаттарды жою немесе жасыру әрекеттерi жасалған болса, бұл хаттамада қолданған шаралар көрсетiле отырып жазылуға тиiс.       4. Тiнту немесе алу хаттамасының көшiрмесi олар жүргiзiлген адамға не оның кәмелетке толған отбасы мүшесiне, ал олар болмаған жағдайда тұрғын үй пайдалану ұйымның немесе жергiлiктi атқарушы органның өкiлiне олардан қолхат алынып тапсырылады. Егер тiнту немесе алу ұйымда жүргiзiлсе, онда хаттаманың көшiрмесi оның өкiлдерiне қолхат алынып тапсырылады.

30-тарау. Почта-телеграф жөнелтiлiмдерiн тұтқындау. Хабарламаларды жол-жөнекей ұстау. Сөйлесулердi тыңдау мен жазу

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      235-бап. Почта-телеграф жөнелтiлiмдерiн тұтқындау,                 оларды тексеру мен алу

      1. Хаттар, жеделхаттар, радиограммалар, бандерольдер, посылкалар мен басқа да почта-телеграф жөнелтiлiмдерi iс үшiн маңызы бар мәлiметтердi, құжаттар мен заттарды қамтуы мүмкiн деп пайымдауға жеткiлiктi негiз болған кезде олар тұтқындалуы мүмкiн.       2. Тергеушi почта-телеграф жөнелтiлiмдерiн тұтқындау туралы прокурор санкция беретiн қаулы шығарады. Қаулыда почта-телеграф жөнелтiлiмдерiн ұстап қалу мiндетi жүктелетiн байланыс мекемесiнiң атауы, почта-телеграф жөнелтiлiмдерi ұстауға жататын адамдардың тегi, аты, әкесiнiң аты, олардың мекен-жайы, тұтқындалып отырған почта-телеграф жөнелтiлiмiнiң түрi, ол тұтқындалатын мерзiм көрсетiледi.       3. Почта-телеграф хат-хабарын тұтқындау туралы қаулы тиiстi байланыс мекемесiнiң басшысына жiберiледi, ол почта-телеграф жөнелтiлiмдерiн ұстап қалып, бұл туралы дереу тергеушiге хабарлауға мiндеттi.       4. Ұсталған почта-телеграф жөнелтiлiмдерiн қарап-тексерудi, алуды және көшiрмесiн түсiрудi тергеушi байланыс мекемесiнде оның барысы мен нәтижелерін тіркеп тұратын техникалық құралдар қолданыла отырып жүргiзедi. Қажет болған жағдайларда почта-телеграф жөнелтiлiмдерiн тексеру мен алуға қатысуға тергеушi тиiстi маманды, сондай-ақ аудармашыны шақыртуға құқылы. Почта-телеграф жөнелтiлiмдерiн тексерудiң әрбiр жағдайында хаттама жасалады, онда кiм және қандай почта-телеграф жөнелтiлiмдерiн тексергенi, көшiрмесiн алғаны және алушыға жiбергенi немесе тергеушi белгiлеген мерзiмге ұстағаны көрсетiледi.       5. Почта-телеграф жөнелтiлiмдерiн тұтқындаудың күшiн бұл шараға қажеттiлiк жойылған кезде тергеушi немесе прокурор, бiрақ кез келген жағдайда тергеу аяқталғаннан кейiн кешiктiрмей жояды.       Ескерту. 235-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.18 N 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      236-бап. Хабарды жол-жөнекей ұстау

      1. Техникалық, оның iшiнде компьютерлiк байланыс арналары арқылы берiлетiн хабарларды жолдан ұстау және компьютерлiк жүйелерден тергелiп отырған iске қатысты ақпаратты алу тергеушiнiң прокурор санкция берген қаулысының негiзiнде жүргiзiледi.       2. Тергеушiнiң прокурор санкция берген қаулысы жедел iздестiру қызметiн жүзеге асырып отырған органға орындауға жiберiледi.       3. Жол-жөнекей ұстап алу нәтижесiнде алынған хабарлар мен компьютерлiк ақпаратты маман тиiстi ақпарат ұстаушыда бекiтедi және тергеушiге бередi.

      237-бап. Сөйлесулердi және сөздерді тыңдау мен жазу

      Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.12.07 N 221-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабында (бірінші бөлік); 122-бабында; 128-бабында (бірінші бөлік); 131-бабында (бiрiншi бөлiк); 132-1-бабында (бiрiншi бөлiк); 143-бабында (үшінші бөлік); 157-бабында (бірінші және екінші бөліктер); 164-бабында (бірінші бөлік); 170-бабында (бірінші бөлік); 175-бабында (бірінші және екінші бөліктер); 177-бабында (бірінші және екінші бөліктер); 178-бабында (бірінші бөлік); 181-бабында (бірінші бөлік); 185-бабында (бірінші және екінші бөліктер); 192-бабында (бірінші бөлік); 193-бабында (бірінші және екінші бөліктер); 209-бабында (бірінші және екінші бөліктер); 233-1-бабында (бірінші бөлік); 233-3-бабында (бірінші бөлік); 242-бабында; 251-бабында (бірінші бөлік); 252-бабында (бірінші бөлік); 270-бабында (бірінші бөлік); 271-бабында (бірінші бөлік); 307-бабында (екінші бөлік); 308-бабында (бірінші және екінші бөліктер); 311-бабында (бірінші бөлік); 312-бабында (бірінші және екінші бөліктер); 339-бабында (үшінші бөлік); 346-бабында (екінші бөлік); 347-1-бабында (бірінші бөлік); 358-бабында (бірінші бөлік); 361-бабында (екінші бөлік) көрсетілген ауырлығы орташа қылмыстар туралы, сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар туралы қылмыстық істер  бойынша, егер күдікті, айыпталушы үшінші бір адамның телефонын немесе өзге де сөйлесу құрылғысын пайдаланады деген мәліметтер болса немесе егер үшінші бір адам басқа адамдарға беру үшін күдіктіге, айыпталушыға арналған не күдіктіден, айыпталушыдан ақпарат алады деген мәліметтер болса, тыңдау нәтижесінде іс үшін маңызы бар мәліметтер алынады деп болжауға жеткілікті негіздер болған кезде күдіктінің, айыпталушының не үшінші бір адамның телефон және басқа да  сөйлесу құрылғылары арқылы жүргізілетін сөйлесулерін жасырын тыңдау және жазып алу тергеушінің (анықтаушының) прокурор санкция берген қаулысының негізінде жүргізіледі.       Жоғарыда көрсетілген қылмыстар тізбесі бойынша бейне-, аудиотехниканы немесе өзге де арнаулы техникалық құралдарды пайдалана отырып, сөздерді жасырын тыңдау және жазып алу прокурордың санкциясымен ғана күдіктіге, айыпталушыға қатысты жүргізілуі мүмкін.       2. Күш қолдану, қорқытып алу және басқа қылмыстық әрекеттердi жәбiрленушiге, куәға немесе олардың отбасы мүшелерiне қолдану қаупi болған кезде тергеушiнiң прокурор санкция берген қаулысы бойынша олардың келiсiмiмен, бейне және дыбыс жазу техникаларын немесе басқа да арнаулы техникалық құралдарды пайдалану арқылы әңгiмелесулерiнiң жасырын тыңдалуы және жазылуы, сондай-ақ олардың телефондары немесе басқа сөйлесу құрылғылары арқылы сөйлескен сөздерiнiң тыңдалуы және жазылуы мүмкiн.       3. Тергеушi сөйлескен сөздердi, әңгімелесулерді тыңдау мен оларды жазуды қажет деп таныған соң дәлелдi қаулы шығарады, онда: қылмыстық iс және осы тергеу iс-әрекетi жүргiзiлуге тиiс негiздер, сөйлескен сөздерi тыңдалатын және жазылатын адамдардың аты-жөнi және ол қандай уақыт аралығында жүргiзiлетiнi; сөйлескен сөздерді, әңгiмелесулердi тыңдау мен жазуды техникалық тұрғыдан жүзеге асыру тапсырылған орган көрсетiледi. Аталған қаулы прокурорға ұсынылады және ол санкция берген жағдайда тергеушi оны орындау үшiн тиiстi органға жiбередi.       4. Кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларда сөйлескен сөздерді, әңгiмелесулердi тыңдау мен жазу тергеушiнiң қаулысы бойынша прокурордың санкциясынсыз, оған кейiннен жиырма төрт сағат iшiнде сөйлескен сөздердің тыңдалғаны, жазылғаны туралы хабар жiбере отырып, жүргiзiледi. Аталған хабарды алғаннан кейiн прокурор осы тергеулiк iс-әрекеттiң заңға сәйкестiгiн тексередi және оның заңды немесе заңсыз екенi туралы қаулы шығарады. Сөйлескен сөзді, әңгiмелесудi тыңдаудың, жазудың заңсыз екенi туралы шешiм қабылданған жағдайда аталған iс-әрекет iс бойынша дәлел ретiнде жiберiле алмайды.       5. Сөйлескен сөздерді, әңгiмелесулердi тыңдау мен жазу алты айдан аспайтын мерзiмге белгiленуi мүмкiн. Олар бұл шараларға қажеттiлiк жойылған кезде, бiрақ кез келген жағдайда тергеу аяқталған соң кешiктiрмей тергеушiнiң қаулысы арқылы тоқтатылады.       6. Тергеушi ол қаулыда белгiленген бүкiл мерзiмнiң iшiнде кез келген уақытта техникалық тыңдауды жүзеге асырып отырған органнан тексеру және тыңдау үшiн фонограмманы талап етуге құқылы. Фонограмма тергеушiге мөрмен бекiтiлген түрiнде, тыңдаудың негiзi, сөйлескен сөздi, әңгімелесуді жазудың басталған және аяқталған уақыты, пайдаланылған құралдардың қажеттi техникалық сипаттамалары мен жазудың сапасы көрсетiлген iлеспе хатпен бiрге тапсырылады.       7. Фонограмманы тексеру мен тыңдауды тергеушi қажет болған жағдайда маманды тарта отырып жүргiзедi, бұл туралы хаттама жасалады, онда сөйлесу фонограммасының iске қатысы бар бөлiгi сөзбе-сөз жазылып, сөйлесiп отырғандардың сөздерiнiң естiлу сапасына сипаттама берiлуге тиiс. Фонограмма хаттамаға қоса берiледi, бұл ретте оның iске қатысы жоқ бөлiгi үкiм заңды күшiне енген соң немесе қылмыстық iс тоқтатылғаннан кейiн жойылады.       Ескерту. 237-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2001.07.11 N 238, 2009.07.17 N 187-IV, 2009.12.07 N 221-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен; 03.07.2013 № 121-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен; 04.07.2013 № 127-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

31-тарау. Айғақтарды оқиға болған жерде тексеру мен нақтылау. Тергеу эксперименті

      238-бап. Айғақтарды оқиға болған жерде тексеру мен                 нақтылау

      1. Жәбiрленушiнiң, куәнiң, сезiктiнiң, айыпталушының тергелетiн оқиғамен байланысты жерде берген айғақтарын тексеру мен нақтылау:       - айғақтардың растығын оларды болған оқиғаның жағдайымен салыстыру арқылы анықтау;       - тексерiлетiн iс-әрекет болған бағытты және орынды анықтау;       - жаңа нақтылы деректердi анықтау мақсатында жүргiзiледi.       2. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау бұрын жауап алынған адам зерттелiп отырған оқиғаның жай-жапсары мен мән-жайларын оқиға болған жерде жаңғыртуы; iс үшiн маңызы бар заттарды, құжаттарды, iздердi тауып, көрсетуi; белгiлi бiр iс-қимылды бейнелеп көрсетуi; зерттелiп отырған оқиғада қандай заттардың қандай рөл атқарғанын көрсетуi; оқиға болған орынның өзгеруiне назар аудартуы; өзiнiң бұрынғы айғақтарын нақтылауы және айқындауы болып табылады. Бұл әрекеттерге сырттан қандай да бiр араласуға және жетекшi сұрақтар қоюға жол берiлмейдi.       3. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау оның барысы мен нәтижелерін тіркеп тұратын техникалық құралдар қолданыла отырып, қажет болған жағдайларда маманның қатысуымен жүргiзiледi.       4. Оқиға болған жерде бiрнеше адамның айғақтарын бiр уақытта тексеру мен нақтылауға жол берiлмейдi.       5. Айғақтарды тексеру мен нақтылау жауап алынып отырған адамға оның айғақтары тексерiлетiн бағыт пен орынды ерiктi түрде көрсетудi ұсынудан басталады. Айғақтар айтылғаннан кейiн және iс-қимылдарды бейнелеп көрсеткеннен кейiн айғақтары тексерiлiп отырған адамға сұрақтар қойылуы мүмкiн. Бұл адам, сондай-ақ iске қатысушы өзге адамдар жүргiзiлiп отырған тергеу әрекетiне байланысты өздерiнен қосымша жауап алуды талап етуге құқылы.       6. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау барысында табылған, iс бойынша дәлел ретiнде маңызы болуы мүмкiн заттар мен құжаттар алынып, буып-түйiледi және олар мөрмен бекiтiледi; оларды алу фактiсi хаттамада көрсетiледi.       7. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау кезiнде қажет болған жағдайда өлшеу, суретке түсiру, дыбыс және бейнежазба жасау, киноға түсiру жүргiзiледi, жоспарлар мен схемалар жасалады. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау кезiнде дыбыс және бейнежазба құралдарын пайдалану осы Кодекстiң 219-бабында баяндалған ережелер бойынша жүргiзiледi.       8. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау жүргiзiлгенi туралы осы Кодекстiң 203-бабының талаптарын сақтай отырып хаттама жасалады. Хаттамада оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен айқындаудың жағдайы, барысы мен нәтижелерi егжей-тегжейлi бейнеленедi.       Ескерту. 238-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.18 N 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      239-бап. Тергеу экспериментi

      1. Тергеу экспериментi iс үшiн маңызы бар мәлiметтердi зерттелiп отырған оқиғаның белгiлi бiр әрекеттерiн, жай-жапсарын, мән-жайларын қайта жаңғырту және тәжiрибе жүргiзу арқылы тексеру мен нақтылау мақсатында жүргiзiледi. Эксперимент жүргiзу кезiнде, атап айтқанда, әлде бiр фактiлердi қабылдау, жекелеген әрекеттердiң жасалу, әлде бiр оқиғаның болу ықтималдығы тексерiлуi, сондай-ақ болған оқиғаның ретi және iздердiң пайда болу тетiгi анықталуы мүмкiн.       2. Тергеу экспериментi оның барысы мен нәтижелерін тіркеп тұратын техникалық құралдар мiндеттi түрде қолданыла отырып жүргiзiледi. Қажет болған жағдайда тергеу экспериментiне өздерiнiң келiсiмi бойынша сезiктi, айыпталушы, жәбiрленушi, куә, маман, сарапшы және тәжiрибелiк iс-қимылдарды жүргiзетiн адамдар қатыстырылуы мүмкiн. Экспериментке қатысушыларға оның мақсаты мен жүргiзiлу тәртiбi түсiндiрiледi.       3. Тергеу экспериментiн жүргiзуге оған қатысушы адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп келтiрiлмегенде, олардың ары мен намысына нұқсан келтiрiлмегенде, оларға материалдық зиян болмағанда жол берiледi.       4. Тергеу экспериментi қайта жаңғыртылып отырған оқиғалар немесе әрекеттер болған жағдайларға барынша ұқсас жағдайларда жүргiзiледi.       5. Қажет болған жағдайларда тергеу экспериментiн жүргiзген кезде суретке түсiру, дыбыс және бейнежазба, киноға түсiру жүргiзiледi, басқа ғылыми-техникалық құралдар қолданылады, жоспарлар, схемалар, сызбалар жасалады.       6. Тергеу экспериментi жүргiзiлгенi туралы осы Кодекстiң 203-бабының талаптарын сақтай отырып хаттама жасалады. Хаттамада тергеу экспериментiнiң шарты, барысы мен нәтижелерi егжей-тегжейлi баяндалады және мыналар көрсетiледi: эксперимент қандай мақсатпен, қашан, қайда және қандай жағдайда жүргiзiлдi; оқиғаның жай-жапсары мен мән-жайларын қайта жаңғырту нақты неден көрiндi; қандай әрекеттер, қандай ретпен жүргiзiлдi, оны кiм және қанша рет жасады; қандай нәтижелер алынды.       Ескерту. 239-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.18 N 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

32-тарау. Сот сараптамасы

      240-бап. Сараптаманы тағайындау

      Сараптама сарапшы арнайы ғылыми бiлiмдер негiзiнде жүргiзетiн iс материалдарын зерттеу нәтижесiнде iс үшiн маңызы бар мән-жайлар алынуы мүмкiн жағдайда тағайындалады. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы өзге адамдардың мұндай бiлiмiнiң болуы қылмыстық iстi жүргiзушi адамды тиiстi жағдайларда сарапшы тағайындау қажеттiлiгiнен босатпайды.

      241-бап. Сараптаманы мiндеттi түрде тағайындау

      1. Егер iс бойынша:       1) өлiмнiң себептерiн, денсаулыққа келтiрiлген зиянның сипаты мен ауырлық дәрежесiн;       2) iс үшiн маңызды болып, бірақ жасы туралы құжаттар болмағанда немесе олар күмән туғызғанда күдіктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң жасын;       3) күдіктiнiң, айыпталушының есiнiң дұрыстығы немесе қылмыстық iс жүргiзуде өзінің құқықтары мен заңды мүдделерiн өз бетiнше қорғау қабiлетi жөнiнде күмән туғанда олардың психикалық немесе тәнiнiң жай-күйiн;       4) жәбiрленушiнiң, куәнiң iс үшiн маңызы бар мән-жайларды дұрыс қабылдау және олар туралы айғақтар беру қабiлетiне күмән туған жағдайда олардың психикалық немесе тәнiнiң жай-күйiн анықтау қажет болғанда;       5) iстiң өзге дәлелдермен дәйекті түрде анықталмайтын өзге де мән-жайын анықтау қажет болғанда, сараптаманы тағайындау мен жүргiзу мiндеттi болады.       2. Егер айыпталушының психикалық жай-күйiне Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде өлiм жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген қылмысты жасағаны үшін күмән келтірілсе, сот-психиатриялық сараптаманы тағайындау мен жүргiзу міндетті болады.       Ескерту. Осы баптың бірінші бөлігінің 3 және 4-тармақтарында тізбеленген негіздемелер бойынша күдіктіге, айыпталушыға, жәбірленушіге, куәға амбулаториялық сот-психиатриялық сараптама тағайындалады және жүргiзіледі. Егер сарапшы стационарлық сот-психиатриялық сараптама жүргізбей және сынақтан өтушіні стационарлық тексеруге орналастырмай қорытынды беру мүмкін еместігі туралы хабарлаған жағдайда, осы Кодекстің 247-бабының тәртібімен қылмыстық іс бойынша стационарлық сот-психиатриялық сараптама тағайындалады.       Ескерту. 241-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      242-бап. Сараптама тағайындау тәртібі

      1. Қылмыстық процесті жүргізуші орган сараптама тағайындау кажет деп тани отырып, бұл туралы қаулы шығарады, онда: сараптама тағайындаған органның атауы, сараптаманы тағайындау уақыты, орны; сараптаманың түрі; сараптама тағайындау үшін негіздер; сараптамаға жіберілетін объектілер және олардың шығу тегі туралы ақпарат, сондай-ақ көрсетілген объектілерді зерттеу барысында толық немесе ішінара жою, олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгерту мүмкіндігіне рұқсат; сот сараптамасы органының атауы және (немесе) сот сараптамасын жүргізу тапсырылған адамның тегі, аты, әкесінің аты көрсетіледі. Қылмыстық процесті жүргізуші органның сараптама тағайындау туралы қаулысы ол жіберілген және өз құзыретіне жататын органдардың немесе адамдардың орындауы үшін міндетті.       2. Сараптама жүргізілмей қылмыстық істі қозғау туралы шешім қабылдау мүмкін болмайтын жағдайларда, ол қылмыстық іс қозғалғанға дейін тағайындалуы мүмкін. Бұл ретте, мыналар:       1) қылмыстар туралы арыздарға немесе хабарламаларға қоса берілетін, осы Кодекстің 178, 179, 180, 181-баптарына сәйкес табыс етілген;       2) осы Кодекстің 182-бабына сәйкес қылмыстық істі қозғауға құқық берілген лауазымды адамдар және органдар тікелей тапқан;       3) тергеуге дейінгі тексеру барысында осы Кодекспен жол берілетін іс жүргізу әрекеттерінің нәтижесінде алынған;       4) осы Кодекстің 125-бабында көзделген тәртіппен талап етіліп алынған немесе табыс етілген материалдар сот-сараптамалық зерттеулердің объектілері болып табылады.       3. Істе ревизия, тексеру актілерінің, ведомстволық инспекциялар қорытындыларының, сондай-ақ іс жүргізу әрекеттері барысында мамандар жүргізген зерттеулердің нәтижелері бойынша жасалған ресми құжаттардың болуы нақ сол мәселелер бойынша сот сараптамасын тағайындау мүмкіндігін жоққа шығармайды.       4. Сараптама өздерінің немесе өздеріне берілетін құқықтары мен мүдделерін қорғайтын процеске қатысушылардың бастамасы бойынша тағайындалуы мүмкін. Өзінің немесе өзіне берілетін құқықтары мен мүдделерін қорғайтын процеске қатысушы қылмыстық процесті жүргізуші органға, өз пікірі бойынша, сарапшының қорытындысы берілуге тиіс мәселелерді жазбаша түрде ұсынады, зерттеу объектілерін көрсетеді, сондай-ақ сарапшы ретінде шақырылуы мүмкін адамды (адамдарды) атайды. Бұл ретте, шешілуі өзіне ұсынылған мәселелер қылмыстық іске немесе сот сараптамасының нысанасына жатпайтын жағдайларды қоспағанда, қылмыстық процесті жүргізуші орган сараптама тағайындаудан бас тартуға құқылы емес.       5. Бастамасы бойынша сараптама тағайындалып отырған процеске қатысушы сараптамалық зерттеу объектілері ретінде заттарды, құжаттарды ұсына алады. Қылмыстық процесті жүргізуші орган дәлелді қаулысымен оларды мұндай объектілердің қатарынан алып тастауға құқылы.       6. Қылмыстық процесті жүргізуші орган ұсынылған мәселелерді қарап, олардың қылмыстық іске немесе сот сараптамасының нысанасына жатпайтындарын қабылдамайды, сарапшыдан бас тартуға негіздердің бар-жоғын анықтайды, содан кейін осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген талаптарды сақтай отырып, сараптама тағайындау туралы қаулы шығарады.       7. Сараптама жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу, сондай-ақ сарапшының еңбегіне ақы төлеу осы Кодекстің 21-тарауының ережелері бойынша жүргізіледі.       8. Қылмыстық процесті жүргізуші орган, егер сараптама жүргізу кезінде олардың қатысуы міндетті деп танылса, сезіктіні, айыпталушыны, жәбірленушіні, куәні сарапшыға жеткізуді қамтамасыз етеді.       Ескерту. 242-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.01.20 № 241-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      243-бап. Сот сараптамасын жүргiзу тапсырылуы мүмкiн                 адамдар

      1. Сот сараптамасын жүргізу:       1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;       2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғаларға;       3) заң талаптарына сәйкес бір жолғы тәртіппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкін.       2. Сараптама жүргiзу iс жүргiзуге қатысушылар ұсынған адамдардың бiрiне тапсырылуы мүмкiн.       3. Сараптама жүргiзу тапсырылған адамды шақыру туралы тергеушiнiң талабы аталған адам жұмыс iстейтiн ұйымның басшысы үшiн мiндеттi.       Ескерту. 243-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2000.05.05 N 47, 2001.11.06 N 251; 02.07.2013 № 113-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      244-бап. Сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң,                 қорғаушының және жәбірленушінің өкілінің                 сараптама тағайындау және жүргiзу кезiндегi                 құқықтары

      Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Сараптама тағайындалған және ол жүргiзiлген кезде жәбiрленушiнiң, сезiктiнiң, айыпталушының, қорғаушының және жәбірленушінің өкілінің:       1) сараптама жүргiзiлгенге дейiн оның тағайындалғаны туралы қаулымен танысуға және өзiне тиесiлi құқықтарына түсiндiрме алуына, бұл туралы хаттама жасалады;       2) сарапшыдан бас тартуға немесе сараптама жүргiзуден сот сараптамасы органын шеттету туралы өтiнiш жасауға;       3) сарапшылар ретiнде өздерi атаған адамдарды немесе белгiлi бiр сот сараптамасы органының қызметкерлерiн тағайындау туралы, сондай-ақ сараптаманы сарапшылар комиссиясының жүргiзуi туралы өтiнiш жасауға;       4) сарапшының алдында қосымша мәселелер қою немесе бұрын қойылғандарын нақтылау туралы өтiнiш жасауға;       5) қылмыстық процесті жүргізуші органның рұқсатымен, осы Кодекстің 246-1-бабында көзделген тәртіппен сараптама жүргізу кезінде қатысуға;       6) осы Кодекстің 254-бабында көзделген тәртіппен сарапшының қорытындысымен не қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламамен танысуға құқығы бар.       2. Аталған құқықтарға, сонымен қатар сараптама жасалатын куә да және психикалық жағдайы мүмкiндiк берсе, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөнiнде iс жүргiзiлiп отырған адам да ие. Қылмыстық істі қозғау сатысында тізбеленген құқықтарға қылмыс жасаудан зардап шеккен адам, сондай-ақ өзіне қатысты қылмыстық іс қозғау туралы мәселе шешіліп жатқан адам ие болады.       3. Егер сараптама адамды сезiктi деп танығанға немесе айыпталушы ретiнде iске тартқанға дейiн жүргiзiлсе, қылмыстық процесті жүргізуші орган оны сараптама тағайындау туралы қаулымен, сарапшының қорытындысымен таныстыруға және оның осы Кодекстің 254-бабында көзделген құқығын түсiндiруге мiндеттi.       4. Жәбiрленушiлер мен куәларға, сондай-ақ қылмыс жасаудан зардап шеккен адамға және өзіне қатысты қылмыстық іс қозғау туралы мәселе шешіліп жатқан адамға сараптама жүргізу тек олардың жазбаша келiсiмiмен ғана жүргiзiледi. Егер бұл адамдар кәмелетке толмаған болса немесе сот оларды әрекет қабiлетi жоқ деп таныса, сараптама жүргiзуге жазбаша келiсiмдi олардың заңды өкiлдерi бередi. Аталған ереже осы Кодекстiң 241-бабында көзделген жағдайларда сараптама жүргiзу үшiн қолданылмайды.       5. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде аталған адамдар жасаған өтiнiштер қанағаттандырылған жағдайда, қылмыстық процесті жүргізуші орган сараптама тағайындау туралы өз қаулысын тиiсiнше өзгертедi немесе толықтырады. Өтiнiштердi қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда ол өтiнiш берген адамға одан қолхат алып жарияланатын дәлелді қаулы шығарады.       Ескерту. 244-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.07.04 N 151, 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.01.20 № 241-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.