Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

Р ылмысты іс жргізу кодексі

.docx
Скачиваний:
59
Добавлен:
24.03.2015
Размер:
590.35 Кб
Скачать

      70-бап. Қорғаушы

      1. Қорғаушы - заңда белгiленген тәртiппен сезiктiлер мен айыпталушылардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауды жүзеге асыратын және оларға заң көмегiн көрсететiн адам.       2. Қорғаушы ретiнде адвокат қатысады. Қорғаушы ретінде қылмыстық процеске адвокаттың қатысуы кезінде күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны, сотталған адамды, ақталған адамды қорғауды одан басқа оның жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы не қамқоршысы, қорғаншысы не күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны, сотталған адамды, ақталған адамды қорғаншылыққа немесе асырауына алған ұйымның өкілі жүзеге асыра алады. Шетелдiк адвокаттардың iске қорғаушылар ретiнде қатысуына, егер бұл Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекетпен жасасқан халықаралық шартында өзара негiзде көзделсе, заңнамада белгiленген тәртiппен жол берiледi.       3. Қорғаушы айып тағылған не адам осы Кодекстiң 68-бабының бiрiншi бөлiгiне сәйкес сезiктi деп танылған кезден бастап, сондай-ақ қылмыстық іс жүргізудің кез келген келесі сәтінде iске қатысуға жiберiледi.       4. Бiр адам, егер сезiктiнiң, айыпталушының бiреуiнiң мүддесi екiншiсiнiң мүддесiне қайшы келетiн болса, олардың екеуiне бiрдей қорғаушы бола алмайды.       5. Адвокаттың өзiне қабылдаған сезiктiнi немесе айыпталушыны қорғаудан бас тартуға құқы жоқ.       Ескерту. 70-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.12.30 N 111 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      71-бап. Қорғаушының мiндеттi қатысуы

      1. Қорғаушының қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысуы, егер:       1) ол туралы күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам өтiнiш жасаса;       2) күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам кәмелетке толмаса;       3) күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам дене немесе психикалық кемiстiгiнен өзiнiң қорғану құқығын өз бетiнше жүзеге асыра алмаса;       4) күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам сот iсi жүргiзiлетiн тiлдi бiлмесе;       5) адам жазалау шарасы ретiнде он жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айырылу, өмiр бойы бас бостандығынан айырылу не өлiм жазасы тағайындалуы мүмкiн болатын қылмысты жасағаны үшiн айыпталса;       6) айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылса немесе ол мәжбүр етiлiп стационарлық сот-психиатриялық сараптамаға жiберiлсе;       7) күдiктiлердiң, айыпталушылардың, сотталушылардың, сотталған адамдардың, ақталған адамдардың мүдделерi арасында қайшылық болып, олардың бiреуiнiң қорғаушысы болса;       8) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге жәбiрленушiнiң (жеке айыпталушының) немесе азаматтық талапкердiң өкiлi қатысса;       9) iс сотта қаралған кезде прокурор (мемлекеттік айыптаушы) қатысса;       10) айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болса және алдын ала тергеу органдарына келуден жалтарса міндетті.       2. Қорғаушының қатысуы осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1-6, 10-тармақтарында көзделген жағдайларда адам күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам болып танылған кезден бастап, 7-тармағында көзделген жағдайларда - күдiктiлердiң, айыпталушылардың, сотталушылардың, сотталған адамдардың, ақталған адамдардың мүдделерiнiң арасындағы қайшылық анықталған кезден бастап, 8-9-тармақтарда көзделген жағдайларда - айыпталушыны сотқа берген сәттен бастап қамтамасыз етiледi.       3. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген мән-жайлар болған кезде қорғаушыны күдiктiнiң, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның өзi, олардың заңды өкiлдерi, сондай-ақ олардың тапсыруы бойынша басқа тұлғалар шақырмаса, қылмыстық процестi жүргiзушi орган процестiң тиiстi сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi, бұл туралы ол қаулы шығарады. Қаулы орындау үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасына немесе оның құрылымдық бөлімшелеріне жіберіледі және алынған кезінен бастап жиырма төрт сағат ішiнде орындалуға жатады.       Ескерту. 71-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2001.03.16 N 163, 2005.12.30 N 111 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз),  2009.12.10 № 227-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 N 123-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      72-бап. Қорғаушыны шақыру, тағайындау, ауыстыру, оның                еңбегiне ақы төлеу

      1. Қорғаушыны күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам, олардың заңды өкiлдерi, сондай-ақ күдiктiнің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның тапсыруы бойынша немесе келiсiмiмен басқа тұлғалар шақырады. Күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам қорғану үшiн бiрнеше қорғаушыны шақыруға құқылы.       2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган күдiктiнiң, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның сұрауы бойынша қорғаушының қатысуын қамтамасыз етедi.       3. Таңдап алынған немесе тағайындалған қорғаушының ұзақ мерзiм (кемiнде бес тәулiк) iшiнде қатысуы мүмкiн болмайтын жағдайларда қылмыстық процестi жүргiзушi орган күдiктiге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға басқа қорғаушы шақыруды ұсынуға немесе қорғаушыны облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасы немесе оның құрылымдық бөлімшелері арқылы тағайындауға шаралар қолдануға міндетті. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган қорғаушы ретiнде белгiлi бiр адамды  шақыруды ұсынуға құқылы емес.       4. Ұстау немесе күзетпен ұстау жағдайында, егер күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам таңдаған қорғаушының келуi жиырма төрт сағаттың iшiнде мүмкiн болмаса, қылмыстық ізге түсуді жүзеге асырушы орган күдiктiге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға басқа қорғаушы шақыруды ұсынады, ал одан бас тартылған жағдайда қорғаушыны облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасы немесе оның құрылымдық бөлімшелері арқылы тағайындауға шаралар қолданады.       5. Адвокаттың еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган оған негiздер болған жағдайда күдiктiнi, айыпталушыны, сотталушыны, сотталған адамды, ақталған адамды заң көмегіне ақы төлеуден босатуға міндетті. Бұл жағдайда еңбекке ақы төлеу бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiледi.       6. Осы Кодекстiң 71-бабының үшiншi бөлiгiнде көзделген, адвокат анықтау, алдын ала тергеу ісін жүргiзуге немесе сотқа тағайындау бойынша қатысқан жағдайда да адвокаттардың еңбегiне ақы төлеу жөніндегі шығыстар бюджет қаражаты есебiнен жүргізіледі.       7. Егер қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге бiрнеше қорғаушы қатысса, қорғаушының қатысуы қажет болатын iс жүргiзу әрекетi оған тиiстi күдiктiнiң, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның қорғаушыларының түгел қатыспауы себебінен заңсыз болып таныла алмайды.       8. Адвокат қылмыстық іске қорғаушы ретінде қатысуға адвокат куәлігін және өзінің нақты істі жүргізуге өкілеттігін куәландыратын ордерін көрсетуі бойынша жіберіледі. Осы Кодекстің 70-бабының екінші бөлігінде аталған басқа тұлғалар өздерінің қылмыстық іске қорғаушы ретінде қатысуға құқығын растайтын құжаттарды (неке туралы куәлікті, күдіктімен, айыпталушымен, сотталушымен, сотталған адаммен, ақталған адаммен туыстық қатынастарын растайтын құжатты, қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың шешімдерін) ұсынады.       Ескерту. 72-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.07.2013 N 123-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      73-бап. Қорғаушыдан бас тарту

      1. Сезiктi, айыпталушы iс бойынша iс жүргiзудiң кез келген сәтiнде қорғаушыдан бас тартуға құқылы. Осындай бас тартуға іске қатысушы қорғаушының не осы Кодекстің 71-бабының үшінші бөлігінде белгіленген тәртіппен тағайындалған қорғаушының қатысуымен күдіктінің, айыпталушының бастамасы бойынша ғана жол беріледі. Заңгерлiк көмекке ақы төлеу үшiн қаражаттың жоқтығы себептi қорғаушыдан бас тарту қабылданбайды. Бас тарту жазбаша нысанда ресiмделедi немесе тиiстi тергеу не сот әрекетiнiң хаттамасында көрсетiледi.       2. Осы Кодекстiң 71-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 2) - 4), 5) (жазалау шарасы ретiнде өлiм жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалуы мүмкiн қылмыстарды жасаған адамды айыптау кезiнде), 6) тармақтарында (айыпталушыны тұрақты сот-психиатриялық сараптамаға мәжбүрлеп жiберу кезiнде) көзделген жағдайларда айыпталушының қорғаушыдан бас тартуын қылмыстық процестi жүргiзушi органның қабылдауына болмайды.       3. Қорғаушыдан бас тарту айыпталушыны немесе сезiктiнi кейiн қорғаушының iске қатысуына рұқсат ету туралы өтiнiш жасау құқығынан айырмайды. Қорғаушының iске қатысуы осы уақытқа дейiн тергеу немесе сот талқылауының барысында жасалған әрекеттердi қайталауға әкеп соқтырмайды.       Ескерту. 73-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2000.05.05 N 47, 2006.01.16 N 122 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2009.07.10 N 175-IV, 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      74-бап. Қорғаушының өкiлеттiгi

      1. Қорғаушы сезiктiнiң, айыпталушының айыбын жоққа шығаратын немесе жауаптылығын жеңiлдететiн жағдайларды анықтау мақсатында барлық заңды құралдар мен қорғау тәсiлдерiн пайдалануға және оларға қажеттi заңгерлiк көмек көрсетуге мiндеттi.       2. Қорғаушы іске қатысуға рұқсат етілген сәттен бастап:       1) күдіктімен немесе айыпталушымен олардың саны мен ұзақтығы шектелместен оңаша және құпия жолығуға;       2) заң көмегін көрсету үшін қажетті заттарды, құжаттарды және мәліметтерді жинауға және ұсынуға;       3) айып тағылған кезде қатысуға, күдіктіден және (немесе) айыпталушыдан жауап алу кезінде, сондай-ақ олардың қатысуымен немесе олардың өтініші не қорғаушының өзінің өтініші бойынша жүргізілетін өзге де тергеу және іс жүргізу әрекеттеріне қатысуға;       4) қарсылықтар білдіруге;       5) айыптау тізімін қоспағанда, ұстау хаттамасымен, бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулымен, күдіктінің, айыпталушының немесе қорғаушының өзінің қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен, күдіктіге және (немесе) айыпталушыға ұсынылған не ұсынылуға тиіс болатын құжаттармен, ал анықтау, оңайлатылған сотқа дейінгі іс жүргізу немесе алдын ала тергеу аяқталғаннан кейін – істің барлық материалдарымен танысуға, одан кез келген мәліметті кез келген көлемде көшіріп алуға;       6) өтінішті, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті мәлімдеуге;       7) кез келген сатыдағы сотта істі алдын ала тыңдауға, соттың талқылауына қатысуға, сот жарыссөздерінде сөйлеуге, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істі жаңарту кезінде соттың отырысына қатысуға;       8) әрбір беттегі мәтіннің соңғы жолының астына және хаттаманың соңына өз қолын қоя отырып, ал сот отырысы хаттамасының бөлігімен танысқан кезде әрбір беттің соңына және осы бөліктің соңына қол қоя отырып, сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертпе енгізуге;       9) іс жүргізу құжаттарының көшірмелерін алуға;       10) қылмыстық процесті жүргізуші адамның және қылмыстық процеске қатысушы өзге адамдардың заңсыз әрекеттеріне қарсылық білдіруге, бұл қарсылықтарды іс жүргізу құжаттарына енгізуді талап етуге;       11) анықтаушының, тергеушінің, прокурордың және соттың әрекеттері мен шешімдеріне шағым енгізуге және оларды қарауға қатысуға;       12) заңға қайшы келмейтін кез келген басқа да қорғау құралдары мен тәсілдерін пайдалануға құқылы.       3. Тергеуші немесе анықтаушы жауап алып болғаннан кейін тергеу әрекеттерін жүргізуге қатысушы қорғаушы жауап алынып отырған адамдарға сұрақтар қоюға құқылы. Тергеушi, анықтаушы қорғаушының сұрақтарын қабылдамауына болады, бiрақ берiлген сұрақтардың бәрiн хаттамаға енгiзуге мiндеттi. Қорғаушы тергеу әрекетiнiң хаттамасына оның жазбаларының дұрыстығы мен толықтығына орай жазбаша ескертпе жасауға құқылы.       4. Қорғаушының: өзiнiң қорғауындағы адамның мүдделерiне қарсы қандай да болмасын әрекет жасауға және оған тиесiлi құқықтарды жүзеге асыруына кедергi жасауға; қорғауындағы адамның айқындамасына қарамастан оның қылмысқа қатысын және оны жасағанына кiнәлiлiгiн мойындауға, қорғауындағы адамның жәбiрленушiмен татуласқандығы туралы мәлiмдеуге; азаматтық талапты мойындауға; қорғауындағы адам берген шағымдар мен өтiнiштердi керi қайтарып алуға; заңгерлiк көмек көрсетуге өтiнiш бiлдiруге және оны жүзеге асыруына байланысты өзiне белгiлi болған мәлiметтердi жариялауға құқығы жоқ.       5. Қорғаушының осы Кодексте көзделген басқа да құқықтары бар және ол басқа да мiндеттердi мойнына алады.        Ескерту. 74-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.04.07 N 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      75-бап. Жәбiрленушi

      1. Қылмыстық процесте оған тiкелей қылмыспен моральдық, дене және мүлiктiк зиян келтiрiлдi деп ұйғаруға ол жөнiнде негiз бар адам жәбiрленушi болып танылады.       2. Адам есi кiресiлi-шығасылы адам жасаған Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде тыйым салынған әрекетпен оған зиян келтiрiлген жағдайларда да жәбiрленушi болып таныла алады.       3. Адам қылмыстық процесте қылмыстық іс қозғалған кезден бастап тиісті қаулы шығысымен жәбірленуші болып танылады. Егер адамды жәбiрленушi деп танығаннан кейiн оның бұл жағдайда болуы үшiн негiздер жоқ екенi белгiленсе, қылмыстық процестi жүргiзушi орган өзiнiң қаулысымен ол адамның iске жәбiрленушi ретiнде қатысуын тоқтатады.       4. Жәбiрленушiге қылмыспен келтiрiлген мүлiктiк зиянды, сондай-ақ осы Кодексте белгiленген ережелер бойынша өкiлге арналған шығындарды қоса есептегендегi оның алдын ала тергеу мен сотқа қатысуына байланысты келтiрiлген шығындарды өтеу қамтамасыз етiледi.       5. Жәбiрленушiнiң өзiне келтiрiлген моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюы қылмыстық процесте қаралады. Егер мұндай талап қылмыстық iсте қойылмаса не қараусыз қалдырылса, онда жәбiрленушi оны азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен қоюға құқылы.       6. Жәбірленушінің:       1) айыпталушыға тағылған айып туралы білуге;       2) ана тілінде немесе өзі білетін тілде айғақ беруге;       3) дәлелдер ұсынуға;       4) өтінішті, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті және қарсылықты мәлімдеуге;       5) аудармашының тегін көмегін пайдалануға;       6) өкілінің болуына;       7) одан дәлелдеу құралы ретінде қылмыстық қудалау органы алып қойған немесе өзі берген мүлікті, сондай-ақ қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетті жасаған адамнан алып қойылған өзіне тиесілі мүлікті алуға, өзіне тиесілі құжаттардың түпнұсқаларын алуға;       8) заңда көзделген жағдайларда күдіктімен, айыпталушымен татуласуға, оның ішінде медиация тәртібімен татуласуға;       9) өзінің қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен танысуға және оларға ескертпелер беруге;       10) тергеушінің немесе анықтаушының рұқсатымен өз өтініші не өз өкілінің өтініші бойынша жүргізілетін тергеу әрекеттеріне қатысуға;       11) тергеу аяқталғаннан кейін істің барлық материалдарымен танысуға, одан кез келген көлемде және кез келген мәліметті көшіріп алуға;       12) оған және оның отбасы мүшелеріне қауіпсіздік шараларын беру туралы өтінішті мәлімдеуге;       13) қылмыстық іс қозғау туралы, оны жәбірленуші деп тану туралы немесе одан бас тарту туралы, қылмыстық істі тоқтата тұру туралы, істі тоқтату туралы қаулылардың көшірмелерін, айыптау қорытындысының көшірмесін, сондай-ақ бірінші және апелляциялық сатылардағы соттың үкімі мен қаулысының көшірмелерін алуға;       14) бірінші және апелляциялық сатылардағы сотта істі сот талқылауына қатысуға;       15) сот жарыссөздерінде сөйлеуге;       16) айыптауды, оның ішінде мемлекеттік айыптаушы айыптаудан бас тартқан жағдайда да қолдауға;       17) әрбір беттегі мәтіннің соңғы жолының астына және хаттаманың соңына өз қолын қоя отырып, ал сот отырысы хаттамасының бір бөлігімен танысқан кезде әрбір беттің соңына және осы бөліктің соңына қол қоя отырып, сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертпелер беруге;       18) қылмыстық процесті жүргізуші органның әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым беруге;       19) соттың үкімі мен қаулысына шағым жасауға;       20) іс бойынша әкелінген шағымдар мен наразылықтар туралы білуге және оларға қарсылық ұсынуға;       21) мәлімделген шағымдарды, өтініштерді және наразылықтарды кассациялық және қадағалау сатыларындағы соттың қарауына қатысуға;       22) өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін заңға қайшы келмейтін өзге де тәсілдермен қорғауына құқығы бар.       Осы Кодекстің 80-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда жәбірленушіге заң көмегі тегін көрсетіледі.       7. Жәбірленушінің, ал ол қайтыс болған жағдайда - оның құқықтық мирасқорларының аса ауыр қылмыспен келтірілген мүліктік зиян үшін, егер осындай қылмыс үшін сотталған адамның осы қылмыспен келтірілген залалды өтеу үшін жеткілікті мүлкі болмаса, бюджет қаражаты есебінен ақшалай өтемақы алуға құқығы бар. Мұндай жағдайда бюджет қаражаты есебінен ақшалай өтемақы төлеу туралы мәселені жәбірленушінің не оның құқықтық мирасқорының арызы бойынша үкімді шығарған сот шешеді. Жәбірленушінің көрсетілген жағдайларда, егер залал жүз елу есептік көрсеткіштен аспаса, залалдың толық көлемінде өтелуіне құқығы бар.       8. Жәбiрленушi: қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша келуге, iс бойынша белгiлi барлық мән-жайларды шын хабарлауға және қойылған сұрақтарға жауап беруге; өзiне iс бойынша белгiлi мән-жайлар туралы мәлiметтердi жарияламауға; тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде және сот отырысы уақытында белгiленген тәртiптi сақтауға мiндеттi.       9. Жәбiрленушi дәлелсiз себептермен шақыру бойынша келмеген кезде ол осы Кодекстiң 158-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп әкелуге ұшырауы және заңдарға сәйкес әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуы мүмкiн.       10. Жәбiрленушi жауап беруден бас тартқаны үшiн және қасақана жалған айғақ бергенi үшiн заңдарға сәйкес қылмыстық жауапқа тартылады.       11. Зардабы адамның қайтыс болуына жеткiзген қылмыстар туралы iстер бойынша жәбiрленушiнiң осы бапта көзделген құқықтарын қайтыс болған адамның жақын туыстары жүзеге асырады. Егер жәбiрленушiнiң құқықтарын беруге туыстарының қаза табуына байланысты қылмыспен моральдық зиян келтiрiлген бiрнеше адам үмiткер болып отырса, олардың бәрi не олардың арасындағы келiсiм бойынша олардың бiреуi жәбiрленушi болып таныла алады.       12. Қылмыспен моральдық немесе мүлiктiк зиян келтiрiлген заңды тұлға жәбiрленушi болып танылуы мүмкiн. Бұл жағдайда жәбiрленушiнiң құқықтары мен мiндеттерiн заңды тұлғаның өкiлi жүзеге асырады.       Ескерту. 75-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.12.09 N 10, 2009.04.07 N 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.01.28 N 402-IV (2011.08.05 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.02.17 N 565-IV (2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      76-бап. Жеке айыптаушы

      1. Жеке айыптау iсi бойынша сотқа шағым берген және сотта айыптауды қолдаған адам, сондай-ақ мемлекеттiк айыптаушы айыптаудан бас тартқан жағдайда сотта айыптауды дербес қолдаушы жариялы және жеке-жариялы айыптау iсi бойынша жәбiрленушi жеке айыптаушы болып табылады.       2. Жәбiрленушi кәмелетке толмаған немесе әрекет қабiлетi жоқ жағдайда өтiнiш, сұрау бiлдiрген немесе шағым берген оның заңды өкiлi жеке айыптаушы болып саналады.       3. Жеке айыптаушы жәбiрленушiнiң барлық құқықтарын пайдаланады және барлық мiндеттерiн алады, сондай-ақ осы Кодекстiң 393-бабының үшiншi, төртiншi және алтыншы бөлiктерiнде көзделген құқықтарға ие болады.       4. Жеке айыптаушы оған тиесiлi құқықтарды пайдаланады және өзiне жүктелген мiндеттердi жеке немесе, егер ол құқықтар мен мiндеттердiң сипатына сәйкес келсе, өкiл арқылы атқарады.

      77-бап. Азаматтық талапкер

      1. Өзiне қатысты тiкелей қылмыспен мүлiктiк залал келтiрiлдi деп ұйғаруға жеткiлiктi негiз бар және оны өтеу туралы талап қойған жеке және заңды тұлға азаматтық талапкер болып танылады. Азаматтық талапкер моральдық зиянды мүлiктiк өтеу үшiн де талап қоя алады. Прокурор заңдарда көзделген жағдайларда өз бастамашылығы бойынша жеке немесе заңды тұлғаны азаматтық талапкер деп тануға құқылы.       2. Азаматтық талапкер деп тану немесе көрсетiлген iс жүргiзу жағдайында болу үшiн негiздер болмаған жағдайда тұлғаның азаматтық талапкер ретiнде iске қатысуын тоқтату туралы шешiмдi қылмыстық процестi жүргiзушi орган қабылдайды, ол туралы тиiстi қаулы шығарады.       3. Кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ заңда белгiленген тәртiппен әрекет қабiлетi жоқ деп танылған адамдардың мүдделерiн қорғауға азаматтық талапты олардың заңды өкiлдерi қоюы мүмкiн.       4. Азаматтық талапкер өздерi қойған талапты қолдау мақсатында: айыптаудың мәнiн бiлуге; дәлелдердi ұсынуға; қойылған талап бойынша түсiнiктеме беруге; қылмыстық iске қосу үшiн материалдар ұсынуға; өтiнiштер мен қарсылықтар мәлiмдеуге; ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде айғақ пен түсiнiктеме беруге; аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға; өкiлi болуына; өзiнiң қатысуымен жүргiзiлетiн тергеу әрекеттерiнiң хаттамаларымен танысуға; тергеушiнiң немесе анықтаушының рұқсатымен өзiнiң өтiнiшi бойынша немесе өкiлiнiң өтiнiшi бойынша жүргiзiлген тергеу әрекеттерiне қатысуға; тергеу аяқталғаннан кейiн азаматтық талапқа қатысты iстiң материалдарымен танысуға және одан кез келген көлемде кез келген мәлiметтi көшiрiп алуға; өзiнiң мүддесiн қозғайтын қабылданған шешiмдер туралы бiлуге және мәлiмделген азаматтық талапқа қатысты iс жүргiзу шешiмдерiнiң көшiрмелерiн алуға; кез келген сатыдағы сотта iстi соттың талқылауына қатысуға; сот жарыссөздерiнде сөйлеуге; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертпелер беруге; қылмыстық процестi жүргiзушi органның әрекеттерi мен шешiмдерiне шағым жасауға; азаматтық талапқа қатысты бөлiгiнде соттың үкiмi мен қаулыларына шағымдануға; азаматтық талап бөлiгiнде iс бойынша жасалынған шағымдар мен наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылық бiлдiруге; мәлiмделген шағымдар мен наразылықтарды соттың қарауына қатысуға; осы Кодекстiң 75-бабының жетiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда қылмыспен келтiрiлген залалға мемлекеттiң есебiнен өтемақы алуға; қауіпсіздік шараларын қолдану туралы мәлімдеуге құқығы бар.       5. Азаматтық талапкердiң осы Кодекстiң 75-бабының сегiзiншi бөлiгiнде көзделгендей мiндеттерi болады.       6. Азаматтық талапкердiң заңмен көзделген басқа да құқықтары бар және басқа да мiндеттерi болады.       Ескерту. 77-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.04.07 N 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      78-бап. Азаматтық жауапкер

      1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудiң барысында қойылған талапқа байланысты заң күшiмен қылмыспен не есi кiресiлi-шығасылы адамның Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiмен тыйым салынған әрекетiмен келтiрiлген зиян үшiн мүлiктiк жауаптылықта болатын жеке немесе заңды тұлға азаматтық жауапкер болып табылады.       2. Азаматтық жауапкер деп тану немесе адамның көрсетiлген iс жүргiзу жағдайында болуы үшiн негiздер болмаған жағдайда азаматтық жауапкер ретiнде процеске қатысуын тоқтату туралы шешiмдi қылмыстық процестi жүргiзушi орган қабылдайды, ол туралы тиiстi қаулы шығарады.       3. Азаматтық жауапкердiң оған қойылған талапқа байланысты өзiнiң мүдделерiн қорғау мақсатында: айыптау мен азаматтық талаптың мәнiн бiлуге; талапқа қарсылық бiлдiруге; ұсынылған талаптың мәнi бойынша түсiнiктеме мен айғақ беруге; өкiлi болуына; қылмыстық iске қосу үшiн материалдар ұсынуға; өтiнiштер мен қарсылықтар бiлдiруге; тергеу аяқталғаннан кейiн iстiң азаматтық талапқа қатысты материалдарымен танысуға және кез келген көлемде кез келген мәлiметтi көшiрiп алуға; өзiнiң мүддесiн қозғайтын қабылданған шешiмдер туралы бiлуге және мәлiмделген азаматтық талапқа қатысты iс жүргiзу шешiмдерiнiң көшiрмелерiн алуға; кез келген сатыдағы соттың iстiң сотта талқылауына қатысуға; сот жарыссөздерiнде сөйлеуге, қылмыстық процестi жүргiзушi органның әрекеттерi мен шешiмдерiне шағым әкелуге; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертпелер беруге; азаматтық талапқа қатысты бөлiгiнде соттың үкiмi мен қаулысына шағымдануға; азаматтық талапқа қатысты бөлiгiнде iс бойынша келтiрiлген наразылықтар мен шағымдар туралы бiлуге және оларға қарсылық бiлдiруге; мәлiмделген шағымдар мен наразылықтарды соттың қарауына қатысуға; қауіпсіздік шараларын қолдану туралы мәлімдеуге құқығы бар.       4. Азаматтық жауапкердiң осы Кодекстiң 75-бабының жетiншi бөлiгiнде көзделгендей мiндеттерi болады.       5. Азаматтық жауапкердiң заңда көзделген басқа да құқықтары бар және басқа да мiндеттерi болады.       Ескерту. 78-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.04.07 N 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      79-бап. Кәмелетке толмаған айыпталушының, сезiктiнiң                заңды өкiлдерi

      Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар туралы iстер бойынша iске қатысуға осы Кодексте көзделген тәртiппен олардың заңды өкiлдерi тартылады.

      80-бап. Жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң және жеке                айыптаушының өкiлдерi

      1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң және жеке айыптаушының заңды мүдделерiн бiлдiруге заң күшiмен құқығы бар және қылмыстық процестi жүргiзушi органның қаулысымен iске қатысуға рұқсат етiлген адвокаттар мен өзге де адамдар жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң және жеке айыптаушының өкiлдерi болуы мүмкiн.       2. Кәмелетке толмаған немесе өзінің дене бітімі немесе психикалық жағдайы бойынша өз құқықтары мен заңды мүдделерін өз бетінше қорғау мүмкіндігінен айырылған жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін олардың заңды өкілдері мен өкілдері іске міндетті түрде қатысуға тартылады.       Мұндай жағдайларда жәбірленуші не оның заңды өкілі таңдаған адвокат жәбірленушінің өкілі ретінде жіберіледі. Егер адвокатты жәбірленушінің өзі немесе оның заңды өкілі шақырмаса, қылмыстық процесті жүргізуші орган қаулы шығару жолымен адвокаттың қатысуын қамтамасыз етеді. Қаулы орындау үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасына немесе оның құрылымдық бөлімшелеріне жіберіледі және алынған кезінен бастап жиырма төрт сағат ішінде орындалуға жатады. Қылмыстық процесті жүргізуші орган қорғаушы ретінде нақты адвокатты шақыруды ұсынуға құқылы емес.       Жәбірленушіде немесе оның заңды өкілінде қаражат болмаған жағдайда, адвокаттың еңбегіне ақы төлеу бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Мемлекет кепілдік берген заң көмегі шеңберінде азаматтарға заң көмегін көрсететін адвокаттардың еңбегіне ақы төлеудің және олардың қорғауға, өкілдік етуге және өзге де заң көмегін көрсетуге байланысты шығыстарын өтеудің мөлшерін, тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.       3. Жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң және жеке айыптаушының заңды өкiлдерi мен өкiлдерiнiң өздерi өкiлi болып отырған жеке және заңды тұлғалардiкiндей, осы Кодексте көзделген шектерде, iс жүргiзу құқығы болады.       4. Жәбiрленушi, азаматтық талапкер, жеке айыптаушы өкiлiнiң өзi өкiлi болып отырған процеске қатысушының мүдделерiне қайшы қандай да болсын әрекеттер жасауға құқығы жоқ.       5. Жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң және жеке айыптаушының iске өзiнiң қатысуы олардың осы iс бойынша өкiлге ие болу құқығын жоймайды.       Ескерту. 80-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 N 123-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.