Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

Жер сілкінісі №1

.docx
Скачиваний:
31
Добавлен:
24.03.2015
Размер:
27.53 Кб
Скачать

Жер сілкінісі, сел, су тасқыны кезіндегі халықтың іс-әрекеті.

Экологиялық қауіптер.Қоршаған ортаның ластаушыларынан қорғану әдістері.

«Жер қойнауының байлығы – барша келер ұрпақтың игілігі… Бәріміз мұндай байлық қолымызда болмағандағыдай өмір сүріп, жұмыс істеуге тиіспіз»

Н.Ә.Назарбаев

Жоспар:

1.Табиғи апаттар

2.Сел

3.Жер сілкінісі

4.Су басу

5.Экологиялық қауіпсіздік

Сұрапыл апаттар дегеніміз - адамдармен жануарлардың өліміне, халықтың өмірінің күрт бұзылуына, материалдық құндылықтардың жойылуына әкелетін құбылыстар. Сұрапыл апаттар көбінесе адамның қолынан келмейтін табиғат күштерінің әсерінен болады. Мысалы: су басу, жер сілкінісі, ормандағы өрттер, көшкін т.б жатады.

Қазақстан мемлекетінің орналасқан жері – орасан зор, кең байтақ. Ол жерлерде табиғат апатының неше түрі: жер сілкіну, қар тасқыны, қатты жел, су тасқыны сияқты құбылыстар жиі болып жатады.

Сел – тау өзенінің арналарында 3-5 м/с жылдамдықпен биіктігі 10-20 м дейін (кейбір жағдайларда 40-50 м дейін) жекелеген толқындармен қозғалатын, су мен үгілген материалдар қоспасындағы қасқағым сәтте өтетін тау тасқыны, ол салмағы 300 тонна үлкен тастың өзін оңай дөңгелетіп әкетеді. Сел тасқындары өзен арналарындағы үлкен еңістердің болуынан, борпылдақ топырақ пен бөлшектелген материалдың көптігінен, ұзақ нөсерден, қар мен мұздақтың тез еруінен, биік таудағы өзендерді бұзып шығуынан пайда болады. Селдің алапат талқандағыш күші өзінің жолында кездескен барлық гидротехникалық ғимараттарды қиратып, жазық пен өзен сағаларын бүлдіреді. Селдердің қуаты мен қиратушылығы бойынша Қазақстан ТМД–да алғашқы орындардың бірін алады. Республикада 300-ден астам белсенді сел бассейіндері бар. Онда әртүрлі сипаттағы 600 астам сел белгілері тіркелген. Сел көбінесе қатты нөсерден пайда болады – 80% шамасы, мұздақтардың еруінен болған сел оқиғалары – 15% жуық, қар тез еріген және жер сілкінісі кезінде сел сирек пайда болады. Сел қаупінің белгілері: - сел қаупі күшті аудандарда қатты нөсердің ұзақ жаууы; - биіктегі сел қаупі бар өзендерде ауа температурасының күрт көтерілуі, бұл морендік өзендердің суға толып, арнасын бұзып шығуын тудырады; - өзендегі су деңгейінің күрт төмендеуі немесе оның жоғарғы жағында өзен бөгеті бұзылуын көрсететін шұңқырдың пайда болуы; -өзен бөгетінің бұзылуына алып келетін жер сілкінісі.

Сел тасқынының тікелей және жақын қаупінің белгілері: - морендік-мұздақ кешендегі судың толғандығын айғақтайтын сел қаупі бар арнадағы ағынның тоқтауы немесе күрт бәсеңдеуі; - биіктегі сел қаупі бар арнадан күшті гуілдің естілуі; - сел айдаған тастың соққысынан топырақтың дірілдеуі; - сел толқындарының соққысынан шаңдақ бұлттың пайда болуы; - судың қатты лайлануын сипаттайтын сел алдындағы тасқынның пайда болуы;

Сел қаупі бар аудандарда болған кездегі қауіпсіздік шаралары: 1. Таудағы жағдай туралы баспасөз хабарларын ұдайы қадағалаңыз. 2. Сел қаупі бар биіктікте қатты нөсер жауа бастаса жылдам кетіңіз. 3. Сел тасқынына 50-70 м артық жақындамаңыз. 4.Тік жартас пен құлама беткейдің жанына тоқтамаңыз, өйткені тасқынның соққысынан сырғыма мен опарылма түсуі мумкін. 5. Сел араларымен жүрген кезде адамдардың арасындағы қашықтық кемінде 20-30 м болға тиіс. 6. Сел қаупі бар арналардың, өзен бөгеттерінің жанына демалуға тоқтамаңыз және шатырлы лагерь құрмаңыз. 7. Сел тасқынының белгісін сезген бойда арнадан қашығырақ кетіп тау беткейі бойынша мүмкіндігінше жоғары көтеріліңіз. 8. Сел тасқыны өткеннен кейін селдік арнаға түспеңіз, өйткені ол қайталануы мүмкін. 9. Арнаға төмен түскен кезде және онымен жүрген кезде әсіресе ой-шұңқырдан аса сақ болыңыз. 10. Морендік – мұздақтық кешенде және оның бойымен сел тасқыны қаупі болмайтын немесе өте сирек болатын кезеңде, ең жақсысы, ауа температурасы қалыпты кезде жүру ұсынылады. 11. Үйінділер бейберекет жатқан, сондай-ақ мұздақтан немесе қар көшкінінен пайда болған кедергілері бар өзен бөгеттерінің жанынан жүрмеңіз. Сел тасқыны кезінде халықтың өзін-өзі ұстауы мен іс-әрекетіне зілзаланың белгілерін дер кезінде анықтау мен белгілеуді және ол туралы хабарлауды ұйымдастыру үлкен әсер етеді.Көп жағдайда халық сел қаупі туралы ондаған минут бұрын, кей жағдайда 1-2 сағат бұрын естуі мүмкін. Осындай тасқынның жақындауын дөңгеленіп және бір-біріне соқтығысып үлкен жылдамдықпен келе жатқан гүрілден естуге болады. Сейсмоқауіпті аудандағы халық орман желектерін кесу, егіс жұмыстарын жүргізу, үй малын бағу жөніндегі нұсқауларды қатаң орындауға тиіс. Халыққа сел тасқынының жақындауы туралы хабарлаған жағдайда, сондай-ақ оның пайда болуының алғашқы белгілері білінген сәтте ғимараттан тез шығып, бұл туралы төңіректегілерді ескертіп, қауіпсіз орынға бару керек. Өрт болмау үшін үйден шыққан кезде пешті сөндіріп, газ кранын жауып, жарықты өшіріп, электрприборларын ажырату қажет. Егер уақыт болса, қауіпті аймақтан малды айдап кеткен жөн. Халық қауіпті аудандардан уақытша қауіпсіз орынға көшіріледі. Сел қаупі кезінде көшіруге қатысушы адамдар қауіпті жерлерден қарттар мен балалардың шығуына көмектеседі. Бірінші кезекте аурулар мен өз бетінше жүре алмайтын адамдарды шығарады. Еңбекке қабілетті бүкіл халық тоғандарды нығайтуға, кедергілер тұрғызуға, ағызғыш каналдар қазуға міндетті. Сел тасқынына тап болған адамға қолда бар барлық құралдармен көмек көрсету керек. Мұндай құралдар құтқарушылар беретін таяқ немесе арқан болуы мүмкін. Тасқын ішіндегі адамды оның ішіне біртіндеп жақындай отыра тасқынның бағыты бойынша шығару керек.

Жер сілкінісінің кенеттен пайда болады және қас қағымда өтеді. Жер сілкінісі — бұл жер қыртысында немесе мантияның үстіңгі бөлігінде кенеттен болған қозғалыс пен жаратылыс нәтижесінде пайда болған, елеулі ауытқу түрінде, үлкен қашықтыққа таралатын жер асты дүмпуі мен жер астының қозғалысы. Бұл құбылыс жер асты дүмпулерінен, тербелістен болады. Әзірге ғалымдар жер сілкінісі қашан, қайда, қанша уақыт болатынын және қандай зардап әкелетінін тура басып айта алмай отыр. Сейсмикалық станциялардың көрсетулері – дәл емес. Жыл сайын жер бетінде 100-ден аса үлкен жер сілкіністері болып тұрады. Жер сілкінісінің уақытын болжау қиын. Жер қыртысының тектоникалық қозғалысын тудыратын жер сілкінісі өте жойқын болып келеді. Жер сілкінісінің барысында адамдар қаза болады, үйлер, жолдар, көпірлер, каналдар, тоғандар мен басқа да инженерлік ғимараттар, су құбырлары, канализация, электр беру жүйесі қирайды, байланыс желісі бұзылады, қар көшкіні, сел, сырғыма мен қопарылыс пайда болады. Тау жыныстарынан тастар құлайды, адамдарға үрей болады. Су асты және су жағалауындағы жер сілкінісі кезінде, теңіз түбінің қозғалыс нәтижесінде теңіздің гравитациялық толқындарынан цунами пайда болып, құрылыста үлкен бүлінушілік жасайды. Жер сілкінісінің жойқын күші оның әсерінен болатын апаттары көпшілікке мәлім. Өйткені Қазақстанның 450 мың шаршы километр аумағында жер сілкіну қауіпі бар. Бұл аймақта 6 миллионнан астам халық тұрады, 27 қала, 400-ден астам елді мекендер бар. Еліміздің 40 пайызға жуық өндірістік әлеуеті осы аймақта шоғырланған. Жер сілкінісі кезіндегі қондырғы мен ғимаратты зақымдалуынан шегілген залал ғимараттың өзінің зақымдалуынан шеккен шығыннан біршама есе асып түседі. Жер сілкінісінің бірге өрт пайда болып, геологиялық ортаның экологиясы бұзылады, қопарылма, сырғыма, сел тасқыны және т.б. шаруашылыққа қосымша залал әкеледі. Жер сілкінісінің жанама шығыны да орасан зор: өндірістік циклдің уақытша тоқтауы, еңбек ресурстарының зардапты жоюға тартылуы және тағы басқалар. Сонымен қатар көлік жолдарының зақымдануына, тұрғын үй тұрмыстық жағдайдың нашарлануына, халықтың апат аймағынан кетуіне, жерасты дүмпуінің қайталануын күтуінің нәтижесінде адамдардың ұнжырғысының түсуіне әкеліп соғады. Жер сілкінісі салдарының аса ауыр түрлері ғимараттар мен үйлерді сейсмикалық күшейту бойынша жұмыстар жер сілкінісі қауіпті ескерусіз жүргізілетін құрылыс пен ғимараттарда пайда болады. Бұған мысал ретінде соңғы жылдары Қазақстанда болған жер сілкіністері салдарын келтіруге болады (Құлан ауданы Жамбыл облысы). Халықты, аумақты және шаруашылық объектілерінің ықтимал жер сілкінісінен қорғау мақсатындағы шаралар мыналарды қамтиды:

- сейсмологиялық бақылау мен жер сілкінісінің болжамының республикалық жүйесін дамыту;

- сейсмикалық аудандастыру сапасын жақсарту;

- сейсмикалық төзімді ғимараттарды жобалау және салу;

- халықтың сейсмикалық білімін жақсарту, басқару;

- хабарлау мен байланыс жүйелерін тұрақты дайындықта болуын ұйымдастыру, дамыту және қолдау;

- жер сілкінісі кезінде Азаматтық қорғаныс күштерін тарту және тұрақты дайындықта ұстау. Азаматтық қорғаныс күштері мен құралдарының және өзге де шараларға жер сілкінісі салдарын жою жоспарына сәйкес өзге де шараларға басшылық жасау.

Су басу — өзен, көл немесе теңіз суының көтерілу нәтижесінде жердің белгілі бір бөлігінің су астында қалуы. Ол елді мекендердің су астында қалуына, адам мен малдың өлім-жітіміне алып келеді. Көптеген субасудың негізгі себептері нөсер жаңбыр болуы, қардың, мұздақтардың үздіксіз еруі, қума жел болып табылады. Сырғымалар, бөгеттердің, тоғандардың кенет бұзылуынан пайда болатын су басу өте қауіпті. Ол өз кезегінде нөсердің немесе ұзақ жаңбырдың салдары болып табылады. Судың көтерілуінен болатын субасуы Қазақстанның барлық аймақтарындағы өзендерде болып тұрады. Оңтүстік Қазақстан өзендерінде мұндай құбылыстар ақпан-наурызда, оңтүстік-шығыс және Шығыс Қазақстанда наурыз-шілдеде, республиканың жазықтағы өзендерінде наурыз-маусымда болады. Жаңбыр тасқындары Қазақстан аумағында таза түрінде негізінен оңтүстіктегі, оңтүстік-шығыстағы тау етегіндегі және ортасындағы өзендерде, сайларда, көктемнің аяғында және жаз мезгілінде, сондай-ақ жазғы-күзгі мерзімде Ертіс бассейінің өзендерінде байқалады. Олар көбінесе жойқын болып келеді. Орта таулы аймақтардағы жаңбыр тасқынның ерекшелігі белгілі бір жағдайларда олардың селге айналуы болып табылады. Қума желге байланысты апатты тасқын Қазақстан аумағында Орал өзенінде және Каспийдің бүкіл солтүстік-шығыс жағалауында болады. Кептелулер мен тосқауылдардан болатын қиаратқыш салдары бар тасқынның таралу аудандары Іле, Жоңғар Алатауының, Шығыс Қазақстан өзендері болып табылады.

Сақтық шаралары Өзеннің жоғарғы бөлігіндегі мұз тосқауылдары топырақ бөгеттерінің бұзылу жағдайында тасқын қас қағым сәтте болуы мүмкін. Қалған жағдайларда су басу қаупіне дер кезінде назар аударуға мүмкіндік бертін азды-көпті уақыт бар. Қар еріген және қолайсыз ауа-райы кезінде батпақтардың үстімен жүру өте қауіпті. Судың қосымша көлемі батпақтардың өткізгіштігін азайтады, сондықтан тіпті тексерілген учаскенің өзі кедергіге толы және өте қауіпті болуы мүмкін. Апатты су тасқыны кезінде мүмкіндігінше төменгі жерден жылдам кетіп, ең болмағанда, жер бедерінің ең биік нүктесіне дейін жету қажет.

Экологиялық қауіпсіздік мәселесі – бүгінгі таңдағы адамзат өркениетінің аса ауқымды мәселелерінің бірі болып отыр. Аталмыш мәселенің пайда болуының басты алғышарты – қоршаған ортаға адамзат перзентінің антропогендік және техногендік ықпалдарының ұзақ жылдар бойы тигізіп келген әсері деп тұжырым жасауымызға болады. ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында адамзаттың шаруашылық әрекеттері мен өндірістік қатынастарының ғылыми-техникалық жаңару биігіне көтерілуі – экономикалық реформалардың ерекше сипат алуына (модернизациялануы мен интеграциялануы­на) түрткі болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен өткен V Халықаралық экологиялық конгресс (Жапония, 1990), Қоршаған ортаны қоғау жөніндегі конференция (Бразилия, 1992), ХХVІІ Халықаралық географиялық конгресс (АҚШ, 1992) және Йоханнесбург (ОАР, 2003) қаласында өткен бүкілдүниежүзілік экологиялық форум – аталмыш мәселенің өзектілігін көрсетіп отыр.

Ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөліктерінің ішінде, экологиялық қауіпсіздік мәселесі ерекше орын алады. Ол бірқатар объективті себептерге байланысты:

Біріншіден, экологиялық қауіпсіздік адамзаттың өмірлік маңызды қажеттілігі- қоршаған ортаны қорғаумен тығыз байланысты.

Екіншіден, экология мәселелерін шешу және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік, саяси және басқа да мәселелерін шешуінің маңызды шарты.

Үшіншіден, қазіргі таңдағы экологиялық ахуал, экологиялық жағдайдың, оның ішінде ауыз су сапасының күрт нашарлауы, дүлей зілзалалар мен табиғи және техногендiк сипаттағы өзге де төтенше жағдайлар, эпидемиялар мен эпизоотиялар экологиялық қауіпсіздікті мемлекет дамуының маңызды мәселесіне айналдырып отыр.

Экологиялық қауіпсіздікті ғылыми тұрғыдан нақтылау қажеттілігіне байланысты көптеген ғалымдардың назары осы мәселеге аударылып отыр. Дегенмен, ғылыми әдебиеттерде әлі күнге дейін осы ұғым төңірегінде әр алуан тұжырымдамалар қалыптасқан. Біріншілері экологиялық қауіпсіздікті адамзат, қоғам және қоршаған ортаның антропогенді факторлардың және табиғи апаттардың зиян­ды ықпалынан қорғану жағдайы деп түсіндірсе, екіншілері экологиялық қауіпсіздікті қоршаған орта­ны қорғаудың құрамдас бөлігі ретінде қарастырады, үшінші топтағы ғалымдар бұл мәселені табиғи қорларды тиімді пайдалану қатарына да жатқызады.

Б. Прохоров экологиялық қауіпсіздік түсінігін халықтың өміріне және қоршаған ортаның сапасы­на, табиғи және антропогенді факторлардың кері әсерлерін болдырмау бойынша ғылыми негізделген жағдайы деп түсіндіреді.

А.С. Тимошенко «экологиялық қауіпсіздік – бұл қоршаған ортаны қорғау мәселелерінің эволюциясының нәтижесі» деп қарастырады. Автордың көзқарасынан, бір-бірін толықтырып, әрі анықтайтын «қоршаған ортаны қорғау» және «экологиялық қауіпсіздік» түсініктерін етене жақын қарастыратындығы байқалады.

М.М. Бринчук пікірі бойынша «экологиялық қауіпсіздік – бұл қоршаған ортаны қорғаудың негізгі қағидаты және осыған сәйкес қоршаған ортаға зиянды ықпалды қарастыратын барлық іс-әрекеттер заңнамада қарастырылып, тәжірибеде іске асырылып отырған құқықтық немесе басқа да табиғатты қорғау шаралары экологиялық қауіпсіздік тұрғысынан бағалануы қажет. Осы көзқарасқа сәйкес «экологиялық қауіпсіздік» түсінігі «қоршаған ортаны қорғау» түсінігіне кіреді және оның негізгі бөлігі, негізгі қағидаты болып табылады.

А.И. Лагунова бойынша «қоршаған ортаны қорғау» және «экологиялық қауіпсіздік» санаттары тығыз байланыста және кейбір жағдайларда толық сәйкестікте болғанымен, олардың біртектілігі ту­ралы пікір қалыптастыру дұрыс емес, өйткені олардың анықтамасында елеулі айырмашылықтар бар. «Табиғатты қорғау» - табиғи қорларды және объектілерді болашақ ұрпаққа тиісті жағдайда қалдыру үшін қорғау және сақтау болып табылады. Ал экологиялық қауіпсіздікті А.И. Лагунова «табиғи объ­ектілерді қасақана әрекеттерден, қауіптерден қорғауға бағытталған қорғаныс жағдайы, ол табиғатты өрескел әрекеттерден қорғау үшін қорғаныс жүйесін құруды білдіреді», деп түсіндіреді.

Н.Ф. Раймерс экологиялық қауіпсіздікті екі түрлі мағынада қарастырады:

• табиғи ортаға, адамзатқа қауіп қатерлерден қорғайтын іс-әрекеттер, жағдайлар және процестер жиынтығы;

• жер шарының барлық аймақтарындағы экологиялық тепе -теңдікті қамтамасыз етуші жағдайлар, құбылыстар және іс- әрекеттер кешені.

Экологиялық қауiпсiздiк – халық қауіпсiздiгiнiң маңызды бiр бөлiгi. Экологиялық қауіпсiздiк бағытындағы Мемлекеттiк саясаттың мақсаты – табиғи жүйенi тиімді қолдану және оның заңмен қорғалуы, сондай-ақ, адам өмiрiндегi ең маңызды жағдайларды ескере отырып, табиғатқа залал тигiзбеу. Өндiрiстi дамытумен қатар ғылыми-техникалық зерттеулердi күшейту болып табылады.

Экологиялық қауіпсіздік ішкі және сыртқы болып бөліне отыра, үш негізгі түсініктерге сүйенеді: «экологиялық мүдделер», «экологиялық қауіптер», «экологиялық қорғау».

Экологиялық мүдделер – қоғамның табиғатпен үйлесімде болып, таза ауамен демалып, таза ауыз су­мен қамтамасыз етілуі және еліміздің табиғи қорларын тиімді пайдалану. Жалпы экономиканы, заңдар мен қоғамды жаппай экологиялық мүддеге жұмыс істетудің маңызы зор. Мұның ішінде экологиялық сақтандыру жөніндегі жаңа заң жобасын қарастыру маңызды.

Экологиялық қауіптер – мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне зақым келтіру, сонымен қатар Қазақстанның мүдделеріне қарсы стратегиялық ресурстарды қолдану, инвестициялық белсенділік­ке кедергі келтіру, Қазақстанның сыртына бақылауға алынбаған капиталдың шығарылымы. Соны­мен қатар экологиялық ахуалдың күрт нашарлауы, табиғи апаттар мен табиғи және техногендiк сипаттағы өзге де төтенше жағдайлар, iндеттер мен жануарлар iндеттерi.

Экологиялық қауiп – антропогендiк және табиғи әсерлер ықпалынан, соның iшiнде дүлей зiлза­лаларды қоса алғанда, зiлзалалар мен апаттар салдарынан қоршаған ортаның жай-күйi бұзылуының, өзгеруiнiң болуымен немесе ықтималдығымен сипатталатын, жеке адам мен қоғамның өмiрлiк маңызы бар мүдделерiне қауiп төндiретiн жай-күй. Ал экологиялық қорғау қоршаған ортаны қорғау бойынша адамзаттың, халықаралық қауымдастықтың және мемлекеттің жүргізетін кешенді іс- шаралары.

Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін Қазақстанда жаңа реформалар, әлеуметтік-қоғамдық өзгерістер болды. Кеңестік тәжірибеге сүйене отырып, жаңа экономикалық жағдайда Қазақстанда әлеуметтік- экологиялық жағдайдың қалыптасу тарихы, еліміздің әлеуметтік жағдайы мен ахуалы, халықаралық ынтымақтастықтың маңызы мен мәні, «Жаңа экологиялық саясаттағы» ақтаңдақтар мен қателіктердің алдын алу мәселелері қарастырылды.

Экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң мүлде жаңа мемлекеттiк жүйесiнiң құрылуының және қалыптасуының, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы атқарушы органдардың жақсы ұйымдастырылған және аумақтық таралған жүйесiн – қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалануды басқарудың жылдары болды. Бұл қоршаған ортаны қорғау және табиғи ре­сурстарды ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттiк саясатты қалыптастыруды және дәйектi iске асыруды қамтамасыз еттi.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негiздерi Қазақстан Респу­бликасы Президентiнiң 1996 жылғы 30 сәуiрдегi өкiмiмен мақұлданған экологиялық қауiпсiздiк тұжырымдамасына енгiзiлiп, онда өтпелi кезеңнiң экологиялық басымдықтары, атап айтқанда, жекешелендiрудiң экологиялық проблемалары, табиғат қорғау заңнамасының, мемлекеттiк бақылау және сараптаманың, табиғат пайдаланудың экономикалық тетiктерiнiң, қоршаған орта мониторингiнiң жүйесiн құру қажеттiлiгiнiң мәселелерi қарастырылған болатын.

Ұлттық экономиканың барлық салаларын реформалау табиғи ресурстарды пайдалануға көзқарастардың өзгеруiне, қоршаған ортаны сақтауды ескере отырып, әлеуметтiк-экономикалық да­муды жүзеге асыруға негiз болды.

Қазақстан Республикасында қоғамдық дамуда елеулi өзгерiстер орын алды. Мемлекет дамуының стратегиялық құжаттары әзiрлендi, табиғат қорғау заңнамасының негiзi құрылды, қоршаған орта­ны қорғау мәселелерi бойынша бiрқатар халықаралық конвенцияларға қол қойылды, табиғат қорғау қызметiн басқару жүйесі құрылды. Мысалы, 1997 жылы «Қоршаған ортаны қорғау туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы», «Экологиялық сараптама туралы», 1998 жылы – «Радиациялық қауiпсiздiк туралы» Заңдар, ал 2002 жылы – «Атмосфералық ауаны қорғау туралы» Заң қабылданды. Табиғатты ұтымды пайдалану саласында Президенттiң «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» (1996 жыл) және «Мұнай туралы» (1995 жыл) заң күшi бар Жарлықтары, 2003 жылы - Ор­ман, Су және Жер кодекстерi қабылданды. Заңға тәуелдi қажеттi нормативтiк құқықтық актiлердiң көпшiлiгi әзiрленiп, бекiтiлдi.

Экологиялық талаптарды реттейтін арнаулы нормалар біршама. Олардың қатарына: Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 18 наурыздағы «Экологиялық сараптама туралы»; Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шілдедегі «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы»; Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шілдедегі «Қоршаған ортаны қорғау туралы»; Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 21 қарашадағы «Жануарлар дүниесін қорғау, өнімін молайту және пай­далану туралы»; Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 11 ақпанындағы «Өсімдіктер карантині туралы» заңдары, сондай-ақ жер қатынастары, атмосфералық ауаны қорғау туралы т.б. заңдар жатады.

Қазақстан Республикасының экологиялық кодексінде қабылданған экологиялық заңнаманың негіз­гі принцптері 5-бапта төмендегідей түрде берілген:

1) Қазақстан Республикасының орнықты дамуын қамтамасыз ету;

2) экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;

3) экологиялық қатынастарды реттеу кезiндегi экожүйелi көзқарас;

4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк реттеу және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттiк басқару;

5) қоршаған ортаны ластаудың және оған кез келген басқа түрде залал келтiрудi болдырмау жөнiнде алдын алу шараларының мiндеттiлiгi;

6) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылықтан бұлтартпау;

7) қоршаған ортаға келтiрiлген залалды өтеу мiндеттiлiгi;

8) қоршаған ортаға әсер етудiң ақылы болу және оған рұқсат алу тәртiбi;

9) табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету кезiнде неғұрлым экологиялық таза және ресурс үнемдеушi технологияларды қолдану;

10) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк органдар қызметiнiң өзара әрекеттестiгi, үйлесiмдiлiгi мен жариялылығы;

11) табиғат пайдаланушыларды қоршаған ортаны ластауды болдырмауға, азайтуға және оны жоюға, қалдықтарды кемiтуге ынталандыру;

12) экологиялық ақпараттың қолжетiмдiлiгi;

13) табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету кезiнде ұлттық мүдделердi қамтамасыз ету;

14) Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының халықаралық құқық принциптерiмен және нормаларымен үйлесуi;

15) жоспарланып отырған шаруашылық және өзге де қызметтiң экологиялық қауiптiлiгi презум­пциясы және оны жүзеге асыру туралы шешiмдер қабылдаған кезде қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсерiн бағалау мiндеттiлiгi болып табылады.

Стратегиялық жоспарлаудың бір іргетасы деп Қазақстаннның 2030 жылға дейінгі дамуының стратегиясы немесе «Қазақстан-2030» бағдарламасын атауға болады. Оны ҚР Президенті 1997 жылдың қазан айында жария еткен болатын. «Қазақстан-2030» қоршаған ортаны қорғау мен ТД бойынша бірқатар мақсатарды біріктірген.

Солардың ішінде: қоршаған орта сапасын тұрақтандыру, адам өміріне жайлы келетін ортаны қамтамасыз ету, келер ұрпақ үшін табиғи байлықтарды қорғау мен солардың өндірілуі мен пайдала­нылуын тиімді ету секілді мақсаттар бар. Қоршаған ортаның басымдылығына мыналар жатады:

• кедейлікпен күресу;

• халықтың денсаулығына қатысты экологиялық қауіптің алдын алу жəне деңгейін төмендету;

• шөлге айналумен күресу;

• биологиялық əралуандықты сақтау;

• көшетханалық орындардан бөлінетін газ жəне озон қабатын бұзатын заттармен қатар, атмосфераға тасталатын қалдықтарды қысқарту;

• ауыз суға қолжетім деңгейін кеңейту;

• трансшекаралық қоршаған орта мəселелерін шешу;

• қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру;

• радиациялық жəне биохимиялық қауіпсіздікпен қамтамасыз ету.

Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіннің бірқатар баптарында қарастырылған. Атап айтқанда: «Қоршаған ор­таны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық» 19-тараудың 240-бабы бойынша Қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды бұзу ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға, дара кәсiпкерлерге – жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға қоршаған ортаға келтiрiлген зиян сомасы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады; 241-бабында ластануға ұшыраған жерлерде залалсыздандыру немесе өзге де қалпына келтiру ша­раларын жүргiзу мiндетi жүктелген адамдардың осындай шараларды жүргiзуден жалтаруы немесе тиiсiнше жүргiзбеуi, егер бұл iс-әрекеттер адам немесе қоршаған орта үшiн ауыр зардаптарға әкеп соқтырмаса, – жеке тұлғаларға – жиырма бес, дара кәсiпкерлерге, шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға - жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға екi жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады делінген . ­

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, төмендегідей тұжырымдар жасауға болады:

Экологиялық қауіпсіздік – Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі болып табылады және өзіндік күрделі құрылымға ие. Экологиялық қауіпсіздіктің екі бағыты бар – табиғи қауіпсіздік және техногенді қауіпсіздік.

Экологиялық қауіпсіздіктің негізі экологиялық мүдделер, экологиялық қауіп қатерлер және экологиялық қорғау болып табылады. Сондықтан да ұлттық мүдделер қатарына экологиялық мүдделерді де айқындау маңызды. Біздің елімізде қазіргі таңда экологиялық қауіп-қатерлер саны да өсіп келеді. Әрине жоғарыда көрсетіп өткендей, мемлекет тарапынан экологиялық саясатқа, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жете көңіл бөлініп отыр. Дегенмен, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар жақсартуды талап етеді.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]