Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Шығармалар))).docx
Скачиваний:
229
Добавлен:
13.09.2019
Размер:
144.51 Кб
Скачать

17) Мағжан ақынның махаббат лирикасы

Ақынның табиғаты өте күрделі, жұмбақ, сырға толы. Оны сырттай түсіну әсте мүмкін емес. Менің өмірім - өлеңімде деп Есенин жырлағандай, Мағжанды түсіну үшін өлеңіне үңілеміз. Қайталанбас саф гауһар жыр жолдарын қан қызып, бас айнала мас болып отырып сыр аңдимыз... Тәңірінің ерекше жаратылысы, елдің еркесі, желдей жүйрік, оттай ыстық ақынды тар сөздердің шеңберіне сыйғызуға тырысамыз. Ойға алған ісіміздің көзсіз батырлық, аспандағы айды алуға ұмтылған аңғалдық екенін біле тұрсақ та, үмітсіз шайтан деп Жаратушыға сыйынып, іске кірісеміз… Телегей теңіз шексіздіктен, мұхиттай тұңғиық тереңдіктен тамшыдай даналық, болар-болмас сыр ұштығы бұйыра ма деген дәмемен ақын жайлы сөзімізді бастаймыз...

Ақынның сыры неде, талайды аузына қаратып тамсандырған ақын феноменін қалай түсінуге болады? Ол құдіреттің аты не, заты не? Ол құдіреттің аты да Махаббат, заты да Махаббат дер едік біз ойланбастан. Құдіреті күшті Иеміз Алла сұбханакә уә тағала мына біз өмір сүріп отырған ғажайып әлемді, әрісі он сегіз мың ғаламды Махаббатпен жаратыпты. Тіршілігіміздің негізінде іргетас болып қаланып, күретамырымында тынбай ағып, барша әлемнің қан тамырларына жан беріп тұрған құдіреттің аты да Махаббат. «Біз Жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарап білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғаделетке қарай тартпақпыз. Сол Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады. Инандым, сендім демек инандырамын, сендіремін деген емес.

Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – Жаратқан Тәңірінің ісі. Айғыр биеге ие болмақта да махаббат сезім бар. Бұл ғаделет, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп» дейді Мағжан ақынның ұлы ұстазы хакім Абай.

Сонда махаббат пен ғаделет сезім Алланың хикметі, даналығы, сыры – Алла тағаланың көлеңкесі. Жалпы жаратылыстың сырына бойлатар алтын қақпаның кілті, дүниенің жұмбақ кілтипанының шешуі... Бірақ бұл сыр жалпы жұрттан жасырын, жаратылыстың ішке бүккен құпиясы. Кімде-кім осы махаббат пен ғаделетті сезінсе, таныса – Жаратушысын сезінеді, таниды дейді ұлы Ұстаз. Әрі махаббат пен ғаделет – адамшылықтың алды! Өзіңіз ойлаңыз – адамның адамшылығының бастау көзі, мөлдір тұмасы – осы махаббат пен ғаделет сезімінен басталады екен. Егер махаббат пен ғаделет сезімі болмаса тіршілік өз жүрісінен жаңылады, әлемдік ұлы үйлесім заңы бұзылады. Адамдар сүйе білетін, сүйгені үшін жанын құрбан ете алатын асыл жаратылыстан, бақай есеппен өмір сүретін, өзі үшін оттап, өзі үшін өмір сүретін сезімсіз, тас жүрек жандарға айналмақ...

Махаббат – жақсылықты сүю, ізгілікті сүю: сүйгені үшін әлемнің бар жақсылығын, бар игілігін жасауға әзір болы. Не деген ғажап сезім, не деген Алланың хикметі! Сүйіктісіне деген махаббаты арқылы бүкіл әлемді сүю, махаббат арқылы, нәпсілік эгоизмнен тазарған жүрек арқылы жалпы жұртқа арналатын, кемеріне сыймай, асып-тасып төгілген сүйіспеншілік сезімі...

Бұның себебі неде дейсіздер ғой? Айтайық: Алла тағала адамды жалпы тіршілікті жаратқандағы махаббаттан да күшті махаббатпен жаратқан! Оны сүйгені соншалық, Өзінің бойындағы асыл сипаттарын дарытып он сегіз мың ғаламға Өзіне лайықты орынбасар етіп жаратыпты. Адам осы биік межеге, осы биік мәртебеге Тәңірінің бойына әуелден құйып берген махаббат отын маздату, сүйіспеншілік шырағын жағу арқылы ғана жете алады екен. «Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе?» (Абай). Жаратушының бізді жаратқандағы махаббатына енді біздің де махаббатпен жауап қайтаруымыз мойнымыздағы қарызымыз екен. Адамшылықтың қарызы. Біздің атымыз ғана емес, затымыз да Адам болуымыздың шарты.

Жаратушыны сүю, Жаратушыға деген махаббат. Қалайша жүзеге аспақ? Жаратушыны тікелей сүйе аламыз ба? Сүйе алмасақ керек. Өйткені, «Біз Жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарап білетұғын пендеміз» (Абай). Бүкіл тіршілік, оның ішінде адам да бар, Жаратушының көлеңкесі. Күн болмаса көлеңке қайдан пайда болмақ? Біздің кейде көлеңкені Күннің өзі деп шатасатынымыз, шатаса отырып табынатынымыз таным көкжиегінің тарлығынан емес пе екен?!

Шәкәрім атамыз айтады:

Шырақтар, ең құмарың осы болсын,

«Алланы сүйсең, адамды сүй» дегендей...

Алла тағаланы сүйсең, адамды сүй! Міне, асыл дініміздің басты талабы, негізгі ойлау жүйесінің бағыты, алтын өзегі.

Ендеше Жаратқанның көлеңкесінің ішіндегі ең сұлуы, ең үздік жаратылысы, кемел, келісімді жаратылысы - әйел; жәй ғана әйел емес, сұлу әйел, жаны да, сыртқы келбеті де көрген адамды есінен тандыратын әйел заты. Шығыс поэзиясында ақынды бұлбұлға сұлу әйелді гүлге теңейді. Таңмен таласып қауызын ашқан раушан гүліне ғашық болып, мың құбылтып сайрай жөнелген бұлбұл осы арқылы жалпы жаратылысқа, Жаратушыға деген махаббатын білдірсе, Ақын дәл солай сұлу әйелге ғашық болу арқылы өзінің Жаратушыға деген шексіз махаббатын паш етеді. Сұлу әйел арқылы Құдіретке бас иеді. Ақындық табиғаттың терең сырларын алдымызға жайып салатын шығыс поэзиясының бұл формасын Мағжан да жеріне жеткізе шеберлікпен пайдалана білген:

Болса гүлсіз,

Бұлбұл үнсіз,

Үнсіз бұлбұл – бір сұр құс.

Үнсіз өмір –

Сөнген көмір,

Отсыз жүрек – бос қуыс.

Бұлбұл – Ақын гүлсіз – ғашық жарсыз неге тұрады? Ол бар жоғы қатардағы, саны бар сапасы жоқ, қарын тойдырғанға мәз сұр құс – көп пенденің бірі. Бұлбұлды бұлбұл қылып тұрған оның үні: мұқым тіршілік иесін таң қалдыра, бойыңдағы алпыс екі тамырды иітіп, тіршілікке ғашық қылатын ерекше әуез, сығынышы, үзіліп түскен тамшының өз отанын аңсаған шетсіз-шексіз ынтықтығы. Тіршілік теңізіне батқан, дүние әуесіне ғарық болған пендеге мына жарық әлемді жаратушы Құдіреттің бар екендігін есіне түсіретін тылсым саз... Мына біз өмір кешіп жатқан фәни дүниеде жаратылыстың әсемдігі мен сұлулығын гүлге ғашық болу арқылы білдіретін бұлбұл мен сұлу әйелге мәңгі ғашық ақынның айырмасы бар ма? Болмаса керек. Бұлбұлдың үні болмаса, ақынның жыры болмаса мына тіршілікте не мағына, не сән қалады. Алып Абай:

Тартқан бейнет, өткен жас,

Жүректің отын сөндірмес.

Махаббат - өмір көркі, рас,

Өлген соң ол да үндемес, - деп мойындайды

Жаратушының ақындарды ерекше жақсы көретінін – ақын өз бойындағы Құдай берген дарын – ақындық қасиет арқылы жалпы жұртқа Алла тағаланың сұлулығын, әділеттілігі мен мейірімділігін, үйлесім мен жарасымға толы мына әлемді жырлау арқылы паш етеді. Ақын үнсіз болса, өмір бар көркінен айырылып, адамдар ас ішіп, аяқ босатудан басқа мақсат-мұраты болмай хайуандық деңгейге түсіп қалар еді. Мұндай өмірді Мағжан ақын бойында еш жылуы қалмаған сөнген көмірге, өмірге ғашық бола білмеген отсыз жүректі бос қуысқа теңейді. Осы өлең жолдары арқылы жалпы Ақынның табиғаты, өмірлік ұстанымы, кредосы ашылады ғой деп ойлаймыз...

Әйел культі. Мағжан жырларында сұлу әйел культке айналған. Өмір құндылықтарының ішінде ақын сұлу әйелді, оның оттай ыстық құшағын бәрінен жоғары қояды. Оған ештеңені теңгермейді:

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!

Жылы, тәтті у тарады қаныма.

Бұл ләззаттың бір минутін бермеймін,

Патша тағы, бүкіл дүние малына.

... Шашың – қара, денең – ақ бұлт, жүзің – Ай,

Тісің - меруерт, көзің, сәулем, құралай.

Ләззат, рақат, бақыт – бәрі қойныңда,

Сұрамаймын енді ұжмақ – жақсы жай!

Бір қарағанда ақынның бұл өлеңі гедонистік сарында жазылған боп көрінуі мүмкін. Бірақ мәселенің байыбына барар болсақ, бұл өлең жолдарында терең сыр жатқанын аңдаймыз. Он бірінші ғасырда өмір сүрген мұсылман ойшылы шейх, мухиддин – «діннің мұхиты» деген атаққа ие болған ибн Араби әйел еркектен де кемел, көркем жаратылыс деген ой айтады. Алла сұбханакә уә тағала әйелді еркектің қабырғасынан жарата отырып, оны кемелдігі мен көркемдігінде еркектің өзінен де асырып жіберген. Бұл – Алланың хикметі. Енді еркек өзінен әлдеқайда көркем, кемел әйел затына ғашық болу арқылы өз кемелдігіне, өз биігіне ұмтылады екен. Мағжан ақынның көркемдік биігінің сыры, даналық тереңдігінің кілтипаны бәлкім осында жатқан шығар...

Американың атақты әйел ақыны Эмили Дикинсон жәй қарапайым пенде мен ақынның парқы олардың дүниеге, жаратылысқа деген көзқарасынан білетіндігін айтады. Мысалы, бойында ақындық сезім жоқ адамға гүл шөп болып көрінсе, ал ақын шөп емес, гүл көреді дейді. Сондықтан сұлу әйелдің қадір-қасиетіне жетіп, оның құшағын жұмаққа теңеген, дүниені көзіне ілмей, барлық дүние қызығынан сұлудың құшағын артық көрген Мағжан ақынға нендей айып, қандай кінә таға аламыз...

Махаббат – ол өзі бір дерт, кесел, ауырсыну. Күнделікті тіршіліктің күйбеңімен жүрген сап-сау адамды әп сәтте дертті, жынды қылып қояды. Сондықтан болар, махаббат сезімінің дәмін татып, талай аузы күйген былайғы жұрттың махаббаттан қашатындығы... Бірақ ақын өйтпейді: Отқа ұмтылған жынды көбелектей сезім дариясына саналы түрде ұмтылады. Мұны зерттеуші мамандар ақындық тағдыр-талай, пешене деп те жатады. Бірақ бұл ақынның өзіндік төл стихиясы: махаббат жоқ жерде, ақын да жоқ!

Махаббат – бір тікенек,

Жүрекке барып қадалар.

Бақытсыз ғой бұл жүрек,

Тамшылап одан қан ағар.

Тез жазылмақ бұл жара,

Бал тілімен сүйсе жар.

Сүймесе жар, дариға,

Өлер жүрек, қансырар.

Махаббат – бір тәтті у,

Ішер жүрек, болар мас.

Дүниедегі у мен шу,

Мас жүректі оятпас.

Махаббат – бір тәтті у,

Ішер жүрек, төгер жас!

Махаббат бір қолайсыз – жүрекке қадалған бір тікен дейді ақын. Жүрекке сонша ауыртпалық әкелетін, қайғы-қасірет әкелетін бұл сезімнің не құдіреті бар? Адам баласы бәрін біле тұра бұған неге ділгір, неге зәру? Махаббатсыз-ақ таң атырып, күн батырып жүрген қаншама пенде бар. Жоқ, жүректің қасірет шегуі, у ішуі, ол удың тәтті уға айналуы табиғи қажеттілікке айналған сыңайлы. Жаратушы иеміз адам баласын махаббатпен жаратқандығынан болар, жүректің махаббатқа мұқтаждығы. Махаббат, ынтызарлық – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің манифестанциясына, жарық дүние бетін көруіне алып келеді. Жүрек, ет жүрек емес, - қойдың басындай ондай ет жүрек итте де бар (Мәшһүр Жүсіп), - рухани жүрек нәпсі (эго) мен рухтың қосылуынан пайда болады. Адам ғашық болғанда рухы күшейіп, жүрек нәпсіні көзіне ілмей, жоғары ғарыштан, Құдайдан келген рух өз азығын алғанда ішпей-жемей мас болады. Шын ғашық адам махаббаттың жоғарғы кернеуінде тәтті уға айналған қайғы-қасірет арқылы жүрек түкпірінен Жаратушы сыйлаған небір асыл сипаттарды жарыққа шығарады. Қазақ руханияты бұл адамшылық асыл қасиеттердің дүниеге келуін былайша білдіреді:

Қайғысыз қайран жүрек зарламайды,

Шын ғашық бірін-бірі алдамайды.

Қара тас ұйқың келсе мамақ болар,

Ғашықтық сұлулықты таңдамайды.

Міне, тап-таза, пәк рухтардың бір-біріне деген ынтызарлығын қазақтың қара өлеңі қандай дәлдікпен һәм шеберлікпен бере білген.

Және Мағжан ақын өзі ғашық болған сұлу әйел табиғатын, оның рухын өте жете таныған. Өзінің махаббат ирикасында қайталанбас шедевр болып табылатын «Гүлсімге» атты өлеңінде сұлу әйелдің затын былайша суреттейді:

Жұмақтағы жібек желден,

Мәңгі жайнап тұрған гүлден

Жаратылған әйел сұлу!

... Жұмақтағы кәусар судан,

Бетіндегі алтын будан,

Періштелердің жырынан,

Жұмақ суы сылдырынан,

Жапырағының сыбдырынан,

Тәңірінің дәл өз нұрынан,

Жаратылған періште еді,

Мекені оның ғарышта еді.

... Періштелер лебізінен,

Шын махаббат теңізінен

Жаратылған әйел сұлу!

Осындай әйелге ғашық болып тұрып қалай тазармайсың, қалай пенделіктің кір-қоңынан ада-күде арылмайсың... Қалайша адамшылықтың биік асқарларына қанат қақпайсың? Мағжан ақынның ақындық феномені де осында - әйел затының ішкі сұлулығын тани білуінде; әйел затының ішкі сұлулығын Алла сұбханакә уә тағаланы өзінің нұры деп тани білуінде.

11) Махамбет өлеңдері өзінің жанр жағынан да зерттеушілердің айрықша көңілін аударуға тиіс. Оның кейбір өлеңдерін лиро-эпикалық түрге жатқызуға болады. Ол өлеңдерінде ақын өмір құбылыстарын Исатай бастаған шаруалар көтерілісімен байланысты тарихи шындық, өз қалпында суреттелсе, сонымен қатар оған өзінің көзқарасын, қатысын, ол жағдайды өзінің қалай сезінуін де көрсетеді.

Лирикалық сезінуге бөлене отырып, оқиғаны баяндау лиро-эпикалық жырларға тән нәрсе екендігі кімге де болса мәлім.

Бұлай баяндау сарыны (мотив) Махамбеттің «Соғыс», «Мінкен ер», «Баймағамбет сұлтанға айтқаны», «Исатай сөзі» деген өлеңдерінде айқын сезіледі.

«Соғыс» деген өлеңінде Махамбет көтерілісінің әрбір кезеңдерін тарихи оқиғаның ізіне сәйкес етіп суреттейді. Кейбір көріністерді баяндау, суреттеулері тарихи фактілермен тығыз байланысты болып отырады. Бір қарағанда, осы «Соғыспен» өрістес біркелкі өлеңдерді тіпті тарихи жыр өлеңдер тобына жатқызуға да болатын тәрізді. Бірақ бұл — өз алдына жеке тексеруді керек ететін мәселе. Өйткені ауыз әдебиетіндегі белгілі бір түр саналатын тарихи өлеңдер (лиро-эпикалық жыр емес, қысқа өлеңдер) бізде әлі де зерттелген емес. Махамбеттің бұл тектес өлеңдерінің ауыз әдебиетіндегі қысқа тарихи өлеңдермен байланысы барлығы айқын. Бірақ айырмасы қайсы деген сұрақ әуелі ауыз әдебиетіндегі ескіден келе жатқан қысқа өлеңдердің өзін жеке мәселе етіп талдауды керек етеді. Сондықтан оны басы ашық қалдырамыз.

Ал біздің бұл жерде айтпағымыз — ақынның тарихи уақиғаларды тамаша шындықпен бұлжытпай көрсете алуы. Осы жағынан алғанда, оның өлеңдерінде тарихи шындықтың салмағы басымдығы және Махамбет өлеңдерінің тарихи мәні үлкен екендігі аңғарылады.

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Махамбет поэзиясы – аса күрделі дүние. Ақынның өткен заман шындығын, белгілі бір ортаның мәдени, саяси, әлеуметтік сипатын, ұлттық болмысын, ділін, танымын әр алуан көркем образдар арқылы таныта білген экспрессивті поэзиясы біраз зерттелгенімен, ақын тілінің өзіндік табиғаты, терең ұлттық-мәдени, тарихи мәні толық танылып, мән-мағынасы ашылып болған жоқ. Сондықтан да ұлттық мүддеге негізделген Махамбет шығармаларының поэтикалық өрісін қазақ тіл білімінің жаңа бағыттарымен ұштастырып (лингвостилистика, лингвопоэтика, психолингвистика, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика, этнолингвистика тұрғысынан), арнайы қарастыру – өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Екіншіден, белгілі бір уақытқа сай келетін тарихи шындықты, халық өміріне, ұлттық санасына елеулі әсер еткен оқиғаларды, қазақтың ұлттық болмысын, дүниетанымын, өршіл рухын, дүниенің ағы мен қарасын (өмір – өлім, қуаныш – қайғы, сенімділік – опасыздық, әділдік – әділетсіздік, дос – жау т.б.) танытуымен, адам жанын жандандырып, «ұлттық идея», «намыс», «ерлік», «ақиқат», «өршіл рух», «елім, жерім» деген ұғымдарды айшықтай түсуімен ерекшеленетін және солардың бәрін көркем бейне, астарлы ой, үстеме мағына негізінде таныта білген Махамбет ақынның шығармашылық тілін зерттеу – көркемдік шеберлігімен, ұлттық дүниетаным тереңдігімен, бейнелі де экспрессивті тілімен айырықша келетін көркем мәтін тілін зерттеу деген сөз.

Үшіншіден, тақырыптың зәрулігі Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінің тілі, оның ішінде коннотаттық компонент мағынасына тең келетін сөздердің қолданылуы арнайы қарастырылып, көлемді түрде зерттеу объектісі болмағанынан туындайды.

Зерттеу нысаны. Көркем сөз шебері Махамбет ақынның ұлттық-танымдық, тарихи, прагматикалық сипатымен ерекшеленетін поэтикалық тілі.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Коннотация құбылысының ерекшеліктерін айшықтап, лингвистикалық табиғатын нақтылап дәйектейтін Махамбет лексикасының үстеме мағынасын ашуға байланысты ақын шығармашылығындағы коннотаттық семантиканың орын алу деңгейін, мақсатын, жүзеге асу жолдарын анықтау – жұмыстың негізгі мақсаты. Белгіленген мақсаттың орындалуы төмендегідей міндеттердің шешілуін қажет етеді:

- коннотация құбылысына арналған теориялық еңбектерге шолу жасау;

- коннотация микрокомпоненттерін нақтылау;

- ақын тіліндегі екінші дәрежелі коннотаттық сема (К2) мазмұнын қамтитын тілдік бірліктерді мысалға ала отырып, семантикалық деривация мен коннотация категорияларының байланысын көрсету;

- Махамбет шығармашылығы негізінде коннотаттық компонент және астарлы мәтін арақатынасын анықтау;

- коннотаттық мағына мазмұнына тең келетін сөзқолданыстардың коммуникативтік-прагматикалық мәнін түсінудегі пресуппозицияның рөлін көрсету;

- ақын тіліндегі мәдени коннотация мазмұнын қамтитын тілдік бірліктерді тақырыптық топтар тұрғысынан саралап, көркем мәтіннің лексикасын ұлттық-танымдық тұрғыдан қарастыру;

- нақты тілдік деректер негізінде Махамбет поэзиясындағы көріктеуіш құралдардың қызметін прагматикалық үстеме мағына және мәдени ақпарат таныту тұрғысынан сипаттау.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: Махамбет поэзиясының басты қасиеттерінің бірі саяси үгіт болуы заңды. Бірақ саяси үгіт поэзиясын жасаушы тарихта жалғыз Махамбет емес, басқалар да болды. Әйтсе де солармен салыстырғанда да, Махамбеттің тағы өз ерекшелігі бар. Бізше, Махамбеттің негізгі ерекшелігі — оның бір сырлы, сегіз қырлылығында ақпараттық технология арқылы еркін жазу стратегиясын қолдану аясын зерттеу.

13) Абай өлең жазуды 10 жасында («Кім екен деп келіп ем түйе қуған...») бастаған. Одан басқа ертеректе жазылған өлеңдері — «Йузи-рәушән», екіншісі — «Физули, Шәмси». «Сап, сап, көңілім», «Шәріпке», «Абралыға», «Жақсылыққа», «Кең жайлау» өлеңдері 1870 — 80 жылдар аралығында жазылған. Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы — «Қансонарда» 1882 ж. жазылған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі — өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі — ғақлия (немесе Абайдың қара сөздері) деп аталатын прозасы; үшіншісі — өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері.

Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады. Ислам діні тараған Шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы танысу арқылы өзінің шеберлік — шалымын одан әрі шыңдайды. Шығыстың екі хикаясын «Масғұт» және «Ескендір» деген атпен өлеңге айналдырады. Ислам дініне өзінше сенген діни таным жайындағы философиялық көзқарастарын да өлеңмен жеткізеді. Абайдың дүниетанудағы көзқарасы XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақ халқының экономикасы мен ой-пікірінің алға ұмтылу бағытта даму ықпалымен қалыптасты. Дүниетану жолында сары-орыстың төңкерісшіл демократтарының шығармаларын оқып, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін қорытып, басқаларға қазақ өміріндегі аса маңызды мәселелерді түсіндіруге қолданады. Дүниетану өңірінде екі қасиеттің — сезім мен қыйсынның , түйсік пен ақылдың қатынасын таразылайды. Сондықтан да: «Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз» деп жазады.

Кез келген халықтың тарих сахнасына шығуы — жүйеге бейімделген біртектес өмір салттың ғана нәтижесі емес, сонымен бірге қасиеттік деп саналатын- арман-аңсардың (идеал) да біртұтастығына айғақ. Олай болса Абай сынының тәлкегіне түскен еріншектік, дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірікшілік, өсекшілдік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік сияқты қасиеттер қазақ баласының кейбірінің бойындағы туа біткен кемшілік емес, сол Абай өмір сүрген қоғамдағы саяси әлеуметтік қатынастардың нәтижесі екеніне ден қою қажет. Сонда, Абай бұрынғы бабаларымыздың бойынан көрген «кемшіліктерді» себеп ретінде емес, сол замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың салдары ретінде қарастыруға жол ашқан.