Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Шығармалар))).docx
Скачиваний:
229
Добавлен:
13.09.2019
Размер:
144.51 Кб
Скачать

Ұлылық үлгісі

Мұхтар Әуезов Абай тақырыбын, Абай өмірі мен өнерінің мән-мағынасын бар ынта-ықыласымен, асқан сүйіспеншілікпен терең зерттеді. Жазушы ұлы ақынның өпшес мұрасын, тарихи тұлғасын өз халқының тыныс-тіршілігімен, бүкіл өмір жолымен бірлікте алып суреттеп көрсетті. Ол жөнінен автордың «Өз жайымнан мағлұмат» естелігінен талай сырды ұғамыз. Сондай-ақ жас ойшыл жазушылық міндеттің не екенін ерте танып, жете ұғына білді.

Тарихи бір дәуірді толық қамтитын қазақ даласының бүкіл тыныс-тіршілігімен, өмірін жан-жақты суреттеп көрсететін ұлы эпопеяға автор үлкен дайындықпен келді. «Абай жолы» романының негізгі арқауы – заман шындығы, сол кезеңде өмір сүрген адамдар арасындағы қарым-қатынас, күрес-тартыс, күйініш-сүйініш. Жазушы халық есінде сақталған естелік, әңгіме оқиғаларын, Абай туралы мұрағат материалын, ақынның өз мұрасын жинап, зерттеп, ой елегінен өткізе отырып, ұлы туындысына кеңінен ұтымды пайдаланды. Автордың өзі: «Биограф ретінде Абай өміріне қатысты материалдар жинаумен 1930 жылдан кейін айналыса бастадым. Өкінішке орай, бұл кезде ақынды жүзбе-жүз танитын адамдардан бірен-саран қариялардың ғана көзі тірі еді», – деп жазады. Абай туралы ұзақ уақыт материал жинаудың қиындығын былай жеткізеді: «Жалпы бұл кезеңдегі романға байланысты жұмыс сипатымды мен әлдеқашан көшіп кеткен керуеннің жұртына келіп, сөнуге айналған ошақ орнынан әлсіз қызуы бар соңғы шоқты тауып алып, оны демімен үрлеп қоздатып, жалынды алауға айналдырмақ болған кешеуіл жолаушының харекетімен салыстырар едім. Көне көз қариялардың күңгірт тартқан зердесі мені Абайдың жас дәуіріне жетелеп, жол көрсетіп отырды. Алпысты алқымдаған Әйгерімнің жүзінен мен оның ақын жүрегін жаулаған балғын заманындағы сұлу ажарын елестетуге тырыстым».

Бұл романдардың негізгі арқауы – өмір шындығы, сол өмірде әрекет жасаған тарихи болған адамдардың арасындағы қарым-қатынас, күрес-тартыс, күйініш пен сүйініш. Жазушы халық жадында сақталып қалған кейбір оқиғаларды, фактілерді, әсіресе Абай турасындағы мұрағаттық материалдарды, есте қалған мәліметтерді, ұлы ақынның қалған мұраларын кең, өнімді пайдаланған. Әйтсе де әрбір көркем әдебиетке тән ойдан қосу, сол арқылы өзінің нысаналанған ойын толығырақ, қонымдырақ етіп жеткізуге ұмтылуының да өте орынды екенін атап айтқан жөн.

Эпопеяның басты қаһарманы Абай болғандықтан, шығарманың өн бойындағы шытырман оқиғалар желісі, сан алуан кейіпкерлер әрекеті, тағдыры Абай төңірегінде шоғырланып, ілгері дами түседі.

Данышпан ақынды әлем жұртшылығына танытқан «Абай жолы» эпопеясы барлығы 4 кітаптан тұрады. Мұнда: Абайдай алыпты туғызған қазақ халқының өзгелермен қай жағынан да терезесі тең, дарынды, ақылды, ақ жарқын, жомарт, сері, өнерпаз халық екендігін, ешкімге ұқсамайтын өзіндік мінезі, ұлттық рухы, салт-дәстүрі бар екені эпопеяда жан-жақты суреттеледі.

«Бұл тамаша эпопея бізге тұтас бір әлемді сыйға тартты, табиғаттың тұрмыстың небір ғажайып картиналары мен адам құштарлықтарын сипаттауымен бізді іңкәр етті. Әуезов қаламымен тарих қайта тірілді, ауылдар өмірі, адамдар тағдыры бой көрсетті. «Абай» эпопеясы, – шығармашылықтың тылсым сырына, өмір мен өлеңнің өзара байланысына терең бойлаған туынды, ақын мен поэзия жайлы әлем әдебиетіндегі ең шоқтығы биік үздік шығарма»,–дейді М.Луконин.

Ш.Айтматов: «Бұл роман бүкіл түркі тілдес халықтардың, оның ішінде өткендегі көшпелі халықтардың да адамзат мәдениетіне қосқан зор үлесі... Әлемді көз алдыңа келтіру үшін, басқалардың көзіне түсу үшін, адам рухының қадір-қасиетін асқақтата көтеріп, жар салу үшін өз биігің – Мұхтар Әуезов сияқты асқар шыңың болу керек», – дейді.

«Абай жолы» эпопеясы туралы айтылған бұл пікірлердің бәрі – М.Әуезовтің ерекше талантына, халық алдындағы еңбегіне берілген өлшеусіз құнды баға.

Бұл роман арқылы жаңа ғасырдың жарқын жолына қадам басқан ұрпақтың бүгінгіні танып білуі кешегі тарихымызды жете білуімен сабақтасатыны дәлелдене түседі.

 

20) Ілияс Есенберлин- 1915 жылы Ақмола облысындағы Атбасар қаласында туған. Жазушының балалық шағы аштық жалмаған зұлмат заманға тап келіп, 5 жасында тұл жетім қалды. Бала Ільяс балалар үйіне тапсырылды. Шығармашылыққа бір табан жақын өскен ол қабырға газетіне өлең жазып тұрды. Мектепті тәмамдаған соң, Қызылорда қаласына барып, интернат мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Кейін Қарсақпайдағы аудандық атқару комитетінде жұмыс істеді. Жұмыс ісей жүріп, Алматыдағы Қазақ тау-кен институтына түсті. Талантты да талапты бала тез көзге түсіп, 1937 жылы Қазақстан КСР-ның бірінші Конституциясын қабылдаған Қазақстан Советтерінің алғашқы Төтенше съездіне делегат болып сайланды.

1940 жылы институтты аман-есен аяқтап, Жезқазғанға жұмысқа жіберілген. Сол жылы күзде Қызыл әскер қатарына шақырылтып, Рига әскери-саяси училищесінде оқып, соғысқа аттанды. 1942 жылы қатта жарақаттанып, госпитальге түсіп, бір жылдан соң мүгедек болып елге оралды.

1947 жылға дейін Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің аппаратында инструктор болып жұмыс істеді.

Соғыс аяқталарда, 1937 жылы атылып кеткен әділет халық комиссары Хамза Жүсіпбековтың қызына үйленіп, қайныенесін АЛЖИР-ден алдырғаны үшін НКВД-ның назарына ілігіп, 1949 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын Қарақұм каналы құрылысында жарылыс жұмыстары жөнінен тау инженері болып бес жыл жұмыс істеп өтеді.

Айдаудан келген соң Қазақ КСР-ның Геология министрілігінде, кейін шахтада басқарма басшысы болып қызмет атқарады.

Ұсталғанша ол өлең азса («Айша» (1945 жыл) және «Сұлтан» (1949 жыл) поэмалары, «Алғыс өлеңдер жинағы» (1949 жыл), жазасын өтеп келген соң прозаға көшті («Адам туралы повесть» (1954 жыл), «Өзен жағасында» (1960 жыл).

1958 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында редактор, 1962 жылдан «Қазгослитиздат» мекемесінде редактор, 1967 жылдан «Жазушы» баспасында директор, содан Қазақстан жазушылар одағының хатшысы (1971-1975 жылдары) болып қызмет атқарды.

1975 жылдан бастап толық шығармашылық жұмысқа көшіп, 16 жылда 15 роман дүниеге әкеледі.

1962 жылы драматургияда күшін сынап, «Таудағы тартыс» пьесасы Республикалық жас көрермен театрының сахнасында қойылды. Қазақ тіліне Константин Дмитриевич Ушинскийдің шығармаларын аударды.

1969 жылы «Қаһар», 1971 жылы «Алмас қылыш», 1973 жылы «Жанталас» романдарын жазды. Романдар 15-ші ғасырдан 19-шы ғасырдың ортасына дейінгі қазақ тарихы суреттелген «Көшпенділер» трилогиясына біріктірілді. Сөз болатын тақырыптар: қазақ халқының қалыптасуы, Қазақ хандығының Жоңғар хандығымен арпалысы, Қытай, Хиуа, Бұхара, Ресей империясы секілді көршілерімен аумалы-төкпелі қарым-қатынастары. Қазақ әдебиетінде бұрын-соңды тарихи тақырыпта қалам тартылмаған. Алғаш рет 1976 жылы «Көшпенділер» атымен жарық көрген трилология орыс тілінің өзінде 12 рет басылып, 1,5 миллион тиражбен тарады. Жалпы «Көшпенділер» трилологиясы әлемнің 30 тілінде жарық көріп, 50 рет қайта басылды. 2005 жылғы есеп бойынша, дүние жүзіне таралған жалпы тиражы 3 миллион дана. Бұл трилогияның негізінде 2005 жылы «Көшпенділер» атты тарихи көркем фильмі түсірілді.

Қазақстан республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ әдебиетінің тарихында бүгінге дейін ең көп роман (17) жазған жазушы Ілияс Есенберлиннің қаламынан туған «Айқас», «Ғашықтар», «Қатерлі өткел», «Алтын құс», «Маңғыстау майданы», «Алтын аттар оянады», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Алыстағы арпалыс», «Аққу құстар қуанышы», «Махаббат мейрамы» романдары - тың тақырыпта жазылып, қазақ әдебиетінде оған дейін мүлде көтерілмеген мәселелерді қозғаған, әдебиетке серпін әкелген, оқырман сүйіспеншілігіне бөленген туындылар.

Өмірінің соңында жазушы «Алтын Орда» трилогиясын жазды (1982-83 жылдары).

Жазушы 1983 жылы Алматыда дүние салды.

Атақ-даңқы:

Еңбек Қызыл ту ордені

«Құрмет белгісі» ордені

«Батырлығы үшін» медалі

«Ленинградты қорғағаны үшін» медалі

Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының жүлдегері, 1968 жыл («Айқас» романы)

Ұлықтау:

Астана мен Алматыда І.Есенберлин атындағы көшелер бар

өзі тұрған «жазушылар үйінде» мемориалдық тақта орнатылған

Алматы қаласының орталығында орналасқан № 25 гимназияға жазушының аты берілген

Туған жері Атбасарда Есенберлиннің шығармашылығына арналған мұражай бар, жазушы дүниеге келген үйге мемориалдық тақта ілінген және сол көше қаламгердің атымен аталады. Сондай-ақ, №1 мектеп-гимназиясына Есенберлиннің аты берілген.

Ӏлияс Есенберлин (1915 жылы туған, қазіргі Ақмола облысы, Атбасарда туған- 1983) — қазақ жазушысы. Ілияс Есенберлин 1915 жылы Ақмола облысындағы Атбасар қаласында туған. 1940 жылы Қазақ тау-кен институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейінгі жылдарда филармонияны, "Жазушы" баспасын басқарады, т.б. жұмыстар атқарады. Жазушы Алматыда дүние салды. Қазақ әдебиетінде І. Есенберлин- жазған романдарының саны ең көп аса көрнекті жазушылардың бірі. Алғаш 1945 ж. Сұлтан, Айша дастандары жарық көрді. Есенберлиннің Айқас (1966), Қаһар (1969), Алмас қылыш (1971), Маңғыстау майданы, Аманат (1978) романдары, Алтын Орда трилогиясы (1982, 1983) жарияланды. 1986 ж. Көшпенділер трилогиясы үш "Ғашықтар" (1968), "Алтын құс" (1971), "Көлеңкеңмен қорғай жүр" (1974), т.б. романдарымен оқырман назарын өзіне аударды.

Ол – 1940 жылы Қазақ мемлекеттік тау-кен ииститутын бітірген. Ұлы Отан соғысы қатысты. 1942-47 жылдары Қазақстан КП ОК- нің нұсқаушысы. 1947-67 жылдары Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының редакторы, "Қазақфильм" киностудиясында сценарий редколлегиясының мүшесі, 1967- 71 жылдары "Жазушы" баспасының директоры, 1971 хылдан Қазақстан Жазушылар одағының екінші секретары.

Марапаттары

Еңбек Қызыл ту ордені

«Құрмет белгісі» ордені

«За боевые заслуги»

«За оборону Ленинграда» медалі

Қазақ КСР мемлекеттік премиясының жүлдегері, 1968 жыл («Айқас» романы үшін).

Ӏлияс Есенберлиннің алғашқы шығармалары 1 МО жылы басылды. Ол көркем әдебиеттің көп жанрында (поэзия, проза, драматургия, кинодраматургия) жазды. Әдеби творчествосын поэзиядан бастады. 1945 жылы "Айша", "Сүлтан" поэмаларын жазды. "Адамгершілік туралы жыр" өлеңдер жинағын (1949) шығарды. Жалынды революционер, большевик Ә. Майкөтовке арналған "Большевик туралы поэмасын" (1957), "Біржан сал трагедиясы" дастанын (1959) жазды. "Өзен жағасында" (1960), "Толқиды Есіл" (1965) повестері, "Айқас" (1966), "Қатерлі өткел" (1967), "Ғашықтар" (1968), "Қаһар" (1969), "Алмас қылыш" (1971). "Алтын қүс" (1972). "Жанталас" (1973), тың туралы "Көлеңкеңмен қорғай жүр" (1974) романдары қазақ әдебиетіне (прозаға) косылған елеулі үлес болды. Кеңес өкіметі жылдарында туып қалыптасқан қазақ интеллигенциясының өмірін, олардың қазақ даласында социалистік өнеркәсіп орнату жолындағы қажырлы еңбегін, ескіліктің адам санасындағы қалдығына қарсы күресті баяндайтын "Айқас" романына 1968 жылы Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ал тарихи тақырыпқа жазылған "Алмас қылыш", "Жанталас", "Қаһар" трилогиясы қазақ халқының басынан өткен ауыр кезеңдерді суреттеген шығарма ретінде танылды. Ӏлияс Есенберлиннің орыс тілінде шыққан "Песня о человеке" (1956) романы 1958 жылы қытай тіліне аударылады. "Таудағы тартыс" (1962) пьесасы Алматыдағы Балалар мен жасөспірімдер театрында қойылды. М.Ерзинкянмен бірігіп жазған "Қүйма" (1961) киносценарийі бойынша жасалған фильм бүкіл кеңес жөне венгр, поляк, болгар экрандарына шықты.

Ӏлияс Есенберлин прозасы түгел дерлік орыс тіліне аударылды. Мысалы, "Айқас" ("Схватка", 1968); "Қатерлі өткел" ("Опасная переправа", 1970); "Ғашықтар" ("Влюбленные", 1970); "Қаһар" ("Хан Кене", 1971); "Алмас қылыш" ("Заговоренный меч", 1973). "Жанталас" ("Отчаяние", 1974), "Көлеңкеңмен қорғай жүр" ("Прикрой своим щитом", 1974) деген атпен басылып шықты. "Ғашықтар" романы өзбек тілінде басылды. I.Есенберлин қырыққа жуық ән мәтінін жазды. Ол К.Д.Ушинскийдің "Әңгімелері мен ертегілерін" (1945), М.Жулявскийдің Вьетнам өміріне арналған "Қызыл дария" (1956) романын қазақ тіліне аударды. Есенберлин Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.

15) Сұлтанмахмұт Торайғыров (28.10.1893, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы – 21.5.1920, Павлодар облысы Баянауыл ауданы) – ақын, ағартушы.

Торайғыровтың 2 жасында шешесі қайтыс болып, 6 жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болған. Кейін әкесі екі ұлымен Баянауылға көшіп, Торайғыр кентіне таяу жерге қоныстанған. Торайғыров алғаш әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алды. Өлеңге үйір, шығыстық сюжеттер негізінде жырлар туындатқан Мұқан молда тәлімінің Торайғыровтың ақын ретінде қалыптасуына игі әсері болғанымен, баянауылдық Әбдірахман молданың (1908) қаталдығы, өлең шығарғаны үшін жас қаламгерді жазалауы оның дін мен молдалар жайлы теріс көзқарасының қалыптасуына негіз болған.

1911 ж. жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады. *1912 ж. Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі, бірақ мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. Торайғыров енді медреседе оқуды қойып, орысша оқу іздейді, қала маңындағы елде жаз бойы бала оқытады. Осы кезден ақындыққа ден қойып, *1912 – 13 жылдар аралығында

“Оқып жүрген жастарға”, “Тәліптерге”(“Шәкірттерге”), “Ендігі беталыс”, “Оқудағы мақсат не?”, “Анау-мынау”, “Мағынасыз мешіт”, “Жарлау”, “Досыма хат”, “Шығамын тірі болсам адам болып”, “Түсімде”, “Жазғы қайғы”,

“Қымыз”, “Кешегі түс пен бүгінгі іс”, т.б. өлеңдерін, “Зарландым” атты ұзақ очеркін жазды. Осы тұста “Қамар сұлу” романын жазуды бастады.

1913 жылдың күзінде Троицкіге қайтқан Торайғыров “Айқап” журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, “Өлең һәм айтушылар”, “Ауырмай есімнен жаңылғаным”, “Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан”, “Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?”]], т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды. Журналда аз ғана уақыт қызмет еткен ақын

1914 ж. жазда туған елі Баянауылға оралады. Ел ішінде мәдени-ағарту жұмысын жүргізетін “Шоң серіктігі” деген ұйым ашпақ болғанымен, ісі жүзеге аспады. Осы жылы орысша оқу іздеп Семейге барған Торайғыров діттеген оқуына түсе алмай, біраз дағдарысқа ұшырайды.

“Ләпет бұлты шатырлап”, “Алтыаяқ” сияқты өлеңдер жазған. “Ендігі беталыс”, “Тұрмысқа”, “Бір адамға”, “Туған еліме”, “Сымбатты сұлуға”, “Қыз сүю”, “Гүләйім”, “Өмірімнің уәдесі”, “Жан қалқам”,

“Гүл”, т.б. өлеңдерін, “Кім жазықты?” атты өлеңмен жазылған романын дүниеге әкелді (1915). Шығыс Қазақстанда жалданып бала оқытқан ол

1916 жылдың күзіне дейін әуелі Қатонқарағайда, кейін Зайсанда болады, орыс тілін үйренеді.

1916 – 17 жылдардың қысында Томскіде орысша оқиды. Өмірден көп қағажу көріп қажыған ақын арманына жетіп көңілі көтеріледі. “Шәкірт ойы” өлеңінде “Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды”, “Мұздаған елдің жүрегін жылытуды” армандайды. Осы тұста әлем әдебиетінің классикалық үлгілерімен, саяси кітаптармен танысты.

1917 жылғы ақпан айындағы төңкерістен кейін Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатынасып, “Алаш ұранын” жариялады. Бірақ ауруы асқынып кеткендіктен оқуды да, жұмысты да тастап,

1918 ж. сәуірде еліне біржола оралады. Онда Колчак үстемдігінен кейін қайта жанданған совдеп жұмысына араласып, ел шаруаларының дау-шарларын әділ шешуге қатынасты. Осы тұста саяси-философиялық әдебиетті (Г.Ц. Плеханов, Н.Г. Чернышевский, т.б.) көп оқып,“Шал мен қызға”, “А, дүние”, “Жас жүрек”, “Сарыарқаның жаңбыры”, “Адасқан өмір”,

“Кедей”, “Айтыс”, т.б. өлеңдерін жазды.

Оның шәкірттік кезеңдегі өлеңдері (1907 – 11) көркемдік тұрғыдан кемшін түсіп жатқанымен, жас ақынның қоғамдық құбылыстар мәнін түсінуге деген ұмтылысы мен өлең тілімен сурет салуға бағытталған талабын танытады. Ол қоғамдағы әділетсіздік пен әйелдердің ауыр тағдыры, діни оқудың схоластикалық сипаты жайлы жазды. Байлық пен кедейліктің теке-тіресін бай мен кедей ұлының өмірі арқылы көрсетуге тырысқанымен, бұл талпынысы биік ақындық талант пен саяси көзқарасты таныта алмады. Торайғыров 1912 жылдан бастау алатын шығармашылығының жаңа кезеңінде Абай, Ыбырай негізін қалаған ағартушылыққа бет бұрды, жастарды оқу-білімге шақырды. “Туған айдай болып туып, күнді алуға бел буады”, тұрмысты жеңуде жігерленіп, ақиқатты табу жолында талмай ізденуді мұрат тұтады. Алғашқы үгіт мәндес өлеңдерінен кейін ақын лириканың өрісін кеңейтіп, лирикалық кейіпкердің жан сырын, іс-әрекетін суреттеуге ұмтылады. Оның жырларынан тағдырға мойынсұнбай, қасарыса алға ұмтылатын, ауыртпалыққа қарсы тұрар өжет мінез көрінеді. Осы кезден бастап ақын шығармаларында ескіні сынау бой көтерді. Ол қазақ арасында көп кезігетін келеңсіз мінездер мен кертартпа әдет-ғұрып салтына қарсы күреседі. Табиғат, махаббат тақырыбына жазған өлеңдерінде ақын адам сезімін қоғамдық көзқараспен, әлеумет өмірімен байланыста қарайды. Ескіге қарсы көзқарас оны қоғамдағы әділетсіздікпен қақтығысқа алып келеді (“Осы да әділдік пе?”, “Бір адамға”, т.б.). Ол өмір шындығын көркем бейнелей келе, қазақ өлеңінің мазмұнын кеңейтті, сырға толы лирикалық жырлар туындатты. Көптеген әңгіме, очерктер, әдеби-сын мақалалар жазды, екі роман (“Қамар сұлу”, “Кім жазықты?”), төрт поэмасын “Таныстыру” (1917 – 18), “Адасқан өмір” (1918), “Кедей” (1919), “Айтыс” жариялады. Торайғыров “Қамар сұлуда” әйел теңсіздігі мәселесін көтере отырып, дәуір шындығын әлеум. тұрғыда талдаса, “Кім жазықты?” романында ауыл өмірінің шындығын жан-жақты суреттей келе, қазақ халқының шаруашылық тұрғыдан дамымағанын, талапсыздық пен шаруаға қырсыздықты, жалқаулықты, алауыздықты сынайды.

Торайғыров поэма жанрын жаңа арнада дамытты. Ол сюжетсіз поэмаларында өмірдегі сан түрлі мәселелерді кеңінен қамтып, өршіл ой-түйіндерін бүкпестен, өткір де ашық насихаттауға тырысты. Алғашқы поэмасы “Таныстыруда” Алашорда қозғалысы өкілдерін елге таныту мақсатын көздеді. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтарды таныстырып, олардың “бірі – күн, бірі – шолпан, бірі – ай” екендігін жазады, алаштықтардың қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы еңбектерін саралайды. Алаш өкілдерімен қоса, қазақтың көрнекті тұлғалары Абай мен Шәкерімді ерекше атап көрсетеді. “Адасқан өмір”, “Кедей” поэмаларының негізгі сарыны қоғамдағы әділетсіздік себептерін ашу, теңдікті іздеу болып табылады. Ақын бұл жайларды қазақ ауылы шеңберінен шығып, капиталистік қоғамға тән мәселелер ретінде қозғайды. “Адасқан өмір” – Торайғыров шығармашылығының зор табысы. Мұнда ақын аз ғұмырында көзімен көріп, ойымен түйген, білім-білігімен таныған тұрмыс өткелдерін өзіне ғана тән асқақ үнмен ашына, ақтара жырлайды. Поэманың лирикалық кейіпкері түрлі кәсіппен шұғылданса да, ешбірінен қанағат, теңдік таппай, әділетті қоғамды аңсайды. Шығармада ақын түсінігіндегі болашақ жаңа қоғамның бейнесі жасалады. Шығарманың негізгі идеясы адам өмірді өз тілегіне бағындыра алады және соған ұмтылуға тиіс деген оптимистік қорытындыға саяды. “Кедей” поэмасының бас кейіпкері де өз ортасынан әділдік таппайды, қоғам мен адам арасындағы қайшылықты бітіспес күреске ұластырады. “Айтыс” поэмасы толық аяқталмаған, онда Торайғыров қала ақыны мен дала ақынын айтыстырып, екі ортаның қайшылықты жақтары мен адамға пайдалы тұстарын қатар алып суреттейді. Торайғыров шығармалары – 20 ғасырдың басындағы қазақ қоғамы шындығын, ондағы жаңашыл ой-пікірдің дамуын танытатын үлкен белес. Оның ізденістері “шындықтың ауылын іздеумен” байланысты, оның реализмі бұлтақсыз, жалтақсыз айтылған шындыққа, әлеуметтік тіршіліктің шынайы суреттеріне негізделген, оның тенденциясы да сыншыл.

19) Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Сауатсыздықты толық жою ұранын алға тартты «Сауаттылығы төмендерге арналған оқу кітабын» (1929); «Күш» - сауаттылығы төмендерге арналған оқулықты (1930); «Жаңаша оқы және жаз» құралын (1931) және Ғабит Мүсіреповпен және А. Ситдыковпен бірге «Сауатсыздарға арналған әліппені» (1935-1936) жазып шығарды.

Туып-өскен жері — қазіргі Қостанай облысының Таран ауданы. Бір жасқа толмай жатып әкесінен, алтыға шығарда шешесінен айрылған. Жетімдік зардабын шегіп, байларға жалданады.Алғаш ауыл молдасынан оқып сауат ашқан.1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша қазақша мектепте, Уфадағы Медресе Ғалияда оқып білім алған.

1916-1919 жылдары мұғалім болады, жазушылықпен шұғылдана бастайды. «Қазақ», «Ауыл» газеттері мен «Айқап», «Садақ» журналдарына жазып тұрады. Бейімбет Майлин «Еңбекшіл қазаққа» «Еңбек туы» болып тұрған кезде-ақ атсалыса бастаған. Алғаш мақалаларымен қатысқан ол әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, хатшысы да болған, редакторлыққа дейін өскен. Бірақ көп істемеген.

1920-1922 жылдары газетті жасауға алғаш шығарушылар алқасы басшылық жасап, кейін жекелеген тұлғалар келе бастаған тұста басылымға Бейімбет Майлин секілді жеті-сегіз адам жетекшілік еткені мәлім.Содан соң, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет істеп (1922-1923), Қостанайдағы губерниялық «Ауыл» газетінде шығарды (1925). 1925-1928 жылдары қайтадан «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет істеп, Қазақтың пролетар жазушылары ассоцияциясын (ҚазАПП) ұйымдастыруға қатыст(1928-1932). Мұнан кейінгі 30-шы жылдарында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Ауыл тілі», «Қазақ әдебиеті» басылымдарының бас редакторы болып істейді.[2]

1938 жылы жазықсыз тұтқындалып, қызыл қырғын саяси репрессияның құрбаны болды.

Бейімбет поэзия, проза, драма саласында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгер. Ол «Садақ» қолжазба журналында (1913), «Айқап» журналында (1914), «Қазақ» газетінде (1915) жарияланған алғашқы өлеңдеріне ден қояды. Сахара жұртының мұң мұқтажын, арман аңсарын, әсіресе азаттық теңдік тақырыбын тілге тиек етеді. Бейімбеттің поэзиялық шығармаларындағы Мырқымбай типтік кейіпкер деңгейіне көтерілген жиынтық бейне. Мырқымбай бейнесі арқылы Бейімбет сол кездегі қазақ кедейлерінің болмыс бітімін, уақыт, қоғам аясындағы тіршілік тынысын суреткерлік шыншылдықпен бедерлей алған.

Бейімбет қазақ поэзиясында поэма жанрының өрісін ұзартып, өресін биіктетуге қомақты үлес қосқан. Оның «Байдың қызы», «Рәзия қызы», «Қашқын келіншек», «Зайкүл», «Маржан», «Өтірікке бәйге», «Хан күйеуі» «Кемпірдің ертегісі», «Бөліс», «Мырқымбай» поэмалары тақырыбының әр алуандығымен, оқиғалық тартымдылығымен, өзіндік тіл стилімен қазақ поэзиясының көрнекті үлгілерінің бірі болып табылады.

Бейімбет Майлы дарыны оның прозалық шығармаларында айрықша жарқырап көрінген. Әсіресе, қазақ прозасында әңгіме жанры Бейімбет шығармалары арқылы кемелдене түсті. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басып көрсететін реалистік тегеурінімен, көркемдік биік өресімен, тақырыбының әр алуандығымен дараланады. Ол көркем әңгімелері арқылы өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін энциклопедиялық кемелдікпен сомдай алған ұлы суреткер.

Бейімбет он беске тарта повесть, бұған қоса «Азамат Азаматович» атты роман жазған қаламгер. Оның «Қызыл жалау», «Қоңсылар» атты романдары аяқталмай қалған. Мұның сыртында ол ірілі ұсақты 25 пьеса, либретто, сценарийлердің авторы.

Бейімбет Майлы шығармалары қазақ әдебиетін барлық салада байытқан рухани асыл қазына ретінде халқымен мәңгі бірге жасайтын болады

Бейімбет Майлин – ақын: әдебиеттегі алғашқы адымын өлеңнен бастады және қазақ поэзиясының дамуына өзіне лайық үлес қосты.

Майлин – реалист. Оның поэзия, проза драматургия салаларының қай-қайсында жазған шығармаларын алып қарасақ та, тұнып тұрған шындық; ақиқаттан ауып басқан бір де бір адымы болған емес.

Ендеше, шыншыл суреткердің әдеби туындыларының болмыс-бітімін, сыр-сипатын, қажет жағдайда тіпті күнгейімен қоса көлеңкесін сарапқа салған тұста да оның өзіне ұқсамауға, яғни ақиқат шындықтан алшақтауға болмайды.

Қазақ поэзиясының дамуына өзіндік үлес қосты дегенде біз қазақ өлеңін көркемдік жағынан еуропалық биікке көтеріп, оның мазмұнды пішінін тотының түгіндей құбылта құлпыртқан Абайдан әрі өрлетіп әкетті демейміз. Әділіне келсек, Бейімбет өлеңдерінің өрімі ең жеңілі, ырғағы, ұйқасы ... – Абай реформаларынан көш кейін жатады.

Демек, кейбір зерттеулерде айтылып жүрген «Бейімбет – қазақ өлеңінің асқан шебері» деген пікірді ұшқары, ағат. Мазмұн мен пішін жағынан қатар салмақтап байқасақ, оның суреткерлік шеберлігі әңгімелеріне қарағанда өлеңдерінде бәсең, әлсіз.Олай болса, Майлин поэзияның қадір-қасиеті неде?

Екі нәрседе – жырлаған тақырыбында және бейнелеген образында біріншіден, Бейімбет қазақ кедейінің тұрмысы мен тіршілігін қазақ поэзиясында өзіне дейін болмаған аумақта, кең, терең және жан-жақты суреттеді.

Екіншіден, Бейімбет қазақ кедейінің мінезі мен мүсінін қазақ поэзиясында өзіне дейін болмаған деңгейде дәл, тіпті типтік һәм символдық дәрежеде (Мырқымбай) тарихи жағынан нақты және өрбу, өсу үстінде сомдап соқты.

Осы екеуінің үстіне енді Бейімбет өлеңдері мен поэмаларының тұла бойына күн шуағындай тарап, ұшқын атып, сәуле шашып жатқан әрі жылы, әрі шымыр юморды (әлсіз әжуәні) қоссақ, жалпы Майлин ақындығының өзгелерден оқшау тек өзіне ғана ерекшелігі белгіленеді де, оның жоғарыда айтылғандай, қазіргі қазақ поэзиясының дамуына қосқан үлесі анықталады.

12) Ыбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841—1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы.

Туып-өскен жері — Қостанай облысының Қостанай ауданы, Арқарағай ауылы. Осы өңірде, Тобыл өзенінің жағасынан топырақ бұйырған.

1850 ж. Орынбор шекара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан мектебіне оқуға түседі. Мектепті бітірген соң, Орынбор шекара комиссиясында әскери старшина болып қызмет атқаратын үлкен әкесі Балғожа аңбыршыұлының хатшысы болады (1857—1859). Орынбор облыстық басқармасында тілмаштық қызмет атқарады.

1860 жылы Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балалары үшін мектеп ашу тапсырылады, әрі сол мектепке орыс тілінің мұғалімі болып белгілінеді.

Ыбырайдың бүкіл өмірін арнаған ағартушылық-педагогтық қызметі осылай басталады. Тікелей өзінің араласуымен халықтан жинаған қаржыға мектеп үйін және интернат салып, 1864 жылы 8 қаңтарда мектептің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашады.

Ұстаздық-ағартушылық қызметке қоса Ыбырайға басқа да жұмыстарды атқару жүктеледі. Орынбор генерал-губернаторының тікелей тапсыруы бойынша Торғайда төрт рет уездік судья болып (1868—1874), торғай уездік бастығының аға жәрдемшісі (1876—1879) қызметін атқарады.[1]

Ыбырай инспекторлық қызметке кіріскен соң оқу-ағарту жұмыстарын одан әрі жандандырып, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде бір-бірден екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашады, оларды қажетті кітаптармен жасақтайды. Әсіресе, елді көшпелі өмір салтын ескеріп, Ресейдің халық ағарту жүйесіне жаңа үлгілі білім беру тәсілін ұсыныс етеді.[2]

Нәтижесінде, 1888 жылы 10 сәуірде Орскіде бастауыш мектептер үшін қазақ жатарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі ашылады. Ыбырай мұнан әрі қазақ жастары арасынан экономика, ауыл шаруашылығы, қол өнер кәіспшілігі салаларына қажетті мамандар даярлайтын училищелер ашуға көп күш жұмсайды. Тіптен, Қостанайдан ашылатын ауыл-шаруашылық училищесіне өзінің иелігіндегі жерін беретіні туралы өсиет қалдырады. Ыбырайдың қазақ қыздары үшін Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде мектеп-интернат аштыруының тарихи мән-маңызы зор болды.

Ыбырай орыс-қазақ мектептері үшін арнаулы оқу құралдарын шығару қажет деп санады. Оқыту әдістерін жаңа бағытта құрды, оқуға деген баланың ынтасы мен қызығушылығын арттыруды көздеді, оқуды ана тілінде жүргізді. Мектеп оқуында, әсіресе, ана тіліне үйретуде К.Д.Ушинскийдің ойларына жүгінді. Қазақ балаларының таным-түсінігіне лайықты оқу-әдістемелік құралдар жазды. Ол орыс-қазақ училищесінде Ушинскийдің «Балалар дүниесін», Л.Н.Толстойдың «Әліппе және оқу құралын», Д.И.Тихомировтың «Грамматиканың қарапайым курсын» оқу құралы ретінде ұсынды.

Ыбырайдің пікірінше, мектептерге арналып жазылатын оқу кітаптары өзінің идеялық мазмұны және нақты материалдары жағынан ана тілінің және халық даналығының бай қазынасына негізделуге тиіс болды. 1879 ж. оның «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулығы және дидактик. оқу мәселесі жөнінде «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» жарық көрді. Бұл екі кітап та қазақ балаларын кириллица негізінде оқытуға арналған тұңғыш оқу құралдары болды.

Ыбырай – жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің қалыптасуына қомақты үлес қосқан. Ол қазақ жастарын ең алдымен оқу, өнер-білім, тех-ны игеруге шақырады («Оқысаңыз, балалар, Шамнан шырақ жағылар. Тілегенің алдыңнан, Іздемей-ақ табылар»). Автор оқу-білімнің тек ізденіс, еңбекпен табылатынына мән берді. Бұған инемен құдық қазғандай ыждаһаттылық, талап пен сабырлылық қажет екенін ескертеді. Ал оқымаған надандарды ақын аз ғана сөзбен сынап, олардың ақ, қараны айырмайтын көрсоқыр екенін айтады («Оқымаған жүреді, Қараңғыны қармалап. Надандықтың белгісі – Еш ақылға жарымас»). Оқу, білімнің пайдасы қандай, ол неге керек деген мәселеге келгенде, оның өмір үшін, болашақ үшін қажет екенін талдап көрсетеді («Ата-енең қартайса, Тіреу болар бұл оқу. Қартайғанда мал тайса, Сүйеу болар бұл оқу»). Жастарды өнер-білім, тех-ны игеруге үндеу ақынның «Өнер-білім бар жұрттар» деген өлеңінде өз жалғасын тапқан. Ол өнер-білімі жетілген елдердің артықшылығы қандай, олар сол өнерімен нені игеріп отыр, ертеңгі өмірдің талап-тілектері не секілді күрделі мәселелерді жастар алдына көлденең тарту арқылы оларға ой тастап, өнер-білімді батыл игеруге шақырады («Адамды құстай ұшырды, Мал істейтін жұмысты, От пен суға түсірді. Отынсыз тамақ пісірді, Сусыздан сусын ішірді»).

Ыбырай сондай-ақ Ушинский, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, И.Паульсон шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап, қазақ әдебиетінде көркем аударма жанрын қалыптастырды. Қазақстан Үкімет 1989 ж. 22 желтоқсандағы қаулысымен Ыбырайдің туғанына 150 жыл толуына орай мерейтойы өткізіліп, ұстаздың мұраларына арналған ғылыми, тарихи, педогогикалық еңбектер жарық көрді. Арқалық қаласында Ыбырай мұражайы ашылды. Тобыл бойындағы Ыбырай қыстауы жанында, мүрдесі қойылған жерде, Ыбырайға күмбезді мазар орнатылды. Қазақстанда Ыбырай атында аудан, ауылдар, жоғары оқу орындары, шың, т.б. бар.

Ыбырай оқу-ағарту жұмыстарына өз заманының ең озық әдістемелерін қолдана отырып, білімнің балаларға ана тілінде берілуіне айрықша мән береді. «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулық, «қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты дидактикалық оқу құралын жазды. Бұл кітаптарындағы оқушыны отан сүйгіштікке, еңбекке, кісілікке — тәрбиелейтін ғибратты шығармалары ешқашан да өзінің мән-мағынасын жоймақ емес.

Тек қана оқу-ағарту жұмыстары емес, Ыбырай сонымен бірге сол кездегі қоғамдық — саяси өмірге сергек араласып, ғылым-білімге, еңбек пен өнерге, дінге, этнографияға қатысты мақалалар жазды. Оның, әсіресе, көркем еңбектері қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша ықпал етті.

Ыбырай есімі берілген аудан, ауылдар, оқу оырндары, көшелер, жер атаулары Қазақстанның түкпір-түкпірінде кездеседі.

1868 жылы Ы. Алтынсарин Торғай уездік басқармасына іс жүргізуші ретінде қызметке орналасты. Содан соң уезд бастығының аға көмекшісі және уақытша уездік судья міндеттерін қатар атқарды. Қызмет бабымен қазақ ауылдарында жиі болып тұрды. Өз халқының аса қажетті мүдделері неде екенін жақсы білді. Болыс басқарушылары мен ауыл старшындарының сайлауына қатысып жүрді. Ол сайлау кезінде дауысты сатып алудың, парақорлық пен қиянат жасаушылықтың орын алуына жол бермеуге тырысты. Бұған риза болмаған байлар оның үстінен облыстық басқармаға, әскери губернаторға және одан әрі Ішкі істер министрлігіне шағым жасады. Оны 1868 жылғы «Уақытша ережеде» белгіленген сайлау тәртібін бұзды деп айыптады. Ы. Алтынсарин қарапайым халықтың қамын ойлады. Ол өзінің парасатты мінез-құлқы және барынша адалдығы, халық алдындағы атағы мен беделінің аркасында ақталып шықты. Ол өзінің халық алдында сөйлеген сөздерінде патша үкіметінің отаршыл аграрлық саясатын ашық сынады. Патша үкіметі шенеуніктерінің озбырлық іс-әрекеттерін, олардың жергілікті қолшоқпарларын айыптады. Мәселен, ол 1864 жылғы хатында былай деп жазды: «Қызмет бабы бойынша мен байлармен жиі қақтығысып қаламын. Маған жамандық ойлайтындар лауазымды адамдар арасында да бар. Олар қорғансыз кедейлерді арсыздықпен талап-тонауда...»

Ы. Алтынсарин патша өкіметінің жергілікті халыққа қысым жасайтын жүгенсіз саясатын айыптап отырды. Оған 1880 жылы «Оренбургский листок» газетінде жарияланған мақалалары айқын дәлел. Ол өз ғұмырының соңғы кезінде былай деп жазды: «Мен түбегейлі терең сеніммен туған халқыма шамамның келгенінше пайдамды тигізсем деген ниетімнен ешқашан бас тартпаймын». Ы. Алтынсариннің үшан- теңіз еңбегі қазақ халқының экономикалық дамуына, білім көкжиегінің кеңеюіне, рухани және мәдени гүлденуіне игі ықпал етті. Оның есімі халықтың есінде мәңгі сақталады. Бүгінде Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік білім академиясы Ыбырай Алтынсариннің есімімен аталады. Еліміздегі педагогтар қауымының ең таңдаулы өкілдері жыл сайын Ы. Алтынсарин атты төсбелгімен марапатталады. Ағартушы ғалымның қүрметіне жыл сайын ғылыми конференциялар өткізіліп түрады.

Мұғалімдердің Ы. Алтынсарин туралы жазған хаттарынан :

«Марқұмның мен қазақ даласында болған кезімдегі бүкіл өмірі өзінің сүйікті халқына білім беру жолындағы ағартушылық қызметіне арналды. Ол халық өмірінің қалай бет бұрып бара жатқанын мұқият бақылап отырды және оны терең түсіне білді... Мұғалімдерге қатаң талаптар қойды, әрбір іске барынша ұқыпты қарауды талап етті, ол өз міндетіне жүрдім- бардым қарап, жұмысты шала-шарпы орындайтындарды қатаң жазалап отырды. Оқу ісін өзі қандай жанын сала жақсы көрсе, өз инспекциясына қарасты мұғалімдерден де тап соны талап етті. Ол өзінің шын жүректен шыққан тартымды әңгімелері арқылы мұғалімдерді оқу ісіне шын ниеттерімен құлшынып, адал еңбек етуге жұмылдыра білетін. Жұрттың көз алдында бізді соншалықты жоғары бағалайтын, өзгелерді мұғалімдерге ең адал ниетті азаматтар ретінде зор құрметпен әрі мақтанышпен қарауға мәжбүр етті. Ол әрдайым қасынан мұғалімдерді қалдырмай, өзімен бірге ертіп ала кететін, оларсыз сапарға сирек шығатын. Ол әсіресе жас қазақ мұғалімдеріне ерекше қамқорлықпен сүйсіне қарайтын... Оны мұғалімдер де жанындай жақсы көретін... Ол өзінің жеке өмірінде де өте сүйкімді, жомарт жүректі ақ көңіл адам болды. Онымен қашан болса да, қандай мәселемен болса да емін-еркін ашық сөйлесуге, ақыл-кеңес сұрауға мүмкін еді. Қашан болса да ақ көңіл адал ниетімен ақылын айтуға, тіпті нақты ісімен көмектесуге әрқашан әзір тұратың. Қазақ халқы да оны қатты құрметтейтін. Олай ететін толық жөні де бар еді: оның есігі келем деушілердің қай-қайсысына болса да әрқашан ашық тұратын. Ол өзінің ақыл- кеңесін берумен ғана шектелмей, қиын-қыстау кезде қиналып келген адамға өз қалтасынан ақша да беріп жіберетін, кейін оны көбінесе қайтарып ала да бермейтін. Орыс тұрғындары да оған қайырымды да әділетті адам ретінде сый-құрметпен қарайтын. Қостанайдың зиялы қауымы оны сағына күтетін. Өйткені ол көпшілікпен ортақ тіл табысып сөйлесетін, отырыстың сәнін кіргізетін, көңілді де сүйкімді әңгімелер айтатын... (Мұғалім Ф.Д. Соколовтың естелігінен)

3) Поэмада Ақжүніс әрі ақылды, әрі сұлу, әрі ел қорғайтын ерді сүйіп, оның жақсы жар, жан серік жұбайы бола алған әйел образы қатарында суреттеледі.

Мұнан да гөрі шебер жасалынған портрет Қожақ пен Ақжүністің кездескен эпизодында. Әйтсе де Ақжүністің сыртқы сұлулығын тамаша етіп суреттеушілік - Ақжүніс образын жасаудың бір-ақ жағы. Әңгіме оның тек көріктілігінде ғана емес, көркіне сай ақылдылығында. Ол хан қызы болса да, Тарғынды сүйеді. Оны салт атты, салбыр қамшы екен, не тегінде хандық жоқ екен деп кемітпестен, «Мені алып қаш» деп, батырға ұсынысты өзі жасайды. Ақша хан, Ханзадалар Тарғынның хан тұқымынан шықпағандығын мін көрсе, Ақжүніс ол көзқарастан аулақ. Ол Тарғынды Торғауыттардың алынбас қамалын жалғыз бұзған өрен ерлігі үшін сүйеді. Ел қорғарлық ерге сүйген жар, сенімді серігі болу жолында байлық, хандықтан баз кешеді.

Ақжүністің ақылдылығы Қожаққа айтқан сөздерінен де байқалады. Күні өткенін аңғармай көкірекке салып жүрген аңғал батырды ақылмен сабасына түсіреді. Қожақтың жастық кезін қазіргі қарттық кезіне қарама-қарсы қою арқылы осы іс-әрекеттің жолсыздығын өзіне мойындатады.

Ақжүністің қапылыста сөз, қапияда жол табуы арқасында едірейіскен жаулар, еміреніскен достарға айналады.

Сонымен қатар ол уәдесіне берік адам етіліп суреттелінеді. Поэмада: «Әйелдегі бірсөзді Ақжүніс атты ару еді» десе, Ақжүніс оны іс жүзінде растайды. Тарғынға берген сертінен таймай батырға еруі өз алдына, үстіне ажал төніп тұрғанда: «Өлтірсең де тимеймін, теңдік берсең сүймеймін», - дейді.

Қанша қиын жағдай кездесіп басына қара күн туған кездерде де, Ақжүніс жасып қалмай, қолынан келгенше қайрат көрсетеді. Тарғын екеуі Бұлғыр таудың бауырында ас-сусыз қалғанда батырды бағып- қағып, өзінің жұптылық міндетін атқарумен қатар, қиын жерде оған қайрат беріп, оның мертіккен белінің жазылуына себепші болады.

5) Шешендік сөздер қазақ ауыз әдебиетінің күрделі де көркем бір саласы болып табылады. Қазақтың дәстүрлі шешендік сөздерін: шешендік толғау, шешендік арнау, шешендік дау деп шартты түрде үшке бөлуге болады. Шынайы шешендік қиялдан тумайды, өмірлік оқиғалардан, табиғи құбылыстардан туады, көп жылдық тәжірибе мен сан рет қайталау арқылы сыннан өтіп халық мойындаған қағидаға, даусыз ақиқатқа айналады. Оның үстіне әр дәуірдің әр түрлі сөз шеберлерінің талғамынан, толғауынан өтіп шешендік сөз “тілге жеңіл, жүрекке жеңіл” тиетін сүйкімді үн мен ырғаққа ие болады. Шешендік сөздер үш түрлі болады: кеңесу, билік және салтанатты сөз. Ал құрылысы жағынан кіріспе, баяндау және қорытынды болып бөлімнен тұрады.

“Өнер алды – қызыл тіл” деп қазақ бекер айтпаған. Қоғам тарихына көзсалсақ, қай халықтың болмасын күрделі қоғамдық, мемлекеттік қайраткерлері, қолбасылары, ғалымдары ойға шебер, тілге шешен болғанын байқаймыз.

Қоғам қашанда дарынды қабілетті адамдарға мұқтаж. Дарынды адамдар қатарын көбейту үшін олардың сөйлеу тілі және танымын дамыту керек. Сондықтан біз, мұның негізі халқымыздың даналықпен айтқан шешендік сөздерінде жатыр деп қарастырдық. Қазіргі кездегі оқу-тәрбиенің міндеті осы тың жатқан дүниені, даналыққа құрылған қанатты сөздерді, мақал-мәтелдерді, шешендік өнерді жас ұрпақтың бойына қалыптастырып, сол арқылы рухани байлығын арттыру.

Қазақ жұрты – жаратылысынан шешендік өнерге бейім халық. Оның қиыннан қиыстыра, төтеден төге сөйлейтін тапқыр да ақылды, бейнелі де бедерлі, аталы да баталы, нақыл, қомақты ойлары жөнінде өзіміз де, өзгелер де таңдай қағып айтудамыз. Қазақ шешендік өнері- атадан мирас болып, алтын баулы желісі үзілмей келе жатқан ардақты өнер. Теңіз тербеп тереңінде шайқалған інжу маржандай ғасырлар бойы халық жадында сақталып, жұпталып көптің көкейіне орнаған шешендік сөздер шешендердің даналық сөздерінде ашылады, айқындалады, ал шешендер әлденеше ұрпақтың сана сезімін аралап, көптің көкейіне қонақтаған ойлы, сырлы сөздерді жаттап, жадында сақтайды керекті, келеңді жерінде жаңартып кәдеге жаратады.

Қазақ шешендік өнерінің піспегі – шешен билер де, күбісі – халық. Ел есінде жүрген шешендік нұсқалардың туындыгері – шешен-би. Халық заманы озған сайын әлгіндей сөз үлгілерін талқыға салып, қырлап, өңдеп, құлпыртып әкеліп, кейде тіпті сан-саққа жүгіртіп әркімдердің (шешен-билердің) атынан айтады. Осындай әдеби-халықтық, фольклорлық сұрыптаулардан кейінгі біздің заманымызға келіп жеткен шешендік сөздер шымырқанған қымыздай жұтылған, таңдай татарлық дүниелер болып келеді.

Би-шешендер – шешендік өнердің негізгі доминанты (қозғаушы күші). Аталмыш өнер атауының өзі осы қалыптан шығып отыр. Бұл тұрғыдағы ойларымыз алдағы тарауларда кеңірек баяндайтын боламыз.

Ұлттық өнеріміздің тарихында Майқы би Мәнұлынан (Айса пайғамбардың тұстасы) бастап, Майқы би Төбейұлы (1105-1225 жылдар шамасы), Аяз би Жаманұлы (11-12 ғ.), Мөңке би (1207-1250), Едіге би (1354-1419), Бәйдібек би (1356-1419 жылдар шамасы), Әз Жәнібек (1406-1473), Жиренше шешен, Шоған би (1584-1642), Әсет би (1676-1723), Қадір-Тайжан, Тоқсан, Жанкісі, Антайлақ, Бөлтірік, Сары, Сырлыбек, Бала би, Ноғайбай, Саққұлақ, Бапан, Шоң, Шорман, Байдалы, Қараменде, Зіл-қара, Алшынбай, Асаубай секілді, сондай –ақ, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек және Әйтеке билердің жарқын бейнелерін әлі де қазақ даласындағы айтулы шешен-билер есімімен толықтыра, молықтыра айтуға болады.

Қазақта шешен, би деген ұғымдар дербес тұрып та, қосарланып та айтыла береді. Белгілі бір шешендерін өкіл деп танысақ, мәселен, Жиренше шешен, Зілқара шешен, Әлібек шешен, Сүйінбай шешен, Бөлтірік шешен, Шәңкі шешен, Мүсіреп шешен, Тұяқ шешен, ал енді бір сыңарын би деп түстеу, мәселен, Майқы би, Аяз би, Мөңке би, Әйтеке би, Бала би т.б.деп атау қалыптасқан.

Би атауы-әлгіндей емес, белгілі бір мақсатқа, мемлекеттік мүддеге қызмет ететін, жалпы шешендіктен салыстырмалы түрде тар арнаға ыңғайланған шешендердің тобын көрсететін атау.

Бұдан билердің рөлі тек қоғамдық мәселелерді шешу үстінде ғана айрықша да, одан былайғы тұста шешендік сипаты жойылады деген ой туындамауы керек. Би дегеніміз - ел-жұрттың әдет - ғұрпын, салт - дәстүрін, өткен-кеткен көне шежіресін, тарихын, қоғамдық даму барысын, айнала қоршаған табиғаттың, жан-жануарлардың сан алуан қасиеттерін, құпияларын жетік білетін, бүгінгіге баға беретін, болашаққа болжам жасап, адамдардың көкірек көмбелеріне ой көзімен қарап көре алатын, қырлы-қырлы мінез-құлықтарды айтқызбай – ақ доп басатын, ғылым-білімнен хабардар, кемел пікірлерін шешен тілмен жеткізіп беруде дара қасиеті бар біртума жандар.

Сонымен шешен деген тұста бұл ұғым біздің жадымызда көне Грек пен Римнің сот залдарында алқалы жиындарда тоқтаусыз ағыл-тегіл сөйлеп, аудиторияны сөзіне ұйытып, айтар ойына мүлгітіп тұрған оратор түсінігінде ассоциациаланады да, би ұғымы заңдық, билік күші бар судья болмысы арқылы көрінеді. Осы екі ұғымды, екі болмысты, табиғатты жақындастыратын, жанастыратын қалып- шешендік, шешендік сөйлеу процесі. Шешендік өнер ілімі (риторика) ерте қалыптасқан антикалық Грек пен Рим теоретиктері, іргелес орыс теоретиктері шешендік өнерді сөйлеу процесі тұрғысынан мейлінше жан- жақты талдады, ілгері еңбектер жазды. Риторика ілімнің көне және орта дәуірінде Протогор, Демосфен, Цицерон, Аристотель, Квинтилиан, Марк Антоний, Луций Крам қайта өрлеу дәуірінің көрнекті өкілдері Кампонелла, Томас Мор, Петрарка, Данте, Рабле, Шекспир, орыс шешендік өнерінің теориясында Макарич, Усачев, Ломоносов, Рижский, Мерзляков, Галюч, Коменский, Сперанский есімдері тарих бетінде жарқырап қалды.

Қазақ шешендік өнерінің зерттелу тарихы өткен ғасырдың бірінші ширегінен бастау алады. Мәселен, 1883 жылғы “Дала уәлаяты” газетінің 24 санында Әлихан Бөкейханов ескі билердің шешендік сөздеріне аса ілтипат көрсетіп, оларды жинау, саралау, насихаттау идеясын көтерген.

Ал шешендік сөздерге ғылыми түрлендірулер жасау үстіміздегі ғасырдың 20-шы жылдарынан басталған.

Шешендік сөздерді ауыз әдебиетінің жеке саласы ретінде қарастырған бұл тұстағы зерттеулер А. Байтұрсынов, М. Әуезов, С. Сейфуллин есімдерімен тығыз байланысты. Алдыңғы тарауларда аталмыш ғалымдардың еңбектеріне көп орайда жүгініп отыратындықтан, бұл ретте зерттеулерге арнайы тоқталмаймыз.

Бұдан кейінгі кезеңдегі шешендік өнер тарихының зерттелуі Ә. Маметова, Б. Адамбаев еңбектерімен толықты. Сондай–ақ фольклортанушы ғалым С. Садырбаев шешендік сөздерді ішкі үлгілерге жіктеуде өзіндік ой-өрнегін көрсете білді.

Шешендік сөздердің әр жылдарындағы жиналып басылуына ат салысып, алғы сөздер жазып, өзіндік ой-өрнектер, ғылыми тұжырымдар қалдырып жүрген ғалымдар қатарына Т. Дәдебаев, С. Қорабай, Н. Төреқұлов, М. Қазбеков сынды бұл істің үлкен жанашырларын атаған лазым, жалпы шешендік өнер аясында туындаған сөздерді шешендік сөздер деп атап, оны әдебиеттің дербес, жеке жанры ретінде ғылыми тұрғыдан бажайлау үстіміздегі ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы А. Байтұрсынов, М. Әуезов және С. Сейфуллин сияқты ғалымдар еңбектерімен тығыз байланысты.

Аталмыш ғалымдар алғаш рет шешендік сөздерді ғылыми зерттеудің көзі (объектісі) ретінде арнайы қарастырды. Мәселен, А. Байтұрсынов 1926 жылғы “Әдебиеттанытқыш” атты еңбегінің “Шешен сөз” деген тарауында шешендік сөздерді бес түрлі ішкі жанрлық үлгілерге жіктеді: а) саясат шешен сөз; ә) билік шешен сөз; б) қошамет шешен сөз; в) ділмор шешен сөз; г) уағыз.

Бұл тұстағы шешендік сөздердің функционалдық сипатын жазған, Ш. Уәлиханов еңбектеріндегі ой сарабын тереңдеткен, дамытқан ғалым Халел Досмұхамедов.

“Қазақ халық әдебиеті” атты зерттеуінде Х. Досмұхамедов халық әдебиетін қырық алты түрге жіктей отырып, соның бір үлгісіне, жанрлық түрге “Билік сөз” деп шешендік сөздерді жатқызады. “Әртүрлі сот істері кезіндегі билердің тамаша үкім сөздері, екі жақтың ұтымды даулары мен тапқыр жауаптары, әдетте, ұйқасты мәтел не өлең түрінде айтылады. Поэзияның бұл түрі билік сөз (замечательные приговоры судей биев) деп аталады” – деп атап көрсетеді.

Кең көлемде жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиетінің тарихын жасауға батыл қадам жасаған еңбек М. Әуезовтың “Әдебиет тарихы” десек, автор аталмыш еңбекте қазақтың шешендік сөздерін әдебиет тарихынан орын тептіріп, “Билер айтысы” деген терминдік атау беріп, өзіндік ілімнің әлі де болса теориялық шымырлануы қажеттігін былайша аңғартады: “Билер айтысының қазір де барлық түрлері жиналып болмағандықтан, екінші бұл түрдегі айтыстар ерекше көп болғандықтан, бұл күнде түгел жіктеп, бөліп қоюға болмайды. Сондықтан, қазірде қандай түрлері кездесетінін айтамыз. Бірақ бұл жіктеу уақытша ғана және ылғи ішкі мағынасына қарап жасалған жіктер болады”.

Бұдан кейінгі кезеңде жалпы шешендік өнер аясында пайда болған шешендік сөздердің құлақ кесті үлгісі ретінде қандай жәдігерлер қарастырылуы, аталуы тиіс деген көкейдегі ойдың пердесін сыпырған, бұл төңіректегі теориялық ой-толғақтың нені шиырлауы керектігін Әуезовтен кейін тағы да атап көрсетіп, әдебиет тарихының тұтас бір дәуіріне арнаған еңбек С. Сейфуллиннің еңбектегі ой-зердесі М. Әуезовтің ой-пікірлерімен астасып, шешендік сөздердің негізі ретінде дау-дамайда, талас-тартыста туған билер сөзі алынуы керектігін зерделеген ой-әлемі жанрға “билер сөздері” деген термин – атау ұсынғандығынан аңғарылады.

Сондай–ақ С. Сейфуллиннің ғалым ретіндегі ой-тұжырымдарының құндылығының тағы бір қыры мынада: автордың қазақ билерінің болмысының халық өмірінің сан-алуан қырларымен байланыстылығын, билердің көп қырлы функциясын айта алғандылығында.

Әдебиетші ғалым С. Негимов бұл турасында “..бұған қоса ол әрі батыр, әрі әнші-ақын, жыршы, сыншы, сәуегей, шежіреші, ғұлама, бір сөзбен айтқанда, әмбебап дарын екендігін ескертеді”, - деп пайымдайды.

Қазірде жаңаша ойлау диалектикасы тұрғысынан әдеби мұрағаттарымызды қайыра екшеп жатқан тұста билер функциясының аясын барынша кең арнада қарастырып жүрген еңбектердегі теориялық ой-пікірдің жоғарыдағы С. Сейфуллин еңбегінен бастау алатынын көреміз. Мысалы зерттеуші Мұқадес Есламғалиұлы би – көсем, би – шешен, би – ақын, би – заңгер, би – емші, мәмлегер, би – батыр, би – саясаткер, қоғам қайраткері, би – ойшыл-ғалым, би – психолог, әртіс, би – тәрбиеші деп қазақ билерінің халық өміріндегі, қоғам алдындағы он түрлі қызметін түстегенде, жоғарыдағы С. Сейфуллиннің пікіріне сүйгендігін байқаймыз.

Осылайша шешендік өнердің аясын айқындап, халықтық негіздері мен ұлттық сипатын бағдарлап, көркем сөз ретіндегі теориялық табиғатын тексере бастаған ғылыми-зерттеушілік ой-ағым отызыншы жылдардан кейінгі уақытта әдебиеттану ғылымындағы бел алып кеткен “тұрпайы социологизмнің” салқынына ұшырады. Сейфуллин зерттеулерінде табы сезіле бастаған бұл оңсыз теорияның ықпалы 1945 жылы қорғалған. Ә. Маметованың “Қазақ билерінің шешендік сөздері және оның әдебиеттегі тарихи орны” атты диссертациясына кері әсер етіп, кейін 1948 жылы шыққан “Қазақ әдебиеті тарихы” атты кітапта жал-құйрығы күзеліп, кейбір концепциялары алынып тасталды.

Ұлттық шешендік өнер, шешендік сөздер теориясының дамуының келесі бір кезеңі тікелей әдебиетші ғалым Балтабай Адамбаев еңбектерімен айқындалады. Балтабай Адамбаев М. Әуезов, С. Сейфуллин, Х. Досмұхамедов ұсынған “билер сөзі” терминін “шешендік сөздер” терминімен алмастырып, тақырып аясын айқындап, жанрдың ішкі үлгілерін мазмұнына қарай үшке, құрылысына қарай екіге бөледі.

“Шешендік сөздердің әлеуметтік және әдеби эстетикалық мәнін, жанрлық-көркемдік ерекшеліктерін ашып анықтау үшін сөз нұсқауларын талдаймыз және мазмұнына қарай шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау деп үш салаға топтап зерттейміз”, - дейді [1].

Қазақ халқында белгілі бір мәселені талқылау кезінде шешен адамдардың тапқыр ойымен, шебер тілімен ауызша айтқан мазмұнды, көркем пікірін шешендік сөз дейміз.

Ақындық, шешендік өнердің өсіп-өркендеуіне қажетті жағдай еркін сөйлеуге бостандық, сөз бостандығы. Бұл жөнінде де қазақ қауымында сөзге тыйым салынбаған, сынға шек қоймаған. Тілімізде “би”, “шешен” деген сөздердің бір мағынаға бірігіп, кірігіп кеткені белгілі, би болу үшін бір ғана сөзге шеберлік жеткіліксіз. Бұл ең алдымен елдің шежіресін, тарихын ұлылы-кішілі ел басынан өткен уақиғаларды, тарихи қайраткерлерді, әсіресе дау-дамай, соғыс біткен мәселелеріне реттеу тәртібін екінші сөзбен айтқанда, әдет-ғұрып заңын жетік білуге тиіс. “Ойлансақ мың бір пәле тілден туған, шешендер топ ішінде белді буған”, - деп Шал ақын бекер айтпаса керек. “Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” дегендей көп ішінен дарынды шешендер шыққан. Шешендердің басым көпшілігі билеуші тап өкілдері болған. Көбінесе шешендер жер дауы немесе жесір дауы немесе ердің құнымен байланысты айтылған билік төрелік сөздер. Шешендік сөздер, өнер көп жағдайда әншілік, күйшілік тіпті ақындық сияқты өнер танымай кейбір тыңдаушы адамдардың “жақсылар” мен жайсаңдардың жеке бастарының қасиеттері ретінде де бағаланған. Ақындар сияқты шешендер арнайы өнер жарысына түспеген, түсуге арналған, олардың шешендігі белгілі бір дауларды шешу үстінде көрінген, шешендік – тапқырлық сөздері белгілі бір мақсатпен байланысты туыған. Олардың дауласқан, айтысқан мәжілістеріне екінің бірі араласа алмаған. Алайда үстем тап өкілдері ру басы – билер шешендік өнерді өзінің шын иесі халықтан бөліп – жарып әкете алмаған. Нағыз кедей мен жарлы жалшыдан небір күміс көмей, жез таңдай халық шешендері шығып, әдеби тілімізді, тілдік қорымызды байытуға қалыптастыруға қазақтың алғашқы авторлары өлең-жырлары, аңыз-әңгімелері, шешендік сөздері әз Жәнібек хандығының төңірегінде дамыған. Қазақтың шешендік өнері үш жүздің басын қосқан Тәуке ханның тұсында, ханның ордасы Түркістан қаласында жанданған, ердің ұнына екі ауыз сөзбен бітірген даңқты дала Демосфендері ме Цицерондары, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би және қара жігіт Әйтеке шешендердің атақ-даңқтары да осы кезде шыққан.

Халық “Әйтеке бауыздап, Қазыбек іреп, Төле мүшелеп берер”- деп Әйтеке айтса “қандай қиқар даукесің де қалай құлақ аспасқа”, Қазыбек айтқанда төресі осы тығыла кетпеске лажы жоқ еді деп кесіп айтқан. Сондай –ақ халық тағы да “Әйтеке жорып жеткізіп айтады” деп үш биге байланысты бағасын беріп қойған.

Елімізде қалыптасқан шешендік сөздердің басқада қайталанбас өзіндік ерекшеліктері де мол. Бұлар – “аттың жалы, түйенің қомында” көшпелі өркениеттің мақсат-мүддесіне сай ауызекі, суырыпсалмалық дәстүрінде туған мұралар.

Суырыпсалмалық қазақ өнерінің қай-қайсысына болмасын тән, бірегейі құбылыс. Дәстүрлі қазақ өнерінің негізгі қасиеті сақталған жыраулық өнерді, ақындық өнерді, жалпы кең мағынасындағы ақындық өнерді импровизациясыз пайымдау аса қиын. Қазақ шешендік өнерінің бұл сипатын С. Негимов тілімен айтсақ: “Қазақ шешен билерінің импровизациялық қабілет қарымы шешендік өнердің ең жоғарғы биігіне шыққан деуге болады. Әрине қаумалаған қауымды дүр сілкіндіру, ой-қиял теңізіне жүздіру, ынта-ықыласын арттыру шешеннің табиғат сыйлаған қасиетінің үстіне табанды ізденістерімен, білім қорын үнемі жаңартып, түйінді қорытындылар шығарып, мәнерлі, әсерлі, әуезді тілмен жеткізумен ерекшеленеді”. Соңғы кезде қазақ балаларына арналған ауыз әдебиетінің үлгілерін, оның салаларын оқытуға ерекше көңіл бөлінуде. Оқу материалдарына аңыз әңгімелер, мақал-мәтелдер, жырлар, шешендік сөздердің түрлерін балалардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізу дүние танымын кеңейтуге, жан-жақты дамуына ықпал етеді. Жас ұрпаққа қазақтың би – шешендерінің өмірінен мәлімет беріп қызықты тұстарынан сөз қозғау өнегелі істерге апарар жол.

Шешендік сөз – адамзат тарихындағы рухани материалдық мәдениеттің дамуының негізгі құралдарының бірі шешендікке құрылған әңгімелерді, аңыздарды және өлеңдерді бастауыш сыныпта оқыту бала тілін ұштайды, сөздік қорын байытады, өмірге деген көзқарасын оятып, дүниетанымына жол ашады [2].

Бастауыш сынып оқушыларына қазақ халқының атақты шешендері Қаз дауысты Қазыбек, Төле, Әйтеке билерді ана тілі пәні арқылы таныстырып, олардан қалған құнды да мол мұраларды оқыту, ұлағатты сөздерін жатқа айтқызу – уақыт талабы [3].

Ғалым – педагог Ы. Алтынсарин нақыл сөздерді жинады және оларды жариялады. Ол өзінің хрестоматиясына “Ізбасты”, “Байұлы”, “Жәнібек батыр”, “Жиренше шешен” тағы басқалардың көргендікке, тапқырлыққа құрылған “даналық әліппелерін” енгізіп, кезінде оларды оқуға ұсынған. Алғашқы ұстаз аталы сөздің құндылығын сол кезде–ақ білген.

Шешендік сөздерді тұңғыш зерттеушілердің бірі - М. Әуезов болса, 30-жылдары оларды іріктеп, жинап, халықтың керегіне жаратуға үлес қосып, қамқор болған, асыл сөздерді оқырман қауымға ұсынушы және балаларды ізгілікке тәрбиелеуде таптырмас құрал екенін оқытушы С. Сейфуллин болды. Сәкен Сейфуллин өзінің “Қазақ әдебиеті” дейтін кітабында шешен билердің әлеуметтік қызметтерін, шешендік сөздердің ауыз әдебиетінде алатын орнын анықтап, бірсыпыра нұсқауларын жариялады.

Одан кейін қазақ шешен сөздерін арнайы зерттеген ғалым Әмина Маметова. Ол өзінің “Қазақстан шешен билерінің сөздері және қазақ әдебиетіндегі оның орны” кандидаттық диссертациясында белгілі қазақ билерін атап, олардың аттарынан айтылатын сөздердің әдебие мәнін толығырақ анықтай түседі. Сонымен, ана тілі сабақтарының танымдық мақсатына мыналар ескерілу қажет:

1.Шешендік сөздерді халқымыздың қадір тұтуы

2.Шешендік сөздердегі ұлттық мәдениет және парасаттылық

3.Асыл сөздің астарындағы ұлағатты сөздер

4. Дау-жанжалдардың бітімін екі –ақ ауыз сөзбен шешіп, ел мен елді бітістіріп, жарастырып келелі мәселелерді тындырып отыратындығы

Билер мен шешендердің көрегендігін, даналық сөздерін оқытып, жатқа айтқызу жас ұрпақты шешендікке, ата-бабадан қалған мол мұраны игертуге баулиды.

Қазақ шeшeндiк сөздeрi — бастаy алар қайнар бұлақтарын түркiлiк танымнан түптeн тартып, өзiндiк ұлттық eрeкшeлiктeрдi, қасиeттeрдi бойына жинақтап, көркeмдiк қyатымeн, ғибраттық сарынымeн дараланған, сондай-ақ, ас бай поэтикалық тiлiмeн өзгeшe қалыпта көрiнгeн, халқымыздың рyхани азығына айналған көркeмдiк құбылыс.

Бүгiнгi қолымызға жиналған мәлiмeттeрдi саралай кeлгeндe шeшeндiк сөздeрдiң көлeмiнiң тым аyқымды, iшкi жанрлық түрлeрiнiң дe алyан түрлi eкeндiгiнe, классикалық әдeбиeттiң кeлeлi мәсeлeлeрiн шeшyдe кәдeгe асып жатқан шығармалар eкeндiгiнe көз жeткiздiк.

Бастауыш сыныптарда шешендік сөздерді оқытудың негізгі мақсаты бастауыш сынып оқушыларының өз ойы мен пікірін еркін жеткізе алатын, жауаптаса алатын тұлға деңгейіне көтеру, яғни ұлттық шешендік сөйлеудің айла амалдарын шешендік өнердің сыр мен сымбатын, тапқырлықты, тақырыптық тәсілдерді қолдану бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру.

Оқушыларға шешендік сөздерді туралы сөз қозғағанда ең алдымен мұғалімге назар аудару керек. Мұғалімдер күнделікті сабақ беру үрдісінде шешендік сөздерді орынды жерінде ойын дәлелдеуде дәнекер етсе, оқушыларды тілге шебер ойы орамды мәдениетті сөйлеуге тәрбиелейді.

Бір сөзбен айтқанда бұл зерттеудің жаңалығы – оқушылардың шешендік сөздерді меңгеру нәтижесінде сана-сезімі мен ақыл ой ұшқырлығы, сөз шеберлігі, дұрыс ойлау жүйесін қалыптасатын, төменгі сыныпта шығармашылық қабілетін арттыруға болады.

Қорытындылап қарасақ, шешендік сөздерге халық даналығы, инбаттылық пен ізгілік нышандары жатады екен.

Шешендік сөздердің бастауыш сыныпта, балаларға, олардың тілін дамытуға, сөздік қорын байытуға қаншалықты қажет екенін көріп отырмыз.

26) Кенесары Қасымұлы (1802-1847) - мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837-1847 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі. Қазақ хандығының соңғы ханы. Атақты Шыңғыс ханның 27-інші ұрпағы, Абылай ханның немересі. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан.

1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Ордасын Көкшетауға тіккен Абылай ханның отыз ұлы болған. Абылайдың әйелі Қалмақ ханы Қалдан-Сереннің туысы - Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан: Қамбар мен Қасым сұлтан туады. Кенесары Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен: Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай мен бірге 6 алты ағайынды болып туған. Ал Кенесарының інісі Наурызбай Қасым сұлтанның екінші әйелінен өмірге келген.

Кенесары Қасымұлы өзге бауырлары секілді көшпелі әскери ақсүйектер қауымының дәстүріне сай жастайынан шабандоз, ұшы-қиырсыз даланың қатал табиғатына шыныққан, қиындыққа төзімді болып тәрбиеленді. Жеке басының ерлік қасиеттері, бірбеттігі, алға қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы мен дүлей күш-жігері оның жетекшілік қабілетін айналасына ерте мойындатқан.

Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысына Патша үкіметінің 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы Жарғысының» қалыптасқан хандық құрылымды, дәстүрлі билік үлгілерін жоюы, қазақ елін жалпыресейлік басқару жүйесіне сіңістіріп жіберуді көздеген жымысқы саясаты негіз болды. Әуелі бұл саясатқа өз наразылығын қарт сұлтан Қасым төре білдірді. Ресей билеушілерінің қазақ елінің ең шұрайлы жерлерін тартып алып, Ақтау, Ақмола, Қызылжар, Көкшетауда өз әскери бекіністерін салуы, Солтүстік, Шығыс Қазақстанда суы мен жайылымы мол Ертіс, Есіл өзендерінің бойындағы жерді біртіндеп орыс-казак шаруаларының өз иелігіне бөліп алуы, жергілікті халыққа алым-салықтың өсуі ұлт-азаттық қозғалысын тұтатты. Ресей империясының бұл саясатына алғашқыда Ғұбайдолла сұлтан қарсы шықса, кейін оны Саржан сұлтан басқарды. Алайда Ресейге қарсы күресте одақтас болған Қоқан хандығының сатқындығынан 1836 жылы олардың тікелей нұсқауымен Саржан сұлтан өлтірілді, 1840 жылы Қасым төре қаза тапты. Осы кезде Қасым сұлтанның баһадүр батыр ұлдары, Саржан сұлтанның туған інілері Кенесары мен Наурызбай шығып, қалың қазақ елі Кенесарының соңынан ерді. Ағасы Саржан сұлтанның жасағында болып, әскери өнерін шыңдаған Кенесары қаншама қазақ хандығының аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді, Ресей құрамына кірмеген аймақтардың тәуелсіздігін сақтауды басты мақсат тұтқанымен, ол отаршылдарға қарсы соғысты бірден бастаған жоқ. Ол бірнеше рет дипломатиялық қадамдар жасап, І Николай патшаға, Орынбор генерал-губернаторлары В.А.Перовскийге, В.А.Обручевке, Сібір генерал-губернаторы П.Д.Горчаковке хат жолдады, тиісті талаптар қойды. Ол өзінің Батыс Сібір генерал-губернаторына жазған хатында: «Ақтау, Ортау, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Өлкейек, Тоғызақтан Жайыққа дейінгі жерлер қазіргі патшаның тұсында тартып алынып, қаптаған бекіністер тұрғызылды. Міне, енді күн сайын жерімізге баса-көктеп кіріп, бекіністер салып, халықтың зығырданын қайнатып отырсыздар. Бұл біздің болашағымыз үшін ғана емес, бүгінгі тірлігіміз үшін де қатерлі. Менің тілегім - екі жақтың да халқы мизамшуақ өмір сүруі», - деді.

Кенесары Қасымұлы 1837 жылғы желтоқсанда І Николай патшаның өзіне осындай мазмұнда хат жазған. Ол өзінің Ресей патшасына жолдаған алғашқы хаттарының бірінде тіпті, императорды атасы Абылай хан заманында екі ел арасында орын алған бейбіт қатынасқа және шекара есебінде қабылданған межеге қайта оралуға шақырады. «... Сіздің арғы бабаларыңыз, ал бізде менің атам Абылай патшалық құрған уақытта, - деп жазады Кенесары император І Николай патшаға, халық бейбіт және тыныш жағдайда өмір сүрді, оны ешкім бұзған емес. Екі жақ та өзара сауда жасады; біздің жұртымызға ешқандай да салық салынған жоқ. Ал одан кейінгі мезгілде бәрі өзгерді, біздің халқымыздан салық жинала бастады, оған басқа да түрлі таршылықтар жасалынды. Бұрынғы жасалынған бейбіт келісімді бұзып, Сіздің төменгі қарауыңыздағы басшыларыңыз бүкіл қазақ халқы Ресей бодандығына қарады деп жалған көрсетті, соның салдарынан менің Абылай атама қарасты жерлерде сегіз дуан орнады. Бұл біздің халқымыз үшін өте қайғылы жағдай, әсіресе оған салықтың салынуы өкінішті-ақ. Сондықтан да біздің бүтін қазақ халқымыз таршылық көрмей, тыныш рахатты өмір сүрсе екен деп, ұлы мәртебелім, Сізге өтініш айтуға өзімді бақытты санап, біздің халқымызды сол бұрынғы күйінде қалдырып, даламызда орналасқан сегіз округтік дуандар мен өзге де мекемелеріңізді жоюыңызды сұраймын», - деп жазған. Алайда заңды талап-тілегі орындалмай, өтініші аяққа басылып, елі мен жерінің біртұтастығына қатты қауіп төнгендіктен, ту ұстап, тұлпар мініп, қол бастады. Ақылды саясатшы және шебер әскери қолбасшы ретінде ол соғысқа жан-жақты дайындалды. Жасағына қару-жарақ соғу, соның ішінде зеңбірек құю үшін орыс және өзге ұлт шеберлерін де өзіне тартып, оларға жақсы жағдай жасады. Көп ұзамай Кенесарының қол астына 20 мыңға жуық сарбаз жиналып, олардың ішінде Орта жүздің арғын, қыпшақ руларымен бірге Кіші жүздің де шекті, тама, табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы тағы да басқа руларының, Ұлы жүздің үйсін, дулат тағы да басқа руларының сарбаздары болды. Кенесары хан ұлт-азаттық көтерілісінде Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жәуке, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан Тіленшіұлы, Бұқарбай, Мыңжасар тәрізді батырларға арқа сүйеді.

1841 жылы қыркүйекте үш жүздің өкілдері жиынында Кенесары қазақ халқының ханы болып сайланды. Сол жылы Кенесары ханның әскері Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. 1843 жылы Ресей үкіметі Кенесары ханға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Соған қарамастан, Кенесары ханның әскері Ресей армиясы мен Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарына бірнеше рет ойсырата соққы берді. Әсіресе 1843 жылдың қыркүйегіндегі Орынбор жасағымен шайқас бір жұмаға созылды.

1844-1845 жылдары Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі шырқау шегіне жетті. Ол бастаған елді үш жақтан қоршап, Қарақұмға шегінуге жол бермеу үш бірдей жасаққа жүктелсе де Кенесары оларды жер қаптырып, құтылып кетті. Кенесары кейін Константинов қамалына шабуыл жасады. Жантөрин мен полковник Дуниковский бастаған орыс әскерімен шайқасып, сұлтан жасағына тылдан тиісіп, жойып жіберді. Осы ұрыста 44 сұлтан қаза тапты. Кенесарыны қарудың күшімен бағындыра алмасын білген патша өкіметі онымен келіссөз жүргізіп, қапияда қолға түскен сүйікті жары Күнімжан ханымды тұтқыннан босатты. Кенесары өз ордасын Жетісуға көшірді. Ұлы жүзден оған Байсейіт, Сұраншы, Саурық, Тойшыбек, Байзақ батырлар жасақтарымен келіп қосылды.

Тарихта Кенесары хан парасатты әмірші, әскери өнерді жетік меңгерген қолбасшы, жаужүрек батыр ғана емес, ғажайып дипломат, данагөй де болған тарихи тұлға. Сол кездері отарлаушы орыс мемлекеті қазақтарға қарсы Хиуа, Қоқанды, қырғыздарды айдап салса, қырғыздар Орта жүзге Ұлы жүзді қарсы қоюға жанталасып, Хиуа Есет батырды Жанғожаға, Жанғожаны Кенесарыға қарсы қоюға тырысты. Патша өкіметі болса, сатқын сұлтандарды Кенесары ханның соңына салып қойды. Осындай аласапыран заман туса да Кенесары хан жеке басының қамынан елінің біртұтастығы мүддесін жоғары қойды. Тапқырлығымен талай қиын мәселелердің түйінін шешті. Сатқындыққа, әділетсіздікке, мейірімсіздікке қатал қарап, қатты қаһарланса да парасаттылық танытар тұста ашуын ақылға жеңдіре де білді.

Азаттық үшін шайқаста Кенесары хан қырғыз манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Алайда, патша әкімдерімен құпия байланыста тұрған қырғыздар оған мойынсұнбады. Кенесары хан оларға шабуыл жасады. Өз жақтастарының опасыздық салдарынан Кенесары мен Наурызбай дұшпандардың қолына түседі. 1847 жылы Кенесары хан Қырғызстанның Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік-Сеңгір аңғарында осылайша айуандықпен өлтіріледі. Жаулары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жіберді. Князь Горчаков Кенесарының басын Батыс Сібір бас басқармасындағы «Кенесары бүлігі туралы» іске қосып сақтауға бұйрық берді.

Абылай ханның ұрпағы Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісінде қандай қолбасшы, тарихта қандай ұлы тұлға болғандығы туралы орыс тарихшысы Н.Н.Середа өз зерттеулерінде: «Кенесары хан өз жасақтарының мәртебелі әміршісі бола білді. Оның рухы дем берген жауынгерлерге еуропалық әскер қолбасшыларының өзі қызығар еді. Жортуылда жолындағының бәрін жайпайтын дала дауылындай екпінді де тегеурінді Кенесары хан ешбір бөгет алдында кідірмейтін, қайта кездескен кедергі оның қайрат-жігерін жанып, шамырқандыра түсіп, көздеген мақсат жолындағы тосқауылдарды талқандар керемет күш бітіріп, одан сайын өршелендіріп жіберетін. Кенесарының бойындағы күллі осындай қасиеттерді көшпенділер биік бағалап, оның қаракет-қимылына қатысушылардың жүрегі басшысына деген шексіз сүйіспеншілікпен соғып, жанын пида етуге дейін барғызады»,-деп жазды.

Ал енді ағылшындық Томас Аткинсон Кенесары Қасымұлы туралы былай деп жазды: «Кенесары қазақтардан ғажайып жауынгерлер даярлады. Найза мен айбалтаны тамаша игерген, шапшаңдығына көз ілеспейтін жігіттері өзінен күші басым жаудан қаймықпай соғысып, жеңіп шыға беретінін естігенім бар. Егер білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскер құрар еді. Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің бәрі тән».

Ресейдің әскери тарихшысы В. Потто кезінде Кенесарыны қазақтардың Шамилі деп те атаған.

Кенесары Қасымұлының өмірі мен азаттық жолындағы күресі көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болды. Нысанбай ақынның «Кенесары - Наурызбай дастаны» 1875 жылы сұлтан Жантөриннің тәржімасымен «Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің жазбаларында» орыс тілінде жарияланды.

ХХ ғасырдың 30-жылдары М.Әуезов «Хан Кене» пьесасын, 60-жылдары И.Есенберлин «Қаһар» романын жазды. 1888 жылы Ташкентте «Кенесары мен Садық» деген атпен шыққан Кенесарының баласы сұлтан Ахмет Кенесариннің естеліктер жинағы да құнды еңбек болып табылады. Кеңес үкіметі тұсында Кенесарының күрес жолына іргелі ғылыми зерттеу арнаған тарихшы-ғалым Е.Бекмаханов саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Кенесары Қасымұлы тұлғасына жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі Қазақстан тәуелсіз мемлекетке жеткеннен кейін ғана қолға алынды.

2002 жылы Кенесары ханның туғанына 200 толуына орай халықаралық ғылыми конференция өтті. Астана қаласында Кенесары ханға ескерткіш қойылған және оның атымен аталатын көше бар.

22) Қазақ әдебиетінің кеңестік дәуірдегі көрнекті қайраткерлерінің бірі — көркемсөз зергері Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов 1902 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Ол алғаш өз ауылында ескіше оқып, хат таныған. 14 жасында (1916 жылы) Обаған деген жердегі нағашысының көмегімен орыс мектебіне окуға түседі, бұл мектепті бітіріп, Преснегорьковтағы екі кластық орыс мектебінде оқьш, жеті жылдық мектептің көлемінде білім алады. 1923-26 жылдары Орынбор қаласындағы жұмысшы факультетіне (рабфак) оқуға түсіп, оны бітірісімен Омбыдағы ауыл шаруашылық институтында бір жыл ғана оқиды. Содан кейін кеңестік дәуірдегі баспасөз, халық ағарту, көркем өнер мекемелерінде әр түрлі жауапты қызметтерді атқарады.

Жазушының әдеби-шығармашылық еңбегі жиырмасыншы жылдардың аяқ шенінен басталады. Оның жазушылық еңбегіне үлгі болған Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Крылов, Чехов, Толстой, Салтыков-Щедрин сияқты орыс классиктері болды. Әсіресе оның шығармашылық еңбегіне ерекше әсер еткен Гоголь, Чехов, Горький сияқты әңгіме, очерк, хикаят, роман жазушы сатириктер еді. «Мен, — деп еске алады өзінің «Автобиографиялық әңгімесінде, — сол кездегі Орынбор рабфагін кейбір жоғары дәрежелі мектептермен теңесе алады-ау деп ойлаймын!... Орыс әдебиетін оқығанда Гоголь, Чехов, Горький шығармалары ойыма қона қалушы еді. Қабырға газетіне бірінші рет ұзақ әңгіме жаздым (кейін ол «Тулаған толқында» деген повеске айналып, менің бірінші басылып шыққан әдеби еңбегім болды»).

Сол кезден бергі уақыт ішінде жазушы жиырмадан астам әңгіме, хикаяттар («Қос шалқар», «Талпақ танау», «Ана туралы новеллалар», «Автографиялық әңгіме», т.б.), ондаған пьесалар («Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ақан сері — Ақтоқты», «Аманкелді», «Қынаптан қылыш т.б.), «Қазақ солдаты», «Ұлпан», «Оянған өлке» атты романдарын, қара сөзбен жазылған «Кездеспей кеткен бір бейне» поэмасын жазды.

Орыс, батыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аудару ісімен де шұғылданды. Оның жүзге тарта публицистикалық мақалалары жарық көрді.

Сөйтіп, Ғ. Мүсірепов қазақ әдебиетінің барлық жанрын дамытуда аянбай еңбек еткен академик-классик жазушы болды. Оның осы еңбектері жоғары бағаланып, бірнеше орден, медальдармен марапатталды. Алты мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне, 1958 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. 1974 жылы Ғ. Мүсіреповке кеңес әдебиетін өркендетуде сіңірген еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері құрметті атағы берілді.

Ғ. Мүсіреповтің әңгімелері. Жазушының 1930 жылдардың бас кезіндегі көбірек көңіл бөлген тақырыбы - ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселесі болды. Оның осы тақырыпқа арнап жазған тұңғыш шығармасы «Қос шалқар» (1929) әңгімесі еді. Әңгіменің оқиғасы Қазақстанда егіндік, шабындық жерлерді бөліске салу, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселесіне ұласады. Қасым сияқты байлардың шөбін шауып, малын баққан Күсен сияқты кедейлердің артель болып ұйымдасуы, байлар мен кедейлердің таптық күресі шеңберіндегі қазақ ауылының шындық өмірі суреттеледі.

Жазушы «Қос шалқар» атанған әсем көлдің атырабына үш рет жолы түскенін баяндай отырып, осы өңірдегі болған өзгерісті сөз етеді.

Ғ. Мүсіреповтің бұдан кейінгі жазған екі әңгімесі — «Көк үйдегі көршілер» (1929), «Күсен» (1930) де осы тақырыптың жалғасы іспетті болып келеді. Онда да қазақ ауылындағы колхоздастыру кезіндегі қиыншылық, таптық талас-тартыс әңгіме болады. Ғ. Мүсірепов 1932 жылы «Бір адым кейін, екі адым ілгері» атты әңгімесін жазды. Онда да таптық күрес, астыртын әрекеттер, ауылдың бай-кедей болып бөлінуі, жаңа заманға өткен қоғам өкілдерінің риза болмай, қарсы тұруы суреттеледі. Әңгіменің басты кейіпкерлері — колхоз бастығы Рамазан мен оның орынбасары Жанғалилар өз туыстарын ғана колхозға тартып, рушылдықты қоздырады. Ал Сүгір молда мен Есентай сияқты өткен қоғам өкілдері астыртын әрекет жасап, колхоздың қоймасын өртеп, асыл тұқымды малдарын өлтіру арқылы жаулық әрекет жасайды.

Бұның бәрі жазушы ойлап тапқан оқиға сюжеті емес, 1930 жылдардағы ұжымдастыру кезеңіндегі өмір шындығы екені даусыз. Себебі бір қоғамдық құрылыс өзгеріп, оның орнына жаңа қоғам келгенде адамдардың идеялық талас-тартысының болуы, ескі мен жаңаның күресі табиғи заңды кұбылыс, өмір шындығы еді. Жазушы осы адамдар санасындағы болған өзгерістерді суреттеп отыр.

Жазушының адамдардың идеялық көзқарас өзгешеліктерін дөп басьш, шебер суреттеген әңгімесі «Талпақ танау» (1934). Бұл әңгімеде де қазақ ауылындағы колхоздастыру кезеңінің шындығы баяндалған. Онда еңбекшілерді ұжымдастыру мәселесіне байланысты колхоз төрағасы Сәденнің көрші совхоздан шошқа сатып әкеліп, бесінші түлікті өсіруі, қазақ ауылына жаңа әкелінген бесінші түлікті қазақ шалы Есеннің бағуы, ауыл адамдарының оған шошына, жиіркене қарауын суреттеу арқылы адамдар психологиясында орын алған ескі түсінік пен жаңа көзқарастың қақтығысы сипатталады.

Отызыншы жылдардың орта шенінде жазушыны М. Горькийдің ана тақырыбына жазған романтикалық әңгімелері қызықтырады. Гуманист жазушы М. Горькийдің адам деген ардақты атты жоғары бағалауы, өмірге рух себуші, тіршілік иесі аналардың қоғамдағы рөлі Ғ. Мүсіреповке үлкен ой салды. Ол М. Горькийдің «Адамның анасы» және «Өлімді жеңген ана» атты екі новелласын аударып, өзі де «Ананың анасы», «Ашынған ана>>, «Ананың арашасы (1934), «Ер ана» (1942), «Ақлима» (1944) атты әңгімелерін жазды.

«Ананың анасы» (1934) атты әңгімесінің мазмұны ел арасына кең тараған аңыздан алынған. Мұнда елді шауып, жазықсыз жас қызды зорлап алып бара жатқан батырды қыз анасының сөзбен тоқтатып, жеңгені, сөйтіп, оның қызын жау қолынан азат етуі баяндалған. Шығарманың мазмұны, Әйтілес ақсақалдың «етектей сақалын балуан саусақтарымен салалап тарап» қойып өткен өмір оқиғасын баяндауынан басталады. Әңгімеде намысқа шабар білегі, әділетті таныр жүрегі бар, бірақ ел әкімдерінің алдауына түскен аңғал батыр Жалпақ балуанның Бала бидің қолшоқпары болуы, жүрегін жарып шыққан қызының тағдырына шырылдап арашашы бола білген абзал ананың өжеттігі айтылады.

«Ашынған ана» (1934) әңгімесі 1916 жылғы ұлт-азаттық; қозғалысына арналған. Жалғыз баласының жасын асырып жазып, майданға қара жұмысқа жібермек болған болыс пен оның қолшоқпары Қарасақалға Қапияның пышақ салып, түрмеге түсуі, онда 17 ай отырып, ақыры оны большевиктердің түрмеден босатуы баяндалады. Жазушының суреттеуінше, қиыншылық пен зорлық-зомбылықты көп көріп, азап шеккен: «... Өмір өзін сондай сіліккен. Қазір бұл сондай орасан күшті. Енді өмірді өзі сілкуге жарап қалған қайратты ана...»

Ал Ғ. Мүсіреповтің «Ананың арашасы» (1934) атты әңгімесінде Антоновтың ақ бандыларының қазақ ауылына ат ойнатып, жазықсыз жандарды атып-асуы, Нағиманы "большевик балаңды тауып бер" деп соққыға жығуы, ананың жан азабына шыдап бағып, ақтар армиясының солдаттарының шымбайына батар сөз айтып, солдаттарды өз командиріне қарсы қоюы, ақыры олардың Антоновты өлтіріп, Қызыл Армияға қосылуымен аяқталады.

Ақтар армиясының бандыларының жауыздығын жазушы былайша суреттейді: «... Ана арқасында қайыс қамшы жыландай жүйткіп жүр... Арашаға жарай алмаған ауыл ұятына тұншыққандай тым-тырыс... Тек отыз өрім қамшы ғана әйел арқасында жыландай ысылдайды. Анада үн жоқ. Асыл жігер мен өктем куш теке- тіресіп кездесе қалып, біріне-бірі тізе бүгер емес. Қара көк жапырақты ақ көйлек қызыл қанға айналып, арқа жағы тілім- тілім болып кетті. Қанға боялған қамшы ана денесінің ашынған жерлерін иіскеп табатындай жанға батар жеріне дәл-дәл тиеді. Қамшы сарт етіп қалғанда, ана көзінен от ұшқыны да жалт ете қалады. Сіресіп қалғандай табан аудармай, кек кернеген ана да тұр, мың сұрауына бір жауап ала алмай ызаға булығып Антонов та тұр. Ана тістері тіл қақпасын тас бекітіп тастапты... Бұдан әрі өжет ана Антоновтың адамгершіліктен жұрдай жауыздығын бетіне басып, өршелене түседі.

Жазушы қара күштің ана жүрегін мойыта алмағанын суреттеу арқылы «Ана алдында өлім де мойын ұсынады. Өлімді өмір жеңеді» дегенді бейнелеп беріп отыр.

Ғ. Мүсірепов Ұлы Отан соғысы жылдарында да ана тақырыбына қайта оралып, екі әңгіме жазды. Оның бірі --«Ер ана» (1942). Онда жау уақытша басып алған селода ауру немересімен қалған Наталья ананың партизандар көмген минаны жарып, неміс офицерлері орналасқан мектеп үйін өртеп, ормандағы партизандарға қосылуы суреттеледі. Ал «Ақлима» (1944) әңгімесінде жалғыз ұлы соғыста ерлікпен өлген ананың майданнан мүгедек болып оралған Сапар деген жігітті асырап алып күтуі, оны өз баласы Қасымнан кем көрмеуі баяндалады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында эвакуациямен Украина, Ресей жерлерінен келген орыс, неміс, шешен, ингуш, татар балаларын қазақтардың асырап алуы көп болған. Ал қол-аяғы бірдей шөрке боп қалған жауынгер жігітті туған анасындай болып күту гуманистік ұлы жүректің ғана қолынан келетін қасиетті іс-әрекет еді. Жазушы осы арқылы ана жүрегінің кеңдігін, махаббатының молдығын асқан суреткерлікпен бейнелейді.

Жазушының «Ана» тақырыбындағы шығармаларының жиынтығы ретінде 1974 жылы «Ұлпан» романы дүниеге келді. «Ұлпан» — бүкіл аналардың жиынтық бейнесі тәріздес кесек полотно.

«Ұлпан» — тарихи ел шежіресінін мазмұнында құрылған роман. Романда қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы кең көлемде сөз болады. Романдағы бас кейіпкер Есеней - қалың Керей-Уақтың билігін қолына мықтап ұстаған аузы дуалы биі, атақты байы. Ол ПІыңғыспен партиялық сайлауда таласса, тең түсетін өткір сөзді, алып денелі, қара нар іспеттес қайраткер. Жасында жауынгер, найзагер батыр да болған. Кенесарының қалың қолымен кескілескен ұрыста ерлік көрсеткен, екі жүз сарбазын тұтқындап стапқа өткізген, кейін жараланыш, орыс-казактары дәрігерлерінің көмегімен ажалдан аман қалған. Ол қалың жылқысын өзінің жауынгер досы, бүгінде аяқ қолы топ болып қалған Артықбай батырдың жайылымына байқамай қаптата жайып келе жатқанда оның алдынан ерекше киінген кесек тұлғалы, батырдың қызы Ұлпан қарсы шығып, Есенейді еселі сөзбен жеңіп, айып төлетеді. Ол бұдан он үш жыл бұрынғы әкесі Артықбай батырдың үйінде Есеней намаз оқып отырғанда еркелеп мойнына асылыш, «Мен түйеге мініп кеттім! Әке, сен үйде қалдың!» деп маза бермейтін қара қыз. Бүгінде аңшы, құсбегі, жылқышы болып ат құлағында ойнап өскен батыр қыз.

Екі баласы бір күнде шешектен өлген, бүгінде елуден асып, ел ағасы болған еңсегей бойлы Есеней бір балаға зар болып жүріп, өзінен қырық жас кіші қара торы өткір қыз Ұлпанға ғашық болады. Есенейдің уыздай Ұлпанды қолға түсіруіне екінші себеп — айттырған күйеуі Түлен саудагердің таз баласы Мырзаштан құтыла алмай отырған кезіне тап болады. Мыңғырған малы бар, бір уез елді ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында ұстап отырған Есеней Ұлпанды айттырып қойған жерінен арашалап алып, айғыр үйір жылқы беріп, Ұлпанды екінші әйелдікке алады. Бес болыс Керей — Уақтың Есенейіне Ұлпан қалың малын өзі айтып, «Есеней, екеуміздің арамызда ең кемі қырық жылдық айырма бар. Осыны ойландың ба?»- дейді. Ердің құны, нардың бұлы болса да мал-жанды аямауға бел байлаған Есеней: «Қырық жыл болса қайтейін? Қырыққа келгенде біздің елдің Есенейі сен боласың. Оған дейін сен менің Есенейім бола тұр... Мен саған сұлу деп, жас деп қызықтым ба, болмаса Есенейдің орнына Есеней болатын адам деп қызықтым ба? Оны өзім де біле бермеймін. Әйтеуір осы түннен бастап, менің Есенейім сенсің», — деп кесіп жауап береді. «Есеней қатал еді, озбыр еді. Енді оның жан жүрегін жібіткен Ұлпан болды»,—деп суреттейді жазушы. Айналасы он-он бес жылда Ұлпан дүйім елді билейтін ақылды ана болады. Бүкіл Торғай уезіне Есенейдің аты Ұлпанның атымен қатар жайылады. Ұлпан өлгеніне жетпіс бес жыл болған нағашы атасы Сырым батырға әнші, күйші, домбырашы, палуан, атбегі адамдарын ертіп, Сыр бойына айғыр үйір жылқы айдап барып аза тұтып, асын бергізеді.

Осы астан кейін жиырма бес жыл өткенде (1906 ж. шамасында), Орынбор — Ташкент темір жолы салынған кезде, «Ұлпан ас берген көл» жағасынан өткен темір жол стансасының атын «Ұлпан» атайды (Шалқардан кейінгі станса).

Ұлпанның шалы Есеней тоғыз жыл топ болып жатып қайтыс болады. Одан қалған жалғыз қызы Біжікенді Ұлпан Торсан деген пысық жігітке үйлендіріп, қолына күшік күйеу етіп енгізіп алады. Ол Есенейден қалған мал-мүлікті пайдаланып, ағайын-туғандарымен араздасып, Ұлпанды «отырса — опақ, тұрса — сопақ» етеді. Қорлыққа шыдай алмаған ер мінезді Ұлпан: «Маған көрсеткен қорлығың өз басыңа келсін»,—деп қарғап, бір түнде у ішіп өледі. Ел анасы болған Ұлпанның қарғысына ұшыраған Торсанның үлкен ұлы Шоқан болыс әкесінің зұлымдығына шыдай алмай өзіне-өзі пышақ салып өледі. 1920 жылы кеңес үкіметі кезінде Торсан өліп, балалары қаңғып кете барады да, Торсанның шаңырағы шайқалып ортасына түседі.

Бір уез елді билеп билік айтушы, дүйім елдің үлкен-кішісіне басшы, ақылгөй болу—Ұлпан сияқты дана әйелдерге ғана тән қасиет. Ондай қайраткер аналар тарихта болған. Мәселен, Төле бидің келіні Данагүлді, Шыңғыстың анасы Айғанымды бүкіл қазақ елі пір тұтқан. Осындай ерлікпен, ақылды-даналықпен, билікпен, әділдікпен атын шығарған Ұлпан қазақ әйелдерінің жиынтық образы деуге болады. Жазушы жасаған Ұлпан — аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, аузы дуалы, сөзі куәлы қоғам қайраткері.

Ғ.Мүсіреповтің Ана тақырыбынан кейінгі патриоттық тақырыптағы төл туындысы — «Қазақ солдаты» хикаятын (1945 ж., кейін «Қазақ солдаты» романы) жазды.

Ал бұдан кейін 1953 жылы жазылған «Оянған өлке» романының тақырыбы — Қазан төңкерісінен бұрын Қарағанды көмір өндірісі ашылып, онда қазақ жұмысшы тобының құрыла бастауы, Оралдан келген орыс, украин жұмысшыларымен өндіріске жаңа тартылған қазақ кедейлерінің ащы өмірдің азабын бірге тартып, біте қайнасуы, олардың таптық мақсатты терең түсінісіп, орыс капиталистері мен қазақ байларына қарсы тізе қоса бастауы, таптық сана-сезімінің оянуы суреттеледі. Романның екінші кітабы «Жат қолында» атты роман ширек ғасыр өткен соң — 1984 жылы дүниеге келді. Онда Қарағанды көмір кенін ағылшын алпауыттарының тонауы тартымды сипатталған.

Ғ. Мүсіреповтің "Жапон балладасын" қара сөзбен жазылған баллада-жыр деуге болады. Адамзат тарихында тұңғыш қолданылған атом бомбасының ауыр зардабын шеккен жапон халқының жан түршігерлік трагедиясын жазушы поэзиялық леппен, терең сыршыл сезімталдықпен жеткізе білген. Автор: "Арқаның әңгімесі", "Көздің әңгімесі", "Тастың әңгімесі" арқылы XX ғасырдың ең сұмдық, ең жауыз қасіреті — атом апатын әшкерелейді. Жазушы қара мрамор тасты сөйлету арқылы сұрапыл апат жайын, темір өртенген күн, тас өртенген күн жайын, адам баласының бұл маңайда түгел қырылып жоқ болғанын баяндайды. "Көздің әңгімесінде" жиырма жыл бойы жарық дүниені көрмеген қыз көруден өз үмітін үзбейді. Ол: "Мен бұл апатты ешкімге тілемеймін. Әсіресе тоқсан қабат, жүз қабат үйлердің мұндай апатқа ұшырауын тілемеймін. Сол үйлерде құмырсқа илеуіндей ығы-жығы тұратын адамдардың үйіліп, өртеніп жатқанын тілемеймін", — деп жан даусымен үн қатады. Ал "Арқаның әңгімесінде" дәрігердің: "Арқаң Жапонияның географиялық картасындай", — деген сөздері арқылы автор ауыр апаттың азабын дәлелдей түседі. Ол жігіт жиырма жыл ішінде арқасын он алты рет жаматқан.

Атом бомбасынының әсерінен екі үлкен қаланың қақ жарты халқы қас қаққанша қырылып, жоқ болғанына жігіт сенгісі келмейді, бірақ бұл ауыр кайғы, ащы шындық екенін жазушы шебер суреттеген.