Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Шығармалар))).docx
Скачиваний:
228
Добавлен:
13.09.2019
Размер:
144.51 Кб
Скачать
  1. Тұрмыс-салт жырлары - қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-жораларына байланысты туындаған өлең-жырлар.

Тақырыбы жағынан, қандай мақсатта қолданылуына орай бірнеше топқа жіктеледі:

  • тұрмыс-салт өлеңдері (төрт түлік туралы өлеңдер, наурыз өлеңдер),

  • дінге байланысты салт өлеңдері (жарапазан, арбау, жалбарыну, бақсы сарыны, бәдік),

  • үйлену салт өлеңдері (тойбастар, жар-жар, сыңсу, беташар),

  • мұң-шер өлеңдері (қоштасу, естірту, көңіл айту, жоқтау),

  • өтірік өлеңдер, т.б.

Тұрмыс-салт жырлырында көне эпостық шығармаларға негіз болған мұң-шер өлеңдері мен саят жырларынан бастап, халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне байланысты, қуаныш пен сүйініш-күйінішті көрсететін лирикалық ән-өлеңдер де, тарихи шағын жырлар да кездеседі. Соның ішінде наурыз жырлары, төрт түлік мал туралы өлеңдер ең көне түр болып саналады. Мұндай жырларда ежелгі адамдардың еңбекөлікәсібі, түрлі тотемдік түсініктері, табиғаттың жұмбақ сырына үңіліп, оған табынудан туындаған ұғым-түсініктері сипатталады. Мысалы, “Жылқышы”, “Шопан ата”, “Зеңгі баба”, “Ойсыл қара”, “Бозінген”, т.б.

Түркі халықтарының тұрмыс-салт жыры тақырып, мазмұн, түр, жанр жағынан ұқсас келеді. Мысалы, нәрестенің дүниеге келуі, үйлену, дүниеден қайту, жаңа жыл салтанаты, еңбек мерекесі, т.б. дәстүрлі салттар түркі халықтарында өлең-жырсыз өтпейді.

Қазақтың тұрмыс-салт жырлары жеке немесе топтасқан түрде белгілі бір әуенмен орындалады. Қазақ зерттеушілері тұрмыс-салт жырлары терминін түрліше қолданған: салт өлеңдері (Ә.Диваев, Б.Кенжебаев), сарындама (А.Байтұрсынов), сыншылдық салт өлеңдері (М.Әуезов), салт өлең-жырлары (С.Сейфуллин), тұрмыс-салтқа байланысты туған шығармалар (М.Ғабдуллин), әдет-ғұрыппен байланысты өлеңдер (Б.Уахатов), т.б. Уахатовтың “Қазақтың халық өлеңдері” (1974) еңбегінде тұрмыс-салт жырларының көне түркілік дәуірден бергі үлгілері мен жиналу, зерттелу жайы жан-жақты қамтылып, өлеңдер жанрлық тұрғыдан 4 түрге жіктелген. Алайда халықтың тұрмысы мен салты үнемі өсу, жаңару үстінде болғандықтан жырларды жіктеу де өзгеріске ұшырап отырады. Ғылымдағы соны көзқарастар нәтижесінде тұрмыс-салт жырлары да жаңаша тұрғыдан саралана бастады.арапазан — қазақ даласында ислам діні берік орын тепкеннен кейін пайда болған тұрмыс-салт жырларының бір түрі.

Ол ел арасында ораза ұсталатын рамазан айында айтылады. Кешкілік ауыз ашар кезінде ауылдың өлең айтуға бейімі бар жастары жиылып, әр үйдің тұсына келіп Жарапазан айтады. Оны ешкім ерсі санамайтын болған, қайта үйден шама-шарықтарына қарай сыйлық алып шығып, Жарапазаншыларды риза етіп жіберетін болған. Жарапазан мәтіні айтыла-айтыла әбден қалыптасқан жаттанды шумақтардан құрылады. Мазмұн жағынан оны шартты түрде үш бөлікке бөлуге болады. Ең алдымен, Жарапазаншы үйді, үй иесін мадақтаудан бастайды. Одан ислам дінінің шарттарын уағыздап, имандылыққа шақырып, өсиет айтады. Соңы бата берумен аяқталады. Әрине, айтушы өзінің қабілет-қарымына орай, жаттанды мәтіннің қаңқасын бұзбай өз ойынан да шумақтар қосып айта береді. Үй иесінің көрсеткен құрмет-сыйына қарай оның жомарттығын, шүлендігін марапаттап, алғыс-тілек те айтады. Кейде көңілден шықпағандарды қуақы тілмен келекелеп, әзіл-қалжыңға да айналдыратын сәттер болады. Жарапазанды жоқ-жітік замандарда дүние табу кәсібіне айналдырғандар да болған. Дегенмен, Жарапазанның негізгі мақсаты — ораза айында ел көңілін көтере жүріп, ислам дінін насихаттау, жұртты шариғатқа, иманға ұйыту, береке-бірлікке, ізгілікке шақырудан туған. Оған, әсіресе, жастар мен балалар белсенді ат салыса жүріп, өздері де үлгі-өнеге алған. Кеңестік дәуірдегі шектеулердің салдарынан ұмытыла бастаған Жарапазан ислам дінінің жандануына байланысты қайтадан салтқа еніп келеді. Жарапазан айтуға балалар да араласқан, олар, әрине, үлкендер шығарған өлеңдi жаттап айтатын болған.

Астымдағы танады,

Жатайын деп барады.

Құдайдың күнi еңкейiп

Батайын деп барады,

Қасымдағы бала едi,

Қайтайын деп барады,

– деген жарапазан айтушылар тобында балалардың болатындығын бекiте түседi. А.Байтұрсыновтың «...ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдiң тұсында тұрып жарапазан өлеңiн айтады», – деп жазуы да осының дәлелi. Жарапазан айту салты көпшiлiк жерлерде, бүгiнге дейiн сақталған, елдiң кейбiр түкпiрлерiнде бүгiнге дейiн бар және оларды айтушылар негiзiнен балалар болған. Бiрақ бұл кезеңде жаңа текст тумаған, тек балалар үлкендерден үйренiп жаттап алып айтқан. Сондықтан да болар 1943 жылы шыққан «Бөбек жыры» атты жинақ дәстүрлi жарапазан жырының үлгiлерiн толық қамтыған бiрден-бiр кiтап болып келедi.

Жарапазан айтуға балалардың қатысуынан жыр құрылысының қарапайымдылығы, жаттауға жеңiлдiгi, мәтін астарында әсiрелеу элементтерi мен жеңiл әзiл, мысқылдық, ойындық элементтердiң жататындығы да аз әсер етпеген. Балалардың әдет-ғұрып жырларына қатынасы, әрине, мұнымен шектелiп қоймайды. Қай халық өмiрiнде болмасын балалар әдет-ғұрып салттарына да қатыстырылған. Бiрақ балалар бұл ғұрып-салттардың мәнiн терең түсiне бермеген, көпшiлiгiн әуестiкпен жаттап алған жырларын өз түсiнiктерiне, тiл ерекшелiктерiне ойын аралас өмiрлерiне ыңғайлап, өңдеп әндетедi. Мысалы, жарапазан жырлары балалар арасында ешқашан тұтас күйiнде емес, тек үзiк-үзiк күйiнде ғана, әр түрлi жағдайға байланысты айтылады.

Тойбастар - қыз ұзату, үйлену, т.б. тойларда айтылатын өлең түрі. Үйлену тойының ең соңғы күні жігіттер мен қыз-келіншектер жиналып, қоштасу кешін өткізеді. Сол кеште жастар жағы әр түрлі ұлттық ойындар ойнап, көңіл көтеріп өлең айтады. Той аяқталғанда тойбастар әні айтылады. Тойбастардың мазмұн-мақсаты той иесін мадақтап, отбасы құрғалы отырған екі жасқа игі тілек, бата, ақыл-кеңестер айту. Айтушының қабілетіне қарай жаттанды өлең түрінде де, жанынан шығарылып та айтыла береді. Өлең құрылысы, ұйқасы көбінесе қара өлең, жыр үлгісінде келеді. Тойбастар шілдехана, сүндетке отырғызу тойларында, үй-ішінің, ауылдың, қаланың басқа қуаныш-қызықтарында айтылады. Тойбастар жиын-тойдың аяқталғанын, бірақ қуаныштың алда да жалғаса беретінін білдіреді.

Көңіл айту – азалы адамды жұбатуға арналған дәстүрлі ғұрыптық салт. Бұл ізгі дәстүр көп халықтарда ертеден бар. К. а. жаны ашығандықты, қайғыға ортақтықты, жақындықты, сыйластықты білдіреді. Қазақ халқында кісі, отбасы, ауыл, ру басына түскен қайғы-қасірет, өлім-жетімге байланысты К. а. қара сөзбен де, өлеңмен де айтылады. Қаза алдымен естіртіледі де (қ. Естірту)`, содан кейін К. а. басталады. К. а-ға жұбату жалғасады. Бұл ғұрыптық салттардың бәрі өзара сабақтасып, адам ойын тереңнен тербеп, қайғысын сейілтетін филос. ойлы, ұтқыр сөздермен көркем жеткізіледі. Негізгі ой мақал-мәтелмен алыстан орағытыла келе, қайғылы адамның жігерін қайрап, үмітін жебейді. Мыс., Байдалы би Уәлидің кіші әйелі Айғанымға “Үміт, сенім, тілек бар, қуантып, қуат алдырар. Жылау деген азап бар, қуартып отқа жандырар. Мен қайғыңды қозғағалы келгем жоқ, қайратыңды қолдағалы келдім” деген екен. Бөлтірік шешен қырғыз билеушісінің баласы қайтыс болғанда “Аққу құсқа оқ тисе, қанатын суға тигізбес, Ақсүйекке оқ тисе, көршісіне сездірмес... Әлімдердің ақ сөзі, өлгеніңді тірілтіп, өшкеніңді жандырар, Дос көтерер өлімді, бекем бу, төрем, беліңді!” деп көңіл айтыпты. Адамның қайғысын бөлісу қазақ қоғамында ертеден тамырын үзбей келе жатқан рәсім.

Естірту– қазаға ұшыраған адамның қайғылы хабарын оның жақын туыстарына хабарлау рәсімі. Ауыр қаза, қайғылы оқиғаны жанашырларына, ел-жұртына өлеңмен Естірту дәстүрі қазақ халқында ертеден бар. Ардақты азаматы не батыр-бағланы өлген үйдің жанкүйер жақын, туыстарын азалы хабарға дайындап, әзірлеп алу үшін естірту, көбінесе, “Аққу ұшып көлге кетті, сұңқар ұшып шөлге кетті, ол адасып кеткен жоқ, әркім барар жерге кетті” деген сияқты салыстырулар түрінде болған. Мысалы, Байшуақ өлгенде баласы Байғараға Қазбасты шешен келіп: “Алып арыстан құласа, жан беруші бар ма екен. Аққан дария құрыса, су беруші бар ма екен” деп естіртеді. Осы секілді Үмбетей жырау да Бөгембай батырдың өлімін өлеңмен естіртіп, оның жау шебіне жалғыз шапқан ерлігін баяндайды. Естірту кейде күңіренген күй сазымен де орындалатын болған. Бұған Жошының аң алуап жүріп өлген ұлының өлімін оған күймен естіртуіі дәлел. “Ақсақ құлан” күйі осылай туған. Естіртудің соңы көңіл айтып, қайғылы хабарға ортақтасып, жұбатуға ауысады.

Қоштасу, қоштасу өлеңі– қазақтың дәстүрлі салт жыры. Ел-жұртымен, туған туысымен, сүйген жарымен, ата-анасымен, жүйрік атымен, қыран құсымен, т.б. Қоштасу бар. Қоштасу өлеңі эпос, дастандарда көп кездеседі. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырындағы Таңсық қыздың “Балталы, Бағаналы ел аман бол” деп басталатын Қоштасуы ел арасында кең тараған. “Елім-ай” өлеңі кіндік қаны тамған жерінен айрылған халықтың ауыр күйзелісін, қайғылы көңіл-күйін білдіретін шығарма. М.Әуезовтың жіктемесі бойынша Қоштасу жырлары:

а) жермен, елмен Қоштасу (Ай, Таңсық өлеңдері);

ә) Сарыарқамен Қоштасу (Күдері Қожаның Қарқаралыдан кетерде айтқаны);

б) өмірдің өткен шағымен Қоштасу (Сабырбай ақынның қызы Қуандыққа айтқан сөздері, Кемпірбайдың Әсетпен қоштасуы;

в) Өтіп бара жатқан заманмен Қоштасу (Қаратоқа Есет бидің еңкейген шағындағы өлеңі, Тезек төренің “Сексен” деген әні) сияқты түрлерге бөлінеді.

Қоштасу өлеңдерін түрлерге жіктеу әдебиеттану ғылымында қазіргі күнге дейін өзекті мәселелердің бірінен саналады. Қазақ халқының “Қыз Жібек”, “Ер Тарғын”, “Қобыланды батыр”, т.б. лиро-эпостық және батырлық жырларында Қоштасудың көркем үлгілері кездеседі.

  1. Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”). Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).

1.Әйелді табағынан байқа,баланы талабынан байқа.

2.Шешесін ұқпайтын, әкеден ықпайтын ұл болмайды.

шешеге тартпайтын ,әкеге жүк артпайтын қыз болмайды.

3.Қыз бақыты – қырық құрақ.

4.Қой баққанға ат таңдатпа,тіс қаққанға қыз таңдатпа.

5 .Әйелге ана,балаға дана деп қара.

6.Қыз баланың қымбаты мен қимасы ұяты мен ибасы.

7.Қызда қылық жоқ деме,момында былық жоқ деме.

8.Әр әйелде болады мың сан қылық,қылықтың ең жаманы жасандылық.

9.Кербез қыз қартайғанын сезбейді.

10.Жақсы әйелдің баласы да күтулі,жұмысы да бітулі.

11.Әйелін сыйлаған,үйін сыйлаған,елін де сыйлай біледі.

12.Шешек атпай тұрғанда,гүл сұлуы білінбес.

Сырын ашпай тұрғанда,қыз сұлуы білінбес.

13.Аналар туып жатқанмен,даналар күнде келмейді.

14.Жақсы болса алғаның үйіңнен,кісі кетпейді,

Жаман болса алғаның шын досың да шеттейді.

Мақал-мәтелдер қоғамдық ой-сананың қалыптасу кезеңдерінен көптеген соны мәлімет береді. Адам ақыл-ойының дамуында оқу, білім мен тәжірибенің атқаратын ролі зор. Мына төмендегі мақалдар: «Көп жасаған білмейді, көп көрген біледі», «Білімнен асар байлық жоқ», «Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады», т.б осы айтылған түйіннің куәсі іспеттес. Халқымыз оқудың табанды оқуды еңбек пен маңдай терді төгумен ғана миға қонатынын жақсы түсіндірген («Оқу инемен құдық қазғандай»). Өйткені оқу табысты болу үшін мен ерік-жігер, ынтызарлық пен құмарлыққажет («Шыдамды еңбек алғыр ой, Анық досың біліп қой», «Ықылас пен ынтымақ, бітер іске болсын тап», т.б.).

4) Лиро-эпостық жырлар ғашықтық жырлар - лирикалық әрі эпикалық шығарма. Оқиға желісі бірін-бірі құлай сүйген екі жас арасындағы махаббатқа құрылады. Көпшілігінің оқиғасы сүйгеніне қосылуды аңсаған, жастарға ескі салт-сана қарсы тұрып, мерт қылумен аяқталады. Лиро-эпостық жырларларда халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, көңіл-күйі көбірек суреттеледі. Оларда реалистік және романтикалық көріністер сабақтаса келіп, реалистік әдіс басым жатады. лиро- эпостық жырларда кейіпкерлер батырлар емес, карапайым адамдар. Ғашыктык жырлар да көп вариантты болып келеді Оның себебі көп замандар бүл жырлар ауыздан- ауызға көшіп, біреуден біреу жаттап алу арқылы кейінгі ұрпаққа жетіп баспаға іліккен. [1]

Қазақ Лиро-эпостық жырлары негізінен екі түрге бөлінеді:

Қазақ халқының төл туындылары - "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу", "Қыз Жібек", "Айман-Шолпан"; "Күлше қыз", "Құл мен қыз", "Мақпал қыз", "Есім - Зылиха"

Шығыс әдебиеті негізінде назира гөйлік дәстүрде жазылған қиссалар "Мұңлық - Зарлық", "Сейфілмәлік", "Бозжігіт", "Таһир - Зуһра", "Жүсіп - Зылиха", "Шәкір - Шәкірат", т.б.

Лиро-эпостық жырларнда тұрмыс-салт жырларының айтыс, жоқтау, жар-жар, жұбату, жұмбақ айтыс, қоштасу, сыңсу сияқты түрлері өте жиі кездеседі. Қазан төңкерісіне дейін Лиро-эпостық жырларын жинап, жариялауда орыс ориенталистері В.В.Радлов, И.Н.Березин, Г.Потанин, т.б. көп еңбек сіңірді. Лиро-эпостық жырларды С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Ы.Дүйсенбаев, Ә.Қоңыратбаев, М.С.Сильченко, Н.С.Смирнова, М.Ғабдуллин, т.б. ғылыми тұрғыда зерттеп, еңбектер жазған.

Қыз Жібек - қазақ халқының жыры, қазақтың ең көне мұраларының бірі, лиро-эпостық дастандарының ішіндегі ең көркемі. «Қыз Жібек» жыры - аңыз емес, тарихи оқиға, кейіпкерлері өмірде болған адамдар. Жырдың негізгі кейіпкерлері - Төлеген мен Жібек бірін-бірі шын сүйген ғашықтар, бірақ әке батасынан аттап кеткен Төлегеннің өлімі мен Жібектің қайғылы тағдыры талай жанарларға жас үйірілтпей қоймайды. Жібек бейнесі - сұлулық пен әсемдіктің символы, қазақ халқының мақтанышы, рухани ескерткіш. Жырда қыздардың келбеті өте шебер суреттелген, оларды көрген Төлеген енді тезірек Жібекті көруге ынтығады. Қаршығадан озып, Жібектің күймесіне бұрын жетеді. Бірақ Жібек онымен "сөйлесуге намыстанады". Тек Қаршығаның үгітінен кейін ғана Жібек "бетін бір ашып, жарқ етіп көрініп, амандасты да, қайтадан бетін жауып, пәуескенің қақпағын түймелеп, жатып қалды", - дейді жыршы. Жібектің ғажайып көркін көрген Төлеген: "Жиһанда бұл сипатты әйел көргенім жоқ еді, енді мұны алайын!" - деп шешеді. Осы сәттен бастап Төлеген енді белсенділік көрсетеді.

Лиро-эпостардың (ғашықтық жырлары) өзара жақындығы - тақырыбы; негізгі мәселе - бір-бірін қалтқысыз сүйіп, қосылуды арман еткен екі жастың араларындағы ыстық махаббат. Оқиғаның байланысы да, дамуы, шиеленісуі де, шешуі де осы сүйіспендік мәселесіне бағындырылады. Сүйгеніне қосылуды аңсап, мұратқа талпынған жастарға ескі феодалдық салт-сана, шатқалаңы мол асудай кесе тұрады да, оларды дегеніне жеткізбей мерт қылады. Баласынан малын артық көретін қатал жүрек, тасбауыр әке Қарабайдың кесапаты Қозы мен Баянды, менмендік иесі, ірі феодал Базарбайдың безбүйректігі Төлегенді апатқа ұшыратады.

Лиро-эпостық поэмаларда халықтың тұрмысы, салты, әдеті, ғұрпы, күнкөрісі, наным-сенімі, психологиялық жақтары эпостық поэмалармен салыстырғанда молырақ қамтылып, тереңірек суреттелінеді. Мақсатқа жету жолдарында ұнамды қаһармандарға кездесетін қиыншылықтар шет жаулардың іс-әрекеттері емес, ескі салт-санадан туған әр алуан бөгеттер болады да, сол шытырман қайшылықтардың шырмауына оралып, көбіне-ақ, оқиға шешулері қайғылы халдермен аяқталады.

Лиро-эпостық поэмаларда реалистік негіз бен романтикалық элементтер сабақтасып жатады. Бірақ реалистік әдіс басым. Сондықтан романтикалық сыр, бояулар шындық өмір құбылыстарының көлеңкесінде қалып қояды.

Лиро-эпос поэмаларының ішінде ерекше орын алып, бөлектеу тұратын «Айман - Шолпан» поэмасы. Оның тақырыбы да, оқиғасы да тарихи жырларға жақын. Лиро-эпостық поэмаларға тек халықтың тұрмыс-салтын терең суреттеуі жағынан туыстас.

Толығырақ талдаулар, поэмаларға жеке тоқталған бөлімдерде айтылмақ.

Қозы Көрпеш - Баян Сұлу – қазақ халқының лиро-эпостық жыры.

13 – 14-ғасырлардан бастап жырланып, қазақ арасына кең тараған. Жыр Сарыбай мен Қарабайдың аң аулай жүріп құда болып, Қозы мен Баянды күні бұрын атастыруынан басталады. Әрі қарай қос ғашық Қозы мен Баян, қара күш иесі Қодар, дүниеқоңыз Қарабай арасындағы шиеленіскен оқиғалар негізінде зұлымдық пен махаббат күресі баяндалып, Қозы мен Баянның қайғылы қазасымен аяқталады. Жырдың негізгі идеясы – адал махаббатты дәріптеу. Бас кейіпкер Қозы Көрпеш кіршіксіз таза махаббат иесі, батыр, адамгершілігі мол жігіт ретінде суреттеледі. Қозы сияқты Баян да адал ниетті, ақжарқын, өзінің сүйгеніне қосылуды арман еткен, ақылына көркі сай жан ретінде бейнеленген. Жырда айтыс, тұрмыс-салт жырлары: естірту, жоқтау, қоштасу, т.б. кеңінен қолданылады. Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже, т.б. ақындар әр кезде дастан оқиғасын өздерінше жырлаған.

27)Мемлекеттік рәміздер - еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы — ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Туды сабының тұсында ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ көктеп өтеді. Күн, шұғыла, қыран және өрнек бейнелері алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы — 1:2».

Мемлекеттік туымыздың аспан текті зеңгір көк түсті болуы кездейсоқ емес. Әйгілі Ансельм кестесі бойынша ол — адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен пәктіктің нышаны. Көк түс ынтымақ пен бірлік идеясын аңғартады, бейбітшілік, тұрақтылық пен береке-байлық белгісі болып саналатын ашық аспанға мегзейді.

Аспанкөк түс — қазақтың ұлттық бояуының реңі. Ұлттың менталитеті, танымы, мәдениеті мен бұл түске деген айырықша ілтипаты осы ойға жетелейді.

Байрақ бетіне әр түрлі нышандардың суретін салу бұрыннан бар үрдіс. Туымыздағы нұр шұғылалы алтын күн бейнесі, қыран көңіл халқымыздың асыл арманын арқалаған дала бүркіті мен рухани болмысымыздың жарқын бір көрінісі болып табылатын ұлттық өрнек — сондай айтары мол астарлы айшықтар. Олармен бірге халқымыздың тарихи зердесі де қайта оянғандай.

Күн образы — байлық пен берекенің белгісі. Оның графикалық бенелеуі (шеңбер) өміршеңдік нышаны деп саналады.

Қыран бүркіт бейнесінің нышандық мәні әдетте билік, көрегендік пен кеңдік, күш-қайрат ұғымдары арқылы айқындалады. Бұрынғы әлемдік тәжірибеде рәміздерде бүркіт бейнесін бедердеу кезінде оның сұсы мен айбынын, жыртқыштық белгілерін ерек танытуға ұмтылыс басым болатын.

Қазақстан Туында бұл образ мүлдем жаңа көркемдік шешім тапты. Біріншіден — бейбіт, салмақты мінез сипаты сезіледі. Екіншіден — ол күн астында тұр. Қанатында Прометей алауын, бақыт нұрын алып келе жатқандай әдемі әсер қалдырады. Үшіншіден — қозғалыс үстінде бейнеленген. Асқар арман, асыл мақсатқа құлаш ұрып келе жатқандай. Рәміздік тұрғыдан алғанда бақыт пен берекеге, өркениет биіктеріне ұмтылған ел мұратын, халық аңсарын аңғартады.

Ту — бұл кез-келген мемлекеттің егемендігі мен ерекшелігін айқындайтын нышандардың бірі.

Ерте дәуірлерде ту мемлекеттік құрылыс ұқсастығын айқындау және халықты біріктіру қызметін атқарды.

Ең көне ту жобамен б. э. д. 3000 жыл бұрын жасалған, ол Иран территориясында 1972 жылы табылған. Бұл 23×23 сантиметр, бүркіт, екі арыстан, үш әйел құдайы және өгіз бейнеленген металдан жасалған бұйым.

Тарихы ұқсас мемлекеттердің мемлекеттік нышандарын қарастырғанда, олардың көпшілігінде табынатын жануарлардың яғни, грифондар мен бүркіттің, ілбіс пен жолбарыстың немесе түрік-номадтың сенімді серігі — жылқының нышандары бейнеленген. Бұл факт түркі халықтарының рухани және мәдени ұқсастығын білдіреді.

Қазақстан жерінде қоныстанған біздің эрамызға дейінгі ІІІ- VIII ғасырларда сақ-сармат тайпаларының өз жалаулары болғандығы жөнінде деректер сақталған.

Көшпенді-ғұндардың ақ жалаулары, қазіргі түркі халықтарының, соның ішінде қазақтардың бабалары саналатын түркілердің тулары көгілдір, жасыл, сары және тағы басқа түсті болған. Мемлекеттік нышандар бойынша мұрагерлік қыпшақ-қимақ тайпаларында да сақталған. Шыңғысханның жалауы үшбұрышты ақ түсті, аңшы сұңқар бейнеленген, ұлы жорықкердің түсін бейнелейді. Тудің түсін анықтау сол кездегі тарихпен айқындалады. Қазақстан территориясын 600 жылға жуық уақыт Шыңғысхан ұрпақтары билеген. Ақорданың, Алтынорданың және қазақ хандары мен сұлтандарының да туының түстері ақ түсті болған. Мәселен, осы уақытқа дейін Абылайханның (ХVIII ғасыр) ақ туы халық жадында сақталған. Орталық Азия билеушісі Әмір Темірдің жалауының түсі де түркілердің, хазарлар мен селжүгіттердің жалауы секілді көгілдір-аспан түсті.

Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейін жаңа мемлекеттік-әкімшілік басқару жүйесі пайда болды, бұның өзі мемлекеттік рәміздерімізге өз әсерін тигізді.

Қазақ Кеңестік Автономиялық Республикасы Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының мемлекеттік нышандарын пайдаланды. Туда үш көлденең сызық сызылған, жоғырғы және төменгісі қызыл түсті, ортасы көкшіл түсті. Жоғарғы бөлігінде орақ пен балға және астында қызыл жұлдызша бейнеленген.

1992 жылы Шакен Ниязбеков жасаған Мемлекеттік ту бекітілді.

Мемлекеттік туды даралап тұрған тағы бір белгі — оның сабына таяу тік тартылған ұлттық өрнекті («Қошқар мүйіз») жолақ. Бұл өрнек сонау сақ дәурінен белгілі. Сәулет өнері туындыларында қазір де қолданылады. Алтынмен айшықталып, көз жауын алардай әдемі зерленген рәміздік жеке белгілердің бояуы Мемлекеттік тудың шымқай зерен көк реңімен әдемі үйлесім тапқан.

Негізгі бөлігін түсті мата құрайтын мемлекеттік тудың басқа атрибуттарының да өз атаулары бар. Олар — тутаяқша (древок), ұшарбас (навершие), бау (лента), шашақ (бахрома), тутұғыр (флагшток), тужиек (кайма), т. б.

Түсті мата тартылатын тутаяқша ағаштан немесе металдан жасалады. Ұшарбас оған шығырмен бекітіліп, тудың ажарын аша түсуге қызмет етеді. Ол ұлттық ою-өрнек стилінде жасалған найза тәрізді болып келеді. Оған тартпа жіп пен бау тағылады.

Шашақ дегеніміз тудың негізгі бөлігін — түсті матаны жиектеп көмкерген тоқыма әшекей, ал тутұғыр деп жиек (кайма) болмаса — түсті матаның шетіндегі түсі бөлек жолақша.

Тудың қасбетіндегі (оң бет — түсті матаның тура қараған кезде тутаяқшадан оңға қарай жазылған жағы) әр алуан бейнелер мен жазулар тоқу, бояу және жапсырма (аппликация) әдістерімен түсіріледі.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері. Қазақстан дизайн өнерінің негізін қалаушылардың бірі.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасында көгілдір түс аясында шанырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған, оны аңыздардағы пырақтар қанаты көмкеріп тұр. Елтаңбаның төменгі жағында "Қазақстан " деген жазу бар».

Жасалу әдісі мен жасалатын материалы, этетикалық әсері жөнінен елтаңба мен ту арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Егер туда дүниеге көзқарастың жазық кеңістікке байланысты бөлігі көрініс табатын болса, елтаңба табиғаты, әдетте, көлемге қатысты түсініктерге, сол сияқты сәулеттік (архитектуралық) композиция мен пішімғе (формаға) қатысты ұғымдарға сәйкес айқындалады.

Елтаңба — бүкіл әлем мойындаған мемлекеттіліктің ерекше маңызды нышаны. «Герб» (елтаңба) термині неміс сөзінен аударғанда «Мұра» немесе «енші» мағынасын береді және мемлекетті айрықшалайтын белгі болып табылады. Қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген ежелгі сақ тайпасының өздерін ерекше айрықшаландыратын «Тамға» атанған тотем белгісінің болғандығын тарих та дәлелдейді. Аталған термин Түрік қағанаты кезінде қолданыла бастаған.

Махмұд Қашқаридың атақты «Түрік тілінің сөздігі» еңбегінде бұл термин әміршіні ерекшелендіретін белгі ретінде түсіндіріледі.

ХІІІ-ХІV ғ. Орта Азия данышпаны Рашид ад Динның атақты қолжазбаларында түрік елдерінің басшысы Огузханның Ираннан Алтайға дейінгі жерлерді ұлдарына бөліп бергендігі туралы жазылған. Және ол хандық тамғаны дербес билік нышаны ретінде тапсырған.

Рулар мен тайпалар тамғаларын қазақтар да қолданған, сонымен қатар үлкен Еуразия құрлығында тұратын түркітілді этностар да қолданылады.

Әртүрлі геометриялық пішіндерден тұратын тамғалар елтаңба, мөр, таңба ретінде қолданылған. Олардың кескіндемесінде суреттер, ежелгі жазу мен бейнелеу ескертікштері жиі кездесіп отырады. Тамға тайпаның, рудың, отбасының және тағы басқа да меншіктікті білдіретін белгінің қызметін атқарған. Онымен жануарларды да таңбалаған. Бұл дәстүр ауылдық жерлерде тұратын қазақтарда әлі күнге дейін сақталған.

1867—1868 жылдардағы әкімшілік-аумақтық реформа нәтижесінде Қазақстанда қалалар мен облыстырдың елтаңбалары пайда болды. Ресей ипмпериясының құрамына кіретін еліміздегі барлық облыстар мен қалаларда біртұтас елтаңба үлгісін қолданды. Ресей империясы заңдарының толық жинағында Қазақстанның бірқатар облыстары мен қалаларының (16 уездік және округтік қалаларының) елтаңбаларының үлгісі келтіріледі. Қазақстанда ең бірінші болып 1842 жылы 7 қыркүйекте Петропавловск қаласының елтаңбасы арнайы бекітілді.

Кеңес үкіметі кезінде елтаңбаларды бір жүйеге түсірушілік болды. Қазақ КСРО-сінің жалпы елтаңбасының кескіндемесінде қызыл түсті сәуледе орақ пен балға, айнала түскен жолақта қазақ және орыс тілдерінде «Барлық елдердің пролетариаттары бірігіңдер!» делінген жазудан тұрды. Елтаңбаның жоғарғы бөлігінде бесбұрышты жұлдыз, ал төменгі жағында — «КССР» және «ҚССР» жазуы болған.

Егеменді, дербес Қазақстанның елтаңбасы 1992 жылы қабылданды. Оның авторлары атақты сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов болып табылады (2 қосымша).

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы дөңгелек пішінді және көгілдір түсте күн сәулесі шашырап тұрғандай әсерде шаңырақтың суреті бейнеленген (киіз үйдің жоғарғы бөлігі). Шаңырақтың оң және сол жағында мифтік қанатты пырақ бейнеленген. Жоғарғы бөлігінде үлкен бес бұрышты жұлдыз бейнеленген, ал төменгі жағында алтын түспен жазылған «Қазақстан» сөзі бар.

Көркемдік тұрғысы жан-жақты көзқарастың дәлме-дәл бірегей үндестігін тапқан. Шаңырақ — киіз үйдің негізгі бөлігі болып табылады, тіршіліктің бастау алар көзі, адамзат өмірінің маңызды бөлігі.

«Шаңырақ» сөзі «чакра» сөзінен шыққан, санскритте «дөңгелек» мағынасын береді. Ал философиялық мағынасы — «Күн дөңгелегі». Сол үшін шаңырақтың күн көзін бейнелеуімен қатар шаңырақтан түскен күн сәулесімен дала уақытын біліп отыруы да кездейсоқтық емес.

Тотемдік маңызы бар нышан ретінде шаңырақты ежелгі бабаларымыз құрметтеген. Республикамыздың Мемлекеттік елтаңбасындағы шаңырақ бейнесі — Қазақстанда өмір сүріп жатқан халықтың Отаны бір, Қазақстан біздің ортақ үйіміз деген мағынаны береді. Оның бақыты шаңырақтың мықтылығы уықтардан тұратыны сияқты әр адамнан тұрады. Мемлекеттің болашағы бірлік пен татулықтан тұрады.

Мифтік қанатты тұлпарлардың бейнесі — Мемлекеттік елтаңбадағы тұлпар маңызды геральдикалық бөлшегі болып табылады және белгілі бір идеялардың ролін орындайды. Тұлпардың бейнесі ежелгі дәуірден бері күштілік пен қайсарлықтың ұғымын берген. Оның қанаты көпұлтты Қазақстан халқының мықты әрі жан-жақты көркейген мемлекетке айналуының бейнесі ретінде берілген. Әлемдік өркениетке жетуді, жарқын болашаққа талпынушылық пен арман-мақсатты, сондай-ақ даму мен үлкен мақсаттарға жетудің мәнін береді. Сол үшін Мемлекеттік елтаңбадағы қанаттардың символикалық маңызын мемлекеттілікті дамытудың жоғары деңгейлік ойлары мен қарапайым азаматтық талпыныс деп түсіну қажет.

Мемлекеттік елтаңба бейнесінің тағы да бір бөлігі бар, ол — бес бұрышты жұлдыз. Жұлдыз — өмірге жетекшілік ететін, көтеріңкілікке, талпыну мен мәңгіліктің, биліктің нышаны ретінде бейнеленген. Жұлдыз тек Ресейдің ғана мемлекеттік геральдикасына тән нышан болып табылмайды, оны Ресейдің революциялық нышанына алғаш рет орыс дворяндары енгізді және ол Ресейдің мемлекеттік елтаңбасында бірден пайда болған жоқ. Бұл бейнені аударылған және ассимметриялы түрде қолдануға болмайды. Бесбұрышты жұлдыз ақиқат әлемдегі — «Таң жұлдызын» бейнелейді. Мемлекеттік елтаңбадағы жұлдыз бейнесі барлық қазақстандықтардың қазіргі жаңа жоғары өркениеттілік және дамыған мемлекеттермен қоғамдастыққа бірігудің ардақты арманын, сонымен бірге барлық ғаламшардағы құрлықтардың барша халқына ашық екендігін бейнелейді.

Мемлекет атауының өзі де оның лингвистикалық, этномәдени, символикалық белгісі болып табылады. Ол өзінің саяси мағынасы және елдің конституциясы екенін анықтайды. Біздің елдің атауы — Қазақстан — мемлекеттің атауы сияқты, ХV-ХVІ ғасырлардан бастау алған қазақ ұлтымен байланысты тарихи түпнұсқалардан жиі кездеседі.

Мемлекеттік елтаңба бейнесіндегі қолданылған басты түс — алтын түсті болып табылады, ол байлықтың, әділеттіліктің және қайырымдылықтың символы екенін көрсетеді.

Мемлекеттік елтаңбада, сонымен қатар, байрақтың түсі — аспан түстес көгілдір болып келеді, ол алтын түспен сәтті үйлескен.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары Жандарбек Мәлібекұлы Мәлібеков және Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихан.

Гимн — бұл дыбыстық рәміз, әлеуметтік-саяси бірігуде және еліміздегі азаматтарды этномәдени біртұрпаттылықта айтарлықтай мағына береді.«Гимн» терминінің өзі гректің «gimneo» сөзінен алғанда «салтанатты ән» дегенді білдіреді.

Кез-келген халықтың тарихында музыкалық шығармалар бар, ол тарихтың белгілі бір уақытында халықтың гимні болған. Осындай ән қазақ халқында да бар. Ол Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қазақ халқының ауыр тауқыметін көрсетуге арналған «Елім-ай» әні, оны ХVІІІ ғасырдың атақты батыры, ақын-сазгер Қожаберген жырау Толыбайұлы жазған.

Қазақстан Ресей империясының құрамында болған кезде қазақтардың бірыңғай әнұраны болмады. Қазақтарды ұлт-азаттық көтерілістерге қарсы қайсар ерлікке рухтандыратын ақындар мен жыраулардың жеке әндері ғана болды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақтардың бірнеше ұрпақтарының көпғасырлық арманы — азаттық пен зайырлылықты бейнелейтін жаңа әнұранын әзірлеу қажеттігі туындады.

Соған байланысты 1992 жылы республика гимніның мәтіні мен әніне конкурс жарияланды. Комиссия іріктеуіне барлығы 750 жоба келіп түсті. Конкурста төрт атақты ақын: Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және ақын Жадыра Дәрібаевалар жеңіске жетті. Қазақстан әнұранының әнін алғаш жазған авторлар Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди.

2006 жылы жаңа Мемлекеттік әнұран қабылданды (3-қосымша).

Жаңа әнұранның негізі өткен ғасырдың екінші жартысының елуінші жылдарындағы бақытты өмірді жырлаған, халыққа танымал патриоттық ән — «Менің Қазақстаным». Бұл ән — жалынды жастықтың әнұраны, халық жанының нағыз поэмасы болып танылған.

2006 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Мемлекеттік нышандар туралы» Жарлыққа түзетулер енгізілді. Еліміздің жаңа әнұраны болып атақты ән — «Менің Қазақстаным» («Мой Казахстан») болды. Әуенін Шәмші Қалдаяқов, сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған ән ондаған жылдар халық арасында кеңінен таралды. Қазақстан әнұранының сөзін уақыт өлшемімен үндестірген бірлескен автор — еліміздің Президенті.

Парламент палаталарының депутаттары бірауыздан осы идеяны қолдады. Бұдан кейін жаңа әнұран 2006 жылғы 7 қаңтардағы "Конституциялық заң күшіне ие «Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» Елбасы қол қойған № 112-ІІІ ҚРЗ Қазақстан Республикасының конституциялық заңмен бекітілді. 2006 жылдың 10 қаңтары — ресми жариялау күні — тарихқа еліміздің жаңа әнұранының туған күні ретінде жазылып отыр.

Музыкалық-поэзиялық нышанның алғашқы ресми орындалуы «Ақ Орда» Президент сарайында Астанада еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ресми инаугурациясы кезінде болды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының авторлары болып Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев табылады.

Шәмші Қалдаяқұлы Қалдаяқов — композитор, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Жастар одағы сыйлығының лауреаты. 1930 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Қапланбек зооветеринарлық техникумын, Ташкенттегі Хамза Ниязы атындағы музыкалық училищені, Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген.

Оның шығармашылық қызметі 1950 жылдан басталады. Халық арасында «Қазақ вальсінің королі» ретінде танымал композитор 300-ден астам ән жазған. Солардың ішінде халық арасында танымал «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу», «Қайықта», «Ана туралы жыр», «Ақ ерке — ақ Жайық», «Әнім сен едің», «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең», «Қайдасың», «Цыған серенадасы» сияқты белгілі музыкалық шығармалар бар. Композитордың шығармалары «Әндер», «Бақыт құшағында», «Шәмшінің әндері», «Шәмші» атты жәке әндер жинақтарында шығарылған.

Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов — белгілі ақын, Жастар сыйлығының лауреаты. 1935 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданының Қошалақ ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияны халық аспаптары класы бойынша, Мәскеуде М. Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғарғы әдебиет курсын бітірген. «Жазушы» баспасында, «Лениншіл жас» газетінде, Қазақстан Жазушылары одағында, Баспа қызметі жөніндегі мемлекеттік комитетте және «Мектеп» баспасында жұмыс істеген.

«Балауса», «Сыбызғы сыры», «Өз көзіммен», «Жоқ, ұмытуға болмайды», «Жарық пен жылу» және т. б. шығармалары бар.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев — экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі. 991 жылдың желтоқсанынан бастап Қазақстан Республикасының Президенті.

Көптеген ғылыми және әдеби еңбектердің авторы: «Қазақстан экономикасы ақиқат және қалыптастыру мүмкіндіктері», «Әділеттің ақ жолы», «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Еуразия жүрегінде» және тағы басқа кітаптар. Халық арасында танымал «Менің елім», «Үш қоңыр», «Жерім менің» патриоттық әндердің сөзінің авторы. Еңбектері мен шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.

21) М.Әуезов туындылары әлемдік әдебиеттің айдынына мөлдір бұлақ болып кұйылып, күллі адамзатқа ортақ рухани қазынаға айналды.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов казіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында 1897 жылғы 28 қыркүйекте дүниеге келді. Әкесі Омархан, атасы Әуез Абай ауылымен іргелес отырып, айналасындағы адамдармен достық көңілмен араласа білген. Әуездің өзі Абайдың өлеңдерін сүйіп оқыған, түрік, парсы әдебиетінен хабары мол, ескіше сауатты, еліне қадірлі адам болған.

Атасы Әуез, әжесі Дінәсіл немерелеріне Абай өлеңдерін кайта-қайта айтқызып тыңдап отырған. Ол жөнінде жазушы: «Бір қыс, бір жазда Абайды түгелге жақын жаттап алдым», – деп кейін еске алады. Бұл жас Мұхтардың мейірін қандырған қайнар бұлақтың мөлдір суындай болып, оның болашақ өміріне, шығармашылық тағдырына игі әсерін тигізеді. Атасы Әуездің жәрдемімен, бір жағынан, сол кезде ел арасына көп таралған қиссалар мен аңыздарды, өлең-жырларды, екінші жағынан Абайдың шығармаларын көп тыңдап, жаттап өскен Мұхтардың бойында көркем әдебиетке деген ықылас, құмарлық ерте оянды.

1928 жылғы «Өз жайымнан мағлұмат» атты өмірбаянында жазушы: «Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан. Таза әдебиет сарынына бой ұрғанда маған Абай деген сөз қазақ деген сөзбен теңбе-тең түскендей кездері бар сияқты. Абайды сүюім үнемі ақылдан туған, сыннан туған, сүйіс емес, кейде туған орта, кір жуып, кіндік кескен жерді сүюмен барабар болатыны бар» деп жазды.

Осы сөздердің өзінен-ақ жазушының бүкіл шығармашылығына, жан-дүниесіне Абай туындыларының әсер-ықпалы, үлгі-өнегесі айрықша екені көрінеді. Әкесі қайтыс болғаннан кейін он бір жасар Мұхтар Семей қаласында ағасы Қасымбектің тәрбиесінде болып, 1908 жылы бес жылдық орыс училищесіне түседі. Оны бітірген соң төрт жылдық мұғалімдер семинариясында оқып, 1919 жылы бітіріп шығады. Бұл кезең жазушының ғылым-білімге деген ізденісі, орыс әдебиетімен, Батыс Еуропа әдебиетінің таңдаулы үлгілерімен өте жақын, терең танысқан жылдары болды.

Семинарияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің окытушысы В.Попов өз естелігінде: "М.О.Әуезовпен тұңғыш рет 1916 жылы таныстым. Алдыңғы партада отыратын он сегіз жасар сыпайы, сұлу жас қазақтың денесі сыптай түзу, киімі сәнді, тап-таза, қою шашы қап-қара, кең маңдайы кере қарыс, қоңырқай жүзі байсалды, маңғаз, көзінде ақыл тұнып тұр... Қадір-қасиеті өз ортасынан өзгеше бөлек осы жігіт орысшаға өте-мөте жетік. Ал эрудициясына бәріміз таң қалатынбыз», – дейді. Бұдан болашақ жазушының жан-жақты білімі, жоғары мәдениеті, қарапайымдылығы мен адалдығы, ойының тереңдігі семинария қабырғасында жүрген кезінде-ақ ерекше байқалғанын көреміз.

1919 жылы Мұхтар Әуезов семинарияны бітіріп шығып, бірыңғай әдеби кызметпен шұғылдана бастайды. Ауыз әдебиетінің асыл нұсқаларын өңдеп, қазіргі өскелең өмір талабына сай әдебиеттің қажетіне пайдалану үлгісін өзінің жазушылық тәжірибесімен көрсетті. «Еңлік–Кебек», «Айман–Шолпан», «Қара қыпшақ Қобыланды» пьесалары соның куәсі.М.Әуезов 1928 жылы Ленинград университетінің филология факультеті, Ташкент қаласындағы Орта Азия университетінің аспирантурасын бітіреді.

1917 жылдан басталған алғашқы шығармаларының өзінде-ақ жазушы қазақ елінің тіршілігі мен тынысына зер салып, терең үңіліп зерттей отырып, көптеген тарихи және әлеуметтік мөселелерді көрсетуге күш салды. Бұл М.Әуезов талантының жан-жақтылығын, білім-дәрежесінің молдығын танытты.

1917 жылы алғашқы шығармаларының бірі – «Қазақтың өзгеше мінездері» Ташкентте шығатын «Алаш» газетінде жарияланды. «Адамдық негізі – әйел» мақаласы Семейде шығатын «Сарыарқа» газетінде басылды.

Бұл мақалаларында казақ халқының ғасырлар бойы талай қиыншылықтарды басынан өткізіп күресе білгенін, сонымен бірге кейбір мінезіндегі сүйекке сіңген жаман әдеттерден арылу оңайға соқпайтынын дәлелдеп ашып көрсетеді. Мысалы, ел арасындағы парақорлық, жалқаулық, сауатсыздык, т.б. сияқты, түрлі келеңсіз әдеттерді сынай келе, солардан құтылудың бір жолы оқып-білім алуда жатқанын айтады. «Жалғыз-ақ үмітіміз, қаруымыз – оқығандарда. Оқығандар ендігі жас балаларды өздері үлгі болып, надандықтан шығарып, адамшылықтың жарық жағына сүйреуге міндетті. Соларға «қазақтың мінезін тастап, айнымай қажымай, таза жүрекпен кемшіліктерге қарсы тұрып, бірлік жібіне жармасуынан басқа не тілей аламыз» деп жазған еді.

М.Әуезовтің шығармашылығы

«Адамдық негізі – әйел» атты мақаласында автор әйелдің қоғам өмірінде атқарар рөлін дәлелдеп, ашып танытады. Әйелді қоғамдық ортаның ұйтқысы ретінде бағалайды. Әйел басындағы тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Өйткені адам қоғамындағы адамгершілік ана тәрбиесінің нәтижесі. Ал өмірде әділет, мархабат, махаббат деген нәрсенің атын естімеген ананың адамдыққа тәрбиелеудегі өрісі қандай болмақ?

«...Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзейін десең, әйелдің халін түзе!» – деп нақты, дәлелді тұжырымдайды. М.Әуезов казақ әйелінің бүкіл болмысына, жан-дүниесіне, сезім сырына терең үңіліп, ерекше ықыласпен суреттей білді. Әдебиеттің өшпейтін, мәңгілік тақырыбы – әйел болса, оны жан-жақты танытып, әсемдік әлемін жеткізе бейнеледі.

Әсіресе, адамды өмір сүруге ұмтылдыратын, сол өмірді сүйіп, бағалауға тәрбиелейтін «Абай жолы» сияқты таңғажайып шығармада, жан тебірентер әр түрлі қылық-мінездерімен, іс-әрекеттерімен бірін-бірі қайталамай толықтырып отыратын, қиналыс-ізденісі, сүйініш-күйініші еріксіз елжіретіп, өзіне тартатын бір топ әйелдер бейнесін жасады.

Алғашқы басылымдарынан-ақ, жас Мұхтардың ой-өрісінің кеңдігі, білім дәрежесінің молдығы қалыптаса бастаған азаматтық парасатының шамасы жақсы аңғарылады.

1917 жылы «Еңлік–Кебек» пьесасы қойылып, «Алаш», «Сарыарқа» газеттеріңде, 1918 жылы «Абай» журналында жиырмаға тарта еңбектері басылды.

Қазақ топырағында драматургиялық дәстүрінің жоқтығына қарамай, басқа елдер әдебиетінен үйрене отырып, жанр шарттарына толық сай келетін «Еңлік- Кебек» трагедиясын жасай білді. Драма заңдылықтарын жете меңгергенін танытты, оның ірге тасын қалады.

«Еңлік–Кебек» пьесасы Әуезов шығармашылығында, қазақ әдебиеті тарихында да айрықша орын алады.

1917 ж. мамыр айында Ойқұдық жайлауында Абайдың аяулы жары Әйгерімнің сегіз қанат үйінде «Еңлік–Кебек» пьесасы қойылды.

Пьесаның негізгі мазмұны: Әуезов туып өскен Абай елінде, Шыңғыстау жерінде XVIII ғасырдың сексенінші жылдарында болған қанды оқиға: бір-біріне жауласқан екі елдің батыры Кебек пен ару қызы Еңліктің бірін-бірі сүйіп табысқандарын екі жақтың да билеушілері кешірмейді. Мұның аяғы үлкен дау, ерегіске әкеліп, жан түршігер шешімге келеді де, екі жасты ат құйрығына байлап сүйретіп өлтіреді.

Автор халықтың аңыздық негізіне сүйене отырып, алғашкы нұсқаларға жаңаша өзгерістер енгізіп, шын мағынасындағы сахналық шығарманы өмірге әкелді. «Еңлік–Кебек» пьесасын автор бірнеше рет өңдеуден өткізіп, толықтырудың арқасында шытырман оқиғасы шыңыраудай терең, тіл көркемдігі керемет шұрайлы нағыз классикалық пьесаға айналды.

Пьеса өзінің өзек жарды сырын толғайтын Абыз монологінен басталады. Абыз бейнесі болашақты болжауды көксеген ел арманынан хабар береді.

Абыз – халық арманының қасиетті идеясын арқалаушы жан. Мысалы, мәтінге үңілсек: 

Құйрығы жоқ, жалы жоқ

Құлан қайтіп күн көрер.

Аяғы жоқ, қолы жоқ

Жылан қайтіп күн көрер! 

Жазушы Абыздың осы толғауынан белгілі Асан қайғының үніне үн қосып айтқан сөздерімен ұластырады. 

Тұнығым ылай болды,

Уа, тұнығым ылай болды.

Қуғыншым кұмай болды

Құтылар кайран жоқ,

Сор қамар сыңай болды... (Асанша )

Алданар жоқ, арман көп.

Кәрім қайтіп күн көрер!

Жарастық жоқ, жалын жоқ,

Жарым қайтіп күн көрер!

Барары жоқ, байлау жоқ,

Ерім қайтіп күн көрер!

Бәріңнің де нәрің жоқ,

Елім кайтіп күн көрер?.. 

Бүкіл халқының ой-арманын, мұң-шерге толған тағдырын зарлап, күңірене жеткізуі тыңдаушыға ерекше әсер ететіні сондай, Абызбен бірге толғанып, үн қосып күңіренесің. Іштегі шерді сыртқа шығарғың келгендей, жалын атып аһ ұрасың, күрсінесің.

Абыз – имандылықтың насихатшысы, бұл – пьесада халық даналығының символы ретінде көрінеді. Драмада әр кейіпкер сөзі өзін таны деп тұрғандай.