Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
салы кодексi.doc
Скачиваний:
552
Добавлен:
18.02.2016
Размер:
6.09 Mб
Скачать

Салық салу

 

42-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

307-бап. Осы бөлімде реттелетін қатынастар

1. Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың шеңберінде жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізген кезде жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодексте белгіленген барлық салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлейді.

2. Осы бөлім жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізген кезде жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтарын есептеу және төлеу тәртібін белгілейді.

3.Жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары:

1) жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдерін;

а) қол қойылатын бонусты;

б) коммерциялық табу бонусын;

в) тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемдерді;

2) пайдалы қазбаларды өндіру салығын;

3) үстеме пайда салығын қамтиды.

Осы бөлімдегі арнайы ұғымдар мен терминдердің Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында айқындалған маңызы бар.

4. Кен орындарын (кен орындары тобын, кен орындарының бір бөлігін) рентабельдігі төмен, қоюлығы жоғары, суланған, шағын дебетті және игерілген санатқа жатқызу тәртібін, олардың тізбесі мен салық салу тәртібін пайдалы қазбаларды өндiру салығы бөлігінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

 

308-бап. Жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды

жүргізу жөніндегі қызметке салық салу

1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша салық міндеттемелерін есептеу, осы баптың 2-тармағында аталған жағдайларды қоспағанда, оларды төлеу жөніндегі міндеттемелер туындаған кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе құзыретті орган мен жер қойнауын пайдаланушы арасында 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған, міндетті салық сараптамасынан өткен өнімді бөлу туралы келісімде (келісімшартта), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта айқындалған салық режимі салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер үшін сақталады, мұндай келісімнің (келісімшарттың) ережелеріне сәйкес оларға қатысты салық режимінің тұрақтылығы тікелей көзделген, мұндай келісімнің (келісімшарттың) белгіленген бүкіл қолданылу мерзімі ішінде тек қана оның тараптарына қатысты, сондай-ақ осы баптың 3-тармағына сәйкес сенім білдірілген адамдарға (операторларға) қатысты қолданылады, мұндай келісімнің (келісімшарттың) тараптары болып табылмайтын тұлғаларға немесе осы баптың 3-тармағына сәйкес сенім білдірілген адамдарға (операторларға) қолданылмайды және тараптардың өзара келісімі бойынша өзгертілуі мүмкін.

Төлем көзінен ұсталуға жататын, жер қойнауын пайдаланушы салық агенті ретінде әрекет ететін салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерге қатысты салық міндеттемелерін орындау оларды төлеу жөніндегі міндеттемелер туындаған кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Жер қойнауын пайдаланушы осы міндеттемені орындауды Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе құзыретті орган мен жер қойнауын пайдаланушы арасында 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған және міндетті салық сараптамасынан өткен өнімді бөлу туралы келісімде (келісімшартта) және Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта, төлем көзінен ұсталатын салық салу тәртібін реттейтін ережелерде болуына қарамастан, осы баптың 1-тармағында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе құзыретті орган мен жер қойнауын пайдаланушы арасында 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған және міндетті салық сараптамасынан өткен өнімді бөлу туралы келісімнің (келі­сім­шарт­тың) салық режимінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың салық режимінде көзделген салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жекелеген түрлерінің күші жойылған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы өнімді бөлу туралы келісімде (келісімшартта) және (немесе) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген тәртіппен және мөлшерде, олардың қолданылу мерзімі аяқталғанға немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізгенге дейін оларды бюджетке төлеуді жал­ғастырады.

3. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы жай серіктестік (консорциум) құрамындағы бірнеше жеке және (немесе) заңды тұлғаларға тиесілі болса, онда жер қойнауын пайдалануға арналған мұндай келісімшарт бойынша жүзеге асырылатын қызмет бойынша жай серіктестікке (консорциумға) қатысушылар шоғырландырылған салық есебін жүргізу үшін сенім білдірілген тұлғаны (операторды) айқындауға міндетті.

Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша салық міндеттемелерін орындауды осы Кодекстің 4 және 5-баптарында белгіленген тәртіппен жай серіктестікке (консорциумға) қатысушы (қатысушылар) және (немесе) сенім білдірілген тұлға (оператор) жүргізеді.

Егер Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе құзыретті орган мен жер қойнауын пайдаланушы арасында 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған және міндетті салық сараптамасынан өткен өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт ережелерінде сенім білдірілген тұлғаны (опе­раторды) айқындау көзделсе және осы келісім (келісімшарт) бойынша салық салу міндеттемесін орындауды сенім білдірілген тұлға (оператор) жүзеге асырса, онда осы сенім білдірілген тұлға (оператор) осы баптың 2-тармағына сәйкес мұндай келісімнің (келісімшарттың) тараптарына қатысты қолданылатын салық режиміне сәй­кес аталған келісімнің (келісімшарттың) салық міндеттемесін орындайды.

4. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша қызметін жүзеге асыратын резидент eмec жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 198 – 200-баптарына сәйкес қосымша салық салынуға жатады.

5. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға жасалған әрбір келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша, сондай-ақ рентабельдігі төмен, қоюлығы жоғары, суланған, шағын дебетті және игерілген кен орындарын (кен орындары тобын, осындай кен орындары тобы бойынша қызметті жүзеге асырған кезде кен орындарының бір бөлігін, бір келісімшарт шеңберіндегі кен орындарының тобын) әзірлеу кезінде, осындай кен орындары (кен орындарының тобы, бір келісімшарт шеңберіндегі осындай кен орындарының тобы бойынша қызметті жүзеге асырған кезде кен орындарының бір бөлігі) бойынша салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді осы Кодексте белгіленгендерден ерекшеленетін тәртіппен және ставкалар бойынша есептеген жағдайда, салық міндеттемелерін eceптeу үшін осы Кодекстің 310-бабына сәйкес бөлек салық есебін жүргізуге міндетті.

Осы ереже кең таралған пайдалы қазбаларды, жерасты суларын, емдік балшықты өндіру жөніндегі келісімшарттарға, сондай-ақ барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға қолданылмайды.

Өндірілуі жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың талаптарында көзделмеген және қорларын осы мақсаттар үшін Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы бекіткен мұнайды, минералды шикізатты, жерасты суларын, сондай-ақ емдік балшықты коммерциялық өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы олар бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған ке­лі­сім­шартқа Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін осы Кодексте белгіленген тәртіппен салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуге міндетті.

 

309-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға жатпайтын қызметке салық салу

Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салық міндеттемелерін орындау жер қойнауын пайдаланушыны салық міндеттемелері туындаған күні Қазақстан Республикасының қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінен тыс қызметті жүзеге асыру бойынша салық міндеттемелерін орындаудан босатпайды.

 

310-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша бөлек салықтық есепке алуды жүргізудің  негізгі принциптері

1. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір келісімшарт бөлігінде, сондай-ақ осы Кодекстің 307-бабының 4-тармағында айқындалған рентабельдігі төмен, қоюлығы жоғары, сулы, шағын дебетті және игерілген кен орындарын (бір келісімшарт шеңберіндегі осындай кен орындарының тобы бойынша қызметті жүзеге асырған кезде кен орындарының тобын) әзірлеген кезде келісімшарт қызметі бойынша салық міндеттемелерін есептеу үшін салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектілердің бөлек салықтық есепке алынуын жүргізуге міндетті.

2. Осы баптың мақсаттары үшін мынадай терминдер:

1) тікелей табыстар мен шығыстар – жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған нақты келісімшартпен немесе келісімшарттан тыс қызметпен тікелей себеп-салдарлық байланысы бар тіркелген активтер бойынша табыстары мен шығыстарын қоса алғанда, есепті салық кезеңіндегі табыстары мен шығыстарын;

2) жанама табыстар мен шығыстар – жер қойнауын пайдаланушының есепті салық кезеңіндегі табыстары мен шығыстары, оның ішінде жер қойнауын пай­далануға арналған бірнеше келісімшарттармен тікелей себеп-салдарлық байланысы бар және жер қойнауын пайдалануға арналған осындай келісімшарттар арасында ғана бөлінуге жататын тіркелген активтер бойынша табыстары мен шығыстарын;

3) жалпы табыстар мен шығыстар – жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық және келісімшарттан тыс қызметті жүзеге асыруымен байланысты және жер қойнауын пайдалануға арналған нақты келісімшартпен және (немесе) келісімшарттан тыс қызметпен тікелей себеп-салдарлық байланысты емес және олар­дың арасында бөлуді талап ететін жалпы тіркелген активтер бойынша табыстары мен шығыстарын қоса алғанда, есепті салық кезеңіндегі табыстары мен шығыстарын;

4) жалпы тіркелген активтер – келісімшарттық және келісімшарттан тыс қызметті жүзеге асырумен байланысты және пайдалану ерекшелігіне қарай жер қой­науын пайдалануға арналған нақты келісімшартпен және (немесе) келісімшарттан тыс қызметпен тікелей себеп-салдарлық байланысты емес тіркелген активтерді;

5) жанама тіркелген активтер – пайдаланылу ерекшелігіне қарай жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартпен ғана тікелей себеп-салдарлық байланысы бар тіркелген активтерді;

6) өндіру мен бастапқы қайта өңдеудің (байытудың) өндірістік өзіндік құны – халықаралық қаржылық есептілік стандарттары мен Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын, пайдалы қазбаларды сақтау, тасымалдау, өткізу шығыстарын, жалпы әкімшілік пен пайдалы қазбаларды жер қойнауынан жер үстіне шығарумен және оларды бастапқы қайта өңдеумен (байытумен) тікелей байланысты емес басқа да шығындарды қоспағанда, пайдалы қазбаларды жер қойнауынан жер үстіне шығарумен және оларды қайта өңдеумен (байытумен) тікелей байланысы бар өндіріс шығындарын білдіреді.

3. Жер қойнауын пайдаланушы салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды бекітілген салықтық есепке алу саясатына сәйкес есепке алу құжаттамасы деректерінің негізінде және осы бапта белгіленген ережелерді ескере отырып жүргізеді.

Жер қойнауын пайдаланушы бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тәртібін дербес әзірлейді және ол салықтық есепке алу саясатында (есепке алу саясаты бөлігінде) бекітіледі.

Жер қойнауын пайдаланушы алғашқы бекітілген салықтық есепке алу саясатының (есепке алу саясаты бөлігінің) көшірмесін корпорациялық табыс салығы жөніндегі декларацияны табыс ету үшін осы Кодексте белгіленген мерзімде өзінің орналасқан жері бойынша салық органына табыс етеді.

Жер қойнауын пайдаланушы салықтық есепке алу саясатына (есепке алу саясатының бөлігіне) енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды немесе салықтық есепке алу саясатының (есепке алу саясаты бөлігінің) жаңа нұсқасы бекітілгеннен кейінгі он жұмыс күні ішінде өзінің орналасқан жері бойынша салық органына табыс етеді.

4. Келісімшарт қызметі бойынша бөлек салықтық есепке алу мынадай салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер:

1) корпорациялық табыс салығы;

2) қол қойылатын бонус;

3) коммерциялық табу бонусы;

4) пайдалы қазбаларды өндіру салығы;

5) үстеме пайда салығы;

6) осы Кодекстің 308-бабының 2-тармағында айқындалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың салық режимдері негізінде осы Кодексте белгіленген тәртіптен өзгеше есептелетін өзге де салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша жүргізіледі.

5. Салық міндеттемесін есептеу үшін бөлек салықтық есепке алуды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы:

1) осы баптың 4-тармағында көрсетілген салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер үшін келісімшарттан тыс қызметтен бөлек жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір келісімшарт бойынша салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді салықтық еспке алуда көрсетуді;

2) осы баптың 4-тармағында көрсетілген салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушының тұтастай бүкіл қызметі бойынша корпорациялық табыс салығын есептеуді;

3) корпорациялық табыс салығы бойынша салық есептілігін қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір келісімшарт бойынша осы баптың 4-тармағында көрсетілген салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша салық есептілігін табыс етуді;

4) жер қойнауын пайдаланушының тұтастай қызметі бойынша корпорациялық табыс салығы жөніндегі бірыңғай декларацияны және жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір келісімшарт бойынша оған тиісті қосымшаларды табыс етуді;

5) жер қойнауын пайдаланушының тұтастай бүкіл қызметі бойынша осы баптың 4-тармағында көрсетілмеген салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер бойынша салық есептілігін табыс етуді қамтамасыз етуге міндетті.

6. Жер қойнауын пайдаланушының тұтастай қызметі бойынша корпорациялық табыс салығын есептеген кезде жер қойнауын пайдалануға арналған қандай да бір нақты келісімшарт бойынша шеккен залалдары есептелмейді, жер қойнауын пайдаланушының оларды осы Кодекстің 137-бабының ережелерін ескере отырып, кейінгі салық кезеңдерінде жер қойнауын пайдалануға арналған осындай келісімшарт бойынша қызметтен алған табыстарының есебінен өтеуге құқығы бар.

7. Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды жүргізу мақсатында жер қойнауын пайда­ла­ну­шының барлық табыстары мен шығыстары тікелей, жанама және жалпы болып бөлінеді.

Жер қойнауын пайдаланушы табыстар мен шығыстарды тікелей, жанама және жалпы деп сыныптауды қызмет ерекшелігінің негізінде дербес жүзеге асырады.

Тікелей табыстар мен шығыстар тікелей себеп-салдарлық байланысы бар келісімшарт қызметіне немесе келісімшарттан тыс қызметке ғана толық көлемде жатқызылуға тиіс.

Жалпы табыстар мен шығыстар келісімшарт қызметі мен келісімшарттан тыс қызмет арасында бөлінуге жатады және тікелей себеп-салдарлық байланысы бар сол келісімшарттың және тиісті үлесімен келісімшарттан тыс қызметтің табыстары мен шығыстарына жатады.

Жанама табыстар мен шығыстар жер қойнауын пайдалануға арналған келісім­шарттар арасында ғана бөлінуге жатады және тиісті үлесімен себеп-салдарлық байланысы бар сол келісімшарттың табыстары мен шығыстарына жатады.

Жалпы және жанама табыстар мен шығыстарды бөлу осы баптың 9-тармағында белгіленген әдістерге сәйкес және осы баптың 8-тармағының ережелері ескеріле отырып жүзеге асырылады.

8. Жалпы және жанама тіркелген активтер бойынша жер қойнауын пай­далануға арналған келісімшарт (келісімшарттар) мен келісімшарттан тыс қызмет арасында жер қойнауын пайдаланушының осы тіркелген активтер бойынша шеккен шығыстары, оның ішінде амортизация, бойынша шығыстары және бұдан кейінгі шығыстары бөлінуге жатады. Сыйақылар жөніндегі жалпы және жанама шы­ғыс­­тар бойынша осы кодекстің 103-бабына сәйкес айқындалған осындай сый­ақы­лар жөніндегі шегерімнің жалпы сомасы бөлінуге жатады.

Бағамдық айырмашылық бойынша салықтық кезеңде алынған жиынтық (сальдоланған) нәтиже оң бағамдық айырма сомасының теріс бағамдық айырма сомасынан асып кетуі немесе теріс бағамдық айырма сомасының оң бағамдық айырма сомасынан асып кетуі түрінде бөлінуге жатады.

Жалпы және жанама салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер бойынша шегерімге жатқызылуға тиіс салықтар сол салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілердің өздері тиісінше бөлінбей, осы баптың 9-тармағында белгіленген әдістерге сәйкес бөлінеді.

9. Жер қойнауын пайдаланушы әрбір келісімшарт қызметі үшін жалпы және жанама табыстар мен шығыстарды бөлуді қызмет ерекшелігін немесе жер қойнауын пайдаланушының салықтық есепке алу саясатында қабылдаған бөлек салықтық есепке алуды жүргізудің бір немесе бірнеше әдістерінің негізінде жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар жүргізуді; оның ішінде:

1) жер қойнауын пайдаланушы салық кезеңінде алған табыстарының жалпы сомасындағы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір нақты келісімшартқа және келісімшарттан тыс қызметке келетін тікелей табыстардың үлес салмағы бойынша;

2) салық төлеушінің жер қойнауын пайдалануға арналған барлық келісім­шарттары бойынша пайдалы қазбаларды өндірудің жалпы көлеміндегі жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір нақты келісімшарт бойынша пайдалы қазбаларды өндіру көлемінің үлес салмағы бойынша;

3) жер қойнауын пайдаланушы салық кезеңінде шығарған шығыстардың жалпы сомасындағы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір нақты келісімшартқа және келісімшарттан тыс қызметке келетін тікелей шығыстардың үлес салмағы бойынша;

4) мына баптардың бірі бойынша – жер қойнауын пайдаланушы салық кезеңінде осы бап бойынша шығарған шығыстардың жалпы сомасындағы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір нақты келісімшартқа және келісімшарттан тыс қызметке келетін тікелей өндірістік шығыстар, еңбекақы төлеу қоры немесе тіркелген активтердің құны бойынша шеккен шығыстардың үлес салмағы бойынша;

5) жер қойнауын пайдаланушы қызметкерлердің жалпы орташа тізімдік санына келісімшарт қызметіне қатысатын қыметкерлердің орташа тізімдік санының үлес салмағы бойынша;

6) өзге де әдістерді ескере отырып, дербес жүргізеді.

Жалпы және жанама табыстар мен шығыстардың әр түріне қатысты оларды бөлудің осы тармақта белгіленген әртүрлі әдістері қолданылуы мүмкін.

Жалпы және (немесе) жанама табыстар мен шығыстарды неғұрлым дәл бөлу жоғарыда аталған әдістердің бірін қолдану нәтижесінде алынған үлес салмақтың маңызы үшін жер қойнауын пайдаланушы үлесінің жүзден бірге дейінгі процентімен (0,01%) айқындайды.

10. Жер қойнауын пайдаланушы келісімшарт қызметі бойынша корпорациялық табыс салығын есептеу мақсатында өндірген мұнайды және (немесе) бастапқы қайта өңдеуден (байытудан) өткен минералды шикізатты кейіннен қайта өңдеу үшін басқа заңды тұлғаға (меншік құқығын ауыстырмай) және (немесе) бір заңды тұлға шеңберіндегі құрылымдық немесе өзге де технологиялық бөлімшеге берген немесе өзінің өндірістік мұқтаждарына пайдаланған жағдайда, осындай операция бойынша табысты өндіру мен бастапқы қайта өңдеудің (байытудың) халықаралық қар­жылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік ес­еп және қаржылық есептілік туралы заңнмасының талаптарына сәйкес айқын­да­латын және 20 процентке ұлғайтылған өндірістік өзіндік құны бойынша айқындайды.

Минералды шикізатты бастапқы қайта өңдеуден (байытудан) кейін өткізген жағдайда, осындай операциялар бойынша жиынтық жылдық табысқа Қазақстан Республикасы трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасын сақтай отырып, бастапқы қайта өңдеу (байыту) нәтижесінде алынған тауар өнімін өткізу бағасы негізінде, бірақ құнынан төмен емес негізде айқындалған табыс қосылады.

Осы бөлімнің мақсатына орай шахта, кен, карьер, ұсату зауыты (қондырғы), байыту фабрикасы, қайта өңдеу, өндiрiс немесе металлургия цехы (зауыт) заңды тұлғаның өзге де технологиялық бөлімшесі деп танылады.

11. Пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салық міндеттемелерін қоспағанда, салық міндеттемелерін есептеу үшін бөлек салықтық есепке алуды жүргізу туралы осы баптың ережелері жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың мынадай түрлері:

1) кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға және (немесе) өндіруге;

2) жерасты суларын барлауға және (немесе) өндіруге;

3) емдік балшықты барлауға және (немесе) өндіруге;

4) барлауға және (немесе) өндіруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша туындаған салық міндеттемелеріне қолданылмайды.

12. Мұнай немесе тау-кен операцияларын жүргізуге арналған келісімшарттар бойынша қызметтің бір бөлігі болып табылатын осы баптың 11-тармағында аталған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша операциялар және (немесе) қызметтің нәтижелері жер қойнауын пайдаланушының бөлек салықтық есепке алуын жүргізу тәртібінің ерекшеліктері ескеріле отырып, жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті мұнай немесе тау-кен келісімшарттары бойынша салықтық есепке алуда көрсетілуге тиіс.

 

43-тарау. БОНУСТАР

 

311-бап. Жалпы ережелер

1. Жер қойнауын пайдаланушының тіркелген төлемдері бонустар болып табылады.

2. Жер қойнауын пайдалануға арналып жасалған келісімшарттың түріне және талаптарына қарай жер қойнауын пайдаланушы үшін бонустың мынадай түрлері белгіленуі мүмкін:

1) қол қойылатын бонус;

2) коммерциялық табу бонусы.

 

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]