Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМКД Р К 2013-14 о.ж..doc
Скачиваний:
25
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
1.26 Mб
Скачать

Тақырып 2. Қазақстан Республикасының Конституциясы. Оның заңдылық қасиеттері.

Конституция туралы жалпы ілім. Конституция түсінігіне нақты-тарихи, саяси-әлеуметтік және құқықтық категория енеді.

Нақты-тарихи категория ретінде ол 18 ғасырда буржуазия мен монархия арасында қайта туындаған күрес кезеңінде монархияның абсолюттік билігін шектеу ретінде пайда болды. Жазылған конституцияны қабылдау идеясы ең алғаш Англияда ұсынылғанмен, онда ол осы уақытқа дейін жүзеге асырылмай отыр. Әлемде алғаш жазылған конституция - 1787 жылғы АҚШ-тың Конституциясы.

Саяси-әлеуметтік категория ретінде конституция мемлекеттің қоғамдық-экономикалық, әлеуметтік және саяси құрылысын көрсетеді.

Ал конституцияның жоғары құқықтық нысаны ретінде онда ең негізгі құндылықтар, конституциялық құрылыстың институттары мен нормалары, мемлекет өмірінің барлық аясын қамтитын қоғамдық қатынастарды конституциялық-құқықтық реттеу негіздері бекітіледі.

Қазақстан Републикасының конституциялық дамуын екі кезеңге бөліп қарастыруға болады:

1) кеңестік кезең – 1926 жылы қабылданған Қаз КСАР-ның Конституциясы; 1937 жылы қабылданған Қазақ КСР-ның Конституциясы; 1978 жылы қабылданған Қазақ КСР-ның Конституциясы;

2) кеңестік кезеңнен кейінгі – 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы және 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы.

Аталған бес конституцияның әр қайсы Қазақстанның дамуының белгілі кезеңдерін сипаттайды.

3.2. Конституцияның түсінігі, мәні және заңдылық қасиеттері; оның мазмұны және нысандары.

Конституциялық құқық ғылымында “конституция” түсінігіне біржақты ұғым берілмейді. Көбінесе ол екі мағынада: материалдық және формальдық ретінде түсіндіріледі.

Материалдық мағынада конституция конституциалық құрылыс, басқару нысаны мен мемлекеттік құрылыстың нысанын, сонымен қатар осы мемлекет пен қоғамдағы тұлғаның құқықтық жағдайын бекітетін құжат ретінде (жазылған құқықтық акт немесе конституциялық дәстүрлер мен құқықтық актілердің жиынтығы) түсіндіріледі.

Формальдық мағынада конституция өзге заңдар мен нормативтік құқықтық актілерге қатысты жоғары заң күшіне ие болатын мемлекеттің Негізгі заңы деген түсінікті қамтиды.

Конституциялық құқықта заңды және фактілік конституция түсініктері де қарастырылады.

Материалдық және формальдық мағынадағы заңды конституция – конституциялық-құқықтық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың анықталған жүйесі. Заңды конституция қандай да бір жағдайдың болатындығын көрсетеді.

Фактілік конституция – мемлекетте фактілік, шынайы түрде қалыптасқан қоғамдық қатынастар, яғни тәжірибе жүзінде қалыптасқан мемлекеттік билікті жүзеге асыру тәртібі заңды конституцияда бекітілген тәртіптен ерекшеленеді.

Конституцияның болуы мемлекеттіліктің белгісі болып табылады. Ол қазіргі демократиялық мемлекеттің ұлттық құқықтық жүйесінде ерекше орынға ие болады. Конституцияны өзге нормативтік құқықтық актілерден келесі белгілері ажыратады:

1) конституцияны анықтайтын немесе оның атынан қабылданатын ерекше субъект.

Көптеген мемлекеттерде конституция халықпен немесе халықтың атынан қабылданады. Қазақстан Республикасының Конституциясының преамбуласында былай делінген: “Біз, ортақ тарихи тағдыр біркітірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып .... осы Конституцияны қабылдаймыз ”.

2) конституцияны қабылдайтын субъектінің ерекшелігі конституция түсінігінің екінші негізгі белгісін – оның құрылтайшылық сипатын ашады.

Халық конституция арқылы өзі таңдайтын қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың негіздерін құрылтайландырады. Конституцияда бекітілген негіздер ең бастапқы ретінде жүзеге асырылады.

3) конституцияның түсінігін сипаттайтын маңызды белгісі болып конституциялық реттеудің ерекше пәні табылады, яғни онымен реттелетін және бекітілетін қоғамдық қатынастардың спецификасы. Ол қоғамдық өмірдің барлық аясын қамтиды.

4) конституцияның ерекше заңдылық қасиеттері: конституцияның жоғарылығы, жоғары заң күші, құқық жүйесінің ядросы болып табылады, конституция қорғалады, Конституцияны қабылдау мен оны қайта қараудың және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізудің ерекше тәртібі жүзеге асырылады.

Жоғарыда аталған конституцияның белгілері Қазақстан Республикасының Конституциясында рет-ретімен көрсетілген.

Конституцияның жоғарылығы онда орын алған қағидаларға, нормаларға және концепцияларға мемлекеттің, қоғамның құрылымдарының барлық қызметі, қоғамның барлық аясындағы азаматтардың қызметі сәйкес келу керек екендігін білдіреді. Мысалы, бұндай норма Ресей Федерациясының Конституциясында да (12 желтоқсан 1993 жылғы РФ Конституциясының 4-ші бабының 2-ші бөлігі) көрсетілен. Қазақстан Республикасының Конституциясында конституцияның жоғарылығы туралы норма жоқ, бірақ Конституцияның нормаларын анализдеу кезінде оның нормалары жоғарылық қағидасы негізінде әрекет ететіндігі туралы айтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар осы қағида Қазақстан Республикасы Президентімен 29 желтоқсан 1996 жылы қабылданған ”Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы” конституциялық заң күші бар жарлығының 1-ші бабында да бекітілген, онда былай делінген – Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасының Конституциясының жоғарылығын қамтамасыз ететін мемлекеттік орган болып табылады.

ҚР-ның Конституциясының 4-ші бабының 2-ші тармағына сәйкес - Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады. Конституцияның жоғары заң күші - республикамызда қабылданатын заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер Конституцияға қайшы болмауы керек және мемлекеттік билік органдары, лауазымды тұлғалар, азаматтар және олардың бірлестіктері конституция мен заңдарды сақтауға міндетті деген мағынаны білдіреді.

Конституция Қазақстан Республикасының құқық жүйесінің ядросы болып табылады. Оның қағидалары мен ережелері қолданыстағы заңдылықтардың барлық жүйесіне бағыт беруші рөліне ие болады.

Конституция нормалары сақталады және қорғалады. Конституцияның 40-шы бабының 2-ші тармағына сәйкес Республиканың Президенті Конституцияның мызғымастығының кепілі болып табылады. Конституцияны қорғауда маңызды рөлге Конституцияны қорғау бойынша арнайы мемлекеттік орган болып табылатын ҚР-ның Конституциялық Кеңесі ие болады.

Конституцияны қабылдаудың, оған өзгертулер мен толықтырулар енгізудің ерекше күрделі тәртібі жүзеге асырылады. Әрекет етіп отырған Қазақстан Республикасының Конституциясы 30 тамыз 1995 жылы өткізілген республикалық референдумда бүкілхалықтық дауыс беру арқылы қабылданды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-ші бабының 1-ші тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламентімен немесе республикалық референдуммен Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізудің ерекше тәртібі анықталған.

Конституцияның мәні. Конституцияның мәні ретінде кең тараған трактовка – оның қоғамдық шарт ретінде танылуы. Ол бойынша қоғамның барлық мүшелері конституцияда орын алған шартқа қол қояды, онда осы қоғам қандай негіздерде құрылтайланатындығы, қандай ережелерге сүйеніп өмір сүретіндігі ашылады. Осы концепцияға (тұжырымға) сәйкес конституция – халықтың егемендігінің нысаны әрі оның біртұтас еркінің көрсетілуі болып табылады.

Теологиялық теория Конституцияның мәнін адамзаттық қоғамның өмір ағымдарына қатысты діни көзқарастарды енгізу деп түсіндіреді және Контитуцияға сананың, жоғары әділдіктің идеялары енгізіледі деп санайды.

Табиғи құқықтың кейбір мектептері Конституцияның мәніне халықтың әдет-ғұрыптарында бірте-бірте қалыптасқан мыңжылдық тәжірибені енгізуді жатқызады. Олардың пікірінше тек қана осындай конституциялар ғана қажетті тұрақтылыққа ие болады.

Сонымен қатар Конституцияның халықтық сипатына қарсы шығып оның мәнін мемлекеттік ерікпен байланыстыратын да теориялар кездеседі. Бұл тұрғыда Конституция мемлекеттік билікті өзі шектеуші ретінде қарастырылады.

ҚР-ның Конституциясында жалпыдемократиялық бастау бекітілген. Қайнар көзіне қарай халықтық конситуция ретінде ол мемлекетпен емес халықпен референдумда қабылданатынын алға ұстанады.

Конституцияның мәнін ашуға оны қоғамдық шарт ретінде анықтау сәйкес келмейді. Қоғамдық шарттың мәні конституцияны қабылдау үшін барлығының біртұтас келісімімен анықталады, ал келіспегендер үшін мемлекетті тастап кету немесе өзін шетел азаматы ретінде тануы саналады. Конституцияның мәні жалпы демократиялық бастамаға сүйенгендіктен, оны қабылдау кезінде азаматтардың келіскені немесе келіспегеніне қарамастан олар қоғамның тең құқылы мүшесі ретінде танылып, мемлекетте өмір сүру мүмкіндігіне ие болады. Барлықтарына бірдей заңды нысанда өз көзқарастарын білдіруге құқығы беріліп, идеологиялық және саяси көпжақтылық танылады.

Конституцияның жалпы демократиялық мәні оның қабылдануы кезінде сайлаушылардың көпшілігінің қатысуымен анықталады. Демократиялық құрылыста азшылықтың да көзқарасы қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының Конституциясы мәні болып демократиялық құқықтық мемлекеттің Конституциясы ретінде Қазақстан Республикасының көпұлтты халқының бүкілхалықтық дауыс беру жолымен адамның құқықтары мен бостандықтарын ең қымбат қазынасы ретінде танитын жалпы демократиялық қағидадан шығатын, мемлекет пен қоғам өмірінің негіздерін құрылтайландыруға бағытталған еркін білдіру табылады.

Конституциялық құқықта конституцияларды көптеген белгілеріне қарай саралайды:

1. Консттуцияның нысанына қарай кодифицирендірілген (жазылған), кодифицирендірілмеген (жазылмаған) және аралас түрі деп бөліп қарастыруға болады.

Конституция негізінде біртұтас жазылған акт. Бірақ мемлекеттің конституциясының рөлін Англиядағы сияқты сот прецеденті және конституциялық дәстүрлер тәрізді құқықтық актілердің жүйесі де атқаруы мүмкін. Осыған байланысты конституцияларды кодифицирендірілген (жазылған) және кодифицирендірілмеген (жазылмаған) деп бөліп қарастырады.

Кодифицирендірілген (жазылған) конституция – конституциялық сипаттағы негізгі сұрақтарды реттейтін біртұтас жазылған нормативтік құқықтық акт. Егер негізгі конституциялық мәселелер бірнеше жазылған актілермен реттелетін болса, онда конституция кодифицирендірілмеген (жазылмаған) болып табылады. Аралас түрдегі конституция мағынасына тек жазылған заңдар мен соттық прецеденттер ғана емес, сонымен қатар дәстүрлер мен доктринальды талқылауларда жатады.

2. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуі нысанына қарай конституцияларды икемді және қатаң деп бөліп қарастырады.

Конституция заңдарды қабылдайтын тәртіпте қабылданса және енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларда оған сәйкес тәртіпте жүзеге асырылса, онда ол конституция икемді деп аталады. Ал конституцияны қабылдауға күрделі процедура бекітілсе, онда ол қатаң деп аталады.

3. Шынайы және фиктивті конституциялар. Шынайы, яғни шындықты ашып көрсетеді. Фиктивті - өмірде іске асырылмайтын қағидалар мен нормалар, декларативтік бекітулер.

4. Әрекет ету мерзіміне байланысты конституциялар тұрақты және уақытша деп бөлінеді.

Қазақстандағы конституциялық реформалар.

Жаңа нарықтық қатынасқа көшу, президенттік институтын енгізу, КСРО-ның таратылуы және Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігіне ие болуы біздің елімізде түбегейлі конституциялық реформаны өткізуге әрекет етті.

Қазақстандық мемлекеттіліктің дамуындағы экономикалық және саяси өзгерістер Қазақстанның құқықтық жүйесінде толықтай реформа жүргізу қажеттігіне әкелді.

Алғашқы конституциялық сипаттағы жеке құжат болып 25 қазан 1990 жылы қабылданған “Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендегі туралы” декларация табылды және ол Қазақстанның жаңа конституциялық дамуына бастау болды. Декларация – кішігірім конституция ретінде саналады. Оның ережелері 1993 жылы Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы конституциясын әзірлеуге негіз болды.

Декларацияның 1-ші тармағында Қазақ КСР-сы КСРО құрамындағы өзге де республикалармен біріге алатын егеменді мемлекет болып табылатындығы және олармен қатынастарын шартты негізде құратыны, Қазақ КСР-ның Одақ құрамынан шығу құқығы бар екендігі жарияланды.

Декларация алғаш рет Қазақстанның ұлттық мемлекеттілігі туралы жариялады. Бұл ереже декларацияның 2-ші тармағында бекітілді, онда Қазақ КСР-сы ұлттық мемлекеттілікті қорғау және бекіту бойынша қазақ халқы мен өзге де ұлттардың мәдениетін, дәстүрлерін, тілі мен ұлттық қасиетін дамыту мен нығайтуда Қазақ КСР-ның мемлекеттілігінің маңызды мақсаты болып табылатын шаралар қолданады деп көрсетілген.

Декларацияда алғаш рет билікті бөлу қағидасы жарияланды. 1978 жылы қабылданған Қазақ КСР Конституциясы Жоғары Кеңестің жалпы билігі бекіткен.

Билікті бөлі қағидасы – мемлекеттік билікті заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарына бөлу арқылы жүзеге асырылады. Заң шығарушы билік Жоғары Кеңеске берілген. Президент мемлекет басшысы болып табылды және атқарушы-реттеуші билікті басқарды. Сот билігі Жоғары сот пен төменгі соттарға тиісті болды.

Қазақ КСР-сы декларациясында егемен құқығы – Республика Конституциясы мен құқықтарын бұзатын Одақтың Жоғары органдарының заңдары мен өзге де актілері оның аумағында әрекет етуін тоқтату бекітілді (Декларацияның 8-ші тармағы). Бұрын ондай болмаған.

Декларацияның 9-шы тармағында Республиканың айрықша меншігі болып оның егемендігі негізінде жер және оның қойнаулары, сулар, ауа кеңістігі, өсімдіктер және жануарлар әлемі, өзге де табиғи ресурстар, халықтың тарихи және мәдени қазынасы, барлық экономикалық, ғылыми-техникалық потенциал – оның аумағындағы барлық ұлттық байлық табылады. Яғни, бұл жағдай Қазақстан экономикасының КСРО экономикасынан жекешеленгенін білдіреді. Сонымен қатар осы тармағында меншік нысанының көптүрлілігі мен теңдігі, олардың қорғалуының кепілдігі бекітілген.

16 желтоқсан 1991 жылы “Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заң қабылданды. Онда Жоғары Кеңес халықтың еркін білдіре отырып Қазақ ұлтының өзін-өзі анықтау құқығын бекіте отырып Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялады. Осы Конституциялық заңда алғаш рет тәуелсіз мемлекетке тиісті элементтер: біртұтас азаматтық, жекешелендірілген аумақ, жеке мемлекеттік органдардың жүйесі, өзінің экономикалық жүйесі, Қарулы Күштері жарияланды. Осы күннен бастап Қазақстан жеке мемлекет ретінде әлемдік қауымдастыққа кірді.

20 желтоқсан 1991 жылы “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” Заң қабылданды. Бұл Заң КСРО азаматтығы мен қос азаматтықты танымады.

23 қаңтар 1993 жылы егеменді және тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. Алғаш рет конституциялқ деңгейде халық егемендігі, мемлекеттің тәуелсіздігі, билікті бөлу қағидасы, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін тану, президенттік институты бекітілді. Қазақстан Республикасы мемлекеттік нысаны ретінде өзін-өзі анықтайтын қазақ ұлты ретінде жариялады.

1993 жылғы Конституция алғаш рет оның нормаларының тікелей әрекеті туралы бекітті.

1993 жылғы Конституцияда тұңғыш рет “зайырлы және біртұтас” мемлекет түсінігі қолданылды. Мемлекеттің зайырлылық сипаты діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлектігімен, діни-наным бостандығын танумен анықталады. Конституция мемлекет қандай да бір дінді ұстануға немесе атеизмге қатысты ынта білдіре алмайды деп жариялады. Мемлекеттің діни бірлестіктердің қызметіне араласуына жол берілмейді.

1993 жылғы Конституцияда заң шығарушы билікті Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі жүзеге асырды және ол бірпалаталы әрі тұрақты негізде әрекет етті. Жоғары Кеңес жалғыз заң шығарушы орган болды. Ол Қазақстан өмірінің барлық аясын реттейтін заңдарды шығара алды.

Атқарушы билікті Қазақстан Республикасының Президенті басқарды, оған басшысы Қазақстан Республикасының Премьер-министрі болып табылатын Министрлер Кабинеті есеп берді.

Сот билігін Жоғары Сот, Арбитраждық Сот және Конституциялық Сот жүзеге асырды.

1993 жылғы Конституция мемлекеттік билік органдарының тежемелік және тепе-теңдік жүйе арқылы өзара қатынасын бекітті. Оған Президенттің вето құқығы, Президенттің орнынан кетуі, Министрлер Кабинетінің толығымен немесе оның кейбір мүшелерінің орнынан кетуі, Жоғары Кеңестің ұсынысы бойынша Президенттің Министрлер Кабинетінің мүшесін лауазымынан мерзімінен бұрын босату және т.с.с. жатады.

Бірақ бұл тежемелік және тепе-теңдік механизмі аяғына дейін әзірленбегендіктен толық негізде әрекет етпеді. Мемлекеттік басқарудың осы механизмі 1993-1995 ж.ж. елдегі ауыр экономикалық жағдайға қатысты саяси дағдарысты шеше алмады және басқарудың мемлекеттік механизмін түбегейлі өзгерткен 1995 жылғы Конституцияның қабылдануы мен 1993 жылғы Конституцияның күшінің жойылуына әкеліп соқты.

1995 жылғы Конституция қазақстандық мемлекеттіліктің дамуының президенттік басқару нысанын жариялады. Конституцияның 2-ші бабының 1-ші тармағында Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет деп бекітілді. Бірақ Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәртебесі өзгерді. Ол мемлекеттік билік тармақтарынан өзін арақашықтықта ұстады, яғни заң шығару билігіне де, атқарушы және сот билігіне де жатпайды. Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы, оның ең жоғары лауазымды тұлғасы, мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.

2 тақырып бойынша тест сұрақтары

1. Қазақстан Республикасының Конституциясы қалай қабылданады:

а) Қазақстан Халқымен республикалық референдумда;

б) Қазақстан Республикасының Парламентімен;

в) Қазақстан Республикасының Президентімен

(дұрыс жауабы - а)

2. Формальды мағынадағы Конституцияның түсінігі - бұл:

а) нормалары тікелей әрекет ететін, Негізгі заң

б)

в) өзге заңдарға қатысты жоғары күшке ие болатын негізгі заң немесе заңдардың топтары.

(дұрыс жауабы - )

3. Материалдық мағынадағы конституцияның түсінігі – бұл:

а) өзге заңдарға қатысты жоғары күшке ие болатын негізгі заң немесе заңдардың топтары;

б) мемлекеттік және аумақтық құрылыстың нысанын, тұлғаның құқықтық мәртебесін, мемлекеттік билік органдарының ұйымдастырылуын реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы;

в) нормалары өмірде қолданылмайтын фиктивті конституция.

(дұрыс жауабы - б)

4. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы қай жылы қабылданды:

а) 30 тамыз 1995 ж.;

б) 16 желтоқсан 1991 ж.;

в) 28 қаңтар 1993 ж.

(дұрыс жауабы - в)

5. Конституцияның жоғары заң күші - бұл:

а) оның нормалары өзге құқықтық нормаларға қарағанда басымдылыққа ие болады және олар конституция нормаларына қайшы болса, онда заңсыз болып саналады,

б) арнайы мемлекеттік органмен қорғалады;

в) ерекше тәртіпте қабылданады және өзгереді.

(дұрыс жауабы - а)

Конституцияның ұлттық құқық жүйесіндегі ядро ретіндегі рөлі:

а) оның нормалары қолданымдағы барлық заңдылықтар жүйесіне бағыттамалық рөліне ие болады;

б) оның нормалары өзге заңдар мен нормативтік құқықтық актілерге қарағанда басымдылыққа ие болады;

в) оның нормалары тікелей әрекетке ие болады.

(дұрыс жауабы - а)

7. Конституцияның құрылтайшылық сипаты:

а) қоғамдық және мемлекеттік құрылыс нысандары халықтың таңдауы негізінде қабылдауы бойынша құрылтайланады;

б) ол мемлекеттегі демократияның қағидаларын бекітеді;

в) оның нормалары тікелей әрекетке ие болады.

(дұрыс жауабы - а)

8. Кодифицирендірілген (жазылған)конституция – бұл:

а) конституциялық сипаттағы негізгі мәселелерді реттейтін біртұтас жазылған нормативтік құқықтық акт;

б) конституциялық сипаттағы негізгі сұрақтарды реттейтін біртұтас жазылған нормативтік құқықтық акт;

в) заң шығарушы органмен қабылданатын конституция.

(дұрыс жауабы - а)

9. Конституцияның икемді және қатаң болып бөлінуі:

а) оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәсілі бойынша;

б) конституцияның әрекет ету мерзімі бойынша;

в) мазмұны бойынша.

(дұрыс жауабы - а)

10. “Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қашан қабылданды?

а) 16 желтоқсан 1991 жылы;

б) 25 қазан 1990 жылы;

в) 28 қазан 1993 жылы.

(дұрыс жауабы - а)

Тақырып 3. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы.

Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы: түсінігі және мәні. Конституциялық құрылыс: мемлекетті ұйымдастырудың конституцияда бекітілген нысандары және әдістері. Конституциялық құрылыстың негіздері болып мемлекеттің басты құрылғысы және олардың негізгі қағидалары табылады.

Демократиялық мемлекетте конституциялық құрылыстың түсінігіне адам мен азаматтың құқықтары мен босатандықтарын қорғау, мемлекеттің конституцияға сәйкес әрекет ету тәртібі жатқызылады. Конституциялық құрылыстың бекітілуі мемлекетті ұйымдастырудың тұлға мен азаматтық қоғамға өзара қатынасын анықтаудан басталады.

Конституциялық мемлекеттің ажыратылмас атрибуты болып “азаматтық қоғам” табылады. Ол құқықтық, экономикалық, саяси қатынастардың жиынтығын қамтиды.

“Азаматтық қоғам” түсінігі Ежелгі Грецияда пайда болды және мемелекет түсінігіне теңестірілді.

Бірақ тарихи даму кезінде азаматтық қоғам мен мемлекет ұғымдарының арасындағы алшақтық анықталды, ол тұлғаның қоғамның азаматы ретіндегі мемлекетке тәуелді болмайтын бостандық туралы идеялардан туындады. Мемлекеттік билік құқықпен шектелу қажет.

Англияда конституциялық мемлекет 18 ғасырда пайда болды. Конституциялық мемлекетте қоғам мемлекетпен басқарылатын және өзін-өзі реттеуші жүйе ретінде де функцияландырылады, ал мемлекет – басқару жүйесі ретінде болғанмен өзін-өзі реттейтін азаматтық қоғамға да тәуелді болады.

Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын реттейтін басты құқықтық нормалар Конституцияның нормаларында орын алған. Ол Конституцияның жоғары заң күшімен анықталады.

Қазақстан Республикасының Конституциясының “Жалпы ережелері” 1-ші бөлімінде Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысының негіздерін анықтайтын мемлекеттің аумақтық және мемлекеттік құрылысының нысандарын, Республиканың қызметінің негізгі қағидаларын бекітеді.

Конституцияның 1-ші бабының 1-ші тармағында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады деп бекітілген.

Демократиялық мемлекетті бекіту, мемлекеттік басқарудың демократиялық қағидалары конституциялық құрылыс негіздерінде орын алған, яғни мемлекеттік басқару істеріне халық тікелей немесе өздерінің өкілдері арқылы қатысады (бұл норма Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-ші бабының 2-ші тармағында бекітілген). Қазақстан азаматтары Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлауға тікелей қатыса алады, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін республикалық референдумда (мысалы, консттуцияны қабылдау) дауыс беру арқылы шеше алады.

Қазақстан Республикасында діни-наным бостандығының танылуы оның зайырлы мемлекет ретінде орнықтырылуымен сипатталады. Діни бірлестіктер мемлекеттен алшақталған, яғни мемлекет ісіне олардың заңсыз араласуына құқықтары жоқ. Қазақстан Республикасында діни негіздегі саяси партиялардың құрылуына жол берілмейді, діни бірлестіктердің сайлауға қатысуға құқығы жоқ. Барлық діни бірлестіктер заң алдында тең.

Қазақстанды құқықтық мемлекет ретінде орнықтыру мемлекет пен қоғам өміріндегі аса маңызды қоғамдық қатынастар құқықпен реттелген деген мағынаны білдіреді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-ші бабында Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық пен Конституцияның ең жоғары заңды күші мен оның Республиканың аумағында тікелей қолданылатындығы анықталған. Қазақстан Республикасы Конституциясының негізінде және оның орындалуы үшін заңдар және өзге де нормативтік құқықтық актілер қабылданыды. Конституцияның 34-ші бабының 1-ші тармағына сәйкес әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға міндетті.

Қазақстанды әлеуметтік мемлекет ретінде бекіту онда мемлекеттің өз қызметін жүзеге асыру кезінде азаматтарының әлеуметтік мүддесіне басшылық жасауға, әлеуметтік саясатты жүргізуге, тұрғындарды жұмыспен қамсыздандыруға міндеттілігін білдіреді. Конституцияның 28-ші бабының 1-ші тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматына жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айрылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде оған ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшерінде әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі делінген.

Қазақстан Рспубликасы Конституциясының 2-ші бабында Қазақстан Республикасының аумақтық-мемлекеттік құрылысы мен басқару нысаны жарияланады. Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет болып табылады. Біртұтас мемлекет дегеніміз Қазақстан аумағында өзге де мемлекеттік құрылымдардың болмайтындығын, оның аумағының тұтастығы, қол сұғылмауы және бөлінбеуі және әкімшілік-аумақтық бірліктерге бөлінуі. Қазақстан Республикасы егеменді және тәуелді мемлекет болып табылады, Республиканың егемендегі оның бүкіл аумағын қамтиды.

Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарымен халық егемендігі тығыз байланысты. Бұл категория демократиялық институттың кез-келген бастамасының міндетті негіздерінің біріне жатады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-ші бабының 1-ші тармағы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық болып табылатындығын бекітеді.

Халық біртұтас бөлінбейтін субъект ретінде қарастырылады. Кез-келген ұлт өзінің ұлттық мүддесін осы ұғым шегінде іске асырады. Демократиялық құқықтық мемлекетте ұлттық белгісіне қарай алалауға жол берілмейді және барлық ұлттардың азаматтары өздерінің мәдени мүдделерін іске асыру құқықтарыман қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 19-шы бабының 2-ші тармағында әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар екендігі көрсетілген.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік билікті ешкім иемденіп кете алмайды, билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады. Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентінің, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің құқығы бар. Республика Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан оларға берілген өкілеттіктері шегінде ғана билік жүргізеді.

Конституцияның 1-ші бөлімінде мемлекеттік билікті бөлу қағидасы конституциялық негізде бекітілген. Конституцияның 3-ші бабының 4-ші тармағында Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік және тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы өзара әрекет ету қағидасына сәйкес жүзеге асырылатындығы көрсетілген.

Қазақстан Республикасында меншік нысанының көптүрлілігі танылады. Онда мемлекеттік меншік пен жеке меншік бірдей қорғалады. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, өзге де табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жек меншікте болуы мүмкін. Сонымен қатар Конституцияда әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар екендігі, монополистік қызмет заңмен реттелетіндігі әрі шектелетіндіігі бекітілген.

Қоғамның саяси өміріне тек қана Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Қазақстан Республикасының азаматтары бірлестіктерге бірігу бостандығына, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығына ие болады.

Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады. Бұл норма Конституцияның 5-ші бабында бекітілген.

Идеология түсінігіне философиялық, саяси, діни көзқарастардың қоғамдық құрылысты дамыту және жетілдіру жолдарының заңдылықтарына қатысты жүйесі жатады. Идеологиялық көпжақтылықты тану әр адамның, саяси партиялардың және қоғамдық ұйымдардың азаматтық қоғамды құруда экономикалық, әлеуметтік, саяси идеяларды, теорияларды, концепцияларды еркін әзірлеп, үгіт-насихат жүргізуге құқығы. Бірақ, мақсаты немесе іс-әрекеті Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қаіупсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады.

Идеологиялық дамудың жалғасы ретінде саяси, яғни көппартиялықты даму танылады.

Саяси партиялар қоғамдық бірлестіктер ретінде тіркеледі. Республикада басқа мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарының, діни негіздегі партиялардың қызметіне, сондай-ақ саяси партиялармен кәсіптік одақтарды шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландырылуына жол берілмейді. Мемлекеттік органдардың саяси партиялардың ішкі өміріне араласуға құқығы жоқ.

Демократиялық елдерде саяси жүйенің көптеген түрлері – екіпартиялық, көппартиялық, бірпартиялық болып бөлінеді. Барлық патиялыр өзге де қоғамдық бірлестіктер тәрізді заң алдында бірдей.

Конституцияның 7-ші бабында мемлекеттің тілдік саясатының негіздері бекітілген. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болады, мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.

№3 тақырып бойынша тест сұрақтары

1. Конституцияда бекітілген экономикалық саясаттың негізгі қағидалары қандай?

а) меншік нысанының көптүрлілік қағидасы;

б) мемлекеттің меншіктің басымдылығы;

в) тек қана жеке меншіктің басымдылығы.

(дұрыс жауабы - а)

2. Конституцияда бекітілген саяси жүйенің қағидалары қандай?

а) халық депутаттарының Кеңесінің толық билігі қағидасы;

б) көппартиялық, заңдылық, халық егемендігі, жариялылық;

в) демократиялық централизм.

(дұрыс жауабы - б)

3. Әлеуметтік жүйе мынадай қатынастарды қамтиды:

а) әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулықты қорғау және еңбек саласында пайда болатын;

б) жанұя және некемен байланысты;

в) аталғандардың барлығы.

(дұрыс жауабы - в)

4. Халық егемендігі қағидасы нені білдіреді:

а) мемлекеттің биліктің ел ішінде де және одан тысқары да тәуелсіздігі және жоғарылығы;

б) мемлекеттің құрылу құқығын қоса алғанды ұлттың, халықтықтың өзін-өзі анықтау құқығы;

в) парламенттің халықпен сайланбалылығы.

(дұрыс жауабы - б)

5. Төменде көрсетілген қағидалардың қайсы мемлекетті құқықтық ретінде сипаттайды:

а) демократизм;

б) заңның жоғарылығы;

в) азаматтардың өз әрекеттеріне жауаптылығы.

(дұрыс жауабы – б)

6. Билікті бөлу қағидасының түсінігі:

а) сәйкестелген мемлекеттік органдарды тежемелік және тепе-теңдік жүйесін пайдалана отырып өзара әрекет ететін біртұтас мемлекеттік биліктің үш тармағына бөлу;

б) Парламенттің, Үкіметтің және соттардың бір-бірінің істеріне араласпауы;

в) бір-біріне тәуелді болмайтын, бағынбайтын және есеп бермейтін мемлекеттік билік тармақтарының бөлінуі.

(дұрыс жауабы - а)

7. Қазақстан Республикасының тілдерінің мәртебесі қандай:

а) қазақ және орыс тілдері мемлекеттік болып табылады;

б) қазақ тілі мемлекеттік, ал орыс тілі мемлекеттік органдарда ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады;

в) қазақ тілі мемлекеттік, ал орыс және өзге ұлттардың тілдері ресми болып табылады.

(дұрыс жауабы - б)

8. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысының нысандары:

а) біртұтас мемлекет;

б) федеративтік мемлекет;

в) автономиялы мемлекеттік құрылымдары бар біртұтас мемлекет:

(дұрыс жауабы - а)

9. Қазақстан Республикасының мемлекеттік билігінің бірден-бір қайнар көзі болып табылады:

а) Қазақстан халқы;

б) Қазақстан Республикасының Парламенті және Президенті;

в) Қазақстан Республикасының Президенті және халқы.

(дұрыс жауабы - а)

10. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес:

а) парламенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет;

б) президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет;

в) президенттік басқару нысанындағы федеративтік мемлекет.

(дұрыс жауабы - б)

Тақырып 4. Қазақстан Республикасының азаматтығы: түсінігі, негіздері және құқықтық реттеу қағидалары.

Қазақстан Республикасының азаматтығы. Азаматтық – азаматтар және мемлекеттердің өзара қатынасынан туындайтын, тұрақтылығы және ұзақтығымен анықталатын саяси-құқықтық құбылыс.

Азаматтықтың негізгі белгілері: саяси-құқықтық сипаты; ұзақтығы; тұрақтылығы; өзара құқықтары мен міндеттерінің болуы.

Тұлға мен мемлекеттің азаматтыққа қатысты қалыптасатын заңды негізде рәсімделетін құқықтық сипаты. Азаматтық – ол құқықтық жағдай. Мемлекеттің азаматы ретіндегі түсінік тұлғаның мемлекет аумағында тұратындығы ғана емес мемлекет пен тұлғаның арасындағы азаматтық мазмұнын қалыптастыратын ерекше байланыспен анықталады.

Мемлекет құқықтық қатынасқа осы мемлекеттің азаматы болып табылмайтын кез келген тұлғамен түсе алады, бірақ саяси қатынас тек қана осы мемлекеттің азаматымен байланысты пайда болады. Сондықтан азаматтық түсінігіне мемлекет пен тұлғаның саяси-құқықтық байланысы жатады.

Қазақстан Республикасының азаматтығымен байланысты барлық қатынастар Қазақстан Республикасының Конституциясымен және 20 желтоқсан 1991 жылы қабылданған “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” Қазақстан Республикасының Заңымен және оған 03.10.1995 ж. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен енгізілген өзгерістер мен толықтырулармен рәсімделеді.

Азаматтық туралы Заңның кіріспесінде Қазақстан Республикасының азаматтығы тұлға мен мемлекеттің арасындағы олардың өзара құқықтары мен міндеттерінің жиынтығын көрсететін тұрақты саяси-құқықтық байланыс.

Азаматтыққа қатысты оның тұрақты және ұзақ сипатын азаматтың тумысынан қайтыс болуына дейін созылатын және азаматпен азаматтық-құқықтық қатынасты біржақты бұзуға жол бермейтін, олардың тоқтатылуы ерекше тәртіпте бекітілетінін білдіретін қатынас білдіреді. Азаматтың өз өтініші бойынша азаматтық қатынасты тоқтатуы мемлекеттің келісімін қажет етеді. Мемлекеттің бастамасымен де азаматтық-құқықтық байланыс тоқтатыла алмайды.

Мемлекет пен адамның арасындағы байланыс олардың құқықтары, міндеттері мен жауаптылықтарының жиынтығымен сипатталады. Бұндай байланыс мемлекетпен осы тұлғаны азамат ретінде заңды тануымен және ол азаматтың қай жерде тұратынына қарамастан мемлекеттің егемендігінің таратылуымен негізделеді.

Мемлекет өз азаматтарының мүддесін оның аумағынан тысқары жерлерде де қорғауға міндетті. Азамат мемлекеттің егемендігінде болғандықтан, олар мемлекет аумағынан тысқары жерлерде болса да мемлекеттен өзінің міндеттерін орындауын талап ете алады. Мемлекет пен азаматтың өзара жауаптылығы қағидасы жоғарыда аталған заңның 1-ші бабында: Қазақстан Республикасы өзінің органдары және лауазымды тұлғалары тұрғысында Қазақстан Республикасы азаматтарының алдында жауапты, ал Республика азаматтары Қазақстан Республикасы алдында жауапты деп бекітілген.

Қазақстан Республикасының азаматтығын алу негіздері.

“Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” Заңының 10-шы бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығы келесі негіздерде алынады:

тумысы бойынша;

Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау нәтижесінде;

Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген тәртіпте және негіздерде;

Заңда белгіленген өзге де негіздер бойынша.

КСРО таратылғаннан кейінгі 1991 жылы және жеке мемлекеттер құрылғаннан бастап азаматтық аясындағы мәселелер өте ерекше қойылды. Посткеңестік республикалар үшін заңдылықтардың жаңалылығы - онда азаматтықты алудың негіздерінің танылуы. Азаматтардың мемлекеттің азаматтығын алудың заңдылықтардағы жаңалылығы, онда Қазақстанда “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” Заңның күшіне енген күніне дейін азаматтықта болған барлық тұлғалардың мемлекеттің азаматы болып танылуы.

Жоғарыда аталған Заңның 3-ші бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары болып мыналар танылады:

осы Заң күшіне енгізілген күнге дейін Қазақстан Республикасында тұрақты тұрған адамдар;

Қазақстан Республикасының азаматтығын осы Заңға сәйкес алғандар.

Сонымен қатар азаматтық туралы заңдылықта Қазақстан Республикасы жаппай қуғын-сүргін, күштеп ұжымдастыру кезеңдерінде, адамгершілікке жат өзге де саяси шаралар салдарынан Республика аумағынан кетуіне мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының өз территориясына қайтып оралуы үшін, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар аумағында тұратын қазақтар үшін жағдай жасайтындығы ерекше көрсетілген.

Азаматтыққа тумысынан ие болу тұрақты әрекет ететін басты негіз болып табылады. Онда азаматтықты алудың екі қағидасының үйлесімділігі орын алады. Бұл екі қағида: “қанды құқық”, яғни азаматтықта ата-аналарының болуы және “топырақ құқығы”, яғни туылған жеріне байланыстылығы.

Бала туған кезде ата-анасының екеуі де Қазақстан Республикасының азаматы болса, онда ол туған жеріне қарамастан Республиканың азаматы болып табылады (Заңның 11-ші бабы). Бұл азаматтықты “қан құқығы” қағидасына сәйкес тану.

“Топырақ құқығы” қағидасына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде Қазақстан аумағында туған бала танылады, егер:

ата-анасының екеуі де белгісіз болса;

оның ата-аналары - Қазақстан Республикасында тұрақты тұрғылықты жері бар, бірақ азаматтығы жоқ тұлғалар болса.

Ата-анасының азаматтығы әртүрлі болған жағдайда балалардың азаматтығы келесі негіздерде танылады:

егер ата-анасының біреуі Қазақстан Республикасының

азаматы болып табылса және бала Қазақстанның аумағында туылса (Заңның 12-ші бабы);

егер бала Қазақстан Республикасынан тыс жерде туылса,

бірақ ата-анасының біреуі Қазақстан Республикасының азаматтығында болса және Қазақстанның аумағында тұрақты тұрғылықты жері болса.

“Топырақ құқығы” қағидасы ата-анасы белгісіз және азаматтығы жоқ тұлғалардың балаларының азаматтығын анықтау кезінде қолданылады. Азаматтық туралы Заңға сәйкес ата-анасының екеуі де белгісіз Қазақстан Республикасының аумағында туған бала Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады (Заңның 13-ші бабы). Сонымен қатар Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұрғылықты жері бар, азаматтығы жоқ тұлғалардың Қазақсатан Республикасында туған баласы Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады.

Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау басқа мемлекеттің азаматымен немесе азаматтығы жоқ адамдармен олардың өз өтініштері бойынша жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе қабылдаудан бас тарту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Президенті шығарады.

Заңдылық Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау үшін белгілі шарттарды анықтайды. Осындай шарттардың біреуі болып тұрғылықтылық цензі танылады, яғни Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданатын тұлғалар оның аумағында 5 жыл тұруы немесе Қазақстан Республикасының азаматымен 3 жыл некеде болуы қажет (Заңның 16-шы бабы).

Жоғарыда аталған шарттар келесі тұлғаларға: кәмелетке толмағандарға, әрекет қабылеттіктері жоқтарға, Қазақстан Республикасына ерекше еңбек сіңірген адамдарға, сондай-ақ Қазақстан аумағынан саяси себептермен кетуге мәжбүр болған адамдарға және олардың ұрпақтары тарихи Отаны ретінде тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасына қайтып оралған болса, оларға талап етілмейді.

Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау кезінде оның аумағында тұру мерзіміне қарамастан бұрынғы одақтас мемлекеттердің азаматтары, Қазақстан Республикасында азаматының жақын туысқаны болып табылған жағдайда азаматтыққа қабылданады. Ең жақын туыстарға – баласы, ері (зайыбы), ата-анасы, апайы, ағасы, атасы немесе әжесі жатады.

Заңдылықта көзделген Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың негізі болып азаматтыққа қайта алу (ренатурализация) жатады. Заңның 18-ші бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығында бұрын болған тұлға, өзінің өтініші арқылы азаматтық туралы заңдылықтың талаптарына сай Республиканың азаматтығына қайта алынуы мүмкін. Бұл бұрын Қазақстан Республикасының азаматы болған, кейіннен азаматтығынан айрылған немесе оның келісімінсіз азаматтығы тоқтатылған тұлғаларға қатысты қолданылады.

Қазақстан Республикасның азаматтығына қабылдаудың негізі ретінде мемлекетаралық шарттарда көзделген – репатрация және оптация қарастырылады. Репатрация – бір мемлекеттің тұрғындарының бөлігі басқа мемлекеттің аумағына еркін көшіп-қонуы. Оптация – мемлекеттің азаматтығын алу кезінде оны таңдау құқығына ие болуы. Көбінесе азаматтыққа қабылдаудың бұл түрі мемлекеттердің арасында шекараны өзгерту кезінде қолданылады.

Заңдылықта азаматтыққа қабылдау шарттарымен қоса Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудан бас тарту негіздері де қарастырылған.

Қазақстан Республикасының азаматтығына адамзатқа қарсы халықаралық құқықта көзделген қылмыс жасаған немесе терроршылдық әрекеті үшін сотталған тұлғалар қабылданбайды. Сонымен қатар оған қызметі Қазақстан Республикасының конституциялық қағидаларына сәйкес келмейтін, яғни егер Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігіне әдейі қарсы шыққан, Қазақстан Республикасының аумағының бірлігі мен тұтастығын бұзуға шақыратын, мемлекетаралық, ұлтаралық және діни араздықты қоздыратын; Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінің қолданылуына қарсы әрекет жасаған; мемлекет қауіпсіздігіне, халықтың денсаулығына нұқсан келтіретін құқыққа қарсы іс-әрекет жасаған тұлғалар жатады.

Қазақстан Республикасының азаматтығына сот ерекше қауіпті баукеспе деп таныған тұлға да қабылданбайды.

Қазақстан Республикасында біртұтас азаматтық қағидасы бекітілгендіктен, заңдылықта өзге мемлекеттің азаматтығында болу Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудан бас тартудың ең басты негізі болып табылатындығы қарастырылған.

Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату негіздері.

Азаматтық туралы заңдылық Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатудың екі басты негізін: Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығу немесе азаматтығын жоғалту салдарын қарастырады.

Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатудың ең басты негізі азаматтықтан шығу болып табылады. Бұл өз ерікті акт және тұлғаның өтініші негізінде жүзеге асырылады. Бірақ заңдылықта Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығарудан бас тарту негіздері де анықталған (Заңның 20-шы бабы):

- Қазақстан Республикасы алдындағы міндеттемелерінің немесе мүліктік міндеттемелерінің орындалмағаны, олармен азаматтардың немесе Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің елеулі мүдделері байланысты болған жағдай;

- егер өтініш жасаған тұлға айыпкер ретінде қылмыстық жауапқа тартылған болса немесе заң жүзінде күшіне енген сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрсе;

- егер азаматтықтан шығу мемлекет қауіпсіздігі мүдделеріне қайшы келсе.

Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалту азаматтық туралы заңдылықтың 21-ші бабында анықталған. Қазақстан Республикасының азаматтығы мынадай негіздерде жоғалады:

1) Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген реттерді қоспағанда, азаматтың басқа мемлекеттің қауіпсіздік қызметіне, полициясына, юстиция органдарына немесе өзге де мемлекеттік билік және басқару органдарына қызметке тұру салдарынан;

2) егер Қазақстан Республикасының азаматтығы жалған мәліметтер немесе жалған құжаттарды табыс ету нәтижесінде алынса;

3) Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген негіздер бойынша;

4) егер Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты тұратын тұлға себепсіз жағдайлармен 3 жыл ішінде консульдік есепке тұрмаса.

№4 тақырып бойынша тест сұрақтары

1. Қандай тұлғалар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылады:

а) 20 желтоқсан 1991 жылы “Қазақстан Республикасындағы азаматтық туралы” Қазақстан Республикасының Заңы заң күшіне енген кезде Қазақстанда тұрақты тұратын бұрынғы КСРО азаматтары;

б) жоғарыда аталған Заңның негізінде азаматтық алған тұлғалар;

в) аталғандардың барлығы.

(дұрыс жауабы - в)

2. Біртұтас азаматтық дегеніміз – бұл:

а) тұлғаның екі немесе одан да көп мемлекеттердің азаматтығында болуы;

б) ТМД елдерінің аумағында тұратын кез келген азамат бір уақытта ТМД азаматы болып табылады;

в) Қазақстан Республикасының аумағында өзге мемлекеттік құрылымдар болмағандықтан, оның азаматтығы біртұтас.

(дұрыс жауабы - в)

3. Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың негізі болып табылатын, оның аумағында тұрақты тұрудың мерзімі қандай:

а) 10 жылдан кем болмауға тиіс;

б) 15 жылдан кем болмауға тиіс;

в) 5 жылдан кем болмауға тиіс.

(дұрыс жауабы - в)

4. 20 желтоқсан 1991 жылғы “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” Заңда азаматтықты танудың келесі қағидалары қолданылады:

а) “қан құқығы”;

б) “топырақ құқығы”;

в) аталған екі қағиданың үйлесімі.

(дұрыс жауабы - в)

5. Қазақстан Республикасының азаматы басқа мемлекетке берілуі мүмкін бе?

а) “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” Заңында тікелей көзделген жағдайларда беріледі;

б) ешқандай жағдайда да берілмейді;

в) Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, берілмейді.

(дұрыс жауабы - в)

6. Апатридтер дегеніміз – бұл:

а) екі мемлекеттің азаматтығына ие болатын тұлғалар;

б) азаматтығы жоқ тұлғалар;

в) босқындар.

(дұрыс жауабы - б)

7. Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқатылатын салдар:

а) азаматтықтан шығу;

б) азаматтықты жоғалту;

в) азаматтықтан шығу және жоғалту.

(дұрыс жауабы - в)

8. Натурализация дегеніміз – бұл:

а) азаматтықты “қан құқығы” қағидасы негізінде алу;

б) азаматтыққа қабылдау;

в) азаматтықтан шығу.

(дұрыс жауабы - б)

9. Филиация дегеніміз – бұл:

а) азаматтыққа қабылдау;

б) азаматтыққа тумысы бойынша ие болу;

в) азаматтығын жоғалты.

(дұрыс жауабы - б)

10. Азаматтыққа қабылдау кезінде қандай акт шығарылады:

а) өкім;

б) жарлық;

в) қаулы. (дұрыс жауабы - б)

Тақырып 4. Қазақстан Республикасындағы адам және азаматтың конституциялық-құқықтық мәртебесі.

1. Қазақстан Республикасындағы тұлғаның құқықтық мәртебесі негізінің түсінігі. Мемлекет пен қоғамдағы тұлғаның құқықтық мәртебесі негізінің институты конституциялық құқықпен реттелетін ең басты институт болып табылады. Құқық пен бостандықтың қазіргі уақыттағы концепциясы – бұл құқықтар мен бостандықтардың жалпыға танылған үлгісі әзірлену процесіндегі ұзақ тарихи даму нәтижесі. Өмір сүру құқығы, еркін жүріп-тұру бостандығы, азаматтыққа құқығы, ар-ождан бостандығы, барлығының заң алдында теңдігі – бұл барлығына жалпы құқықтар, оларды қоғамдық құрылысына, саяси режиміне, мемлекеттік құрылыс нысаны мен басқару нысанына қарамастан барлығы бірдей пайдаланады. әр адам қайда жүрсе де, қай жерде тұрса да, ол кез келген жерде негізгі табиғи құқықтар мен бостандықтарға ие болады. Мемлекет тек осы табиғи құқықтар мен бостандықтарды өзінің ішкі заңдылықтарында рәсімдейді.

Конституциялық құқықтың осы институтын зерттеу кезінде адам мен азаматтың “құқығы” түсінігі мен “бостандығы” түсінігінің айырмашылығын, тұлғаның құқықтық мәртебесінің “екі жақтылық” (дуалистік) сипатының қалай анықталатындығын білу қажет.

Адам құқығы – мемлекетпен бекітілген және кепілдендірілген қоғамдық, саяси немесе шаруашылық құрылымдардың қызметіне қатысу құқығы. Адам құқығында индивидтің қызметінің нақты бағыты бекітіледі. Мемлекет өзіне заңда белгіленген аяда құқыққа сәйкес әрекеттермен қамтамасыз ету және оны қорғау міндеттілігін алады.

Адам бостандығы – адамның қызмет аясы, оған мемлекет араласа алмайды. “Бостандық” түсінігі адамның өз әрекетін таңдау мүмкіндігі, ол өзінің ішкі дүниесіне ешкімнің араласуына жол бермейді және өзін қорғайды. Мемлекет тек құқықтық нормалардың көмегімен оның шегін нақтылайды, осы негізде адам өз қалауынша әрекет жасай алады.

Тұлғаның құқықтық мәртебесенің “екі жақтылық” сипаты, адамның құқықтық мәртебесі мен азаматтың құқықтық мәртебесі бір-бірінен шектеледі. Егер адам құқығы оған тумысынан берілсе, ал азаматтың құқықтары алынған болып табылады. Тұлға экономикалық аяда адам ретінде, ал саяси аяда азамат ретінде танылады. Азаматтың құқықтық мәртебесіне адамның құқықтары, сонымен қатар мемлекет пен азаматтың арасындағы ерекше өзара қатынасын анықтайтын саяси құқықтар мен міндеттердің кешені (комплекс) жатады. Яғни, осы мемлекеттің азаматы шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға қарағанда көлемі жағынан кең құқықтар мен бостандықтарға ие болады.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-ші бабының 1-ші тармағында Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп көрсетілген. Оның мағынасы мемлекет пен тұлға арасындағы өзарақатынас адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдылығы негізінде құрылуы қажеттігін білдіреді. Мемлекеттің қызметі біздің қоғамымыз бен мемлекетіміздегі адам және азаматтың жан-жақты даму жағдайын жасауға бағытталуы қажет. Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдылығы қағидасы қолданыстағы өзге де заңдылықтарды қалыптастыруға негіз болып табылуы қажет. Бұған дәлел ретінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-ші бабының 2-ші тармағын қарастыруға да болады, онда адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады делінген.

Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының абсолюттілігі, олардан ешкімнің айыра алмайтындығы және олар әркімге тумысынан тиістілігі, яғни осы конституциялық қағида индивидтің құқықтары мен бостандықтарына табиғи сипат береді.

Конституция адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылық қағидасын жариялады. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды.

2. Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын саралау. Қазақстан Республикасының Конституциясының “Адам және азамат” деп аталатын 2-ші бөлімінде адам мен азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтары бекітілген (10-39 баптар). Олар Қазақстан Республикасындағы тұлғаның құқықтық мәртебесінің ядросын құрайды. Оларды келесі топтарға бөлуге болады: жеке құқықтар мен бостандықтар, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтар мен бостандықтар.

Жеке құқықтар мен бостандықтарға Қазақстан аумағында тұрақты және уақытша тұратын барлық тұлғалар ие болады. Олар абсолютті, ешкім айыра алмайтын және әркімге тумысынан тиісті болады. Конституцияның 15-ші бабына сәйкес әркім өмір сүру құқығына ие болады. Конституцияда өмір сүру құқығы әр түрлі қол сұғушылықтан қорғалу мақсатында бекітілген. Өмір сүру құқығы көптеген конституциялық кепілдіктермен қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының Конституциясы ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ бекітеді. Конституцияның 31-ші бабында адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін деректер мен жағдаяттарды лауазымды тұлғалардың жасыруы заңға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатындығы туралы бекітіледі. Өмір сүру құқығы тек қана Конституциямен ғана емес, өзге де салалық заңдылықтармен қорғалады. Қолданыстағы заңдылықтар осы құқықты қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың жүйесін анықтайды.

Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексі кісі өлтіру, аффект салдарынан кісі өлтіру, абайсыздықта кісі өлтіру, өзін-өзі өлтіруге дейін апару, ауруға дәрігерлік көмек көрсетпеу сияқты (96-101, 102, 118-ші баптар) және т.с.с. ауыр қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылықты бекіткен. Сонымен қатар Конституция мен қылмыстық заңдылық әр адамның қажетті қорғану құқығын таниды (Конституцияның 13-ші бабы, ҚРҚК-нің 32-ші бабы).

Бірақ Қазақстан Республикасының Конституциясы ең ауыр жаза ретінде өлім жазасын қарастырады. Қазіргі уақытта өлім жазасына мораторий енгізілді.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодесте адам өмірін қорғау мақсатында еңбек және денсаулық саласындағы құқық бұзушылық үшін жауапкершілік қарастырылады.

Жеке құқықтар мен бостандықтар категориясына Консттуцияның 16-шы бабында қарастырылған әркімнің жеке басының бостандығына құқығы бекітілген. Кез келген конституциялық мемлекет сияқты Қазақстан Республикасында тұтқындау мен қамау заңда көзделген реттерде ғана соттың немесе прокурордың санкциясымен іске асырылады. Прокурордың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспатын мерзімде ұстауға болмайды. Сонымен қатар әр ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалану құқығына ие болады.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 17-ші бабына сәйкес адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Адамның қадір-қасиеті тұлғаның сыртқы және ішкі мазмұнын өзіне толығымен енгізеді. Қазіргі қоғамда қадір-қасиет түсінігін тұлғаның жағымды қасиеттері мен жақтарының жиынтығы ретінде қарастырады, әрі ол мемлекетпен жоғары қазына ретінде қорғалады. Сонымен қатар “қадір-қасиет” түсінігі заң ғылымында құқықміндеттеу институты арқылы талқылайды, онда 1) бір индивидтің қадір-қасиеті екіншісінің міндеті болып табылады; 2) қадір-қасиет әркімнің және әрқайсының міндеттілік объектісі; 3) “қадір-қасиет” өзінің қадір-қасиеті құқығы мен өзгенің қадір-қасиетін сыйлау міндетінің үйлесімділігімен анықталады.

Конституцияда әшкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайтындығы туралы кепілдік орын алған. Конституцияның 18-ші бабына сәйкес әркім өзінің қадір-қасиетін қорғауға құқығы бар. Салалық заңдылықтарда адамның қадір-қасиетін қорлағаны үшін жауапкершілік шаралары қарастырылған. Сонымен қатар жеке құқықтарға әркімнің өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқала сөйлескен сөздерінің, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығының сақталуына құқығы бар. Бұл норма Конституцияның 18-ші бабында бекітілген. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі.

Қылмыстық және азаматтық сот өндірісі жеке өмірдің құпиялаларын сақтау бойынша шараларды қарастырады. Жеке және жанұялық құпияны сақтау мүддесінде соттық қарау жабық түрде өткізілуге тиіс. Мысалы, ҚР ҚІЖК-нің 13-ші бабына сәйкес жеке өмірі және жеке сипаттағы мағлұматтар туралы мәліметтерді жинау, пайдалану және таратуға жол берілмейді, егер іс жүргізу қызметі мақсатында көзделмесе және тұлға оны құпияда сақтау керек деп тапса. ҚР АІЖК-нің 144-ші бабында телефон арқылы сөйлесу, құпиялы жолмен хат алысу және т.с.с. қорғалатындығы орын алған. Банк қызметі туралы заңдылықта жеке салымдар мен жинаған қаражатының сақталу құқығы қарастырылады.

Сонымен қатар Конституцияның 19-шы бабында бекітілген жеке құқыққа әркімнің өзінің қай ұлтқа, партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге құқығы жатады. Ешкім азаматтты өзінің қай ұлтқа, қай партия мен дінге жататынын көрсетуге мәжбүрлей алмайды. Бұл жағдай ешқандай да құқықтық салдарға әкеліп соқпайды және жалпыға танылған адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қандай да бір басымдылықтың болуының немесе нұқсан келтірудің негізі болып табылмайды. Ал Конституцияның 19-шы бабының 2-ші тармағына сәйкес әркімнің ана тілі мен төл әдебиетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алу құқығына ие болады.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 20-шы бабында сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. Бұл ұғым адамдардың қызметінің рухани аясына негізделген. Бостандықтың бұл түрі тұлғаның идеялары, пікірлері, сенімдері мен оларды айта білу бостандығының кепілдігіне жатады. Сөз бостандығын конституциялық деңгейде бекіту адамзаттың ең үлкен жетістігі болып есептеледі, себебі тарих адамдардың өз көзқарастары үшін қаншама қиналғанаын мысалға келтіре алады.

Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Сонымен қатар сөз бостандығын асыра пайдаланушылық өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарын және тұлғаның қадір-қасиеті мен ар-ожданына, жеке өміріне қол сұғылмаушылыққа, жеке және жанұялық құпиясын бұзуға әкеліп соқпауға тиіс. Сондықтан сөз бостандығы өзгелердің сөз бостандығын шектемеуге тиіс әрі ерекше міндеттілік пен жауаптылыққа әкеледі.

Республиканвң конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қеуіпсіздігігіне нұқсан келтіруге, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді.

Алғаш рет конституциялық деңгейде әркімнің Қазақстан Республикасы аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бекітілген. Әр адам Республикадан тыс жерлерге кетуіне, ал Қазақстан Республикасының азаматтарынң Республикаға кедергісіз қайтып оралуына құқығы бар. Бұл құқық Қазақстан Республикасының Конституциясының 21-ші бабында бекітіліп, адам құқықтарының халықаралық қауымдастықпен жалпыға танылған разрядына жатады. Сондай-ақ ол бұрынғы одақтас республикалардың және КСРО аумағынан кедергісіз кете алмаған әрі одан тыс жерлерден тұрақты мекенді ьаңдай алмаған азаматтар үшін өзекті мәселе болған. Қазақстан Республикасында ар-ождан бостандығы консттуциялық негізде кепілдендіріледі (Қазақстан Республикасының Конституциясының 22-ші бабы). Ар-ождан түсінігіне тұлғаның дінге өз ерікті және ешкімнен тәуелсіз түрдегі қатысы. Әркім қай дінді ұстану немесе ұстанбау бостандығын өзі шешеді. Қазақстан Республикасында діни-наным бостандығы мен атеизм де танылады.

Конституцияның 25-ші бабына сәйкес тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді және тұрғын үйге басып кіруге, оны тексеруге және тінтуге заңмен белгіленген тәртіп бойынша ғана жол беріледі. Бұл адам мен азаматтардың ққықтары мен бостандықтарын, конституциялық құрылыс негіздерін қорғаумен және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және т.с.с. байланысты.

Егер құқыққорғаушы органдардың қызметі қылмысты ашу және қылмыскерлерді ұстауға бағытталса, яғни олардың қызметкерлері тұрғысынан жасалған әрекеті заңды сақтаса, онда тұрғын үйге басып кіруі құқыққа сәйкес болып табылады.

Осыған байланысты тексеру және тінту өндірістері сияқты тергеу әрекеттеріне баса назар аудару қажет. Тінту өндірісі прокурормен санкцияландырылады. Қазіргі уақытта тінтуді судьяларда санкцияландырады. Заң кейінге қалдыру мүмкін болмаған жағдайда санкциясыз тінту және тексеруді жүргізуге мүмкіндік береді. Бірақ, ондай жағдайлар тінту туралы қаулыда міндетті түрде көрсетілуі керек.

Тұрғын үйге кіру тек қылмыс жасады деп сезіктенген адамды қолға түсіру кезінде немесе онда қылмыс жасалды деп ойлауға негіз болған жағдайда, сонымен қатар азаматтардың қауіпсіздігін және төтенше жағдайларда, апаттарда, аварияларда, эпидемия, массалық тәртіпсіздік және т.с.с. болған кезде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылады.

Тұрғын үйде тұратындардың еркіне қарсы тұрғын үйге кіру үшін негіз болып қылмыстық істер бойынша үкімді орындау және азаматтық істер бойынша сот шешімдерін мәжбүрлі түрде орындату табылады.

Адамдардың тұрғын үйге қол сұғылмаушылығын бұзған кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Қазақстан Республикасында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалады. Заң әдебиеттерінде азаматтардың тұрғын үйге құқығы үш негізде ашылады: тұрғын үй қорын тұрақты пайдалану; тұрғын үй жағдайларын жақсарту; адамға қажетті тұрғын үй жағдайын қамтамасыз ету. Сондықтан мемлекеттің тұрғын үй саясаты осы үш негізгі тұрғыда құрылуы қажет.

Әлеуметтік-экономикалық құқықтар мен міндеттер. Адам мен азамат азаматтық қоғамның мүшесі ретінде экономикалық және әлеуметтік құқықтар мен бостандықтарға ие болады.

Тұлға өзінің экономикалық құқықтары мен бостандықтары арқылы материалдық мүмкіндіктерін іске асырады. Экономикалық құқықтары мен бостандықтар Конституцияның 24-ші бабында бекітілген, оларға жеке меншік, кәсіпкерлік қызмет бостандығына құқығы жатады.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік және жеке меншік тең негізде қорғалады. Конституцияның 26-шы бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады. 1995 жылы қабылданған Конституцияда алғаш рет жерге жеке меншік құқығы бекітілді (Конституцияның 6-шы бабының 3-ші тармағы). Конституцияда меншікке қол сұғылмаушылық, яғни ешкімді де соттың шешімінсіз өз мүлкінен айыруға болмайтындығы бекітілген. Бірақ заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілу мүмкіндігі қарастырылады.

Конституция жеке меншікпен қоса мұрагерлік құқығына да кепілдік береді.

Қазақстан экономикасының нарықтық қатынасына көшуімен байланысты Конституция кәсіпкерлік қызметке бостандықты жариялады. Әркім өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін пайдалану құқығына ие болады.

Осы конституциялық ереженің негізінде кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңдылық қабылданды.

Кәсіпкерліктің түсінігі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің жалпы бөлімінің 10-шы бабында: кәсіпкерлік – бұл меншік нысанына байланысты болмайтын, пайда немесе жеке табыс табуға бағытталған азаматтардың және заңды тұлғалардың өз бастамасымен іске асырылатын қызметі деп беріледі. Қазақстанда кәсіпкерлік қызметпен 18 жасқа толған, әрекет қабылеттігі бар, сонымен қатар кәмелетке толмаған, бірақ некеге тұрған азаматтар айналыса алады. Қылмыстық кодекс заңды негізде кәсіпкерлік қызметпен айналысуға бөгет жасайтындарға жауаптылықты қарастырады.

Монополистік қызмет заңмен реттеледі және шектеледі. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.

Әлеуметтік құқықтар мен бостандықтардың ең бастысы ретінде Қазақстан Республикасының 24-ші бабында әркімнің еңбек ету бостандығына құқығы және онымен байланысты қауіпсіздік әрі тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін ешқандай кемсітусіз сыйақы алу, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалу құқығы бекітілген.

Алғаш рет конституциялық деңгейде жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы танылды. Еңбек туралы заңдылық жеке еңбек дауларын қарайтын органдарды, олардың келіспеушілігін туындатқан жағдайды қарау тәртібін және т.с.с. анықтайды.

Мемлекет сонымен қатар тынығу құқығына, демалыс және мереке күндеріне, жыл сайынғы ақылы демалысқа кепілдік береді. Заңдылықта жұмыс уақытының ұзақтығы аптасына барлық қызметкерлер мен жұмысшылар үшін 40 сағаттан аспау керек екендігі анықталған. Еңбек даулары сотпен тегін қарастырылады.

Конституцияның 28-ші бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматына жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айрылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде оған ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшерінде әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі.

Қоғамдық бірлестіктер халықаралық, республикалық, аумақтық және жергілікті деңгейде құрылуы мүмкін.

Азаматтар қоғамдық бірлестіктерге өздерінің саяси және өзге де құқықтар мен бостандықтарын қорғау мен іске асыру, мемлекет пен қоғамдық істерді басқаруға қатысу, кәсіби және өзге мүдделерді қанағаттандыру, ғылыми, техникалық және әдеби шығармашылықты, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, тұрғындардың экологиялық қауіпсіздігін, спорттық-денсаулық сақтау, табиғатты қорғау, халықаралық байланыстарды кеңейту, халықтар арасындағы достықты нығайту мақсатында бірлесе алады.

Қоғамдық бірлестіктерді құру және қалыптастыру қағидалары болып өз еріктілік, олардың мүшелерінің тең құқылығы, өзін-өзі басқару, заңдылық және жариялылық табылады.

Конституцияның мақсаты мен әрекеттеріне қайшы келетін, Қазақстанның тұтастығын бұзуға шақыратын, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, мүліктік және рулық астамшылықты насихаттайтын, адамның құқықтары мен бостандықтарын бұзуды алдына мақсат етіп қоятын қоғамдық бірлестіктерді құруға және олардың қызметіне тыйым салынады. Сонымен қатар әскери бірлестіктер мен қарулы-күштердің қоғамдық негізде қалыптасуына тыйым салынады. Халықтың денсаулығы мен имандылығына қол сұғатын қоғамдық бірлестіктердің құрылуы мен қызметі заңмен қудаланады.

Азаматтың қоғамдық бірлестіктердің қызметіне қатысу немесе қатыспау оның құқықтары мен бостандықтарын шектеуге негіз бола алмайды. Әркім өзінің қай қоғамдық бірлестікке жататынын көрсетуге немесе көрсетпеуге құқылы.

Мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар қоғамдық бірлестіктердің қызметіне, сонымен қатар қоғамдық бірлестіктер мемлекеттің қызметіне араласуына жол берілмейді. Қоғамдық бірлестіктердің меншігі заңмен қорғалады.

Әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға және қандай да бір саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиіс. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар қоғамдық бірлестіктерге мүше бола алады, егер олар саяси партиялар мен қоғамдық білестіктің жарғысында саяси мақсатты көздейтін қоғамдық бірлестіктер болып табылмаса.

Саяси партиялар – Қазақстан Республикасы азаматтарының өз еркімен құрылған бірлестігі, олар мемлекеттік билікті жүзеге асыруға өзінің өкілдері арқылы қатысып, өздерінің саяси еріктілігін көрсетеді.

Барлық саяси партиялар заң алдында тең. Олар өзін-өзі басқару және өзін-өзі қаржыландыру негізінде әрекет етеді. Саяси партияларға мемлекеттік органдардың функциясын артуға жол берілмейді. Сонымен қатар мемлекеттік қаржыландыруға да болмайды.

Саяси партиялардың мүшелері тіркеледі. Олар Қазақстан Республикасының азаматтарының партияның құрылтайшылық съезін шақыратын және республикалық маңызы бар қалалар мен астананың, облыстардың үштен екісінен өкілдері болатын мыңнан кем болмайтын санымен құрылады.

Құрылтайшылық съезде саяси партияның құрылуы туралы, оның атауы, жарғысы, бағдарламасы және басқарушы органдары қалыптасады.

Әділет министрлігінде республикалық маңызы бар қалалар мен астананың, барлық облыстардың құрылымдық бөлімшелерінде 700-ден кем болмайтын мүшелері бар құрамында саны 50 000-нан кем болмайтын мүшесі бар саяси партиялар тіркеледі. Саяси партиялардың құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) әділеттің аумақтық органдарында тіркеледі.

Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған азаматы тек бір ғана саяси партияның мүшесі бола алады.

Конституцияның 32-ші бабын қолдану 17 наурыз 1995 жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасында бейбіт әрі қарусыз жиналу, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы” заң күші бар жарлығымен реттеледі.

Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекет істерін басқаруға тікелей республикалық референдум және сайлау арқылы қатыса алады.

Республикалық референдум – Конституцияның, конституциялық заңдардың, заңдардың жобаларын және Қазақстан Республикасының мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін шешу бойынша бүкілхалықтық дауыс беру. Республикалық референдумды тағайындау, дайындау және өткізу тәртібімен байланысты пайда болатын қоғамдық қатынастар 2 қараша 1995 жылы қабылданған “Республикалық референдум туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен реттеледі.

Сайлау құқық қабылеттігіне ие болатын Қазақстан Республикасының азаматтары жоғары мемлекеттік билік органдарын қалыптастыру кезінде тікелей қатыса алады. Яғни, олар Қазақстан Республикасы Президентін, Парламент Мәжілісі депутаттарын, маслихат және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының депутаттарын сайлау құқығына ие болады.

Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлану құқығына ие болады (ҚР-сы Конституциясының 33-бабы).

Санымен қатар саяси құқықтар мен бостандықтарға Қазақстан Республикасының азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруге тең конституциялық құқығы жатады.

3. Адам мен азаматтың конституциялық міндеттері.

Тұлға тек қана құқықтар мен босатандықтарға ғана емес, сондай-ақ мемлекет алдында анықталған міндеттерге ие болады. Міндеттілік институты да дуалистік сипатқа ие болады. Индивид адам ретінде атқаратын міндеттері болады. Ол Қазақстан аумағында тұрақты және уақытша тұратын барлық адамдарға адрестелген және жалпыға бірдей сипатқа ие болады. Оған келесі міндеттер жатады:

әркім Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті (Конституцияның 34-ші бабының 1-ші тармағы);

әркім Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарын құрметтеуге міндетті (Конституцияның 34-ші бабының 2-ші тармағы);

заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы және міндеті (Конституцияның 35-ші бабы).

Қазақстан Республикасының тұлға ретіндегі азаматы келесі міндеттерге ие болады:

Отанды қорғау - Қазақстан Республикасы азаматының қасиетті парызы және борышы (Конституцияның 36-шы бабының 1-ші тармағы);

олардың заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқару міндеті;

тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлақ жасауға, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғау міндеті;

табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарау міндеті.

№4 тақырып бойынша тест сұрақтары

1. Адам мен азаматтың экономикалық құқықтарына жатады:

а) жеке меншік құқығы;

б) білім алу құқығы;

в) сайлау және сайлану құқығы;

(дұрыс жауабы - а)

2. Қазақстан Республикасында танылады:

а) тек Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары;

б) тек адам құқықтары;

в) адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтары; (дұрыс жауабы - в)

3. Адам мен азаматтың саяси құқықтарына қайсы жатады:

а) ар-ождан бостандығы;

б) өмір сүру құқығы;

в) мемлекет пен қоғам істерін басқаруға қатысу құқығы

(дұрыс жауабы - в)

4. Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке меншігінде бола алады:

а) заңды түрде алған кез келген мүлік;

б) азаматтық айналымнан алынбаған кез келген мүлік;

в) кез келген мүлік.

(дұрыс жауабы - а)

5. Сөз сөйлеу бостандығына құқығын адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының қай тобына жатқызуға болады:

а) саяси;

б) экономикалық;

в) жеке.

(дұрыс жауабы - в)

6. Жиналысқа шығу бостандығына құқығын құқықтар мен бостандықтардың қай тобына жатады:

а) саяси;

б) жеке;

в) экономикалық.

(дұрыс жауабы - а)

7. Тұлғаның конституциялық міндеті болып табылады:

а) дауыс беру міндеті;

б) табиғат байлықтарына ұқыпты қарау міндеті;

в) мемлекеттік оқу орындарында орта білім алуға міндеті.

(дұрыс жауабы - в)

8. Саяси партияларды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады:

а) Әділет министрлігі;

б) ҰҚК;

в) Үкімет.

(дұрыс жауабы - а)

9. Саяси партияларды мемлекеттік тіркеу үшін оның құрамында болу керек:

а) 3000-нан кем болмайтын азаматтар;

б) 25 000-нан кем болмайтын азаматтар;

в) 50 000-нан кем болмайтын азаматтар.

(дұрыс жауабы - в)

10. Қоғамдық бірлестіктердің құқық қабылеттіліі:

а) тіркеуге тұрған кезінен бастап;

б) бағдарламасы мен жарғысы қабылданған кезден бастап;

в) құрылтай съезі өткен кезден бастап.

(дұрыс жауабы - а)

Тақырып 6. Қазақстан Республикасындағы сайлау құқығы және сайлау жүйесі.

1. Қазақстан Республикасындағы сайлау құқығының түсінігі.

Конституциялық құқықтың институттарының бірі болып сайлау құқығы табылады. Ол мемлекеттің басшысын, жоғары және жергілікті өкілді органдарды сайлау кезінде пайда болатын қоғамдық қатынастарды реттейді. Қазақстан Республикасының сайлау құқығы түсінігіне Қазақстан Республикасы Президентін, Қазақстан Республикасының Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарын, маслихаттар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының депутаттарын сайлауға Қазақстан Республикасы азаматтарының қатысу құқығына негізделген, сайлауды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бекітетін және реттейтін конституциялық-құқықтық нормалардың жиынтығы жатады.

Сайлау құқығының негізгі қайнар көздері болып Қазақстан Республикасы Конституциясы және 28 қыркүйек 1995 жылғы “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы танылады.

Сайлауды Қазақстан Республикасының азаматтары өздерінің Конституцияның 33-ші бабында бекітілген сайлау құқығы негізінде іске асырады. Бұл нормалар азаматтардың мемлекеттің басқару істеріне тікелей және өздерінің мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қалыптастыру жолымен өкілдері арқылы қатысу құқығын қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының азаматтарының субъективтік сайлау құқығы олардың сайлауға белсенді (актив) сайлау құқығы мен бәсең сайлау құқығын (пассив) пайдалану арқылы қатысуы.

Белсенді сайлау құқығы – бұл азаматтардың мемлекеттік органдарға өздерінің өкілдерін сайлау.

Бәсең сайлау құқығы – бұл азаматтардың мемлекеттік билік органдарына сайлану құқығы.

Қазақстан Республикасының құқық субъектілігі бар азаматтары үшін белсенді сайлау құқығы, яғни сайлауға тікелей қатысу құқығы 18 жасқа толған кезден басталады. Азаматтардың сайлау құқығын олардың тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне және т.с.с. байланысты шектеуге жол берілмейді.

Бәсең сайлау құқығы сайлау заңдылығында бекітілген қосымша талаптармен шектеледі, олар - жастық ценз, тұрғылықтылық цензі, білімдік ценз, мүліктік ценз және т.б.. Қазақстан Республикасы Президентінің кандидатурасына келесі талаптар қойылады: Қазақстан Республикасының Президенті тумысынан Республика азаматы болуы, 40-тан жас болмайтын (жастық ценз), мемлекеттік тілді еркін меңгерген (тілдік ценз), Қазақстанда 15 жылдан артық тұрған (тұрғылықты ценз) болуы қажет.

Қазақстан Республикасының азаматы республика азаматтығында кемінде 10 жыл болса, жоғары білімі мен жұмыс стажы 5 жылдан кем болмаса, 30 жасқа толған, өзі сайланып отырған аумақта кемінде үш жыл тұрақты тұрса, онда ол Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат депутаты бола алады. Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутатына қойылатын жастық ценз – 25 жас, ал мәслихат депутатына – 20 жас.

Қазақстанда тікелей және жанама сайлаулар қолданылады. Жанама сайлау жолымен, яғни таңдаушылар алқасымен (сәйкестелген мәслихаттардың депутаттары) Парламент Сенатының депутаттары сайланады. Қазақстан Республикасы Парламентінің палаталары әр түрлі әдістермен құрылады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-ші бабының 2-ші тармағына сәйкес Сенат әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан, тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және республика астанасының барлық өкілді органдары депутаттарының бірлескен отырысында сайланатын депутаттардан тұрады. Сенаттың жеті депутатын Сенаттың өкілеттік мерзіміне Республика Президенті тағайындайды. Сенаттың өкілеттік мерзімі – алты жыл.

Тікелей сайлау жолымен Қазақстан Республикасының Президенті, Парламент Мәжілісінің, мәслихаттардың депутаттары және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелері сайланады.

Сайлау заңдылығының реттеу пәні болып тек қана дауыс беру тәртібі ғана емес, сонымен қатар сайлау сұрақтарын қарастыру өкілеттігіне жататын арнайы органдар мен лауазымды тұлғалардың қызметі, кандидаттардың шығындарын қаржыландыру, үгіт-насихат қызметінің тәртібі мен шектері және т.б. табылады.

2. Қазақстан Республикасы сайлау құқығының қағидалары.

Сайлау құқығының қағидалары Қазақстан Республикасының Конституциясында және сайлау туралы конституциялық заңда бекітілген.

Қазақстан Республикасының азаматтары сайлауға жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығымен жасырын дауыс беру арқылы қатыса алады. Жалпығы бірдей сайлау құқығы – 18 жасқа толған барлық азаматтардың мемлекеттік органдарды қалыптастыруға тікелей қатысу құқығы, сонымен қатар бекітілген сайлау нормаларына сәйкес сайланбалы органдарға сайлану құқығы. Психикасының бұзылғанына бйланысты сотпен әрекет қабылеті жоқ деп танылған немесе сот шешімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары сайлау және сайлану құқықтарына ие болмайды.

Тең сайлау құқығы - әр сайлаушы бір ғана дауысқа ие болады және барлық сайлаушылар сайлауға тең негізде қатыса алады. Қазақстан Республикасының азаматтарының сайлауға қатысуының тең мүмкіндіктері мемлекетпен кепілденеді және қамтамасыз етіледі. Сайлау туралы заңдылықпен, оның нормаларына сәйкес сайлау округтерін тұрғындардың санын тең бөлу арқылы құру қарастырылады, әр сайлаушы сайлаушылардың тізімінің тек біреуіне енгізіледі. Сайлау заңдылығының бұзылуына байланысты істерді тездетіп қарастыру жағдайы да қарастырылады.

Тікелей сайлау құқығы қағидасы – Қазақстан Республикасының азаматтарының Президентті сайлауға, Мәжіліс, мәслихат депутаттарын және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшесін сайлауға тікелей қатысуы.

Жасырын дауыс беру қағидасы – сайлаушының еркі сақталуы үшін жасалатын жағдайлар, яғни сайлау кезінде азаматтарға қандай да бір бақылау жасау мен қысым көрсетуге мүмкіндіктердің болмауы. Сайлау учаскелерінде жасырын дауыс беру үшін арнайы бөлмелер құрылады.

Қазақстанда ерікті сайлау жарияланады (сайлау туралы Конституциялық заңның 2-ші бабы). Сайлаушылардың сайлауға қатысуы ерікті түрде болады. Республиканың азаматы сайлауға қатыспағаны үшін ешқандай жауаптылықта болмайды. Бұл құқықтық мемлекеттің демократиялығының бір қағидасы.

Құқықтық, демократиялық мемлекетте сайлау процесінің барлық кезеңдері жариялылық және ашық негізде өткізілуі қажет. Сайлаушылар депутаттыққа кандидат туралы және сайлау барысы туралы кез келген ақпаратты алуға құқылы. Сайлау органдарының барлық шешімдері және берілген дауыстардың нәтижелері бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.

3. Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесінің түсінігі.

Қазақстанда пропорционалдық және мажоритарлық жүйелердің үйлесімдігіне негізделген аралас сайлау жүйесі қолданылады. Пропорционалдық сайлау жүйесі 1998 жылы Парламент Мәжілісіндегі он депутаттық орынды саяси партияларға берумен байланысты енгізілді. Осыған дейін Қазақстанда сайлаудың мажоритарлық жүйесінің абсолюттік көпшілігі қолданылды.

Мажоритарлық сайлау жүйесі – бұл жүйеде кандидат өзі ұсынылған сайлау округі бойынша сайлаушылардың көпшілік дауысына ие болса, онда сайланған болып есептеледі. Сонымен қатар бұл жүйе сайлаудың өткенін анықтау үшін де қолданылады. Сайлау өткен болып есептеледі, егер оған сайлаушылардың көпшілігі қатысса.

Мажоритарлық сайлау жүйесінің үш түрі қарастырылады:

абсолюттік көпшілік, онда сайлау өткен болып есептеледі, егер сайлаушылардың 50 пайызынан көпшілігі сайлауға қатысса; Кандидат сайланған болып есептеледі, егер оған сайлауға қатысқан сайлаушылардың 50 пайызынан астамы дауыс берсе;

салыстырмалы көпшілік, онда сайлау өткен болып есептеледі, егер оған сайлаушылардың көпшілігі қатысса; кандидат сайланған болып есептеледі, егер ол өзге кандидаттарға қарағанда көпшілік дауысқа ие болса;

біліктілік көпшілікте кандидат заңды негізде бекітілген көпшілік дауысқа ие болуы қажет – 2/3, 3/4 және т.с.с..

Қазақстан Республикасында Президентті, Парламент депутаттарынын, мәслихат депутаттарын сайлау кезінде мажоритарлық жүйенің абсолюттік көпшілігі қолданылады, яғни кандидат сайлауға (таңдауға) қатысқан сайлаушылардың 50 пайызынан астам дауысына ие болса, онда ол сайланған болып есептеледі. Қайта дауыс беру кезінде өзге кандидаттарға қарағанда көпшілік дауысқа ие болған кандидат сайланған болып есептеледі. Егер қайта дауыс беру кезінде тек бір ғана кандидатқа дауыс берілетін болса, онда ол осы сайлауға қатысатын сайлаушылардың 50 пайыздан астам дауысына ие болуы қажет.

Сайлауға 50 пайыздан төмен болмайтын сайлаушылар қатысса, онда сайлау өткен болып есептеледі.

Жергілікті өзін-өзі басқару орргандарының мүшелерін сайлау кезінде сайлаушылардың даусын санауға мажоритарлық жүйенің салыстырмалы көпшілігі қолданылады.

Мәжіліс депутаттарын партиялық тізім бойынша сайлау кезінде мандаттар келесі негізде бөлінеді.

1. Ең алдымен сайлау квотасын анықтап алу қажет – Орталық сайлау комиссиясы біртұтас жалпы ұлттық округ аумағы бойынша әр партиялық тізімге берілген дауыстардың санын есептейді. Ол партиялар дауыс баруге қатысқан сайлаушылардың жеті немесе одан да астам пайызына ие болуға тиіс. Жеті пайыздық барьерден өткен саяси партиялар үшін берілген сайлаушылардың барлық дауыстарының жиынтығы онға, яғни біртұтас жалпы ұлттық округ бойынша берілетін депутаттық мандат санына (орын саны) бөлінеді. Алынған нәтиже сайлау квотасы болып табылады.

2. Депутаттық мандатты тарату кезінде қатысатын әр партиялық тізім бойынша берілген дауыстар саны сайлау квотасына бөлінеді (немесе бірінші сайлау бөлігі). Әр партияға берілген дауыстар санын сайлау квотасына бөлу арқылы, партиялық тізім бойынша сәйкестелген саяси партиялардың әр қайсы неше мандатқа ие болғанын анықтауға болады. Яғни осы партияларға мандатты бөлу кезінде қалдықсыз қалған бүтін санға сәйкес мандат беріледі.

3. Егер жоғарыда көрсетілген әдістер қолданылғаннан кейін бөлінбей қалған мандаттар болса, онда осы мандаттар қайта бөлінеді. Бөлінбей қалған мандаттар партиялық тізімдерге олардың әр қайсының жинаған дауыстарын сайлау квотасына бөлу кезінде қалған қалдықтарының жоғарыдан төменге қарай орналасуына байланысты бөлініп беріледі.

4. Депутаттық орындар сәйкестелген партиялық тізімдер бойынша олардың депутаттарының белгілі бір тәртіпте орналасуын қатаң сақтау негізінде беріліді.

Саяси партиялар қайта құрылуы немесе таратылуы кезінде осы партиялық тізім бойынша депутаттық мандатқа ие болған Мәжіліс депутаты да өзінің өкілеттігін тоқтатады.

4. Қазақстан Республикасындағы сайлау органдарының жүйесі.

Қазақстан Республикасында сайлауды ұйымдастыру және өткізуді арнайы органдар - сайлау комиссиялары жүзеге асырады. Олардың өкілеттк мерзімі 5 жыл және қызметі сайлау туралы конституциялық заңның 2-ші тарауымен реттеледі.

Қазақстан Республикасындағы сайлау органдарының біртұтас жүйесін:

Республиканың Орталық сайлау комиссиясы;

аумақтық сайлау комиссиясы;

округтік сайлау комиссиясы;

учаскелік сайлау комиссиясы құрайды.

Орталық сайлау комиссиясы Республиканың орталық сайлау комиссиясының біртұтас жүйесін құрайтын және тұрақты әрекет ететін сайлау орган болып табылады.

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша Парламент Мәжілісімен сайланатын және босатылатын комиссия төрағасынан, оның орынбасарынан, хатшысынан және мүшелерінен тұрады. Оның төрағасы мен хатшысының жоғары заң білімі болуы керек.

Орталық сайлау комиссиясы келесі өкілеттіктерге ие болады:

сайлау туралы заңдылықтың орындалуын бақылауды жүзеге асырады, оның бірыңғай қолданылуын қамтамасыз етеді;

Президенттің, Мәжіліс депутаттары мен Сенат дапутаттарын сайлауды дайындауды және өткізуді ұйымдастырады;

партиялық тізім бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарының бір бөлігін сайлауға саяси партияларды қатысуға жіберу туралы мәселені қарастырады;

Мәжіліске сайлау бойынша сайлау округтерін құрады және олар туралы ақпаратты баспада жариялайды;

сайлау науқанын өткізуге кететін шығындардың сметасын жасайды және Үкіметке ұсынады;

сайлау комиссияларын басқарады;

Президенттікке кандидаттарды тіркейді;

орнынан кеткен Парламент, мәслихаттардың депутаттарының орнына депутаттарды сайлауды тағайындайды;

Келесі сайлау органдары болып облыстарда (республикалық маңызы бар қалаларда және астанада), аудандарда, қалаларда, қалалардағы аудандарда құрылатын аумақтық сайлау комиссиялары табылады. Олар саяси партиялардың ұсынысы бойынша сәйкестелген мәслихаттармен сайланады. Әр саяси партия сәйкестелген сайлау комиссиясының құрамына бір кандидатурадан ұсынуға құқылы. Олар Президент, Парламент пен мәслихаттардың депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді.

Аумақтық сайлау комиссиясы келесі өкілеттіктерге ие болады:

әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында сайлау туралы заңдылықтың орындалуын қамтамасыз етеді;

Президент, Парламент пен мәслихаттардың депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді;

Төменгі аумақтық; округтік және учаскелік сайлау комиссияларының қызметіне басшылық жасайды, олардың қабылдаған шешімдерін тоқтата тұруға немесе жоюға құқылы;

Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркейді, Сенат депутаттарының сайлауын өткізуді қамтамасыз етеді;

Маслихат депутаттарын сайлау бойынша сайлау округтерін құрады, олардың тізімдерін жариялайды, сайлаушыларға сайлау учаскелері туралы хабарлайды;

Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды, олардың орнынан кеткен мүшелерінің орнына қайта сайлауды тағайындайды әрі ұйымдастырады және т.б..

Округтік сайлау комиссияларының қызметі сайлау туралы Конституциялық заңның 15,16 баптарында рәсімделеді. Олар саяси партиялардың ұсынысы бойынша сәйкестелген мәслихаттармен сайланады және Парламент Мәжілісі депутаттары мен мәслихат депутаттарын сайлау округтерінде сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді. Олардың құрамында 7 мүше болады. Округтік сайлау комиссиялары учаскелік сайлау комиссияларына қарағанда жоғары болып табылады және сайлау учаскелерінде сайлауды өткізу мен дауыс беру бойынша олардың қызметіне толық басшылық жасайды.

Сайлау органдарының ең төменгі звеносы болып учаскелік сайлау комиссиясы табылады, олар Олар саяси партиялардың ұсынысы бойынша сәйкестелген мәслихаттармен сайланады. Олардың қызметі сайлау туралы Конституциялық заңның 17, 18 баптарымен реттеледі. Учаскелік сайлау комиссиялары Президентті, Парламент пен мәслихаттардың депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді.

Учаскелік сайлау комиссияларының құзыретіне мыналар жатады:

сайлаудың іс-шараларын өткізеді;

учаскелік сайлау комиссияларының мекен-жайларын жария етеді;

сәйкестелген сайлау учаскелерінің тізімдерін құрады;

сайлау орындарын дайындайды;

дауыс беруді ұйымдастырады;

берілген дауыс нәтижесін анықтап, дауыстарды санауды өткізеді;

арыздар мен шағымдарды қарайды.

№6 тақырып бойынша тест сұрақтары.

1. Қазақстан Республикасындағы сайлау құқығы қағидаларына қайсы жатады:

а) жалпыға бірдей, тең, тікелей және жанама сайлау құқығы;

ә) жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы;

в) жасырын дауыс беру кезіндегі жалпыға бірдей, тең, тікелей және жанама сайлау құқығы, дауыс беру еріктілігі.

(дұрыс жауабы - в)

2. Мажоритарлы жүйенің салыстырмалы көпшілігі – бұнда кандидат сайланған болып есептелетін, егер:

а) 50 пайыздан астам;

ә) 25 пайыздан астам;

в) өзге кандидаттаға қарағанда көпшілік дауыс жинаса.

(дұрыс жауабы - в)

3. Қазақстан Республикасында Парламент депутаттарын сайлау кезінде дауыс есептеуге қолданылады:

а) мажоритарлық жүйенің абсолюттік көпшілігі;

б) мажоритарлық жүйенің салыстырмалы көпшілігі және пропорционалдық жүйе;

в) мажоритарлық жүйенің абсолюттік көпшілігі мен пропорционалдық жүйенің үйлесімділігі.

(дұрыс жауабы - в)

4. Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының кезекті және кезектен тыс сайлауын тағайындау құқығы кімге жатады.

а) Президентке;

б) Парламентке;

в) Орталық сайлау комиссиясына.

(дұрыс жауабы - а)

5. Сайлау округі – бұл:

а) Парламент депутаттары мен жергілікті сайлану органдарын сайлау үшін құрылатын арнайы аумақтық бірлік;

б) сайлаушыларды тіркеу үшін құрылатын аумақтық органдар;

в) сайлаушылардың дауыс беретін орны.

(дұрыс жауабы - а)

8. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына мүшелікке кандидаттарды ұсыну құқығына ие болады: а) округтік сайлау комиссиясы;

б) азаматтардың жиылысы;

в) мәслихаттар.

(дұрыс жауабы - б)

Тақырып 9. Қазақстан Республикасында президенттік басқару нысанының қалыптасуы.

Қазақстанның президенттік басқару нысанына ауысуы Шығыс Еуропа мен КСРО-ның 1985-1990 жылдары қамтыған саяси оқиғалармен тығыз байланысты.

Мемлекттік билікті жүзеге асырудың коммунистік бағыттағы елдерде көптеген жылдар бойы әрекет еткен саяси-мемлекеттік механизмі өзекті экономикалық, әлеуметтік және саяси мәселелерді шешуде өзінің тұрақсыздығын көрсетті және қоғамның әрі қарай дамуына кедергі болып табылды. Саяси тұрақсыздықтың салдарынан қоғамның социалистік лагерінің экономикалық, этникалық, аймақтық және идеологиялық жағынан құлдырауы түбегейлі өзгерістер енгізу қажеттігіне, басқарудың марксистік жүйесін қайта ұйымдастыруға әкеліп соқты.

Жаңа басқару саясатының бастамасы болып осы елдердің билікті бөлу қағидасын тануы, өзінің функциональдық тағайындалуына байланысты заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарын қалыптастыру қажеттігін таныды. Өтпелі кезеңде экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени өзгерістердің қиындық туғызған жағдайында, құқықтық нигилизм, жаңа партиялық құрылымдардың әлсіздігі Шығыс Еуропа елдері мен бұрынғы КСРО елдерінің президенттік басқару нысанын таңдауы мемлекеттік реформаланудың қағидалық шешімі болып табылды. Тәуелсіз атқарушы билік президенттің басшылығымен саяси және экономикалық тұрақтылықты орнату негізінде танылды.

КСРО халық депутаттарының кезектен тыс үшінші съездінде “КСРО Президентінің тағын бекіту және КСРО-ның Конституциясына (Н.З.) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы” КСРО Заңы қабылданған кезден бастап 1990 жылы наурыз айында КСРО Президенті тағын енгізуі Қазақстанда да президенттік биліктің қалыптасуының бастамасы болып табылды.

24 сәуір 1990 жылы мемлекеттілікті дамыту кезеңінде “Қазақ КСР-да Президенттік тақты бекіту және Қазақ КСР-ның Конституциясына (Негізгі Заңына) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң қабылданған уақыттан бастап осы кезеңге дейін Президенттің саяси-құқықтық мәртебесінің нығайуын бірнеше этаптарға бөліп қарастыруға болады.

Бірінші кезең президенттік институтты енгізумен сипатталады. 1990 жылы сәуір айында Қазақ КСР-ның Жоғары Кеңесінің сессиясында парламенттік республика жағдайында Республиканың алғашқы Президенті сайланды және оған Жоғары Кеңестің Президиумы мен Үкімет алқасының көптеген өкілеттіктері берілді. Қазақ КСР-ның Конституциясына “Қазақ КСР-ның Президенті Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының басшысы болып табылады” деген ереже енгізілді.

Қазақ КСР-ның Президенті басшы ретінде республика азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының сақталуының кепілі болып табылды; республиканың егемендігі, қауіпсіздігі, аумақтық тұтастығы қорғау мақсатында қажетті шараларды қабылдады; мемлекет атынан халықаралық қатынастарға түсті; Қазақ КСР-ның құрметтеу атағын берді және Қазақ КСР-ның мемлекеттік наградаларымен наградтады; Қазақ КСР-ның азаматтығына қабылдау, баспана беру туралы мәселелерді шешті; Қазақ КСР-ның соттарымен бас бостандығынан айрылған азаматтарға кешірім жасауды жүзеге асырды.

Қазақ КСР-ның Президенті мәртебесіне президенттік билікті ұйымдастырудың әлемдік тәжірибесі қамтылды. Ол заңға қол қоймауға және екі апталық мерзім ішінде өзінің ұсыныстарымен бірге Жоғары Кеңеске қайта талқылауға және дауыс беруге мүмкіндік беретін “кейінге қалдыру ветосына” ие болды. Сонымен қатар көптеген елдердің конституцияларында орын алған Президентті импичмент сотына тарту туралы, яғни Парламенттің Президентті қызметінен шеттетуге мүмкіндік тудыратын норма бектілді. Президент Қазақ КСР-ның Конституциясын бұзған жағдайда Жоғары Кеңес Қазақ КСР-ның Президентіне сенімсіздік танытып, оның орнын ауыстыру туралы мәселені референдумға шығара алатын болды, 24 сәуір 1990 жылы қабылданған Заңға сәйкес Президент жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығымен жасырын дауыс беру негізінде бес жыл мерзімге сайланды (атап өткендей алғашқы Президент Жоғары Кеңеспен сайланған), ол бұл мерзімге екі мәртеден артық сайлана алмайды. Сонымен қатар жастық шектеулер енгізілді: Президент болып жасы отыздан төмен болмайтын және алпыстан жоғары болмайтын азамат сайлана алады.

Сондай-ақ Президент тағын енгізу президенттік сипаттағы өкілеттіктер мен Парламент спикері құқығының үйлесімділігі байқалатын, яғни онда Жоғары Кеңестің Төрағасының заң шығарушы органның жұмысының ұйымдастырушылық мәселелеріне көңіл бөлетін Жоғары Кеңестің Төрағасының екіжақтылық әрекетін тоқтатуға мүмкіндік берді.

20 қараша 1990 жылы “Мемлекеттік құрылымды нығайту және Қазақ КСР-ның Конституциясына (Негізгі Заңына) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңның қабылдануы Қазақстанда президенттік биліктің дамуының екінші кезеңінің бастамасы болды. Бұл кезең атқарушы биліктің әрі қарай “монократиялық” нысан бойынша (Президент мемлекет басшысы, сонымен қатар атқарушы билік басшысы болып табылады): халықтың қолынан жалпыға бірдей сайлау негізінде тікелей өкілеттіктерге ие болған Президенттің мәртебесін бекітумен және атқарушы биліктің вертикалды жүйесін қалпына келтірумен сипаттайды.

24 қараша 1990 жылғы Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізген Заңға сәйкес атқарушы биліктің “президенттік” және “үкіметтік” тармақтары біріктірілді. Президент тек қана мемлекет басшысы ғана емес, сонымен қатар атқарушы және өкімдік биліктің басшысы болды. Министрлер Кабинеті Қазақ КСР-ның Үкіметі мәртебесінен айрылды және Президентпен қалыптаса бастады. Барлық атқарушы аппаратқа басшылық жасауды жүзеге асыруда Президенттің өкілеттігі кеңейді. Президент Жоғары Кеңестің бекітуне ұсыну арқылы Министрлер Кабинетінің Премьер-Министрін тағайындау құқығына; Қазақ КСР-ның Министрлер Кабинетінің, мемлекеттік комитеттердің және ведомстволардың актілерін, олар заңдарға сәйкес болмаса күшін жою құқығына; министрліктерді, мемлекеттік комитеттерді және өзге де мемлекеттік басқару органдарын құру немесе жою құқығына ие болды. Министрлер Кабинеті тек Жоғары Кеңестің алдында ғана емес, сонымен қатар Президенттің алдында есеп беретін болды.

1 желтоқсан 1991 жылы Қазақ КСР-ның 16 қазан 1991 жылы қабылданған “Қазақ КСР-да Президентті сайлау” туралы Заңының негізінде өткізілген Республика Президентін тікелей бүкілхалықтық сайлау Президенттің мәртебесін нығайта түсті (онда Республиканың алғашқы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да рөлі жоғары болды). Президентті жалпыға бірдей, тең дауыс беру арқылы сайлау оған реформаларды жүргізу кезінде халықтың атынан түсуге және оны заң шығарушы органдардан тәуелсіздікте ұстауға мүмкіндік берді.

16 желтоқсан 1991 жылғы “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заңда Президенттің мемлекет басшысы және Қазақстан Республикасының атқарушы билігінің басшысы ретінде мәртебесі қайта бекітілді.

13 қаңтар 1992 жылғы “Жергілікті өзін-өзі басқару және Қазақстан КСР-ның жергілікті халық депутаттарының Кеңесі туралы” Қазақ КСР-ның Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңымен атқарушы биліктің құрылуында вертикальды қатынас қайта қалпына келтірілді: Президентке есеп беретін жергілікті әкімшіліктердің басшыларының тағы енгізілді. Жергілікті Кеңестердің атқарушы комитеттері таратылды.

17 қаңтар 1992 жылы “Қазақстан Республикасында экономикалық реформа жағдайында мемлекеттік басқару органдарын ұйымдастыру мен қызметін жетілдіру туралы” Президенттің Жарлығы шықты, онда Президенттің басшылығындағы атқарушы-реттеуші органдардың біртұтас жүйесі, органдар мен лауазымды тұлғалардың өкілеттіктернің шектеулері көрсетілген.

Сонымен екінші кезеңнің айрықша сипаты Президентпен басқарылатын біртұтас атқарушы биліктің қалыптасуы, яғни Президент аппараты мен Министрлер Кабинетінің аппараты бірікті.

28 қаңтар 1993 жылы ҚР-ның Конституциясын қабылдау екінші кезеңнің аяқталуы мен билікті бөлу қағидасына негізделген Қазақстанда президенттік республиканы қалыптастыру жолымен мемлекеттік құрылыстың үшінші кезеңінің басталуына әкелді. 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясының конституциялық құрылысы негіздерінің алтыншы тармағында: “Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік билік оны заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлу қағидасына негізделеді” деп жариялады. Осыған сәйкес мемлекеттік органдар өздерінің өкілеттігі шегінде жеке және өзара “теп-теңдік және тежемелік” жүйесін пайдалана отырып әрекет жасайды.

Жоғары Кеңес Қазақстан Республикасының заң шығарушы және жоғары органы болып табылды.

Қазақстан Республикасындағы сот билігі Конституциялық Сотқа, Жоғары Сотқа, Жоғары Арбитраждық Сотқа және төменгі соттарға тиісті болды.

Конституцияның 75-ші бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті мемлекет басшысы болып табылды және атқарушы биліктің біртұтас жүйесін басқарды. Министрлер Кабинетінің қызметіне тікелей басшылықты Премьер-Министр жүзеге асырды (77-ші бабы). Министрлер Кабинеті Үкімет болып табылды және Қазақстан Республикасы Президентінің алдында жауапты болды, әрі жаңадан сайланған Президенттің алдында өзінің өкілеттіктерін тоқтатты. Министрлер Кабинетінің мүшелері Жоғары Кеңестің алдында Қазақстан Республикасының заңдарын орындамағаны үшін және Президент алдында өзінің тікелей қызметін жүзеге асырмағаны үшін жеке жауаптылықта болды. Сонымен, Министрлер Кабинеті Жоғары Кеңестің бақылауындағы және Президентке есеп беретін орган болып табылды. Президентпен атқарушы биліктің (ІІМ, СІМ, ҰҚК, ҚМ, БМ) жоғары лауазымды тұлғаларын тағайындауда Парламенттің келісімі талап етілді, яғни бұл аталған өкілеттіктің қос сипатын білдіреді.

Конституцияның 3-ші бабының тармақтарына сәйкес Президентке жаңадан сайланған Жоғары Кеңес өзінің бірінші сессиясының жұмысын бастағанға дейінгі мерзімде (Премьер-Министрді, оның орынбасарларын, Ішкі істер , қорғаныс, сыртқы істер Министрлерін, Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің Төрағасын және дипломатиялық өкілдіктердің басшыларын лауазымына тағайындайды), 78-ші бабына сәйкес референдумды өткізу туралы шешім қабылдайды (7-ші тармақ) және шектен тыс жағдайды енгізеді (16-шы тармақ)) қарастырылған өкілеттіктерді жүзеге асыру құқығы берілген.

Жоғары Кеңестің ХІІ-ші шақырылымының ақырғы сессиясында сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Кодекс қабылданды, оған сәйкес Президент Жоғары Шақырылымның депутаттығына мемлекеттік тізім бойынша кандидаттарды ұсыну құқығына ие болды.

1994 жылдың қаңтар-ақпан айларында елдің жоғары өкілдік органына депутаттыққа кандидаттардың сайлау алдындағы науқаны орын алды, ал 7 наурызда Жоғары Кеңес пен жергілікті өкілді органдарға сайлау өтті. Осы кезден бастап президенттік институтының бесінші кезеңі басталды.

Заң шығарушы биліктің жаңа органы республика өміріндегі маңызды мәселелерді шешуге белсенді кірісті. 27 мамырда Жоғары Кеңестің өтініші қаралды. Онда Үкімет реформаның ұлттық бағдарламасын әзірлей алмағандықтан билік тармақтарының өзара қарым-қатынасқа түсуі және заң шығарушылық саясаттың мақсатты және логикалық жүргізілуі мүмкін еместігі көрсетілді.

Президент ол уақытта атқарушы билік тармағына басшылық жасағандықтан олардың жүргізіп отырған реформасын толығымен күдікпен қарады.

Мемлекет басшысы 9 маусым 1994 жылы Жоғары Кеңес отырысында сөз сөйлеп, қарсы қадам жасады, онда ол республикада президенттік билікті сақтау, Президенттің Үкімет үстінен бақылау қажеттігі туралы баса айтты.

Осы кезеңде Президент Үкіметпен, мемлекеттік басқару органдарымен, сот және заң шығарушы билік тармақтарымен нәтижелі өзара қарым-қатынастың өзге де жолдарын қарастырды. Атқарушы билік басшысы ретінде конституциялық модельдің шегінде қала отырып, ол қандай да бір жағдайда одан алшақтану шараларын қолдана бастады. Экономикалық реформаның алғашқы кезеңінде Президент Үкіметпен бір құрылымда жұмыс жасады және ол жас тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуына жағдай тудырды. Бірақ Президентті экономиканы тікелей басқаруға итермелеуі оның Үкіметтің қызметін объективті бағалауына кедергі келтірді. Алшақтанудың мақсаттары: біріншіден, Президенттің барлық мемлекеттік органдардың алдына оның конституциялық жауаптылығының алдыда тұратындығын, олардың нәтижелі функцияландырылуын Конституция шегінде қамтамасыз етуді бекіту; екіншіден, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың қағидалық мәселелерін Үкіметтің күнделікті қызметінен тыс шешу; үшіншіден, Министрлер Кабинетінің атқарушы билік тармағының аясына кіретін жағдайларда үкіметтік міндеттерді шешудегі өзіндік рөлін көтеру. Осы мақсатта мемлекет басшысының 12 қыркүйек 1994 жылы “Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасы туралы” Жарылығы шықты, осыған сәйкес Министрлер Кабинетіне экономиканы басқаруды қамтамасыз ету реформасын нығайту жөнінде Үкіметтің әрекетінің бағдарламасын іске асыру кезеңінде оған қабылданатын шешімдердің сапасы мен нәтижелігі үшін толық жауаптылықты арта отырып, әрекет ету бостандығын берді. Премьер-Министр мен атқарушы және сот билігінің өзге де жоғары лауазымды тұлғаларына олармен басқарылатан органдарының қызметі туралы жүйелі түрде хабардар етіп отыру міндеттілігі артылды. Сонымен қатар мемлекет басшысымен Министрлер Кабинетінің, Жоғары және Жоғары Арбитраждық Соттардың Президенттің Конституция мен заңдарда анықталған құзыретіне жататын мәселелер бойынша заңшығарушылық бастамасының келісімділігі тәртібі бекітілді.

Халықтан тікелей мандатқа ие бола отырып және оның атынан сөйлейтін өкілі болғандықтан ол Конституцияның мызғымастығының және адам мен азаматтың кепілі болып табылады. Осыған негізделіп Президент осы мақсатқа жетуде өкілеттіктерге ие болады.

Президент барлық билік тармақтарына әсер ету мүмкіндігіне ие болады, сондықтан олардың келісіп жұмыс істеуі мен билік органдарының халық алдындағы жауаптылығын қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысы заң шығарушы билікті атқарушы билікпен байланыстыратын, үкіметтің белсенділігін арттыратын, қоғамдық тәртіпті, азамат пен мемлекеттің қауіпсіздігін нығайтатын, тек қоғамның саяси жүйесі мен билікті бөлу жүйесін ғана емес, қоғамның өзін де интеграциялайтын және үйлестіретін күш.

Тақырып 9. Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық-құқықтық мәртебесі.

Президенттік институты Қазақстан Республикасының конституциялық құқығында маңызды орынға ие болады. Қазақстан Республикасы Конституциясында анықталған мемлекеттік билік органдарының жүйесі президенттік институтынан басталады, себебі қолданыстағы заңдылық қазақстандық мемлекттілік даму президенттік республика бағытында екенін нақты бекітті.

Қазақстан Республикасындағы президенттік басқару нысанының өзіндік ерекшеліктері бар. Ресейлік және қазақстандық құқықтанушылар Қазақстан “жартылай президенттік” басқару нысаны бойынша дамуда деп санайды. Себебі, конституциялық-құқықтық ғылымда таза президенттік басқару нысаны түсінігіне президент мемлекет басшысы болып қана қоймай, сонымен қатар біртұтас атқарушы-өкімдік билікті басқаратын нысан ретінде танылуы жатады. Президенттік республиканың классикалық үлгісі болы АҚШ-тары табылады. Бұндай асқару нысаны 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясында қарастырылған.

“Жартылай президенттік” республикада президент тек қана мемлекет басшысы болып табылады. Басшысы Премьер-Министр болып саналатын Үкімет Парламент алдында жауапты. Бұндай модель Ү-ші Француз Республикасының Конституциясында қарастырылғанмен, іс жүзінде Парламентте Франция Президентін қолдаушылардың көпшілігімен үкімет өз қалаулары бойынша құрылады.

Қазақстанның президенттік басқару нысаны бойынша дамуының келесі негіздері бар. Біріншіден, Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-ші бабының 1-ші тармағында Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет болып табылатындығы бекітілген. Екіншіден, Қазақстан Республикасы Президенті Үкіметке қатысты көптеген өкілеттіктерге ие болады және Үкімет оның алдында жауапты.

Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәртебесінің негіздері Қазақстан Республикасы Конституциясының ІІІ-ші бөлімімен және 26 желтоқсан 1995 жылы қабылданған “Қазақстан Республикасының Президенті туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен реттеледі.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 40-шы бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті мемлекет басшысы және оның ең жоғары лауазымды тұлғасы болып табылады. Мемлекет басшысы ретінде ол мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын анықтайды және ел ішінде әрі халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік етеді. Президент халық бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып табылады.

Республика Президенті билікті бөлудің мемлекеттік механизмінде ерекше орынға ие болады. Ол заң шығарушы, атқарушы ж2не сот билігі тармақтарының ешқайсына жатпайды, тек “арбитр” негізінде мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының келісіп жұмыс істеуін және мемлекеттік органдардың барлығының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасы Президентін сайлау. Президентті сайлау 28 қыркүйек 1995 жылғы “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңымен кесімделеді. Ол жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде ҚР-ның кәмелетке толған азаматтарымен жасырын дауыс беру арқылы 5 жыл мерзімге сайланады. Бір тұлға екі мәртеден артық Президенттікке сайлана алмайды.

Қазақстан Республикасы Президенті кандидатураға келесі талаптар қойылады: тумысынан республика азаматы, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген және Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұрған Республика азаматы сайлана алады. Осы кандидаттың Президенттікке сәйкестілігі Орталық сайлау комиссиясымен кандидаттың өтініш берген күнінен бастап бес күн ішінде анықталады.

Республика Президентінің кезекті сайлауы жеті жылда бір рет желтоқсанның бірінші жетісінде өткізіледі және ол мерзімі жағынан Республика Парламентінің жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиіс. Президенттің кезекті сайлануы Қазақстан Парламентінің Мәжілісімен тамыздың бірінші жексенбісінен кем болмайтын мерзімде жарияланады.

Президенттікке кандидаттарды ұсыну республикалық қоғамдық бірлестіктерге, сонымен қатар азаматтарға - өзін-өзі ұсуну жолымен құқық беріледі. Президенттікке кандидаттарды ұсыну сайлауға дейін үш ай қалғанда басталып, екі ай қалғанда аяқталады. Президенттікке кандидаттыққа өзін-өзі ұсыну Орталық сайлау комиссиясына өтініш жазумен жүзеге асырылады.

Президенттікке кандидат өзін қолдайтын сайлаушылардың Республиканың облыстарының, республикалық маңызы бар қалаларының және астанасының кем дегенде үштен екісінің атынан теңдей өкілдік ететін сайлаушылардың жалпы санының кем дегенде бірден кем болмайтын пайыздық қолын жинауы тиіс. Сонымен қатар Президенттікке кандидат Орталық сайлау комиссиясының есеп шотына заңмен белгіленген ең төменгі жалақысының жүз есе мөлшеріндегі ақшалай жарна төлеуге міндетті.

Қазақстан Республикасы Президентін сайлау кезінде дауыс санау үшін мажоритарлық жүйе (абсолютті көпшілік) қолданылады. Кандидат Президент ретінде сайланған болып есептеледі, егер:

дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу пайызынан астам дауысына ие болса;

қайта дауыс беру кезінде басқа кандидатқа қарағанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың дауыс санының көпшілігіне ие болса.

Қазақстан Республикасының сайланған Президенті міндетті түрде Орталық сайлау комиссиясымен тіркеледі.

Президентті сайлаудың дұрыс өткізілгендігі туралы мәселе Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінде Республика Президентінің, Сенат Төрағасы, Мәжіліс Төрағасы немесе Парламент депутаттарының жалпы санының бестен бір бөлігінің, Премьер-Министрдің жүгінуі бойынша қарастырылады. Бұндай жағдайда жаңадан сайланған Президенттің лауазымына кіру процедурасы тоқтатыла тұрады.

Республика Президентінің қызметке кірісуінің салтанатты жағдайы (инаугурация) қаңтардың екінші сәрсенбісінде өткізіледі. Егер Президент кезектен тыс сайлауда сайланса, онда Республика Президентінің өкілеттіктерін қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде ант береді.

Конституциялық заң Президенттің қызметінің кейбір шектеулерін қарастырады. Президенттің өкілді органның депутаты болуға, өзге де ақы төленетін қызметтерді атқаруға және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға хақы жоқ.

Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктері жаңа сайланған Президенттің лауазымына кіру кезінен тоқтатылады, сонымен қатар Президентті лауазымынан мерзімінен бұрын босату немесе кетіру не оның қайтыс болуымен байланысты тоқтатылады.

Қазақстан Республикасы Президентінің қызметінен мерзімінен бұрын босатылған немесе кетірілген, сондай-ақ ол қайтыс болған жағдайда Республика Президентінің өкілеттігі қалған мерзімге Сенат Төрағасына ауысады; Сенат Төрағасының өзіне Президент өкілеттігі қабылдауы мүмкін болмаған жағдайда ол Парламент Мәжілісінің Төрағасына ауысады; Мәжіліс Төрағасының өзіне Президент өкілеттігін қабылдауы мүмкін болмаған жағдайда ол республиканың Премьер-Министріне ауысады. Өзіне жоғарыды аталған негіздер бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлғаның Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы бастама жасауға құқығы жоқ.

№9 тақырып бойынша тест сұрақтары.

1. Қазақстан Республикасында қарулы күштердің Жоғары Бас Қолбасшысы болып табылады:

а) Қазақстан Республикасы Президенті;

б) Премьер-Министр;

в) Қорғаныс министрі.

(дұрыс жауабы - а)

2. Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттік мерзімі:

а) 5 жыл;

б) 4 жыл;

в) 7 жыл.

(дұрыс жауабы - а)

3. ҚР-ның Президенттігіне қойылатын жастық ценз қандай:

а) 35 жастан жас болмауы керек;

б) 40 жастан жас болмауы керек;

в) 35 жастан асқан болуы керек.

(дұрыс жауабы - б)

4. ҚР-сы Президенттігіне кандидат Қазақстан Республикасы аумағында соңғы неше жыл тұруы қажет:

а) 15 жыл;

б) 10 жыл;

в) 20 жыл.

(дұрыс жауабы - а)

5. ҚР Президенті қандай лауазымға сайлау үшін Парламент Сенатының отырысының бірінші сессиясында кандидатты ұсынады:

а) Бас Прокурорды;

б) Сенат Парламентінің Төрағасы;

в) ҰҚК-нің Төрағасын.

(дұрыс жауабы - б)

6. Президенттің конституциялық заңға сәйкес Үкіметтің орнынан кетуі туралы немесе оны қабылдамау туралы мәселелері қаралады:

а) 3 күндік мерзімде;

б) 10 күндік мерзімде;

в) бір ай мерзімде.

(дұрыс жауабы - б)

7. “Қазақстан Республикасы Президенті туралы” ҚР-ның Конституциялық Заңы қашан қабылданды:

а) 10 желтоқсан 1991 жылы;

б) 20 қараша 1995 жылы;

в) 26 желтоқсан 1995 жылы.

(дұрыс жауабы - в)

8. Қазақстанда Президент тағы алғаш рет қашан енгізілді:

а) 24 сәуір 1990 жылы;

б) 1 желтоқсан 1991 жылы;

в) 30 тамыз 1995 жылы.

(дұрыс жауабы - а)