Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

Мхамеджан Тазабеков ДІН ИСЛАМ – ДІГЕГІМ

.docx
Скачиваний:
30
Добавлен:
24.03.2015
Размер:
40.76 Кб
Скачать

Мұхамеджан Тазабеков: ДІН ИСЛАМ – ДІҢГЕГІМ

  • Сара жол сап берген соң Сақ бабамыз,

  • Байыппен болашаққа аттанамыз

  • Пайғамбардың үмбеті болғаннан соң,

  • Пайымдаулар парағын ақтарамыз.

  • Қазақты жою үшін не істемеген,

  • Оны ойласақ жылауға шақ қалармыз.

  • Горбачевқа дейінгі тарихыңда,

  • Тар жол, тайғақ қалды ма баспаған біз,

  • Ату, асу, айдалу, ашаршылық-

  • Құдай сақтап біз аман қап қалғанбыз.

  • Ақиқаттың атасы арам өліп,

  • Мәскеудің айтқанынан аспағанбыз.

  • Лениннің беті ашық жатқанымен,

  • Шындықты көрге көміп тастағанбыз.

  • Тарихта қай тұнбадан былғанбадық,

  • Мысалды отырғам жоқ тыңнан алып.

  • Орысша оқымаса өспейді деп,

  • Баланың тәрбиесін бұрмаладық.

  • Ресейлік «Алланың» әнін сүйіп,

  • Ал, Алланың Құранын тыңдамадық.

  • Еуропаға ес-түссіз еліктеумен,

  • Ақиқаттың ақ жүзін тырналадық.

  • «Құдай жоқ» деп құтырған пенделердің,

  • Қолын алып, төсіне гүл қададық.

  • Хақ дінді қайтып Алла бермегенде,

  • Судай боп сіңер едік құмға барып.

  • Дін-Ислам болсын бізге неге бөтен,

  • Тектілердің тарихы терең екен.

  • Кешегі Күлтегін мен Тоныкөктер,

  • Жаратқанға сыйынып келген екен.

  • Өлу үшін туғанбыз бәріміз де,

  • Тағдырды Тәңір жасар деген екен.

  • «Ата даңқын көтерген Тәңірім» деп,

  • Болыпты сеніміне өте бекем.

  • Сом алтындай сол арыс бабалардың,

  • Ұрпағы ұсақталып кетер ме екен?

  • Алшақтап ақиқаттың ақ жолынан,

  • Жасқаншақ боп жүргені неден екен?

  • Туыңды түсірмесін Тәңір қолдан,

  • Тарихқа көз салайық сағымданған.

  • Қараханид дәуірінде хақ Ислам,

  • Мемлекеттік дін болып қабылданған.

  • Сол иманды кезеңде кең даламыз,

  • Күркіреп тұрды емес пе дарындардан.

  • Фараби, Баласағұн, Қашқарилар,

  • Құраннан қуат алып тамырланған.

  • Ибн Сина, Бируни, Бұхарилер -

  • Шариғаттан нәр алып ғалым болған.

  • Ғылымының негізін діннен тауып,

  • Сақтаныпты сан тарау ағымдардан.

  • Бейбарыс бекер намаз оқымапты,

  • Көне Мысыр елінде әмір болған.

  • Самарқанды салдырған Жалаңтөс те,

  • Намаз үсті қаза боп дамылданған.

  • Бабалардың барлығы да шариғатпен,

  • Жұртты бастап жолынан жаңылмаған.

  • Солардың ұрпағы ек – деп мақтанамыз,

  • Парыз бен сүннетің жоқ орындалған.

  • Біздің азаттығымыз сол ерлердің,

  • Тілегі шығар бәлкім қабыл болған.

  • Кешегі Махамбеттер белес еді,

  • Ақиқаттың мұз жарған кемесі еді.

  • Алланың Өзі, сөзі рас деген,

  • Абай да үлкен сенім егесі еді.

  • Дін Исламды діңгегім деп білмесе,

  • Қара сөз жазып қайғы жемес еді.

  • Алтынсарин сыйынып бір Аллаға,

  • Кел балалар оқылық демес еді.

  • Ал Шәкәрім құрбан боп Құдай үшін,

  • Кітап боп қалған артта берешегі.

  • Исламға таң қалған Толстой мен,

  • Талай мәрте хат жазып кеңеседі.

  • Жамбыл да Кремльде намаз оқып,

  • Ысқырған Сталинмен егеседі.

  • Жұмысын «инша Алласыз» бастамаған,

  • Әлкей Марғұлан ғалымның төресі еді.

  • Жұма намаз оқыған Қонаев та,

  • Дін дегенде езілген емешегі.

  • Дін – ғылымның атасы деп жырлаған,

  • Мұқағали ақылсыз емес еді.

  • Солардың да барлығын толғандырған,

  • Соңындағы ұрпақтың келешегі.

  • Тарихтан алар болсақ тағылымды,

  • Қашан да Құдай деген ел өседі.

  • Ата діннен ақиқат тапсақ қана,

  • Терезе өзге жұртпен теңеседі.

  • Алланың хақ жолымен жүрсе ғана,

  • Халықтың айдарынан жел еседі.

  • Желісін ғасырларда жел үзбеген,

  • Тарих пен тағылымды егіз көрем.

  • Кешегі Кенесары тұлпарына,

  • Доңыздың басқан шөбін жегізбеген.

  • Тектілік үлгісіндей Зере әжеміз,

  • Құнанбайды дәретсіз емізбеген.

  • Атаның бойындағы тазалықтан,

  • Абай туды тектілік негізбенен.

  • Азғындап жүрген жандар аз ба бүгін,

  • Торқа киіп, мінсе де семіз дөнен.

  • Былғанған бұлақтар кеп құйғанменен,

  • Кінә артпаймын халықтай теңізге мен.

  • Осынау аурудан айықса деп,

  • Пайғамбардың баршасы ем іздеген.

  • Адамның таза болса ой дәптері,

  • Ақылға ақиқат дін қонбақ тегі.

  • Елбасымыз Айт күні намазға кеп,

  • Тұрғанда ел көңілі толмап па еді.

  • Кешегі Қонаев та Жұманы оқып,

  • Шариғатты білген ғой бойлап тегі.

  • Тек Құдайдан қорыққан текті атамыз,

  • Мәскеудің сан қаулысын жоймап па еді.

  • Дүние жиып, нәпсіге ермеген соң,

  • Қырық жыл елге басшы болмап па еді.

  • Өліктерді өртейтін Алматыда,

  • Крематорий салдырмай қоймап па еді.

  • Сол Алматы бұл күнде тәнін сатқан,

  • Тірі өлікке толар деп ойлап па еді?

  • Қазағым кейде рас Құлагерсің,

  • Құлагер қашанғы енді құлап өлсін.

  • Жарнамаға алданған жастарымыз,

  • Көңіліне қайдан иман-шуақ енсін.

  • Патшаға шындықты айтар ақсақал жоқ,

  • Оған да халқым өзің куәгерсің.

  • Шал басымен қыз іздеп, шарап ішсе,

  • Аузында қайдан оның дуа болсын?

  • Өзгелер көп жүргізер үстемді елге,

  • Аллаға ғибадат аз істелгенде.

  • Бұл қазаққа Ислам, имам керек,

  • Кісі өлгенде немесе түс көргенде.

  • Неге ілім, білімге талпынбайды,

  • Бәрін біліп туғандай іштен пенде.

  • Ертең бірақ өкініп қаламыз-ау,

  • Қарттық келіп қасыңа түстенгенде,

  • Ажардан – нұр, базардан – құның кетіп,

  • Ажалдан адуынды күш келгенде.

  • Ештеңе тіліп айтпас тіл секілді,

  • Жырлайық, туған елім, бір шетіңді,

  • Отан сүю ол дағы иманнан деп,

  • Айтқаны бабалардың шын секілді.

  • Соқыр ішектей шошайып жүргендер көп,

  • Сәлем берсең шалқаяр пір секілді.

  • Халықтың көңілі кейде мұң шертіп тұр,

  • Қобызға қолдан таққан қыл секілді.

  • Ұлттық рухын жоғалтқан ұлдарың көп,

  • Қылышына тар келген қын секілді.

  • Тамырын тарата алмас қыздарың бар

  • Шелекке отырғызған гүл секілді.

  • «Құдайсыз» ұрпақты да өсірдік-ау,

  • Құмырадан шығарған жын секілді.

  • Ұлтымыз тусын десең асылды өткір,

  • Жұртыңның көзіндегі жасын кептір.

  • Тентегін ақсақалы тия-тұғын,

  • Ілгері заман өтті-ау жасын боп бір.

  • Бұл күндері мешітке кіргендерден,

  • Түрмеге баратындар басым боп тұр.

  • Ой өрісі шектелген жарнамамен,

  • Ойсыздар мақсатыңа масыл боп тұр.

  • Бұл өзі азаттықты алып келіп,

  • Қазақтықты жоғалтқан ғасыр боп тұр.

  • Жүрміз-ау жүзді білмей, бірді біліп,

  • Қазақтан шығып жатыр түрлі қылық.

  • Дискотека жастардың мешітіндей,

  • Бимен зікір салады шын бүгіліп.

  • Поп жұлдыздар артық тұр азаншыдан,

  • Әніне тәу етеді құлдық ұрып.

  • Хажыға баратындай қуанады,

  • Жарығын жаққан кезде түнгі клуб.

  • Сыра тасып сыйлайды бірін-бірі,

  • Дәрет алған адамдай зыр жүгіріп.

  • Қаймағы бұзылмаған қайран жастар,

  • Қайда кетіп барады мың құбылып?

  • Қыздарға дейді қырық үйден тыйым,

  • Бұл күнде ол болуы мүлде қиын.

  • Әке мен шешеден де әсерлірек,

  • Тәрбиелеп жатқанда видео-фильм.

  • Батыстан келген дертті білгендейсің,

  • Білген соң, оған көңіл шын бөлгейсің.

  • Жалаңаштық жан-жақты жаулап алды,

  • Кең көйлек киген қызды бір көрмейсің.

  • Алматыны аралап жүре қалсаң,

  • Көшеде емес, пляжда жүргендейсің.

  • Шеттерінен жастарды шешіндірген,

  • Шетелдің модасына кіргендейсің.

  • Әбүйірін жаппаса әлгі жастар,

  • Ертең елім ұялып, шын терлейсің.

  • Еркелердің етегін ұзартпасаң,

  • Ертең елім түзетіп үлгермейсің.

  • Қоғамда құбылыс көп бой ықтырар,

  • Саналылар сабақ ап ой ұқтырар.

  • Қыздардың да жайынан сөз қозғадық,

  • Құшағын нәпсісіне жайып тұрар.

  • Құндақтан құрсақ қамын ойласа екен,

  • Бас мүжіп, бата берген байыптылар.

  • Алашым қалай ғана азып-тозбас,

  • Болашағым боп тұрса кәйіп құмар.

  • Әдемі қыз әдебі болмаса егер,

  • Әсіре қызыл жігітке лайық тұрар.

  • Алдын егер алмасақ бұл аурудың,

  • Ертең емі табылмас айықтырар.

  • Ұятсыз қыз иодсыз тұз секілді,

  • Ұлтыңның ұлылығын жойып тынар.

  • Келсе де кісілікке кезек мейлі,

  • Үлкендер үлгіліні сөз етпейді.

  • Қария жасындағы қасқабастар,

  • Жастардың қамын ойлап мәз етпейді.

  • Демограф ғалымдар зинақорды,

  • Заңдастыру қажет деп өжектейді.

  • Желіккен жезөкшеге жәрдем беріп,

  • Қызойнақ үйін ашу қажет дейді.

  • Атасақал аузына біткен кезде,

  • Күнәһарды қолпаштап безектейді.

  • Телі менен тентекті тыймақ түгіл,

  • Тексізден түсер пұлды есептейді.

  • Европаға есі кетіп еліктердей,

  • Шалағай шалдарға осы не жетпейді?

  • Қылышқа алтын сапты қын қылардай,

  • Таппассыз қызды балдай, ұлды нардай.

  • Төсегінде адалдық сақталмаса,

  • Текті ұрпақты туғызар кім қырандай?

  • Кырық үйден тыйымың болмаған соң,

  • Қыздарға отырмыз ғой дым қыла алмай.

  • Қодар менен Қамқаны құрбан қылған,

  • Ұлылардан қап кеткен үлгің қандай?

  • Жезөкшенің желкесін қиятұғын,

  • Жетпей тұр біздерге де бір Құнанбай.

  • Кешегі Құнанбайлар бұрқасындай,

  • Салмақты болған екен кір тасындай.

  • Арсызға қатаң, қатты болғанменен,

  • Халқына болған құстың ұлпасындай.

  • Қазыналы қарттарым бар ма қазір,

  • Қасиеті сақталған құлпы ашылмай?

  • Ақсақалдық өнегесі болса егер де,

  • Қалмас еді қыз қысылмай, ұлл тосылмай.

  • Ермегі елге бөліп, жерге бөліп,

  • Жүзшілдігін және де жүр жасырмай.

  • Сауап емес, іздегені сауна болып,

  • Алла емес, арақ-шарап шын досындай.

  • Балық өстіп басынан шіріп жатса,

  • Қала ма ұлт басылмай, жұрт жасымай?

  • Үлкенге үлгі, кішіге демеу болар,

  • Бүгінгі кей қарияның сиқы осындай.

  • Келсе де бұл қазаққа сырттан қайғы,

  • Сығылса да желкеден жүкті алмайды.

  • Алдын алып көрмеппіз аурудың,

  • Дертің де дер кезінде құнтталмайды.

  • Есіріп, есі кеткен жас буындар,

  • Ертең ұлық болғанда ұлтты алдайды.

  • Жастарында тәрбие-тәлім болмай,

  • Жұлдызы жанып тұрған жұрт болмайды.

  • Ағаштың да діңгегін ақтап тұрса,

  • Өріктің өзегінде құрт болмайды.

  • Азуын Америка білегелі,

  • Несіне біздің қазақ шіренеді.

  • Санаңды оқ шығармай жаулау үшін,

  • Киносы мен виносын жібереді.

  • Сәби жұрттың сәулесін өшірем деп,

  • Голивудтың бұлттары түнереді.

  • Ұрпақты уландырып жатқандығын,

  • Ұлтжанды ерлер болса білер еді.

  • Егемендік ап тұрып елің азса,

  • Алдың жар, артың құзға тіреледі.

  • Ал, сонда құрбан болған бабалардың,

  • Құдайдан осы ма еді тілегені?

  • Бұл күні қай жағдаймен мақтанайық,

  • Тегіңді тоздырудан сақтанайық.

  • Түбім – түрік, ал дінім – хақ Ислам,

  • Ахиретке мүмін боп аттанайық.

  • Харам менен халалды ажыратпай,

  • Қай тірлікпен біз бүгін шаттанайық.

  • Бұрынғының ұраны – «Аллаћу акбар!»,

  • Бүгінгінің ұраны – «Ап қояйық!».

  • Біз қазақ бұл күндері кіммен доспыз,

  • Адасып, айдалада жүрген көшпіз.

  • Арабтың тіліндегі дінмен емес,

  • Арақтың түбіндегі жынмен доспыз.

  • Имансыз бұл қоғамда не істемей жүр,

  • Ақша, пара… қалғанын көзге ілмей жүр.

  • Пайдасы өз басынан аспайтындар,

  • Халықтың көз жасынан сескенбей жүр.

  • Бесік жырын естімеген белсенділер,

  • Бес күндік екеніне дес бермей жүр.

  • Құранды сыйға тартса алмайтындар,

  • Құдайдың бар екенін ескермей жүр.

  • Ислам – дін емес қой қорек қылмас,

  • Қазақтан ол ешқашан бөлек тұрмас.

  • Құдайды ойлап көрмеген құрметсіздер,

  • Оны ойлап өз халқына себеп қылмас.

  • Қазанның қайнағанын аңдитындар,

  • Азанның Айдағы әнін керек қылмас.

  • Қазаққа иман, иба қайтып келер,

  • Табансыз емес елім тайқып берер.

  • Иманды елге жұртымыз айналар ма?

  • Шіреніп жүрген кезде шалқып нелер.

  • Құдайдан қорықпайтын болды көп ел,

  • Жаратса да құлым деп артық көрер.

  • Алла діні ұстаның заты емес қой,

  • Ұнамаса Өзіне қайтып берер.

  • Арнайы аттандырған мыстан елдер,

  • Көбейді мысық тілеу миссионерлер.

  • Ата дінін айырбастап кетіп жатыр,

  • Тағдырдың тауқыметі қысқан «ерлер».

  • Өмірде аз болған соң иманды шақ,

  • Қазағым қай кезде де қиналғыш-ақ.

  • Исламға иіс алмас болса дағы,

  • Иегова, кришнаитқа иланғыш-ақ.

  • Сенімге селкеу түсіп жаңылған көп,

  • Исаны Құдай көрген Иван құсап.

  • Өзге дінге көбейсе өтушілер,

  • Сол болар тамырыңды қиған пышақ.

  • Бір-бірімізбен жатпайық қырылысып,

  • Екі дінге бөлінген Ливан құсап.

  • Жетпіс жыл кәпір сені тілге бөлді,

  • Тәуелсіз бола қап ең, дінге бөлді.

  • Діңгегіңнің түбін кеп қазып жатыр,

  • Шайқалмай қалса жақсы іргең енді.

  • Уранмен қатар шыққан у секілді,

  • Мың пәле азаттықпен бірге келді.

  • Хан Кенедей жанашыр ерлер қайда,

  • Ел үшін бәсеңдетер дүрбелеңді.

  • Білсе де миссионерден сорлайтынын,

  • Заңың жоқ өз құқыңды қорғайтұғын.

  • Демократия дегенін істей берсе,

  • Көріп тұрмыз көп елдің оңбайтынын.

  • Жүз сенімде әрқайсысы жүрсе егер де,

  • Айта алмаймыз бір бағытты қолдайтынын.

  • Әуелі бізге мықты заңың керек,

  • Бапты көріп тұрғам жоқ ондай бүгін.

  • Дүниедегі соғыстар дәлелдеуде,

  • Дінге салғырт қарауға болмайтынын.

  • Ұлтымның жағдайынан ұғынғаным,

  • Көп көрдім көкелердің құбылғанын.

  • Бір ағам үш парламент құрсақ дейді,

  • Үш жүзге бөліп елдің буындарын.

  • Зиялылар ішіндегі зияндылар,

  • Топ-топқа бөлген елдің руларын.

  • Бас-басына би болған қиқымдар деп,

  • Абай бекер айтпапты-ау мұның бәрін.

  • Бұлжымас заңдылық бар бұл ғаламда,

  • Алладан аян болған күллі адамға.

  • Үш бұрыштың сезініп қатаңдығын,

  • Үш жүзім табиғаттан үлгі алар ма?

  • Өзінің мақсатына жету үшін,

  • Үш бұрыш боп ұшады тырналар да.

  • Көсемінің көлденең жолын кеспес,

  • Түссе де тұманды күн шырғалаңға.

  • Тәртіп бұзбас сол құстың тектілігін,

  • Берсе екен біздердегі тұлғаларға.

  • Тым болмаса, тырнадай ынтымақпен.

  • Тірлік етер қазаққа күн болар ма?

  • Таң қалам талғамы зор тарландарға,

  • Таң қалам заманы озық заңғарларға.

  • Шау қарға, ұзақ қарға, құзғын болып,

  • Үш жүзге бөлінеді қарғалар да.

  • Бір-бірінің көзін бірақ шұқымайды,

  • Жағаласып қонса да жардан жарға.

  • Қарға екеш, қарғалардың ынтымағын,

  • Қазаққа нәсіп қылса арман бар ма?

  • Ұрылардың ұсағы түрмеде жүр,

  • Ұрылардың үлкені мінбеде жүр.

  • Байланысып шекпенді шенеунікпен,

  • Кісі өлтірген бұл күні кірме де жүр.

  • Ауыз айтып жүргенмен ақыл сенбес,

  • Ібілістің үлкені іргеде жүр.

  • Сүйгендей айым – асқар, күнім – шыңды,

  • Еріген май боп елге үнім сіңді.

  • Құранды оқып, Хадисті тоқығалы,

  • Ой өсіп, санам сергіп, тілім сынды.

  • Заңды ұрпағы болар-ек заңғарлардың,

  • Заман жайлы шерте алсақ бүгін сырды.

  • Біздің дәуір – қорабы темекінің,

  • Жылтырменен ораған күлімсіңді.

  • Ұрпақты улап келген жиырма ғасыр,

  • Жанып біткен жиырма тал шылым сынды.

  • Жаратқанға сенбейтін жамағат көп,

  • Жүргенменен дені сау, саламат боп.

  • Бүгінгінің байына қарап тұрсаң,

  • Қалтасы бар, түбінде қанағат жоқ.

  • Бүгінгі кедейлерге қарап тұрсаң,

  • Қайраты бар, қолында қаражат жоқ.

  • Тәнін сатқан тәлімсіз ұрпағың бар,

  • Жүзінде иман, жүректе махаббат жоқ.

  • Діні – пәс, діңгегі бос қариялар бар,

  • Аузында – Алла, артында аманат жоқ.

  • Жиырмасыншы ғасыр да аяқталды-ау,

  • Кедей – кердең, байында шарапат жоқ.

  • Қысылсақ қиядан жол табатынбыз,

  • Тәрбиені жиі еске алатынбыз.

  • Ал, бүгінде кісілік кісенделіп,

  • Қасиеттің кестік-ау қанатын біз.

  • Еліктеуге келгенде есерлерге,

  • Өзгелерден оқ бойы дара тұрмыз.

  • Бұл адамдар маймылдан шыққан жоқ деп,

  • Кейде рас, кісі боп қалатынбыз.

  • Адамдықтан азғындап, азып-тозып,

  • Біздер қайта, маймыл боп баратырмыз.

  • Жалқаулық Жаратқанға ұнамайды,

  • Қамсыз қазақ қартайтқан бұл Абайды.

  • Балақ түріп, қарекет қылғандардың,

  • Бақыт кеп есігінен сығалайды.

  • Еріншектің етігі көлеңкеде,

  • Соқасы күн астында тұралайды.

  • Көршіңіз байып жатса қуаныңыз,

  • Қуанғаннан намысың құламайды.

  • Өйткені сізге бөліп бермесе де,

  • Қол жайып ештеңкеңді сұрамайды.

  • Көбейіп күнә менен күпіріміз,

  • Азайды тәубе менен шүкіріміз.

  • Ертеңгі нанды қалай табамыз деп,

  • Күрт кеміп бара жатыр күтіміміз.

  • Сыртқа жүнді қампайтып көрсеткенмен,

  • Рухани жағынан жұпынымыз.

  • Барыс болам деп жатыр бастаушылар,

  • Бақытты болуға біз құқылымыз.

  • Басшыларға бағыну – басты міндет,

  • Алладан алған біздің үкіміміз.

  • Азғындықтан халықты құтқармайды,

  • Азайса егер ар, ұят, қытығымыз.

  • Намысқа тырыспасақ түк өнбейді,

  • Барысқа ұқсаса да бітіміміз.

  • Тірліктің мәні бар ма, сәні бар ма,

  • Іште өлсе иман менен пікіріміз.

  • Өмірде өшу – оңай, өсу – қиын,

  • Аллаға айтылмаса зікіріміз.

  • Тауда жүріп таусылған Барыс құсап,

  • Кеміп кетіп жүрмесін тұқымымыз.

  • Тәуелсіз ел болған соң көш үлкейді,

  • Ел болды деп кім бірақ есіркейді.

  • Жылқы мінез қазағым қамсыз болсаң,

  • Қорқаулар қоң етіңді кесіп жейді.

  • Басқа қандай қателік жіберсең де,

  • Жастар барда отыңды өшірмейді.

  • Ал, енді азаттықтан айырылсаң,

  • Келе жатқан еш ұрпақ кешірмейді.

  • Өзгелер көп жүргізер үстемді елге,

  • Аллаға ғибадат аз істелген де.

  • Жігітті жастық шақта еркі жеңер -

  • Сеніммен ұсталмаса сертің егер.

  • Аллаға – құл, адамға – ұл болу ғой,

  • Намазға кеп түйіссе тең тізелер.

  • Ақын намаз оқыса Хақты танып,

  • Алдымен аузындағы сөз түзелер.

  • Он күнәнің тоғызы тілден екен,

  • Сөз түзелсе, ин ша Алла, ел түзелер.

  • Әріден түсінейік әрбір жайды,

  • Ешкім келіп шамыңды жандырмайды.

  • Аузыңа әкеп ақ майды салмаса да,

  • Өкімет өзегіңді талдырмайды.

  • Пейілің мен ниетің тарылмасын,

  • Сабырлы адам ашуға алдырмайды.

  • Адамдарға ауызды берген Құдай,

  • Нәсіпсіз, нәпақасыз қалдырмайды.

  • Адалдың аспанында бұлт болмайды,

  • Арамның ауласына құт қонбайды.

  • Жүрегінде иманы жоқ адамның,

  • Жүрген кезде табаны нық болмайды.

  • Аллада адамдарды алалау жоқ,

  • Сауап қылсаң күнәңнән түк қалмайды.

  • Бара алсаң адалдықтың ақ жолымен,

  • Пейіштің есігінде құлып болмайды.

  • Қай қазақ өз иманын тірнектемес,

  • Қай мұсылман өз дінін құрметтемес.

  • Шапаның қырық жамау болса дағы,

  • Ағайын иманыңды кірлетпе еш.

  • Адамдар пейіш баққа бару үшін,

  • Меккеде өмір сүруі міндетті емес.

  • Біз қазақ бұлтты күні бұқпағанбыз,

  • Ескілердің есті ойын құптағанбыз.

  • Қазақтың кегі кетіп көршісіне,

  • Азаптың уын талай ұрттағанбыз.

  • Астанасын орнықты қыламын деп,

  • Аспан астын билеген түп бабамыз.

  • Бел шешпей ұрпағының ертеңі үшін,

  • Уық шаншып, үй тіккен жүкті анамыз.

  • Солардың масағындай болып жүріп,

  • Масайрап неге біздер мұрт қағамыз?

  • Астананың тұрғындары арлы екен деп,

  • Әр қиырға таратсын жұрттар аңыз.

  • Құбылаға иіліп тұрса шіркін,

  • Құмырадай жұтынған құт қаламыз.

  • Батыстың есігінен сығаламай,

  • Шығыстың бесігінен шықса нағыз.

  • Сонда ғана сабыры сары алтындай,

  • Тамыры таралғыдай ұлт боламыз.

  • Барлығын көрсетіп тұр тарих тарлан,

  • Атамыз Алла деген халық болған.

  • Иманы күшті кезде ер бабалар,

  • Осынау ен даланы алып қалған.

  • Өйткені, иман барда ынтымақ бар,

  • Екені тәжірибеде анықталған.

  • Иманы әлсіз кезде талай жерлер,

  • Көршілерге көз болып қалып қалған.

  • Берекесін беретін Алла ғана,

  • Байлығың болғанменен ағып-тамған.

  • Алланың әмірімен іс қылайық,

  • Жақсылық күтер болсақ жарық таңнан.

  • Ынтымақ иман болса, көш өрлемек,

  • Дертіңді шын жанашыр, дос емдемек.

  • Тәуелсіздік баянды болу үшін,

  • Тосқауыл қою керек кеселге көп.

  • Біздің елге сайраған тілі емес,

  • Жүректері сөйлейтін шешен керек.

  • Жүз жылдығын ойлайтын жұртымыздың,

  • Жүрегі ақ, жүзі нұрлы көсем керек.

  • Құлықсыз қыз, ырықсыз ұлдың бүгін,

  • Кеудедегі намысын көсеу керек.

  • Жасық болмай жастар да ойлай жүрсін,

  • Ұлтымыздың рухы есен бе деп?

  • Сонда ғана Құдайдан тілеп жүрген,

  • Құт-береке дариды осы елге кеп.

  • Қазақтың жолы талай иректелді,

  • Идеология терідей илеп келді.

  • Ауылдағы ел енжар деп кінә артпаймын,

  • Себебі, оны саясат сүйреткен-ді.

  • Жетпіс жыл жаншығандар жалпы жұртты,

  • Өзінше ойланбауға үйреткен-ді.

  • Қиын ғой көлге бірден көндіктіру,

  • Қолдан жем жеп үйренген үйректерді.

  • Бел берсін қайыспайтын қайран нарға,

  • Өмір деген бітіспес майдан барда.

  • Атандардың өркеші жығылған соң,

  • Тайлақтарда шама жоқ тайраңдарға.

  • Ауылдан үдере жұрт көшкені рас,

  • Не таппақ ен далаға байланғанда,

  • Меккеде жағдай болмай, қыспақ көріп,

  • Мәдинаға көшіпті Пайғамбар да.

  • Пайда тауып ауылда жатпаған соң,

  • Пайғамбардан асырар айлаң бар ма?

  • Көбейсін еңсеңді елің көтерген ұл,

  • Қайтемін уайым қып бекерге құр.

  • Нұрлы жолға халықты салсам деген,

  • Нұрағамның ниеті көкейде жүр.

  • Шекесіне шертіп-ақ сайлап алған,

  • Шенеуніктер шыр бітіп шетелде жүр.

  • Аяғы сау, басы аман кейбіреулер,

  • Кең кебісін кие алмай бекерге жүр.

  • Кешегі ғұмырлы Ғұн, Сақ бабамның,

  • Қасиетін қазақтай сақтаған кім?

  • Күлтегіннің жырларын тастан оқып,

  • Тоныкөктің толғауын жаттағанмын.

  • Айдаһар мен арыстан арасынан,

  • Ұлан ғайыр даланы сатпаған кім?

  • Одақтың ошағының шоғын басып,

  • Желтоқсанда табанға таптаған кім?

  • Бабалардың еске алып батырлығын,

  • Мына күн перзенттік сыр ақтарар күн.

  • Дарқандығы даламның қанға сіңіп,

  • Қазақ болып туғаныма мақтанамын.

  • Заманды жеңе алмаспын зарлап айтып,

  • Қарқылдан құтылмаспыз қарғаны атып.

  • Байқайық баста тұрған бағымызды,

  • Балағың жүрмесе де балға батып.

  • Намыс барда нарықтан өткен абзал,

  • Қыс секілді келгенмен қар боратып.

  • Ширайды шымырланып, шынығады,

  • Қыранның жұмыртқасы қарда жатып.

  • Қиналып бұл қазақтың ұрпағы сәл,

  • Қияға жете алмай жүр сұңқар ұшар.

  • Уақытпен санасқандай жағдайың бар,

  • Бақытпен бір-ақ күнде кім табысар?

  • Аумағы үлкен халықтың жай-жапсары,

  • Ауа-райы емес қой күрт ауысар.

  • Не келіп, не кетпеген басымызға?

  • Теңізде бір тартылып, бір тоғысар.

  • Өзіміз қазақ едік ат төбелі,

  • Аз халықтың көбейді әттегені.

  • Жібек жолмен бұл күнде жібек емес,

  • Арақ-шарап, есірткі ап келеді.

  • Басым боп жүр батыстың даңғазасы,

  • Оқылмай тұр ойлының тәтті өлеңі.

  • Халқымызды нарықтың наркескені,

  • Бай, кедей деп екіге қақ бөледі.

  • Себебі мәдениетке тұмылдырық,

  • Әдебиетке ауыздық сап келеді.

  • Жақсы көру сезімі адамдардың,

  • Қалталардың түбінде қап келеді.

  • Алаңсыз күндер, аға, қашан туар,

  • Айдынға шығарғандай ақ кемені?

  • Қарау ой түссе егер де харамдарға,

  • Қазаққа қорған болар қамал бар ма?

  • Патша жайлы артық-кем сөз болғанмен,

  • Біреу келіп сүйремес шанаңды алға.

  • Барыс деген сөз қайдан басталды екен?

  • Ұран болып бүгінгі адамдарға.

  • Мүмкін біз барыстан да ары өтерміз,

  • Нұрсұлтандай арыстан ағам барда.

  • Бабалар иманымен үлгілі еді,

  • Ақыретке иланға шын жүрегі.

  • Бодан болып жүруші ек босап шықтық,

  • Тәңір жазса бізге енді күн күледі.

  • Қан шығармай азаттық алған ерлер,

  • Аман болса бәріне үлгереді.

  • Аздаған қиындығы болмаса егер,

  • Азаттықтың қадірін кім біледі?

  • Ленин ілімімен орап көрді,

  • Сталин тіліп түсер болат болды.

  • Жүгерідей сап-сары Хрущевтың,

  • Серті – балға, семсері – орақ болды.

  • Брежнев жарықтықтың жағы түсіп,

  • Жамандық көрмей кеткен сол-ақ болды.

  • Андропов, Черненконың өмірлері,

  • Шиті мылтық дауысындай шолақ болды.

  • Қонаевты қорлаған Горбачевтың,

  • Өзі қасқа, сөзі сұлу торы ат болды.

  • Желтоқсанда қазаққа жер тістеткен,

  • Колбин де ел намысын тонап көрді.

  • Қайратты көйлегіне қылқындырып,

  • Озбырлығын өткізген Одақ болды.

  • Ұлттарды ұлтарақ қып басқан қоғам,

  • Жер бетінде жетпіс жыл қонақ болды.

  • Қызыл қанға боялған империя,

  • Қызыл туға оранып опат болды.

  • Батпандай жатпаса да бағың асып,

  • Алладан деп жүрміз ғой таңғы нәсіп.

  • Кіндігін тіспен қиған жанкештідей,

  • Азаттық алған ел ек қаны тасып.

  • Шілдеде қайың сауған жолаушыдай,

  • Қарапайым халық жүр арып-ашып.

  • Уәзірлердің уәдесін естіп-естіп,

  • Рухы өліп қалмаса екен, жаны жасып.

  • Қазақ бүгін жүр өстіп қалбалақтап,

  • Табанына қойғандай тары шашып.

  • Қазаққа жайғанменен арман құшақ,

  • Аяғын талай кесел алған тұсап.

  • Қарапайым ел жүдеп бара жатыр,

  • Шыдамның да шынжыры әбден қышап.

  • Айдалада ыңырсып ауыл жатыр,

  • Тасқа тайып жығылған тарлан құсап.

  • Аңшылар тілерсегін қиып кеткен,

  • Апанның түбіндегі арлан құсап.

  • Тарихта талай сырға бөккен далам,

  • Алла үшін қанын, жасын төккен бабам.

  • Ауыл деген қазақтың түп қазығы,

  • Кіндігінен үзіліп кеткен жаман.

  • Мұртымыздан сорғалап ағылған май,

  • Ұртымызды айналып өткен заман.

  • Бабамыз жыр жамылып, күй жастанған,

  • Болса да өкпе өлімге қимас болған.

  • Қан тезектің алдында қатуланып,

  • Сүйінбай қылыш тілмен қиғаштаған.

  • Махамбеттер айтқан ғой елдің жайын,

  • Маңдайдан малы кетіп, иті ақсаған.

  • Бас кеспек болса дағы тіл кеспек жоқ,

  • Ақынның тіліне не ұйқаспаған?

  • Ақ ордада ақиқат айтқан Түбек,

  • Сүйінбай, Махамбеттен мирас қалған.

  • Бұл күнде қараң да бір, төрең де бір,

  • Қаймана жұрт төрге озбай, төменде жүр.

  • Сыбағасын бөліскен ел үстінен,

  • Сыбайластық дерт болып денеңде жүр.

  • «Елден шыққан жуандар» елді ұмытар,

  • Жұрт аузынан жырып алсақ деген де жүр.

  • Шабақ ұстап шалқайған заңды орындар,

  • Шортанға тісі батпай елеңдеп жүр.

  • Ауызы жаялықтай жайын болса,

  • Ау тастаса жетпейтін тереңде жүр.

  • Жерлесі мен қандасын желден қорғап,

  • Әр мықты кеуде тұстан кемелдеп жүр.

  • Қырқысқан қазақтарды қызық көріп,

  • Қарға, құзғын қалықтап төбеңде жүр.

  • Халықтың ахуалы мүшкіл қандай,

  • Үміті бір күн жанған, үш күн жанбай.

  • Елден шыққан жуандар елді ұмытар,

  • Бойларында намыстан ұшқын болмай.

  • Коррупция жайлы патша айтқанменен,

  • Коррупистер жоқ оған пысқырғандай.

  • Өкіметтің айбыны болса шіркін,

  • Айдаһар алты қырдан ысқырғандай.

  • Жемқорлардың қанатын қырқар еді,

  • Қаршыға кеп қамыстан құс қуғандай.

  • Жегенін желкесінен шығарар еді,

  • Жіліктің жігін ашып құстырғандай.

  • Сөйлесек образбен ой құрап бір,

  • Ана тілі аспанынан ай құлап тұр.

  • Әкесі жамбас жеген жақсылардың,

  • Балалары үшін баю бәйге боп тұр.

  • Қазақша білмейтұғын қазақтарға,

  • Өзге тілдің өрісі жайлы боп тұр.

  • Олардың білмегені ештеме емес,

  • Білгісі келмейтіні қайғы боп тұр.

  • Ашылмай жатса кейде аз мұрамыз,

  • Бірімізді-біріміз жазғырамыз.

  • Көре алмай көш бастаған көсемдерді,

  • Іңірдегі шайтандай азғырамыз.

  • Өз табанын жалаған аю құсап,

  • Өзімізді өзіміз аздырамыз.

  • Бүйте берсек, бүйректей бөлшектеніп,

  • Бірлік құрмай біз кімді мәз қыламыз?

  • Ғасырлап адамға адам зорлықты сап,

  • Өзгенің қолындағы болдық пышақ.

  • Қазаққа қашан көрсең тыныштық жок,

  • Асау атқа байланған торсық құсап.

  • Ел болып есімізді жия алмадық,

  • Тұмсыққа соққы тиген борсық құсап.

  • Енді-енді ойдан-қырдан бас құрадық,

  • Бір тамшыдан жиылғап көлшік құсап.

  • Бізге де бір күн туар балпаң басып,

  • Жүретін балға тойған қонжық құсап.

  • Москва мақсат қойып алға бөтен,

  • Есеппен Есілді алу арманы екен.

  • Жеріме тың игерем деп келгендер,

  • Елімді шын игеріп алған екен.

  • Жергілікті халықтың желкесіне,

  • Атеистер аяғын салған екен.

  • Астана кеп ақ туын тікпегенде,

  • Астапыр Алланы айтуым қалған екен.

  • Біз деген мақсаттымыз, мұраттымыз,

  • Кеудеге кептеледі сұрақ тығыз.

  • Шетелдік жарнамалар шектен шықты,

  • Бітеп алып жүрмейік бұлақты біз.

  • Өзге келсе өзеуреп қарсы алатын,

  • Талғамсыз тұрмыс салтқа тұрақтымыз.

  • Ағылшын тілін ардақ тұтқанменен,

  • Ана тілдің алдында ұяттымыз.

  • Үйреніп аламыз деп жүрген кезде,

  • Иленіп бара жатқан сияқтымыз.

  • Ақылды ер ел-жұртының сырын білер,

  • Әр сөзіне халықты жүгіндірер.

  • Ұлы Абай өз қазағын сынады рас,

  • Көріністі көрген соң түңілдірер.

  • Халыққа қатты айтамын деген ақын,

  • Абайдай аят-хадис жүгін білер.

  • Мектептегі оқуы нашар ұлын,

  • Медресеге береді бүгінгілер.

  • Қазақтың молдалығы қайдан оңсын,

  • Діннен қашса ақылды, білімділер?

  • Дүние дін болмаса, қап-қара түн,

  • Жүрекке жылу бермес жаққан отын.

  • Атам қазақ әуелден мұсылман боп,

  • Дін-Ислам жолынан хақ табатын.

  • Тақия төбелерде бұл күндері,

  • Тақуа бабалар көп мақтанатын.

  • Сүйекке басып жатыр батыс таңба,

  • Жарнама жауып жатыр АҚШ-тан да.

  • Ұмытып ұлтымыздың ұлылығын,

  • Ұлықтар да ұқсайды шатысқанға.

  • Сұрқия саясатқа сүрлеу сап жүр,

  • Жарайтын азаматтар ат ұстарға.

  • Үйде отырып ұлдарың ұрандайды,

  • Видикте боевиктер атысқанда.

  • Алыстан дінімізді діңкелеткен,

  • АҚШ-тан асқан шіркін тақыс бар ма?

  • Иініміз түсіп бір иілеміз,

  • Инвестиция сап біраз қатысқанға.

  • Қоғадай жапырылдық баксы барға,

  • О, қалай, біздерде осы намыс бар ма?

  • Бүгінгі Ақ Ордаңды Астана дер,

  • Астана, өз халқыңды басқара бер.

  • Қазақтан шыққан кезде қасқа нелер,

  • Болмасын Америка босқа бедел.

  • Батыстың батпағына бату оңай,

  • Сырт елден сақтанбаса жастар егер.

  • Құдай-ау, өнегесін кімге үйретпек,

  • Вьетнамға бомбасын тастаған ел.

  • Хиросима, Нагасаки қалаларын,

  • Атомның уыменен ластаған ел.

  • Бір кезде үндістерді қырып салып,

  • Ізгілік, кісіліктен ақсаған ел.

  • АҚШ-тан үлгі алуды тоқтатпасақ,

  • Үндістердің тағдыры басқа келер.

  • Азаттық жайлы айтамыз көпке нені,

  • Орасан бастан тарих өткен еді.

  • Торғайдай торға ұстап шырылдатқан,

  • Отаршылдар не деген өктем еді?

  • Алла деген сенімнен ажыратып,

  • Құлдықтың қамытына жеккен еді.

  • Қазақтың қаймақтарын сыпырып ап,

  • Бабамның қанын талай төккен еді.

  • Сөйтсе де жер бетінен жойылмаған,

  • Қазақ неткен қайыспас текті ел еді.

  • Жайқалып өсіп-өніп келе жатыр,

  • Ұрпақтары дүркіреп көктеп енді.

  • Бәрі бар болып тұрған қазағыма,

  • Тәуелсіздік еді тек жетпегені.

  • Жүрміз-ау төл тарихты жете білмей,

  • Жетпеппіз жетістікке жеке жүрмей.

  • Көзімен Ресейдің қараймыз деп,

  • Сөзімен кетіп қаппыз жетегінде.

  • Қай кезде аңсамап ек азаттықты,

  • Қай кезде қазақ қалды көтерілмей?

  • Сол кездері жаншылып аяусыз боп,

  • Жыртылғанбыз кедейдің етегіндей.

  • Тәуелсіздік сондықтан қымбат бізге,

  • Құнарлы қызылшаның шекеріндей.

  • Тәуелсіздік қазақтың қаны менен,

  • Көл боп аққан көз жасының өтеуіндей.

  • Ресей келіп еді аспандатпай,

  • Жетпіс жыл келіп едік жасқаншақтай.

  • Өз жеріңде өзің өгей болып едің,

  • Қамысқа кеп тығылған қасқалдақтай.

  • Базарыңды өзбек пен кәріс билеп,

  • Қайқайып тұрушы еді бас бармақтай.

  • Жүндес халық кеудесін керген кезде,

  • Үркуші едік қасқырдан қашқан лақтай.

  • Ұлттық рух дегенді сезінбеуші ек,

  • Келіп ек судай сіңбей, тастай батпай.

  • Сол үрейлі күндерге нүкте қойған,

  • Желтоқсан ерлері ғой тас қайрақтай.

  • Тәуелсіздік көтерді рухыңды,

  • Бақытқа бастайтұғын баспалдақтай.

  • Жарқырап шыға келдік он-ақ жылда,

  • Жабағысын тастаған жас тайлақтай.

  • Тарихта бабалар бар таймас табан,

  • Мансап үшін жақынға жақ ашпаған.

  • Бір кезде Бұрындық хан боп тұрғанда,

  • Қасым хан сұлтан еді жан аспаған.

  • Жұртының жұдырықтай бірлігі үшін,

  • Тектен тек таққа ұмтылып таласпаған.

  • Қайта ханға болысып айналасын,

  • Алаяқ, аярлардан аластаған.

  • Әбілмәмбет хан болып тұрған кезде,

  • Абылай сұлтан еді ел бастаған.

  • Елінің ертеңі үшін о кісі де,

  • Билік қуып ақ жолдан адаспаған.

  • Патшаны қашан тақтан тайдырам деп,

  • Бостан-бос бас ауыртып, бал ашпаған.

  • Ал, бүгін Нұрағамыз тағында отыр,

  • Жайлауына айналып жаңа Астанам.

  • Қолдау түгіл, қорлауға баратындай,

  • Төңірегінде кісі көп жараспаған.

  • Бабалардан жақсы үлгі алмаған соң,

  • Жандардан не күтесің санаспаған?

  • Бірігіп келсе шіркін қуанар ек,

  • Тіріліп келетіндей Алаш бабам.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]