Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

дидактика бекжан

.docx
Скачиваний:
47
Добавлен:
24.03.2015
Размер:
28.02 Кб
Скачать

4-МОӨЖ. Дидактика ұстанымдарының мәнін ашыңыз.

Дидактика (грек. didactikas – «оқытушы», didascalos – «мұғалім» деген ұғымды білдіреді) оқыту және үйрету деген сөз.

Дидактика – білім беру мен оқытудың теориялық және әдістемелік негіздерін зерттейтін педагогика ғылымының саласы.

Бұл ұғымды ғылымға алғаш енгізген неміс педагогы Вольфганг Ратке (1571-1635). Дидактиканың ғылыми негізін салған чех педагогы Ян Амос Коменский (1592-1670). Оның «Ұлы дидактика» (1632) кітабында оқытудың мақсат, принциптері, әдістері, сынып-сабақ жүйесі туралы баяндалған.

Дидактиканың зерттеу пәні – оқыту мен оқудың себептері, барысы, нәтижелері.

Зерттейтін сұрақтары – «нені, қалай, не үшін оқыту?» деген сұрақтарға жауап береді

Нені оқыту керек? Оқушыларды терең біліммен қаруландырып, олардың бойында адамгершілік, тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру керек. Сондықтан, білім беру мазмұнын мектеп реформасына, жалпы білім беру тұжырымдамасы талаптарына және жаңашыл мұғалімдердің идеяларына сәйкес ғылыми негізде анықтау қажет.

Қалай оқыту керек? Тұтас педагогикалық процесте оқыту мен тәрбиенің қазіргі кездегі әдістерін тиімді пайдалану. Ол үшін оқыту әдістерін жетілдіру қажет.

Не үшін оқыту? Қоғамдық өмірдің барлық саласына оқушыларды белсенді қатыстыруға даярлау.

Дидактиканың негізгі категориялары: білім беру, оқыту, оқу, оқу принциптері, оқыту процесі, мақсаты, міндеттері, мазмұны, түрлері, әдістері, құралдары, нәтижесі.

Дидактиканың дамуы білім беру мен оқыту проблемаларын терең зерттеуге, педагогикалық озат тәжірибені зерттеп жинақтауға және оны оқыту мен тәрбие процесіне енгізуге байланысты.

Дидактика сол сияқты, жалпы орта білім беру тұжырымдамасы, үздіксіз білім беру жүйесі, т.б. мәселелерді зерттейді.

Оқыту – оқушыны білімдендіру, тәрбиелеу, дамыту мақсатына бағытталған, алдын-ала жоспарланған іс-әрекет.

Оқытудың міндеті – оқушыны айнала ортамен (табиғат, қоғам) және адам дамуының негізгі заңдылықтарымен қаруландыру.

Оқытуда ғылым негіздерін оқып-үйренудің өзі, ғылым тарихымен, оның әдістемелерімен танысу, ұлы ғалымдардың өмірі мен қызметі жайлы ақпарат алады. Оқушы дүниетануда бұрын ғылымда белгілі болған, зерттеліп дәлелденген жаңалықтарды, заңдылықтар мен тұжырымдамаларды әрі қарай дамыта түседі.

Оқыту мазмұны – өкімет арнайы таңдап анықтаған белгілі салада жұмыс істеу үшін қажетті адамзат тәжірибесінің бөлшегі. Ол – оқытудың нәтижесі бола алатын білім, білік, дағды, тұлғалық қасиеттер жиынтығы.

Оқыту мазмұны дидактикалық талаптар негізінде қай сыныпта, қандай көлемде, қандай пәндер оқытылуы керектігін белгілейді.

Ұлттық және жалпы адамзаттық мәдениетке байланысты да оқу мазмұнында ерекшеліктер болады. Қазіргі кезде дүниежүзі бойынша оқу мазмұны адамдандыру, компьютерлендіру, кіріктендіру, тұлғалық даму ережелеріне негізделеді.

Құбылыстар мен процестер арасындағы дамуды сипаттайтын мәнді байланыс философияда – заңдылық деп аталады. Заңдылықтар ғылыми теориялардың негізгі бөлігі болып келеді.

Оқыту заңдылықтары:

  1. Оқытудың қоғамның мұқтаждығына және жағдайына байланысты заңдылығы. Неғұрлым қоғамның экономикалық мүмкіншілігі ғылыми-техникалық үдеуге сәйкес дамып отырса, солғұрлым мектептің оқу-материалдық жағдайы жақсарады, педагогикалық процесс тиімді ұйымдастырылып, жеке адамның дамуына игі әсер етеді.

  2. Оқыту, білім беру, дамудың өзара байланыс заңдылығы. Л.С.Выготский былай деген: «Оқыту дамудың алдына шығып отырса, ол бала дамуына «ең таяу даму зонасын» жасайды, баланы ізденуге талаптандырады және дамудың бірнеше ішкі процестерін қозғалысқа келтіреді».

  3. Оқыту процесінде оқушылардың жас және дара ерекшеліктерін ескеру.

  4. Оқыту процесінің міндеттерінің, мазмұнының, формаларының, әдістерінің өзара байланысы, олардың жаңарып, толықтырылуы.

5. Жеке заңдылықтар оқыту жүйесінің нақты, жеке бөліктерін қамтиды.

Оқыту процесінің заңдылықтары оқыту принциптері арқылы жүзеге асырылады.

«Принцип» (лат.) – негізгі, бастапқы, қағида, ұстанымдар деген мағынаны білдіреді.

Оқытуға қойылатын талаптардың бастапқы белгілі жүйесін – оқыту процесінің принциптері деп атайды.

Оқыту процесінде кез-келген мұғалім дидактиканың принциптерін басшылыққа ала отырып, оқытудың мазмұнын, амал-тәсілдерін, ұйымдастыру формаларын таңдап, шәкірттерін жоғары нәтижеге жеткізуі шарт.

Мұғалім дидактикалық принциптерді дұрыс таңдап, оқытуды дұрыс ұйымдастырса сабақ тиімді және нәтижелі болары даусыз. Оқушыларға ойдағыдай теориялық білім, практикалық дағды, қабілет және тәрбие беру міндеттерін толық жүзеге асыру үшін оқытушы әрбір сабағын мынандай дидактикалық принциптер негізінде өткізуі қажет:

  1. оқу материалы, оның орналасуы мен оқытылуы ғылыми негізде жүйелі болуы қажет.

  2. оқу материалы және оны түсіндіріп айту, көрнекті, ұғынықты болу қажет.

  3. теория мен практиканың тығыз байланыстылығын ашып көрсете білу қажет.

  4. оқушылар оқу материалын саналы және белсенді ұғынуы қажет.

  5. оқушылардың алған білімі мен дағдылары берік болуы қажет.

Енді, принциптер мен ережелер байланысына тоқталайық.

Педагогикалық ереже – жалпы принциптерге негізделген белгілі жағдайдағы белгілі мақсаттағы педагогтық қызметтің бейнеленуі. Ережелер оқыту принциптерін қолданудың тәжірибелік жақтарын көрсетеді, теориядан тәжірибеге көшу жолдарын айқындайды, мұғалімге нақты жағдайда қандай нақты шараларды пайдалану қажеттілігін ұсынады.

Ережелер принципке сүйенеді, ал принциптер ережелер арқылы жүзеге асады. Сонымен, педагогтар оқытудың принциптеріне сай қалыптасқан белгілі ережелерге сүйеніп мақсат-міндеттерін іске асырады.

Оқытудың үш функциясы бар: білім беру, тәрбиелік, дамытушылық.

1. Оқытудың білім беру функциясы. Оқушыларға білімді толық игерту үшін негізгі талаптарды ескерген жөн. Олар:

  • білімнің толықтылығы;

  • білімнің жүйелілігі, үйлесімділігі, бірізділігі;

  • білімнің ұғымдылығы – оқушылардың өз бетімен ізденіп білімді меңгеру үшін олардың ойын дамыту;

  • білімнің әрекеттілігі – жаңа білім алу үшін бұрынғы білімді шеберлікпен пайдалану мүмкіндігін жасау.

Оқытудың білім беру функциясы қазіргі кезде ғылым негіздерін, іскерлікті, дағдыны игерген, өз бетімен білім ала алатын, жоғары білімді маман даярлауда әлеуметтік міндетті шешуге бағытталуы қажет.

2. Оқытудың тәрбиелік функциясы - оқыту барысында тәрбиенің мақсат, міндеттері, мазмұны, тәсілдері анықталады. Тәрбие мен оқытудың байланысы біржақты қарастырылмайды, керісінше, біртұтастық принципке негізделіп бірлікте қарастырылады. Демек, білім бере отырып тәрбиелейді, тәрбиелей отырып білім береді.

3. Оқытудың дамытушылық функциясы. Оқыту барысында оқушыларға білім беру, тәрбиелеу негізінде тұлғаның ақыл-ойы, сана-сезімі, шығармашылық қабілеті т.б. көптеген тұлғалық қасиеттері дамиды. Демек, тұлға жан-жақты қалыптасып дамиды. Дамудың ерекшелігі – ол өз алдына жеке өмір сүрмейді, ол оқытудың, білім беру және тәрбиелеу қызметінің жалғасы болып есептеледі. Тәрбие мен білім беру дамуды артына салып отырады.

Адам баласының іс-әрекетінде «процесс» термині жиі кездеседі. Мысалы, еңбек процесі, технологиялық процесс, биологиялық процесс, т.б. Олай болса, жалпы «процесс», «оқыту процесі» деген не?

Процесс – бұл ілгері қарай қозғалыс және қандай болса да нәтиженің жетістігіне бағытталған бірізділік әрекеттердің жиынтығы болып табылады.

Оқыту процесі тұтас педагогикалық процестің бір бөлігі. Білім беру саласында оқыту процесінің мәні зор, өйткені оқу барысында оқушының сана-сезімі, адамгершілік, тұлғалық қасиеттері, эстетикалық талғамы қалыптасып дамиды. Сол сияқты, ақыл-ойы, танымы, іскерлігі мен дағдысы қалыптасады.

Оқыту процесі мұғалім мен оқушылардың мақсатқа бағытталған өзара әрекеттесуінің барысында шәкірттерге білім, іскерлік пен дағдыны меңгертетін, оқушылардың дүниетанымын, күш-қайратын, қабілеттерін тәрбиелеп дамытатын іс-әрекет барысы.

Оқыту процесі жүйе ретінде қарастырылады, ол өзінің белгілі құрылымы және компоненттерімен сипатталады. Олар:

1) ғылыми білімнің, іскерліктің және дағдының жүйесі (білім беру мазмұны);

2) мұғалім оқушының өмірге, ғылымға көзқарасын және қарым-қатынасын қалыптастыруы (сабақ беру) ;

3) оқушылар ұжымы (оқу);

4) оқыту әдістері;

5) оқыту құралдары: дидактикалық және техникалық құралдары;

6) оқыту нәтижелері.

Білім – адамзаттың жинақтаған тәжірибесі, заттар мен құбылыстарды, табиғат пен қоғам заңдарын тану нәтижесі. Білімді жеке адамның игілігіне айналдыру үшін, оны ойлау операциясы – талдау, салыстыру, жіктеу, жинақтау арқылы терең ұғыну қажет (оқушы ойлау операциясына сүйеніп, өз білімін шындыққа айналдырады.)

Іскерлік – алған білім негізінде оқушының практикалық әрекеті іске асырылады. Білімсіз қандай болса да іскерлік мүмкін емес (мысалы, сауатты жазу үшін грамматикалық ережелерді білу керек , т.с.с.)

Дағды – бұл қайта-қайта орындалатын практикалық әрекеттерге машықтандыру (мысалы, тез оқу дағдысы – жүйелі түрде жаттығу нәтижесі т.с.с.).

Оқыту процесінің өзіне тән компоненттері бар. Олар оқытудың: мақсаты, мазмұны, формалары, әдіс-тәсілдері, нәтижесі. Бұл компоненттер бір-бірімен тікелей байланысты болған жағдайда педагогикалық процесс нәтиже береді. Оқыту процесінің нәтижелі болуы, оның ішкі қозғаушы күштеріне байланысты.

Қозғаушы күш деп қойылатын талаптар мен оларды орындауда оқушылардың мүмкіншіліктері арасындағы қайшылықтарды айтады. Егер, қойылатын талап оқушылардың мүмкіншілігіне, яғни даму дәрежесіне сай келсе, онда қайшылық даму процесінің көзіне айналады.

Оқытудың педагогикалық, психологиялық ерекшеліктеріне назар аударайық.

Оқыту – күрделі процесс. Ол тұлғаға білім беру, тәрбиелеу және ақыл-ойы мен шығармашылық қаблетін, біліктілігі мен дағдысын дамыту негізінде жүзеге асырылады.

Оқытуекі жақты процесс. Оқыту оқушы мен мұғалімнің өзара бірлесіп жасайтын әрекетінен тұратын күрделі процесс. Өйткені, оқыту – мұғалімнің білім берудегі негізгі іс-әрекеті болса, ал оқу – баланың өзінің танымдық, практикалық іс-әрекеті.

Оқыту – мақсатты процесс. Оқытудың басты мақсаты қоғам талабынан туындап, ұдайы өсіп отырады. Оқытудың нәтижелі өтуіне негіз болатын түп қазық – мақсаттың жүзеге асуы.

Оқыту – жоспарлы процесс. Мұғалім оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес таным қызметінің формасы мен әдістерін жоспарланған, ұйымдастырылған түрде жүзеге асырады.

Оқытудаму негізі. Педагогикалық процесс өзіне тән екі белгіні: организмнің өзіндік дамуына жүйелі түрдегі көмек және жеке бастың жан-жақты жетілуін түйістіреді.

Оқыту процесі мұғалімнің, таным жолындағы оқушылардың қимылына байланысты.

Оқыту – таным процесі. Танымның ерекшелігі оқушыда білімге деген қызығушылығы ұдайы өсіп арта түседі.

Оқыту дамыта және тәрбиелей отырып, жеке адамның таным қабілетін мақсатқа сәйкес жетілдіреді. Оқытудың осындай басты міндеттерінің бірі – шәкірттердің таным қабілетін дамыту.

Дамыта отырып оқыту – бұл оқушылардың таным іс-әрекеттерін барынша дамыту, яғни олардың ой-өрісін дамыту, өз бетімен жаңа білімді іздеп табуға және оны еркін игеруге үйрету, «ең таяу даму зонасын жасау».

Баланың өзіндік дамуына әсер ететін негізгі фактордың бірі – өзара қарым-қатынас жасау іс-әрекеті. Сөйтіп, оқыту процесі – мұғалімнің баламен үнемі рухани қарым-қатынаста, ынтымақтастық жағдайда болуын қажет етеді. Оқыту процесінде оқушы тек мұғалімнің әсерін қабылдаушы ғана емес, оның оқу іс-қимылы мен өзінің психикалық процестерін басқаруы, ұйымдастыра білуі оқытудағы субъекті екенін айқындайды.

Оқыту процесіндегі бақылаудың формалары:

  1. Фронтальдық (жаппай) бақылау жағдайында барлық оқушыларға мазмұны бірдей тапсырмалар беріледі.

  2. Топтық бақылауда белгілі оқушылар тобы сабақ барысында мұғалімнен тапсырмалар алып орындайды.

  3. Дербес бақылауда оқушылардың білім, іскерлік, дағдысын терең жан-жақты анықтауға мүмкіндік береді.

Күні бүгінге дейін оқыту саласында қолданылып жүрген білім, білік, дағдыны тексеру мен бағалаудың «5» балдық жүйесі, оның сапасын, дәрежесін анықтап, белгілеуде барлық жағдайда объективтік тұрғыда қамтамасыз етпейді. Соның нәтижесінде қазіргі кезде жоғары оқу орындарында оқыту процесіндегі рейтинг-тестік жүйе оқу-таным әрекетінің сапасын анықтайтын бақылаудың жаңа түрі өмірге келді.

Рейтинг – ағылшын тілінде («to rate») – «бағалау» немесе «жетістік өлшемі» деген ұғымды білдіреді. Рейтинг жүйесінің мақсаты:

– оқу-таным әрекетінің сапасын, нәтижесін арттыру;

– оқу-таным әрекетінің сапасын тексеру, бағалаудың тиімділігін жетілдіру және әділдігін орнықтыру;

– оқу-таным әрекетіндегі білім, іскерлік, дағды сапасын, дәрежесін бақылауда жүйелілікті қамтамасыз ету;

– оқу-таным әрекетіндегі студенттердің жауапкершілігін, белсенділігін арттыру;

– тексеруде уақытты үнемдеу.

Рейтингтік жүйенің ерекшелігі – оқытушының педагогикалық әрекеті мен студенттердің оқу әрекетінің сапасын жақсартуға мүмкіндік туғызады, оқу процесінің барлық кезеңдерінде олардың білім, іскерлік, дағдысының нәтижелерін тексеру, бақылау және бағалаудың тиімділігін арттырады.

Тест – оқытудың белгілі бір бөлігін меңгеру дәрежесін өлшеуге бағытталған тапсырмалар жиынтығы. Олар уақытты көп жоғалтпас үшін, көлемінің шағын болуы, жауапта дәлсіздік немесе көп сипаттылықты болдырмауды, оның әрі қысқа, әрі жинақы болуын, тапсырма мен жауаптағы дәлдік пен айқындықты қамтамасыз етуді т.б. талап етеді.

Тестік бақылаудың ерекшелігі:

– тест – бағалау нәтижесін нақты көрсетеді;

– уақытты үнемді пайдалануға мүмкіндік туғызады;

– бақылау бір мезгілде барлық оқушыларды қамтуға қол жеткізеді;

– тест жұмысын атқару барысында барлық оқушылар бірдей тең жағдайда болады.

Рейтинг-тестік бақылау түрлеріне:

– күнделікті немесе ағымдық (текущий);

– аралық (рубежный);

– қорытынды (итоговый) бақылау жатады.

Күнделікті немесе ағымды бақылау әрбір модульдер бойынша жүргізіледі. Ол курстың белгілі бір тараулары немесе бөліктері, күрделі тақырыптары аяқталған кезеңде ұйымдастырылады.

Аралық бақылау – әрбір модульдер аяқталған кезеңде жүргізіледі.

Қорытынды бақылау: сынақ, емтихан. Сынақ бақылаудың дәстүрлі тәсілдері арқылы жүргізіледі. Емтихан тестік форма негізінде жүргізіледі.

Бақылауда рейтинг-тестік жүйесін қолдану ерекшелігі, оқу материалдары логикалық тұрғыдан аяқталған бөлік немесе тарау болып саналатын модульдерге (блоктарға) біріктіріледі. Модульдердің саны оқу пәндерінің мазмұнының көлеміне байланысты белгіленеді.

Модульдық құрылым оқу материалының белгілі бір бөліктерінен (порция) тұрады. Әрбір модуль нақтылы міндеттерден және өз бетінше тереңдетіп оқу тақырыптары мен тапсырмаларынан құрылады.

Мектепте қазіргі кезге дейін баға беру саласында «5» балдық жүйелер қолданылады. «5» бағасы – оқу материалын толық, дәл логикалық бірізділікпен айтып жауап береді. «4» – оқу материалын толық біледі, бірақ болар-болмас кемшілігі бар. «3» – жауабы негізінде дұрыс, толық емес. «2» – жауабы қате, елеулі кемшіліктері бар. «1» – білімі жоқ, өрсекел қателер үшін қолданылады.

Сынақ (зачет) – белгілі бір тарау немесе тақырып бойынша мұғалімнің қолданылған тексерудің барлық түрлерін ескере отыра өткізіледі.

Ол оқу бағдарламаларының негізгі бөлімдері мен тақырыптардағы білім, білік, дағдыны жүйеге келтіру, тереңдету міндеттерін шешеді.

Емтихан – оқушылардың білімін қорытынды тексерудің және бағалаудың арнаулы формасы. Ол оқушылардың білімін жинақтауға және бір жүйеге келтіруге, оқуға ынталандыруға, оқу жұмысының сапасын арттыруға көмектеседі. Емтихан мен жылдық үлгерім бағаларынан педагогикалық кеңестің шешімі бойынша қорытынды бағалар шығарылады.

Оқушылардың дербестігін, белсенділігін арттыруда оларды өз жұмыстарының нәтижесін бағалай білуге үйретудің тәрбиелік маңызы зор.