Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ГРАЖДАНСКИЙ КОДЕКС РК Общая часть (каз.яз.).doc
Скачиваний:
5
Добавлен:
17.08.2019
Размер:
1.28 Mб
Скачать

2. Бағалы қағаздар

 

ҚР 05.03.97 ж. № 80-I Заңымен 129-бап өзгертiлді; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 129-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

129-бап. Бағалы қағаздар

1. Бағалы қағаз - мүлiктiк құқықты куәландыратын белгiлi бiр жазбалар мен басқа да белгiлердiң жиынтығы.

2. Бағалы қағаздарға акциялар, облигациялар және бағалы қағаздардың осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен айқындалған өзге де түрлерi жатады.

3. Бағалы қағаздар шығарылым нысаны бойынша:

1) құжатты және құжатсыз;

2) эмиссиялық және эмиссиялық емес;

3) атаулы, ұсынбалы және ордерлiк бағалы қағаздар болып бөлiнедi.

Құжатты бағалы қағаздар - құжатты нысанда (бағалы қағаздың мазмұнын арнаулы техникалық құралдарды пайдаланбай-ақ тiкелей оқу мүмкiндiгi болатын қағаз немесе өзге материалдық жеткiзушi) шығарылған бағалы қағаздар.

Құжатсыз бағалы қағаздар - құжатсыз нысанда (электрондық жазбалар жиынтығы түрiнде) шығарылған бағалы қағаздар.

Эмиссиялық бағалы қағаздар - бiр шығарылым шегiнде осы шығарылым үшiн бiрдей жағдай негiзiнде орналастырылатын және айналымда болатын, бiртектi белгiлерi мен реквизиттерi бар бағалы қағаздар.

Эмиссиялық емес бағалы қағаздар - осы тармақтың төртiншi бөлiгiнде көрсетiлген белгiлерге сәйкес келмейтiн бағалы қағаздар.

Атаулы бағалы қағаз - ол куәландырған құқықтардың онда аталған тұлғаға тиесiлiгiн растайтын бағалы қағаз.

Ұсынбалы бағалы қағаз - ол куәландырған құқықтардың бағалы қағазды ұсынушыға тиесiлiгiн растайтын бағалы қағаз.

Ордерлiк бағалы қағаз - ол куәландырған құқықтардың онда аталған тұлғаға, ал оларға осы құқықтар осы Кодекстiң 132-бабының 3-тармағында көзделген тәртiппен берiлген жағдайда, басқа тұлғаға тиесiлiгiн растайтын бағалы қағаз.

4. Осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен бағалы қағаздардың белгiлi бiр түрiн қайсыбiр нысанда шығару мүмкiндiгiне жол берiлмеуi мүмкiн.

 

ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 282-1 Заңдарымен 130-бап өзгертiлдi; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 130-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

130-бап. Бағалы қағазға құқықтарды растау

1. Бағалы қағаздың өзi құжатты бағалы қағазға құқықты растау болып табылады. Құжатты бағалы қағаздар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысына сақтауға берiлген жағдайда, оның есебiн жүргiзу мақсатында осы кәсiби қатысушы ашқан шоттан алынған үзiндi көшiрме оған берiлген лицензияға сәйкес уәкiлеттiнiң осы бағалы қағазды осылай сақтауға құқығын растау болып табылады. Құжатты бағалы қағаз бен аталған шоттан берiлген үзiндi көшiрменiң арасында алшақтық болған кезде үзiндi көшiрмеге басымдық берiледi.

2. Бағалы қағаздар рыногының өзiне берiлген лицензияға сәйкес бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеуге уәкiлеттi кәсiби қатысушысындағы бағалы қағаздың есебiн жүргiзу мақсатында ашылған шоттан үзiндi көшiрме құжатсыз бағалы қағазға құқықты растау болып табылады.

3. Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының бағалы қағаздардың есебiн жүргiзуге арналған шоттарды ашу және жүргiзу тәртiбi, сондай-ақ осындай шоттардан берiлетiн үзiндi көшiрменiң мазмұны мен ресiмделуiне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.

 

131-бап. Бағалы қағазға қойылатын талаптар

1. Бағалы қағаздармен куәландырылатын құқықтардың түрлерi, бағалы қағаздардың мiндеттi реквизиттерi, бағалы қағаз нысанына талаптар және басқа да қажеттi талаптар заң құжаттарымен немесе соларда белгiленген тәртiп бойынша белгiленедi.

2. Бағалы қағаздың мiндеттi реквизиттерi болмауы немесе бағалы қағаздың ол үшiн белгiленген нысанға сәйкес келмеуi оның жарамсыз болуына әкелiп соқтырады.

 

ҚР 02.03.98 № 211-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 132-бап өзгертілді; ҚР 03.06.03 ж. № 426-II Заңымен 132-бап толықтырылды

132-бап. Бағалы қағаз бойынша құқықтар беру

1. Ұсынушыға бағалы қағазбен куәландырылған құқықты басқа адамға беру үшiн бағалы қағазды сол адамға тапсыру жеткiлiктi.

2. Атаулы бағалы қағазбен куәландырылған құқықтар талапты (цессияны) жеңiлдету үшiн белгiленген тәртiп бойынша берiледi. Бағалы қағаз бойынша құқық берушi адам осы Кодекстiң 347-бабына сәйкес бұл талапты орындау үшiн емес, тиiстi талаптың жарамсыздығы үшiн жауапты болады. Атаулы бағалы қағаз бойынша құқықтарды басқа адамға берген кезде берiлетiн қағаз жойылады, ал оның жаңа иесiне басқа бағалы қағаз берiледi.

2-1. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар беру және солар бойынша құқықтарды растау ерекшелiгi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен айқындалады.

3. Ордерлiк бағалы қағаз бойынша құқықтар бұл қағазға берiлген жазу - индоссамент арқылы берiледi. Ордерлiк бағалы қағаз бойынша құқық берушi адам (индоссант), жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, құқықтың болуы үшiн ғана емес, оның жүзеге асырылуы үшiн де жауапты болады.

Бағалы қағазда жасалған индоссамент бағалы қағазбен куәландырылған барлық құқықтарды бағалы қағаз бойынша құқықтар берiлетiн адамға - (индоссантқа) немесе соның бұйрығына ауыстырады. Индоссамент бланкiлiк болуы мүмкiн (орындауға тиiс адам көрсетiлмейдi).

Бағалы қағазбен куәландырылған құқықтарды жүзеге асыру, бұл құқықтарды индоссантқа бермей-ақ (сену индоссаментi) индоссаментке тапсырумен ғана шектелуi мүмкiн. Бұл жағдайда индоссант өкiл ретiнде әрекет жасайды.

 

ҚР 03.06.03 ж. № 426-II Заңымен 133-бап толықтырылды

133-бап. Бағалы қағаз бойынша орындау

1. Бағалы қағазды берген адам және оны индоссиялаған барлық адамдар, жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, оның заңды иесiнiң алдында бiрге жауап бередi. Бағалы қағаздың заңды иесiнiң сондай қағазбен куәландырылған мiндеттемесiн бағалы қағаз бойынша мiндеттенгендердiң арасынан бiр немесе бiрнеше адамның орындауы туралы талабын қанағаттандырған ретте олар бағалы қағаз бойынша өздерiнен бұрын мiндеттенген өзге адамдарға керi талап қою (регресс) құқығына ие болады.

2. Мiндеттеменiң негiзi болмауын не оның жарамсыздығын сылтауратып бағалы қағазбен куәландырылған мiндеттеменi орындаудан бас тартуға жол берiлмейдi.

3. Бағалы қағаздың жалғандығын немесе жасандылығын байқаған бағалы қағаз иесi өзiне қағазды берген адамға, бағалы қағазбен куәландырылған мiндеттеменi лайықты орындау туралы және залалдардың орнын толтыру туралы талап қоюға құқылы.

4. Заңсыз иеленушiнiң қолындағы бағалы қағаз бойынша құқықтар жүзеге асырылмауға тиiс.

 

134-бап. Бағалы қағазды қалпына келтiру

Жоғалған бағалы қағаз бойынша және ордерлiк бағалы қағаз бойынша ұсынушы құқығын қалпына келтiрудi iс жүргiзу заңдарында көзделген тәртiппен сот жүргiзедi.

 

ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 135-бап алынып тасталды (бұр. ред. қара)

 

ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 282-1 Заңдарымен 136-бап өзгертiлдi; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 136-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) 136-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

136-бап. Облигация

1. Облигация - шығару кезiнде айналыс мерзiмi алдын ала белгiленген, оны шығару шарттарына сәйкес облигацияны шығарған тұлғадан ол бойынша сыйақы алу және оның айналыс мерзiмiнiң аяқталуы бойынша облигацияның ақшалай немесе өзге де мүлiктiк балама түрдегi нақты құнын алу құқығын куәландыратын бағалы қағаз.

2. Облигациялар тек атаулы эмиссиялық бағалы қағаздар ретiнде шығарылады.

3. Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, коммерциялық ұйымдар облигациялар шығаруға құқылы.

4. Облигациялардың түрлерi және оларды шығару тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.

 

137-бап ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен алып тасталды

 

138-бап ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен алып тасталды

 

ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 21.05.02 ж. № 323 Заңдарымен 139-бап өзгертiлдi; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 139-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); ҚР 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара) Заңымен 139-бап өзгертiлдi

139-бап. Акция

1. Акция - акционерлiк қоғам шығаратын және акционерлiк қоғамды басқаруға қатысуға, ол бойынша дивиденд және акционерлiк қоғам таратылған жағдайда оның мүлкiнiң бiр бөлiгiн алуға құқықтарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де құқықтарды куәландыратын бағалы қағаз.

2. Акциялар тек атаулы эмиссиялық бағалы қағаздар ретiнде шығарылады.

3. Акциялардың түрлерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленедi.

Акцияларды шығару тәртiбi Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарымен белгiленедi.

4. Акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар өз акциялары бойынша дивидендтер төлеудi жүзеге асырмайды.

5. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзiнiң әрекетiмен немесе әрекетсiздiгiмен акционерлiк қоғамның мүддесiн бұзған акционерден акцияларды сот шешiмi бойынша сатып алу мүмкiндiгi көзделуі мүмкiн.

Банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарында Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленген тәртiппен есептелетiн меншiктi капиталдың тepic мөлшерi болған жағдайда, олардың акцияларын мәжбүрлеп сатып алудың мүмкiндiгi мен негiздемесi көзделуi мүмкiн.

 

2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 139-1-баппен толықтырылды

139-1-бап. Банктік депозит сертификаты

Банктік депозит сертификаты - өз ұстаушысының шығару шарттарында белгіленген айналыс мерзімі аяқталғаннан кейін не ол аяқталғанға дейін номиналды құнын, сондай-ақ шығару шарттарында белгіленген мөлшерде сыйақы алу құқығын растайтын атаулы эмиссиялық емес бағалы қағаз.

 

ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 140-бап алынып тасталды