Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ГРАЖДАНСКИЙ КОДЕКС РК Общая часть (каз.яз.).doc
Скачиваний:
5
Добавлен:
17.08.2019
Размер:
1.28 Mб
Скачать

1. Жалпы ережелер

 

115-бап. Азаматтық құқық объектiлерiнiң түрлерi

1. Мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтар азаматтық құқық объектiлерi бола алады.

2. Мүлiктiк игiлiктер мен құқықтарға (мүлiкке): заттар, ақша, соның iшiнде шетел валютасы, құнды қағаздар, жұмыс, қызмет, шығармашылық интеллектуалдық қызметтiң объектiге айналған нәтижелерi, фирмалық атаулар, тауарлық белгiлер және бұйымды дараландырудың өзге де құралдары мүлiктiк құқықтар мен басқа да мүлiк жатады.

2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды

2-1. Ақшаға және ақшалай міндеттемелер бойынша құқықтарға (талаптарға) (ақша төлеу жөніндегі талап ету құқықтарына), егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе немесе міндеттеме мәнінен туындамаса, тиісінше заттардың немесе мүліктік құқықтардың (талаптардың) құқықтық режимі қолданылады.

3. Жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарға: жеке адамның өмiрi, денсаулығы, қадiр-қасиетi, абырой, игi атақ, iскерлiк бедел, жеке өмiрге қол сұқпаушылық, жеке құпия мен отбасы құпиясы, есiм алу құқығы, автор болу құқығы, шығармаға қол сұқпаушылық құқығы және басқа материалдық емес игiлiктер мен құқықтар жатады.

 

116-бап. Азаматтық құқық объектiлерiнiң айналым қабiлеттiлiгi

1. Азаматтық құқық объектiлерi, егер ол айналымнан алынып тасталмаса немесе айналымға шек қойылмаса, бiр адамнан екiншi адамға әмбебап құқықты мирасқорлық (мұрагерлiк ету, заңды тұлғаны қайта құру) тәртiбiмен не өзге де әдiспен еркiн берiледi немесе ауысады.

2. Берiлуге рұқсат етiлмейтiн заттардың түрлерi (айналымнан алынып тасталған заттар) заң құжаттарында тiкелей көрсетiлуге тиiс.

3. Айналымның белгiлi бiр қатысушысына ғана тиесiлi болуы мүмкiн не алынуына немесе берiлуiне арнайы рұқсат бойынша (айналым қабiлеттiгi шектеулi заттар) жол берiлетiн заттардың түрлерi заңдарда белгiленедi.

4. Жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтар заң құжаттарында белгiленген реттердi қоспағанда, басқа әдiспен берiлмейдi және ауыспайды.

 

ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 117-бап өзгертiлдi

117-бап. Қозғалмайтын және қозғалатын мүлiк

1. Жылжымайтын мүлiкке (жылжымайтын дүние, жылжымайтын зат) жер учаскелерi, үйлер, ғимараттар, көпжылдық екпелер және жермен тығыз байланысты өзге мүлiк, яғни орнынан олардың мақсатына сай емес шығынсыз ауыстыру мүмкiн болмайтын мүлiк жатады.

2. Мемлекеттiк тiркеуге жататын әуе және теңiз кемелерi, iшкi сауда жүзу кемесi, "өзен-теңiз" жүзу кемесi, ғарыштық объектiлер де қозғалмайтын заттарға теңестiрiледi. Заң құжаттары бойынша қозғалмайтын заттарға өзге мүлiктер де жатқызылуы мүмкiн.

3. Қозғалмайтын заттарға жатпайтын мүлiк, оның iшiнде ақша мен бағалы қағаздар қозғалатын мүлiк деп танылады. Заң құжаттарында көрсетiлгеннен басқа реттерде қозғалатын мүлiкке құқықтарды тiркеу талап етiлмейдi.

 

ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 118-бап өзгертiлдi

118-бап. Қозғалмайтын мүлiктi мемлекеттiк тiркеу

1. Қозғалмайтын заттарға меншiк құқығы мен басқа да құқықтар, бұл құқықтарға шек қою, олардың пайда болуы, ауысуы және тоқтатылуы мемлекеттiк тiркелуге тиiс.

2. Меншiк құқығы, шаруашылық жүргiзу құқығы, оралымды басқару құқығы, бiр жылдан астам мерзiмге жер пайдалану құқығы, бiр жылдан астам мерзiмге пайдалану құқығы, жылжымайтын мүлiктi кепiлге беру, жылжымайтын мүлiкке рента, сенiм бiлдiру арқылы басқару құқығы мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден бастап пайда болады.

3. Қозғалмайтын мүлiкпен жасалатын мәмiле осы Кодекстiң 4-тарауындағы ережелер сақтала отырып, мемлекеттiк тiркелуге тиiс.

4. Қозғалмайтын мүлiкке құқықты және онымен жасалатын мәмiленi мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырушы орган құқық иеленушiнiң өтiнiшi бойынша тiркелген құқық немесе мәмiле туралы құжат беру арқылы не тiркеу үшiн табыс етiлген құжатқа жазба жасау арқылы тiркеуден өткендiгiн растауға мiндеттi.

5. Қозғалмайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалған мәмiленi мемлекеттiк тiркеу жария түрде өтедi. Тiркеудi жүзеге асырушы орган жасалған тiркеу мен тiркелген құқықтар туралы ақпаратты кез келген адамға беруге мiндеттi.

6. Қозғалмайтын мүлiкке құқықты немесе онымен жасалатын мәмiленi мемлекеттiк тiркеуден бас тартқан не тiркеуден негiзсiз жалтарған жағдайда сотқа шағым жасалуы мүмкiн.

7. Мемлекеттiк тiркеу тәртiбi және тiркеуден бас тарту негiздерi осы Кодекске сәйкес қозғалмайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiленi тiркеу туралы Қазақстан Республикасы Заңымен белгiленедi.

 

ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 119-бап толықтырылды

119-бап. Кәсiпорын

1. Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру үшiн пайдаланылатын мүлiктiк кешен құқық объектiсi түрiндегi кәсiпорын деп танылады.

Кәсiпорын тұтасымен мүлiктiк кешен ретiнде қозғалмайтын мүлiк деп танылады.

2. Мүлiктiк кешен ретiнде кәсiпорынның құрамына оның қызмет етуiне арналған мүлiктiң барлық түрлерi, соның iшiнде үйлер, ғимараттар, жабдықтар, құрал-саймандар, шикiзат, өнiмдер, жер учаскесiне құқық, талап ету құқықтары, борыштар, сондай-ақ оның қызметiн дараландыратын белгiлерге құқықтар (фирмалық атау, тауар белгiлерi) және, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, басқа да айрықша құқықтар енедi.

3. Кәсiпорын тұтасымен немесе оның бiр бөлiгi сатып алу-сату, кепiлге, арендаға беру және заттық құқықтарды белгiлеуге, өзгертуге және тоқтатуға байланысты басқа да мәмiлелер объектiсi болуы мүмкiн.

4. Мүлiк кешенi ретiндегi кәсiпорын құрамындағы борыштарды берген кезде несие берушiлердiң құқықтарына осы Кодекстiң 48-бабында көзделген тәртiппен кепiлдiк берiледi.

 

120-бап. Бөлiнетiн және бөлiнбейтiн мүлiк

1. Мүлiк бөлiнетiн және бөлiнбейтiн болуы мүмкiн.

Бөлiнетiн мүлiк дегенiмiз - бөлу нәтижесiнде бөлiктерi өз мақсатын (мiндетiн) жоғалтпайтын мүлiк.

Бөлiнбейтiн мүлiк дегенiмiз - өзiнiң шаруашылық мақсатын (мiндетiн) өзгертпей бөлуге болмайтын немесе заң құжатында ұйғарылуына қарай бөлуге жатпайтын мүлiк.

2. Құқық объектiлерi ретiнде бөлiнбейтiн заттардың ерекшелiктерi заңдарда белгiленедi.

 

121-бап. Күрделi заттар

1. Егер әртектi заттар оны бiрiгу мәнi белгiлейтiн мақсаты бойынша пайдалануға мүмкiндiк беретiн бүтiн бiр затты құрайтын болса, олар бiр зат (күрделi зат) деп қаралады.

2. Күрделi зат жөнiнде жасалған мәмiленiң күшi, егер шартта өзгеше белгiленбесе оның барлық құрамдас бөлiктерiне қолданылады.

 

122-бап. Басты зат және керек-жарақ

Керек-жарақ, яғни басты затқа қызмет етуге арналған және ортақ шаруашылық мақсатқа қолданылуы сонымен байланысты болатын зат, егер заңдарда немесе шартта өзгеше белгiленбесе, басты затқа iлесiп жүредi.

 

123-бап. Жемiстер, азық-түлiк және табыстар

Мүлiктердi пайдалану нәтижесiнде алынған түсiм (жемiстер, өнiмдер, табыстар), егер заңдарда немесе бұл мүлiктi пайдалану туралы шартта өзгеше көзделмесе, осы мүлiктi заңды негiзде пайдаланушы адамға тиесiлi болады.

 

124-бап. Жануарлар

Заңдарда өзгеше белгiленбегендiктен, жануарларға заттар туралы жалпы ережелер қолданылады.

 

ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 125-бап өзгертiлдi

125-бап. Интеллектуалдық меншiк

1. Осы Кодексте және өзге де заң актiлерiнде белгiленген реттер мен тәртiп бойынша азаматтың немесе заңды тұлғаның шығармашылық интеллектуалдық қызметтiң нәтижелерiне және оларға теңестiрiлген заңды тұлғаны дараландыру құралдарына, жеке немесе заңды тұлғаның өзi орындайтын жұмысының немесе қызметiнiң өнiмдерiне (фирмалық атау, тауар белгiсi, қызмет көрсету белгiсi және т.б.) ерекше құқығы танылады.

2. Шығармашылық интеллектуалдық қызметтiң нәтижелерi мен ерекше құқықтардың (интеллектуалдық меншiктiң) объектiсi болуы мүмкiн даралану құралдарын пайдалануды үшiншi жақтар құқық иеленушiнiң келiсiмiмен ғана жүзеге асырылады.

 

126-бап. Қызметтiк және коммерциялық құпия

1. Үшiншi жаққа белгiсiз болуына байланысты ақпараттың нақты немесе потенциалды коммерциялық құны болып, онымен заңды негiзде еркiн танысуға болмайтын және ақпаратты иеленушi оның құпиялылығын сақтауға шара қолданатын ретте, қызметтiк немесе коммерциялық құпия болып табылатын ақпарат азаматтық заңдармен қорғалады.

2. Мұндай ақпаратты заңсыз әдiстермен алған адамдар сондай-ақ еңбек шартына қарамастан қызметшiлер немесе азаматтық-құқықтық шартқа қарамастан контрагенттер қызметтiк немесе коммерциялық құпияны жария етсе, келтiрiлген залалдың орнын толтыруға мiндеттi.

 

127-бап. Ақша (валюта)

1. Қазақстан Республикасының ақша бөлiнiсi теңге болып табылады.

2. Теңге Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында өз құны бойынша қабылдануға мiндеттi заңды төлем құралы болып табылады.

3. Қазақстан Республикасы аумағында төлемдер қолма қол төлеп және қолма қол төлемей есеп айырысу түрiнде жүзеге асырылады.

4. Қазақстан Республикасы аумағында шетел валютасымен есеп айырысудың реттерi, тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.

 

128-бап. Валюталық қазыналар

1. Валюталық қазыналар деп танылатын мүлiк түрлерi және олар арқылы мәмiлелер жасау тәртiбi заң құжаттарында белгiленедi.

2. Валюталық қазыналарға меншiк құқығы Қазақстан Республикасында жалпы негiздерде қорғалады.