Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

АЗА ХАНДЫЫ

.docx
Скачиваний:
16
Добавлен:
08.03.2016
Размер:
18.68 Кб
Скачать

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА – 550 ЖЫЛ: ТАРИХ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТ

Жүректің түріп құлағын,

Ойланып тағы қарашы.

Кімсің сен, қайда тұрағың,

Енді қайда барасың?

Омар Хайям.

Тарих толқынында небір даңқты батырлар, жаужүрек қолбасшылар, жер-жаһанды дүркіреткен алып патшалар, солар басқарған «айдаһардай» алып мемлекеттер және осылардың көлеңкесінде, езгісінде өмір сүрген, көзін ашса көргені құлдық болған талай-талай мемлекеттер өмір сүрді. Жаратқанның құдіреттілігі қай заманда да адамзат біткенді тағдыр тәлкегінен құтқарған емес, болуы тиіс заңдылық пешенедегіден айна қатесіз орындалады, мұны тарих қалың кітабына түсіріп, желісіне қарай әспеттейді. Дәл сол сияқты кең-байтақ қазақ жерінің иелері «қазақ» ұлтының да басынан небір қилы замандар өтті емес пе?! Біз, қазақ, ежелден жаны жомарт, пейілі кең, меймандос, қонақжай халықпыз ғой. Қаншама қиындықты басынан өткеріп, бүгінге береке-бірлігіміз бекем күйінде жеткенімізге Аллаға мың шүкір. Алғаш он бесінші ғасырдың орта шенінде қазақ тайпаларының басын қосып, Керей мен Жәнібектей «елім» деп еңіреп, «халқым» деп тебіренген жаужүрек азаматтар қазақтың тек өзі иелік ететін, тек өзі билік айтатын хандығымызды құрды. Ұлы даламызда биыл 550 жылдық дүбірлі той, тарихи той. Арғы-бергі тарихымызға көз жіберсек, сана-сезіміміз серпіліп, алға көз жібермес бұрын, өткеннің тәжірибесінен сабақ алсақ, құптарлық-ақ жәйт емес пе?! Қай жағынан келсек те, бұл мерейлі тойдың болмысы дара, бітімі бөлек. Өз алдына дербестік алып, жаңа хандықтың іргесін көтерген Әз Жәнібек пен Керей хандарымыздың армандары асқақ еді. Кез-келген ұлт үшін дербес, тәуелсіз болудан ыстық, қастерлі ұғым болмаса керек. Қазақ елінің басынан небір алмағайып замандар өтті. Айтқан ауызға жеңіл, әйтпесе, халқымыз жүріп өткен жол – үлкен сын өткел, мәртебелі белес, жұртымыздың жадынан өшпейтін алтын әріпті ақиқат. Қазақ елі өз тарихында небір қиындықтарды басынан кешірген, сан рет қирап, сан рет бой түзеген, осынау ұзақ көште жақсыны да, жаманды да көрген. Қазақтың «Қаратаудың басынан көш келеді» деп зарлағаны, «Зар, зар заман, зар заман» деп Мұрат ақынның қабырғасы қайыса күңіренгені, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп Абайдың күйзеліп, пұшайман болғаны осы тұс еді.

Бүгінде ел есін жиды, еңсесін көтерді. Мың өліп, мың тірілген халқымыздың тарихи тағдырының ең бір тар жол, тайғақ кешу, тауқыметті тұстарынан жүрегінің түбі, табанының бүрі, көңілінің нұры бар қолбасшыларының арқасында аман өтті. Өскелең ұрпақ сол ата-бабасын жадында мәңгі сақтап, қазақтың небір марғасқаларымен мақтанып, қазіргі шат-шадыман күлкіге толы өмірлері кімдердің арқасында болғанын біліп, жатқа айтып жүрсе нұр үстіне нұр болар еді. Халқының саны 200 мыңнан асатын моңғол халқы өздерінің жас өскіндеріне бала күнінен «Сенің Шыңғыс хандай жарты әлемді жаулап алған бабаң болған» деп үйретеді екен. Олар Шыңғыс ханның ұрпағымыз деп кеудесін кере мақтанады. Бізде де осылай үлгі ететін хандарымыз, бектеріміз көп-ақ. Тек олардың есімдерін күнделікті тәрбие құралы ретінде пайдалана бермейтініміз өкінішті. Мектеп бағдарламасындағы 1-2 беттік мәліметпен шектеліп жатамыз қашан да. Әрине, қазақтың тарихында да, қазақтың әдебиетінде де қазақ халқының басынан өткерген небір зұлматты оқиғалар қағаз бетіне түсіп жатқаны хақ. Алайда сол екеуін бір-бірімен сабақтастыра, тарихи шындық пен көркемдік шындықты салыстыра оқыту өз деңгейіне әлі жете қойған жоқ. Болашақ ұрпақты тәрбиелеуге қажетті осындай факторлардың жетіспей жатуы себептерінен де Көк Түріктің ұрпағы – тәуелсіз Қазақ елін көп мемлекеттің тани алмай жатқаны мәлім.

Ұлттық деңгейде тойланып өткен 550 жылдық мерейтой өсіп келе жатқан жас жеткіншектердің жүрегін патриоттық сезімге бөлеп, көңілдеріне сеніп ұялатып, көптеген әдеби туындылардың – патриоттық өлеңдердің дүниеге келуіне себепкер болды. Көзді де, көңілді де қуантарлық жай. «Әр қазақ – менің жалғызым» деп жер-дүниені дүрліктіріп жатқан ұрандардың қағаз бетінде немесе интернет жүйелеріндегі сайттарда ғана қалып қоймай, қоғамымызды алға жетелеп, ұлтымыздың ұлылығын паш етуіне септігін қосса екен деп тілейміз. 2015 жылдың басынан қолға алынған игі іс-шара ұлтымызды жарқын жолға бастайтын игілікті істердің көшбасшысы болғай!

Ұлы дала ұландары! Ұлы даламыздың асыл әже, ардақты аналары, иманы мен ибасын сақтаған аяулы қыздары, той құтты болсын! Ұлық халқымыз ұлы даламызда 550 жылдың әлі талайын жасасын деп тілейміз.