Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

Жылы жгеніне байланысты атаулар

.docx
Скачиваний:
19
Добавлен:
24.03.2015
Размер:
107.4 Кб
Скачать

Сапатаев Самат Абдиразакович, ҚазҰУ, 3-курс студенті

Ғылыми жетекші : т.ғ.к., доцент Омаров Ғ.Қ.

ЖЫЛҚЫ ЖҮГЕНІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ АТАУЛАР

Жылқы және оның бейнесі көшпенді халықтардың дәстүрлі мәдениетінде ерекше орын алды. Жылқының қолға үйретілуі көшпенділердің өміріне көптеген өзгерістер мен жаңалықтар алып келді. Олардың қатарына түрлі мақсатта қолданылатын әбзелдерді, арбаны, шалбар мен етікті, қайқы қылышты жатқызуға болады [1, 6]. Жылқы әбзелдерінің пайда болуы жайлы мынандай аңыз бар. “Бірнеше мың жыл бұрын мұсылман патшасы Жәмшид ұзаққа созылған атты жорықтан соң, артын жарақаттап алады. Ауырған жерін жеңілдету үшін жылқысының арқасына иленген нан (қамыр) салғызып мінеді. Ауырған жері жазылып, қамырдың жылқының арқасына келісті пішінге келіп қатая бастағанын байқаған патша, аяғының талғанын қойдыру үшін, жылқы үстінен тұзақ тастап, оған аяғын сала, одан аяғының талғаны қояды. Сонда патша жайма нанның пішініндей етіп, ағаш пен былғарыдан зат жасауды бұйырады. Осылайша ер пайда болады” [2, 157]. Әбзелдердің пайда болуы жылқыны қолға үйретуді тездетіп, оның барынша дами түсуіне және басқа да аудандарға таралуына ықпал етті. Олардың саналуан түрлері кездеседі және барлығы әр түрлі міндетті атқарады.

Жалпы мінуге қолданылатын жылқы әбзелдерін жүген (узда) және ер-тұрман (седло) деп екі топқа бөліп қарастыруға болады [3, 24]. Жүген – жылқыны басқаруға, тілеген жақа бағыттауға, асауды үйретуге және ырыққа көндіруге арналған жылқының басына кигізілетін жабдық болып табылады. Ол желке, маңдай, жақ, иек тұстарына келіп, езуді тартып тастамайтындай немесе бос қалмайтындай етіп жылқы басына жымдастырылады [4, 239]. Жүгеннің өрме арқылы және қайыстан жасалған түрлері бар. Өрме жүген таспадан өріледі, ол қайыс жүгеннен мықтырақ болады [5, 85]. Жүгеннің құрамына ауыздық, сулық, түрлі баулар, тізгін және қосымша жабдықтар кіреді.

Ауыздық (удила) – екі бөліктен құралып, бір-біріне құрастырылу арқылы екі сулықтың арасына бекітілетін әбзел. Ол ауыздың тісі жоқ жеріне түсіп, жылқыны басқару барысында көмегін тигізеді. Ауыздық өзінің даму кезеңінде әр уақытта әртүрлі материалдардан жасалды. Кейінгі орта ғасырлада ауыздықтар күрделене түседі және әшекейлері көбейе бастайды [6, 65]. Бұл жылқы әбзелдерінің ішінде ең қажетті жабдық. Ауыздықсыз жылқымен жолаушы жолға, сарбаз жорыққа шықпаған [7, 5]. Жүгеннің барлық міндеті, қасиеті және негізгі ерекшеліктері осы ауыздыққа байланысты болып келеді.

Сулық (псалии) – ауыздық пен жүген жақтауын шығыршық арқылы жалғастырып тұратын жабдық. Жақтау өз орнында дұрыс тұрып, ауыздық жылқы аузында бір қалыпта қозғалуы үшін жүгенге сулық бекітіледі. Ауыздық пен жақтаудың жылжымалығы тікелей сулыққа қатысты. Бұдан басқа сулыққа тізгін де қосылады [7, 5]. Сулықты көшпенділер жылқыны қолға үйрете бастаған кезде ағаштан, мүйізден, сүйектен және қоладан жасаған. Көне заманнан қазірге дейін сулықтың көптеген түрі кездеседі, бірақ С.И. Руденконың айтуы бойынша ол жылқы басын бұруға арналған [2, 174].

Тізгін (повод) – жылқының басын тежеу, игеру үшін пайдаланылатын, ұштары жүгеннің ауыздық шығыршығына байлану арқылы біріккен бау [8, 70]. Қалыңдығы біркелкі, жұмсақ иленген қайыстан жұмырлығы жуан елідей тілінген, ұзындығы бір құлаштай бұл екі таспа ұстағанға қолайлы болуы үшін сыдырғыдан өткізіп қырналады. Тізгін бір теріден әдейілеп қатар тілінген таспаның қалың және еттілеу жағын тұйықтап жасалынады [7, 5].

Жүген негізі бір-бірімен жалғасқан әр түрлі баулардан (ремни) тұрады. Бұл баулар негізінен жүгеннің жылқы басыннан қозғалмауы және түсіп қалмауы үшін қажет. Оларға жақтау, кекілдік, кеңсірік, сағалдырық және желкелік баулар жатады. Жақтау (нащечный ремень) – жүгеннің бір сулығынан басталып, жылқы басынның екі жағы арқылы желкесінен орап келіп, екінші сулығында ұштасатын бөлігі [7, 5]. Ол екі бөліктен сол жақ жақтау және оң жақ жақтаудан тұрады. Оны басқаша мініс жақ жақтауы және қамшылар жақ жақтауы деп те атайды. Мініс жақ жақтауы қысқа болып келеді. Жүгеннің басқа барлық бөліктері жақтауға келіп бірігеді.

Желкелік (затылочный ремень) – жүгеннің жылқы желкесін орай өткен бөлігі. Жүгенді немесе ноқтаны осы желкелік арқылы қысқартады немесе ұзартады. Желкелік мінер жақ жақтауға тоғамен ұштаса бекітіледі.

Кекілдік (налобный ремень) – жылқы маңдайы арқылы құлақтың төмен жағы, көздің жоғарғы жағынан өтетін жүгеннің екі жақтауын тұтастырып тұрған бау. Оны кейде маңдайлық, милық, кекілбасар немесе кекілдірік деп те атайды [8, 63]. Кекілдік ноқтада кездесе бермейді. Оның барлық жүгенде болуы міндетті емес. Көп жағдайда кекілдіктің ортасына өрнектелген бастырма немесе құймалы әшекейлер қойылады.

Кеңсірік (наносный ремень) – жүгеннің жақтауларын жылқының кеңсірігі арқылы өтіп барып жалғастыратын бау. Жылқы басына кигізілген жүген дұрыс тұруы және жылжып кетпеуі үшін қолданылады. Кеңсірік ноқтада болады.

Сағалдырық (подбородочный ремень) – жүгеннің жылқы алқымы астынан оралып келіп жақтауға қосылатын бөлігі. Сағалдырық екі бөлікке бөлініп жасалады. Мінер жағы қысқа болып, қамшылар жағы ұзындау болады. Олар жақтауға тоға арқылы бірігеді [2, 174]. Ноқтада сағақ деген бөлшек болады. Сағақ – ноқта жақтауларының шылбыр тағуға арналған орны. Сағақтың тұйықталған, үзбелі, бір шығыршықты және қос шығыршықты түрлері кездеседі [7, 5].

Жүгеннің қосымша жабдықтарына шылбыр мен шаужайды жатқызуға болады. Олар жүгеннің құрамына кіруі міндетті емес болып табылады.

Шылбыр (чумбур) – жүгеннің мінер жақ сулығына, ноқтаның сағағына тағылатын бау. Ол жылқыны қолмен ұстап тұруға немесе байлап қою үшін пайдаланылады. Шылбыр жұмсақ иленген қайыстан тілініп жасалады. Кейде қайысты ширатып, екі немесе үш қабат етіп те жасайды. Бұғының немесе елік текесінің мойын терісінен жасалған шылбыр қатты болып келеді [7, 5].

Шаужай (подповодок) – ауыздық пен сулық арасына бекітілген ұзындығы сынық өлшем екі бөлшектен тұратын жабдық. Ол жылқыны тежеп басқару үшін қажетті. Жылқы басына жүген салғанда шаужай екі езуге түсіп ауыздық пен сулық арасын жарып өтеді. Шаужай таяқша, жарты ай, жарты таға, жарты шаңырақ түрінде металдан құйылып жасалынады. Оны сәндеу кезінде көбіне бұланның, бұғының, теке мен серкенің, құлжа мен қошқардың, құлан мен жылқының бейнелері қолданылады [2, 174]. Тізгіннің бір жақтауынан бұра тартқан кезде шаужай жылқы езуіне кесе-көлдеңен тұрып, жақ сүйегіне немесе тіске келіп соғылады. Осы арқылы жылқыны тежеуге болады.

Осылайша жылқы жүгенінің құрамындағы жабдықтардың атауларына тоқталып анықтама бердік. Тұрмыстық өмірде немесе құжаттарда, ғылыми еңбектерде немесе ақпараттық шығармаларда, басқа тілден аударғанда жылқы әбзелдерінің атауларын дұрыс қолдану және мағынасын дұрыс жеткізу арқылы жылқы әбзелдерін зерттеу барысында тура түсінік қалыптастырылады. Бұл болашақта жасалатын жұмыстарға да әсерін тигізеді.

Пайдаланылған әдебиеттер :

  1. Тоқтабай А. Ботайдан басталған әлемдік жылқы тарихы // Қазақ әдебиеті, 2010, №45. 19-25 қараша, 6 б.

  2. Тоқтабай А. Қазақ жылқысының тарихы. – Алматы: Алматыкітап 2010. 155-185 б.

  3. Тишкин А.А., Горбунова Т.Г. Методика изучения снаряжения верхового коня эпохи раннего железа и средневековья. Барнаул, 2004. С. 24-46.

  4. Омарқожаұлы Н., Әкімбеков Б. Мал шаруашылығы. – Астана: Фолиант 2010. 204-252 б.

  5. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. – Алматы: 2002. IV том, 85 б.

  6. Бейсебаев А. И. Археологиялық терминдер сөздігі. – Алматы: Өнер 2008. 65 б.

  7. Нұрғалиұлы Н. Жүген // Ана тілі. 1994, 6 қазан. 5 б.

  8. Құралұлы А. Мал шаруашылығына, егіншілікке, аңшылыққа байланысты терминдер мен сөз тіркестерінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Өнер 2007. 57-71 б.

Пазырық кезеңінің жүген құрылысы (Грязнов М.П. бойынша) :

1 – ауыздық; 2 – сулық; 3 – жақтау; 4 – сағалдырық; 5 – кеңсірік; 6 – кекілдірік; 7 – тізгін; 8 – шылбыр;