Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

Makala

.docx
Скачиваний:
10
Добавлен:
24.03.2015
Размер:
56.09 Кб
Скачать

ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ – ТҮРКІСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КЕҢЕСТЕРІНІҢ ОРТАЛЫҚ АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ.

1920 жылы 21 қаңтарда РКП (б) Орталық Комитетінің шақырумен Түрікатком төрағасы И.А.Апин Мәскеу қаласына қызметке аусты да, оның орнына орынбасары Т. Рысқұлов сайланды, бірақ Түрікатком пленумына дейін Т. Рысқұлов бұл қызметті уақытша атқаруға міндетті болған.

Түрікатком төрағасы болып сайланған соң Т. Рысқұлов бұл органды – Түркістанның тарихи-объективті жағдайы мен еркешелігін басшылыққа алып жұмыс жасайтын органға айналдыру үшін оның жұмыс тәсілі мен ішкі құрылымына үлкен өзгерістер енгізе бастайды. Бұл кезде Түрікатком заң шығарушы және атқарушы органға айналған-ды, бұл жағдай оны өз мүмкіндігінен анағұрлым кең ауқымда жұмыс атқаруға мәжбүр етті. Түрікатком барлық кеңес ұйымдарының, ревкомдардың, атқару комитеттерінің жұмыстарын ұйымдастрыру мен қатар, шаруашылық мекемелері мен комиссариаттардың жұмысын да үйлестіріп отыоуға міндетті болды.

Т. Рысқұлов 1920 жылы ақпанда таратқан бұйрығында: «... барлық өлкелік комиссариаттардың ... міндетті түрде Түркістанның жергілікті халықтарының тұрмыс-ерекшеліктері мен салт-дәстүрлеріне сай құрылуын», – талап етеді. Комиссариаттағы Түрікаткомның рұқсатынсыз жалпы республикалық мәні бар бірде-бір мәселені өз бетінше шешпеу қатаң тапсырылды. Сондай-ақ Түрікаткомды айналып өтіп, өз бетінше Түріккомиссиямен не оның жеке мүшесімен байланыс орнатуға талаптанушы мекеме бастығы мен комиссарлар жауапқа тартылатын ескертілді.

Т. Рысқұловтың басшылығымен Түрікаткомның түбірлі жаңа саясат ұстана бастағанынан қауіптенген Түріккомиссия оған астыртын тосқауыл қоюға көшеді. 1920 жылы 18 ақпанда Өлкелік партия комитеті, Түрікатком, Түрікомиссия және республиканың бірнеше комиссариатының басшылары қатынсқан мәжілісте Түріккомиссияның Түркістан майданы жанындағы Еркеше бөлім мен Түркістан Респудликасының Төтенше Комиссиясының (Турчека) біріктіру туралы ұсынысы талқыланады. Еркеше бөлім Түркістан майданы басқармасы арқылы тікелей Мәскеуге, ал Төтенше Комиссия сынды репрессиялық органды Ерекше бөліммен біріктіру арқылы оны Түрікатком құзырынан шығарып алуға әрекеттенді. Т. Рысқұлов мұндай айлалы әрекетке қатты қарсылық білдірді. «Еркеше бөлім мен Төтенше Комиссияның бірігуіне жол беруге болмайды, - дейді Т. Рысқұлов, - өйткені Еркеше бөлім Түркістан майданы Революцтялық-әскери Кеңесіне бағынады, ал Төтенше Комиссия Түрікаткомға бағынуға міндетті. Түрікаткомның Ерекше бөлімге жалынышты болуы ақылға сыйымсыз іс. Ерекше бөлім жергілікті жердің нағыз қожасына айналады және Түрікатком Ерекше бөлімнің өкілдері мен жансыздары (тыңшылары) тарапынан жіберілуі мүмкін түрліше өрескелдіктермен күресе алмайтын қалге ұшырайды. Сондықтан Түрікаткомды жоққа шығаруға болмайды. Орталық өкілін Ерекше бөлімнің бастығы етіп тағайындағанда Түрікаткоммен санасқан жоқ» [27, 108 б.].

Негізгі ойлары мен айла іс-әрекеттерінің сыры ашылып қалғанына наразы болған орыс коммунистері Т. Рысқұловқа бірігуден келер қауіп жоқ деп түсіндіре бастады. Мысалы, өз сөзінде Кактынь былай деді: «Ерекше бөлім мен Төтенше Комиссияның Революциялық-әскери Кеңеске бағынғаннан Түрікаткомға келер қауіп жоқ, себебі Түрікатком Өлкелік партия комитеті арқылы Ерекше бөлім мен Төтенше Комиссияның ұнамсыз және лайықсыз қызметкерлерін кез-келген уақытта алып тастай алады.» Өзінің жауап сөзінде Т. Рысқұлов: «Ерекше бөлім өз қызметін халық бұл мекемеден шошынбайтындай етіп ұйымдастыруы керек. Бұл мақсатқа Ерекше бөлім Революциялық-әскери Кеңестің емес, Түрікаткомның басшылық нұсқаулары арқылы ғана жете алады, өйткені Түрікатком таза әскери мекеме - Революциялық-әскери Кңеспен салыстырғанда халыққа анағұрлым жақынырақ. Мейлі, Төтенше Комиссия Ерекше бөліммен бірге-ақ қойсын, бірақ екеуі де Түрікаткомға бағынатын болсын.» Ал, Түріккоомиссияның дөрекі іс-әрекетіне ыза болған Н.Ходжаев: «егер Түріккомиссия Түрікаткоммен санасқысы келмесе, онда бұл туралы ашық айтсын. Түрікаткоммен санаспау дегеніміз республикада өмір сүріп отырған өкіметті күлкі ету деген сөз»,– деп ашына сұрақ қояды. Бірақ, мәжіліс орыс коммунистерінің дауыс басымдылығымен бұл екі органды да Мәскеуге тікелей бағынатын етіп қаулы қабылдады.

Мәжілісте Ф.И.Голощекин Т. Рысқұловқа жаңа саясат ұстана бастағаны үшін кінәлай келе, былай деді: «...жүргізілер саясаттың барлық бағытын жоғарғы партиялық орган ретінде Өлкелік партия комитеті белгілеп отырады, ал Түрікаткомның міндеті... Өлкелік партия комитетінің пікірін басшылыққа алып, мемлекеттік машинаны белгілі бір бағытта жұмыс істеуге мәжбүр ету болып табылады». Саяси сорақылығы жөнінен Ш.Элиаваның сөзі Ф.И.Голщекиннің сөзінен де асып түсті. «Жолдас Рысқұлов, - дейді Ш.Элиава, - Өлкелік партия комитетінің Түрікаткомнан тыс жүргізер саясатын сынайды Мен Өлкелік партия комитетінің Түрікаткомға басшылық нұсқаулар беріп отыруын талап етем». [28, 241 б.].

Ең жоғары заң шығарушы және атқарушы орган ретінде Түрікаткомның қызметін жергілікті халықтардың өмір жағдайына жақындату – кезек күттірмейтін аса маңызды шара болатын. Түркістан Республикасы тұрғындарының ұлттық құрамы да осы принциптің қатаң сақталуын талап етті. 1920 жылғы деректер Түркістанның жергілікті халықтары оның барлық тұрғындарының 84 пайызы болғанын көрсетеді. 1917 жылы Түркістан өлкесін барлығы 7.668.000 адам мекендеген болса, бұл көрсеткіш 1920 жылы 5.221.963 адамға дейін құлдырады, яғни 3 жылға созылған «социалистік құрылыс» кезінде 2.447.037 адамға кеміді. Әлеуметтік революция тудырған қатыгез азамат соғысы мен сұрапыл аштықтың ауыр зардабын ең алдымен көшпелі қазақ және қырғыз халықтары тартты. 1917 жылы Түркістан өлкесін мекендеген қазақ пен қырғыздардың үлес салмағы тұрғындардың 44,36 пайызын құраса, ал 1920 жылы 30,8 пайызына әзер жетті. Түркістан өлкесінің тарихи-объективті жағдайынан мүлдем бейхабар орыс коммунистері басқарған кеңесөкіметі – жергілікті халықтардың қырғынға ұшырауына басты себепші болды.

Алда тұрған зор мақсаттарды орындау үшін Т. Рысқұлов ең алдымен қатаң мемлекеттік тәртіп орнатып, үйлесімді әкімшілік аппаратқа ие болуға ұмтылды. Республика облыстары мен уездеріндегі нақты жағдайды қатаң бақылауға алып, жергілікті ревкомдар мен атқару комитеттеріндегі шовинистік элементтерді басшылық қызметтерден ығыстырып шығару үшін Т. Рысқұлов 1920 жылы 5 ақпанда «Облыстық Революциялық Комитеттер туралы» уақытша ережелер жариялады. Ереже бойынша Сырдария, Ферғана, Самарқант, Закаспий және Жетісу облыстарында уақытша революциялық комитеттер тағайындалып, олардың қолына облаткомдардың басқару құқықтары берілді. 19ақпанда бұл ревкомдардың басшылығына жергілікті халықтардың өкілдері тағайындалған № 215 арнайы бұйрық жарияланды.

Берекесіздік пен бюрократиялық қойыртпаққа дағдыланып қалған республика комиссариаттары Түрікаткомның жаңа саясатымен санасқысы келмеді де, бұл жағдай Т. Рысқұловты пәрменді шаралар қолдануға мәжбүр етті. 1920 жылы 25 ақпанда Т. Рысқұлов Түрікаткомның арнайы мәжілісін шақырып, онда Түрікаткомға бағынудан бас тартқан Денсаулық сақтау халық комиссары Т.Г.Геллерді орнынан алды.

1920 жылы 1 наурызда Өлкелік партия комитеті, Түріккомиссия мен Түрікаткомның бірлескен мәжілісінде Т. Рысқұловтың І айлық жұмысының есебі тыңдалды. Мен төраға қызметіне кіріскеннен кейін, дейді Т. Рысқұлов, республикадағы барлық комиссариаттардың, мекемелердің және ұйымдардың жұмыстарын жіті тексеріп, істің барысымен нақты танысып шықтым. Бұл комиссариаттардың қызметі Түркістан тұрмысына икемделмеген, басында отырған Орталық өкілдері жергілікті жердің жағдайымен таныс емес. Тексеру кезінде бірде-бір комиссариат өз қызметін анқты баяндап, есеп бере алмады. Барлық комиссариаттарда жергілікті халықтардың өкілдерін мемлекеттік басқару орындарына қасақана тартпау әдеті қалыптасқан, ал «мұсылмандар өздерін өздері басқара білуі қажет, олардың үстінен келімсектер басқаруы тиіс емес». Түріккомиссия Орталықтың өкілі ретінде қиын істе Түрікаткомға қолғабыс жасап, көмектесуші орган болуы тиіс.

Пікірталасты жалғастырған Ш.Элиава былай дейді: «Мұнда кеңес өкіметін құратын ешкім жоқ, мұсылмандар Түркістанда Кеңес өкіметінің еуропалықтардың көмегінсіз құра алмайды... Автономия дегеніміз – бізде әлеуметтік революция мен коммунизм идеясын жүзеге асыру құралы ғана, бірақ ол өзіндік мақсат емес. Егер... біз автономияға мақсат ретінде қарар болсақ, онда Түріккомиссияға бұл жерде бітіретін ештеңе қалмайды»

Т. Рысқұлов Түрікаткомның беделін көтеріп, оны республикадағы ең жоғары саяси мекеме дәрежесіне жеткізу үшін бар мүмкіндікті сарқа пайдалана әрекет етті. Осы мақсатта шақырылған Түрікатком пленумы ірі саяси оқиға болды. 1920 жылы 11 наурызда Түрікатком пленумын аша отырып, Т. Рысқұлов былай дейді: «... жергіліктің халықтың өміріне өатысты белгілі бір декретті жүзеге асыру кезінде олардың жалпы тұрмысының ерекшеліктерін ескеру қажет, ... сондай-ақ біздің коммунистік принциптеріміз шариғат принциптеріне қайшы келмейтін тұста оны тап шариғатқа негіздей отырып халыққа неғұрлым түсінікті, неғұрлым үйреншікті түрде қабылдау керек». Негізгі тұрғындары ислам дінін тұтынып, шариғат заңы бойынша өмір сүріп жатқан республикада діни ерекшеліктерді ескеріп, коммунизм принциптерін шариғат заңымен ымыраластыру туралы пікірі дұрыс емес еді. [29, 241 б.].

Қорытынды баяндамасында Т. Рысқұлов мемлекеттік және экономикалық басқару құрылымында іске асырылып жатқан өзгерістердің мәнін талдап түсіндіреді. Соңғы кезде мемлекеттік басқару құрылымында үлкен өзгерістер басталды, түрліше комиссариаттар жоспарлы жұмыс жүргізе бастады, бірақ «әлі күнге дейін отарлау саясатын ұстанып отырған комиссариаттар аз емес, олар өздерін коммунистерміз деп жариялағандарымен де, отарлау саясатын жүргізуді жалғастыруда. «Бізге, - дейді Т. Рысқұлов, - бұдан былай отаршылықтың қажеті жоқ, біздің болашақтағы атқарар жұмысымыздың басты мақсаты осы отаршылдық рухты жоюға бағытталуы тиіс, бұл біздің кезек күттірмес міндетіміз болуы қажет және мен біз бұл отаршыларды ауыздықтай аламыз деп сенемін».

Түрікатком пленумының 1920 жылы 12 наурыздағы пленарлы мәжілісінің қаулысына сәкес әкімшілік-ұйымдастырушылық және бюджеттік сипаттағы практикалық мәселелерді шешу, конституциялық және жалпы мәселелерді дайярлау, заңдық актілер мен ұсыныстарды әзірлеу, үкімет мекемелері мен түрліше комиссариаттардың қызметін біріктіріп, бірізділікке салу үшін жаңадан Халық Комиссарлар Кеңесі ұйымдастырылды. ХКК құрылуына байланысты Түрікатком жанында әрекет еткен: Қорғаныс, Мәдениет, Ағарту және Эконмика кеңестері таратылды.

Түрікатком мен ХКК-нің республика эконмикасын дағдарыстан шығару, жергілікті және басқару аппаратының жұмысын жоғары ұйымдасқан, ырғақты қалыпқа келтіру, эконмикалық органдар мен ұйымдардың іс-қимылын бірізділікке салу және т.б. аса маңызды шараларына көмектесіп, қолқабыс жасуадың орнына Революциялық-әскери Кеңес республиканың барлық негізгі ұйымдарын орталықтандырып, Түрікатком мен ХКК қолында тек жергілікті маңызы бар мекемелерді қалдыруға тырысты. БОАК-тың Түркістан Республикасының жергілікті органдармен өз бетінше байланыс орнатуы, Түрікатком шығарған шешімдердің күшін оның өзімен келіспей, істің байыбына бармай жоя салуы Түрікаткомның жергілікті халықтың алдында беделін түсіріп, республика басқару органдарының өз күштеріне сенімсіздігін туғызды. Республика мекемелерінің тікелей Мәскеуге ғана бағынуы жергілікті өкіметтің оларға ықпалын жоққа шығарды. Мысалы, Ішкі істер халық комиссариаты өз қызметі мен республиканың сыртқы шекараларындағы жағдайға біз тек «Мәскеу алдында ғана жауаптымыз» деп Түрікаткомға мәлімдеуден бас тартады. Осындай сылтаумен Қаржы комиссариаты да салық мәселесінде Түрікаткомның нұсқаулырымен есептеспейді.

Түрікаткомның заңды талаптарымен есептеспеу кең түрде бел алып бара жатуына байланысты Т. Рысқұлов 1920 жылы 19 сәуірде Түрікаткомның билігіне бойұсынғысы келмеген жергілікті өкімет органдары мен үкімет мекемелерін революциялық уақыттың қатаң талабына сай заң алдында жазалайтындығы туралы ескертті. Т. Рысқұлов республикада тәртіп пен реттілікті орнату үшін билік басындағы партияның құрамында тазалау жүргізу қажеттігін ұсынады. Өлкелік партия комитетінің 1920 жылы 30 сәуірде өткен мәжілісінде Т. Рысқұловтың бұл ұсынысы қызу талқыланып, қолда тапты. Шешендердің көпшілігі Түркістанда отаршылдық саясаттың жалғасып отырғанын, мұсылмандар арасында жұмысшы табының аз болуына байланысты РСФСР-дің орталық аудандарында іске асырылып жатқан коммунистік шаралардың Түркістанның өміріне сай емес екенін атап көрсетті. Сондықтан да Түркістанда: «... таза пролетариат диктатурасын жүзеге асыруға мүмкіндік жоқ, тек кеңестік үлгімен басқаруға болады», - деген иортақ көзқарас білдірді.

Т. Рысқұлов республикадағы оқу-ағарту, көпшілік мәдени шараларын да көп көңіл аударып, бұл салалардағы мекемелердің қалыптасып, тұрақты да жемісті жұмыс істеуіне қолғабыс жасап отырды.

1920 жылы 20 наурызда Т. Рысқұлов Түрікаткомның арнайы мәжілісін шақырып, 22 наурыз бүкілхалықтық мерке – «Наурыз» күні деп жариялау туралы өзі даярлаған бұйрықты қабылдауға ұсынды. 22 наурыз Түркістан Республикасының күн тізбегінде демалыс күн деп белгіленді.

Кең көлемдегі оқу-ағарту, мәдени жұмыстарды өрістету үшін маман кадрлар даярлау ісі шұғыл қолға алына бастады. Т. Рысқұлов істі тез өрістету мақсатымен қатаң әкімшілік шаралар қолдануға да мәжбүр болды. Ол 1920 жылы 22 сәуірде облревкомдарға жіберген бұйрығында: Түркістан Республикасының территориясында тұратын, жасы 16-ға толған, қалалық училищелердің, орыс-түздік мектептердің, медреселердің курстарын бітірген барлық сауатты қазақ азаматтары қысқа мерзімді уездік-қалалық және өлкелік педагогикалық курстарға түсуі үшін 10 мамырдан кешікпей Ташкент не Шымкент қалаларына жеткізуді тапсырады. Бұл бұйрыққа бағынғысы келмеген мұғалімдерді куәліктерінен айырып, жауапқа тарту туралы ескертілді.

Т. Рысқұлов Түрікатком төрағасы болып сайланғаннан кейін 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің зардаптарын жою, босқындарды туған өлкесіне қайтару жұмыстарын жаңа деңгейде жүргізу үшін қосымша мүмкіндіктерге ие болды. Мұсбюроның талап етуімен 1919 жылы күзде құрылған Түрікаткомның босқын қазақ-қырғыз халқына көмектесу туралы ерекше комиссияның жаңа құрамы бекітілді. Барлық облыстық, қалалық-уездік, болыстық-селолық, ауылдық-ревкомдар мен атқару комитеттерінің басшылары мен жергілікті әскери бөлімдердің командирлері Түрікаткомның ерекше комиссиясының жұмысына қолғабыс жасауына міндеттелінді. Түрікаткомның бұл бұйрығын орындаудан бас тартқан және ерекше комиссия қызметіне кесір келтірген адамдарды Революциялық Трибуналдың сотына берудің тәртібі бекітілді.

1920 жылы 24 наурызда Т. Рысқұлов Өлкелік партия комитеті, Түрікатком, Түріккомиссия және Жер шаруашылығы халық комиссариатының мүшелерін қатынастыра отырып Жетісу облысының жағдайын талқыға салады. Мәжіліс қаулысында Т. Рысқұловтың: Жетісу халқын түгел және толық қарусыздандыру, әскери бөлімдерді алмастыру, қазақтардың тоналған мүліктерін, ата қоныс жерлерін қайтарып беру, облыста өзара біріктірілген әскери-азаматтық өкімет мекемелерін құру туралы ұсыныстары қабылданды. Түрікаткомның 1920 жылғы 30 наурыздағы мәжілісі Т. Рысқұловтың ұсынуымен орыс шаруаларының жергілікті халықтан тартып алған жерлерін, тіпті ол жерлерде соңынан құрылыстар жүргізгеніне қарамай-ақ, қазақтарға қайтару туралы шешім шығарды. Өлкелік партия комитетінің 1920 жылғы 31 наурызда өткен пленарлы мәжілісінде Т. Рысқұловтың ұсынысы бойынша тағы да Жетісу облысының жағдайы талқыланады. Мәжілісте Т. Рысқұлов өзінің Жетісу облысы бойынша әзірлеген атақты тезистерін жариялайды.

Бұл тезистерде кеңес өкіметінің Жетісу облысындағы саяси, әлеуметтік, эконмикалық және ұлттық саясатының қалай жүргізілуі тиіс екені толығымен атап көрсетілген. Облыс тұрғындарының ұлттық және әлеуметтік ерекшеліктері жан-жақта талданып, әрбір әлеуметтік тап пен ұлт өкілдеріне қатысты саясаттың бағыттары ұсынылған. [30, 145 б.].

Т. Рысқұлов Жетісудың босқын қазақ және қырғыз халықтарын орналастыру шараларына арнап республикалық қордан, сол кез үшін орасан көп мөлшер болған, 100.000.000 сом қаржы бөлдіртті.

1920 жылы наурыз-сәуір айларында Түрікаткомның Түріккомиссия және Республикалық-әскери Кеңестің басшыларымен арақатынасы бұрынғыдан да шиеленіскен сипат алды. Т. Рысқұлов Кеңестердің IX-шы және ТКП-ның Ү-ші съездерін шақырып, өз саясатын ресми мақұлдап алуды көздейді. Осы мақсатта арнайы құрылған Съездерді шақыру туралы комиссия жұмыс істей бастайды.

Т. Рысқұлов Түркістан Республикасының саяси-мемлекеттік егемендігі жолындағы саяси күрескер болды. Республиканы түркі тілдес халықтардың ұлттық мемлекетіне айналдыру үшін қажырлы күрес жүргізді. Республика егемендігі – саяси, экономикалық, дипломатиялық, әскери және мәдени мәселелер бойынша нақты болуы тиіс дербестік құқықтарын қамтитын. Бұл салалардың барлығы да Орталықтың тізгінінде, Түріккомиссияның құзырында еді. Берілетіндігі туралы революция емеурін білдірген осы құқықтарға ие болу үшін берісі – Түріккомиссия, арысы – Мәскеудегі Орталықпен және жергілікті орыс коммунистерімен алысуға тура келді. Күштердің ара салмағы тең емес еді, әрі бұған жергілікті коммунистердің басым бөлігінің саяси сауатсыздығы, батылсыздығы қатты кесір етті. Түркістан шегінде күресе отырып қандай да бір жеңіске жету мүмкіндігі қиындай бастады. Үміт тікелей В.И.Ленинге артылды.

Барлық даулы мәселелерді тікелей В.И.Лениннің алдында шешіп келу мақсатымен 1920 жылы 4 мамырда Түркістан Республикасының өкілетті делегациясы тағайындалды. Делегация құрамына үш негізгі – Т. Рысқұлов, Н.Ходжаев, Г.Бех-Иванов және бірнеше қосалқы мүшелер кірді. Түріккомиссия қарсы бағыттағы комиссия тағайындап, оның жетекшілігін Я.Э.Рудзутакқа тапсырды. Түрікатком төралақсының жұмысын уақытша басқару Н.Бисеровқа жүктелді.

Т. Рысқұлов басқарған Түркістан Республикасының өкілетті делегациясының мандатына оның мақсаты былай деп белгіленген: «Түркістан Республикасы Кеңестері Орталық Атқару Комитетінің жолдас Т. Рысқұлов басқарған делегациясы РСФСР-дің Орталық Үкіметіне Түркістан Республикасының жағдайы туралы баяндау және Халық Комиссарлар Кеңесі мен Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетіне төмендегідей мәселелерді шешу үшін Мәскеу қаласына жіберілсін: 1). Түркістан Кеңес Республикасының егемендігі және оның Орталық өкіметпен арақатынасы... формасын анықтау; 2). РСФСР мен Түркістан Кеңес Республикасы арасындағы экономикалық қарым-қатынастың формасын белгілеу және қаржы мәселесі; 3). Әскери мәселе; Түркістан майданы және оның аппараттарының өмір сүру мәселесі, Қызыл Армияны-Түркістанның жергілікті халықтарынан жасақтау; 4). РКП (б) Орталық Комитеті мен БОАК-тың Түркістан ісі жөніндегі комиссиясы (Түріккомиссия) мен оның Түркістанда болған кезең ішіндегі қызметі жайлы және ол бқдан былай да өмір сүруге лайық па деген мәселе; 5). РСФСР Орталық үкіметінің құрамында Түркістан Кеңес Республикасы өкілдерінің болуы туралы мәселе;... 6). Түркістан Республикасының өзі шекараласатын шет мелекеттермен сыртқы байланысы және РСФСР құрамындағы өзі шектесетін кеңес ресрубликаларымен арақатынасын анықтау...»

РСФСР аумағында, Мәскеуде жүрген Түркістан Республикасының өкілдері осы делегацияға есеп беріп, тіркеуден өтетіні туралы бұйрық берілді. Сондай-ақ, «... Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы, РКП (б) Өлкелік партия комитетінің мүшесі жолдас Рысқұловқа Башқұрт және Қазақ Кеңес Республикаларының үкіметтерімен» өзара тиімді ақпарат мәліметтер алмастырып отыру үшін келіссөздер жүргізу құқы берілді.

1920 жылы 17 мамырда Мәскеу қаласына Түркістан Республикасының өкілетті делегациясын басқарып келген Т. Рысқұлов, РКП (б) Орталық Комитетінің хатшысы Н.Н.Крестинскийден делегация және Түріккомиссия мүшелерін қатынастыра отырып РКП (б) Орталық Комитетінің мәжілісін шұғыл түрде шақыруды талап етеді.

1920 жылы 25 мамырда Т. Рысқұлов РКП (б) Орталық Комитеті мен В.И.Ленинге «Түркістан Республикасының жағдайының жоспары» туралы баяндамасын тапсырады. Баяндаманың жалпы көлемі – 9 бет, қол қойғандар: Т. Рысқұлов, Н.Ходжаев және Г.Бех-Иванов. Баяндамамен В.И.Ленин тікелей танысып шыққан, түпнұсқада қарандашпен салған белгі бар.

Т. Рысқұлов баяндамада Түркістанның саяси-әлеуметтік, экономикалық және ұлтаралық қарым-қатынас жағдайын баяндай келе, өмір сүріп отырған қос өкіметтілікті жойып, ұлттардың өзін-өзі билеу құқын іс жүзіне асыру үшін РКП (б) Орталық Комитеті мен В.И.Лениннен: «...не барлық өкімет билігін Түркістан майданы Революциялық-әскери Кеңесіне беру, сөйтіп Түркістан өлкесінде әскери басқаруды енгізу, оны Республика Революциялық-әскери Кеңесіне бағындыру, не болмаса Түріккомиссия түріндегі барлық аралық буындарды жою және Түркістан майданы Революциялық-әскери Кеңесінің билігін шектеу арқылы конституцияға сәйкес бүкіл өкімет билігін жергілікті халықтардың еңбекшілерінің қолына нақты беру»,– туралы талап етті.

Түркістан Республикасының өкілетті делегациясы республикадағы өкімет билігінің Түрікатком қолына нақты берілуін талап ете отырып, Түркістанда төмендегі шаралардың міндетті түрде іске асырылуы тиіс екендігін атап көрсетеді: «1. Мұсылман қайраткерлеріне сенім білдірілсін және Түркістанда қуатты мұсылман Қызыл Армиясын құру қажет деп саналсын, 2. Түркістанда Қызыл Армияны ұйымдастыру ісі Түркістан үкіметінің қолына берілсін...; 3. Қайта қалпына келтірілген күннен бастап Түркістан Республикасының әскери Комиссариатына үш ай мерзімінің ішінде Түркістанның жергілікті халықтарынан екі дивизия ұйымдастыру міндеті жүктелсін; 4. Түркістан Республикасының аумағы ұрыс қимылдары жүріп жатқан майдан даласы ретінде саналмасын және сондықтан да Түркістан майданының Революциялық-әскери Кеңесінің билігі мен ықпалы тек шекаралық аймақта ғана таралуы тиіс. Түркістан майданы Түркістан өз ішіндегі белгілі бір тапсырманы, егер ондай тапсырмаға деген қажеттілік болған жерде ғана, Түркістан Республикасының келісісімен және тапсыруымен ғана орындай алады; 5. Түркістан Республикасындағы барлық өкімет билігі Түркістан республикасы Кеңестерінің съезіне, Түрікаткомға және Түркістан Республикасының Халық Комиссарлар Кеңесіне берілсін Түркістан Кеңес республикасының автономиялығы туралы ереже бекітілсін; 6. Түріккомиссия таратылсын; 7. Мәскеуде Түркістан Республикасының өкілетті өкілдігі ашылсын; 8. Түрліше шараларды пайдалана отырып Түркістанға мұсылман әскери және саяси кадрларын мүмкін болған мөлшерде аттандыру қажет. Ресейде даярланып жатқан мұсылман қызыл курсанттары толығымен Түркістанға жіберілсін. Орталықтан Түркістанға жіберілген барлық қызметкерлер Өлкелік партия комитеті мен Түрікаткомның қарамағына келуі міндетті.» [31, 145 б.].

Сонымен, Т. Рысқұловтың РКП (б) Орталық Комитетіне ұсынған «Түркістан Республикасының жағдайының жоспары» атты баяндамасында Түркістанның тарих-объективті жағдайы, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени дағдарыстың себептері жан-жақты көрсетілген. Баяндамада Т. Рысқұловтың ұлттық мемлекет туралы негізгі идеялары қамтылған.

1920 жылы 25 мамырда РКП (б) Орталық Комитетінің Саяси Бюросы В.И.Лениннің басшылығымен Түркістан Республикасының жағдайын талқылады. Мәжіліске Т. Рысқұлов және Түріккомиссия мүшелері Ш.З.Элиава мен Я.Э.Рудзутак та шақырылады. В.И.Ленин Орталық пен Түркістан Республикасының арақатынасының негізгі принциптері туралы ережені даярлау үшін құрамына: Г.В.Чичерин, Н.Н.Крестинский және Ш.З.Элиава кіргізілген Саяси Бюроның арнайы комиссиясын тағйындады.

Саяси Бюроның арнайы комиссиясы РКП (б)-ның Түркістандағы міндеттері туралы Орталық Комитет шешімінің жобасын жасап, оны 1920 жылы 13 маусымда талқылау үшін Саяси Бюроның мәжілісіне ұсынады. Қаулы жобасында Түркістанда тап күресін табысты жүргізу үшін Түріккомиссияның болуы, республика федералды заңдармен басқарылатыны, сыртқы саясат, сыртқы сауда, әскер іс, қатынас жолдары, почта, телеграф, қаржы мәселелері тек қана Орталықта шешілетін болып белгіленген. Қаулы жобасымен танысқан В.И.Ленин оны ішінара өзгерістермен қабылдауды ұсынады. Ал, Т. Рысқұловтың жобасын қабылдамау қажеттігін атап көрсетеді. Сондай-ақ, Түркістанда діни және ұлтшыл қозғалыстармен күресу тәсілін ойластыруды, республиканы ұлт аймақтарына жіктеуді жоспарлауды тапсырады.

Саяси Бюро ұсынған қаулы жобасына көңілі толмаған Т. Рысқұлов 1920 жылы 16 маусымда В.И.Лениннің атына қосымша баяндама жібереді. Баяндамада Түріккомиссияны тарату, Революциялық-әскери Кеңестің құқтарын шектеп,республикадағы бүкіл билік ауқымын Түрікаткомға беру туралы талаптар қайтадан қойылды. «Түркістанның облыстары мен уездерінің бірде-бірінде болмай тұрып-ақ әрн түрлі орыс миссионерлерінің, саудагерлерінің жинап берген материалдары» арқылы Түріккомиссия бұл елді басқара алмайды, ал жергілікті халықтың ортасынан шыққан мұсылман коммунистеріне республиканың жағдайы анағұрлым айқын, сондықтан біз ұсынған қаулы жобасы міндетті түрде қабылдануы қажет, дейді Т. Рысқұлов.

Егер, делінген баяндаманың соңында, мәселе Түркістан делегациясы ұсынған үлгіде шешілмейтін болса, онда мұсылман коммунистері бүкіл билікті Түріккомиссияға қалдырып, отствкаға кетуге, не «Орталықтың көмегін күтпей-ақ... жергілікті халықтың еңбекшілерін қанап-үзбейтін кеңес өкіметін орнату үшін» өз бетінше әрекеттенуге мәжбүр болады.

1920 жылы 22 маусымда РКП (б) Орталық Комитетінің Саяси Бюросы өзі құрған ерекше комиссияның жобасы мен оған жасалынған В.И.Лениннің сын-ескертелерімен танысып шығады. В.И.Ленин комиссия жобасына жасаған 13 маусымдағы өзінің сын-ескертеплеріне қоса, 22 маусымда «РКП (б)-ның Түркістандағы міндеттері туралы мәселе жөнінде РКП (б) Орталық Комитетінің Саяси Бюросы қаулысының жобасы» атты жаңа сын-ескертпе жазған болатын.

РКП (б) Орталық Комитетінің Саяси Бюросы аталған сын-ескертпелерді басшылыққа ала отырып қаулының соңғы үлгісін жасауды Н.Н.Крестинский мен Ш.З.Элиаваға тапсырады. Ал, 1920 жылы 29 маусымда ғана РКП (б) Орталық Комитетінің Саяси Бюросы: «РКП (б)-ның Түркістандағы негізгі міндеттері туралы» атты қаулыны бекітті.

«РКП (б)-ның Түркістандағы негізгі міндеттері туралы» қаулысында Түркістан Республикасының делегациясы ұсынған: Түріккомиссияны жою, Түркістан майданы Революциялық-әскери Кеңесінің құқын шектеу, бүкіл өкімет билігін республикадағы заңды, конституциялы органдар – Түрікатком мен кеңестер съезіне, Халық Комиссарлар кеңесіне беру, Түркістан Республикасының егемендігі, армияны жергілікті халықтан жасақтау, қаржы, сыртқы дипломатиялық және сауда-экономикалық байланыстар, РСФСР және оның құрамындағы ұлт республикалары мен Түркістан Республикасының арақатынас мәселелері, мелекеттік тіл мәселелері, жергілікті халықтарға қатысты саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени саясаттың жолдары, РСФСР үкіметінің құрамында Түркістан Республикасының өкілдерінің болуы туралы және т.б. аса маңызды талаптар қабылданбады.

Т. Рысқұлов республика егемендігін талап еткен пікірін 1920 жылы маусымда В.И. Лениннің Коммунистік Интернационалдың ІІ съезіне арнап жазған «Ұлт және отар мәселелері жөніндегі тезистердің бастапқы нобайына» жіберген толықтыруында тағы да ашық білдіреді.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]