Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
краткий конспект лекции.doc
Скачиваний:
16
Добавлен:
09.11.2019
Размер:
118.27 Кб
Скачать

Қысқаша мазмұны

XX ғасырдағы шетел әдебиетінің тарихын үлкен екі кезеңге (1910-1945 және 1945-1990) бөліп қарастыруға болады. Бұл осы дәуірдің ерекшеліктері мен осы кезеңде өмір сүрген адамдардың дүниетанымын анықтайтын әдеби процестерді сол дәуірде орын алған үлкен оқиғалар арқылы түсінуге септігін тигізеді. Сол кездегі маңызды оқиғаларға 1914-1918 және 1939-1945 жылдардағы дүниежүзілік соғыстар мен саяси-әлеуметтік төңкерістерді, ұлт-азаттық қозғалыстар мен ғылыми-техникалық дамуды және т.б. жатқызуға болады.

Әдебиеттегі тың өзгерістерді сезіну Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарына сәйкес келеді. Бұл XX ғасырдың басындағы авангард қозғалысымен байланысы бар жазушылардың шығармашылықтарында көрініс табады. Француз ақыны Аполлинер «Біз заманымызға «кешір» дедік» деген сөздері арқылы өз ұрпағының көңіл-күйін көрсетеді. Бірінші дүниежүзілік соғыстың келбетін неміс жазушысы Томас Манн былай бейнелеген: «...бұл бір дүниенің аяқталуы мен екінші бір жаңа дүниенің басталуын көрсететін тарихи кезең». Жаңа көркемдік ойлау процесі етек ала бастады. Жазушылардың әдеби жаңалықтары мен шығармашылық ізденістерінің мазмұны мен бағыттарына сол дәуірдің келеңсіз жағдайлары мен әлемде болып жатқан өзгерістер өз әсерлерін тигізбей қоймады. Әлем туралы жаңа түсініктер, уақыт пен кеңістік өлшемдері, адам және оның психологиясы мен есте сақтау қабілеті, дүниетанымдық ерекшеліктері туралы жаңа білімдер үлкен маңыздылыққа ие бола бастады. XX ғасыр әдебиетінде жаңа көркемдік бейнелеу құралдарын іздестіру мен оны бекіту өткен дәуірлердегі классиктердің дәстүрлеріне өзгерістер енгізу мен әдебиет аралық байланыстрадың күшеюі арқылы жүзеге асты.

XX ғасырдағы өмір ағынының жылдамдығы, түрлі білім саласындағы жаңалықтар мен жаңа байланыс құралдары, генетика саласындағы жетістіктер, әуе кеңістіктерін игеру, атомды ыдырату, компьютерлік техниканы дамыту сияқты тың өзгерістер адамзат тарихының өркендеуіне деген үмітті толығымен ақтай алмады. Әлемді дүр сілкіндірген соғыстар шексіз құрбандықтар мен материалдық шығындарға әкеліп соқтырды; көптеген ғылыми-техникалық жетістіктер адамзат пайдасына жұмсалмады; атомдық жарылыстар жер бетіндегі тіршіліктің жойылу мүмкіндігін көрсетті; экологтардың ғылыми негізделген ескертпелеріне мән берілмей, жағымсыз құбылыстар етек ала бастады. Бұл құбылыстар адамзат дүниетанымына, мәдениет пен өнерге, жаңа әлемдегі әдебиеттің рөліне өз әсерін тигізбей қоймады. Барлық елдің философтары мен жазушылары адамзаттың болашағы мен өркениеттің дамуы туралы жоғарыда аталған мәселелерге үлкен мән беріп, оларды шешудің түрлі жолдарын көрсете бастады. Олардың бір тобы әлемге пессимистік көзқараспен қараса, енді бір тобы XX ғасырдағы мәдениет саласында орын алған дағдарысты жоққа шығармастан, оның қайта дамуына сенді.

Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы жаңа ғасырдың ерекшеліктері ретінде өмірді машинизациялау мен өнер саласындағы дағдарыстар туралы Николай Бердяев («Рух пен машина», 1915; «Өнер дағдарысы», 1918) жазған болатын. Орыс философы «дағдарыс» ұғымын өнердің құлдырауымен емес, керісінше оның жаңа кезеңге өтуімен және ескіден жаңаға өту жолдарын іздестірумен байланыстырады. Бердяев өзінің 1917 жылы 1 қарашада Мәскеуде оқыған дәрісінде XX ғасырды «жалпы өнердегі дағдарыс кезеңі» деп қарастырады: «Өнер өз тарихында көп дағдарыстарды басынан өткізді. Көне дәуірден орта ғасырға, орта ғасырдан қайта өркендеу дәуіріне өту де осындай терең дағдарыстарымен есте қалды. Бірақ осы дәуірдегі өнер саласында болып жатқан өзгерістерді дағдарыстардың бірі деп айта алмаймыз. Біз мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан жалпы өнердің дағдарысы тұсында өмір сүріп отырмыз. Өнердің тамаша классикалық үлгілері жоғалып, оның көркем бейнелерінің келмеске кеткенін сезінуге болады. Өнер өз шегінен шығуға тырысуда. Бір өнердің екінші өнерден бөлініп тұратын шегі де бұзыла бастады... Өнер мен өмірдің, шығармашылық пен күнделікті тұрмыстың арасындағы мәселелер ешқашан осындай тығырыққа тірелген емес».