Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
FILOSOFIYa.doc
Скачиваний:
196
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
916.48 Кб
Скачать

Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті

ф.ғ.к., доцент Т.А.Сулейменов

Лекция курсы

Шымкент-2010 ж.

1-лекция

Мәдениет контекстіндегі философиялық шығармашылықтың тарихи типтері

Философия мәнін түсіндірмелеудің негізгі типтері. Дүниеге қатынас және дүниетаным ұғымдары. Дүниетаным және дүниенің жалпы мәденилік суреті. Дүниетаным және фплософия. Философия пайда болуының тарихи-әлеуметтік детерминанттары. Мәдениет дүниесіндегі философияның қатынасы мен тағайыны. Философия адам құштарлығының әр түрлі төрт саласының - ғылым, поэзия, дін, логика - негіздемесі ретінде. Философия және мифология. Философия және дін. Философия және өнер. Философия және ғылым. Философия және саясат.

Философия термині көне грек тілінен аударғанда даналыққа құштарлық, ал көне үнді тілінен аударғанда ақиқатты көру деген мағынаны береді.

«Философ» сөзін ең алғаш рет интеллектуалды білімге ұмтылып, дұрыс өмір сүруге тырысқан адамдарды оқшаулау мақсатында көне грек математигі мен философы Пифагор қолданған.

Философия терминін түсіндіріп, оны ерекше ғылымның түрі ретінде негіздеген Платон.

Көне дүниеде философия деп аталған білім ғылымдардың алғашқы негіздері, практикалық байқаумен, қорытындылармен қатар адамдардың әлем туралы адам тіршілігінің мәні мен мақсаты, өзі туралы мәліметтерді біріктірді.

Философияның қалыптасуы әлем туралы білімдер мен адамдардың өмірлік тәжірибесінің үйлесімділігін іздестіретін ерекше рухани ұстанымның пайда болуын паш етті.

Философия даналыққа апаратын жол, яғни даналық философиядан да жоғары, оған философияның көмегімен көтерілуге болады.

Даналық дегеніміз - әр нәрсенің шегін білу, байыбына бару, себебін түсіну, асықпай, аптықпай шешім қабылдау, яғни ол – адамның интеллектуалдық мүмкіндігінің шыңы, адам армандайтын рухани биіктік.

Алғашқы философиялық теориялар өзінің мағынасы жағынан синкретті, яғни жиынтық білім болды. Өйткені, оның құрамында әлем мен адам туралы барлық білімдер сонымен қатар, математиканың, тарихтың, астрономияның, механиканың, медицинаның, этиканың, эстетиканың бастаулары орын алды. Антикалық философияның кез келген өкілінің әмбебап ойшыл, энциклопедиялық ғалым болғандығы жай ғана кездейсоқтық болмаса керек.

2000-нан астам жыл тарихында философияның пәні ұдайы өзгеріп, дамып отырды. Бірақ оның болмысында жылдар, ғасырлар өтсе де өзгермейтін тұрақты, тек оған ғана тән ерекшеліктері болды. Философияның іргелі сұрақтары дүниетаным мәселелерімен тығыз байланысты.

Дүниетаным немесе дүниеге көзқарас, адамның сыртқы дүние қоршаған ортаға, өзіне - өзінің, басқаларға қарым – қатынасы туралы мәліметтердің жиынтығы. Сонымен қатар, ол адамның бағыт бағдарын, сенімі мен идеалдарын, принциптерін, ұмтылыстарын білдіреді.

Дүниетаным адамның өзі және қоршаған орта туралы білімдерімен ғана шектелмейді. Өйткені, ол дүниенің бейнесі ғана емес, ең алдымен, дүниеге деген қатынас. Адам дүниеге бейжай немқұрайдылықпен немесе қызығушылықпен қарайды, оны не ізгілік, не зұлымдық тұрғысынан бағалайды. Осы қатынастар төңірегінде сыртқы материалдық әлем мен ішкі рухани дүние туралы түсініктер жинақталып, тиянақталынады. Сөйтіп, әлем, табиғат, адам, олардың бірлігі мен адамның дүниедегі орны, болмыс пен болашақ туралы түсініктер қалыптаса бастайды. Дүниетаным - өзін өзі, айналадағы ортаны өзгертетін адамның практикалық іс - әрекетінің тірегі.

Кез келген пенде, жеке адам, ойшыл дүниетанымның субъектісі бола алады. Өйткені әр адамның өзіндік тәжірибесі мен білімдері бар, ол әр нәрсені өзінше қабылдайды, түйсінеді, түсінеді. Қоғамдағы үлкен топтардың да өзіне тән дүниетанымы бар. Ол осы тапқа, топқа тән ортақ белгілерді, бағалау мен идеалдарды біріктіреді. Біз оны тарихи, этнографиялық деректерден, көркем әдебиеттен айқын көреміз.

Дүниетаным – құрылымы жағынан күрделі жүйе. Оның бастапқы және өзекті элементі – білім. Ол қарапайым және ғылыми болып бөлінеді. Білім – керемет күш, оның көмегімен белгісіз құбылысты ашып, игеруге болады. Бұл процесс тереңдеген сайын дүниетаным да екшеленіп, жүйеленіп, тұрақтылық сипатқа ие болады. Білім адамның көкірегіне еніп, санасына ұялап, оның өмір тәжірибесінің елегінен өтіп барып, сенімге айналады. Сенім дегеніміз – дүниеге көзқарастың түп қазығы, бағыттаушысы, адамның өз позициясына, тоқыған ойына, істеген ісіне деген беріктігі. Сенімі берік адамның көзқарасы, дүниетанымы нақты, ісі қонымды, бағыты қашан да айқын.

Адам сенімсіз өмір сүре алмайды. Тек сенім арқылы адам өзінің кім екенін және жарық дүниеде не үшін өмір сүретінін біле алады. Адамның алдына қойған мақсатының айқын болуы, дүниетанымның өмірімен байланыстылығы берік сенімнен туады. Сенім мен дүниетаным қатарласып жүрсе ғана адам санасы нұрлана түседі. Сенімі күшті адамның өмірі де мықты, мәнді, мағыналы болады. Берік сенім жоқ жерде тыңғылықты дүниетаным да, тұрақты мінез-құлық та болмайды. Сенімі қалыптаспаған адамның шындықтың жай-жапсарын дұрыстап айыруға, өмірден өз орнын дұрыс табуға шамасы жете бермейді.

Сенім дегеніміз адамның білімдеріне, айналадағы қоршаған ортадағы іс - әрекеттерінің дұрыстығына деген батылдығын білдіреді. Адамда өзіне - өзінің терең сенімі болуы – оның әлеуметтік өсуінің дәрежесін көрсетеді. Наным – адамның қиялдағы шындықтың болатынына сенім білдіретін ерекше жағдайы психологиялық ұстанымы.

Адамның дүниетанымы оның білімі мен сенімнің бірлігі. Ол әйтеуір бір қуанышты оқиғаны немесе нәтижені білдіретін үмітсіз болмайды. Үміт – адамды болашаққа жетелейді, өмірге деген сенімді одан әрі арттырып, оған ғашық етеді. Үміт – белгілі бір істің, ойдың жүзеге асуына білдірілген сенім, дәме. Адам үмітпен өмір сүреді. Үміт бар жерде өмір де бар. Ол – адам өміріндегі ең маңызды адамгершілік тірегі.

Дүниетанымның құрылымдық жүйесіне адамның негізгі принциптері мен рухани құндылықтары да кіреді.

Дүниетаным дегеніміз – дүниені түйсіну, түсіну арқылы адамның өзіне өзінің, сыртқы дүниеге қарым – қатынасын анықтаудың өзегі, күре тамыры.

Дүниетаным ғылыми, ғылыми емес, прогрессивті немесе реакциялық, оптимистік немесе пессимистік болуы мүмкін. Сонымен қатар, әрбір тарихи дәуірде осы заманның сарынына сәйкес дүниетанымның ерекше типі болады. Мысалы, көне дүниеде мифологиялық, орта ғасырларда діни, ал Жаңа дәуірде адамдардың табиғи құқықтары туралы идеяға сүйенетін, ғылымға бағытталған заңды дүниетаным қалыптасты.

Өзінің мағынасы жағынан дүниетаным әр уақытта көп жақты. Сондықтан оның бірнеше маңызды қабаттарын, аспектілерін ерекше бөліп көрсетуге болады. Ғылыми дүниетанымда табиғат, әлем, оның құрылымы және өмір сүру заңдылықтары туралы мәліметтер ерекше роль атқарады. Дүниетанымның экономикалық қыры адамдардың еңбек етуі мен техника, сауда, ақша, яғни қоғамның экономикалық болмысының барлық қатынастарын білдіреді. Әлеуметтік – саяси, аспект – бұл қоғамның саяси өмірі, үлкен әлеуметтік топтардың өзара қарым – қатынасы туралы мәліметтерді қамтиды. Бұдан басқа адамгершілік, эстетикалық, құқықтық, тарихи, экологиялық, тағы да басқа аспектілері бар.

Жалпы, дүниетаным адамның тану функциясын орындайды. Бұл оның мәнінен туындайтын негізгі ролі. Сөйтіп, дүниетанымның әр түрлі түрі, қыры, типі бар.

Мифологоиялық дүниетанымның негізі – қиял, ойдан шығару. Г.Гегель миф дегеніміз – адам ақылының әлем алдындағы әлсіздігінің көрінісі деп жазған. Мифология ауқымды әрі жан – жақты құбылыс, ол әлем халықтарына түгел қатысты адамзат санасының өте ерекше қабаты.

Миф - алғашқы қауым адамына тән ойлаудың бірінші, бөлінбеген формасы. Азамзаттың мифтері әлемнің қалыптасуы мен дамуы табиғи құбылыстардың мәні, адамның тағдыры, өмірі, өлімі, іс - әрекеті, табыстары, адамгершілік, этикалық ұғымдар тәрізді аса маңызды сұрақтарды қамтыды.

Мәселен, көне грек мифологиясында, әлем хаостан пайда болды делінген. Сонан соң жер, күн мен түн, әр түрлі құдайлар пайда болған. Мифология адамзаттың «балалық» дәуірінің дүниетанымы болып табылады, ол сол кездегі адамдардың дүниеге эмоциональді – бейнелеу көзқарасын білдіреді.

Діни дүниетаным құдыретті күшке, яғни құдайға сеніп, соған табынуға құрылған. Діннің дүниетанымдық принципі негізінде адам мен дүниенің жаратылуы туралы наным жатыр.

Ғылыми дүниетанымның негізін адамның өзі және сыртқы әлем туралы білімдерінің жиынтығы құрайды. Ол үшін ешқандай керемет жоқ, тек қана танылмаған құбылыстар бар. Алғашқы қарапайым ғылыми білімдер антикалық дәуірде пайда болған, алайда жүйелі ғылым XVII ғасырдан бастап қана қалыптаса бастады, ол адамзаттың (ойлау) даму тарихына ерекше әсер етті.

Ғылым, ең алдымен, ұғымдық дүниетаным болып табылады. Қарапайым дүниетаным адамдардың өзі және қоршаған дүние туралы күнделікті іс - әрекетінде пайда болып тұратын жекелеген білімдеріне негізделеді. Ол әркімнің жеке өмірлік тәжірибесінде көрініс табады. Қарапайым дүниетаным халық даналығына сүйенеді.

Философия ерекше дүниетаным және адамның рухани іс - әрекетінің көрнекті саласы ретінде аталған дүниетаным түрлерінің өзара қабысуының нәтижесінде қалыптасты. Бірақ ол олардан жоғары дәрежеге көтерілді, сонымен бірге, алғашқы бастауы, қайнар көзі ретінде олармен байланысын жоғалтқан жоқ.

Философия адамның дүниені тану тәжірибесін жинақтау, әлемнің біртұтас теориялық үлгісін жасау, әлемге қарым – қатынасты білдіру қажеттігінен туындаған ерекше феномен.

Дүниетаным мен философияның өзара қарым – қатынасы қалай өрбіп отырады?

Біріншіден, дүниетаным аясына адамның айналадағы қоршаған ортаға танымдық қарым – қатынасының барлық тәжірибесі кіреді. Ал философия дүние құрылымының жалпы принциптері мен маңызды белгілерін зерттейді. Ол танымдық маңызы бар барлық сұрақтарға жауап іздейді. Өзінің мүмкіндігіне сүйеніп, тек жалпы дүниетанымдық маңызы бар сұрақтарға жауап беруге тырысады. Осындай сұрақтың қатарына «әлем дегеніміз не?», «адам дегеніміз не?» деген сұрақтар жатады. Ал «жарықтың жылдамдығы қандай?», «судың құрылымы қандай?» деген жеке сұрақтарға физика, химия сияқты ғылымдар жауап береді.

Екіншіден, философияның ықпалымен дүниетаным ретке келіп, жинақталу мен теориялықтың жоғары сатысына көтеріледі. Сонымен қатар, ғылым тарихында болған ірі жетістіктер әлем туралы философиялық көзқарастардың өзгеріске ұшырауына әкеледі. Н.Коперниктің, Ч.Дарвиннің, А.Эйнштейннің ғылыми жаңалықтары әлемнің философиялық үлгісіне әсер еткен жетістіктер болып табылады.

Үшіншіден, өзінің мағынасы жағынан терең, ауқымды дүниетаным философиялық көзқарастардың пайда болуына мүмкіндік жасайды.

Төртіншіден, философия дүниетанымның сипаты мен бағытын анықтайды. Мысалы, Қайта өркендеу дәуірінің философиясы антропоцентристік болды, өйткені бұл ғасырларда адам мәселесі алдыңғы қатарға шықты.

Бесіншіден, дүниетаным мен философияны адам мәселесін әртүрлі тұрғыдан шешу қажеттігі және оның табиғаты мен болмысы туралы әртүрлі білімдерді біріктіреді, олар әртүрлі таным көздерінен алынады.

Философия жалпы және абстрактілі білім. Ол шындық қалай зерттеліп жатқандығына ерекше мән береді, оны барлық ғылымдардың негізі немесе ғылымның өзіндік санасы деуге болады. Көптеген өмірлік мәні бар сұрақтарға философия жауап береді.

2-лекция

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]