Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
UMKD__1178_R_K_1178_KYuSP-1_1_semestr.doc
Скачиваний:
29
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
896 Кб
Скачать

Тақырып 3. Қазақстан Республикасының Конституциясы. Оның заңдылық қасиеттері.

Конституция туралы жалпы ілім. Конституция түсінігіне нақты-тарихи, саяси-әлеуметтік және құқықтық категория енеді.

Нақты-тарихи категория ретінде ол 18 ғасырда буржуазия мен монархия арасында қайта туындаған күрес кезеңінде монархияның абсолюттік билігін шектеу ретінде пайда болды. Жазылған конституцияны қабылдау идеясы ең алғаш Англияда ұсынылғанмен, онда ол осы уақытқа дейін жүзеге асырылмай отыр. Әлемде алғаш жазылған конституция - 1787 жылғы АҚШ-тың Конституциясы.

Саяси-әлеуметтік категория ретінде конституция мемлекеттің қоғамдық-экономикалық, әлеуметтік және саяси құрылысын көрсетеді.

Ал конституцияның жоғары құқықтық нысаны ретінде онда ең негізгі құндылықтар, конституциялық құрылыстың институттары мен нормалары, мемлекет өмірінің барлық аясын қамтитын қоғамдық қатынастарды конституциялық-құқықтық реттеу негіздері бекітіледі.

Қазақстан Републикасының конституциялық дамуын екі кезеңге бөліп қарастыруға болады:

1) кеңестік кезең – 1926 жылы қабылданған Қаз КСАР-ның Конституциясы; 1937 жылы қабылданған Қазақ КСР-ның Конституциясы; 1978 жылы қабылданған Қазақ КСР-ның Конституциясы;

2) кеңестік кезеңнен кейінгі – 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы және 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы.

Аталған бес конституцияның әр қайсы Қазақстанның дамуының белгілі кезеңдерін сипаттайды.

3.2. Конституцияның түсінігі, мәні және заңдылық қасиеттері; оның мазмұны және нысандары.

Конституциялық құқық ғылымында “конституция” түсінігіне біржақты ұғым берілмейді. Көбінесе ол екі мағынада: материалдық және формальдық ретінде түсіндіріледі.

Материалдық мағынада конституция конституциалық құрылыс, басқару нысаны мен мемлекеттік құрылыстың нысанын, сонымен қатар осы мемлекет пен қоғамдағы тұлғаның құқықтық жағдайын бекітетін құжат ретінде (жазылған құқықтық акт немесе конституциялық дәстүрлер мен құқықтық актілердің жиынтығы) түсіндіріледі.

Формальдық мағынада конституция өзге заңдар мен нормативтік құқықтық актілерге қатысты жоғары заң күшіне ие болатын мемлекеттің Негізгі заңы деген түсінікті қамтиды.

Конституциялық құқықта заңды және фактілік конституция түсініктері де қарастырылады.

Материалдық және формальдық мағынадағы заңды конституция – конституциялық-құқықтық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың анықталған жүйесі. Заңды конституция қандай да бір жағдайдың болатындығын көрсетеді.

Фактілік конституция – мемлекетте фактілік, шынайы түрде қалыптасқан қоғамдық қатынастар, яғни тәжірибе жүзінде қалыптасқан мемлекеттік билікті жүзеге асыру тәртібі заңды конституцияда бекітілген тәртіптен ерекшеленеді.

Конституцияның болуы мемлекеттіліктің белгісі болып табылады. Ол қазіргі демократиялық мемлекеттің ұлттық құқықтық жүйесінде ерекше орынға ие болады. Конституцияны өзге нормативтік құқықтық актілерден келесі белгілері ажыратады:

1) конституцияны анықтайтын немесе оның атынан қабылданатын ерекше субъект.

Көптеген мемлекеттерде конституция халықпен немесе халықтың атынан қабылданады. Қазақстан Республикасының Конституциясының преамбуласында былай делінген: “Біз, ортақ тарихи тағдыр біркітірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып .... осы Конституцияны қабылдаймыз ”.

2) конституцияны қабылдайтын субъектінің ерекшелігі конституция түсінігінің екінші негізгі белгісін – оның құрылтайшылық сипатын ашады.

Халық конституция арқылы өзі таңдайтын қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың негіздерін құрылтайландырады. Конституцияда бекітілген негіздер ең бастапқы ретінде жүзеге асырылады.

3) конституцияның түсінігін сипаттайтын маңызды белгісі болып конституциялық реттеудің ерекше пәні табылады, яғни онымен реттелетін және бекітілетін қоғамдық қатынастардың спецификасы. Ол қоғамдық өмірдің барлық аясын қамтиды.

4) конституцияның ерекше заңдылық қасиеттері: конституцияның жоғарылығы, жоғары заң күші, құқық жүйесінің ядросы болып табылады, конституция қорғалады, Конституцияны қабылдау мен оны қайта қараудың және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізудің ерекше тәртібі жүзеге асырылады.

Жоғарыда аталған конституцияның белгілері Қазақстан Республикасының Конституциясында рет-ретімен көрсетілген.

Конституцияның жоғарылығы онда орын алған қағидаларға, нормаларға және концепцияларға мемлекеттің, қоғамның құрылымдарының барлық қызметі, қоғамның барлық аясындағы азаматтардың қызметі сәйкес келу керек екендігін білдіреді. Мысалы, бұндай норма Ресей Федерациясының Конституциясында да (12 желтоқсан 1993 жылғы РФ Конституциясының 4-ші бабының 2-ші бөлігі) көрсетілен. Қазақстан Республикасының Конституциясында конституцияның жоғарылығы туралы норма жоқ, бірақ Конституцияның нормаларын анализдеу кезінде оның нормалары жоғарылық қағидасы негізінде әрекет ететіндігі туралы айтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар осы қағида Қазақстан Республикасы Президентімен 29 желтоқсан 1996 жылы қабылданған ”Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы” конституциялық заң күші бар жарлығының 1-ші бабында да бекітілген, онда былай делінген – Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасының Конституциясының жоғарылығын қамтамасыз ететін мемлекеттік орган болып табылады.

ҚР-ның Конституциясының 4-ші бабының 2-ші тармағына сәйкес - Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады. Конституцияның жоғары заң күші - республикамызда қабылданатын заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер Конституцияға қайшы болмауы керек және мемлекеттік билік органдары, лауазымды тұлғалар, азаматтар және олардың бірлестіктері конституция мен заңдарды сақтауға міндетті деген мағынаны білдіреді.

Конституция Қазақстан Республикасының құқық жүйесінің ядросы болып табылады. Оның қағидалары мен ережелері қолданыстағы заңдылықтардың барлық жүйесіне бағыт беруші рөліне ие болады.

Конституция нормалары сақталады және қорғалады. Конституцияның 40-шы бабының 2-ші тармағына сәйкес Республиканың Президенті Конституцияның мызғымастығының кепілі болып табылады. Конституцияны қорғауда маңызды рөлге Конституцияны қорғау бойынша арнайы мемлекеттік орган болып табылатын ҚР-ның Конституциялық Кеңесі ие болады.

Конституцияны қабылдаудың, оған өзгертулер мен толықтырулар енгізудің ерекше күрделі тәртібі жүзеге асырылады. Әрекет етіп отырған Қазақстан Республикасының Конституциясы 30 тамыз 1995 жылы өткізілген республикалық референдумда бүкілхалықтық дауыс беру арқылы қабылданды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-ші бабының 1-ші тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламентімен немесе республикалық референдуммен Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізудің ерекше тәртібі анықталған.

Конституцияның мәні. Конституцияның мәні ретінде кең тараған трактовка – оның қоғамдық шарт ретінде танылуы. Ол бойынша қоғамның барлық мүшелері конституцияда орын алған шартқа қол қояды, онда осы қоғам қандай негіздерде құрылтайланатындығы, қандай ережелерге сүйеніп өмір сүретіндігі ашылады. Осы концепцияға (тұжырымға) сәйкес конституция – халықтың егемендігінің нысаны әрі оның біртұтас еркінің көрсетілуі болып табылады.

Теологиялық теория Конституцияның мәнін адамзаттық қоғамның өмір ағымдарына қатысты діни көзқарастарды енгізу деп түсіндіреді және Контитуцияға сананың, жоғары әділдіктің идеялары енгізіледі деп санайды.

Табиғи құқықтың кейбір мектептері Конституцияның мәніне халықтың әдет-ғұрыптарында бірте-бірте қалыптасқан мыңжылдық тәжірибені енгізуді жатқызады. Олардың пікірінше тек қана осындай конституциялар ғана қажетті тұрақтылыққа ие болады.

Сонымен қатар Конституцияның халықтық сипатына қарсы шығып оның мәнін мемлекеттік ерікпен байланыстыратын да теориялар кездеседі. Бұл тұрғыда Конституция мемлекеттік билікті өзі шектеуші ретінде қарастырылады.

ҚР-ның Конституциясында жалпыдемократиялық бастау бекітілген. Қайнар көзіне қарай халықтық конситуция ретінде ол мемлекетпен емес халықпен референдумда қабылданатынын алға ұстанады.

Конституцияның мәнін ашуға оны қоғамдық шарт ретінде анықтау сәйкес келмейді. Қоғамдық шарттың мәні конституцияны қабылдау үшін барлығының біртұтас келісімімен анықталады, ал келіспегендер үшін мемлекетті тастап кету немесе өзін шетел азаматы ретінде тануы саналады. Конституцияның мәні жалпы демократиялық бастамаға сүйенгендіктен, оны қабылдау кезінде азаматтардың келіскені немесе келіспегеніне қарамастан олар қоғамның тең құқылы мүшесі ретінде танылып, мемлекетте өмір сүру мүмкіндігіне ие болады. Барлықтарына бірдей заңды нысанда өз көзқарастарын білдіруге құқығы беріліп, идеологиялық және саяси көпжақтылық танылады.

Конституцияның жалпы демократиялық мәні оның қабылдануы кезінде сайлаушылардың көпшілігінің қатысуымен анықталады. Демократиялық құрылыста азшылықтың да көзқарасы қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының Конституциясы мәні болып демократиялық құқықтық мемлекеттің Конституциясы ретінде Қазақстан Республикасының көпұлтты халқының бүкілхалықтық дауыс беру жолымен адамның құқықтары мен бостандықтарын ең қымбат қазынасы ретінде танитын жалпы демократиялық қағидадан шығатын, мемлекет пен қоғам өмірінің негіздерін құрылтайландыруға бағытталған еркін білдіру табылады.

Конституциялық құқықта конституцияларды көптеген белгілеріне қарай саралайды:

1. Консттуцияның нысанына қарай кодифицирендірілген (жазылған), кодифицирендірілмеген (жазылмаған) және аралас түрі деп бөліп қарастыруға болады.

Конституция негізінде біртұтас жазылған акт. Бірақ мемлекеттің конституциясының рөлін Англиядағы сияқты сот прецеденті және конституциялық дәстүрлер тәрізді құқықтық актілердің жүйесі де атқаруы мүмкін. Осыған байланысты конституцияларды кодифицирендірілген (жазылған) және кодифицирендірілмеген (жазылмаған) деп бөліп қарастырады.

Кодифицирендірілген (жазылған) конституция – конституциялық сипаттағы негізгі сұрақтарды реттейтін біртұтас жазылған нормативтік құқықтық акт. Егер негізгі конституциялық мәселелер бірнеше жазылған актілермен реттелетін болса, онда конституция кодифицирендірілмеген (жазылмаған) болып табылады. Аралас түрдегі конституция мағынасына тек жазылған заңдар мен соттық прецеденттер ғана емес, сонымен қатар дәстүрлер мен доктринальды талқылауларда жатады.

2. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуі нысанына қарай конституцияларды икемді және қатаң деп бөліп қарастырады.

Конституция заңдарды қабылдайтын тәртіпте қабылданса және енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларда оған сәйкес тәртіпте жүзеге асырылса, онда ол конституция икемді деп аталады. Ал конституцияны қабылдауға күрделі процедура бекітілсе, онда ол қатаң деп аталады.

3. Шынайы және фиктивті конституциялар. Шынайы, яғни шындықты ашып көрсетеді. Фиктивті - өмірде іске асырылмайтын қағидалар мен нормалар, декларативтік бекітулер.

4. Әрекет ету мерзіміне байланысты конституциялар тұрақты және уақытша деп бөлінеді.

3.3. Қазақстандағы конституциялық реформалар. Жаңа нарықтық қатынасқа көшу, президенттік институтын енгізу, КСРО-ның таратылуы және Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігіне ие болуы біздің елімізде түбегейлі конституциялық реформаны өткізуге әрекет етті.

Қазақстандық мемлекеттіліктің дамуындағы экономикалық және саяси өзгерістер Қазақстанның құқықтық жүйесінде толықтай реформа жүргізу қажеттігіне әкелді.

Алғашқы конституциялық сипаттағы жеке құжат болып 25 қазан 1990 жылы қабылданған “Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендегі туралы” декларация табылды және ол Қазақстанның жаңа конституциялық дамуына бастау болды. Декларация – кішігірім конституция ретінде саналады. Оның ережелері 1993 жылы Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы конституциясын әзірлеуге негіз болды.

Декларацияның 1-ші тармағында Қазақ КСР-сы КСРО құрамындағы өзге де республикалармен біріге алатын егеменді мемлекет болып табылатындығы және олармен қатынастарын шартты негізде құратыны, Қазақ КСР-ның Одақ құрамынан шығу құқығы бар екендігі жарияланды.

Декларация алғаш рет Қазақстанның ұлттық мемлекеттілігі туралы жариялады. Бұл ереже декларацияның 2-ші тармағында бекітілді, онда Қазақ КСР-сы ұлттық мемлекеттілікті қорғау және бекіту бойынша қазақ халқы мен өзге де ұлттардың мәдениетін, дәстүрлерін, тілі мен ұлттық қасиетін дамыту мен нығайтуда Қазақ КСР-ның мемлекеттілігінің маңызды мақсаты болып табылатын шаралар қолданады деп көрсетілген.

Декларацияда алғаш рет билікті бөлу қағидасы жарияланды. 1978 жылы қабылданған Қазақ КСР Конституциясы Жоғары Кеңестің жалпы билігі бекіткен.

Билікті бөлі қағидасы – мемлекеттік билікті заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарына бөлу арқылы жүзеге асырылады. Заң шығарушы билік Жоғары Кеңеске берілген. Президент мемлекет басшысы болып табылды және атқарушы-реттеуші билікті басқарды. Сот билігі Жоғары сот пен төменгі соттарға тиісті болды.

Қазақ КСР-сы декларациясында егемен құқығы – Республика Конституциясы мен құқықтарын бұзатын Одақтың Жоғары органдарының заңдары мен өзге де актілері оның аумағында әрекет етуін тоқтату бекітілді (Декларацияның 8-ші тармағы). Бұрын ондай болмаған.

Декларацияның 9-шы тармағында Республиканың айрықша меншігі болып оның егемендігі негізінде жер және оның қойнаулары, сулар, ауа кеңістігі, өсімдіктер және жануарлар әлемі, өзге де табиғи ресурстар, халықтың тарихи және мәдени қазынасы, барлық экономикалық, ғылыми-техникалық потенциал – оның аумағындағы барлық ұлттық байлық табылады. Яғни, бұл жағдай Қазақстан экономикасының КСРО экономикасынан жекешеленгенін білдіреді. Сонымен қатар осы тармағында меншік нысанының көптүрлілігі мен теңдігі, олардың қорғалуының кепілдігі бекітілген.

16 желтоқсан 1991 жылы “Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заң қабылданды. Онда Жоғары Кеңес халықтың еркін білдіре отырып Қазақ ұлтының өзін-өзі анықтау құқығын бекіте отырып Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялады. Осы Конституциялық заңда алғаш рет тәуелсіз мемлекетке тиісті элементтер: біртұтас азаматтық, жекешелендірілген аумақ, жеке мемлекеттік органдардың жүйесі, өзінің экономикалық жүйесі, Қарулы Күштері жарияланды. Осы күннен бастап Қазақстан жеке мемлекет ретінде әлемдік қауымдастыққа кірді.

20 желтоқсан 1991 жылы “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” Заң қабылданды. Бұл Заң КСРО азаматтығы мен қос азаматтықты танымады.

23 қаңтар 1993 жылы егеменді және тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. Алғаш рет конституциялқ деңгейде халық егемендігі, мемлекеттің тәуелсіздігі, билікті бөлу қағидасы, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін тану, президенттік институты бекітілді. Қазақстан Республикасы мемлекеттік нысаны ретінде өзін-өзі анықтайтын қазақ ұлты ретінде жариялады.

1993 жылғы Конституция алғаш рет оның нормаларының тікелей әрекеті туралы бекітті.

1993 жылғы Конституцияда тұңғыш рет “зайырлы және біртұтас” мемлекет түсінігі қолданылды. Мемлекеттің зайырлылық сипаты діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлектігімен, діни-наным бостандығын танумен анықталады. Конституция мемлекет қандай да бір дінді ұстануға немесе атеизмге қатысты ынта білдіре алмайды деп жариялады. Мемлекеттің діни бірлестіктердің қызметіне араласуына жол берілмейді.

1993 жылғы Конституцияда заң шығарушы билікті Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі жүзеге асырды және ол бірпалаталы әрі тұрақты негізде әрекет етті. Жоғары Кеңес жалғыз заң шығарушы орган болды. Ол Қазақстан өмірінің барлық аясын реттейтін заңдарды шығара алды.

Атқарушы билікті Қазақстан Республикасының Президенті басқарды, оған басшысы Қазақстан Республикасының Премьер-министрі болып табылатын Министрлер Кабинеті есеп берді.

Сот билігін Жоғары Сот, Арбитраждық Сот және Конституциялық Сот жүзеге асырды.

1993 жылғы Конституция мемлекеттік билік органдарының тежемелік және тепе-теңдік жүйе арқылы өзара қатынасын бекітті. Оған Президенттің вето құқығы, Президенттің орнынан кетуі, Министрлер Кабинетінің толығымен немесе оның кейбір мүшелерінің орнынан кетуі, Жоғары Кеңестің ұсынысы бойынша Президенттің Министрлер Кабинетінің мүшесін лауазымынан мерзімінен бұрын босату және т.с.с. жатады.

Бірақ бұл тежемелік және тепе-теңдік механизмі аяғына дейін әзірленбегендіктен толық негізде әрекет етпеді. Мемлекеттік басқарудың осы механизмі 1993-1995 ж.ж. елдегі ауыр экономикалық жағдайға қатысты саяси дағдарысты шеше алмады және басқарудың мемлекеттік механизмін түбегейлі өзгерткен 1995 жылғы Конституцияның қабылдануы мен 1993 жылғы Конституцияның күшінің жойылуына әкеліп соқты.

1995 жылғы Конституция қазақстандық мемлекеттіліктің дамуының президенттік басқару нысанын жариялады. Конституцияның 2-ші бабының 1-ші тармағында Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет деп бекітілді. Бірақ Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәртебесі өзгерді. Ол мемлекеттік билік тармақтарынан өзін арақашықтықта ұстады, яғни заң шығару билігіне де, атқарушы және сот билігіне де жатпайды. Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы, оның ең жоғары лауазымды тұлғасы, мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.

3 тақырып бойынша тест сұрақтары

1. Қазақстан Республикасының Конституциясы қалай қабылданады:

а) Қазақстан Халқымен республикалық референдумда;

б) Қазақстан Республикасының Парламентімен;

в) Қазақстан Республикасының Президентімен

(дұрыс жауабы - а)

2. Формальды мағынадағы Конституцияның түсінігі - бұл:

а) нормалары тікелей әрекет ететін, Негізгі заң

б)

в) өзге заңдарға қатысты жоғары күшке ие болатын негізгі заң немесе заңдардың топтары.

(дұрыс жауабы - )

3. Материалдық мағынадағы конституцияның түсінігі – бұл:

а) өзге заңдарға қатысты жоғары күшке ие болатын негізгі заң немесе заңдардың топтары;

б) мемлекеттік және аумақтық құрылыстың нысанын, тұлғаның құқықтық мәртебесін, мемлекеттік билік органдарының ұйымдастырылуын реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы;

в) нормалары өмірде қолданылмайтын фиктивті конституция.

(дұрыс жауабы - б)

4. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы қай жылы қабылданды:

а) 30 тамыз 1995 ж.;

б) 16 желтоқсан 1991 ж.;

в) 28 қаңтар 1993 ж.

(дұрыс жауабы - в)

5. Конституцияның жоғары заң күші - бұл:

а) оның нормалары өзге құқықтық нормаларға қарағанда басымдылыққа ие болады және олар конституция нормаларына қайшы болса, онда заңсыз болып саналады,

б) арнайы мемлекеттік органмен қорғалады;

в) ерекше тәртіпте қабылданады және өзгереді.

(дұрыс жауабы - а)

Конституцияның ұлттық құқық жүйесіндегі ядро ретіндегі рөлі:

а) оның нормалары қолданымдағы барлық заңдылықтар жүйесіне бағыттамалық рөліне ие болады;

б) оның нормалары өзге заңдар мен нормативтік құқықтық актілерге қарағанда басымдылыққа ие болады;

в) оның нормалары тікелей әрекетке ие болады.

(дұрыс жауабы - а)

7. Конституцияның құрылтайшылық сипаты:

а) қоғамдық және мемлекеттік құрылыс нысандары халықтың таңдауы негізінде қабылдауы бойынша құрылтайланады;

б) ол мемлекеттегі демократияның қағидаларын бекітеді;

в) оның нормалары тікелей әрекетке ие болады.

(дұрыс жауабы - а)

8. Кодифицирендірілген (жазылған)конституция – бұл:

а) конституциялық сипаттағы негізгі мәселелерді реттейтін біртұтас жазылған нормативтік құқықтық акт;

б) конституциялық сипаттағы негізгі сұрақтарды реттейтін біртұтас жазылған нормативтік құқықтық акт;

в) заң шығарушы органмен қабылданатын конституция.

(дұрыс жауабы - а)

9. Конституцияның икемді және қатаң болып бөлінуі:

а) оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәсілі бойынша;

б) конституцияның әрекет ету мерзімі бойынша;

в) мазмұны бойынша.

(дұрыс жауабы - а)

10. “Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қашан қабылданды?

а) 16 желтоқсан 1991 жылы;

б) 25 қазан 1990 жылы;

в) 28 қазан 1993 жылы.

(дұрыс жауабы - а)

Тақырып 4. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы.

4.1. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы: түсінігі және мәні. Конституциялық құрылыс: мемлекетті ұйымдастырудың конституцияда бекітілген нысандары және әдістері. Конституциялық құрылыстың негіздері болып мемлекеттің басты құрылғысы және олардың негізгі қағидалары табылады.

Демократиялық мемлекетте конституциялық құрылыстың түсінігіне адам мен азаматтың құқықтары мен босатандықтарын қорғау, мемлекеттің конституцияға сәйкес әрекет ету тәртібі жатқызылады. Конституциялық құрылыстың бекітілуі мемлекетті ұйымдастырудың тұлға мен азаматтық қоғамға өзара қатынасын анықтаудан басталады.

Конституциялық мемлекеттің ажыратылмас атрибуты болып “азаматтық қоғам” табылады. Ол құқықтық, экономикалық, саяси қатынастардың жиынтығын қамтиды.

Азаматтық қоғам” түсінігі Ежелгі Грецияда пайда болды және мемелекет түсінігіне теңестірілді.

Бірақ тарихи даму кезінде азаматтық қоғам мен мемлекет ұғымдарының арасындағы алшақтық анықталды, ол тұлғаның қоғамның азаматы ретіндегі мемлекетке тәуелді болмайтын бостандық туралы идеялардан туындады. Мемлекеттік билік құқықпен шектелу қажет.

Англияда конституциялық мемлекет 18 ғасырда пайда болды. Конституциялық мемлекетте қоғам мемлекетпен басқарылатын және өзін-өзі реттеуші жүйе ретінде де функцияландырылады, ал мемлекет – басқару жүйесі ретінде болғанмен өзін-өзі реттейтін азаматтық қоғамға да тәуелді болады.

Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын реттейтін басты құқықтық нормалар Конституцияның нормаларында орын алған. Ол Конституцияның жоғары заң күшімен анықталады.

Қазақстан Республикасының Конституциясының “Жалпы ережелері” 1-ші бөлімінде Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысының негіздерін анықтайтын мемлекеттің аумақтық және мемлекеттік құрылысының нысандарын, Республиканың қызметінің негізгі қағидаларын бекітеді.

Конституцияның 1-ші бабының 1-ші тармағында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады деп бекітілген.

Демократиялық мемлекетті бекіту, мемлекеттік басқарудың демократиялық қағидалары конституциялық құрылыс негіздерінде орын алған, яғни мемлекеттік басқару істеріне халық тікелей немесе өздерінің өкілдері арқылы қатысады (бұл норма Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-ші бабының 2-ші тармағында бекітілген). Қазақстан азаматтары Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлауға тікелей қатыса алады, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін республикалық референдумда (мысалы, консттуцияны қабылдау) дауыс беру арқылы шеше алады.

Қазақстан Республикасында діни-наным бостандығының танылуы оның зайырлы мемлекет ретінде орнықтырылуымен сипатталады. Діни бірлестіктер мемлекеттен алшақталған, яғни мемлекет ісіне олардың заңсыз араласуына құқықтары жоқ. Қазақстан Республикасында діни негіздегі саяси партиялардың құрылуына жол берілмейді, діни бірлестіктердің сайлауға қатысуға құқығы жоқ. Барлық діни бірлестіктер заң алдында тең.

Қазақстанды құқықтық мемлекет ретінде орнықтыру мемлекет пен қоғам өміріндегі аса маңызды қоғамдық қатынастар құқықпен реттелген деген мағынаны білдіреді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-ші бабында Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық пен Конституцияның ең жоғары заңды күші мен оның Республиканың аумағында тікелей қолданылатындығы анықталған. Қазақстан Республикасы Конституциясының негізінде және оның орындалуы үшін заңдар және өзге де нормативтік құқықтық актілер қабылданыды. Конституцияның 34-ші бабының 1-ші тармағына сәйкес әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға міндетті.

Қазақстанды әлеуметтік мемлекет ретінде бекіту онда мемлекеттің өз қызметін жүзеге асыру кезінде азаматтарының әлеуметтік мүддесіне басшылық жасауға, әлеуметтік саясатты жүргізуге, тұрғындарды жұмыспен қамсыздандыруға міндеттілігін білдіреді. Конституцияның 28-ші бабының 1-ші тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматына жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айрылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде оған ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшерінде әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі делінген.

Қазақстан Рспубликасы Конституциясының 2-ші бабында Қазақстан Республикасының аумақтық-мемлекеттік құрылысы мен басқару нысаны жарияланады. Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет болып табылады. Біртұтас мемлекет дегеніміз Қазақстан аумағында өзге де мемлекеттік құрылымдардың болмайтындығын, оның аумағының тұтастығы, қол сұғылмауы және бөлінбеуі және әкімшілік-аумақтық бірліктерге бөлінуі. Қазақстан Республикасы егеменді және тәуелді мемлекет болып табылады, Республиканың егемендегі оның бүкіл аумағын қамтиды.

Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарымен халық егемендігі тығыз байланысты. Бұл категория демократиялық институттың кез-келген бастамасының міндетті негіздерінің біріне жатады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-ші бабының 1-ші тармағы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық болып табылатындығын бекітеді.

Халық біртұтас бөлінбейтін субъект ретінде қарастырылады. Кез-келген ұлт өзінің ұлттық мүддесін осы ұғым шегінде іске асырады. Демократиялық құқықтық мемлекетте ұлттық белгісіне қарай алалауға жол берілмейді және барлық ұлттардың азаматтары өздерінің мәдени мүдделерін іске асыру құқықтарыман қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 19-шы бабының 2-ші тармағында әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар екендігі көрсетілген.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік билікті ешкім иемденіп кете алмайды, билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады. Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентінің, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің құқығы бар. Республика Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан оларға берілген өкілеттіктері шегінде ғана билік жүргізеді.

Конституцияның 1-ші бөлімінде мемлекеттік билікті бөлу қағидасы конституциялық негізде бекітілген. Конституцияның 3-ші бабының 4-ші тармағында Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік және тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы өзара әрекет ету қағидасына сәйкес жүзеге асырылатындығы көрсетілген.

Қазақстан Республикасында меншік нысанының көптүрлілігі танылады. Онда мемлекеттік меншік пен жеке меншік бірдей қорғалады. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, өзге де табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жек меншікте болуы мүмкін. Сонымен қатар Конституцияда әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар екендігі, монополистік қызмет заңмен реттелетіндігі әрі шектелетіндіігі бекітілген.

Қоғамның саяси өміріне тек қана Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Қазақстан Республикасының азаматтары бірлестіктерге бірігу бостандығына, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығына ие болады.

Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады. Бұл норма Конституцияның 5-ші бабында бекітілген.

Идеология түсінігіне философиялық, саяси, діни көзқарастардың қоғамдық құрылысты дамыту және жетілдіру жолдарының заңдылықтарына қатысты жүйесі жатады. Идеологиялық көпжақтылықты тану әр адамның, саяси партиялардың және қоғамдық ұйымдардың азаматтық қоғамды құруда экономикалық, әлеуметтік, саяси идеяларды, теорияларды, концепцияларды еркін әзірлеп, үгіт-насихат жүргізуге құқығы. Бірақ, мақсаты немесе іс-әрекеті Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қаіупсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады.

Идеологиялық дамудың жалғасы ретінде саяси, яғни көппартиялықты даму танылады.

Саяси партиялар қоғамдық бірлестіктер ретінде тіркеледі. Республикада басқа мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарының, діни негіздегі партиялардың қызметіне, сондай-ақ саяси партиялармен кәсіптік одақтарды шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландырылуына жол берілмейді. Мемлекеттік органдардың саяси партиялардың ішкі өміріне араласуға құқығы жоқ.

Демократиялық елдерде саяси жүйенің көптеген түрлері – екіпартиялық, көппартиялық, бірпартиялық болып бөлінеді. Барлық патиялыр өзге де қоғамдық бірлестіктер тәрізді заң алдында бірдей.

Конституцияның 7-ші бабында мемлекеттің тілдік саясатының негіздері бекітілген. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болады, мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.

№4 тақырып бойынша тест сұрақтары

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]